Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Маралтай Райымбекұлы. Аруана...

25.08.2019 10129

Маралтай Райымбекұлы. Аруана 12+

Маралтай Райымбекұлы. Аруана - adebiportal.kz

(әпсана)

«Барлық мақтау бүкіл әлемнің раббысы Аллаға тән».

(Құран. 1-сүре, 2-аят.)

Батырған мұңға

Орыстың ойлы орманын,

Теңселткен сесі

Қытайдың қалың қорғанын.

Жүрегі сынды,

нұр-өңі сырлы Сарайшық –

Айбарлы Алтын Орданың!

Автор.

Жайық ақса, жылап қана аға ма?

Жауабы жоқ сұрақ қалар санада...

Сырласа ма, мұңдаса ма, білмеймін,

Жетім бота боздап тұрған жағада.

Жайық ақса, күліп қана аға ма,

Жағалауын тіліп қана аға ма?

Мына өмірдің жалғандығын жасырмай,

Домбырадай бебеулеген сағада.

Жайық ақса, жыр қалатын шығар-ау,

Нар қамысы ырғалатын шығар-ау.

Тумай жатып анасынан көз жазған

Кім бар мына жетім тілін ұғар-ау?!

Жайық ақса, өмір ағып жатқандай,

Жайықпенен көңіл ағып жатқандай.

Жетім бота нәзік үнін созады

Жүрегінде мұң-зары бар батпандай.

Жайық ақса солқылдатып жағаны,

Жайық ақса толқындатып ағады.

Жетім бота жан жүрегі жаралы

Жетім бота анасы жоқ – қаралы.

Жайық ақса, сыр айтқаны емес пе,

Сыр айтқаны мұңайтқаны емес пе?!

«Анаң менмін» деген сөзі емес пе,

«Панаң менмін» деген сөзі емес пе?!

Жайық ағар, Жайық саған алаң-ды,

Алаң пейіл емдеп жазар жараңды.

Қайда кетсең ораларсың түбі бір,

Үзе көрме туған жермен араңды.

Жайық ағар өз арнасын ұнатып,

Жайық ағар жарқабағын құлатып.

Жағасында боздап тұрған ботаны

Түні бойы жұбатып...

БІРІНШІ БӨЛІМ

Қисса-дин ханша Дамашық шаһарындағы қалың зиратта, жалғыз ұлы Берке сұлтанның моласының басында аза тұтып отыр. Берке сұлтан он сегіз жасында әкесі Бейбарыс сұлтан сияқты сұлтан тағына сұқ көзін қадаған жат пиғылды дұшпандардың қолынан уланып өлді. Міне, енді, әкесі жатқан зиратқа Берке сұлтанның да жамбасы тиген-ді. Қисса-дин ханша жалғыз үміті, жалғыз баласының басында үн-түнсіз отырғанына екі тәулік болды. Түнімен жұлдыздар ақты, байғыздар жылады. Қасында баяғыда Сарайшықтан ұзатыларда Жайықтың бойында кез болған жетім бота – бұл күнде аппақ Аруанаға айналған – жан серігі! Жез бұйдалы жануар қанша жылдан бері бірге келе жатқан иесі Қисса-дин ханшаның жүрегі нендей хал кешіп тұрғанын іштей пайымдайтындай, шөгіп жатқан қалпында аялы жанарынан ірі бір тамшы жас сырғанап кетті.

Қисса-дин ханша өмірдің мәні туралы көп ойланатын. Жалғыз ұлы бақиға озғалы Қисса-дин ханшаның көз алдынан өзінің туып-өскен Атамекен атажұрты Сарайшық қаласы кетпей қойды. Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыспен неке қидырып дәм-тұзы жарасқалы бері де екеуінің ортақ әңгімелеріне үнемі Сарайшық қаласы өзек болатын-ды. Оған және бір себеп Бейбарыс сұлтанның да туған жері осы Сарайшық топырағы болғандығынан шығар. Бейбарыс өзі көз жұмғанша Сарайшық қаласына бет алған керуен-елшілерден Сарайшық қаласындағы үлкен кітапханаға әлем ойшылдарының ең құнды кітаптарын жөнелтіп отырды.

Қисса-дин ханша жанарына тығылған жасты торғын орамалымен сүртті. Тамағына келген өксікті тежеді. Оның ой-санасы соноу Сарайшық топырағында ес жиып, етек жапқан бойжеткен шағына қарай жетелей берді...

Ақсұңқар дүр сілкінді алтын баулы,

Тұғыры таза күміс алтындаулы.

Желбегей иығында жібек шапан,

Қисса-дин құс ұйқылы, салқын қанды.

Ақсұңқар дүр сілкінді томағалы,

Тағдырға томағалы жоқ амалы.

Қисса-дин оянып ап таң алдында,

Өзінің ойына өзі қамалады.

Адамның болар-болмас арман ісі,

Секілді Ұлысудың нар қамысы.

Ұл болған ұл орнына, қыз да болған,

Қисса-дин – хан Беркенің ар-намысы!

Жүзінде, жанарында арай-ұшқын,

Шеніне келе алмаған талай күштің.

Қисса-дин он он жетіде – толған айдай,

Қисса-дин – әміршісі Сарайшықтың.

Асыл тас нұрын шашқан жиегінен,

Бір сыр бар өзегіне түйе білген.

Манадан қыз төсегі суып қалды

Шаптырған пілдің аппақ сүйегінен.

Ой көшіп ой қонады әрі-бері,

Сездірер шығар Күннің нәмі нені?

Ұлысу жатыр ағып ай сәулелі,

Туған жоқ Шолпан әлі сәрідегі.

Жете алмай сұм жалғанның ұштығына,

Әзиз қыз ғазиз жүрек ыстығына...

Шамдалдың жарығынан шашыраған,

Құбылып сөреде тұр қыш құмыра.

Мысырдан сый боп жеткен бұл құмыра,

Өрнектеп өлең төккен гүл құмыра.

Шебердің шабытынан туа қалған,

Сұлтанға жағу үшін құлдық ұра.

Көкжалдай көк тоқтыны сілкіп өткен,

Түмен қол, түмен жауды дүркіреткен.

Қыпшақтың абзал ұлы ер Бейбарыс

Қаһары қара жерді күркіреткен.

Әуелі Бейбарыстың өзі қымбат,

Дәнекер ортадағы көзі қымбат.

Мысырға екі барып, екі келген,

Жазылған құмыраға сөзі қымбат.

Жүрекке жыр тұнады тазарса шын,

Білмейді адам-пенде ажал сырын.

Айтармыз сәті келсе бек мархабат,

Жазылған құмыраға ғазал сырын.

Ұлысу сыбырлайды таяу маңда,

Төбеден көкжиекке Ай ауғанда.

Мінекей, таң саз берді Сарайшықта,

Қисса-дин бір күрсінді баяу ғана.

Кеткендей жүрегіне құйылып ән,

Күн шықты күле қарап миығынан.

Абайсыз жібек шапан сусып кетті

Ақ дидар әміршінің иығынан.

Ал сонда... қыздың құлын мүсінін-ай,

Балқытпас бал шараптың күші мұндай.

Парасат тұна қалған жанарында,

Тізілген ақ жұлдыздай тісі қандай.

Қағаздай қалам тиіп сызылмаған,

Сүйердей басып өткен ізін адам.

Шырын бал ұйып қалған кіндігіне,

Қызығы, қыз белгісі бұзылмаған.

Сорлы ақын теңей алар жүзін немен,

Осы ма перизаттың қызы деген.

Қаз мойын, аққу кеуде, аппақ анар

Жұпары раушан гүлдей үзілмеген.

Қарау да, қарамау да обал оған,

Құмар боп өтер мәңгі соған адам.

Тар мықын, аш кіндіктен төменірек

Құндыздың баласындай қона қалған...

Бейбарыс секілді бір кейде арыстан,

Сыйласу керек шығар кейде алыстан.

Қисса-дин үміт етіп осы бүгін,

Бір хабар күткені анық Бейбарыстан.

***

Бұ дүния аға берер арнасы кең,

О дүние нәсіп болар жалғасымен.

Бейсауат бір қария келе жатыр,

Дидарын тұмшалаған шалмасымен.

Секілді жай әшейін жүрген елес,

Сарайдан шыққаны ерте, кіргені кеш.

Диуана әлде міскін қайыршыдай,

Сұлтанды ешкім танып білген емес.

Кей іске сүйінетін, күйінетін,

Көшеде қайыр тілеп иілетін.

Ел ішін, елдің жайын көрмек үшін,

Бейбарыс осылай да киінетін.

Тұрғандай көз алдында үр дүр мүсін

Адал жар, ару қызға құрметі шын.

Бейбарыс үкі аулауға өзі шыққан,

Үрзада Қисса-диннің үрметі үшін.

Кеш қайтып қаншама күн, ерте кетіп,

Сарайдан шығып жүрді ертелетіп.

Түсінде жатады ылғи көзі ілінсе,

Беркенің ерке қызын еркелетіп.

Сарғайып сары белде сағым қуып,

Қанша күн зарықтырып, сабылдырып.

Түсіпті құрған торға іздегені,

Тілегін Қадір Алла қабыл қылып.

Олжасын бажайлады барлап, аңдап,

«Жүре көр махаббатымды қорғап, қолдап!»

Үкінің бауыры мен балағынан

Бір шоқ жүн алды патша талғап, таңдап.

Құлпырып көз арбайды көркіменен,

Қажетін алды сұлтан сертіменен.

«Жолың ақ болсын, құсым, бара ғой», – деп

Үкіні қоя берді еркіменен.

Ділімен табиғаттың ұғысып ал,

Ол, бәлкім, Жаратқанның нұры шығар.

Қорғаған жын-шайтаннан адамзатты

Үкінің қанатында ұлы сыр бар!

Сондықтан үкі тағып асыл ұлан,

Ақ сөзін аямаған асығынан.

Құранның құпиялы аяттары

Үкінің қанатына жасырылған.

Хан қызы мақұл көрсе үміт ақтап,

Шомылмақ бал сезімге жігіт аппақ.

Ертеңмен Сарайшыққа елші салып,

Бейбарыс Қисса-динге үкі тақпақ...

***

Ал оған жарығың не, түнегің не,

Анығын әзиз Алла біледі де.

Тақта отыр сұлтан ием салтанатты,

Қаирда нұр ислам – жүрегінде!

Әр пенде бір Алланың қалқасында...

Бейбарыс қалың ойдың ортасында.

Құранның аятынан өрнектелген,

Алтын тақ Ай қадаған арқасында.

Талған жоқ, шаршаған жоқ тіресуден,

Туғалы келе жатыр күресумен.

Зер төгіп алтын таққа ойып жазған,

Күш алып Бақараның сүресінен:

*«Жалғыз – Алла, одан басқа жоқ Тәңір,

Сене көрме одан басқа жоққа құр.

Мәңгі тірі – күллі Әлемнің тірегі,

Болашақ пен өткеніңді біледі.

Аспан мен Жер бар Ғаламның иесі,

Жалғыз ғана бір Аллаға тиесі.

Қалғымайды, оны ұйқы баспайды,

Жаратқансыз Күн де нұрын шашпайды.

Оның ұлы дәргейінде еш пенде,

Рұқсатынсыз жұлдыз жанып өшкен бе?!

Бар ғаламның басы менен аяғы,

Бір Алланың құзырына саяды.

Пенде мәңгі пенде болып қалады,

Хақ қаласа санаға нұр салады.

Күллі Әлемді сақтап, қорғап тұрады,

Ол бәрінен биік, асқақ, Ұлы – әрі!»

Бейбарыс алтын тәжін түзеді де,

Сабырлы кейіп берді жүз-өңіне.

Ең алғаш Берке ханға хат жазғанда

Сол бір кез жаз еді ме, күз еді ме?...

Басталып кетті содан барыс-келіс,

Екі елдің жаттығы жоқ, таныс тегіс.

Мысыр мен Ұлысудың арасында

Үзілмей келе жатыр алыс-беріс...

Үзбеген парасаттың алтын жібін,

Нарқына сәулеті сай, парқы бүтін.

Билігі Қисса-диндей қыз қолында,

Асып тұр Сарайшықтың даңқы бүгін.

Бұлдырап санасынан өтер елес,

Сарайшық Бейбарысқа бөтен емес.

Құмында табанының табы қалған,

Ақ Жайық көз алдынан кетер емес.

Бес жасар жау қолында қасқа бала,

Қара бұлт жай ойнатқан аспанына.

Тас болып кеудесінде қатып қалған,

Ол енді басқа әңгіме, басқа бала...

Теңіздей сапырылып ақтарылған,

Шықты да қалың ойдың қатпарынан.

Бейбарыс уәзірге иек қақты,

Патшадан бұйрық күтіп шаққа тұрған.

(Маңдайында бағы бар,

Таңдайында ағы бар.

Алтын, асыл тағы бар,

Саған жауың нағылар.

Сонда кімді сағынар?!

Мұсылманның қорғаны,

Ақ жыландай ордалы.

Бар мен жоғы жазулы,

Арсландай азулы,

Саған дұшпан нағылар.

Сонда кімді сағынар?!)

Сонда сұлтан «аһ» ұрды,

Даусы көкті жапырды.

Гүр-гүр етті, гүр етті,

Суылдатып жүректі.

Күтуші құл дір етті.

– Келтіріңдер алдыма

Жолбарыстай білекті,

Білекті де тақымды,

Шалымды да ақылды

Наиб Білік досымды!

Қалдырмаңдар әрине,

Ұстаз-әмір Айтегін

Қадірменді батырды!

Патшаның мысы басып құдіретті,

Дей алман, ұқпады не ұғып кетті.

«Ләббай» деп басын иіп күбір етті.

Кеудеге айқастырып екі қолын,

Уәзір шегіншектеп шығып кетті.

- Ей, бақытты жан-патшам!

Ей, бақытты жан-патшам!!

Түсіңе жау кірді ме,

Күшіне жау кірді ме?

Неге жедел шақырдың,

Неге сонша «аһ» ұрдың?

Жел жағыңнан жау жүрмес,

Дұшпан жүрмес ығыңнан.

Патша болса сіздейін,

Батыр туса біздейін.

Сырыңды айтшы, жан-патшам,

Оған да амал іздейін, –

деп сонда тізерледі Наиб Білік.

– Ей, бақытты өр патшам!

Ей, бақытты ер патшам!!

Қолда дәрмен тұрғанда,

Пәрменіңді бер, патшам.

Күннің түбі – Шын-Машын,

Күңірентіп барайын,

Барып ойран салайын.

Жер қайысқан моңғол ма,

Тас борандай борайын,

Әбжыландай орайын.

Орман, орман орыс па,

Күйретейін қамалын.

Неге суық көрінді,

Оу, ақ патшам, жамалың?!! –

Бас иді қол қусырып Айтегін де...

- Ал, ал сана, ал сана,

Маған құлақ сал сана!

Наиб Білік батырым!

Кел, кел сана, кел сана,

Маған көңіл бөл сана.

Уа, Айтегін батырым!

Боз мая ма, нарша ма,

Боз кілем бе, парша ма,

Қазынадан ал сана –

Қанша керек, қаншама,

Қанша керек болса да!

Сен Жайыққа бар сана,

Ұлы сапар, ұлы жол

Сен шалдықпа, шаршама.

Қобызыңды ал сана,

Сонда тұрып толғайсың,

Қалма мынау сапардан,

Еділ – Жайық арасы

Ұлысу деп аталған.

Қайран менің қонысым,

Атамекен – Атажұрт!

Мені туған өлкеге,

Барып қонақ болғайсың.

Мен сағынған Ақжайық

Жағасына қонғайсың.

Атам жатқан топырақ,

Өр басыңды игейсің.

Анам басқан топырақ,

Сәжде қылып сүйгейсің.

Алтын баулы ақ тұйғын,

Ақ жолыңа атадым.

Айдын көлде қаз-үйрек

Қолыңа алып шүйгейсің.

Алдан кезең кездесер,

Жез бұйдалы боз үлек –

Желе-жортып асқайсың.

Алдан өзен кездесер,

Он бір жасар боз айғыр –

Қалың көшті бастайсың.

Одан да әрі өткейсің,

Сарайшыққа жеткейсің.

Ақ, аманат мүлкім бар,

Ұлы Шыңғыс зәу-заты,

Берке ханның жұлдызы

Қисса-диндей аруға,

Барып табыс еткейсің!

Сонда Білік сөйлейді:

- Боз мая ма, нарша ма,

Боз кілем бе, парша ма –

Қазынаға барайын,

Қанша керек, қаншама,

Қанша керек болса да

Керегінше алайын.

Мен Жайыққа барайын,

Ұлы сапар – ұлы жол,

Бармай қалай қалайын?!

Атамекен – Атажұрт

Көп қыпшақтың мекені

Ұлысуға барайын.

Атаң жатқан топырақ,

Анаң жатқан топырақ,

Қобызымды көтеріп,

Жорық әнін салайын.

Өр басымды иейін,

Топырағын сүйейін.

Алтын баулы ақ тұйғын

Ақ жолыма атадың.

Айдын көлде қаз-үйрек

Қолыма алып шүйейін.

Алдан кезең кездессе,

Жез бұйдалы боз үлек,

Желе жортып асармын.

Алдан өзен кездессе,

Он бір жасар боз айғыр,

Жау еңсесін басармын.

Одан әрі өткенде,

Сарайшыққа жеткенде,

Ай дидарлы Қисса-дин,

Күн дидарлы Қисса-дин!

Қисса-динді көргенде,

Көріп сәлем бергенде,

Не айтармын,

Не дермін?

Көңіл соған шерменде...

- Алдыңда тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш дегін.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш дегін.

Алтынменен апталған,

Атласпен қапталған,

Қызыл Күндей Құран тұр.

Хазіреті Оспанның

Қолы тиген Құран бұл!

Берік қыл деп иманын,

Қисса-динге сыйладым!!!

Алдында тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш дегін.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш дегін.

Көк сандықтың ішінде,

Маржан, лағыл асыл тас

Асыл тасты шаш дегін!

Алдында тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш дегін.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш дегін.

Көк сандықтың ішінде,

Гауһар көзді білезік

Білегіңе ки дегін.

Көк сандықтың ішінде,

Ақ жібекке түйгенім –

Кәмшат бөрік үкілі,

Үлпілдетіп үкісін

Кисін соны сүйгенім!!!

***

Қозғалды керуен көш Ұлысуға,

Тағы бір Ұлысумен ұғысуға.

Ел емес, жер қозғалып бара жатыр

Анықтап қарар болсақ, дұрысында.

Қозғалды керуен көш Ұлысуға,

Бет түзеп хан Беркенің ұлысына.

Хуфудың көкжиегі қол бұлғайды,

Тәкәппар ұлылық бар тұрысында.

Жер шалғай, шөлейт, құмайт, жазиралы,

Қалдырып жазиралы әз-ұяны.

Құны зор, қымбат, таңсық асыл бұйым

Бес жүз нар кілем жапқан қазиналы.

Құл болмас құнын беріп сатып алмай,

Зіңгіттей зәңгілерді қапы қылмай.

Жүз құлды және де алды қызметке,

Құл емес, аты құл да – заты ұлдай.

Бал қыздар, балғын қыздар нәті түндей,

Бақтары жанбай қалған сәті келмей.

Жүз күң бар жүріп-тұрар қызметке,

Күң емес, аты күң де – заты гүлдей.

Талайғы жолы ғой бұл бұлың-бұлың,

Шам, Бағдат, жақсы таныс Ұрым, Қырым.

Бұл көштің жолбасшысы – Наиб Білік,

Білетін алыс жолдың қырын, сырын.

Бір өзі түмен-түмен топқа тұрып,

Ол барда жаудың қолы тоқтар тынып!

Сардары Бейбарыстың Наиб Білік

Шыңдалған суға түсіп, отқа кіріп.

Дәл ондай туа бермес пайымды ер,

Сақ қарап, алысты ойлап мәйін жүрер.

Сұлтанның ең сенері Айтегін ер,

Әр істің жөн-жосығын жәйін білер.

Алладан басқа ешкімнің жоқ панасы,

Керуен анық енді тоқтамасы.

Сұлтанның бұйрығымен бекітілген

Бұл көштің Айтегін ер – ноқтағасы.

Құлаған тау суындай ағыны дәл,

Болса да қандай бұйрық қабыл алар.

Келеді үш жүз сарбаз жер төңкеріп,

Дауылпаз, керней-сырнай, дабылы бар.

Қорғаны жүректегі – Құрандары,

Алла аты – ту көтерген ұрандары!

Әрбірі он адамға төтеп берер,

Мәмлүк қыпшағының ұландары.

Кіретін өткір тілмен бұзып дауға,

Сәл өзі қызу қанды, бұзықтау ма!?

Бәрібір Әмірханның орны бөлек,

Ақынсыз қызды ауылда қызық бар ма?!

Пір тұтқан адам атын, ақын атын,

Жырына ару қыздар «аһ» ұратын.

Өзі ақын, өзі батыр шежіреші

Тарихты әргі-бергі сапыратын.

Көзі от, тілі жүйрік, жыры жорға,

Ешкімге басын имес ұлық ол да.

Әмірхан Балқыбекті Айтегін ер

Қолқалап ертіп шыққан ұлы жолға.

Елестер қырдың гүлі көз алдына,

Алдынан не күтерін сезе алды ма.

Най менен шаңқобызы сазын төгіп,

Олар да сауық құрып өз алдына...

Жол ұзақ, күз бола ма, сыз бола ма,

Өмірдің мәні мәңгі «сіз-біз» ғана.

Қыпшақтың қанға біткен дәстүрімен,

Өнерпаз ере шыққан қыз-бозбала.

Екеуі көштің екі қанатында,

Әрбірі өз ісінде – дара тұлға.

Құшарбек әмір менен Мәжит қазы

Білікті елшілердің санатында.

Сыралғы, сыры берік дос екеуі,

Байқалар көңілдері қош екені.

О баста Бейбарыстың бұйрығымен

Жол салған Берке ханға осы екеуі!

Бағасын шамалайсың түр өңінен,

Сұлтанның сыйлығы бұл – жүрегі кең.

Нарлардың жуан белі қайысады

Қытайдың торғын-торқа жібегінен.

Көз арбап, көңіл қозғап нұрыменен,

Меккенің мөлдір зәм-зәм суыменен.

Жез, қола, күміс көркем шырағдандар

Апталған сары алтынның буыменен.

Өмір сүр, өмір сүрсең шалқыта бір,

Күн көшер көшпен бірге алтын бауыр.

Қытықтап мас қылады танауыңды

Иіс су, иіс сабын нарқы тәуір.

Тоқтамай, толастамай ғұмыр ағар,

Ғұмырдың бағасын кім ұғына алар.

Тек ханның сарайына лайықты,

Құмыра, құмыралар, құмыралар...

Қай жақтан қалай келген, білер ме еді,

Сөйлеп тұр көрер көзге реңдері.

Ұрымның сауыт-сайман, семсерлері

Фарсының қызыл оттай кілемдері.

Жер шалғай, бел болады, көл болады,

Жағалай дөң басына ел қонады.

Не бар деп сұрағанша мына көште,

Не жоқ деп сұрасаңыз жөн болады.

Әрбір күн, әрбір ғұмыр парақталған,

Әр мезет – мың шарафат Жаратқаннан!

Емшісі, жұлдызшысы, аспазшымен

Керуен бастан-аяқ жарақталған.

Бес жүз нар бөлінген бес қарауылға,

Жүз нар мен алпыс сарбаз әр ауылда.

Ақ сандық – қызға тарту – Құран, үкі,

Бас кәде – бас жолбасшы қарауында!

Сара жол сайрап жатыр етекпенен,

Тарта бер, жолың болсын, төпеп төмен.

Бес жүз нар боздап-қоздап жолға түсті,

Бұйдалап бір-біріне жетектеген.

***

Мұнаралары нұр құсап

қарашықтағы,

Ақ күмбездері алыстан

жараса қапты.

Алты мың жылдық ғұмыры,

тарихыменен

Көз қарықтырады көш жерден

Дамашық шәрі.

Ұсынып тұрған секілді

көктемі гүлін,

Шуағын құяр аямай

көктегі Күнің.

Қаирдан шыққан керуен

елшінің алды,

Бір айдай жүріп бұл жерге

жеткені бүгін.

Қап-қара күңдер, қап-қара...

біледі тәтті-ақ,

Ауызын басып жымиып

күледі шақтап.

Әмірхан өлең оқыса

жиыла қалар,

Тәндері қара болғанмен

жүрегі аппақ.

Нәсілге бөліп... (басады

сананы қырау),

Құл қылып, күң қып қорлық қой

адамды сынау.

Гүрілдеп жырға басқанда

Әмірхан жырау –

Жаратқан өзі секілді

ғаламды мынау.

Бақ пенен сорын өмірде

тани ма адам,

Таусылып қашан көріпті

фәниде арман.

Жүз күңнің мынау ішінде

көркемі, дүрі

Хорланға жетер жан бар ма,

дариға, жалған!

Хорланның үні, Хорланның

жүрісі қандай,

Маңдайға біткен бақыты,

ырысы бардай.

Гүл болып туып, қайтейін,

күң болып өтсе,

Арудың күні дәл бүйткен

құрысын, Алла-ай!

Сорлыға бақтың ашылған

есігі қашан,

Біледі Алла, десе егер

несібін шашам.

Қоладан құйған мүсіндей

мына бір зәңгі,

Өлеңге ынтық ол-дағы,

есімі – Хасан.

Бәрінен мына құлдардың

асатын ұл-ау,

Сөйлесе сөзі арқадан

осатын дырау.

Әмірхан жазған жырларды

соғады жатқа,

Көңілі ояу ер екен

Хасаның мынау:

**«Астасып кететін жер

Аспан Белге,

Білмеймін,

Өлеңнен бе, тастан ба әлде,

Әйтеуір бір ескерткіш

Қоям саған

Табынар,

Келер ұрпақ дастан дер де.

Ол Дастан

Өлең – Дастан,

Сезім – Дастан,

Теңіздей кемерімнен кезім тасқан.

Сәулесі жарық Дүние шығар,

бәлкім,

Сәтте бір көріп қалған

Көзімді ашқан.

Бәрібір,

Мейлі Аспан жақ

жаңғырықсын,

Тау көшсін,

шыңдар шөксін таң қылып шын.

Табиғатта тұрақты

Ештеңе жоқ,

Мен де өшем,

Бірақ та сен мәңгіліксің.

Сәуле – сезім!»

Өлеңді мынау қалың жұрт

танып бір тұрды,

Оқыды Хасан әр сөзін

анық қып нұрлы.

Хорланға жыр ма ұнаған,

Хасан ба, бәлкім,

Ақ маржан тісі жіберді

жарық қып түнді.

Тағдырын қатал сүйеді,

сүймейді кімдер,

Тағдырға басын, бірақ та

имейді гүлдер.

Кеш батса болды алауды

лаулата жағып,

Жыландай түнгі айнала

билейді күңдер.

Көңілі дархан барлығын

дос адам санап,

Жүргенмен Хасан бар сынды

қас адам, бірақ.

Жақтырмай сонда зәрленіп

бармағын бүгіп,

Тағы бір зәңгі құл тұрды

тасадан қарап...

Дамашық таңы арман ғой

көрмесең, білмей...

Тым алыс жолда болмайды

бірлесе жүрмей.

Қант пенен шәйін түгендеп

азық-түлігін,

Аялдар болды керуен

бірнеше күндей.

***

Еуропаның жүрегі...

Мыңдаған кеме

айлақпен осы жүреді.

Наиб Білік бастаған

керуен – елшілер

Константинопольге маңдай тіреді.

Айлақта соноу

кемелер тұрды теңселіп,

Ғажапты мынау көзбенен көріп

ел сеніп.

Шаршаған керуен,

шалдыққан жұртты байқайсың,

Қаирдан бергі

үш айлық жолды еңсеріп.

Білмеске жұмбақ

су түбіндегі асылдай,

Білгенге сырын жасырмай.

Константинопольде Күн батты

Күндізгі жаңбыр басылмай.

Жұлдыз жоқ көкте,

Ай да жоқ.

Қап-қара түнде

адасып кетсең айла жоқ.

Ақ сандық тұрған керуен сарай маңында

Күбір де,

сыбыр пайда боп...

Төпеп тұр нөсер

ашылып жаңа тынысы,

Күн жауса – елдің ырысы!

Суыт дыбысты,

суық жүрісті

Хорлан күң,

Аңғарып қалды

түзге шыққанда.

Түн іші...

Хорланды үрей...

жалғыздығы еді тұсаған,

Хасанға жету,

Хасанға айту күш оған.

Хасанға барып

Хасанды ертіп шыққанша,

Түнекке сіңіп

ғайып боп кетті үш адам.

Қолыңда дырау – дарулы,

Хасан құл қатты қарулы.

Қылыштай қиып жіберер

Сілтеген қолы ауыр-ды!

Жүрмесе жылдам

ұстатпай кетер түрі бар

Түн қатқан

тілсіз ұрылар.

Ентелей жетіп

сілтеді Хасан дырауын

Ұрының қандай құны бар?!

Ашынды!

Ашынса Хасан

бет қаратпайтын жасын-ды.

Мына бір дәуі

бұрылып келе бергенде

Қарбыздай миы шашылды.

Арбасты...

Басқандай болды

албасты!

Қайтадан қамшы көтере берген сәтінде

Хорлан күң келіп

жармасты.

«Қоя ғой, – деді,–

қоя ғой енді,

обал-ды».

Біреуі өліп,

біреуі безіп жоғалды.

Тірісін ұстап,

қайырып қолын артына

Керуенге қайта оралды.

Ұсталған ұры

өзегі жалын,

көзі мұң

Біреуі рас,

біреуі жалған сөзінің.

(Бейбарыс Ердің аманат адал – ақ мүлкі

Ақ сандық қайта орнына келді өзінің).

Азанға дейін ұрыны Хасан тергеді,

Ұрының сонда

Хасанға жауап бергені:

– Осында бір құл

есімі – Мәлік,

«Сандықты

Шығарып берем,

түн ауа маған кел», – деді.

Мәлікті Хасан білетін,

Хасанды көрсе,

өтірік қана күлетін.

Манағы қашып жоғалған Мәлік сол екен,

Хасанға жау боп,

Хорланға көз сап жүретін.

Жаңбыр да қойды,

атуға таң да

таяу-ды,

Ұрының қанын

жүктеуге Хасан аянды.

Түндегі жайды білген жоқ түгел керуен,

Аспаннан аппақ Ай ауды.

Мәрт еді Хасан – біреуге айтып езген жоқ,

Мәрт еді Хасан – ұрыға ғана төзген жоқ.

Осының бәрін

сыртынан аңдып

бақылап,

Жүргенін Білік

Хасан да мүлде сезген жоқ.

***

Тартылды керней,

дауылпаз,

дабыл ұрылды,

Сапарға бағдар,

сапарға жоспар құрылды.

Жиырма кемені жалға алып,

он күн жасақтап

Константинопольден Азауға желкен бұрылды.

Азауға қарай бұрылды

таңнан ат басы,

Елші мен жалшы

секілді тату отбасы.

Шығарып салып

тұрады ылғи күтіп ап,

Константинополь –

дәуірдің алтын қақпасы.

Самал боп есіп

Мәрмәр теңізден

ерке мұң,

Кемелер керді желкенін.

Гүлі болсаң-ау,

ұлы болсаң-ау,

дүние-ай,

Осынша сұлу,

осынша көркем өлкенің.

Білінер жүрсең,

өтелер жүрсең –

жол құны,

Кемедегілердің жаны бір еді

сол күні.

Барады тартып

құшағын ашып тылсымы

Қара теңіздің

қап-қара мақпал толқыны.

Күн шықса

Күн мен шағала ғана

жолдасы,

Түн болса

Ай мен жұлдыздар ғана

жолдасы.

Шеті мен шегі астасып кеткен әлемде,

Жаратқан ғана

адамның жалғыз жолдасы.

Желкені жасыл,

желкені қызыл кемелер,

Желкені сары,

желкені ақшыл кемелер.

Асықпай жүріп

аялдап екі-үш айлаққа,

Келеді жылжып,

келеді жылжып ...

Кемелер.

Айтып та болмас

аяулы күндер өткізді,

айтып та болмас

азапты күндер өткізді.

Теңізге түсіп арада екі ай жол жүріп,

Жолаушыларын

Азауға аман жеткізді.

Қонбайды құстар

қанаты шаршап талғанша,

Адам да құс қой

ақырғы демі қалғанша.

Шыққанда көктем ...

күз болар болды ендігі

Еділден өтіп

Жайыққа бұлар барғанша.

***

Беркенің қызы

Қисса-дин ару өр,

текті

Ертемен тұрып

Ақмоншақ атын ерттетті.

Қалайда мынау Сарайшық шәрдің сәулеті,

Бағдаттан мысқал кем болмау керек

(Серт етті!)

Жағасы тоғай

жайылып аққан

Жайықты

Ұлысу депті

бұрынғы жұрттар байыпты.

Сарайшық тұрған сағадан көпір салдырған

Тізбелеп өріп,

тізілтіп байлап қайықты.

Жайықтың жүзі...

Толқынмен ойнап

нөпір нұр,

Басы мен соңын бажайлаттырмас өмір бір...

Мың арба мінсе,

мың түйе жүрсе жүгімен

Былқ етпей соны

көтеріп тұрған көпір бұл.

Көпірден өткен қабыл боп елдің

дұғасы,

Жаудырса алғыс –

ашылар көңіл тұмасы.

Қаршадай кезден хат танып,

ғылым үйренген

Қисса-дин қыздың еңбегі зор ед,

расы.

Тереңде жатқан тарихын құмнан аршып ап,

Құмсағат тілі

алтын боп ағар тамшылап.

Жұлдыздай болып

Жібек жолының бойында,

Сарайшық – жанған шамшырақ!

Батырған мұңға

Орыстың ойлы орманын,

Теңселткен сесі

Қытайдың қалың қорғанын.

Жүрегі сынды,

нұр-өңі сырлы Сарайшық –

Айбарлы Алтын Орданың!

Батысқа қарай

жатады ағып керуен,

Шығысқа қарай

жатады ағып керуен.

Тұлабойыңды қуалай аққан тамырдай

Келіп жатады,

кетіп жатады керуен.

Өткізген қыз бұл әкеге назын қаһарлы,

Әкесі қолдап,

ақсақалдардан бата алды.

Берке хан таққа отырған күні Қисса-дин

Еншілеп алған

еркелеп осы шаһарды.

Балаға мерей –

әкенің мейрім,

кеңдігі...

Ақмоншақ тұлпар,

белінде қамар белдігі.

Сарайшық шәрі –

көзінің нұры секілді,

Әмірі өзі,

ханшасы да өзі – ендігі.

Сарайшық оған өзінен туған баладай,

Мейірім төгер анадай.

Күн санап жайнап,

Көркейіп

көктеп келеді

Ертегідегі қаладай.

Қолынан шыққан мүліктей көркем перінің,

Нақыш-ай,

ою,

зерінің.

Қолтаңбалары қалаға көрік беріп тұр

Үндістан,

Қытай,

Хорезм

шеберлерінің.

Көз жауын алар

ғимарат қанша

парқы ұлы,

Өнердің жауһар,

алтыны!

Сарайшық ғажап кейіпке еніп түрленді ,

Саудадан түскен қаражат,

қаржы арқылы.

Сарайлар анау

самала жарық алып,

кең.

Етене жақын

халықпен.

Гүлденді қала бой түзеп

әскери олжа,

салықпен.

Табылар бәрі,

іздеген жоғы адамның

Сарайшық – тәжі заманның!

Ғалым мен шебер,

шаруагер,

құлдар толассыз

Құйылып жатыр

төрт бұрышынан

ғаламның.

Мәжнүнтал анау

мұңайған жасы егіліп,

Аққайың мынау не біліп...

Атылып шығып

ақ моншақ шашқан аспанға

Ақ бұрқақ көктен төгіліп.

Ай батқан,

Ай батқан таңда

бұлбұлдың тілін байлатқан.

Шамдарға қарап көркейер,

кенет, көңілің

Түнгі қаланы жап-жарық қылып

жайнатқан.

Жарқырап тұрар

шаһардың барлық тұсында,

Бағаналардың сән беріп

ұшар ұшында.

Қисса-дин қыздың қиялыменен жасалған,

Мұндай шам,

бәлкім,

жоқ шығар Бағдат,

Мысырда.

Адамның ақыл,

қиялы шексіз фәниде,

Игілігіңе жарата алсаң, әрине.

Келеді өзі

ыстық су

менен

суық су

Қыш құбырлармен

әр үйге.

Елінін алып алғысын...

Ханшаның өсті нарқы шын.

Қисса-дин өзі

сызбасын сызып жасатқан

Қазандық жылу пештерін қала халқы үшін.

Сарайшық осы –

өзінде өзі ырысы,

Жаңаша келбет,

жараған аттай тұрысы.

Барлығын байқап,

бақылап ханша келеді

Қайнаған қызу

қаланың сәулет жұмысы.

Ұлысу анау – арайлы!

Халыққа несіп

болуға әркез жарайды.

Жолдардың бәрі тоғысып Сарайшыққа кеп,

Жолдардың бәрі Сарайшықтан осы тарайды.

Арманы сол-ақ,

бұйымын сатса сауда боп,

Саудасы жүрсе

ел іші тыныш,

дау да жоқ.

Сарайшық ашық –

қақпа жоқ,

қорған,

қамал жоқ,

Именер бөтен,

қаймығар сырттан жау да жоқ.

Алланың аты

азан боп таңда ұнаған,

Аллаға басын июі керек

шын адам.

Періште қонып,

періште ұшып жатады

Мешіттің мұнараларынан.

Алланың өзін,

Алланың сөзін қуаттай,

Ардақтап асыл мұраттай.

Шаһарға иман,

нұр берді

Мешіт пен медіреселер

ымыртта жанған шырақтай.

Кінәдан ісі,

күнәдан кісі арылар

Сейід пен шейх –

мешіттен бәрі табылар.

Хафиз бен софы,

молда мен қажы,

дәруіш

Осында бәрі,

осында бәрі – бәрі бар.

Ру мен тайпа,

ұлт пенен ұлыс үндескен

Адами тілде тілдескен.

Найман мен қыпшақ,

алаш пен қаңлы барлығы

Жарасып тату күн кешкен.

Қоңырат, алшын,

ткай мен ұйғыр бірігіп

Бірігіп солай кірігіп.

Сарайшық бәрін баурына басты

жат көрмей

Сарайшық – халық жүрегіндегі ұлы үміт!

Қарсыдан соғып

кешкілік қоңыр самалдар,

Серуен құрар,

шаруасы жоқ жұрт

алаңдар.

Жұпарын шашып,

жаныңа ләззат сыйлайды

Түп-түзу көше,

гүлзарлар,

жарқын алаңдар.

Құмыра жасау

өнердің көне қалыбы,

Көзеші шебер

ең ұлық адам – анығы.

Дастарқан бетін

берекесімен баурайды

Жайықтың қызыл балығы!

Той менен думан

өмірдің тәтті үзігі,

Сарқылмақ емес

Сарайшық шәрдің қызығы.

Маңдайдың тері,

бағбан қолдың табы бар –

Алма мен алмұрт,

шие мен жиде,

жүзімі...

Еділ мен Жайық арасы мүлде

шалғай-ды,

Шалғайлау жерді

Хазардың суы жалғайды.

Саяхатшы ма,

елші ме,

жиһанкездер ме,

Қаланы ешбір айналып өте алмайды.

Сарайшық менің – Отаным!

Сарайшық сенің – Отаның!

Сарайшық!!!

Кіндігі – Азия, Еуропаның!!!

Ақмоншақ тұлпар күміс жүгенін сілкіді,

Аққулар сынды

әуеде ақ бұлт кілкіді.

Көк күмбез – аппақ кітапханаға тіреліп,

Қисса-дин ханша

атының басын іркіді.

Адамды сақтар білімнің терең теңізі,

Күрсіне шықты

о, неге қыздың лебізі:

«Кез-келген елдің орталығы –

Орда емес,

Кітапханалардан басталу керек,

негізі!»

Тәмсіл бар мұндай,

тәмсілге осы нанасың:

«Жаулаған елден қалдырма адам баласын!

Ал егер күллі жау болсаң Адам-затына,

Жойғайсың онда

ақыл-ой –

Кітапханасын!!!»

Қисса-дин қыздың түршігіп кетті денесі,

Ақыл мен Ойға өшігу деген...

о несі?!!

...Сол күні оның түсіне кірді

о, тоба,

Лапылдап жанған кітапханалардың елесі...

***

Асыл тас!

Асыл тас қалай

көзіңе оттай басылмас,

Алпыс жігіттен айбарын анық бөліп тұр,

Жібек сәлдесіндегі

сән үшін қойған

жасыл тас.

Азуын Айға жанитын,

Қараған жанды

жанары оттай қаритын.

Қос қапталында қос қабыланы күркіреп

Беркенің сұсты

қабағын жазбай танитын.

Есік пен төрдей

алтынды тұрман

Ақтабан,

Әбзелін тұтас

алтынмен таза аптаған.

Алтын Орданың ұлы әміршісі Берке хан,

Сарайдан кеше

Сарайшыққа кеп

тоқтаған.

Мұндай қыз берген...

қолдай гөр

ұлы Тәңірі,

Жүрегінің бүлкілдеп соққан тамыры.

Алдынан шығып

Ақ-Сарайға әкеп жайғаған,

Сүйікті қызы

Сарайшық шәрдің – әмірі.

Күміс шамдалдар

түріп тұр мақпал іңірді,

Бағлан етін бабымен солай сіңірді.

Жайлы тақытта

жамбастай жатып Берке хан

Алтын тостақпен

дөнен қымызды

сімірді...

Әкеден қалған,

ағадан қалған мұраны,

Көзіндей көріп,

аманаты деп ұғады.

Іргесін алғаш ағасы Бату қалаған

Сарайшық десе,

бүйрегі бұрып тұрады.

Жиырмаға әлі жетпеген адал,

нар-ұлан

Сарайшыққа кеп жарыған.

Алланың нұрын,

Құранның сырын түсініп

Бұхара,

Ходжент

ғұламаларынан.

Сарайшық десе,

жарылар жүрек ағынан,

Иманын Арға жаныған.

Құранды сүйіп,

маңдайын тіреп сәждеге,

Алланы бір деп,

Құранды шын деп таныған.

Ақ жолға салды бұрып Хақ,

Әр діннің сырын

жүргенде ұқпай

ғұрыптап.

Шыңғыстың тұңғыш ұрпағы еді Берке хан,

Ислам дінін тұтынған

алғаш

ұлықтап.

Ақ жолда осы көбейді дос та,

дұшпан да –

Кешегі бауыр

алқымнан бүгін қысқанда.

Алла емей кім ед

сыйлаған айбар,

абырой,

Жанына – рух,

күш – қанға!

Бейбарыс бұған тым ыстық...

Құлағу бауыры өзіне шапты ұрыс қып.

Біреуі қандас,

біреуі діндес.

О, Тәңір,

Болмаса сенім

болмайды екен ғой туыстық!

Шыңғыстан төрт ұл –

төртеуі бірдей абадан,

Абадан ұлдар

әлсізін әркез талаған.

Берке хан алғаш билікті талақ қып кеткен

Қарақорымға қараған.

Иманнан соққан қорғанын,

Мансұқтап өткен

өзінен асқан зор барын.

Ұлы Қағанның дәргейін мойындамаған,

Ең тұңғыш Әміршісі бұл –

Тәуелсіз

Алтын Орданың!!!

Беркені танып,

Беркені білді

қарашы,

Жер бетіндегі

мұсылман адам баласы.

Ертістен бастап

Дунайға дейін

және де

Жетісу,

Еділ,

Қыпшақтың бүкіл даласы!

Баурамау керек

патшаны мүлде

тәтті үміт,

Жұмсақтық деген

ел билер ерге

жат қылық.

Атадан мирас,

балаға сабақ – дәстүр бұл,

Темірдей тәртіп,

тастан да өткен

қаттылық.

Жаза алмас ешкім

соғыстың қанды жарасын,

От пенен судай таппайтын ешбір жарасым.

Қайқы қылыштың жүзімен жазып кетті олар,

Адамзат тағдырнамасын.

Өзіңді өзің

ақтаймын деп те тырыспа,

Ғадауат үшін

майданға кірген

дұрыс па?!

Әділет үшін соғысқан адам – әділетсіз,

Әділет деген

болмайды

ешбір ұрыста.

Халық қан құсып,

халық қырылады бәрінен

Періште жылап,

Жер-Ана айнып әрінен.

Соғыстың себептері көп...

Мәні – кем!!!

Тапталмау үшін

жау тұяғына

ән-өлкем,

Қорланбауы үшін

жау құшағында

жан-еркем.

Аттану керек Құлағуға қарсы

(Қанға-қан!)

Ноғай бастаған отыз мың әскер таңертең.

Мен қалай оған сенгенмін?...

Жауһары,

нұры сөнген күн –

Жаһанның жәудір жанары сынды Бағдатты

ораған өртке,

бораған күлге

көмген

кім?!

Сыйлас дос еді

жаны да, рас, ашитын

Берке хан десе,

көңілі судай таситын.

Басын шапқан сол Құлағу емес пе Бағдаттың

Халифы Мұстағасимнің.

Мұстағасимдей мұсылман досын өлтірген...

(Бағдаттың, әне,

бықсыған отын

жел түрген)

Осы жай еді Беркеге ұйқы бермеген,

Осы жай еді ашуын қатты келтірген.

Берке хан, кенет,

терең ойынан оянды,

Жүрек тұсынан қаһарлы сезім бой алды.

...Бұл соғыс әлі қанша уақытқа созылары да

Бір Аллаға ғана аян-ды.

Аянбау керек!

(Нақ түйді)

Әдемі әуен әуелеп көкке атқиды.

Беркенің әнтек көтерген сонда оң қолы

қобыз бен сырнай,

шаңқобыз сазын сап тиды.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Ақсарай іші алуан жиһаз, бұйым-ды

Хан Берке тақта, қабағы сәл-пәл түюлі.

– Қисса-дин ханша құзырыңызға келіп тұр!

Қарауыл басы иілді...

Рұқсатын ханның есіткен,

Самала, салқын сарайдың залын кесіп кең.

Қисса-дин ханша кіріп келе жатты сол кезде

Оюлы, нәшті, еңселі емен есіктен.

Гүл-жұпар аңқып ізінен,

Нұр төгілген жүзінен.

Тағынан тұрып Берке хан

Қауышты сонда қызымен.

– Армысыз, әке! Мен деген...

– Жалғызым менің, жан жүрегімді емдеген!

Әкеге қызы сұраулы жүзбен қарады:

– Анашым неге келмеген?...

– Көп болды қызым сырласпағалы сыр айтып,

Жаныңды жүрген жағдай жоқ па, мұңайтып?

– Жасырар сізден сыр да жоқ менде, мұң да жоқ,

Тастайсыз, әке, жалғыз-ақ сөзбен тыңайтып.

– Бұйырса, анаң ендігі жылы келеді.

– Ал бұл жолы...?

– Себебі...

Бір сырды түйіп үндемей қалды әкесі,

Үндемей қалды Қисса-дин қыз да өрелі.

– Сарайшық әбден тотыдай болып түлепті.

(Ханшаның сол сәт қабағы неге дір етті...)

Өзімен өзі ойланып кетті ішінен,

Әкесі қимай тұр ма әлде бата, тілекті.

Жазған-ды ашық анаға соңғы хатында,

Анадан қызы не жасырады затында.

Қисса-дин ару Елшінің мына келерін,

Айтқан-ды сыр ғып шешесі Жидек-қатынға.

– Қамықпа, қызым, жағдай қазір қауіпті,

Жинақы ұстап дайын тұрған жөн халықты.

Құлағуменен қырқысып жатыр Шығыста,

Ноғай батырдың отыз мың қолы даңқты!

Сен кетіп қалсаң, мен кетіп қалсам Ордадан,

Жақындай түсер қара бұлт көкті торлаған.

Бұл майдан қашан тынары әлі белгісіз,

Аздаған ғана уайым сап тұр сол маған.

Басылсын соғыс, тоқтасын мынау нағлет,

Сондықтан балам бір жылға... аздап сабыр ет.

Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасатып

Шығарып салар анаң да, түгел бәрі кеп.

Келтірсе Алла тілекті сонда қиюлы,

Өзіңе деген дүние-мүлкім жиюлы.

Мың нарға кілем, мың жанға басшы-қосшымен

Жасау жабдығың бәрі де даяр-түюлі.

Сұлтанға солай сәлем дегейсің, жалғызым,

Өзегімдегі жалбызым...

Бір ұлы сапар, ұлы сүргінді көргендей,

Маңдайдан сүйіп, баурына басты хан қызын.

***

Алтын шырағданнан

Алтын оттар тамып тұрды,

Күміс шырағданнан

Күміс оттар тамып тұрды.

Мұсылман әлемінің тамыршысы

Алтын тақта –

Алтын Орданың әміршісі

Берке хан отырды.

Оң жағында

Бір қара қабылан жатты,

Сол жағында

Бір қара қабылан жатты.

Берке хан – дауыл сияқты

Орай соғатын,

Берке хан – боран сияқты

Борай соғатын.

Ертістен Дунайға дейін

Меңгеріп тұратын.

Жалпақ сары жүзіне

Сирек сақалы өң беріп тұратын.

Алысқан жауын жығатын,

Тартысқан жауы ығатын.

Қаһары келсе қара бурадай жараған,

Шашын екі жарып

Құлағының артына қарай тараған.

Кәпірге суық,

Мұсылманға парасатымен жағыпты.

Бір құлағына сегіз қырлы

Қымбат таспен безеген

Алтын сырға тағыпты.

Үстінде жібек шекпен,

Дана сынды –

Басында зерлі қалпақ жарасымды.

Белінде жасыл белбеу –

Бұлғарлық былғарыға алтын төккен

Тастары тым бағалы – асыл белбеу!

Жуып тұр алтын арай жүзін тегіс,

Шегірен былғарыдан шебер тіккен –

Кигені аяғына қызыл кебіс!

Алтын шырағданнан

Алтын оттар жанып тұрды.

Күміс шырағданнан

Күміс оттар жанып тұрды.

Алтын тақта –

Алтын Орданың әміршісі!

Әміршіні Мысырдан келген

Күллі Елші танып тұрды...

– Уа, құдіретті әміршім!

Дәргейіңе басымды иемін!

Әуелі Сұлтан ием Бейбарыстың

Қызыл Иттің терісіне жазылған

Сәлем хатын ұсынам.

Айтегін ұстаз

Қолын алып жүрегінің тұсынан

– Айтар сөзі, айтар назы осында

Сіз сияқты қадірменді досына!

– Бір-біріне қолын созар қысылған,

Сыр жасырмас мұсылманнан мұсылман.

Берке сонда уәзірге оқы деп,

Бейбарыстың жазған хатын ұсынған.

Бейбарыстың асыл сөзі аталы,

Уәзірдің уәзипасы баталы.

Сарай ішін көміп кетті сол сәтте,

Қоңыр барқыт, қоңыр әуез мақамы:

«Хақ жолында қасық қанын қиятын,

Хақтан тапқан өмір мәнін, миятын.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Құшағына бар мұсылман сиятын.

Дидарынан көрем ақыл қоймасын,

Жүрегінде иман нұры ойнасын.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Мұсылманның жеңістерін тойласын!

Сізге достар қай кезде де дос маған,

Сізге жаулар бола алмайды – хош маған.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Жаратқанға жалғыз серік қоспаған.

...Күнәсіз

Мұсылманға қорған болып тұрасыз.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Мұхаммедтің жолын қуған шүбәсіз.

Адам сөзі – Алла сөзі көнеден,

Жан бөлініп үзілгенше денеден,

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Бізді шексіз қуанышқа бөлеген.

Қарсы қарап қатар тұрар тасқынға,

Бұйым көрмес тасқынды да, тасты да.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Пайғамбардың ақ туының астында.

Жиһад үшін қалың қолды бастаған,

Әділеттің ақ жолынан қашпаған.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз,

Кәпірлерді иманымен жасқаған.

Алла оның ғасыл етсін мұратын,

Алла оның асыл етсін қуатын.

Ғарасаттың майданына барғанда,

Мұсылманның ең алдында тұратын.

Берке ханға зор мәртебе тілейміз!

Берке ханға зор мәртебе тілейміз!!!»

– Уа, бақытты Әміршім! – деп Әмірхан Балқыбек ақын сөз алып ортаға шықты. Ақын болса да әңгімені қара сөзбен бастады.

– Уа, бақыты Әміршім! Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыстың сәлемдемесін тыңдадыңыз. Сіздердің достықтарыңыз адамзат баласының тарихындағы ең абзал достықтардың санатында саналатын болады. Мен Сіздің алтын уақытыңызды алғаныма ғафу өтіне отырып, тарихта өткен тағы бір ұлы достық туралы хикаяны сәл ұзақтау болса да, осындағы жамиғаттың есіне түсіру үшін баян еткім келеді...

*** «Бұл хикая кезiнде әлемдi тiтiреткен жаһангер Шыңғыс хан мен оның андасы Жамұха шешен жайлы болмақ. Бала Темiжүн немесе болашақ Шыңғыс хан дүние­ге келген тұс әйгiлi Iстеми, Бiлге қағандар негiзiн қалаған түркi қағанатының құлағанына бiрнеше ғасыр болған, жеке-жеке ұлыстарға бөлiнiп кеткен түркi және моңғол ру-тайпаларының басынан бақ кеткен дәуiр-дi. Халық өзара соғыстардан әбден қалжыраған болатын. Моңғолдың ханы Амбағайды Алтын патшалықтың шерiктерi опасыздықпен ұстап алып, айқышқа керiп өлтiргенi де кеше ғана болғандай едi. Сондағы оның «Түбi кегiм алынар» деп күркiрей үн қатқаны да халық жадынан әлi ұмытыла қоймаған-ды.

Осындай алмағайып заманда дүниеге келген алыс­ты болжай алар жанның нендей мұраттарды мақсат тұтуы мүмкiн? Әрине, ең алдымен елдiң басын бiрiктiрудi, сосын «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» алтын дәуiрдi орнатуды!

Бiрақ алдыңа мақсат, биiк мұрат қою бар да, оны iске асыру деп аталатын қиямет-қайым тағы бар. Бұл қиямет-қайымның барлық азап-тозағынан аман-есен жүрiп өту екiнiң бiрiнiң талайына және жазылмақ емес. Миллиондардың iшiнен таңдап жүрiп бiрiнiң маңдайына ғана жазылмақ ерекше бақ. Тәңiрiм сенiң ойың мен бойыңа өзгелерде жоқ ерекше қасиеттер дарытуға тиiс. Мазмұны бөлек тағдырдың иесi етуi шарт. Мiне, осы тағдырды түркi-моңғол керегесi шайқалғандай болған сол замандарда талай ойлы жан армандағаны анық-ты. Бiз, мiне, осындай жүрегi шерлi жандардың қатарында Шыңғыс ханның андасы Жамұха шешен де бар едi деп есептеймiз.

Иә, екi дос ендiгi жерде ұлы мұратқа жету жолындағы өздерi атқаруға тиiс iс-әрекеттердi де бөлiсiп ал­ған-ды. Бұдан кейiнгi оқиғаларда Жамұханың әрдайым Шыңғыс ханның жауларын арандатып майдан алаңына шығаруына, оларды сын сәтi туғанда алдап кетулерiне куә боламыз. Және осындай сәттердiң бәрiнде де ол өзiнiң андасы Шыңғыс ханға қол көтеруге жүрегi дауаламайтынын ешқандай бұлталақтамай-ақ ашық жеткiзiп отырады. Сонда Шыңғыс ханның жаулары Жамұханың сөзiне қалай сенiп қала бердi екен?

Әрине, сенулерiне бiр-ақ себеп бар-ды. Жамұха да Шыңғыс хан секiлдi ел бастай алар дара тұлғалы жан болатын-ды. Қол бастар серке керек болған Шыңғыс ханның жауларын Жамұханың бойындағы өздерiнде жоқ осы қасиет қызықтырды. Бiрақ олар бiлмейтiн Жамұха, өзiн ұлы мұраттың құрбандығына шалған құпия Жамұха, Шыңғыс ханның бiтiспес жауы емес, керiсiнше, андасы екеуiнiң ойы iске асу үшiн қанын да, жанын да аямайтын, Шыңғыс ханға құлай берiлген арда досы едi.

Егер бүгiнде Шыңғыс ханның даңқы бүкiл әлемге жайылған болса, ойлаған мұратына жете алған болса, ол бұлардың бәрi үшiн ең алдымен осы Жамұха досына қарыздар.

Ұлы Даланың бiр-бiрi үшiн жанын iбiлiске де беруге бар өр перзенттерiнiң асқақ достығы туралы әңгіме осымен тәмам деуiмiзге болады».

– Уа, бақытты Әміршім! Мен бұл әңгімені не үшін айтқанымды Сіз, әрине, жақсы түсініп отырсыз. Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыс пен Алтын Орданың ұлы әміршісі Берке ханның қуыса келсе түбі – бір, аталары Ұлы Дала төсінде қатар салтанат құрған! Сіздердің бүгінгі мүдделеріңіз де бір!!! Тіпті, Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыстың кіндік қаны осы Сарайшық шаһарында тамғанын жақсы білесіз. Сондықтан да Бейбарыс сұлтанның бір бүйрегі ғана емес, жалғыз жүрегі тұтасымен осы өлкеге қарай бұрып тұрады...

- Уа, Әміршім! – деді Мәжит қазы.

- Уа, Әміршім!!!

Таусылмайтын белдерден өттік,

Құс ұшпайтын шөлдерден өттік,

Шет-шегі жоқ көлдерден өттік,

Әр-алуан елдерден өттік.

Алты ай бойы жол жүріп

Бүгін, міне, мына дүния

Дөңгеленген жүзік болса,

Соның гауһар көзіндей

Сарайшыққа жеттік!

Уа, Әміршім!

Мысырдың ұлы сұлтаны

Бейбарыстың аманаты бар еді:

Ол – жүз құл, жүз күң,

Үш жүз жанкешті сарбаз,

Бес жүз қазиналы нар еді!

Хаттап-шоттап қазынаңызға құйдық.

Мынау өзіңіз білетін,

О баста Елші болып келетін –

Құшарбек әмір.

Дәргейіңізді сүйдік,

Басымызды идік!!!

Жаратқан Тәңір өзі байыпты ғып,

Сол сәтте сөз бастады Наиб Білік:

– Уа, Әміршім! Әміршім!!!

Наиб Білік мен едім,

Көшті бастап кеп едім.

«Ал, ал сана, ал сана,

Маған құлақ сал сана!

Кел, кел сана, кел сана,

Маған көңіл бөл сана.

Боз мая ма, нарша ма,

Боз кілем бе, парша ма,

Қазынадан ал сана,

Қанша керек, қаншама,

Қанша керек болса да!

Сен Жайыққа бар сана,

Ұлы сапар, ұлы жол

Сен шалдықпа, шаршама.

Қобызыңды ал сана,

Сонда тұрып толғайсың.

Қалма мынау сапардан,

Еділ – Жайық арасы

Ұлысу деп аталған.

Қайран, менің қонысым,

Атамекен – Атажұрт!

Мені туған өлкеге

Барып қонақ болғайсың.

Мен сағынған Ақжайық,

Жағасына қонғайсың.

Атам жатқан топырақ,

Өр басыңды игейсің.

Анам басқан топырақ,

Сәжде қылып сүйгейсің.

Алтын баулы ақ тұйғын,

Ақ жолыңа атадым.

Айдын көлде қаз-үйрек

Қолыңа алып шүйгейсің.

Алдан кезең кездесер,

Жез бұйдалы боз үлек,

Желе-жортып асқайсың.

Алдан өзен кездесер,

Он бір жасар боз айғыр,

Қалың көшті бастайсың.

Одан да әрі өт деді,

Сарайшыққа жет деді.

Ақ, аманат мүлкім бар,

Ұлы Шыңғыс зәу-заты,

Берке ханның жұлдызы,

Қисса-диндей аруға

Барып табыс ет деді.

Алдыңда тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш деді.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш деді.

Алтынменен апталған,

Атласпен қапталған

Қызыл Күндей Құран тұр!

Хазіреті Оспанның

Қолы тиген Құран – бұл!

Берік қыл деп иманын,

Қисса-динге сыйлағын!!!

Алдында тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш деді.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш деді.

Көк сандықтың ішінде

Маржан, лағыл асыл тас

Асыл тасты шаш деді!

Алдында тұр ақ сандық,

Ақ сандықты аш деді.

Ішінде тұр көк сандық,

Көк сандықты аш деді.

Көк сандықтың ішінде,

Гауһар көзді білезік,

Білегіне ки деді.

Көк сандықтың ішінде,

Ақ жібекке түйгенім –

Кәмшат бөрік үкілі,

Үлпілдетіп үкісін

Кисін соны, сүйгенім!!!»

Сұлтан ием дос еді,

Көңілі Сізге хош еді.

Аманаттап тапсырған

Аманаты осы еді...

Берке ханның оң жағында отырған Қисса-дин ханшаның алдына екі жігіт екі жағынан көтеріп алтынмен апталған, күміспен күптелген жүк аяқты әкеп қойды. Сол кезде жүз құл мен жүз күңнің арасынан аппақ інжу-маржанмен безендірілген Ақ сандықты Хасан мен Хорлан баппен көтеріп Қисса-дин ханшаның алдындағы алтынмен апталған, күміспен күптелген жүк аяқтың үстіне әкеп орнатты.

(Наиб Білік жол-жөнекей Ақ сандыққа байланысты келеңсіз оқиға сәтімен аяқталған кезде, «осыдан Сарайшыққа аман-есен жетсек, Қисса-дин ханшаға Ақ сандықты Хасан мен Хорланның қолымен табыстатармын-ау» деп ойлап еді. Енді, міне, сол мұратына жеткеніне риясыз бір жымиып қойды).

Қисса-дин ханша әкесіне қарады.

Әкесі ыразы шырайда отырғанын аңдады.

Қисса-дин ханшаның нөкербасы Мархабат сұлу нөкерлерінің көмегімен Ақ сандықты Қисса-дин ханшаның отауына қарай жүргізді.

Елшілер күміс табаққа қойып алтын тостаққа құйылған, бабына келген сары қымыздан шөл басты.

Уәзір жаршыларға: Мысыр сұлтаны Бейбарыстың және оның елшілерінің құрметіне арналып Сарайшықтың қақ төріндегі ең бір салтанатты орын – Қызыл Алаңдағы Қызыл Сарай алдында түрлі ойындар мен ойын-сауық түрлері өтетінін және бұл жиынға Сарайшық қаласының тұрғындарын түгел шақыруды да ұмытпауларын ескертті.

Бұл салтанат бір айға созылды.

Жүзіктей көктен түскен көркем неткен,

Толқынмен асау Жайық еркелеткен.

Құлпырған қызғалдақтай қыз балалар

Адамды жүрегі бар өртеп өткен.

Сәулеті бұл шаһардың дейтін ерек,

Бүгінгі Сарайшықтың кейпі бөлек.

Жүгіріп Қисса-диннің нұр бетіне,

Ұқсайды перизаттың сүгіретіне.

Той-думан, бұл салтанат Бейбарыс пен

Арналған елшілердің құрметіне.

Аққулар пайда болар қас-қағымда,

Қаланың мамыражай аспанында.

Жүректі шымырлатып сазы әншінің,

Әрәдік даусы шығар озаншының.

Әуені, әуезесі жанға жайлы

Үскірік, сыбызғы, дап, бозаншының.

Үніне ден қойыңыз, өтінемін,

Сазсырнай, шаңқобыз бен жетігеннің.

Ұрандап бабаларын байрақ қылып,

Қағысып, итжығыс боп, қайрат қылып.

Белдескен палуандар белін буып,

Ала алмай арпалысып, айбат қылып.

Бір-бірін ақыл-айла тірестірген,

Бір-бірін ар мен намыс күрестірген.

Қисса-дин қырық нөкер қасындағы,

Үкілі кәмшат бөрік басындағы.

Мысырдан алты ай жүріп жеткен сыйлық, –

Бүгінгі киіп шыққан – асылдары!

Білезік гауһар тасты білегінде,

Сезімі Бейбарыстың жүрегінде.

Құрмет пен бар сияпат елшілерге,

Әр елші – қос сұлудың меншігінде.

Перілер көктен, кенет, түсті десе,

Құдайдың құдіретіне сенші сен де!

Елшіге ізет-үрмет қай кезде де,

Сарайшық сауыққұмар жай кезде де!

Мінгені бір-бір бедеу салтанатпен,

Ерке ақын ақ сезімін арқау еткен...

Үзеңгі қағыстырып қатар жүрген

Әмірхан нөкербасы Мархабатпен.

Сезімге қалай қой деп айта аласың,

Қисса-дин қалай мұны байқамасын...

Өзіне көрік берген өз өнері,

Айтпай-ақ көрген кісі сезер еді.

Жұмыр Жер жаралғалы Сарайшықтың

Дәурені жүріп тұрған кезең еді.

Өріліп көз алдыңда тұра қалар,

Қаланған ақ мәрмәрдан мұнаралар.

Ақ мәрмәр жарасып тұр арайлана,

Қонақ үй, монша менен сарайларға.

Жалтырап аппақ еден, баспалдақтар...

Тамсанбас жан баласы қалай ғана!

Мешіт пен медіресе қардан аппақ,

Ештеңе дей алмайсың ардан аттап.

Беймәлім көрер, көрмес қызық одан,

Талпынар қалдырам деп ізін адам.

Анардың дәндеріндей қызыл таспен,

Көмкерген – Қызыл Сарай, Қызыл алаң!

Өмірге айта кетер назын адам,

Қисса-дин салған мұны қазынадан.

Көрінер сары айшығы айдаладан,

Шебердің құдіретінен пайда болған.

Сарайды қызыл таспен мұнаралап,

Ең биік ұшарына Ай қадаған.

Көрінер көзіңізге қиырдан бір,

Сары айшық саф алтыннан құйылған дүр!

О, жалған, бұл нағылған өмір еді,

«Осы жұрт ақын жайлы не біледі?!»

Әмірхан осы арада тоқтай қалып,

Атынан қарғып түсіп тебіренді:

(Былайғы ел үрке қашып таңырқанды,

Біз де ұққан жоқ едік қой Әмірханды!!!)

****«Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,

Қайда екенін таба алмайтын қонағы.

Бұл қалада көктемді ешкім білмейді

Мұнда, өйткені он екі ай қыс болады.

Алып тауға байлап қойған шынжырлап,

Бұл қаланы қарғыс атқан мың жылға.

Жер жылжуда, жермен бірге қала да

Қара жылым жаққа баяу жылжуда.

Нөкерлерін ертіп шығып моладан,

Бұл қалада түнде сайтан салады ән.

Біраз адам айырылады ұйқыдан,

Ал көп адам айырылады санадан.

Жын-жыбырдың болғаннан соң мекені,

Бұл қалада тосын жайлар жетеді.

Даналықтың басын жарып тасада,

Сұлулықты шешіндіріп кетеді.

Бұтқа пұттай табынғасын қашаннан,

Шал-құтаны жас қыз аулап жасарған.

Бұл қаланың, ең ғажабы, құдайы,

Көкте емес, көк қағаздан жасалған.

Арман мұнда қалталарға батады,

Сонда өледі, ешкімнің жоқ шатағы.

Мұнда Муза қайыр сұрап көшеде,

Ал ақындар мас боп бара жатады.

Бұл қалада тізе берсең көп қызық,

Көр, арала, босқа уақыт өткізіп

Алып жүрме.

Тек періште болмағын,

Қала жайын жүрер көкке жеткізіп.

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,

Қайда екенін таба алмайтын қонағы,

Бұл қалада көктемді ешкім білмейді,

Мұнда, өйткені он екі ай қыс болады.

Жұлдыз біткен көкте бетін шымшылап,

Бұғау буған жатыр қала су сұрап,

Жылтылдаған сәулесіндей үміттің

Әр қабатта сөнбейді тек бір шырақ».

Жыр оқып болды-дағы өңі жүдеп,

(Тұтқанын кім біледі, нені медет.)

- Бұл, бірақ басқа уақыт, басқа заман

Бұл, бірақ басқа қала, – деді, кенет!

Өмірде Ақын ғана шағынбайтын,

Уақыт пен Кеңістікке бағынбайтын.

Бұл өлең тарап кетті шартарапқа,

Бүгінгі өзек болған салтанатқа.

Ақынды, бірақ адам ұғып тұрды...

Аты оның махаббат па, Мархабат па!?!

***

Сол түні Ай тұтылып... байқалмады,

Сол түні Жер қозғалып шайқалған-ды.

Сол түні ол бір сұмдық түс көрген-ді,

Ол түсін ешкімге де айта алмады.

Бір нөпір тасқын жүрген екен дейді,

Тасқыннан қашып жүргем екен дейді.

Сарайшық суға батып қарық бопты,

Бұл оған жете алмайды... жетем дейді.

Су емес ат дүбірі екен дейді,

Көп жаудан қашып жүргем екен дейді.

Қиратып, өртеп, жойып Сарайшықты

Орынын қарға-құзғын мекендейді.

Сөйлеуге қызыл тілі байланыпты,

Жағалай ата жауы жайланыпты.

Кеше өзі жыр оқыған Қызыл Алаң

Қан сасып қара жерге айналыпты.

Қарайды көзін алмай форымына,

Түсті екен қашан, қалай жолы мұнда.

Мәскеуде – Қызыл Сарай, Қызыл Алаң

Айды алып, жұлдыз қойған орынына.

Шындыққа кім қалайша жүгінеді,

Шындықтың нәзік белі бүгіледі.

Мәскеуде – Қызыл Алаң – Кремльде

Соғып тұр алып курант бүгін енді...

Сап болды Сарайшықтың абат таңы,

Тым суық, тым қаһарлы қабақтары...

Уа, бұлар балақтағы бит емес пе,

Бұл күнде басқа шықты-ау балақтағы.

О, бұлар бітіспейтін дұшпан сынды,

Сарайшық мәңгі ажал құшқан сынды.

Опат боп обалары, молалары,

Даланың басынан бақ ұшқан сынды.

Қайғылы – бұл тарихты ойға алуға,

Жұмыр жер өз жөнімен айналуда.

Бар еді, бірақ әлі үш ғасырдай,

Бұл сұмдық, ақиқатқа айналуға.

Әмірхан үнсіз қалды, үндемеді

Көңілі бір сұмдықты білген еді...

***

Кездескен әнеу күнгі салтанатта,

Сөздері қаша берген әр тарапқа.

Әмірхан содан кейін сырын айтып,

Хасаннан хат жіберген Мархабатқа.

Мархабат тісін жарып үндемеді,

Деген жоқ мазалама мүлде мені.

Осылай өтіп жатты күндер легі,

Осылай өтіп жатты түндер легі.

Көңілі елегзіген, елеңдеген,

Сөзіне іш-құса боп еленбеген.

Әмірхан тағы да бір хат жіберді

Ақ сөзін ашып айтып өлеңменен:

«Сен құралай болсаң,

Мен қабылан едім қайратты.

Менің бұлбұл тілімді

Сенің әзиз жанарың сайратты.

Неге үндемейсің, Мархабат?

Мені таулар жұбатып,

Баулар тыңдаған,

Мәні жоқ сәнсіз

Сенсіз бұ ғалам.

Неге үндемейсің, Мархабат?

Сенің көркем құзырыңа

Жүрегім байланып қалған,

Сен – Күн,

Мен Жер сияқты айналып барам.

Неге үндемейсің, Мархабат?

Мен жырласам сені, –

Гүлдердің бәрі мұңайып қалар,

Сенің бекзат көркіңе

Жұлдызды аспан ғана лайық болар.

Неге үндемейсің, Мархабат?

Мен сені жырласам, –

Әуедегі құстар жерге қонады,

Менің ащы жасыма

Мұхит тулап, көлдер толады.

Неге үндемейсің, Мархабат?

Мен сенің нұрдай жаныңды

Құлатып алдым ба?

Мен сенің гүлдей жаныңды

Жылатып алдым ба?

Неге үндемейсің, Мархабат??!»

Демейміз аз жазылған, көп жазылған

Бастысы еп жазылған, дөп жазылған.

Хат келді көп ұзамай Мархабаттан:

«Сіздікі – іңкәріңіз...» – деп жазылған.

***

Еділдегі Берке ханның Сарайы..!

Төгіліп тұр алтын Күннің арайы.

Содан бері бір жыл өтіп кеткен бе,

Бейбарыстан алғаш хабар жеткенде...

Елші келіп қиырдағы Мысырдан,

Бейбарыстың хат пен сыйын ұсынған.

«Бір дененің қос қолындай кірігіп,

Кәпірлермен күресейік бірігіп.

Дос болайық мұсылмандық жолменен,

Мәңгі-бақи бізбен бірге бол деген!»

Піл, тотықұс, алай менен керікті

Құрмет қылып Берке ханға беріпті.

Кездейсоқ па, жазымыш па, жазым ба,

Сыр бар еді Қисса-диннің назында.

Не жоқ дейсің бұл сыйлықтың ішінде

Қымбат мүлік – сан алуан пішінде.

Не қаласа қалағанын алады,

Бірақ ханша құмыраны қалады.

«Ең қымбат зат осы маған Жердегі,

Сондықтан да құмыраны бер» деді.

Құмыраның ернеуіне нақылын,

Ойып жазған Баласағұн ақынның:

«Ақыл көркі – тіл,

Тілдің көркі – сөз.

Кісі көркі – жүз,

Жүздің көркі – көз!»

Білім жиған кітап оқып қаншама,

Бұл даналық таныс еді Ханшаға.

Ақылды қыз әкесіне наз қылды,

Құмыраға мынадай сөз жаздырды:

«Бұл құмыраға алтын құяр болар,

Бұл құмыраға күміс салар болар.

Бұл құмыраға шарап құяр болар,

Бұл құмыраға көздің жасы толар!»

Қыздың ойын өлең өзі айтар-ды...

Құмыраны Бейбарысқа қайтарды.

Тәнті болды сұлтан мына ғазалға,

Ақылсыз қыз, сірә, бұлай жазар ма?!

Таласы бар жан боп тұр ғой өнерге

Көріксіз де болмау керек көрерге.

Барлық елші бір ауыздан: «Өнерлі –

Сізге лайық, Сізге лайық!» деген-ді.

Бейбарыс та Қисса-динге наз қылды,

Құмыраға мынадай сөз жаздырды:

«Тағы көрік кісіге,

Білім мен өнер.

Біліктіге әркім

Жанын пида етер!»

Заула күндер, жылжы айлар – зымыра!

Қисса-динге қайта оралды құмыра.

Айналасын ақ маржанмен дестелеп,

Ақ жібекке өз қолымен кестелеп.

Қыз жүрегі ақ кептердей тордағы,

Бейбарысқа тағы бір хат жолдады:

«Дүниеде әркім жүрер –

кең болған соң,

Мен жүрмін кең дүниеде –

сен болған соң!..»

Жаңғырығып қайта оянды санасы,

Осы әнге салушы еді-ау, анасы...

Аялдауға мұрша бар ма сұлтанда,

Үкі аулауға шығып кетті бір таңда.

Сүйгеніне үкі тағу – аялы,

Бабалардың салты емес пе баяғы...

Қисса-дин қыз құмыраға қарады,

Дәнекер боп жалғастырған араны.

Құмырада тұрған қызыл гүл сынды,

Сұлу ханша күрсінді...

Отыз мың қол Құлағумен айқасқан,

Хабар күтіп отыр осы шайқастан.

Бір ай болды елшілерге келгелі,

Әлі жауап бермеді.

Сағыныштың секілді бір үкімі,

Кәмшат бөрік сөреде тұр үкілі...

***

***** «Алланың жәрдемі

және жеңіс келгенде,

Ақ жолға түсіп

Адамдар

періште кеуде.

Топ-тобымен қабылдап

Алланың дінін

Жүректен шайып

тазалар

жалғанның кірін.

Раббыңды сонда

құрметтеп,

дәріптеп,

мақтап

Жарылқау тіле –

тілегің уәжіптен болмақ.

Алланың жағы –

жаныңның ауыл – мекені,

Сүйеді Алла

тәубеңді қабыл етеді!

Алла – дара!

Дархан,

мұңсыз,

серіксіз

Әр нәрсе оған мұқтаж болар еріксіз.

Ол тумады,

туылмады –

әр адам,

Ешбір жанды

теңесе алмас әрі оған!»

Көңілі бүгін бұйығы тартып, бұйығы,

Қисса-дин ханша намазға ұзақ ұйыды.

Лықсып бір келген шапағат жасын тия алмай,

Қызарып қапты көзінің мөлдір қиығы.

Абыржып тұрған күтуші қызға қараған...

(Намаз кезінде мазаламайтын жан-адам).

– Наиб Білік пен Әмірхан ақын... әміршім

Күтіп тұр, – деді, – құзырыңызда манадан.

Қайтармақ емес, әрине, сұлтан тауанын

Ұғып та тұрған жайы бар әке ауанын.

Елшілер мынау көңлі күпті, күтулі

Үш айдан бері берген жоқ әлі жауабын.

Бейбарыс үшін жан құрбан...

Ұзату тойын кейінге, бірақ қалдырған.

Қисса-дин ханша елшінің екі кісісін

Уәлі сөзін айтпаққа бүгін алдырған.

Сұлтанға деген сезімі – көңіл төрінде

Бейбарыс десе нұр жүгіреді өңінде.

Қырқысқан майдан жолына бөгет болып тұр,

Қапқаздың анау жерінде.

Қалжырап, қажып көп жауға қарсы ұрыстан

Жазықтан шығып тауларға қарай ығысқан.

Ноғайдың қолы шегініп жатқан жөнінде,

Өткен жұмада шабарман келген шығыстан.

Берке ханға да, Құлағуға да ұлы сын,

Дұшпанға бермеу иелігіндегі ұлысын.

Қандасып жатыр Шыңғыстың екі ұрпағы

Бірі мен бірі – жер үшін және дін үшін!

Берке хан еді о басындағы иесі,

Бұл күнде ол жер Құлағуларға тиесі.

Берке хан кеше жиырма мың қолмен аттанды,

Алтын Орданың – киесі!..

Дидарындағы уайым ізі білінбей,

Жадырай қалды мамырдың раушан гүліндей.

– Кірсін, – деп, ханша ишарат етті биязы,

Қабағын баққан күтуші қызға күлімдей.

Ханшаны сүйсе, Бейбарыс қана сүйгендей,

Бейбарыс үшін ханша да отқа күйгендей.

– Үкілі кәмшат ажарыңызға сай екен!!! –

Әмірхан ақын сөз бастап кеткен именбей.

Мейірім төгіп жанарындағы нұр игі,

Қисса-дин ханша жымиды:

– Үкілі бөрік жарасып тұрса, шынымен,

Сұлтанға деген көңілім неге суиды?!..

Суымас менің көңілім,

Сұлтанмен бірге – тағдырым, бүкіл өмірім!

Білегіндегі гауһар білезік жарқ етті,

Жақұтпен тізіп, алтынмен өрген өңірін.

Жиналып қалды мәселе біраз қордалы,

Кейінге аздап шегерілетіндей жол қамы.

Хан әкем кеше аттанып кетті жорыққа,

Қалдырып маған аманат етіп Орданы.

Қан кешіп соноу жүргенде әкем өзге елде,

Табасы жаман қалармын ауыр сөздерге.

Хан тағын қалай қараусыз тастап кете алам

Анталап тұрған, қанталап тұрған көздерге?!

- Бізде де қазір күрделі,

Берік ұстауға мәжбүрміз әркез іргені.

- Сіздегі жай ғой – біздегі,

Сұлтан иемнің жете алмай сізге жүргені...

Жарыса шықты бірінен бірі ілгері,

Наип Білік пен Әмірхан ақын үндері.

– Көктемге дейін тынығыңыздар асықпай,

Жүрекке ем ғой... Жайықтың Айлы түндері.

Кітапты сүйем, ұнатам жырды өз басым,

Білімді халық өзгеден қалай озбасын.

Қисса-дин ханша Әмірханға сәл астарлай

Әзілге бұрды сөз басын.

- Әміршім! – деді, Әмірхан сонда... – Әміршім!

Білімсіз адам кітапты, сірә, нағылсын.

Сәулетін көріп сіз салған кітапхананың,

Дүйім ел сіздің жан-дүниеңізді таныр шын.

Көгеріп-көктеп өскені үшін санасы,

Кітапқа қарыз адамның күллі баласы.

Сарайшыққа кеп қосылған екен бастары

Әлемнің түгел данышпан, ойшыл, данасы!

Күлтегін, Қорқыт, Фараби сынды заңғардың,

Забур мен Тәурат, Інжілдің ізін аңғардым.

Сократ, Гомер, Фалес пен Гераклиттер...

Кітапхананың қорына шексіз таң қалдым.

Кітап бер, егер халқыңды келсе көтергің,

Еңбегін көрдім Пифагор, Антисфендердің.

Эпикур, Левкипп, Диоген, Демокритпен

Платон, Аристотельдің.

Баласағұн тұр бақытын елдің баяндар,

Жанарың кенет әл-Беруниға аялдар.

Ғазали, Рази, Хордадбек, Муқаддасилер,

Ибн Сина мен Омар Һәйямдар...

Үш айдан бері тауыса алмай жатырмын,

Бас алмай оқып кеніне кез боп ақылдың.

Арман жоқ шығар, Сарайшық, сенде күн кешкен,

Қоржыны тола ақынның.

– Сарайшық үшін жақсы бір іске жарарсыз,

Ақылға салып қарарсыз.

Әмірхан мырза, орындалмайтын арман жоқ,

Осында мүмкін қаларсыз..?

– Қайыры болар сіз айтқан мынау ақылдың,

Қай сөзіңізге де мақұлмын.

Сұлтан иемнің рұқсатын алып берсеңіз,

Орындалар еді арманы, рас, ақынның...

– Уәде менен, қалғанын тағы таңдарсыз,

Сән бар ма елде өрелі, ойлы жандарсыз.

...Нөкер басымен сөзіңіз барын сезем-ді,

Той қамын тездеп қамдарсыз...

***

Түмен, түмен, түмен қол

Ләшкер тартып келеді.

Қызыл-ала, қызыл ту,

Жасыл-ала, ұзын ту.

Шарайнасы – шар болат,

Жарқ-жұрқ етіп берені.

Күн тұтылды көктегі,

Тау қозғалды жердегі.

Ай тұтылды аспанда,

Қалың әскер үнінен

Жұлдыз ақты түнімен...

Кернейлері күркіреп,

Дауылпазы дүркіреп.

Белден түсіп желеді,

Өрге шығып келеді.

Дариядай тасқыны

Шөлді сүзіп келеді.

Асып-тасып төгілген

Көл сияқты кемері.

Мың сан өгіз өкіріп,

Қара жерді қопарып.

Мың сан дию түскендей

Жер бетіне от алып.

Тауға қашқан жауларын

Тауға шығып жайлады.

Ойға қашқан жауларын

Ойға түсіп жайлады.

Қара қанын өзен ғып

Олжа қылды жиғанын.

Діні бөлек кәпірдің

Қасым қылды иманын.

Құлағуды талқандап,

Қолды бастап келеді.

Алла атын ұлықтап,

Мадақ қылып көктегі.

Алтынменен апталған

Дулығасы жарқырап

Берке хандай көк бөрі!

Берке хандай көк бөрі –

Жаудын жүзін жасытып,

Мейманасын тасытып.

Жаудың құтын қашырып,

Алапасын асырып.

Ат шаптырды үкілеп,

Сарайшық пен Сарайға.

Алтын Орда түгелдей

Салтанатты қалыпта.

Сүйіншілеген жылы сөз

Тарап жатты халыққа.

Кәмшат бөрік басында

Өзі он жеті жасында,

Ханның қызы Қисса-дин

Күндік жерден күтіп ап

Әкесінің қасында...

Берке ханның жалғызы,

Жалғыз туған хан қызы.

Елге қарай жүрді кеп,

Сарайшыққа кірді кеп.

Хан жарлығы тарады

Алтын Орда алабы

Тойға тегіс келсін деп.

Берке ханның құндызы,

Аспандағы жұлдызы

Асыл туған Қисса-дин

Ұзатылып барады...

Ойын қылды отыз күн,

Тойын қылды қырық күн!

Жан-жүрегі жаралы

Қимай сонда Қисса-дин

Сарайшыққа қарады:

Сарайшық, қош-аман бол, сары далам,

Жұлдызы сам кіргенде жамыраған.

Көңілім алай-дүлей, астан-кестен,

Ел көшіп кеткен жұрттай қаңыраған.

Сарайшық, қош-аман бол, өскен жерім,

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.

Жанымның сарайында тұрар мәңгі

Кешкен су, көрген бақыт, ескен желің.

Сарайшық, ақ ботаңа ақ бата бер,

Жүректің қақ төріне сақтап өтер.

Анамдай ақ сүтіңді ақтап өтер –

Сен менің жалғызымсың мақтан етер.

Сарайшық, қош-аман бол, оралғанша,

Өзіңсіз көңіл-қошым болар қанша.

Жолымен бұрынғының жолға түстім,

Жолы сол – қыз баланың, амал қанша.

Сарайшық, мұң көрмейін қабағыңнан,

Күн нұрын бұлт жаппасын жамалыңнан.

Аллаға аманаттап кетем сені,

Аман тұр жат көздер мен жау оғынан.

Қош боп тұр сен де енді, Жайық анам,

Кем едім сені сүйген қай ұлыңнан?!

Өзіңнің тереңдігің өлшем болып,

Өзіңнің өсіп-өндім пайымыңнан.

Сізге де қош айтамынн, Жидек анам,

Үйреткен бір Алланы сүй деп анам.

Сыйлаған жарық дүние парасатын,

Кеудеңе жақсылықты құй деп маған.

Қош-аман ал, ендеше, жаным әкем,

Қайыспас қаратаудай, нарым әкем.

Өсірген ұл орнына ұлдай көріп,

Жолыма құрбандық қып бәрін әкем!

***

Қош айтып Атамекен жеріменен,

Қош айтып Атамекен көгіменен,

Қисса-дин жолға шықты таң алдында,

Қоштасып Алтын Орда еліменен.

Жалғыз қыз... аянардай қызы көп пе,

Жарық боп барған жерде жүзі көпке...

Берке хан жасау артты мың түйеге

Мың адам және қойды қызметке.

О, оны көру керек көзіңізбен,

Жасырар ештеңе жоқ өзіңізден.

Түндегі Құс жолындай қыз жасауы,

Жеткізіп айта алмаспыз сөзімізбен.

Уығы күмістелген бұрамалы,

Кім оған таңырқамай тұра алады.

Жүк болған жүз түйеге жүгіменен

Ақ орда отыз қанат құрамалы.

Уығы ақ сүйекпен дестеленген,

Кереге сәмбі талдан кестеленген.

Маңдайша, шаңырағы алтындалып,

Көздерін күміс жауып тескен екен.

Шебер де бар өнерін құйған дер ем,

Бойына бекзаттықты жиған ерен.

Баяғы Алтын орда сияқты дәл –

Батуға Шыңғыс қаған сыйға берген.

Берке хан жалғызына жинағаны:

(Қисса-дин әлпештеген иман-ары!)

Бағалы қымбат мүлік – асылзада,

Тай тұяқ алтын, күміс құймалары.

Қош айтып Атамекен жеріменен,

Қош айтып Атамекен көгіменен,

Қисса-дин жолға шықты таң алдында,

Қоштасып Алтын Орда еліменен.

Батасын берді сонда хан қызына:

– Жар болғай қайда жүрсең жалғыз Алла! –

Әкесін үш қайтара құшақтады,

Егіліп іші-бауыры жалғызы да.

Ұлысу... қарап тұрып ұлы ағынға,

Қисса-дин «әйт-шу» деді пырағына.

Көш басы Сарайшықтан шыға бере

Боздаған бір үн жетті құлағына.

Көңілін жылатқан не, қозғаған кім,

Киесі, иесі ме боз даланың.

Жүрегін дал-дұл қылды Қисса-диннің,

Жақындап одан сайын боздаған үн.

Ұлы көш тоқтаған жоқ қарасы көп,

(Сұмдық қой сұм дүниеде панасы жоқ!)

Жайықтың жағасында жылап тұрды

Ақ бота, жетім бота – анасы жоқ.

Сезім жоқ Жер бетінде жетер оған,

Шөлдей ме мейірімге бекер адам.

Қисса-дин пәруанадай айналшықтап,

Қасынан ақ ботаның кете алмаған.

Ақ бота иіскелейді білегінен,

Ханшаның шуақ көріп түр-өңінен.

Жетімге шарапатын құйды келіп,

Жаратқан Қисса-диннің жүрегімен.

Жан бар ма бұ дүнияда наласы кем,

Қоштасып бара жатып даласымен.

Ботадан енді мәңгі ажырамас

Бір халді сезді ханша санасымен.

Тамшы жас – мейірім жасы көркіндегі...

Басында кәмшат бөрік – сертіндегі...

Мойнына ақ ботаның тақты ханша

Үкісін үзіп алып бөркіндегі.

Ботаға мынау үкі берді көрік,

Шерменде көңілдегі шерді көміп.

Мейрімге шөлі қанған жетім бота,

Артынан Қисса-диннің ерді келіп.

***

Қисса-дин ханшаның Мысыр еліне бет алған бұл ұзатылу көшін Алтын Орда мемлекетінің әміршісі Берке ханның ұғыланы Ноғай батыр және елшілер Арбұғы, Өзтемір, Ұнамастармен қатар Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыстың досы наиб Білік пен Айтегін ұстаз бастап келе жатыр. Құшарбек әмір мен Мәжит қазы де осында. Хасан мен Хорлан да осы көште. Олар енді құл да емес, күң де емес! Азат жандар. Бұл екеуінің жүріс-тұрысы Қисса-дин ханшаға ұнап, екеуін некелеп қосып, бастарына еркіндік берген-ді. Міне, бұлар да өз отандарына қарай асығулы... Тек, Әмірхан Балқыбек нөкербасы Мархабат сұлумен бас қосып Қисса-дин ханшаның өкімімен Сарайшық қаласындағы кітапханалардың басшылығына тағайындалған-ды. Бұл қала Әмірханға да жат емес. Ол да қыпшақ даласынан Мысыр асқан болатын.

Бұл көшке Қисса-дин ханшаның ардақты анасы Жидек қатын да көптеген нөкерлерімен еріп келіп, Алтын Орданың ең шеткі иелігі Бұлғар жерінде көшті бір жұмаға кідіртіп, ойын-сауықты қыздыртып, қимай-қимай қош айтысқан-ды.

Енді алда он күндік жолдан кейін бұл көш екі дүниенің алтын қақпасындай болған Константинополь айлағына жетеді. Одан әрі қарай Мысырдың астанасы Қаир қаласына дейін тек су жолымен сапар шекпек... Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыс бұл сәтте ақылына көркі сай Қисса-дин ханшаны тағатсыздана күтуде еді.

***

Шулайды теңіз ақ толқындарын сырғытып,

Тулайды толқын ақ кемелерді зырғытып.

Византияның императоры Палеолог

Константинопольде керуен-көшті тұр күтіп.

Санасқан дұрыс уақыттың қатал мәнімен,

Алтын Ордамен тіресе алмайды (әлі кем.)

Алтын Орданың ақ дидар сұлу ханшасын

Қаирға дейін шығарып салмақ сәнімен.

Ніл өзеніне тігінен салып, тігінен

Бір-ақ шықпақшы Қаирдың барып түбінен.

Констатинопольде кемеге бәрі жайғасты

Керуен жасау – жүгімен.

Күнімен жүріп, түнімен жанып оттары,

Жарыса жылжып бұзылмай мүлде топтары.

Судағы жүзген аққулар құсап жүз кеме

Қаирдың келіп қарсы бетіне тоқтады.

Күткен халық та таң қалды,

Келген қонақ та бір ғажап сырды аңғарды.

Көз жетер жерге қып-қызыл кілем төсетіп,

Көз жетер жерге ілдірген екен шамдарды.

Қаирдың түні жұлдызды аспан жамылған,

Айнала түгел тәртіпке әсем бағынған.

Шатырлар сонша самсап тұр жайнап жағалай

Жібекпен тартып, атласпенен жабылған.

Қисса-дин сынды гүл қызды,

Қай жерге, кімге келгенін анық білгізді.

Алтынды зерлі зембілге салып төрт жігіт

Көтеріп алып дәлізбен түзу жүргізді.

Қисапсыз жүкпен жағада тұрды желкен көп,

Қаирдың сырын жұлдыздар көкте шертем деп...

Қисса-дин менен елшілер үшін мол қылып

Дастарқан жайды Бейбарыс сұлтан көркемдеп.

Көргенде сол сәт тамаша, қайран қалдырды,

Жүрегін оттай жандырды.

Үш күннен кейін уәзір салып араға,

Ханшаны сұлтан алдырды.

Хор қызындай ед ханшаның мүсін, бейнесі,

Алтыннан алқа, гауһардан қымбат түймесі.

Екі жағынан екі мәмлүк жетектеп

Көсемше жеккен бес күрең жорға күймесі...

Мысырдың барша атқамінерлерін жидырды,

Неке суынан бәріне ауыз тидірді.

Бас мешітінде Қаирдың

Сұлтан мен ханша некесін солай қидырды.

Ақ көгершіндер ұшты көп,

Ақ көгершіндерді құшты көк.

Тау басындағы қамалына дәл сұлтанның

Қисса-дин ханша сән-салтанатпен түсті кеп.

Қисса-дин ханша ұжмақтан шыққан пішінде,

Жалаңаш тәні... иба бар, ар бар түсінде.

Табысты қызбен Бейбарыс

Ал шымылдықтың ішінде...

Той-думан күндер алғашқы...

Бір айға және жалғасты.

Ноғай бастаған Алтын Ордалық елшілер

Сәлем-хат, саулық алмасты.

Сый-құрмет судай ағылды,

Жылы сөз жанға жағымды.

Алыстан келген Алтын Ордалық ерлерге

Құндыздан бөрік, бұлғыннан ішік жабылды.

Арада заулап тоғыз ай, тоғыз күн өтті,

Қабыл ғып Алла тілекті,

Өмірге келді бір сәби

Қақ жарып қара түнекті.

Мұсылман болсын Алланың жолын ұғып нақ,

Кәпірдің жолын құрықтап.

...Бейбарыс оған Берке деп сонда ат қойды,

Құрметтеп ұлын, нағашы жұртын ұлықтап.

Дамашық шаһарындағы қалың зиратта Қисса-дин ханша үшінші бозала таңды қарсы алды. Оның ой-санасынан кешелі бері бүкіл ғұмыры құмсағаттың тіліндей боп сырғып өтті. Бөтен елде, бөтен жерде еш тиянақ, еш мән қалмағанын сезді. Оның бар болмысын туған елге, туған жерге деген алапат махаббат жаулап алған-ды. Көзі ілініп кетсе Сарайшықтағы өзі отырғызып, бірақ жемісінен ауыз тие алмай кеткен алып аумақты алып жатқан алма бағында сейілдеп жүрген сол баяғы, он жеті жастағы кезі түсіне кіреді...

Дамашықта таң намазының азаны шақырылды. Ол осынау жалғыз ұлы мен сүйген жары Мысырдың ұлы сұлтаны Бейбарыстың моласының басында отырып таңға дейін берік бір шешімге келген-ді.

Қисса-дин ханша Аруанаға мінді. Жез бұйданың жібек бауын Сарайшыққа қарай бұрды...

Арада айлар аунады, күндер заулады. Көлдерден өтті, шөлдерден өтті, небір қиын-қыстау жерлерден өтті. Үш айдан кейін араға он сегіз жыл салып әкесі салтанат құрған айбарлы Алтын Орданың еліне жетті. Еділден өтіп Сарайшықтың алтын айлары көз ұшында қол бұлғай бастағанда Қисса-дин ханша көлденең бір жайға тап болды. Ханшаның соңынан жол торып, жалғыз-жаяу жолаушыларды олжалап жүрген бір топ қарақшылар ілесті. Жүрдек Аруананың арқасында қашып құтылғанымен Қисса-дин ханша оң иығына қадалған улы жебеден ауыр жарақат алып еді. Сәт санап халі мүшкіл тарта берді. Қанша жылдан бергі сартап сағынышына айналған, өмірінің ең соңғы мәніндей болған Сарайшыққа әні-міне жетем дегенде... Қисса-дин ханшаның санасы шатаса бастады. Аруана жүрісін үдетті...

Қисса-дин әнге салды өте мұңды:

«Дүния-ау, білуші едім өтеріңді...»

Баяғы жетім бота жетегінде

Қисса-дин көкке қарай көтерілді...

Қисса-дин көкке қарай көтерілді,

«Дүния-ау, білуші едім өтеріңді...»

Ұқпайтын, ұғыспайтын бір-бірімен

Жер беті сондай суық, өте мұңды.

Қисса-дин әнге салды өте мұңды:

«Дүния-ау, білуші едім өтеріңді...»

Адамның ең қымбаты – туған жері,

Жете алмай туған жерге кете берді...

Жалғаннан өттім деме, кеттім деме,

Бақиға сенімі жоқ көптің неге?

Аруана жер ыңғайын танығандай

Жүріске жүріс қосты екпіндете.

Тағдырын есіне алып шиырлаған,

Ақ бота атажұрттан қиырлаған.

Сезінді туған жердің қасиетін

Сезімсіз кей адамға бұйырмаған.

Аруана жанарынан жас парлаған,

Сезімін тежей алмай аспандаған.

Санада қайта оянып бағзы күндер,

Ақ Жайық ақ құшағын ашқан-ды алдан.

Жайықтан ескен самал басталғаннан,

Алтын Күн ақ шапағын шашқан-ды оған.

Өзінің бота кезін өзі көріп,

Аруана жанарынан жас парлаған.

Өмірге екі мәрте келмес адам,

Адамға ондай нәсіп бермес Аллам.

Әркімнің туған жері – Жер кіндігі,

Сүйген жан Жер кіндігін өлмес әмән.

Адамның ең бірінші адамдығы:

(Ұқпайды мың айтқанда надан мұны!)

Өлмеудің бұл өмірде жалғыз жолы –

Туған ел, туған жерге – адалдығы...

Дүния, мен де білем өтеріңді,

Сарайшық ол да көкке көтерілді.

Баяғы жетім бота жетегінде

Қисса-дин ғайып болып кете берді...

*«Бақара» сүресінен (еркін аударма). Автор

** Әмірхан Балқыбек. «Сәуле - сезім» (өлең). – «Қасқыр құдай болған кез». Алматы, 2008 жыл, «Тұран» баспасы. – 81-бет.

*** Әмірхан Балқыбек. «Достық туралы әңгіме» (эссе). – «Қасқыр құдай болған кез». Алматы, 2008 жыл, «Тұран» баспасы.– 189-бет.

**** Әмірхан Балқыбек. «Белгісіз қала» (өлеңі). – «Қасқыр құдай болған кез». Алматы, 2008 жыл, «Тұран» баспасы. – 275-бет.

*****«Ғасыр» сүресінен (еркін аударма). Автор.

******«Ықылас» сүресінен (еркін аударма). Автор.

Алматы қаласы, «Ақ қайың» шипажайы

2018 жыл 10 желтоқсан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар