Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мақпал Мыса. Ағарар деген Аналар, ақ ішіп жүрші, ж...

20.08.2020 5505

Мақпал Мыса. Ағарар деген Аналар, ақ ішіп жүрші, жарығым... 12+

Мақпал Мыса. Ағарар деген Аналар, ақ ішіп жүрші, жарығым... - adebiportal.kz

ОРАЛУ

Ерте келген көктемнің елесіндей,

Жүріп өткен жолдардың белесіндей.

Ертеңімен есейіп қалған қыздың

Ақ көбелек,

Артынан ересің бе, ей?..

Сол көктемнің көзінен күн күледі,

Самалымен сыр шертіп түнгі лебі.

Таудай болғым келеді дегенімде

Жаңғыратын жақпар тас сұңғыла еді.

Сол шақтардың оралып жазына ердім,

Ақ самала сағыныш сазын өрдім.

Санамда алуан жаңғырса балауса кез

Мен білетін өмірдің жазы ма едің?!

Сол жайлауым орнында өзгермеген,

Ғажайыптай көркейіп көз көрмеген.

Байтағымның көгіне самғап ұштым,

Атам айтқан баталы сөздерменен.

Көрігіне айналып көшкенде елдің,

Қадіріне қанықтым өскен белдің.

Еркелігі қалмапты есейсем де,

Бұрымымнан тартқылап ескен желдің.

Жастығым тұр алдыңда жанып-ысып,

Жүрегім тұр аспанға алып ұшып.

Тынып аққан тұнығым Ұзынбұлақ,

Зәм-зәміңнен кетейін қанып ішіп.

Туған жердің тұнығын кереметтей

Қалай ғана кетермін өлең етпей?

Құлдыраңдап жүгірсе құлын жастық

Қусаң ғұмыр жеткізбес көбелектей.

Оспан атам, Жазкен ағам, кер жорға жайлы балалада

Анам Бибісара Оспанқызының рухына арнаймын

Сан сырымды алдыңа тіздім ау кеп,

Қонсы қонып отырған ордалыңмен.

Бір білерім – ежелден біздің әулет,

Жүйрік баптап, жаратып жорға мінген.

Бұл тірліктің өзгеше бар ағысы,

Болмаса да байлығы уыстаған.

Нағашы атам Осекең қара кісі,

Тұлпар мініп о бастан туыстаған.

Парызыңды ұрпағың өтеседі,

Өзің жайлы жыр толғап шабыт күттім.

Оспан атам анамның әкесі еді,

Алды жарық болсыншы жарықтықтың.

Жалғыз ғана Жаратқан,

иең пенде,

Айтылмаса естелік көнереді.

Жазкен, Дәурен бастаған жиендерге

Жан атамның көңілі бөлек еді.

Тағдырынан білемін сый күткенін,

Жабы тірлік көңілін қарайтады.

Жорғасы мен Оспанның жүйріктерін

Көз көргендер Қайнарда әлі айтады.

... Бәрін сездім

бала едім,

бәрін көрдім,

Сол бір үндер әлі де құлағымда.

Жорғасымен жарысып Нарынқолдың,

Кер жорғамыз бәйге алған құнанында.

Төгілтеді,

су жорға бұрылмайды,

Сол бір сурет санамда жасайды анық.

- Райымбек бабам! – деп шырылдайды

Жазкен ағам бақыттан басы айналып.

Бір армандар көкейде көктеп еді,

Көз сап тұрып шаң созған шақырымға.

Көз алдымда есейіп кеткен еді,

Жазкен ағам кер жорға тақымында.

Жиі оралар сол сурет әсте маған,

Көңілімде көктеген көктемді көр,

Кер жорғаны тайпалтып Жазкен ағам,

Бірінші боп мәреден өткен күндер.

...Бал-бұл ұшты бастағы дара бақыт,

- Кім туды екен оңбағыр бөлтірікті?

Қызғаныштан қызыл ит абалатып,

Кер жорғаға у беріп өлтіріпті.

Осы хабар жайлады түнгі алапты,

Табылмады әулеттің көңіл емі.

Оспан атам күрсінді, ойға батты,

Жазкен ағам егілді,

еңіреді...

Маңдайына тас тиді - байқағаным,

Көкейіне сан арман толған ұлдың.

- Тірі жүрсем кегімді қайтарамын!

- Құдай берсін сазайын оңбағырдың!

Көкейімнен білдің бе төктім нені,

Намысымыз ең алғаш тапталғаны.

Бауырларым жорғаға көп мінбеді,

Оспан атам бақиға аттанғалы.

Жылдар,

күндер

ғасырдан көшкен аман,

Бүгін енді оның да басқа алаңы.

Иномарка рөлінде Жазкен ағам,

Жорға жайлы сиректеу еске алады.

Мен сағынам озған күн,

тозған айды,

Жан бауырым тағдырға бас игесін,

Жорға жайлы әңгіме қозғамайды,

Оқта-текте мақтайды мәшинесін.

Алдымыздан күтеді тойлар анық,

Жетелейді бұл өмір армандыны.

Оспан атам кей-кейде ойға оралып,

Кер жорғаның көңілімде қалған мұңы...

Жылдар өтті атамның қайтқанына,

Құйқылжысын көңілдің құсы, мейлі.

Зұлымдыққа лағынет айтқаныма,

Сол кер жорға түсімде кісінейді...

МАЗАСЫЗ ТҮН

Кермек жастарын аршыдым,

Түннің көзінен тамған тамшының.

Жүректі осады қамшы мұң,

Жан сырым...

Мың тұрам, мың құлап,

Тұнжырап жатқанда түнгі бақ.

Жанымды тербейді бір бұлақ,

Сылдырап...

Тереңге тартқалы тамырын,

Ақ сәуле ішінде арыдым.

Кәрін төгеді кәрі мұң,

Жарығым...

Көңілде жоқ тыным,

Тірліктің болған соң арты мұң.

Дүниенің қайтейін артығын,

Жарқыным...

Адасып жүр деп пе ең,

Дүбірлі дүние дүрмекпен?

Жанымда жайқалған гүлді еккен,

Бір көктем...

Бұл мекен баталы,

Таңдары тамылжып атады.

Жаңғырды даңғаза жат әні,

Алматы шаһары...

***

О Алматы!

Біздер қайта мұң кештік,

Жанымыздың ауырғанда жарасы,

Тербетеді мұңымызды түн бесік,

Өмір осы – ақ пен қара арасы...

Күндеріңнің мағынасын іздеумен

Бір қуанып, бір мұңайдың таң сайын.

Үлкен күнге үмітіңді үзбеумен

Жер – Аананың тыныштығын аңсадың.

Беу Алматым!

Сенің үлкен жүрегің,

Сүрінгенді сүйеп әркез демедің.

Жаратқаннан медет бер деп тіледім,

Жаны бір ғой құшағында кеменің.

О Алматым!

Жүрегі жыр, жаны мұң,

Шуылынан шаршадың - ау адамның.

Бір деміңді алып оян, жарығым,

Ертеңіңе алаңмын...

АҚ ІШІП ЖҮР, ЖАРЫҒЫМ!

Күндерден іздеп мағына,

Жаз жайлау тарттық қыр асып.

Ағылды ел ауыл жағына

Ағайын- туыс сұрасып.

Жолдарда өңкей үйінді із,

Сүрінер жылқы қауіпті.

Салқындау болар биыл күз

Суырлар көп ін салыпты.

Өкпек жел өтпес өре там

Жаюлы ақ құрт өреде.

Желіде құлын момақан,

Жайлауда қымыз – береке.

Кеудеде бірақ өксік тұр,

Заманның ойлап қайғысын.

Індеті құрғыр өршіп тұр,

Аямай кедей, байлысын.

Түсім де жүдеу,

өңім күз,

Басылар қашан жаңбырың?

Жаз жайлау жүрмін көңілсіз,

Таразы басы – тағдырың.

Саулығын тірі бағалар,

Сейілер бір күн дауылың.

Ағарар деген Аналар

Ақ ішіп жүрші, жарығым!

АБАЙ

Ол жайлы сыр айтады

Сол кездің самала айы.

Жанымды мұңайтады

Жидебай қарағайы.

Тағдырдың кесімі бар

Уақыттың кермегінде.

Ұлы Абай есімі бар

Өлеңнің өрнегінде.

Түсінбес талай оңбас

Әлемі арай ғажап.

Қазақсыз Абай болмас,

Абайсыз қалай қазақ?

Кейіпкер жырға қымбат

Бозтаңда боздасын ән.

Ұққаным шын махаббат

Тұрады көз жасынан.

Елі үшін тебіренген

Солқылдап жұмыр еті.

Осы еді еміренген

Жырының құдіреті.

Алаштан арлылық бар

Қанында,

жан нұрында.

Ой салар жаңғырықтар

Абайдың әр жырында.

Көктемдей көңіл кестең,

Нұр көрем реңіңнен.

Ақын боп өмір кешкен

Айналдым жүрегіңнен.

ҚАРАОЙ. МАХАМБЕТ

Сары белдердің сауыры

Күн күйдірген соң шерлі ме?

Көз ұшы -

Баба, жарығым,

Сүйегің жатқан жер міне.

Шаңдатып келем шалғайын,

Шемен де жүрек...шер далам...

Қатпарға толы маңдайың,

Аңызыңды айтып бер маған.

Ойларым көкке ұмтылып,

Меңіреу дала...

Күн тымық...

Ақ сағымдардың арасы.

Алдаспан арлы атың да

Сорыңнан әлде бағыңнан...

Ақ күмбез ақиқатың да

Ағарып шықты алдымнан.

Өткенмен заман зырылдап,

Басыңда бағын жорып жүр.

Шындығың үшін шырылдап

Қызғыш құс әлі қорып жүр.

Қанатың талды қарғам-ай,

Заманның мұңын арқалап.

Қасіретің қамап алғаны –ай,

Қарашығым кетті қанталап.

Бағыңды, елім, бағамда,

Арғысын енді қозғама.

Жеріңнің құты – бабамда,

Бозінген шөккен боздала.

АҒАТАЙ, ЕСЕНСІЗ БЕ АЙДАН АМАН...

Амандық БАТАЛОВҚА

(Елдегі ахуал мен Бейсен ағамның өмірден озғаны көңілімде мұң болып өрілді)

... Ағатай,

есенсіз бе, айдан аман,

Сізге сәлем арудан ай қараған.

Шынарының шуағы сөнбесін деп,

Бақытының бағы үшін байтақ алаң.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,

Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.

Ертеңіне сенеді еңселі елім

Өзіңіздей болған соң бір баласы.

Өмір осы біте ме өткелменен,

Гүл кеше алмай қалдым ғой бөктерменен.

Аңқылдаған ақжайлау ағам кетті

Мәңгілікке қоштасып көктемдермен.

Жолдарыңның жалт берсе өрі қайқаң,

Жарығына жалғанның көніп айтам.

Ардақтымның еліне ақдәриға

Ағатай,

сізге және көңіл айтам...

... Ағарар аман көрсем ақ самала ай,

Жаңарар көңіліміз атса арай.

Ағатай,

айналайын, аман жүрші

Байтағыңнан өзгені бақ санамай.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,

Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.

Ертеңімен еңселі ЕЛІМ Сіздей

Болғаннан соң қазақтың бір баласы.

ЕМДЕЛ, АНА!

Емханада -

Емдел, Ана!

Анасыз бұл өмірде мен ғана ма?

Анамды елестетті палатада

Ауырып ауыл жақтан келген ана.

Жасқа толған жанарым үркек неге,

Жүрегім, өткенді ойлап дірдектеме!

Сырқатқа ұйқы да жоқ төсекте отыр

Мелшиіп қарап қалған бір нүктеге.

Ұшқанда көз алдымнан көбелек күн,

Ананың осы күйін өлең еттім.

Қызы отыр дәрмені жоқ аяғында,

Анасы сұлқ жатқан кереуеттің.

Ауырып үш жыл бұрын ана туған,

Боп қалғам қайырылғандай қанатымнан.

Орнында

ана әйелдің анам жатқан,

Орнында

ана қыздың мен отырғам.

Уақыттың ауырын-ай безбенінің,

Мен ұққам ұқпаса да өзге мұңын.

... Күні бата бастаған кезін көргем,

Нұры сөне бастаған көздерінің...

Өтсе-дағы талай жаз,

күз арада,

Батар күннің шапағы қызара ма?

... Тіршілікте жүрегін жүдетпесе,

Аналардың ғұмыры ұзара ма?

Көзінің ағы менен қарасын-ай,

Сол түнде көкте маңды адасып ай.

... Айналайын, сіңлім, аялап қал,

Менің анам жатқан-ды тап осылай.

Қайран Ана,

ауылға,

қауымға - Ана,

Төтеп берген жауынға,

дауылға да.

Сенде өкпе жоқ,

Сендегі – бауыр ғана.

Ауырма, Ана!

... Анасыз бұл өмірде мен ғана ма?

Емханада...

Емдел, Ана!

МЕНІҢ БАҒЫМ

Әкетай, асқар тауым, орманымсың,

Сөзімнің салмағысың, қорғаным шың.

Бақыттың бағында жүр еркелігім,

Өзіңдей қамқор әке болғаны үшін.

Жат жерде жазатайым жарыт дей ме,

Ол жақты мәңгі мекен жарық дей ме?

Мұң кешіп аспан жаққа қарай бердік,

Анамның жоқтығына налып кейде...

Өтпесін өмірлерің өкпеменен,

Түспесін еңселерің деп тілеген.

Тағдырдың дауылына төтеп берер

Кеудеме рухпен әкем еккен емен.

Жаза бассам абайсыз тоңып жаным,

Өзің бар деп, әкетай, қорықпадым.

Сенің бағың – өрісің өркен жайған,

Менің бағым – өзіңсің, сол ұққаным.

Сен барда ағарады таңым анық,

Таласа тағдыр дүлей заңы кәдік?

Жыр жазып жүрмін әке, арманымды

Жаныңның жарығына малып алып.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар