ҚЫЗАҒАШ
Қызағаш... қырау сырғалы...
Қолында – күміс білезік.
Мыстан-жел осып тырнағы,
Жаныңды тұр ма мұң езіп?!
Шашбауың – сары алтыннан,
Бойыңнан тапқан жарасым.
Айнымай осы қалпыңнан,
Ақылды арбап аласың.
Қайтқан құс қош деп шырқаса,
Билейсің неге ырғалып?
Бөлмейді көңіл жұрт аса,
Отырмын ойға шырмалып.
Күн сүйген маңдай, төбеңнен,
Бұлттар да көшті жосылып.
Тамырың соғар тереңнен,
Жүрекпен бірге қосылып.
Ал, Жаным - Күзде мұздағыш,
Көктемге әлден зарығам.
Қараша-күзгі қызғаныш
Аязбен тәнді қарыған.
ЖАСЫБАЙ
Жасыбай көл – сағыныштан жаралған,
Көз жасындай
жәудіреген көп қыздың!
Тулап-тулап алатұғын әр алуан,
Тұла бойдан толқыныңды өткіздім.
Мінезің бар, жар соғатын жасқанбай,
Желпінесің жел-есерге де ілесе.
Кейде – бұлтты,
Кейде ашық Аспандай
Мөлдірейсін.
Түнересің біресе!
Қалықтаған күз әуені – маңайың.
Ұғар кім бар, тылсымыңды түсініп?!
Беу, Жалған-ай,
Бозарыпты самайың,
Қазан соңы құстарыңды ұшырып.
Күрең-қызыл, жасыл түспен көмкерген,
Ай таранар таң ғажайып айнадай,
Жасыбайым,
Жұпар жұттым өлкеңнен,
Өткінші мұң өкінішін ойламай.
Төңірегің – қызқарағай сыланған.
Құбылады қайыңдар да ақ балтыр.
Бусанады таудан түскен тұманнан,
Мұңдас болған, сырлас болған мақпал қыр!
Қиялымды Құз басынан асырған,
Тұңғиғың-ғажабың ғой, Жасыбай!
Қозыкөш жер ұзағанда қасыңнан,
Көңіл көзіне келе берді жас ұдай.
НАЙЗАТАС
Бұлттарды дүлей жосылған,
Найзатас ұшы түйреген.
Айналдым әзиз басыңнан,
Құлжалар ғана билеген.
Сай-салаң жұрттың жыр-әні,
Бұлағың күйдей шертілген.
Қыраның алғыр, қырағы,
Желтаудан ұшып желпінген.
Әсемдеп Тәңір қалаған,
Сыры бар Сендік тастың да.
Төсінде жортқан абадан,
Тағдыры табан астында.
Осындай ғажап өлкенің,
Сұлуы таймас ғұрпынан.
Үр қызы сүйер еркегін,
Қар қызы ғашық сыртынан.
Шабытты шыңнан шақыртып,
Өлең отына шарпылғам.
Шөгетін атан, ат үркіп,
Найзатас-сенің нарқыңнан!
АЙМАН БҰЛАҚ
Айнадай Айман бұлақ,
Жағасы – жайлау-құрақ.
Ағады ағыл-тегіл,
Ақмаңдай сайдан құлап.
Сыңғыры керім еді,
Бұрымдай өріледі.
Асыққан алысқа тым,
Армандай көрінеді.
Бұлттар да қасқа құздан
Айманға жас тамызған.
Құлжалар суытады
Тұяғын, тасқа қызған.
Елік те еміреніп,
Айман да тебіреніп,
Үйлескен екеуіне,
Ақбеттің желі жерік.
Айнадай Айманым-ай!
Сүйеді Ай да құлай.
Ғаламат тылсымыңмен
Ғашық қып қойғаның-ай!..
***
Жағада шөккен құмы нар,
Каспийдің мұңын кім ұғар?!
Бақсылар ғана түсінген,
балықтарының тілі бар.
Толқыны асау бурадай,
қайтейін мен де туламай.
Балақтан шалған балдыры,
шұбатылады шудадай.
Аққу мен қазы қалқыған,
шағаласы бар шалқыған.
Су майын -сүттей сіміріп,
қамысы-сəби аңқыған.
Қырынан есіп Қыдыр дем,
қызғалдақтары тірілген.
Шұбатын Айдың іңірде,
су перілері сімірген.
Əулие бұлттар аунаған,
толқыны, құмы тау маған.
Тылсымы терең-Каспийім,
жүрегімсің ғой аумаған!
АБАДАН
Тәңір-Ійем – Тау.
Ақпан...
Нұр бусанта, таң атқан.
Сирағымда – жау-қақпан.
Айға қарай із салған
абадан ем, аулақтан.
Арлы Түзін Арқаның
Ақылыма артамын.
Тор-қамақта торығып,
Ой ішінде жортамын.
Апаным-ай, киелім,
Енді, саған ійе кім?!
Көп иттердің,
Ұлып-ақ,,
Сырқыратқам сүйегін.
Жол үстінде азығым,
Алты қарыс азуым.
Маңдайыма мөрлеген
Тағдырымның жазуын!
ТУҒАН ЖЕР
Көз ұшында мұнарланған,
Тауларым-ай, ұлар қонған.
Қиясынан қыран көрсем,
Қиял ұшып, құмар қанған.
Топырағы тұмар болған,
Туған Жер!
Бұлақтары өлкеміздің
Бұрымындай ерке қыздың,
Жапырағын шашбау қылған,
Күрең-сары келте күздің.
Толқуын-ай шер-теңіздің...
Туған Жер!
Қара бұлттар – арғымағым,
Таудан асып қарғығаны!...
Тыраулаған тырналардан
Тыңдап тұрмын тағдыр әнін.
Көңілімдей – көл-құрағың,
Туған Жер!
Бүрген,
Бұта,
Қарағаның...
Жолын тауып, араладым...
Жұпарланып сана-бағым,
Аңқылдаған әр адамың,
Туған Жер!..
ҚЫРКҮЙЕК
Көркіңе керім үздігіп,
Көз алмай, ұзақ қарадым.
Күрсіне берсін күзгі бұлт,
Жарқын ғой сенің қабағың!
Қыркүйек айы жаңбырлы,
Жәудіркөз Аспан жылайды.
Екеуміз – жұмбақ тағдырды
Сүйеміз ... және бұл айды.
Сарғайған бұрын, асыға...
Жапырақ – нәзік сағыныш.
Жақындау келші қасыма,
Шарпысың демім, жалын іш.
Сезім мен сезім үйлесіп,
Сөз демі гүлді жылытқан.
Күнім-ау, ғажап күй кешіп,
Жалғыздық жайлы ұмытқам.
Сыр айтсам тыңдар құстар,
Бақ...
Ағаштың тамған жасы – нұр.
Өзіңе шексіз құштар шақ,
Өмір ғой шіркін, ғашығым!
***
Жаз дәурен шарбы бұлттай ыдыраған,
Күндер-ай, аққан судай зымыраған.
Құстұмсық қайран шақтар кәусарынан,
татуға жеткізер ме ғұмыр аман?!
Беймәлім бәрі-бәрі, қыс алдағы...
Жорыған жақсылыққа түс алдады.
Қосылып қайтқан қазға елігіп ем,
Құскөңіл жербауырлап ұша алмады.
Жан мұздап, тоңазыды су сүйегі,
Қырдағы гүл де дір-дір бүрсүйеді.
Жәудіреп қимай кеткен Жаз көзінен,
Мендегі жүрек шіркін мұң сүйеді.
Бағынбас, бұрылмас та тағдыр, бақыт...
Көшеді жазбен бірге мөлдір уақыт.
Ойнатып жай оттарын жан-дүнием,
Тұр міне, сағынышын жаңбырлатып.
Толқимын жиі-жиі көлдей күзгі,
Түсемін сергелдеңге, өрлей құзды...
Сонда да мәңгі сүйем, өкінішсіз,
Өмір-ай, ең ғажайып сендей қызды!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.