Голограмманың күйтабағы (фантастикалық хикаят)
Алтыншаш Құрманаева – «Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типологиясы» монографиясының авторы. Республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауының және Сәкен Жүнісов атындағы облыстық прозашылар байқауының 2-ші орын жүлдегері. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 2023 жылғы үздік түлегі. Халықаралық ғылыми-конференциялардың қатысушысы. Туындылары республикалық «Жалын», «Ұлан», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде», «Үш қоңыр» басылымдарында жарық көрген. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында тұрады.
Кіріспе
«Алыстан қара туфлиін тықылдап келе жатқан сұлу да нәзік қызды көргенде,
оның голограммалық санасында Моцарттың «Періштелер» әуені ойнап қоя берді.»
Болашақ. Хасіл ғаламшары. Экокент қаласындағы 3095 жыл. Емхана палаталарының бірінде генетика саласының бесаспап маманы, атақты профессор Сана табиғи жолмен босана алмай, қатты қиналып жатыр. Толғағы шыбық жанын көзіне шығарып, әбден буындырып бітті. Ботадай көздерінің маңы қарауытып, маңдайынан суық тер ақты. Күшенуге мүлдем шамасы келмеді. Ақыры, дәрігерлер жасаған инеден кейін күшенді. Суық терге малынған сарғылт жүзі абыржып, сәбиінің жанайқайына құлақ түрді. Сәбидің періште үні алыстан естілді.
Бір кезде бүткіл емхананы басына көтере шырылдап, оның болашақ ғалым ұлы да дүниеге келді. Палата дәрігерлері қатты қуанып, қызылшақа сәбиді анасына абайлап ұстатты. Желтоқсанның алғашқы қарындай аппақ көрпеге оранған сәбиін қолына алып, анасы ұлының маңдайын құшырлана иіскеді де:
- «Бәрі жақсы болады», – деді.
Кенет ақ көрпеге оранған бүлдіршін жарықты қосып сөндіргендей өздігінен жоғалып кетті. Байғұс ана дәрегерлерге үрейлі жүзбен қарады. Ана «Бұлар жасаған ине у болғаны ма? У болмаса, бала қайда? Бейкүнә сәбидің не жазығы бар еді? Одан да менің жанымды алсандаршы! Тағдырымен енді қауышқан сәбиімді тумай жатып, дүниеден қуғандарын не?» деп іштей арпалысқа түсті.
- Менің ұлым қайда? – деді шошынған ана дәрігерлерге.
Дәрігерлер не болып жатқанын еш түсінбеді. Бала сәлден кейін қайта пайда болды. Құдды, біреу жарықты әдейі өшіріп, қайта қосып жатқандай әсер тудырды. Ақыры, он минуттан кейін тентек бүлдіршін анасының қолында тәтті ұйықтап жатты. Бұл «ғажайыптың» мәнін білу үшін Сана сәбиін құшақтап бас дәрігердің кабинетіне асыға келді. Жолдасы да сол жерде дер кезінде болды.
Бас дәрігер кабинеті. Аға дәрігер ақ бумаларын ақтара отырып, жас жұбайларға көз тастады. Жас жұбайлар қобалжулы. Дәрігер ағай қара былғары терімен қапталған мамық орындығынан ат түрегеліп, әйнек терезеге жақындады. Жарық түспейтін бөлменің терезесіндегі сүттей аппақ пердені айқара ашып тастап, алысқа көз тастады. Ол көзілдірігін қолына алып, алыстан астарлап, ұзақ сөз бастады. Қос ғашық профессордың сөзіне құлақ түрді.
- Қоғам әрқашан да ғылымға үміт артады. Әсіресе, ғалымдардың өнертабыстарына қарап, өз болашақтарын жориды. Ғалымның еңбегі-қарапайым адамдар үшін келешектің кілті болып көрінеді. Бірақ бұл жолы ғалымның өзі қоғамға мұқтаж болса ше? Онда сол қоғам ғалымды қабылдай алады ма? Міне, сұрақ қайда жатыр? – деді дәрігер жұмбақтап сөйлеп.
- Бұнымен не демексіз? – деді Қуат аға дәрігерге.
- Менің айтпағым, сіздердің балаларыңыз сирек кездесетін науқасқа шалдықты. Бұны «голограмма синдромы» деп атайды. Ауру әдетте хромосомада чиптің байқалуынан пайда болады. Қысқаша айтқанда, чип пен хромосома бір-бірімен тұтасып, дерма қабатын жұқаландырып жібереді. Дерма қабатының жұқалануы – тәннің «голограммаға» айналуына тікелей себепші болады.
- Хромосомаға чип қайдан келуі мүмкін? – деді Қуат ұлы үшін уайымдап.
- Міне, бұл бәрімізге бір жұмбақ, – деді аға дәрігер ойлы жүзбен.
- Баламызды емдеп жазудың қандай да бір амалы бар шығар? – деп байғұс ана өзің ұстай алмай, еңкілдеп жылап жіберді.
- Бәрі жақсы болады, – деді Қуат жарының иығынан ұстап.
Сәл үнсіздіктен кейін профессор терезенің пердесін жауып, жас жұбайларға жаймен жақындады.
- Сабыр етіңіз. «Үмітсіз шайтан» деген. Бір амалын табармыз. Әзірге мына дәріні ішуге кеңес беремін, – деді де аға дәрігер қарағай ағашынан жасалған үстелінің астынан бір дәріні суырып алып шықты.
Қорқыныштан өлермен болып отырған Сана ләм-мим деместен, сыртында «Дерма тромбозиті» жазуы бар дәріні қолына алды да жолдасына үрейлене қарады. Жолдасына үнсіз «дәрігерге сенебесің бе?» дегендей ойша сұрақ тастады. Күйеуі «Иә. Басқа амалымыз жоқ» деген сынай танытып, басын изеді.
- Қорықпаңыздар. Бұл у емес. Қасарысып жүрген жауларыңыздың көп екенін жақсы білемін. Алайда мен сіздердің дұшпандарыңыздың жағында емеспін, – деді аға дәрігер.
- Мына дәрі қашанға дейін жарайды? – деді Қуат кішкене бөтелкені айналшықтап қарап.
- Бұны қайдан алдыңыз? – деді Сана дәрі бөтелкесінен көз алмай.
- Менің ұлым дәл осы аурудан қайтыс болған, – деді аға дәрігер.
Аға дәрігердің бұл сөзі жас жұбайлардың арқасына жоқ жерден қанжар сұғып жібергендей ауыр тиді. Кабинет ішін меңіреу тыныштық басты. Ешкім ләм-мим демеді.
- Жатқан жері жайлы болсын, – деді Қуат.
- Жаны жәннатта болсын, – деді Сана.
- Рахмет. Әумин. Ұлымды сақтап қалу мақсатында біз қолдан келген жағдайды істедік. Алайда «голограмма» синдромы ұлымды әбден жүдетіп бітті, – деді аға дәрігер көзі жасқа оранып.
- Науқаспен қалай күрессек болады? – деді байғұс ана.
- Бұрын жалғыз ұлымның голограммалық науқасы – дерма қабатында деп ойлаушы едім. Бұндай шешімге хамелонның терісін зерттеу барысында келдім. Хамелон терісіндегі түйіршектер мен баламның «голограммалық» дермасында ұқсас белгілер таптым. Дәл хамелеон сияқты мөлдір болу қасиеті содан шығар деген ойда болдым. Теріне ұйыту арқылы жетістікке жетуге болатына нық сендім. Алайда олай болмай шықты... – деді аға дәрігер.
- Сонда бар мәселе қайда? – деді Қуат.
- Оны мен білмеймін. Сіздер ғалым ретінде жауабын таба аласыздар деген үміттемін, – деді аға дәрігер көңілсіз кейіппен.
Қара кеш. Ғалымдар үйі. Генетика саласының шебер маманы Сана жар дегенде жалғыз «голограмма» ұлын қазақы оюмен безендірілген алтын бесікке жатқызып, бесік жырын бар әсем даусымен шырқады.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырын жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің! –
дегені сол еді Сана ұлының «голограмма» терісінің қатая бастағанын анық көрді. Өз көзіне өзі сенбеді. Ұлы кәдімгі адам қалпына енді. Сана қуаныштан жылап қоя жаздады. Көзіне мөлдірлеп жас үйірілді. Байғұс ана ұлына мейірлене қарап, кішкентай басынан абайлап сипады.
- Қуат, мында кел! Жылдам! – деді Сана қуаныштан.
- Не болды? – деп күйеуінің көрші қонақ бөлмеден даусы шықты.
- Келші, бол! Бұны өз көзінмен көруге тиістісің! – деді Сана шыдамсызданып.
Осы кезде жолдасы Қуат та көрші бөлмеден «Үш қоңыр» газетін ұстап кіріп келді. Газеттен танымдық мақала оқып отырған ол еріксіз орнынан тұрған. Енді, міне, ұлына қарағанда ешбір өзгерісті байқамады. Жары ешнәрсе түсінбеді. Бағанаға ғана ұлдары адам сияқты тұлғада болып еді ғой?
- Түсінсем бұйырмасын. Қуат, мен бесік жырын айтқанда, ұлымыз адам тұлғасын қабылдаған, – деді Сана жыламсырап.
- Тағы айтшы, – деді Қуат жарын қолқалап.
Жары ұлына тағы бір рет үміттене қарап, нағыз қазақы бесік жырды шырқай басады. Сол сәттте ұлы көгілдір жарық сәулесін айналасына шашып, адам қалпына енді. Сана тоқтамастан ән шырқай берді. Ол күйеуіне «Міне, көрдің бе?» дегендей қарады. Күйеуі жарының сөзіне жаңа сенген адамдай басын бір изеді.
- Бәрі түсінікті, – деді Қуат.
- Не түсікті? – деді Сана.
- Бар мәселе – сезім гормондарында. Сезім мүшелерінің дамуы – тәннің тұтас жаңғыруына әкеліп соқтырады. Ұлымыздың көру, есту, иіс сезу, дәм сезу һәм сипап сезу мүшелерінің қалыпты дамуына барынша күш салуымыз қажет, – деді Қуат ғылыми тіліне көшіп.
- Бір сөзбен айтқанда – ұлымыз адам қалпына енеді, – деді Сана қатты қуанып.
- Ләйім солай болады деген үміттемін. Аға дәрігердің қателігі енді түсінікті болды, – деді Қуат аға дәрігер берген «дерба тромбозиті» бөтелкесін қолына алып.
Таңертеңнен кешке дейін Сана дәрі ойлап табумен болды. Ақыры, ойлап тапты да. Сондағы бар ойлап тапқаны – кинестетикалық дәрумен. Кинестезия грек тілінен аударғанда «сезім, сезіну» дегенді білдіреді. Аталмыш дәрі сәбидің сезім қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Сезім нейрондары жаңғырып, бүлдіршіннің затты ұстау қабілетін молайтады. Осылайша, сәби, тым құрығында қолына затты ұстай алатын болады.
Голограмманың туған күні
Хасіл ғаламшары. Маусым айы. Күннің ультракүлгін нұры шашақ сәулелерін өсімдіктей қара асфальт жерге жайып, айналаны бөлме шамындай жарыққа бөлеп тұр. Жарық көлеңкелерді мысықша қуып, ғаламшарды жалмап жатыр. Бұндай аптап ыстыққа қызметші роботтар да шыдай алар емес. Балалар саябақ алаңында шуылдап ойнап, бір кезде аналарының өтінішімен үйлеріне кірді. Бұл бейкүнә кішкентай балалардың арасында осы ғаламшардың атынан тірі қалатын жалғыз адам баласы бар тұғын. Ол – Хасіл ғаламшарының беделді докторы әрі айти-технологі Қуат пен әйгілі дәрігер, гененика саласының бесаспап маманы Сананың он үш жасар жалғыз ұлы Дарын есімді батыр. Дарын – Хасіл ғаламшарындағы ең көне есімдердің бірі. Мағынасы «қабілетті» дегенге саяды.
Қуат он үш жасар ұлын көзілдірік арқылы шақырды. Ғауһар тастай жарқыраған қара көзді, кебек ұндай аппақ һәм елестей тәнсіз Дарынынң санасында әкесінің үні естілді. Дарын достарымен соңғы рет қоштасқалы тұрғанын білмесе де, үйіне көңілді қайтты. Аналары мәз-мейрам болып дастарханға сүйікті Хасіл ғаламшарының көгілдір қияры мен қызанағы қосылған салатын қойды. Әкесі мен баласы салаттан ауыз тиіп жатып, жадырай күлісті. Дарын тамақты жарытып іше алмаса да, жегендей кейіп танытты. Аяулы ана баласына кезекті дәруменін берді. Жасөпірім бөтелкеге салынған «Кинестезия» дәруменінен ауыз тиіп, өзің қуаттады.
Барлығы тамақ ішіп болған соң ескі отбасылық дәстүр бойынша теледидарды көруге кірісті. Қабырғаға тіреліп орнатылған қара теледидардан Хасіл ғаламшарының тағдыры туралы шұғыл жаңалықтар көрсетіліп жатты. Ғаламшарға жақын арада Жер тұрғындары қонаққа келетін көрінеді. Сондықтан, Хасіл ғаламшарының тұрғындары барынша сабырлық танытып, қонақжайлықтарын көрсетулері қажет. Әйтпесе, жерліктер бұны басқаша түсініп қалуыры мүмкін. Дәл осы сәтте ас бөлме өздігінен теңселе бастады. Бала анасының етегіне жармасты. Жан анасын құшақтай алмағанына өкінді. Мейірімді де жомарт анасы баласының қара шашынан сипағандай болып, қолын ауада қалқып ұстады да барынша тыныштандырып бақты. «Еш уайымдама, жер тұрғындары бар болғаны қонаққа келеді» деді. Бірақ бұлай болатыны екі талай еді. Жерде өзінің арамза ойын жүзеге асырып жүрген майор Қаһар атақты доктор мен дәрігердің көзін жою үшін ғаламшарға асыға келе жатқан болатын...Оның көксегені Дарын еді. Бала Дарын арқылы бүткіл жер ғаламшарының тағдырын өзгертпек...Жаһанға жасандық интеллектің қастандығын көрсетпек...
Бір ай уақыт өтпестен жер белсенділері келіп, Хасіл ғаламшарындағы Қуат пен Сана есімді докторларды іздестіре бастады. Ғаламшардағыларды барлық өткен-кеткенен олар жайында жөн сұрады. Тірі жанның бәрі доктордың үйі қайда екендігін айтты. Майор бастаған топ доктордың үйіне баса көктеп келді. Олар үйдің күлін көкке ұшырып, доктор мен дәрігер ханымның көзін жойды. Тек он үш жасар ұлдан басқасы. Он үш жасар бала анасының махаббатының арқасында тірі қалып, қатыгез жерліктерге қасқайып қарсы тұра білді. Балақай қоқыс үйіндісінің артына барып тығылды. Ыңылдап жылады. Көзінен тамшылап жас ақпағанымен, жақұт көзінен аяныш білінді. Кішкентай баланың жылаған дауысын естіп әлдебір кісі қоқыс үйіндісіне жақындады. Қызық. Ешкім көрінбейді. Тірі қалулары да мүмкін емес. Қандыауыз майор Хасіл тұрғындарын түгел қырып тастаған. Бұндай қандықасаптан кейін біреудің тірі қалуы таңғаларлық жағдай. Кісі қоқысқа қайта үңілді. Ол темір шелектің ішінде тығылып отырған ұл баланың барын білмеді. Өйткені Дарын көзге көрінбейтін, голограмма еді. Қызылшақа кезінде дәрігерлер Дарынға «голограмма» синдромын тайға таңба басқандай денсаулық кітапшасына қойған. Шамасы, хромосомасында чип байқалса керек. Содан Дарын адам ұқсап өмір сүре алмайды. Тамақ ішудің орнына қуат тауысады. Ұйықтау үшін өзің сегіз сағатқа сөндіреді де, арайлап таң атқанда қайта қосады. Құстың сыңғырлаған үнін, самал желдің лебін, өзеннің ағысын сезінбеуден және табиғаттың сұлу тұмса табиғатынан ләллат ала алмаудан арттық азап бар ма? Міне, сондықтан, ол өзінің «голограмма» тәнін барынша жек көреді...
Міне, осы бітеу жара оның жанын әбден жеп бітті. Жанын емдеудің жалғыз ғана жолы – болашақтан күдер үзбеу.
- Көзілдірікті киіңіз, – деді бала көзілдірікті бейтаныстың жанына лақтырып жатып.
- Не? Бұл кім өзі, жалпы? – деді әлгі жас жігіт жан-жағына жалтақтап.
- Айтқанымды орындаңыз, – деді бала бұйырып.
- Жақсы, тек мені жеп қойма, – деді күлдіргі жігіт баланың айтқанын істеп.
Сүт пісірім уақыт өтпей, бала әлгі жігіттің алдында көгілдір сағымдай пайда болды. Көзі ғауһар тастай жарқ-жұрқ еткен, елес ұл баланы көріп ол артқа қарай шалқайып, орнынан ыршып түсті. Бұл неткен ғажайып? Мына бала... елес... елес қой. Жоға, тәстә. Жасанды интеллект шығар? Техниканың құдіреті деп осыны айт. ЖИ қандай дәрежеге жеткен? Өзге ғаламшарда тіпті голограмма адам өндіретін болыпты. Мәссаған! Адам сенгісіз құбылыс!
- Мен атақты айти-технолог Қуат пен Сананың он үш жасар ұлы Дарын боламын. Жасанды интеллект емес. «Голограмма H2O» синдромына шалдыққан жалғыз адам баласымын, – деді бала әр сөзін қадап айтып.
- Аш екі немене?! – деді жігіт әлі де есеңгіреп тұрып.
- Бұл хромосомада чиптің пайда болуымен байланысты ауру. Яғни, менің генетикамда ақау бар. Соның салдарынан гологорамма кейпіндемін, – деді бала қолын айқастырып алып.
- Бір де бір сөзіңді түсінбесем де, менімен кемеге жүр. Бұл арадан тез кетуіміз қажет, – деді ойнақы мінезді жігіт.
Бала алғашында оған сенбейтінін танытты. Бірақ көндігуден басқа амалы болмады. Олар жүгіріп әуе кемесіне қарғып кірді. Кеме командирі шұғыл жиналыста екен. Жиналыста болғаны жақсы болды. Әйтпесе, мына баланы тірі қалдырмас. Кенет ойына жан досы Жомарт түсті. Жомарт әуе кемесінің моншасында рахаттанып шомылып жатқан болатын. Жігіт монша есігін тарсылдап қақты. Жомарт киініп алысымен, есіктен асықпай шықты. Досының үрейлі жүзін көріп, тіл қатысты. Досы мән-жайды баяндады. Олар әуе моншасынан зытып шығып, бөлмелеріне жасырынып келді. Тірі жан көзге ілінбегендіктен, алаңдауға еш себеп жоқ. Жас қызметшілер баланы бөлмелеріне тықты. Бала бар көрген-білгенін тәптіштеп айта бастады. Қызметшілер оны ертегі тыңдағандай, жақсылап ұйып тыңдады.
- Сен не қашып шықтың ба? – деді Жомарттың досы Дастан әуе кемесінің қабырғасына сүйкеніп тұрып.
- Әлбетте, – деді бала.
- Сендердің ғаламшарларын ерекше деп естідім, – деді Дастан.
- Хасіл ғаламшарының балалары ерте жетіледі. Үш жастан бастап өздігінен сөйлей алады, – деді бала.
- Тағы не істей аласыңдар? – деді Дастан жауапқа желігіп.
- Көп нәрсе. Есте сақтау қабілетіміз өте жоғары. Неше минут һәм секунд бұрын не болғанын білеміз, – деді бала.
- Пәлі! Голограмма дерсің! Сонда он екі жасында болған оқиғаны үтір-нүктесіне дейін жиырма бір жасында айтып бере аласың ба? – деді Дастан.
- Иә, дәл солай, – деді бала.
- Мәссаған! Адам сенгісіз! Нағыз голограмамның өзі ғой бұл, – деді Дастан.
- Адамда естің бірнеше түрі болады. Соның бірі ұзақ мерзімді мен қысқа мерзімді ес. Жерліктерге қарағанда біз оқиғаны жадымызда әлдеқайда ұзақ сақтаймыз, – деді бала.
- Бұны саған кім айтты? – деді Дастан.
- Анам, – деді бала.
Бағанадан бері бала мен досының арасындағы философиялық диалогты үнсіз тыңдап тұрған Жомарт бір сәтте тыныштықты бұзып балаға жақында да оның қос иығынан қапсыра ұстағандай болып қолын ауада қалқыта:
- Балақай, анаңды сағынғаныңды білемін. Бірақ осылай болып қалды. Еш уайымдама. Сені қауіпсіз орынға көшіреміз. Жер тұрғындарымен бірге бейбітшілікте өмір сүретін боласың, – деді.
- Сіздерге қалай сенім артсам болады? Отбасым мен халқымды бір күнде қойша бауыздап, қырып тастадыңыздар. Осыдан кейін сіздерге сенім артуыма бола ма? – деді бала көзі мөлдір жасқа толып.
- Сенің отбасыңды қырған біз емеспіз. Біз бар болғаны айтқанды орындаушымыз. Мен қарапайым әуе кемесінің жүк тасушысы, ал досым Жомарт галактикаралық дәрігер, – деді Дастан сөзге қыстырылысып.
- Сонда менің түбіме жеткем кім? – деді бала оқты жанарымен қарап.
Оның сөздері наркескен қылышы секілді өткір тиді. Көз жанары ғауһардай жарқылдап, жарыққа шағылысып тұрды. Қара шашы ұқыпталып таралған баланың маңдайының алдында бір шоқым кекілі бар. Беті кебек ұндай аппақ. Қабырға іспетті мұңтаздай таза. Балғын жүзінде бір дақ жоқ. Тісі маржандай тізілген. Бұл шынында атақты галактикаралық айти-технолог Қуат пен генетика саласының аға дәрігері Сананың он үш жасар жалғыз ұлы, «голограмма» дертіне жастай шалдықтан – Дарын еді. Дарын тумысынан «голограмма» болатын. Голограмма сияқты барлық қасиеттерге ие.
- Есімің кім, балақай? – деді Жомарт сөзді бұрып.
- Сөзді бұрмаңыз. Сіз әлі менің бастапқы сұрағыма жауап берген жоқсыз, – деді бала.
- Айттым ғой, голограмма деп! – деді Дастан.
- Мен голограмма емеспін. Кәдімгі адаммын. Туу туралы куәлігім де бар. Болған. Тек голограмма синдромына шалдыққанмын. Сондықтан да мені адамзат көру үшін көзіне арнайы көзілдірік киеді, дәл мына сіздер сияқты, – деді бала.
Кемеге кірер алдында бала өзінің ата-анасының қос көзілдірігін Дастанға берген. Дастан біреуін өзі тағып алып, екіншісін Жомартқа тарту етті. Осылайша, олар голограмма баламен тіл қатысты.
- Шынында, арада жыл салып, басқа ғаламшардан голограмма дертіне ұшыраған адам кезіктіреміз деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті, – деді Дастан.
- Сіз фактикальды сөйлейді екенсіз, – деді бала.
- Фактикальды? – деді Дастан қатты таңғалып.
- Бізден басқа адам сені көре алмайды де. Көру үшін арнайы көзілдірік қажет. Ол көзілдіріктерді кім жасайды? – деді Жомарт.
- Ата-анам өздеріне және менің достарыма арнап жасаған. Өкініштісі, көзілдіріктер достарыммен бірге құрып кетті. Мені көруге арналған тек екі көзілдірік қалды. Қазір олар сіздерде, – деді бала.
- Әңгіме аяқталды. Ертең жерге ұшамыз. Баланы аман-сау елге апаруымыз қажет, – деді Жомарт.
Барлығы тегіс ұйқыға жатты. Ешкім баланың кемеде жасырынғанын білмеді. Өйткені өркөкірек әрі өзімшіл Қаһар қарапайым қызметшілер бөлмесіне кірмейтін. Ол бұны ар санайтын. Енді міне сол үшін саусағын тістеп қалған секілді.
- Бөлмеден әлдебір баланың дауысын естігенін рас па? – деді Қаһар адал қызметшісінен жөн сұрап.
- Иә, бөлмеден қарсы өтіп бара жатып бір әңгімеге құлағым шалып қалды. Олар әлдеқандай баланы сізден жасырып отырған сияқты, – деді жыланша ысылдап Тарбол.
- Баланың кім және қайдан келгенін біл, – деді Қаһар.
- Жақсы. Алайда бас майорға не деп айтамыз? Ол кісі Хасіл ғаламшарымен бітімгершілік орнатсың деген еді, – деді Тарбол.
- Бітімгершілікті Хасіл елшілері жойды. Сондықтан, айып бізден болса да, соғыс аштық деп айтамыз, – деді Қаһар.
- Құп, – деді Тарбол жымысқы күліп.
Қара жоспар жүзеге асты. Жер ғаламшары мен Хасіл арасындағы бітімгершілік жойылды. Меморандумның күл-талқаны шықты. Бұл – Қаһар басшының ішкі ойы еді. Адамдардың ғарыш кемесі Хасіл ғаламшарынан ұзап бара жатты. Дарын ғарыш кемесінің терезесінен қарап, өзінің туған жерімен құлықсыз қоштасты...Оның алақанында анасының берген күйтабағынан ғажайып күй ойнап тұрды... Балерина мың бұралып, көбелекше алып-ұшып биледі...
2. Тастанды саябақ
Он жыл өткен соң. Жер. Көкшетау қаласы. Адамдар өзгеғаламшарлықтарсыз жерде бейбіт өмір кешуде. Соғыстан аман қалған жалғыз «голограмма баланың» барын ешкім білмейді. Адамдардың ойынша өзгеғаламшарлықтар, әсіресе, Хасіл ғаламшарының тұрғындары өмір сүруді осыдан он жыл бұрын тоқтатқан. Жер бетіндегі адамдар да өзгеғаламшарлықтарды, Хасіл қауымын мәңгілікке ұмытқан. Қарапайым жер тұрғындары өткен тарихты ұмытқанымен, Дарын ешқашан өзінің өткенін, жаралы естелігін ұмытқан емес...
Барлық өндіріс пен кәсіп адамдардың қолы арқылы өтіп, жанданып жатыр. Алайда жалғыз пендеге өзгеғаламшарлық екені аян бір қабілетті «голограмма жігіт» адамдарға көмектесіп, дәрігер ретінде қызмет етіп жүрген еді. Оның тұрпаты, түр-тұлғасы емделушілерге жұмбақ болатын. Өйткені ол тек қоластындағылар арқылы әрекет ететін. Бағынушылар бас дәрігердің айтқан бар бұйрығын мүлдіксіз орындап, оның «голограмма» екенін сырт көзден жасыратын. Дегенмен, бас дәрігер ауыр жарақат алған әрбір жанға көмек қолын созуға дайын болатын. Кешке дейін кабинетінде жұмыс істеп, тура тоғыз жарымда үйіне қайтатын. Оның үйіне асықпай қайтуына себеп бар еді. Емханадағы мықты әрі кәсіби дәрігер жалғыз ол болатын. Қамшыдай денеге тиген ауыр жараның емін одан басқа ешкім де жаза алмаушы еді.
- Бүгін ертерек үйге қайтатын бол, – деді телефон аржағындағы қоңыр дауыс.
- Неге? Кешірім өтінемін, жұмыстарым басымнан асып жатқан еді, – деді Дарын жұмсақ үнмен.
- Шұғыл мәселе, – деді де қоңырау үзіліп кетті.
Бүгін әдеттегіден үйге ерте қайтуына тура келетін секілді. Бұл хабарласып жатқан кісі кіндік әкесі Жомарт болатын. Жомарт бұны асырап алмай тұрып, бір бедеу әйелге үйленген. Бала-шағасы жоқ олар Дарынды жастай асырап алған. Дарынның жерде дүниеге келмегені әлмисақтан белгілі. Кіндік әкесі Жомарт бір күні туған жерін көрсетуге уәде берген. Туған жері Хасілге оралу – Дарынның көптен бергі асқақ арманы. Хасіл ғаламшарының хал-жағдайы қазір қалай екен?
Осыны ойлап келе жатып Дарын жолда бір жұмақтың хор қызындай періште жаратылысты көрді. Көрді де бір орында тапжылмай тұрып қалды. Құдды, телефонның сезімтал экраны бұзылып қалғандай әсерде болды. Қою қара шашы бір жерге өріліп түйілген, жүзі кебек ұндай аппақ һәм жақұттай жарқыраған көзіне көруге арналған қара көзілдірік таққан талшыбық бойжеткен қыз Дарынды есінен тандырып жібере жаздады. Бойжеткен қыздың басқан әрбір нық қадамын бұл алыстан анық естіді. Алыстан қара түфлиін тықылдап келе жатқан сұлу да нәзік қызды көргенде, оның голограммалық санасында Моцарттың «Періштелер» әуені ойнап қоя берді.
«Өзгеғаламшарлық да ғашық болады екен-ау!» – деген ойлар жас дәрігердің санасында домбырадан шыққан әсем күйдей ойнады. Дәл оның жанында қазір қандай сұлулық иесі тұрғанын білсеңіздер ғой! Жүзі күндей жылы, өзі балапандай сүп-сүйкімді бойжеткеннің түрі шынымен де сұлулық атаулының нағыз парагдигмасы еді!
Қанша қызды емдеген жас дәрігер бұрын-сонды бұндай әдемі тіршілік иесін еш жерден көрген де, кезіктірген емес! Ап-арық, шағын денелі қыздың бетін жас жуып жіберіпті. Дәрігер жігіт оның алма бетіндегі мөлдір жасты өз қолымен сүртіп, қалай сабырға шақырғысы келгені-ай! Әттең! Бұл хор қыз «гологамма жігіттің» дәл қазір қасында тұрғанын еш білмейді....
Бір кезде Дарынның ұялы телефоны шырылдады.
- Үйге оралушы болма, – деді Жомарт.
- Құтқарыңдар! – деген дауыс телефонның ар жағынана естіліп жатты.
- Неге? Не болып жатыр? Бәрі жақсы ма? – деді Дарын.
Сол сәтте ағаш орындықта отырған бейтаныс бойжеткен орнынан тұрып, алға қарай жылжыды. Дарын бойжеткеннің артынан еріксіз айкезбе ұқсап ерді. Көп ұзамай ескі аудандағы лашыққа да келіп жетті. Лашықта бойжеткен әкесінің ағасымен тұрады екен. Ағасы біраз жыл бұрын ата-анасымен бірге жол апатында қайтыс болған. Ескі лашық жесір тәтесіне мұра болып қалған. Бұл «бақытсыз отбасыда» байғұс бойжеткен жалғыз өскен раушан ұқсап әбден қысым көріп бітті.
Байғұс бойжеткен жесір тәтесі мен екі қытымыр туысқан әпкесінің қысымына шыдауға мәжбүр. Үйге кіргенде Дарынның алғаш байқаған нәрсесі осы болды.
- Міне, мына ыдыстарды жумай, сабаққа кетті, – деді жексұрын тәтесі Гүлшара кір ыдыстарды видеоға түсіріп, өзінің ең жақын құрбысы Күлпашқа ватсап арқылы жібере.
- Байға қашан тиеді өзі? – деді Күлпаш сағызын қарс шайнап.
- Бұны бай қай жеріне қызығып қайдан алсың? – деді Гүлшара мысқылдап.
Заура тәтесін естігемендей ішке бейсауыт кіріп, зып етіп бөлмесіне кіріп кетті. Иығына тастай батқан сөмкесін төсегіне қойды да керуетке сылқ етіп отырды. Бір кезде қайдан екені белгісіз төсегінде жатқан смарт көзілдірікті көрді. Ол өз көзілдіріген шешіп, әлгі смарт көзілдірікті киіп көрді. Кигені мұң екен, бір голограмма жігіт өздігінен алдынан пайда болды. Мұрнына тақалып тұрған голограмма жігітті көріп:
- А-А-А! – деп Заура шыңғырып жіберді.
- Әй, не болып қалды, патшағар?! – деген тәтесінің даусы сырттан естілді.
- Ештеңе, – деп Заура айтты да көзілдірікті тағы киіп көрді.
Бұл жолы барынша сабыр сақтауға тырысты. Бір кезде ол нар тәуекелге бел буып, орнынан атып тұрды да, голограмма жігіттің қасына нық сеніммен жақын барды. Сол кезде голограмма жігіт өзінің жүрегінің дүрсілін алғаш рет анық естіді. Тық-тық етіп жүрегі қатты соқты. Оның жүрегі жиырма жылдан соң алғаш рет дүрсілдеп қоя берді...
- Сіз кімсіз? – деді Заура голограмма жігіттің көзіне тура қарап.
- Дарын, – деді голограмма жігіт оған қолын ұсынып.
- Дарын? – деді Заура таңданып.
- «Голограмма H2O» синдромына шалдыққан жалғыз адам баласымын. Бұл генетикалық ауру. Әзірге дәрігерлер емін тапқан жоқ, – деді Дарын тұнық жанарыммен Заураға қарап.
- Ал бұнда не істеп жүрсіз? Оның үстіне менің бөлмемде? – деді Заура күмілжіп.
- Маған сіздің көмегіңіз қажет болып тұр. Қазір менің үстіме іздеу салынды. Майор Қаһар әкем Жомарт пен досы Дастанды құлдықта ұстап отыр. Мені тауып, бүткіл әлемдегі қуатты бір өзі басқармақшы. Әлемге жасанды интеллектінің күш-қуатын мен арқылы көрсетіп, орасан бай болғысы һәм жер жүзінің күллін көкке ұшырғысы келеді. Тек сіз маған көмек көрсете аласыз. Сізден басқа мені ешкім көре алмайды. Әкем мен оның досын құлдықтан босатып, майор Қаһарға тосқауыл болуымыз қажет, – деді Дарын барынша қысқа айтуға тырысып.
- Кешіріңіз, бірақ мен сізге қалай көмек бере аламын? Мен қарапайым дәрігермін, – деді Заура.
- Маған осында жасырына тұруға рұқсат беріңіз. Әрі қарай өзім амалын тауып, әкемді құтқарамын, – деді Дарын.
- Не? Мен қалайша бейтаныс жігітпен бір бөлмеде тұрмақпын? Бұл ақылға сыймайды ғой! – деді Заура ашуға булығып.
- Бірақ...
- Сіз голограмма болсаңыз да, менің арым мен намысым бар! Бөтен жігітпен бір бөлмеде тұра алмаймын! Оның үстіне сізбен танысқаныма бес минут та болған жоқ! Қандай да бір қонақүйді немесе досыңыздың үйін табыңыз, – деді Заура.
- Мәселе сонда. Олар мені достарым арқылы тез тауып алады. Ал сіздің үйіңізді тінту олардың ойына да келмейді. Егер қалуға рұқсат етсеңіз, мен сізге еш кедергі болмаймын. Таңертең кетіп, кешке бір-ақ келемін. Өтінемін. Басқа жер тапқанға дейін қалуға рұқсат етіңіз, – деді Дарын өтініп.
Заура шын қиналды. Өмірінде бұлай қатты қиналып көрген емес. Тіпті мінезі шала тәтесі де бұлай қинамаған шығар. Ақыры, аз күнге қалуға рұқсат берді. Басқа амалы болмады. Оның үстіне дәрігерлік анты жібермеді. Дәрігер адам жанын құтқарушы емес пе?
- Жақсы, тек біраз күнге. Одан соң басқа жерге кетуге уәде беріңіз. Сіздің барыңызды тәтем де білмейді. Сондықтан еш мәселе туындамайды деген үміттемін, – деді Заура.
- Әрине. Көп көп рахмет сізге! Бүгін сіздің туған күңіңіз бе? Туған күіңізбен! – деді Дарын кенеттен.
-Оны қайдан біліп қойдыңыз? – деді Заура не дерін білмей.
- Менің голограмма екенімді ұмытып кеттіңіз бе? Голограммалық қабілетімді пайдаланып, сіз туралы ақпарат іздестіріп көргенмін. Ал енді менімен бірге жүріңіз, – деді Дарын есіктен шыға беріп.
- Қайда? – деп Заура оның артынан ерді.
Олар ескі тастанды саябаққа келді. Бұл Көкшетау қаласынан алшақ жерде орналасқан тастанды бақ еді. Бақ көптен бері жұмыс істемейтін. Бірақ адамдар балалық шағын еске түсіру үшін ара-тұра бұл баққа жол салып, келіп кететін еді. Міне, бүгін Заура өзінің жаңа жасын мына бақта қарсы алатынын кім білген?
- Бұнда не үшін келдік? – деді Заура жан-жаққа көз тастап.
- Қазір көресіз, – деді де Дарын ескі тот басқан әткеншектерді іске қосып, айналаны жарықтандырып жіберді.
Адам сенгісіз? Он жыл бойы жұмыс жасамай тұрған саябақ бір сәтте іске қосылды! Айнала шуаққа бөленіп, адамды еріксіз балалық шаққа әкетті. Құдды, Алиса ғажайыптар әлемінде жүргендей, Заура бір ғажап күй кешті. Аспанан салюттар атылып, саябақ гүлденіп қоя берді. Бұл бір ғажап түн болды.
- Салют пен фейерверктер аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана қалады. Таласбек Әсемқұловтың сөзі, – деді Дарын.
- Бірақ аспанда жұлдыздар жоқ қой, – деді Заура аспанға көз тастап.
- Ол жұлдыз қазір дәл қасымда тұр, – деді Дарын Заураның тұнық жанарына қарап.
Заураның ұялғаннан беті оттай жанды. Ол түсін суытып, кетуге ыңғайланды. Дарын оның қолынан ұстап, алып қалмақ болғанда, өзінің голограмма екенін еске түсірді...
- Жұлдызым жарқыраған аспанымдағы сен,
Жарқ етiп, жоқ болдың ғой
Қас қағымда, қас қағымда.
Жарқыраған, өзiңдi қалай табам?
Жұлдызға жете алдым ба мен аңсаған?
Белгiсiз жан, мен аңсаған, белгiсiз жан , –
деп Дарын ән салды да түнгі аспанға бір қарады.
Заура оның неліктен ән салғанын еш түсінбеді.
- Менімен билеуге келісесіз бе? – деді Дарын.
- Әзіліңіз болар...Мынадай уақытта мені біреу жалғыз билеп жүргенімді көрсе, есінен адасқан дер, – деді Заура қолын бір сермеп.
- Бұнда ешкім жоқ қой, – деді Дарын.
- Майор Қаһардан басқасы, – деген дауыс сырттан естілді.
- Сіз бе? – деді Дарын.
- Әкеңді құтқаруға асықпайтын сияқтысың ғой, – деді майор Қаһар.
- Әкесін босатыңыз! Әйтпесе, полицияға шағым беруіме тура келеді! – деді Заура.
- Қха, полиция маған не істей алады дейсің? Бұндайда тіпті полиция да қауқарсыз! – деді майор Қаһар ыржалақтап күліп.
- Онда нені қалайсыз? – деді Дарын.
- Маған бай болуға көмектесесің. Сені жасанды интеллекті деп әлемге таныстырамын. Ал әкең бостандықта болады, – деді Қаһар.
- Жақсы, – деді Дарын.
-Не? – деді Заура.
- Заура маған сен, – деді Дарын.
- Жақсы, бір шартпен, – деді Дарын.
- Қандай шарт? – деді майор Қаһар.
- Мына күйтабақты өзіммен бірге қалдыруға рұқсат етіңіз, – деді Дарын анасынан мұра болып қалған күйтабақты қолына алып.
- Мейлің, – деді майор.
Күйтабақта қазақтың бесік жыры ойналып тұрды. Дарын күйтабақтан төгілген жырды тоқтаусыз тыңдады. Кенет таңертең ол өзінің денесінің кәдімгі адам қалпына келгенін көрді. Ол бірден жолда кезіккен кезекшілерді аяғынан қағып түсіріп, әкесін құтқарды. Жергілікті полицияға хабар беріп, майор Қаһарды тұтқындады. Осылайша, Заура мен Дарын қосылып, ұзақ та бақытты ғұмыр кешті. Дарын анасынан қалған күйтабақтың арқасында тірі қалды. Күйтабақ оның голограмма дертін жеңді...
Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
Көкшетау қаласы,
жазушы
