Алтыбай (хикаят)

Алпысты алқымдаған батырдың жалаңаш денесін қан жуып кетсе де қыңқ етер емес. Қос қолы қапқан қақпан секілді қатып қалған. Араларындағы біреуінің қолы қынына жүгіріп бара жатқанда Өзденбай мен Бөгембай бастаған інілері де келіп жеткен. Барымташыларға лап қойып айқыш-ұйқыш төбелес басталды да кетті. Түнде айдың жарығымен жортып сыралғы болып алған барымташылар әккіліктеріне басып, тоқайласқан төбелес ішінен сытылып шыққанда иелеріне әбден бауыр басқан аттары да жақындап келіп тұра қалысқан. Түліктеріне қарғып мініп алған олар шаба жөнелді. Көптің ішінде жасамыс бір жігіт пен Алтыбай құшақтап алған екеуі ғана қалған. 

173

Алтыбай  (хикаят) - adebiportal.kz

І

Жерді бауырлай жабыса жайылған қозықұлақтың сабағын үзсең айран-асыр сөк саулап, қоңырбастың шашақ тамыры суырға қоң бітіріп, түйнегінен тоңмай шығатын Кеңтүбек төрт түліктің төрт мезгіл бойы шодырайып қабырғасы көрінбейтін құнарлы қорық. Ертістің жағасындағы жағалай қонған ауылдар қорықтың шөбін қысқы тебін қорына қалдырамыз деп масаның қанаты қатаймай тұрып жайлауларына шығатын. Өзеннің жайылған ақ жалқын суы қайтқан уақытта түбектердің шөбін тұяққа таптатпай, төменгі қырға қарай түсуді шаруа дәстүріне айналдырған. 

Алтыбай ауылы Ақсу айрығынан шыққан су арнасына толып, жаз бойы айдынын ақ шағала жабатын Құркөлде жазғысалымда аялдап, шөптің түбі қатқанша отырды. Қырындағы айдаған ат алқынбай келмейтін дөңгелек сорға таман Көшеншүректің ауылдары биыл да күзеуге күйек кезінде керегелерін жығып көшкен. Жаз бойы жасылын жусап, жаясы жайылған күзкүреңде Кеңтүбекке кетер алдында Алтыбай жылқыларын ащылатып алмаққа арнайы аялдаған. Барған жерінде бір байталын сойдырып қазысын өлшеп, қайтар уақытта екіншісін жығып сүйектегі боркемік майын салыстыратын әдеті. Құнарына қарай қай уақытта жылқының қазысы алашабыр бұлт, пышақ сырты, қылышарқа, шынашақ, бармақ, тіпті саусақ арасын ашып санайтын сере шығарын жақсы біледі. 

Кеше кешкісін қарагер айғырдың қырық биелі үйірін аралап жүріп қой қусаң қолтығы терлейтін бойдақтың бірін бұғалықтап ұстатты да, жылқы қосында таң атырып, күн батыратын інілері Бөгембай мен Өзденбайға жықтырып сойғызған. Шойын тай қазанға бір жамбас пен бір қолды белдемесімен түгелдей салдырып, жығылар жақтың қазысын тұтастай қостырды. Майшам сықсиғанша бықсыған оттың астында былқып піскен етті інілерін жылқышыларымен қосып шақырып бірге жескен. Түн баласы келсе көрші ауылдың шәуілдектерінің тыншығанын аңдитын кәрі бойдақ қу жаурындарды да, аттың тері шалбарының ауына сіңе бастаған бозбалалар мен қойт-қойттап қошқар сүзістірген ойын балаларын да қалдырмады. Ортаға ағаш астауға салынып әкелінген етті алдына тартып өзі турады. 

– Келіңдер, жаз бойы еткен еңбектеріңді көрейік, – деген ол ердің қасындай жұдырығымен түйенің күпсегіндей тізесін бір салды да қолына ортан жілікті алып қара етін турады. Алтыбайдың бармағымен өлшегенде бір еліге жетер-жетпес жаяны да жапырақтап еттің үстіне жалпағынан тастай берді. Өзіне тіске татыр шағын етіп турағандай көрінсе де, қиындылар табақта еменнің жапырағындай боп жатты. Асықты жіліктің сіңірлі басын текшелей салды. Туралған еттің әр қиындысы маң төбеттің де көмейін кеңейтіп өтетіндей. 

– Жарайсыңдар, – деді бір уақытта сарыкүрең қазыға қолы тигенде. – Қараға үйір бөгелек енді кеткенде қарагердің үйіріндегі бойдақтарың бармақ беріп жатса, қарашада қарға бір аунаған соң мына майы бет қаратпас, – деп қуанғанын сездірген Алтыбай қазыны көлденеңінен ұзындау етіп астауға салып, сыздықтап аққан майын қара етке сіңдірді. 

– Бойына қан айналып сөлденгенде мынадай, күй алып шелденгенде бал татыр. Қара айғырдың тұқымы да, тұяғы да құтты ғой, – деп масайрай бастады. 

– Сіздің шынашағыңызбен өлшегенде бармақ болса, біздің саусақпен өлшесек үш елі боп қалар. Қарашада қаз қайтқанда мына жылқылар майдан жатып қалып, қызыл майға қарық болып, ішімізді бүлдіріп қырға жарыса жүгіріп қатарласып отырмасақ жарар еді, – деп інісі Өзденбай өзегін аршып әзілдегенде Алтыбай жаратпай ожырая қараған. 

– Саған жылқы малы алған майын терісінің асты мен ішіне жинай беретін доңыз деп пе едің? Қара айғырдың тұқымы қыстан шығарға жетер майын біліп жинайды, сұлыға байлап қойсаң да артық қазы қорын салмайды, – деген ол інісін бір тұқыртып алды. 

Шынымен оның маңайда салмағына шыдап, мінуіне жарайтын белі мықты қара айғыры ғана. Әкесі Бытықтан мұра боп қалған қара айғырдың тұқымы да ақылды, мінезді. Арғы бабалары Бәсентиін-Көшеншүректен келе жатқан тұқым. Биелері қыстың күні сабағына сүңгіленіп мұз қатқан шөпті жесе де, оппы қарды жарып тебіндесе де құлын тастамайды, төлін төсінде сақтайды. Ақ қар, көк мұзда құлындары қазысын жеген емес. 

– Бұйырғаны, ал жеңдеріңді түріп іске кірісіңдер, – деген ол телшені ортасынан қақ бөлді де қылғыта салды. Ауыздарына семіз тиіп беттеріне қан жүгіріп қызыл шырайлана бастаған жігіттер алысқа шапқан жоқ. Маңдайлары шылқып ет жеді деген аты болмаса, сүйгендерін іліп алып, күйсегендерінен тіс шұқығандары көп болды. Талшығына май оралған күрең еттің семіздігін көріп беті қайтып қалғандар екі тілім қазыны әрең жұтып, соңынан ыңыранып сіңір шайнап, құдықтың суына салып салқындатып қойған мазалы бал қымыз ішіп, алды насыбай атуға да кірісіп кеткен. 

– Өйбүй, болдыңдар ма? – деп сұрады Алтыбай жігіттеріне қарап көңілі көншімей. 

– Семіз екен жарықтық, шайнаған сайын бейнетімізді ұмыттық қой, – деді жігіттер дабырласып кекірік атып. 

– Тағы бір алыңдар, – деді Алтыбай қолқалап. – Әлде асатып жіберейін бе? 

– Жо-жоқ, ойбай Алтыке. Сіздің асатқаныңыз керек емес. Қолыңыздан ет асасақ орнымыздан тұра алмай қалармыз, – деген жігіттер іштеріне ел қонып қалжыңдаса бастады. 

– Онда біреуің ана жілікті пышақпен қырып тазалап қойыңдар. Тоқ басқан соң сындырып көріңдер. Сындырғаныңа бір қылқұйрық. Үйірден ұнаған бойдақты ұстап аласыңдар. Енді іске өзім кірісейін, – дегенде жылқышы жігіттер жамырасып сала берді. 

Тобығын майлы құйрыққа басып жайланып, жеңін тағы да түрінді де күректей алақанды астауға салды. Алпысты еңсерсе де балдақтағы бүркіттей жаурынын тік ұстап отыратын әдеті. Төрт-бес қабат асағаннан кейін таудай үйілген еттің шеті ұңғыланып азайып барып қонысын Алтыбайдың асқазанынан тапты. Қолына жұққан майды қамшысының өрмесіне жақты да, аяғын созып шынтағын бөстегіне тіреп жантайды. Жағалай өсіп тұрған мысыққұйрықтың сабағын сындырып алып тісін шұқыды. 

– Жілік дайын болды ма, – деді қазан жаққа сорпа әкелесіңдер ме дегендей бір қарап. Сорпа ішіліп болған соң жілік сындыру басталды. 

Жігіттердің қайсын алсаң да осал емес, гүрзі жұдырықты, шетінен төртпақ. Әбден жаздың ыстығына тоттанып, қыстың суығынан беттері қарығып шыныққан шымырлар. Бірақ қарагердің тұқымының ортан жілігі тастай, бой бермеді. Қолдарына орамалды буып орап, жұдырық түйініне түйіп алып қанша ұрса да көнер емес. Өзденбай бауыры сүйек астына салған балтаға жілік ұшын тықылдатып тықыл тыңдады. Етпетінен жатқызып бір ұрғанда білезік сүйегі сынып кеткендей ауырсынып қолын сілтеді. Бөгембай бауыры жіліктің майлы басына таман ұрып еді, сүйек қарғып ұшты. Ағаларынан қайран болмағанын көрген Сарыбай тіпті жолаған жоқ, жантайып жатқан күйде тамашалай берді. Кезектесіп ұрған жігіттердің бәрі қажыған сынды. 

– Темір боп кеткен бе? – деп таңқалды қарабұжыр бір жігіт. 

– Өткенде іштен айдап келе жатқанда мертіккен дөнежін байталдың жілігі бір ұрғанда қақ бөліне салған, – деді барымтаға көп жүргеннен көзіне қамшы тиіп сығырайып қалған мосқалдау жылқышы. Балалар да көз байланған шақта жамырасып кеткен. Кигіз үйдің керегесіне арқасын сүйеп отырған кимешекті бәйбіше де алакөлеңкедегі абыр-гүбірге сығырайып қарайды. «Бір жілікке шамаларың келмей жүріп жауға шабамын дейсіңдер-ау өңшең бозөкпе» дегендей астыңғы ернін сылп еткізді. Бұл әйт дегені ақ алғыс, тәйт дегені қара қарғыс болған Алтыбайдың сексеннен асып кеткен шешесі. 

– Бұл қарагердің тұқымы. Айналадан мен мінген аттың белі шойылмағанын көрдіңдер ме? – деп гүр етті көз қиығын салып жатқан Алтыбай жігіттердің қаймықпай өршеленіп соққандарына риза болып. «Саған қара айғыр, ол үйірге кеткенде мінетін қара бура болмаса басқа түлік салмағыңа шыдамас. Қара бура өлсе ала өгізге мінерсің» деп шағып алмақ болған Өзденбай тілін тістеп қалды. 

Жігіттер кезектесіп тағы да соға бастады. Жіліктің шытынайтын да түрі жоқ. 

– Мына түрлеріңмен таң атырарсыңдар. Әкел бері, жаман немелер, – деді бөстектен басын көтерген Алтыбай. Бәйбішенің осы кезде ғана көңілі көтерілгендей орнынан тұрмаққа бекінген. Сарыбай атып тұрды да жілікті әкеліп берді. Алтыбай тіктеліп шапанының етегімен жіліктің бір басын ұстап, екінші қолымен келесі майлы басын қысты да, қойдың кәрі жілігі құрлы көрмей бұрай салғанда, асау жыққанда аптықпайтын жігіттер жарысып сындыра алмаған жілік бырт ете қалды. 

– Берем деп тұрғанда бір бойдақты жүгендеп алудың орнына мықшыңдағандарын бұлардың. Ауыздарыңның салымы жоқ, өңшең жырық ерін, – деген ол қарқылдап күлді. 

Жасымаған жақтас жігіттердің барлығы Алтыбайдың алып күш иесі болуымен қатар тай етінен тал қабырғасын қалдырмай жалғыз жейтін мешкейлігі бар екенін де, жуықта ғана төбе би Басардың Бәкісімен Баянауыл елінде өткен бір аста мешкейлер жарысында маңдайы жарқырағанын жақсы білетін. Бәкі Көшеншүректің игі жақсысы, дау-шарғының ортасында сол жүреді, төңіректе аламан ас өтсе де тізгін ұстау үшін ат айдайды. Жігіттер Алтыбайдың мешкейлігінің анық-қанығын сұрауға батылдары батпай жүрген, орайлы сәт енді туғандай. Бұл олқылықтың орнын ерке інісі Сарыбай толтырғандай. 

– Ағеке, жұрт та біліп жүрсін, Баянауылдағы ерлігіңізді де айта отырыңыз, – деді ол ағасына жаутаңдай қарап. 

– Е, соны да ерлік деп отырған сенің де ақылың толар-толмас, – деп інісіне менсінбей қарады. 

Туысының атағын аспандатар сәт туғанда Сарыбай шет қалсын ба, әңгімені бастап жіберді. Өзі туралы сөз басталса жаратпайтын, кәдімгідей қызға барған жігіттей қысылып қалатын Алтыбай орнынан тұрды да шешесінің отауына қарай аяңдап кетті. 

Сарыбайдың айналасына жігіттердің бәрі дөңгелене отырған, жұлысқан балалар да еркеліктерін қойып әңгіме тыңдауға бекінгендей. Оның үстіне Сарыбай сөз бастаса салмақтап, ұйытып айтатын ауызекінің шебері. 

– Өзі кетті ме? – деген ол ителгідей мойынын созып шешесінің отауына қарады да қайта орнына жайғасты. 

– Біздің дәу Баянауылға жиналған үш жүздің аузын аңқитты ғой, – деп сөз жалғады. – Асқа көшеншүректердің көшін Бәкі ағам бастап барды. Дүйім елге сауын айтқан асқа өзі басшылық жасап, табақты жорғамен тартқызды. Билер мен қазылар шеткі ақ ордада шекара мен келімсектер мәселесін бір жақты қылғаннан соң сыртқа шықты. Шетінен трәшпеңке мінген, зерлі шапан киген жуандар. Әрбірінің қыңыр-қисық мінезі бар, көңілдерін таппасаң шарт түкіріп көлденең кете баратын бірбеткей, – деп әңгімесін басқа арнаға бұрып бара жатқаны ағасы Бөгембайға ұнамай қалды. 

– Сен қыршың, айтар болсаң тоқ етерін бір-ақ айтшы, бос сөзбөжікті қайтесің. Ол мырзаларды біз қатындыққа аламыз ба, жоқ құда болайық деп кісі саламыз ба? – деп дүңк еткізгені жиналғандарға да, тыңдап отырған кәрі кемпірге де жақпай қалған. Ағаның айтқаны оқ деп түсінетін Сарыбай ғана тұсаулы аттай кішкене кідірді де әрі судыратты. Шайлыққан жоқ, шімірікпеді де. 

– Асқа келген қазаққа қызық керек. Бәйге басталмас бұрын халықты бір иіріп алайық деді ме, мешкейлер жарысы басталатыны хабарланды. Әр рудан келген жеті қомағай қатар отырды да, біздің дәу шеткері жайғасты. Шетінен жуан білек, мес қарын, қолына түссең қолтығына қыстырып алып кететіндей. «Ұры байымайды, мешкей семірмейді», – деп орнынан тұрған ағам ішін сипап қойды да, сұқ саусағымен тісін шұқып тұрды. Елдің назары соған ауған. Бір уақытта: «Немене десем, таңертең жеген қойдың сирағының шиі тісіме тұрып қалыпты ғой», – деген кезде жұрт ду күлді. 

Бұл сөзіне тыңдармандары да жымиып әңгіменің соңы не болады деп құнығып барады. Сарыбай сасқан жоқ, анадайда құлағына алақанын қалқандап тыңдап отырған кәрі бәйбіше де мәз. 

– Алдарына бір қойдың еті әкелінді. Ағам жүк құрлы көрген жоқ, бәрінен бұрын тауысты. Екі мешкейдің саудасы бір қоймен тәмам болды. Ортаға табақ-табақ тайдың еті әкелінді. Жарықтық семіз-ақ. Ағама біреуі де шыдамады. 

– Алтыбай ше? – деді тыңдарманның бірі. 

– Алтекең сассын ба? 

– Иә, не қылды? 

– Қылғанда да қылды ғой, – деген Сарыбай бәрінің тағатын тауысып кеседегі суық суды сораптап ішті де айналасына қарады. Алыстан шегірткенің шырылы естіледі, күйіс қайтарған малдың тісін шықырлатқанына дейін құлаққа тынатын тыныштық орнаған. 

– Айтсаңшы бол, – деген Өзденбайдың дауысынан селк еткен Сарыбай қайта сөз алды. 

– Ағам ба, ағам қос қолын қос тізесіне қойып тіреді де орнынан тұрды. – Бар асқан еттерің осы ғана ма? – деп жұртқа қарағанда жиналғандар тағы ду күлді. – Жаңа әкелген қойларыңның басы қайда? – деді сосын даяшы жігіттерге мойын бұрып. Олар сөзге келген жоқ, зып етіп жүгіріп барды да үйтіліп, пісірілген қойдың басын алып келді. Пышақ сұратып алған ол суға қарай аяңдады. Жасыбай деген көл бар екен, суы мөп-мөлдір. Соның жағасына жақындағанда қолындағы басты халыққа көрсетті. 

– Көрдіңіздер ғой, – деді айғайлап. 

– Көрдік, – десті жұрт. 

– Онда әрі қарай көріңдер, – деген ол суға сіңіп жоқ боп кетті. Әрі тостық, бері тостық, судан шығар түрі жоқ. Бір уақытта судан төбесі көрінді. Бірге көтерілген бу бұйраланып аспанға бұлт арасына асыққандай. Жағаға шықты да құйқасынан ажырап, миы ашылған бастың ақ сүйегін анадай жерге лақтыра салғанда ми қуысына толған су ағып жатты. 

– Қалай сонда? 

– Қалайы болып па, судың астында қойдың басын мүжіп шыққан ғой, – дегенде адамдардың бәрі таң-тамаша болды. 

Сол күні Алтыбай ауылының адамдары үйлеріне тәнті боп тарқасты. Түн ішінде ел арасын «Алтыбай сәуегей», «Алтыбай су патшасы Сүлейменмен сөйлесіпті», «Алтыбай су астында ұйықтайды екен» деген секілді сөз шарлап кетті. 

 

ІІ

Қорысында қара балық көміліп, борығында табан балық тығылып, балдырымен бақа жүргізбей шортаны шоршып жататын Құркөлдің жағасындағы құдандалы Қойсары, Иман, Қаракесек, Найман рулары мен Алтыбай ауылдарының арасындағы қатынасты Ертістің арғы бетіндегі Қиық, Жәміш қамалдарынан келіп шалғынға шалғы салуды дәметкен қарашекпендердің лаңы да дәнекер боп бекіте түскендей. Қазақ ауылдары бірінен бірі сұраусыз мал алуды, таласқа салуды тоқтатып, айырбас болмаса сыртта барымта, іште сырымта жүрмейді. Оның үстіне қасиет қонған қоныстардың бабадан балаға жалғасқан сәуегейлік киесі де оңдырмайды. Алған адамның сүйегі қақсап, аяғы ақсап тынады, ақсамаса ажал араны ақымға айдайтыны айдан анық құбылысқа айналған. Бұл жақтың тылсым табиғатын білмейтіндер болмаса, білетіндер сақтанып, ішіне күшала салып тұмарша жасап мойындарына тағып, етек-жеңдерін жинап үшкіріп жүреді. 

Түні бойы жауған жауын суынан есік алдында шалшық пайда болған. Үйдің есігінен иіліп шығатын Алтыбайды бүгін қандай түлен түрткенін Құдайым білсін, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмады. Жылқыға ұлыма шабар уақыт емес, оның үстіне қос басында түнді кірпік қақпай атыратын сенімді жігіттері де бар, інілері де соның басында. Әдетте қарагердің үйіріне пәле тиерде ұйқысы бұзылып, дөңбекшіп көз іле алмай шығатын. 

Босағаның қадасына маңдайын соғып алса да мыңқ етпеді. Табалдырықтан аттағанда жиналған айнадай шалшықтан өзінің сұлбасын көрді де, зығыр құдыққа қарай аяңдады. Күнделікті әдетімен құдық қасынан қазылған шұңқырға суықтығы төбеңді тесердей су құйып, денесін жалаңаштап, бойын тоңазытып басы қылтиып отырды. Сүт пісірім уақыттай көзін жұмып, тіршілік нәрінен қуат алғандай біраз мүлгіді. Судың бетіне қалқып шығып жайылған майды ит жаласа тоятындай. Кенет алыстан ағалап шауып келе жатқан Өзденбайдың дауысы шыққанда ұйқыдан оянғандай көзін ашып тысқа қарады. 

– Айрылдық, әкетті, – деп жан ұшырып келген інісі аттан түсе салысымен ойбайға басты. 

– Шалық тиді ме, түсіндіріп айтсаңшы, – деп Алтыбай айғай салды. 

– Қарагердің үйірін әкетті, айрылдық. Сордан айдап кетті, бет алыстары іш жақ, – деді Өзденбай. 

– Кім әкетті? 

– Итім біліп пе? Он қаралы жігіт түнгі күзеттегі Бөгембайдың жігіттерінің қол-аяқтарын байлап тастапты да, үйірді қуып кетіпті. 

– Сен қайда болдың?

– Кешегі семіз еттен кейін түк білмей қатып қалыппын. Таңға таман дүзге шыққанда жылқының дүбірін естіп қосқа қарай барсам қара биелер жоқ. Содан... 

– Қалған жігіттер қайда қараған? – деді Алтыбай сөзін аяқтатпай. 

– Бәріміз кешегі семіз еттен соң қатып қалыппыз дедім ғой. Көп жылқының дүбірінен әрең ояндық. Оның үстіне Сарыбай да өткен-кеткенді езіп...

– Алдарыңдағы малдан айырылғанша жолына бастарыңды төсеп жатпадыңдар ма? – деген Алтыбай судан дамбалшаң атып шыққан күйі кеше кешкісін ұстатып қойған қара айғырды жүгенсіз салт мінді де, қолына оңайда тұрған жалаң шоқпарын ала салып тұра шапты. Түні бойы даланы, үйірін аңсап басын шайқап зеркүптік боп шыққан айғыр құмалағын тастап барады. 

– Аналардың қол-аяқтарын босатып, соңымнан еріңдер, уақыт жоғалтпаңдар, – деп айғай салды қоқыраңдатып бара жатып. 

Дөңгелек сор маңындағы қостың қасынан өте бере астындағы қарынды қара айғыр жер-жаһанды басына көтеріп арқырап кісінеді. Қолтұғыр шабан ат еместігінен тағы да бір белгі бергендей. Үстіне Алтыбайдан басқа адам мінсе дулығаға торғай келіп қонақтағандай боп көрінетін түлік қол батпайтын қаба жалды, қою құйрықты, сүлікқара айғыр көптің ішінен мама биелерді таппай көзі шадырайып, алақ-бұлақ етеді. Алтыбай жерге түскен ізді байқады, барымташылар төменге қарай айдап кеткен екен. Өзінен басқаның білегі көтермейтін шоқпарымен қара айғырдың сауырынан сипап, шүу деп тебініп қалып еді, жануар ағыза жөнелді.

Жаз бойы үйір салған айғыр биелердің бет алысын иісінен сезгендей ауыр денесін әрең сүйреп толқынды бұзған кемедей ақ шашақты селеудің ішін жарып жортып келеді. Бір уақытта алыстан қарауытқан көптің қарасы көрінді. Жақындаған сайын анық көріне бастады. Араларынан шомбал денелі екеуі бөлініп шықты да, Алтыбайды алдынан күтті. Жарау ат мінген екеуге тура шапқан Алтыбай жеткен бойда шоқпарын сілтеп үлгергенмен тигізе алмады. Жұмыр басы сегіз қырлы жеңіл бұздығанын алмағанына өкінді. Құла мінген жігіттің жаратылысы жылтың, ұшып келе жатқан шоқпарды көре салысымен бұға қалып, екінші рет өткізіп жіберді. Қаруы қапы кеткен Алтыбай ат үстінде торыны тізгіндеген жігітке ұмтылды. Жаратып мінген астындағы текежәуміт аты да әбжіл, жақындатпады. Қос барымташы да соңдарына түскен дәудің қапысы қалт кетіп қолына түссе бас құйқаларынан қуырдақ қуыратынын анық біліп келеді. Қулыққа салып құлатып кетсе, жапан түзде жемтіктері тазқараға бұйыратын түрі бар. Екеуі жұптаса шауып Алтыбайға қос қапталдан шабуылдап атынан аударып кетуге бекінген. Өлтіретін ойлары жоқ. 

Сол қапталынан келген торы атты жігіт тобығынан қағып аудармақ боп иілгенде оны сол иығынан ұстап алды. Осы кезде оң қапталынан құла атты соқтығып құлатуды ойлаған. Оң қолы оның алқымына тиді. Екеуін жұлқи тартып құшақтап алып атынан сырғып барып құлағанда бірге түскен қос қапталындағы барымташы құшағында қылғынып қала берді. Қанша бұлқынса да темірдей білектен босанып шыға алар емес, бүркіттің тегеурініне бүрілген қарсақтай тырп етерге шама жоқ. 

– Ағатай, босатыңыз, – деп қылқынды біреуі. 

– Қайдан келген басбұзарсыңдар? – деді батыр ақырып. 

– Сіздің қара айғырыңызға жұмсаған– деді екіншісі қыстығып. 

– Кім?

Бірақ сұрағына жауап алып үлгермеді. Серіктерінің құрсауға түсіп құлағандарын көрген барымташы жігіттер кезектесіп шауып жетіп келген бойда гүрзіден кем соқпайтын қаннан таза шоқпарды көріп тәубе десті де босатып алмаққа бекінді. Қарақұс көрген құланның қодығындай екеу үркіп, қарулы қолға құрсалып тыпыршып жатыр. Жігіттер кезектесіп Алтыбайдың қарысқан қолдарын жазу үшін мықшыңдап тартқылады. Көнер емес. Тастай боп қатып қалған. Амалдары құрыған олар қолдарындағы қамшы, сойылдарымен басың бар, көзің бар демей төмпештей бастады. 

Алпысты алқымдаған батырдың жалаңаш денесін қан жуып кетсе де қыңқ етер емес. Қос қолы қапқан қақпан секілді қатып қалған. Араларындағы біреуінің қолы қынына жүгіріп бара жатқанда Өзденбай мен Бөгембай бастаған інілері де келіп жеткен. Барымташыларға лап қойып айқыш-ұйқыш төбелес басталды да кетті. Түнде айдың жарығымен жортып сыралғы болып алған барымташылар әккіліктеріне басып, тоқайласқан төбелес ішінен сытылып шыққанда иелеріне әбден бауыр басқан аттары да жақындап келіп тұра қалысқан. Түліктеріне қарғып мініп алған олар шаба жөнелді. Көптің ішінде жасамыс бір жігіт пен Алтыбай құшақтап алған екеуі ғана қалған. 

– Болды аға, босат қолыңды, – деді Өзденбай етпетінен қызыл-жосыл қанға бөккен Алтыбайға жақындап келіп. Бірақ Алтыбайдың қолы жазылмады, сіңірі сіресіп қалған. Іргедегі тоғайдан екі сырғауыл кесіп әкелді де ат зембіл жасаған жігіттер оның үстіне қос барымташыны құшақтап жатқан күйде Алтыбайды шалқасынан жатқызып, қара айғырдың құйрығына байлады да сырғыта сүйретіп алып кетті. Ағаш зембіл соқа секілді, түскен жердің шымын аударып келеді. 

Қамшы мен сойыл басы жарылып, сүйегі сынғаннан аман Алтыбайдың денесінің сау тамтығын қалдырмапты. Аққан қан аппақ денесін жуып, қатып қалған. Оның мұндай кейпін көрген бәйбіше жүгіріп алдынан шыққан. Қос қолының қарысып қалғанын байқаған ол тарамыс саусақтарымен иық буынын біраз сипалап отырды да, бұғанасынан басып қалған уақытта қарысқан қолдар ашылған құлып құсап босап сала берді. Босанған қос барымташы ажал аузынан аман қалғандарына тәубе десіп, бәйбішенің бетіне ұяңданып қарады. Анадай жерде жасып тұрған жас жігіт те кімге келіп соқтыққандарынан сабақ алғандай. 

– Әй, сілімтіктер, сендердің жазаларың не екенін білесіңдер ме? – деді Өзденбай ақырып. Олар үндемеді. 

– Шыбықтап дүре соғамыз. Біреуін ағам алса жандарың жаһаннамда жолығатынын сезіп тұрсыңдар ма? – деді Бөгембай қарлығып. Үн жоқ. 

– Қоңырайыс ойымыз жоқ еді, – деп міңгірледі мұрнының астынан біреуі қу жаны қуырдақ болып. 

– Кім? Кім жұмсады? – деді Алтыбай. Есін енді жиғандай. 

– Кім... Аты кім еді, – деп күмілжіген барымташы жасамыс жігітке қарап еді, ол тас жұтқандай сазарып кетіпті. Ләм-мим демеді. 

– Жә, даурықпаңдар түге. Кесімін Алтыбай өзі айтар, – деді бәйбіше. – Мал ардың – құны болатын заман өтіп барады. Біріңнен бірің мал алып, жаныңды азапқа сала берсеңдер, мына байтақ далаға кім қорған болады? Мынау Ертістің арғы бетіндегі Қиық, былай барсаң Жәміш, әрі жүрсең Темірқат. Жайбарақат жылқы барымталап шабысып жүрген түрлерің мынау. Діні бөлек жұрт жеріңді жеп барады, бүгін шалғыныңды шапты, ертең басыңды шапса не істейсің? Алтыбай менің балам, елдің ағасы болар. Сырттан жеріңе көз алартып келген жұрт сенің жасыңа, дәміңе, тегіңе қарай ма? – деп күрсініп аяғын әрең басқан бәйбішенің сөзіне бәрі құлақ асқан. 

– Ертең анау аузы түкті қарашекпеннің қарасы көбейсе, менің ұлым, сенің қарын бөлең деп бөліп-жарып жатпайды. Бәріңді жайындай асамай жұтады. Неге бейқамсыңдар? – деп шарт түкірінген ол қолын қайырып белін байлап ұстап қойды да, үш тұтқынға түксие бір қарады да еңкейіп күнбатыс жаққа қарай аяңдады. 

– Алтыбайдың жарасы алты күнде бітер. Ал анау түгі сарылардың салған жарасы алты атаңнан аспай біте ме? Іріңдемей тұрғанда естеріңді жиыңдар! – деді бәйбіше мойнын бұрып. 

Шешесінің сөзіне Алтыбайдың төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Өткен жолы Баянауылға асқа барғанда да, қайтқанда да Бәкі ағасы осы тектес сөзді тілге тиек еткен. 

– Әй, жігіттер, – деді Алтыбай көпке қарап. – «Әкенің сөзі оқ, шешенің сөзі боқ» деп, кейде біздің қазақтың тантып кететіні бар. Шешемнің сөзі – елдіктің сөзі екенін түйсікті жан түсінер. Жер – жанның құны. Бүгін жерімізге енгендер ертең өзегіңді жегі құрттай кеміріп жейтінін ишара етті ғой. Мал мен жанның емес, жердің тағдырын ойла, біріңе-бірің жауласпа, – деп кетті. Қара айғырға кімнің жұмсағанын ішім сезеді. Қара айғырынан айырсақ Алтыбайдың адымы қысқарар деген ғой. Армандамасын, – деген ол біраз ойланып қалды. – Кештім құндарыңды. Барыңдар! – деді үш барымташыға бұрылып қаусыра жамылған шапанының өңірін қапсыра ұстап. Жазадан оңай құтылған үшеудің жүзі жадырай бастады. Тек жасамыс жігіттің шегір көзі тесіп жіберетіндей тұзды. 

– Құлағын кесіп шүнтитіп жіберейін бе, мынаның сұрқы қандай жиіркенішті. Ішінде сұр жылан отыр. Әй, Сарыбай, әкел ана таңбаны, – деген ол бауырына қарады да көрікте қып-қызыл болып тұрған таңбаны нұсқады. 

Сарыбай сөзге келген жоқ. Қып-қызыл болып қызарып тұрған Көшеншүректің таңбасын сарышикіл жасамыстың шүйдесіне шыжғырып тұрып басқан уақытта құйқаның иісі айналаны алып кетті. Бейшара қолаңсасын пышақпен қырған аттай тыпыршып, қылқынып айғайлады. 

– Күшік неме, екіжүзділігің көзіңде тұр ғой, – деді Алтыбай жылап жалынғанына жанарын да аудармай. 

Үшеу ауылдан ұзағанша аттарына мінбей жетектеді де ит дауысы еміс-еміс естілер жерге жеткенде үзеңгіге аяқ салды.

Арада алты күн өткенде Алтыбайдың ауылы үйлерін жығып, Кеңтүбекті бетке алған. Жігіттер көп жылқының ішінен тұрқы ұзын жирен байталдарды байқап Алтыбайға хабарлаған. Алтыбай бұлар барымташылардың тән өтеуі екенін жазбай аңғарса да, үндеген жоқ. Тіпті сыр алдырмады. Ойынан араларындағы сұр көзді жасамыс жігіттің сұлбасы кетер емес. Ал алпыс жасында аттан алғаш құлаған дөңгелек сор сол күннен бастап жұрттың құлағына Алтыбайсор деп сіңді. 

ІІІ

Кеңтүбектің қолтығындағы шөбі шүйгін Қаратағойда отырған Бәсентиін-Көшеншүрек елі жауға жағасын жыртқызбаған, есесін ері қайтарған жұрт. Уақытында Көшен мен Шүрек жауға шауып, жасақ ішінде он бес жасар бозбала өліп кеткенде, олардың шешесі «Тұқымың өспесін» деп қарғаған екен-мыс. Содан бері тұқымы тарыдай шашылмай келе жатыр. Бірақ жердің бетін басып жүрген санаулы жігіттері жоян. Нояндары мен жояндарды жанына жинаған алпыстан асқан Алтыбай да елдің жел жағында жүретін. Соңғы кезде бойына біте бастаған сәуегейлік пен бақсылық қасиет те белгі беріп, кейде жанын қоярға жер таппайтын. «Мұздың үстінде көйлекшең жалаң аяқ тұрып намаз оқиды. Мұздың бір жерінен суат ойғызып, сол ойықтан сүңгіп екінші ойықты дәл тауып шығады» деген сөздер Көшеншүректің старшыны Басардың Бәкісінің де құлағына жеткен. Көптен бері жүз көріспегенін алға тартып, ол жолшыбай бәйгекүреңнің тізгінін Қаратоғайдың шабындығында отырған Алтыбай бақсының үйіне қарай бұрған. 

Көделі жердегі әр төбеден құмды қазып қоянсүйектің тамыры мен қоянтобықтың түйнегін аршып жеп, жардай боп семірген борсықтар да бөтегесінен қоясы түспей қиналған құстай тырайып жата қалады. Сары түгіне су тұрмайтын суырар да қос аяғына тұра қалып қарайды. Бәкі бәрін қалт жібермей бақылап келеді. Сыйласып жүретін, талай аста бірге болып өнерімен елді ұйытқан тумаласының қарашекпендер көбейген уақытта жасап жатқан тірлігін көріп, ақылдасып қайтуды мұрат тұтқан. Жергілікті жұрттың арасында алыпсатарлықпен екі аттап биге шығып жүрген, көшпелі жұрттың шалғынын шауып, қасақана малын жайып жіберетін, қарсы келсе сотқа тартатын Николай Козлов дегенге екі мәрте қамшы жұмсап, ақыры соттасып жеңіп шыққан Бәкінің сауаттылығына, орыс тіліне жетіктігіне, Сатыбалдының Қазанғабының оң жағында отыратын би атанғанына Алтыбай да тәнті еді. Хабарсыз келген құдайы қонағын атынан түсіріп алған ол төрге шығарып, сусын алдыртты. 

Хал-ахуал сұрасқаннан кейін үйде Бәкі мен Алтыбай жалғыз қалған, қолға су құйған Сарыбай орамалды иығына лақтырды да төрден төмен барып жайғасты. 

– Елдің іші тыныш па? – деді шоқша сақалды, бидай өңді Бәкі көзін сығырайтып шаңыраққа қарап. 

– Тынышы тыныш қой, тек мына келімсектер жерімізді жеп барады. Әзірге Ертістің арғы бетіндегі Қиықта отыр, бірақ асай берсе түбі бері шығып Ақсуды да жеп қоюлары мүмкін. 

– Амалын таптыңдар ма? 

– Таппадық. Оның үстіне Көзләуді қамшылардай бізде сіздікіндей сауат та жоқ қой. 

– Атаңнан қалған ерлікті жасасаң сауат та, сауап та сол. 

– Атаның ерлігін жасауға тартынбаймыз ғой. Бірақ қазіргі зәкөн оған көнер ме? 

– Зәкөнді де бұзаудың терісіндей илеп өзіңе ықшамдау керек, – деген Бәкі біраз үнсіз қалды. Ол үнсіздікті Сарыбай бұзған. 

– Көзләу дейсіз бе? – деді тыпыршып. 

– Козлов Николай деген әскери ғой. Осы жақта еріккеннен жүр дейсің бе? Жазалы болып жер аударылып келген ғой. Ол да бір жүрген міскін. Өлместің қамы. Сол ғой, баласы біздің елдің адамдарына жылтырақтарын қымбатқа сатып алдап жүр екен. Қамшылап қалыбына сыйдырдым, соным сауап болды, – деп күлген Бәкі тағы да Алтыбайға қарады. 

– Бәсентиін ішіндегі Көшеншүрек бір ата боп аталғанымен, олар негізі Көшен мен Шүрек деген екі ата. Соның Көшенінен Бердібай деген адам тарайды. Бердібайдың атын шығарған «бес қасқасы». Бес ұлы да батыр атанған, белдеуден бес ат, босағадан бес бақан кетпейтін көрінеді. Бірде ауылға тұтқиылдан жау шауып, «аттан» деген ұран шыққанда бесеуі өре түрегеледі. Әдеттері жауға бақан алып шабатындарында болып тұр ғой. Сол уақытта біреуінің бақаны орнында болмай шығыпты. 

– Бақан ұстап жауға шауыпты дегенді бірінші рет естуім, – деді Сарыбай шынымен таңырқағанын байқатып. Алтыбай үндеген жоқ, соңын күтіп отыр. 

– Содан әлгі батыр жолда тұрған ат арбаның арысын жұлып алып шапқанда доңғалағындағы күпсек бірге кеткен. 

– Туф, – деп қойды Сарыбай. 

– Бірақ ол заманның ерлігі өткен. Қазір ерлікті қол емес, ақыл жасайды. Мына қарашекпендерді ақылмен ұстамасақ, қолдың ерлігімен ұстай алмаймыз. Сен Алтыбай, бабаларың құсап қызуқандылыққа салынба, бойыңдағы бақсылық қасиетіңді барынша пайдалан. Еліңе игілігі тисін, – деген Бәкі жолға ыңғайланып, қолын жайып бата қайырды. «Қызу қандылыққа салынба, бойыңдағы бақсылық қасиетіңді барынша пайдалан» деген сөзі бақсының миында хатталып, үнсіз ойда қалды. 

***

Кірпіш шайға дөнен қой, түйір түймеге ешкінің терісін алып, тайыншасын айналдырып тай қылып сатып байыған Козловты елдің іші «Көзләу» атап кеткен, тіпті сұйық тоғайды да соған теліп жүр. Мырза деген сайын кеудесін жел үрген саудагер астына көпшік қойған сайын, дауысын да өктем шығаратын болған. Тіпті ат шалғысын Қаратоғайдың бауырына салуды көздеп, жылқы жайылатын жердің отына от тигендей қылып қойған. Жыл сайын пішен дайындайтын Алтыбайдың ауылы бұған наразы. Басын жарып, көзін шығарайын десе сотталып кетулері тез. Заң солардың жағында. Әбден ығыры шыққан олар мал басын азайтып, бала-шағасының аузындағы ақ ортая бастаған. Шынымен жұрт даланың сепсіген ақ қоңыраулы селеуді малына талғажау етуге жақын отыр. 

– Алтеке, мынау тойымсыз қырып барады. Қиықтан бері Ертіске сал салып, Қаратоғайдың шөбін шабамын деп жатыр дейді. 

– Осыны сабасына түсіретін бір еркек табылмады ма? 

– Қарашекпен қара жамылдыратын түрі бар ғой. 

Алтыбайдың алдына келген ағайынның табалдырығына табандарын тіреп тұрып мұндай сөздерді ұшқындатқанда қардай борады. Бәрінің айтып отырғаны дұрыс, қазақ тақыр жерде отырса да сол ордалы мекенін жерұйық көреді. Ал Кеңтүбектің айналасы шынымен де майы кілкіп жатқан құнарлы атырап. 

– Бір амалын табармын, оларды бауыздамай құрту керек, – деген Алтыбай кешкісін Ертістің жайылымында шалғыларын шыңдап жатқан ауылдастарына барған. Шаңқ-шұңқ еткен балғаның дыбысынан құлақ тұнады. 

– Бәрінің аңысын аңдып отырмыз ғой. Біз мына жақта жанталасып шөп шауып итшілеп жүрсек, Көзләудің кісілері ана жақта самауырларының түтінін будақтатып, ысталған еттерін жеп мәре-сәре болып айғайласып жатады, – деді балғашы жігіт. Шынымен түтінге қақталған еттің иісі жамал желмен су айдынының үстімен жүгіріп бергі жағаға жетіп, шөпшілердің танауын қытықтайды. Шалап ішіп шөлдерін басатындардың ішегін шұрылдатады. 

– Осылар судың бетін мұз жапқанда біздің шөмелелерге ауыз салатын секілді, – деді көптің ішінен қартаң адам дегбірі қашып. 

– Қамықпаңыз, жөнін табамыз, – деді Алтыбай саспастан. Одан кейін қолына бір кенеп қапты алды да киімшең суға жақындап, Ертіске қойып кетті. Сүңгіген жоқ, жүріп барады. Су етігінің қонышынан асты, қара санына жетті, белуарынан биіктеп кіндігіне жақындады, кеңірдегінен өтіп танауына тірелді. Алтыбайдың тұншығатын түрі жоқ. Жағадағылар енді не болар екен деп қарап отыр. Жүріп отырып жоғалды. Бәрі аң-таң. Ертістің арғы жағына жүгіріп барып келетін уақыт өткен. Бақсы жоқ. Қылтиып көрінген төбесі байқалмайды. Жұрт тағатсызданып тұр. Жалғыз арқасүйер азаматынан айырылғандай абдырап аптыға бастаған. 

– Саспаңдар, мен білетін Алтыбай болса қазір қарнымызды қарық қылады. Пышақтарыңды қайрай беріңдер, – деді бір уақытта қартаң шөпші. 

Арғы беттегі Көзләудің шөпшілері бергі жағадағыларға түсініксіз сөздерін айтып абыр-күбір болап жатқан. Жанған оттың астында шыжғырылып жатқан ағашқа пісілген бір қойдың тұтас денесін екеу көтеріп әкелді де ортаға қойып қаумаласып құйқалақ жеп жомпаздай бастады. Құлағыңды жерге тоссаң дауыстары іргеден естіледі. Тіліңді тістеп тыңдасаң соғылған стакандардың да дауысы шығады. 

Бесін кезі, күн желсіз. Ағынды Ертістің айдынында толқын жоқ, иірілген су терістікке қарай ағып жатыр. Бір уақытта арғы беттен қолын суға шошайтып «Монстр» деген жасамыс жігіттің айғайы шықты да, ол жалма-жан киімдерін іздеп жүгірді. «Соломон», «Призрак», «Что за чудовище» деген абыр-дабыр алашапқын басталды да кетті. Алды-арттарына қарауға шамалары жоқ қарашекпен шөпшілер ту-талақайы шығып қашты да желінбеген тамақ сол күйі жайрап қалды. Бергі беттегілер аң-таң. Қартаң шөпші ғана мәз, қарынын сипап қояды. 

– Шыда, шыда, енді қызық болады, күтіңдер, – деп қойды ол ыржалақ-ыржалақ етіп. Қазақтар жағы анық көріп тұр. 

Су бетінен бас, одан кейін алып дене көрінді. Ептеп басып жағаға жақындады, бергі бетке қарап қолын көтерді. Алтыбай екен, судың астымен өткен сүңгуір Алтыбай, бақсы Алтыбай, сәуегей Алтыбай. Ол қабының аузын ашты да қарашекпендердің талғажау етіп отырған тамақтарын жинап салып, қайта суға күмп етті. Бұл істің бәрін талдың арасынан жасамыс жігіт байқап тұрған. 

Шай қайнайтын уақыт болған жоқ бергі жағадан Алтыбай көрінді, қолында қап бар. Анталап жігіттер де жүгіріп барды. Бәрі мәз. Ақсиған тістері ағарып ішкі ақ сезімдерінен нышан қылады. 

– Бүйтпесең Алтыбай болармысың, – деді разы болған қартаң адам шын таңқалып. Алтыбай қабының аузын ашып төңкеріп жібергенде ішінен пияз, жуа, ысталған ет, суға пісірілген жұмыртқа, тұздалған қияр дейсің бе, өздеріне таңсық ас төгіліп сала берді. Бірақ шөпшілер тағамның түрлерін көріп емес, судан шыққан Алтыбайдың киімі мен қабы құп-құрғақ екенін көріп таңғалған. 

Кешкі сауымнан кейін Ертістен салмен өткен үш мылтықты офицер сау ете қалды да Көзләудің бұйрығымен Алтыбайды алдарына салып алып кетті. Бақсы да солай боларын күткен, іші талдың тасасынан қарап тұрған көзді сезген еді. 

ІV

– Сен бір тайдың етін жалғыз жеп тауысады дейді ғой, – деді Көзләу қырлы ыдыстағыны сімірді де беті тыржиып, ашытылған қырық қабатты асап отырып. Дөңкиген Алтыбайдың алдында түйенің қасындағы есектей-ақ. Ұйқыдан тұрған адамдай бет-әлпеті ісініп, иегіндегі теке сақалы шошаңдап, жағындағы тікенекпен тышқанды жорғалатсаң бауырын қытықтап күлкіден өлетіндей. Кісі қамауға арналған бөлме ме, терезесіз қабырғасы сыз тартып кеткен қуықтай ғана бөлменің іші алакөлеңке. 

– Тәйірі соны да сөз қылып... – деп мырс етті Алтыбай. 

– Сен бүгін маған қонақ боласың. 

– Қонағыңа құрметің бөлек екен, – деді Алтыбай тағы да мырс етіп. 

– Қазір алдыңа ет әкеледі. Егер соны жеп тауыссаң, Семипалатинскіге айдатпаймын. Егер жей алмасаң, өз обалың өзіңе! Сол жақта үкіметтің адамдарына қорлық көрсеткенің үшін түрмеде шірисің, – деді сары шикіл бетін сипаған Көзләу. 

– Қазақ еттен қашқан ба, әкелте бер. 

Көзләу сөздерін аударып тұрған жасамыстың мысық көзі жалт-жұлт етеді. Алтыбай «мына қазақтың жігітін қайдан көріп едім» деген ойда. Бір уақытта жасамыс бұрылып есікке шыға бергенде шүйдесіндегі Көшеншүректің таңбасы көзіне оттай басылды. Көп міністен қолау боп ақсаған жәутік тай құсаған түрі жаман еді. 

– Е, сен екенсің ғой, – деді ол есіне дүресінен аман кеткен тақымына адал ат түспеген қу тақым адам түсіп. – Құнымызды қортық құрлы көрмей қомсынайын дедің бе. Қоналқа сұрап тұрып қонышына қанжар тыға келетіннің нақ өзісің ғой, – деді ыза буып. 

Бейшара өзі де елгезек, лып етіп есіктен шығып кетті де жылт етіп қайта көрінді. Мықшыңдап тау боп ет үйілген майысқан қаңылтыр табақты әрең көтеріп әкелді де Алтыбайдың алдына қойды. 

– Ал баста, – деді Көзләу тағы да қырлы стаканын басына көтеріп. Алтыбай майлы етті шетінен жей бастаған. Семіз екен жарықтық, оның үстіне тоңази бастаған. Тоңазыған еттің асқазанға түсірер жүгі де бөлек. Оның үстіне сырын білетін жасамыс та қулыққа басып, бордақыдан сойылған жылқының етін пісіртіп әкеліпті. Арпа жеп семірген жылқының майы да тығыз, өзі аппақ. Қазысы да ірімтік-ірімтік. Жүрекке тиіп кілт ете қалады. 

Амалы жоқ Алтыбай табақтағы етті асап жеп тауысқанда жасамыс бір тегеш құрт қосқан сорпаны алып келген. Ет жеуден жарысқа түскен соң сорпа ішпейтін әдеті бар Алтыбай амалсыздан сіміре салды. «Құрт қосқан сорпа қалай болар екен?» – дегендей жан-жағына қарайлап қойды. Күлімсіреген жасамыс та қуақыланып қояды. Дегендеріне жеткен Көзләу екеуі сыртқа шығып, дыбырласып кетті де, іште қалған Алтыбай тоқтығын басып шалқасынан жатқан. Бойы қызып бусандырып барады. «Шіркін, суық суда жатар ма еді» деп армандайды. «Етті тауыссаң босатамын деп серт бергендей еді әлгі Көзләу» деп ойлап та қояды. Бір уақытта құрт қосқан сорпа хабар беріп, іші бұрап, қорылдай бастады. Дүзге шығарға есік жабық, сындырайын десе сыртта қарулы жасақ бар. Қайтпек керек? 

Аунап қырына жатқан Алтыбайдың ойы – Көзләудің шабармандарын Қаратоғайға жібермеу. Соның амалын қарастыру. Шоқпарсыз ашық күреске шыға алмайды, көптің аты көп, оқтың аты оқ. Қайтпек керек? Бұлардың зәресін алып қорқытпаса, мойынға мініп қонжиятын түрі бар. Мойынға мінгеннен кейін қамшының астына түсері де әмбеге аян. 

– Иә, Аллам, қолдай гөр, – деп қырынан жатқан Алтыбай тағы да бір домалап, қораның төбесіндегі тесіктен күзгі өлараның айын қарап шалқасынан құлап, тісін-тісіне басып шыдап томаға тұйық жатты. Сырттан тұмса бұзаулаған қусақ сиырлардың күйісі естіледі. Ағы көбейген бурыл сақалына май қатқан. Бір уақытта ішінен күбірлеп, жүгініп отыра қалды да сарнады. Сыртта сыр тыңдап жүрген Көзләу мен жасамыс жігіт аң-таң. Айналадағы шөптің басына шық тұрып, айдың жарығымен шашылған моншақтардай жылт-жылт етеді. Мүлгіген тыныштықты тұрған жаяу жел бұзды да, алыстан қасқыр ұлығандай болды. Іш тартып жаманшылық шақыратындай ұлиды. Оған қосылып екіншісі ұлыды, үшіншісі, жетіншісі... Ауылдың іші жаңғырып барады. Көзләу да, жасақ та жалма-жан мылтықтарын оқтап алған. Жан-жақтарына кезеніп қарайды, көздеріне көрінсе атып жіберуге дайын. Бір уақытта тайыншадай көкжал атып шықты да, Көзләуге қарай тұра шапқанда бейшара шалқасынан құлады. Мылтығын аспанға атып жіберді, көкжал болса үстінен қарғып өте шықты. Алтыбай жатқан қораға кіріп кеткен секілді болған. Осы арада жасақ та жиналып қалған еді. Анадай жерден тағы бір көкжалдың сұлбасы көрінді, бергі тұстан серекқұлақ байқалды. Бір ұрғашы қаншық құйрығын қос аяғының ортасына тығып алып, басын төмен салып ұлыды. 

– Атыңдар, – деп ақырған Көзләу жігіттеріне көзі бақылдақ текенің көзіндей алайып барады. Қасқырлар қуыспақ ойнап әжуалап жүрген сықылды, көз көрім жерде болса да жаңбырлатып атқан оқ тисе де құламайды. Қыңсылаған бірі жоқ. Өршеленіп шаппайды да. Көзләу да тұрқы ірі біреуін дәл алқымнан атқан секілді болған, ұшқан оқ кеудесінен әрі өтті де арғы жағында тұрған үйдің тас кірпіш қабырғасына тиіп шаңқ ете қалды. Ұшқын жарқылдады. Топыраққа түскен қасқыр ізі жоқ. Түк түсінер емес. Қасекеңдер үйірленіп жиналып, тоғайға қарай аяңдай басты. 

– Қуыңдар, – деп жанұшыра айғайлады Көзләу. Өзі бастап жігіттердің барлығы аттарына міне салып соңдарына түсті. Ауылда тек жасамыс жігіт қана жасырынып қалған. 

Қораның есігін бір теуіп ашқан Алтыбай сыртқа шықса өлі тыныштық орнапты. Айдың қараңғысынан топырлап шапқан аттың ізінен басқа ештеңе көрінбейді. Тек ауызда жатқан сиырдың терісінің астынан жөтелген дыбыс шыққанда Алтыбай ойланбай теуіп жібергенде ыңқ еткен біреу теріні лақтырып атып шықты. Жасамыс жігіт екен. 

– Сорлы, өз қазағыңды өзің сатқаннан қағанағың қарқ болды ма? Сағанағың сарқ болды ма? Тіленгенің тойған қарын да, қандасыңның тағдыры мен жердің амандығы саған бес тиын ғой. Өткенде дүрелеп жіберуім керек еді, – деп ашуланған ол жан-жағына қарап еді, алып соғатын түк жоқ екен. 

– Қара айғырға Көзләу жұмсап па еді, – деді ол. 

– Иә, – деп шыңғырып жіберді жасамыс жігіт. 

Көзі жігіт жамылған бітеу сойылып, сіресіп қатып қалған тері тулаққа түсті де, құйрығынан ұстап көтеріп алып бір ұрғанда жасамыс жапырыла құлады. Үн жоқ. Тек нәжістің иісі айналаны алып кетті. Бейшара, қорыққаннан ба, ұрғаннан ба талып қалыпты. Қолындағы теріні үстіне тастай салған Алтыбай Қаратоғайды бетке алды. 

Сол күзде Көзләудің жасағының қарасы көп бөгелмей Ертістің арғы жағынан құрыды. Қаратоғай да аман қалды. Ел ішінде «сәуегей Алтыбай Көзләуді аруақтарды қасқырға айналдырып қуыпты» деген сөз желдей өрді. 

***

Көлмен аттас ауылдың сыртындағы жермен жексен болған екі зират орны бар. Сол жерден түнде шырақ жанып тұратын. Білетін үлкендер оны «Алтыбай бақсының жерленген жері» деп көрген сайын дұға қайырып, бет сипайтын. Қараған мен тобылғы қаулап өсіп тұрса да мал екеш мал да аяқ баспайтын. Көлікке арналған күре жол көршілес түскелі бері ол шырақ та соңғы уақытта көрінбейтін болған. 


Бейбіт Бөжен

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan