Өмір менікі (новелла)
Реанимация палатасы. Аузы-мұрындарына сан түтік жалғап, шиқылдаған аппараттарға қосқан анасы мен баласы жатыр. Екеуі де өмір үшін арпалысуда. Шала туған сәбилерге арналған кувезде (нәресте инкубаторы) ешкінің іш тастаған лағындай кіп-кішкентай болып жатқан сәбиін көргенде әке жүрек шыдай алмады. Ғазизаға бұрылды. Маңдайынан сипап, кешірім сұрады. Көзінен жас ыршып кетті. Жанына жақын 2 адамның өмірін құрбан ете жаздаған өзінің ыссы мінезіне күйініп кетті.
Менің өмір сүргім келеді...
Баубек Бұлқышев
- Болсаңшы тезірек, термосты күтіп тұрмын ғой!
- Қазір, қазір. Шкафтың жоғарысында тұр екен.
- Соны түсіріп қоюға болмай ма?
- Қа-зіірр... міне алдым... - ас бөлмесіндегі шкафтың үстінде тұрған термосқа орындыққа мініп, аяғының ұшымен әрең жеткен Ғазиза 2 литр термосты қолынаәзер алды. Өзінің жүкті екенін де, 7 айға жетіп салмағы да, қозғалысы даауырлағанын ұмытып, термосты тезірек беруге тырысты. Бірақ, артына айнала бергенде орындықтан құлап, қолындағы термос та, өзі де ұшып кетті. Манадан бері жанын алып, жанықтырған Болат «Ғазиза...» деп тұра ұмтылды.
- Ғазиза, қалайсың?
Көзін ашып-жұмып, есін жинаған келіншегі:
- Білмеймін... ішім ауырып барады...
Болат жедел жәрдем шақырып, Ғазизаны ауруханаға алып кетті. Аудандық аурухананың дәрігерлері көлік алдынан күтіп алып, жүкті әйелді дөңгелекті кереуетке салып алды да, ота бөліміне жүгіре жөнелді.
- Дәрігер, қалай болады? – деп арттарынан алқына жүгірген Болатқа «күтіңіз» деді де, ота бөлімінің есігін тарс жапты.
Әншейінде желдей есетін уақыт өтпей қойды, секундтар да сырғымай қойғандай. Дәлізде шарасыздықтан шара басы шақшадай боп отырған Болатқа әкесі де аяусыз ұрсып отыр:
- Сол термосқа күнің қарап қалды ма? Аяғы ауыр адамды орындыққа шығармай, өзің алмайсың ба? Сенің шыдамсыздығың өлтірер бірімізді!
- Саған тартқан мінез ғой.
- Оттапсың!
- Онсыз да өкініштен өзегім өртеніп отыр...
Әкесі үнсіз қалды. Қанша ашуланса да, қайғының айтып келмейтінін есіне алып, әрі дүдәмал күйде отырған жалғызын аяп кетті.
- Ахметова Ғазизаның жақындары бар ма?
- Мен.
- Біз.
Әкелі-балалы екеу томпақ келіншектің алдына барды. Көзілдірігін маңдайына көтеріп, халатының қалтасына қолын салған дәрігер асығатын емес. Онсыз да тағаты таусылған Болат:
- Жағдайы қалай? - деді шыдай алмай.
- Келіншегіңіз аман.
- Шүкір, шүкір! - деп қуанды Болат.
Жалғыз ұлымен шығар-шықпас жаны бар күйден қажыған Әли ақсақал:
- Сәби ше? – деді.
- Сәби... сәбиді ота жасап алдық. 7 айлық шарана. Бар-жоғы 700 грамм. Бірақ, оның қаншалықты адам болып, қанша өмір сүретінін біз айта алмаймыз.
- Екеуін де сақтай гөр, Құдайым! - деп күбірледі ақсақал. Өмір бақи компартияның идеологиясын ұстаным еткен әкесінің аузынан Құдай деген сөзді естіген Болат таңданып қалды. Бірақ Ғазизаның жайы алаңдатып, дәрігерге өтінген кейіппен:
- Келіншегімді көруге бола ма? - деді.
- Әрине, халат киіп алыңыз.
Реанимация палатасы. Аузы-мұрындарына сан түтік жалғап, шиқылдаған аппараттарға қосқан анасы мен баласы жатыр. Екеуі де өмір үшін арпалысуда. Шала туған сәбилерге арналған кувезде (нәресте инкубаторы) ешкінің іш тастаған лағындай кіп-кішкентай болып жатқан сәбиін көргенде әке жүрек шыдай алмады. Ғазизаға бұрылды. Маңдайынан сипап, кешірім сұрады. Көзінен жас ыршып кетті. Жанына жақын 2 адамның өмірін құрбан ете жаздаған өзінің ыссы мінезіне күйініп кетті.
- Науқасқа тыныштық керек. Бүгін ұйықтайды. Ертең келерсіз.
- Бала ше?
- Бала осында болады, анасы да. Өмір үзілмейінше екеуі де ауруханада болады.
Болат палатадан шықты. Әкесіне барып, хабарын айтты. Екеуі ілініп-салынып аурухана ауласына шықты да, сап-сарғыш «Запорожец» көлігіне отырып, ұнжырғасы түскен күйде үйлеріне кетті.
***
40 күн. Баласы мен анасының ауруханада жатқанына 40 күн болды. Шала туылған шарана әлі де өмір үшін күресіп жатыр. Алатыны жасанды қорек. Инкубаторды өз үйіне айналдырып алғандай. Кіп-кішкентай құрсағы көтеріліп-төмен түсіп тыныстап жатқаны тіршіліктің белгісін білдіреді. Мамандар аппарат арқылы жүрек соғысын бақылап отыр. Ана көңіл құрсағынан түлеген балапанын жамандыққа қимайды. 40 күн бойы кувезге зарығып қараумен өткен өміріне де өкінген емес. 40 күн ішінде нәрестесі 4-ақ рет ықылық атып, 3-ақ рет терең тыныс алды. Одан бөлек ешқандай тіршіліктің белгісі білінбесе де, құрсағының қозғалысы көңілге медеу еді. Дәрігерлер «шетінеп кетті» дегенді айтпаса екен деп тілеумен жүрді. Бүгін де періштесіне қарап телміріп отыр. Палатаға Болат кірді:
- Ғазиза, осылай жалғаса бере ме?
- Түсінбедім.
- Енді мына ауруханаға көшіп келуден басқа не қалды?
- Түсінбедім, Болат. Мен саған күнде кел деп жатқаным жоқ.
- Сенің бұл баладан басқа да жақындарың, отбасың бар емес пе?
- Не дегің келіп тұр?
- Бір жағына шығу керек?
- Тіршілік үшін әр секунд сайын күресіп жатқан балапанымды тірідей тастап кетейін бе?
- Білмеймін, шаршап кеттім. Жұмыс. Үй, аурухана, осы үшбұрышты кезіп шаршадым.
- Мен ше? Шарасыздықтан шаранамның бетіне телміріп отырудан шаршамадым ба?
- Бұйырмайтын сәби болса, сол кезде...
- Аузыңды жап... айтушы болма... шық, кет, кет! - деп айқайлап, жылай бастады Ғазиза. Оқыс дауыстан зәре-құты қалмаған медбике жүгіріп келді:
- Не болды? Бала оянды ма?
- Жоқ, мына кісіні шығарып жіберіңіз, мүлде кіргізбеңіз! – деп жасқа булыққан Ғазиза, төсегіне барып, жастыққа бетін басып өкси жөнелді.
Медбике Болатқа ымдап түсіндіріп, палатаның сыртына алып шықты.
- Бұл не қылған аурухана? Не өлтірмейді, не тірілтпейді!
- Аға, ашуланбаңыз. Біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз ғой. Баланың өсуіне уақыт керек. Келіншегіңізді де түсініңіз.
Болат тіл қатпастан, адымдап басып ауруханадан шыға жөнелді. Кешкісін қайын атасы мен енесі келіп, Ғазизаның көңілін жұбатты. Үйге шығуға көндірді. Баланы да аппараттан ажыратып, үйде жылы жерге сақтауға рұқсат алды. 1 аптадан кейін Алматы қаласына апарып қаратуға уәде берді. Осылай, шарана мен сәби отбасына оралды.
***
- Балам, Шерхан, саған әңгіме бар.
- Иә, аға.
- Атаң қайтқалы, 5 жыл уақыт өтті. Бауырларың өсіп келеді. Менің жалғыз өзіме күш түсіп жүргенін көріп жүрсің.
- Иә...
- Сен азамат болдың ғой... – деп әкесі кібіртіктеп қалды, шын мәнінде, баласы азамат болғандықтан емес, өз пайымы бойынша басқа балаларға қарағанда бұл баласының аңғалдығын, жуастығын, ұмытшақтығын, 40 күндік кемдігін ойлап, ертең оқуға түсіп, жұмыс жасап, үлкен ортаға түссе, қоғамнан түрткі, шеттету көре ме іштей қатты қынжылатын. Оны баласына ашық айта алмайды. Сол жанын жегідей жеген уайымының шешімі баласын қасына алып, үнемі көз алдында ұстау деп ойлады.
Баласы мөлдіреген көздерімен әлі тосып тұр. Өзге бауырларына қарағанда Шерханда үлкенді сыйлау, бетіне келмеу қабілеттері басым еді.
- Сен азамат болдың ғой, маған көмектес, бауырларыңды жетілдірейік. Олар да бізді далаға тастамас.
- Ол қалай, аға?
- Сен енді алдағы қыркүйек айынан бастап 8-сыныпты кешкі мектепте оқисың. Күндіз менің қасымда жұмыс жасайсың.
Атасының бауырында өскендіктен «аға» деп атаса да, 8 бауырының арасынан өзіне азамат деп үміт артқан әкесінің бүгінгі таңдауына мақтанып қалды. Әдетте, шалдың баласы деп көп маңайлатпайтын әкенің бүгін жақын тартқаны жанына жылылық сыйлады. Сол мейірімнің тұла бойына тарағаны сонша «Мен мектеп бітіріп, ағаш шебері болсам... Домбыра үйірмесін ашсам... Қазақы жәдігерлерді жинасам» деген арманын да құрбан шалуға дайын еді. Қашанда әкенің жайы мен ананың қамын, өзгелердің жағдайын көп ойлайтын перзент "Неге менің ғана болашағым мен армандарым, басқа бауырларым үшін құрбан болуы керек» деген ойға да берілмеді.
Осылайша бұғанасы енді ғана бекіген Шерхан бар-жоғы 15 жасында еңбекке араласты. Әкесі қандай жұмыс жасаса, қасынан қарыс қадам қалмай бірге еңбек етті. Екеуі гектарлап картоп, сәбіз екті, жазда қарбыз бен қауынға қарық қылды. Еккен өнімдері бітік шығып әрі химиялық қоспаларды қоспай, таза табиғи түрде өсірген өнімдерді алушылардың алғысына бөленіп жүрді. Жер-ана тер төккен қос перзентінің әрбір маңдай теріне өнім беретіндей еді. Еңбек етсең емерсің деген осы болар.
Биыл үлкен ағасы басқа қалаға оқуға түсті. Оқуы тегін болса да, артынан жіберілетін ас-суы, ақша-пұлы әкесінің айлығынан алынатын. Ал сол айлықты табуда оның да маңдай тері көп төгілген еді.
Шерхан күндізгі 8 сағаттық еңбектен шаршаса да, кешкі мектептің партасында отырғанда бәрін ұмытып, білім алуға құштарлығы артатын. Әдетте, кешкі мектепте тәртіпсіз, жасы үлкендеу, сабақ оқымайтындар оқиды ғой. Ал Шерханның жөні бөлек, ол әкесінің өтінішімен оқып жүр.
Кешкі мектептің 27 бала оқитын жалғыз сыныбында сабақты қызығып оқитын 3 баланың біреуі өзі.
- Әдебиет пәнінен берген үй тапсырмасын кім айтады? – көзілдірігін көтеріп тұтас сыныпқа көз жүгірткен ағай қол көтерген екеуді көзі шалды: Әрине, әдеттегідей екеу. Айта ғой, Әлиев. Бұлқышевтің қай өлеңін жаттап келдің?
- Ағай, мен кеше Баубек Бұлқышевтің «Өмір сүргім келеді» деген мақаласын оқығам. Сондағы өмір туралы сөздерінің ұнағаны сонша, жаттап алғам. Соны айтасм бола ма?
- Рұқсат.
- «Біздің өмір сүргіміз келеді. Осыны ауызға тым жиі ала береміз бе, сірә? Жоқ. Менің ойыма Спинозаның бір айтқаны түседі: «Азат адам өзгеден гөрі өлімді аз ойлайды: оның данышпандығы өлім емес, өмір туралы ойлардан туады». Біз ерікті адамбыз, сондықтан өмір туралы көбірек айтамыз. Өмір деген не? Жаңа туған адам дүние есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында бұралаңы көп ұзақ жол – өмір жолы жатыр. Адам бір жоғары көтеріледі, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұралаң жолмен асыға ұмтылып алға басады. Ол ширақ, ол шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан да қорықпайды. Оған қымбат – сол бұралаңы көп ұзақ жол. Мәңгілік өмір – бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда...»
- Жарайсың, отыр!
Осы баланың әдебиетке алғырлығын, нотасыз аспапта ойнайтынын, тиек жонып, бізбен аяқ киім тігетінін, сауатты жазатынын көріп ағайы Оспан іштей «бұл балаға обал жасап жүр-ау» деп қиналатын. Бір айыбы, есепке шорқақтау. Бүгінгі диктантта бір де бір қате жібермегеніне, қазір ғана қара сөздің өзін нақышына келтіріп жатқа айтқанына риза болған ағайы:
- Сен кешкі мектепте не жоғалттың осы? - деді.
Шерхан көзі жасаурап:
- Әкем... Ағама көмектесуім керек, - деді.
Оспан ағай орынсыз сұрақ қойдым ба деп қынжылып тұрғанда, жасы жиырмаға таяса да, сыныптан сыныпқа көше алмай, оныншыны енді оқып жүрген Ербол «Мамасының баласы, жылап жіберші» деп қарқылдады.
Ағай өткір көк көздерімен Ерболға тіксіне қарап:
- Ей, данышпан! Жасың 20-ға келсе де, мектеп бітіре алмай отырып, тесікке күлетін жыртық па едің? - деп зілденді. Сынып ду күлді. Ербол басын салбыратып, желкесін қасыды. Бұл оқушылары алдындағы ұстазға қарсы келу, қарсы сөйлеуді қылмыс санайтын заман еді.
***
Шерхан мектепті де бітірді. Аттестат алды. Бірақ ол тек сандықтың түбінде жататын қағаз. Себебі, оның өмір салты өзгерген жоқ. Керісінше, ол 18-ге толып, жұмысшы ретінде өзі ақша табатындай, мекеменің есебіне алынды.
Күздің қоңыр салқыны қимылсыз адамды тоңазытады. Қыркүйек басталды. Шерхан арқасына кетпенін асынып, өнімі терілген аумақтарды қопсытып жүр. Кенет жақын маңдағы жаңадан ашылған мектептен шыққан қоңырау дыбысына құлақ түрді. Қиялға шомып кетіпті. Қасына осы мекеменің қарауылы мен жүргізушісі келді.
- Қайтадан мектепке барғың келіп кетті ме?
- Жоқ, қоңыраудың даусы әдемі ғой.
- Солай ма?
- Кешкі мектепте қоңырау соғылмайтын. Менің қоңырау үнін естімегеніме 3 жыл болыпты.
Балалықпен ерте қоштасқан аңғал көңіл, арамдығы жоқ, пейілі ластанбаған адаммен сөйлесуді қызық көріп тұрған екеу Шерханға сұрақтың түрін қойып жатыр. Екі ересек адам мынау дүниеге әлі де сәби пейілмен қарайтын азаматты қызықтап, бір жағы аяп тұр. Бірақ әңгімесі қызық.
Егін алқабының ана басынан келе жатқан әкесі бұл көріністі шырамытып келеді. Мына екеудің баласының қасында тұрғалы бері, езуі жиылмағынына ашуланып, түтігіп келе жатыр. Әке пейіл аңғал баласын зіңгіттей екі еркектің «келемеждеп» тұрғанына зығырданы қайнап келеді. Өзгеге не десін, өшін өзінікінен алды.
- Сен клоун құсап жұртты күлдірмей, өз жұмысыңды жаса! Сен екеуің кедергі келтірмей әрі барыңдар!
Жасы үлкенге қарсы сөйлеуге тәрбиесі жібермеген екеу үнсіз кетті. Біз арам ниетпен емес, аңғал көңілдің тазалығына сүйсініп тұрмыз деп айта алмады.
Ал Шерхан көзі жаутаңдап:
- Аға, мен әңгіме айтсам да, қолым тоқтамады. Міне... - деп көрсетіп жатыр. Бірақ ішіндегі өз ойына тұншыққан әке бұрылмады. Шерхан әке тарапынан жасалатын мұндай әрекеттер жанын қанша жараласа да, «шаршап жүр ғой, әкем ғой» деп елемеуге тырысатын. Бұл жолы да сөйтті. Көзіне дөңгеленген жасты сүртті. «Менің жуастығымды жасықтық деп білесің, оны сор санайсың. Бірақ ешкім мені қор санамайды. Себебі мен ауру емеспін. Ешкімге зияным жоқ қой» санасында булыққан осы ойлар қос қолына тыным бермей, қары талғанша қимылдады. Алақаны қызарып, қанталап, жараланғанына да қарамады.
- Бүгін осында қонамыз.
Баласы үндемеді. Қонса, тамақ пісіру керек. Алқаптан помидор, баклажан, картоп теріп әкеліп, тамақтың қамына кірісті. Шәйнек қойды.
Шерханның әзірлеген асын жеп отырып, әкесі баласына мейіріммен қарады:
- Балам...
Бұл сөзді сонау кешкі мектепке ауыстыратын кезде айтқан. Содан кейін ауызға алып отырғаны осы. Шерханның жүрегі тағы қандай жауапкершілік жүктер екен деп зырқ ете қалды.
Әкесі шәйін бір ұрттап, әрі жалғады:
- Сенің арамзалығың жоқ, адамдар туралы да солай ойлайсың. Бірақ бәрі бірдей адал пейілді бола бермейді.
Шерхан іштей келіспесе де, қамқорлықпен айтылған бұл ойға қарсылық көрсетпеді.
- Ертеңнен бастап өрік ағашын егеміз.
- Күзде ме?
- Иә, күзде егіп қоямыз.
- Ол суды көп керек етеді, тұщы суды тамшылатып отырғанда, оған қалай жеткіземіз.
- Сол үшін де күзде егеміз. Күзгі ызғар, жаңбыр, қысқы қар, көктемгі жауын тамырына ылғал өткізеді. Сонда келесі жылы, суды да көп қажет етпейді.
- Жеміс берер ме екен?
- Береді!
Әкесінің айтпайтын, айтса қайтпайтын қырсық мінезі мен еккен өнімін шығару жолында талмайтын еңбекқорлығын ескеріп, өрік өседі деп сенді.
***
Күздің қара суығы басталды. Бұл өлкенің ыссыда да, суықта да ұйытқып тұратын желі бар. Жардай атанды жығатын жел осы секілді. Бүгін де қара бұлттан арылмаған аспаннан аямай төккен жаңбыр тамшыларын әр жерге таратып жіберген асау жел бар-тын.
Жаңбыр жауса жер ырысы деп қуанатын егіншілер бүгін Құдайға өкпелі. Себебі, мына дауыл өткенде еккен өрік шыбықтарын солқылдатып барады. Ертеңгі күні жеміс бергенде, арасы алшақ болсын деп 3 метр сайын еккен жас шыбықтар жел өтінде әрең тұр. Болат баласымен бірге түстен бері әр шыбықтың түбін бекітіп, қасына қазық қағып, байлап әлек. Өткен айда отырғызған 100 түп өріктің әрқайсысын баптау оңай емес. Кейбіреулері желдің күшіне шыдамай, құлап жатыр. Оларды қайта қазып, қайта егу керек. Шерхан құлаған ағаштардың шұңқырын қазып жүр. Бар ойы әкесі басқаларын байлап болғанша, құлаған 30 түпке 30 шұңқыр қазу. Себебі, күні кеше әкесінің құяңы ұстап, белі ауырған еді.
Биыл інісі де оқуға түсті. Ағасы екеуі 2 ай бұрын оқуға кетті. Болатқа көмектесетін Шерханнан басқа ешкім жоқ. Сол себепті әкесіне күш түспесін деп әр шұңқырды жанығып қазып жүр. Жастық жігер мен жалын оты қайратын асқақтатып барады. Кенет нөсер шелектеп төге бастады. Қазған шұңқырдың бәрі суға толды. Бұл кезде әкесі де соңғы шыбығын байлап болған еді. Су толған шұңқырға ағаш екпейді. Күн де батып барады. Болат баласына кетеміз деп ишара етті. Үсті малмандай су, аяғындағы керзі етік балшыққа батып, шаршаған денеге күш түсіре берді.
Оны елеуге уақыт жоқ. Әкесінің соңынан жүгірді. Екеуі алқап маңындағы шағын сарайға кіріп, ыстық шәй ішті.
- Сен үйге жүре бер, мен осында қалам. Таңертең қалған теректерді егуім керек.
- Жоқ, мен де қаламын. Әйтпесе, бірге барайық, бірге келеміз.
- Жалғыз велосипедке екеуміз сыймаймыз.
- Сен отыр, аға, мен қасыңда еріп жүрем.
- Мына қара суықта өкпеңді қабындырасың.
- Қабынбайды. Барсақ бірге барамыз, қалсақ бірге қаламыз.
Осы уақытқа дейін Шерхан не айтса да, «қойшы» деп меселін қайтаратын әкесі, бүгін алғаш рет ұлының баяғы алаңғасар шалабай емес, азамат болғанын сезінгендей. Жасы жігіттікке жақындаған ұлының ер жеткенін іштей мойындады.
Болат баласын жек көрмейді. Тек ұмытшақтығына зығырданы қайнайды. Сеніп тапсырған шаруасын оқсатпай қойғанда қаны басына шабады. Адамға қателесу тән екенін білсе де, осы баланың бар міні 40 күндік кемдігінің кесірінен деп біледі. Ал оның себебі өзі екеніне өкініп кетеді. Өз қолын өзі кесе алмай, бар өшін осы бейкүнә жаратылыстан алады.
Әкесі үстел үстіндегі жарты таба нанды үзе бастады. Суып қалған шәйнекті пеш үстіне қойды. Шерхан сыртқа шығып, жабық жылыжайдан қияр жұлып әкелді. Жалбыз жуып, шәйға қосты. Екеуі үнсіз отырып шәй ішті. Бірі темір кереуетке, бірі 3 столды қосып қисайып ұйқыға кетті.
Ғазиза түнімен ұйықтамады. Жасы 40-қа таяғанда 10-шы нәрестесіне аяғы ауыр еді. «Кешке келеміз» деп кеткен күйеуі мен баласы келмегеніне уайымдады. Сол уайым айы-күні жетіп отырған ананың толғағын шақырды. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Таң сібірлеп атып келе жатқанда, Болат шошып оянды. Өңі мен түсін ажырата алар емес. Дәл қазір қасына бір ақсақал келіп, «ұлды болдың» деді. Оянса, қараңғылық. Ешкім жоқ, ештеңе көрінбейді. Түсінен шошынып, қарманып киіне бастады.
Шерхан оянып кеткен еді:
- Аға, не болды?
- Ештеңе, сен тұрғасын теректерді еге бер. Мен үйге барып келемін, - деді де велосипедке отырып жүріп кетті. Шерхан аң-таң. Бетін жуып алды да, кешеден қалған бір тілім нанды аузына сүңгітті.
Күн ашық екен. Алқапқа барды. Алдымен шұңқырларды судан босатты. Сосын түбіне топырақ салып, 30 түпті отырғызуға кірісті.
Бұл өңірдің бір ғажабы қанша жауын жауса да, сіңіп кетеді. Батпақ балшық болмайды. Кешегі желдің бір құдіреті осында. Шерхан барлық ағашты отырғызып, қазыққа байлады. Еңбекке бел шеше кіріскені сонша уақыт зымырап өткенін байқамайды. Туған күніне ағасы әкеп берген электронды сағаты 15:08-ді көрсетіп тұр. Жарылған алақанының балшық кірген иірімдері қап-қара. Бетін жазда күн, күзде жел жеп құрғатып кеткен. Тек жанары ғана жарқылын сөндірмей жастығын айқындайтындай. Бұл еңбек адамының бейнесі еді.
Әкесі келмеді. Велосипедті де айдап кетті. Енді күтсе, күн батып кетеді. Оның үстіне кешелі бері ас жемеген аш құрсақ ұлып барады. Тәуекел деп бар есікті бекітіп, жаяулатып жолға шықты. Бағына бүгін күн ашық, желсіз тымық. Алқаптан 20 қадам алыстай бергенде есікті кілттегені не кілттемегенін ұмытты. Ашық тастауға болмайды. Кері жүріп, қайта барды. Кілттеген екен. Көңілі орнына түсіп үйге беттеді. Осы ұмытшақтығы өмірінде қанша рет кедергі болды. Бірақ, одан құтыла алатын емес. Шерхан бұл әдетіне қанша ашуланса да, бәрібір өзгермейтінін біледі. Сол себепті оны трагедия қылмай, екі жүрсе де, ашулана бермейтін.
Көлік жүретін жолға жеткені сол еді, алдынан ақ шаңқан волга келіп тұра қалды. Терзесін төмен түсіріп:
- Шәке, ассалаумағалейкум! - деді. Бұл ауылдас ағайыны Шыналаш.
Шерханды көріп, зулаған көліктің тежегішін баса салды.
- Уағалейкумасслам!
- Жол болсын!
- Әлей болсын!
- Ауылға ма?
- Иә ғой.
- Кеттік, отыр.
Осылайша көзді ашып-жұмғанша үйге де жетті. Шерхан жолға шықса, таныс көлік кездесе кетеді. Оның жаяу жүретін кезі сирек. Осыған қарап анасы оған «Ақперіштем» дейтін. Бұл жан баласына жамандығы жоқ баласының алдынан адамдығы жоғары жандар жиі кездесетініне шүкірі еді.
Үйге келсе, әкесі қалаға кетіпті. Анасы перзентханада. Ұлды болған екен. Бұған қатты қуанды. Інісінің кешегі дауылдатқан емес, бүгінгі ашық күнде дүние есігін ашқанына риза еді. Себебі, бауырларының көбі қырсық мінезді, қатты. Осы баланың мінезі жайлы болса екен деп іштей тілек етті.
***
Сәуірдің мамыражай күндері өтіп жатыр. Биыл жауын көп болса да, амалдар аса салқын болмады. Болаттың егін алқабы аппақ гүлге оранып тұр. Бұл былтыр күзде егілген 100 түп жас шыбық, бойлары аса өспесе де, бүршік жарып, айналаны аппақ гүлге орап тұр. Сырттан сырын білмейтін адам қараса, жапондардың сакура бағындай құлпырған алқапты көріп таңғалар еді. Құдай қимылдағанға береді, еңбек еткен жер-ананы емеді деген осы ғой. Енді 1 ай ішінде гүлдер бүршікке, бүршіктер жеміске айналары сөзсіз. Төгілген тердің еш кетпегеніне қуанған Болат бұл кездері көңілді жүр. Өзінше іштей күзде дүниеге келген Кенжебайдың ырыс-несібесі деп топшылайды. Қазақы ұғым ғажап қой, әр жақсылықты бір ізгілікке балап, болашақтан игілік күтеді. Үміт етеді.
Қара күзде қиындыққа мойымаған екеудің еңбегі ақталды. Маусым айының басында 100 түп ағаштың барлығы төгілте жеміс берді. Күні кеше топыраққа енген жас шыбық болса да, әр терек 5-6 килодай өнім берді. Дәмі бал татиды. Ең ғажабы, бұл өңірде өрік өсіп тұрған алғашқы оқиға. Бәлкім, ертерек ексе, ертерек өсер ме еді. Бірақ табиғаты қатал, ыссы және құрғақ әрі тұщы судан таршылық бар мекенде кім егін егуге құштар болды дейсің. Бұл тәуекелге барған Болат еді.
Бұл оқиға жарғақ құлақтары жастыққа тимейтін журналистерге жетіп, олар да келіп сан сұрақтың астына алған. Облыстық газеттің алғашқы бетіне баласы екеуінің кетпен ұстап өрік ағашының саясында тұрған фотосы мен «уылжыған өрікті аузымызғы салғанда ауыз суы адамға тапшы мекенде суды ысырап етпей, тамшылатып суарып, өрік өнімін алған әке мен баланың маңдай терінің тәтті дәмін сезіндік» деген мәтін біразды таңғалдырған. Тақырыбының өзі «Өрікке өмір сыйлағандар» деп қойылғаны тапқырлық еді.
Өзінің күш-қуат, ақыл-ойы мен еңбегіне сеніп, соның арқасында бейнеттің зейнетін көрген Болат биыл өзіне және баласына риза болды. Болаттың ерекшелігі не жасаса да алдымен ғылыми негізін кітаптан оқып алатын. Жалғыз боп өсіп жас шағында еркелік пен кежірлікті ауыздықтай алмағандықтан жоғарғы оқу орнын оқып, диплом алмаса да, кітап оқуда алдына жан салмайтын. Оның егін алқабындағы сарайында көкөніс пен жемістер туралы, олардың күтімі туралы кітаптар көп. Бұл жолы да өзіне жаңа кітап сатып алды. «Экзотические фрукты» деген орыс тіліндегі кітаппен қорын көбейтті.
Ал Шерханға жаңа домбыра әперді. Еңбекқор баласының қолы қалт етсе, домбыраға үйірсектенетінін жақсы біледі. Жасы жиырмаға жеткенде әкеден алғаш рет сыйлық алып тұрған ол көз жасын жасыра алмады. Әншейінде жылағанын көрсе «ез емес, еркексің ғой» деп зекитін әке бұл жолы үндеген жоқ. Өрік маусымы бітіп, енді келесі өнім пісіп, терім басталғанша 1 апта уақыт бар. Жұмысы сәл жеңілдеп, егін суарып, арамшөп жұлады. Бос уақытында домбырасын дыңғырлатуға көп мүмкіндік бар.
Шерхан шынымен бақытты еді. Өйткені бақыт дегенді басқалардан басқаша түсінетін. Оның ұғымындағы бақыт дені сау боп, еңбек ете алу және өзі қалаған, жанына жақын іспен айналысу. Менде мұның бәрі бар, демек, мен бақыттымын деп сезінетін ол. Расымен, бақыттың формуласы болушы ма еді? Оның критерийлері де жоқ, асылында, бақыт деген өзіңді бақытты сезіну болар.
***
Еңбекке ерте араласқан жас бала бүгінде қырықтың қырқасынан асып, елуді еңсеруге таяған жігіт ағасы болған. Әкесі екеуі тырмысып жүріп, екі аяқтың күші, екі қолдың қуатымен, жер еміп бауырларының бәрін аяғынан тік тұрғызды. Бүгінде әрқайсысы бір шаңырақтың иесі. Бәрі жоғары білімді, мансаптары да бар. Бірі қалада, бірі осы ауылда тұрады, әркімнің өз қазаны, өз қайғысы өзінде.
Отбасындағы баланың есебі бойынша екіншісі болса да, қара шаңырақ Шерханға бұйырыпты. Қарт ата-ана да өзінің қолында. Бауырларының болашағы үшін арман-мақсатын құрбан еткен ол әлі де өзі еңбек етеді. Жас шағынан ыссы мен суықты елемей қара жұмыс жасаған кезден бойына жинаған салқыны, белі мен аяғына дерт боп жабысса да, 15 жасында алған әке аманаты әлі өз мойнында еді. Мен сендерді оқыттым, денсаулығым сыр берді, енді сендер маған көмек етіңдер дейтін санасқан пейіл бала көңіл Шерханның санасында ешқашан қылаң беріп көрмепті.
Бауырлары да мұны біліп, оған я әке-шешеге көмек етіп қасында тұрайық деген ойды айтпайды. Демалыс-мерекелерде бас қосып, арасында материалдық және қол көмегін көрсеткендері болмаса, қара шаңырақтың тұтастай ауыртпалығын көтеріп, жауапкершілік алуға ешкімнің ниеті білінбейді. Бала жастан өз жағдайларын ойлаған олар үшін бұл қалыпты құбылыс сияқты.
***
- Әке, әкетай... Шерхан алғаш рет «аға» емес әке деді. Себебі сексенге келген әкесі соңғы күндері сырқаттанып, төсек тартып қалған еді. Күнде 1 кесе көже ішетін. Бүгін нәр татпады. Көзін төбеден алмай жатқан. Қазір баласына қарап ымдады.
- Ба – лам...- бұл сөзді 60 жыл ғұмырында 3-ақ рет естіген оның көңілі босап кетті. Бұл да өмірінде алғаш рет, жасы алпысты алқымдағанда «әке» деп тұр.
- Сен ө-мір-ге кел-ген-де... қат-ты қи-нал-дың...
- Әке, жаныңды қинамашы. Өтінем, қажеті жоқ. Болат саусағын көтеріп, сөзімді бөлме деп ишара жасады. Әріректе отырған анасы да:
- Ақырғы сөзі болар, тыңда, балам, - деді.
- Се-нің сол а-за-бы-ңа мен кі-нә-лі. Ке-шір, а-за-ма-тым. Көп ә-ре-ке-тім-нің се-бе-бі сол. А-наң ай-тар... мен са-ған ра-зы-мын. Ү-кі-ле-ген-дер е-мес, ү-мі-тім-ді сен ақ-та-дың...
Осы сөздерді үзіп-үзіп әрең айтқан әкесінің қос жанарынан төгіліп бетін жуған жас, иегінен тамағына төгіліп жатыр.
- Әке, менің саған өкпем жоқ. Жақсы көремін. Сен маған жақсылық тіледің, - деп еңкілдеген Шерхан әкесін құшақтап үстіне құлай кетті.
Әкесі баласының басынан сипап жатып, ішінен кәлимасын күбірлеп, бұл фәнимен қоштасты. Ақырғы демі үзілді. Анасы дауыс шығарды, басқалар да жинала бастады.
***
Қара жердің қойнауына тапсырған әкесінің басында тұрған Шерхан анасына:
- Апа, әкем айтқан не азап еді? – деді.
Анасы көз жасын бір сығып алды да, қырсықтау мінезі бар, бірақ жүрегі жұмсақ, шкейде шексіз мейіріміне тұншықтырып тастайтын шалының әлі кеппеген топырағын ұстап отырып, Шерханның қалай дүниеге келгенін, өмір үшін күресін, бұл өмірлік бола тұра, 90 күн тоқтаусыз ем алғанын, 7 жасында құдыққа түсіп кетіп, тұншығып, тағы да тіршілік үшін арпалысқанын, әкесінің мұны қасынан тастамай жүргендегісі өзгелер өкпелетпесе екен деген мейірімінен екенін айтып берді.
Әншейінде көңілі бос Шерхан бұл жолы жанарын шылаған да жоқ. Тек терең күрсінді.
- Әкеңді жек көріп кетпе, құлыным. Сенің армандарыңды өзгелер үшін құрбан еткенін кеше гөр. Ол басқаларын сенен артық көргендіктен емес, сені өзгелерден қорғаған түрі ғой...
Шерхан шешіліп сөйлей алмады. Ешкімге кектенбеді. Апасын үйге апарып салды да өзі, егіс алқабына кетті.
Егіс алқабы қазір жекеменшігінде, аумағы да қысқарған, көлемі де азайған. Ол мұнда қолы тигенде ермек қыламын деп аз-мұз өнім салған. Әкесі еккен өрік ағаштарының 3 түбі қалған. Басқасы қартайып, жеміс бермей, сорайып өсе бергесін, жер-ана тынықсын деп кесіп тастаған еді, жақында тамырларын да қопарып тастады.
Өрік бермесе де 3 түп ағашқа әкемнің еккені деп тиіспей жүрген. Бүгін де сол теректің көлеңкесіне отырды. Өткен күндерді есіне алды. Жүрегін тыңдап көріп еді, арасында қалған көңілдің кейістері болмаса, өкпе де, өкініш те жоқ екен. Керісінше, әр сәтін бақыт деп біледі. Өзінің өзге бауырлары үшін, өз отбасы үшін әкесіне сүйеу боп көмектескенін, ерте жастан еңбек еткенін де бақыт деп санайды. Адал еңбек, маңдай термен, ешкімге қол жаймай өмір сүрген қос алақанына, қажыр-қайратына шүкір етеді. Денсаулығы сыр берсе де осы өмірінде ешкімнен бір үзім нан сұрап көрмегені үшін қуанады. Еккен өнімнің дәмін татқан жүздеген адамның алғысын алу да шаттық сыйлайтын еді.
Дүниеге келген сәттен бастап өмір үшін күрескенін кеш білсе де, өзінің әр күні өмір үшін күрес екенін түсінді. Сол күрестегі әрбір жеңіліс – сабақ, жеңіс – қуаныш, қосыла келе екеуі бақытты құрапты. Себебі, бұл ешкімге бұйырмаған өз өмірі, жақсысы да, жаманы да өзінікі. Сол үшін өзіне де, әкесіне де, өмірге де риза.
Өз ойын «Бір күн сүрінермін, бір күн түңілермін, бір күн күйінермін, бір күн мақтанармын, бір күн шаттанармын, әр күнім менікі, әр күнім бақыт, себебі, өмір менікі! Сол жарық дүниеде өмір кешкен менің қозғалыссыз, еңбексіз өтуіме қақым жоқ» деп түйді. Түйіні түйілген көңіл, қолына күрегін алып, өріктің түбін қопсытты. «Жарықтық, сені еккен адам да өмірден өтті, өнім бермесең де, сен өмір сүре берші» деп теректің сидиған бұтақтарын сипады. Қолына шелегін алып, ара-арасынан ерте піскен қияр, қызанақтарды жинады. Үйдегі тілі балдай, қылығы тәтті немересіне құлпынай терді. Ойлап қараған адамға осының бәрі бақыт еді.
Бұл уақытта Шерханның ағасы Ерман мен інісі Ерлен үй алдына контейнер әкеп қойып жатқан. Оның ішіне ағаш кесетін, жонатын, өңдейтін түрлі құралдарды қойып, кешегі күні бала шағымен қоса болашағын да бауырлары үшін құрбан еткен Шерханға алғыс айту үшін осы шағын шеберхананы жасатқан еді.
Шеберхананың төрт қабырғасына 4 түрлі сурет салынған. Біріне қолына кетпен ұстап, бас киімі қисайған қара бала, екіншісінде ағаш көлеңкесінде домбыра тартып отырған жігіт, үшіншісінде өрік теріп жүрген әке мен бала, төртіншісінде бауырларының ортасында, қара шаңырақтың қақ төрінде отырған ақсақалды ата. Шебердің үстелі мен орындығы да қазақы нақышта жасалған екен.
Бір бұрышына киіз үй формасында жасалған макет қойылған. Оның ішінде қазақы жәдігерлер бар. Макеттің үстінде қамшы мен домбыра ілініп тұр. Домбыраның шетіне «Шерхан бауырымызға» деп жазылған.
Шерханның ағаштан әртүрлі дүние жасайтын ісмерлігі барын бауырлары жақсы білетін. Жақындап келе жатқан туған күніне сыйлықты осылай жасағанды жөн көрді. Қолы қалт еткенде сүйікті ісін ермек қылсын деген пейілдері еді.
Эпилог
«Біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз. Заман біздікі. Өз заманымыз үшін жан пида». Бұл қанмайданда елі мен жері, Отаны үшін жаумен аяусыз соғысып жүрген жауынгер Баубектің сөзі. Шерхан да сол бабаның үнімен үндесетіндей өмір кешкісі келді. Соғыстан кейінгі кезеңде дүниеге келген әр перзенттің жүрегінде бабаның қайсар рухы, қуатты сөздері жатталып, болмысына сіңіп өскені даусыз.
Иә, Шерхан, өз өмірі үшін күресті, бірақ ол өзі үшін күрес емес еді. Өзінің болмысы, қамқорлығы, мейірімі мен еңбегі арқылы қаншама адамдарға өз пайдасын тигізді. Өз замандастарына үлгі болатындай өмір кешті.
Кейде қайсарлықты адуын мінезбен, табандылықты қайтпайтын қырсықтықпен шендестіріп мінезді деп сипаттап жатады. Бірақ өмірде өзінің қарапайымдылығы, аңғалдығы, адамсүйген жүрегімен өз мақсатына ұмтыла беретін болмысты адамдар болады. Өмір үшін күресте қайсарлық танытқан Шерханның табандылығы талайды таңғалдырар ма еді. Ештеңеге мойымай тек қана алға ұмтылып, әр сәтте бақытын сезіне алатын болмыс та екінің біріне бұйыра бермес.
Әрбір жүректе өмір – менікі, заман – біздікі, өмір сүргім келеді, бүгінгі игі іс ертеңгі ұрпақ үшін деген пейіл болып, ол әрекетке айналса, заманның жаманы болмайтыны анық. Заманды жасау адамның қолында екенін ескерсек, әрбір болмыста еңбектен бақытын тапқан Шерханның пейілі тұрақтағаны абзал-ау.
Сіздің өмір сүргіңіз келе ме?
Ақмарал Досымбетқызы,
Индер ауданы, Атырау облысы
