Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Мәңгілік сәуле» жылуы немесе Мұқағали бүлікші ме,...

13.09.2016 4727

«Мәңгілік сәуле» жылуы немесе Мұқағали бүлікші ме, әлде күйзелген бейбақ па?

«Мәңгілік сәуле» жылуы немесе Мұқағали бүлікші ме, әлде күйзелген бейбақ па? - adebiportal.kz


Мұқағали Мақатаев.jpg

Оқып шықтым да, қойын кітапшасы секілді қол басындай ғана жұқалтаң кітапты жеңіл мұң шарпыған жұмбақтау сезіммен сыртын бір сипап қойып жаптым. Бұл – белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Мəңгілік сəулесі» деп аталатын Мұқағалимен сырласу кітабы. Кеше ғана Аспантаудың аясында дүрілдеп өткен Мұқағали мерейтойында кілең дүр-ақындар мүшəйра жасады, ақынға арнап бір ғана өлең жазып, онысын жарыстырып оқыды, машина мініп жеңімпаз болды, уысы тола ақша алып, ақын тойынан тояттаған көңілмен олжалы қайтты. Бірақ, шынтуайтына келгенде, мерейтойға ең мəртебелі сыйлықты тарту еткен осы Амангелді еді. Кітаптың соңғы беттерін оқып отырып-ақ қазақ өлеңінің Хантəңірі туралы талайдан бері жазылған тұщымды дүниенің бірі осы екенін аңғардық. Амангелді Мұқағалимен қапелімде «ауыра» қалған жоқ, əкесі ақын болғандықтан, өз қатарынан əлдеқайда ерте таныды, ол туралы көбірек білді, талай жылдан бері қазақ өлеңіндегі Мұқағали туралы ерекше мейіріммен, шабытпен əңгімелеп, жүрген жерінде айтып жүретін. Айтып қана қоймайды, қағаз бетіне түсірген ойлары эссе болып іргелі басылымдарда жарық көріп жататын. Кітап атауы айтып тұрғандай «Мəңгілік сəулесі» – Мұқағали жүрегінен балқып шығып, Амангелдінің кеудесінде қорытылған шынайы өлең сəулесі.


Бес тараудан тұратын кітабында автор бастан-аяқ Мұқағалимен тікелей жүздесіп, асықпай, аптықпай сырласқандай күй кешеді. Өлеңі биік болғанмен, өзгеден өзін төмен ұстап тіршілік кешкен ақынның рухымен тілдесу үшін «Көкірек көзі ояу əрбір адам мен жазған өлеңді жүрек қуаты жеткен жерге дейін түсініп, қабылдап алар» дегендей қаланың қақ ортасындағы саябақтағы аласалау ескерткішінде ойланып отырған Мұқағалиға өз мұңын шағуды талайдан бері ол əлде əдетке, əлде дəстүрге айналдырған. Жүрегі лүп-лүп етіп, ғашығына асыққан жігіттей ақынға келіп өз көңілінің сүйіспеншілігі мен өлеңдеріне деген сезімін, ең бастысы, ақынның сол сезімімен үндескен өзінің қазаққа қатысты ашуын, ызасын, арыз-арманын айтады. «Қияли» дерсіз. Бірақ бұл – форма. «Мəңгілік сəулесі» – Амангелдінің сыншы болып танылып, өзгеше дүниетанымдағы қалам иесі екенін аңғартқан «Қазақты сүю», «Кафканың үйі», «Гогольдің өлімі» секілді жазбаларын тереңдетіп, толықтыра түскен топтама. Өйткені А. Кеңшілікұлының əлдебір тақырыпты қозғап, қалам тербегенде сипай қамшылап, сыбай-сылтаң сөз ойнатпасын жасамай, шындығы шоқтай қарып түсетін сынды биік қоятынын бүгінгі қоғам ендігі біліп қалды. Қоғамдағы əділетсіздіктерге наразы бүлікші-бунтарь Мұқағали мен ақын өмір сүрген кезеңнен бері қарай сол əділетсіздіктің одан əрі өрістемесе, бір мысқал да басылмағанына күйінетін сыншы ойы қатар өріліп, үйлесім табады. Негізінен, кітап авторы «Мұқағали ноқтаға басын салдырмай сүйрете қашқан тарпаң талант па, əлде адамдардың мейіріміне зəру болып өткен байғұс ақын ба?»


деген бəріміздің көкейімізде жүретін сауалдың басын ашып, талдауға ден қояды. Себебі қоғамда Мұқағали туралы əртүрлі аңыз бен екіұдай пікірдің өмір сүріп келе жатқаны қашан. Бірі – анау Кавказ халқы жыр алыбы Расул Ғамзатовты алақанына салып аялап, төбелеріне көтеріп жатқан тұста, одан таланты бір мысқал да кем емес, өлеңдерінің рухы Шекспир, Байрон, Лермонтовтардың жұлдыздарының қатарында жарқырауға лайық қазақтың ұлы ақыны партия қатарынан да, Жазушылар одағы қатарынан да шығарылып, жұмыссыздықтан күйзеліп, бала-шағасын асыра алмай жүрді деген жалпы ел ішіне кең тараған əңгіме, екіншісі – «Жоқ, Мұқағали адам аяйтындай ешкімнен кем, ештеңеден кенде болған жоқ, баспаналы болды, өлең кітаптары бұрқырап шығып жатты, əдеби басылымдарда қызмет етті» деген өз қаламдас-қатарластарының айтатын сөзі.


Міне, А. Кеңшілікұлы ақын рухымен сырласа отырып, тарыдай жарылған қос пікірдің арасынан Мұқағалидың шын тағдырын іздейді. «Тағдырыңды жасайтын да адамдар, тағдырыңды бұзатын да адамдар» деп налыған Мұқағалидың тағдыры оның жеке басы үшін трагедия болғанымен, ал қарапайым халық, яғни біздер үшін – игілік екеніне иландырады. Миллиондаған қазақтың жүрегінде мейірім сөнбей, ізгілік шырағы мəңгілік жанып тұруы үшін қасіретпен келген игілік бұл. Саябақ ішінде тіршіліктен қажығандай дамылдап отырған ақын асыға басып, ерсілі-қарсылы жүрген тірілерге «Жарық сəуледен басқаның бəрі бекер ғой» деп тұнжырай қарағанымен, түсініп, екпінін бəсеңдетер бірі жоқ, тек өлең талдаудың таланты болып бұйырылған сыншы өзі ғана емес, оқырманды да сырластырған «Мəңгілік сəулесі» жылытып жүрсін бізді...



Айгүл Аханбайқызының "Оқырман күткен - әңгіме" атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар