Мінез бен мейір
Ол қаншалықты мінезді, қатал көрінгенімен, соншалықты жұмсақ, мейірімді еді. Онысы - заңдылық. Адамзат жаратылысының өзі тұтас бір амплитудалардың жиынтығы ғой. Тарихи тұлғалардың қашанда қайшылықты келетіні де рас.
Көкейде қалған көп жайттан кейбіреуін ғана талғап, жетпіс жылдығы қарсаңында Рахымжан Отарбаевтың адами бейнесін ашуға үлескерленген екен деп қабылдағайсыз. Иә, кейбіреуін. Әйтпесе ол кісінің жанындағы кездерімде талай танысына, талай тынысына куә болғанбыз.
Бірер күндікте Сәуле жеңгей бір қызметтік «Арыз» жариялады. 1988 жыл екен. «Жалын» журналының бөлім редакторы Рахымжан Отарбаев бас редактордың орынбасары Мереке Құлкеновтен «Жұмысқа уақытында келіп-кету үшін «Москвич» автомашинасын алуға көмектесуін сұрайды». Арыздың да, айтулы мінезінің де қолтаңбасы тұр мұнда. Айтса, айтылғандай, бүгіннің көзімен расында тарихи қолжазба-жәдігер. Кеңірек қарасақ, сол кездегі баспасөздің әлдеқайда өткір әрі пәрмендірек болғанының үлгісін аңғару қиын емес.
...Рахымжан Отарбаевтың бертінде, Махамбет театрының көркемдік жетекшісі кезінде, директоры Берік Жәменовке жазған қызметтік хаты есіме түсіп, тағы бір күліп алдым. Былай дейді ішінде: «Ат сүрінген жерден амал табатын бала едің ғой...». О заманда, бұ заман, есі түзу қызметкер ресми бастығына осылай хат жазатын ба еді?! Рахам жазды - жаза да, айта да алды. Онысына Берік інісіне мектеп кезінен ұстаздығын қосамыз, әлбетте.

Рахымжан ағасының ізімен осынау атпал азамат Берік Қилекешұлы да көп ұзамай тұтқиылдан ақырғы сапарына аттанып кете барды. Ағайдың ең адал, ең айтулы інілерінің санаткері Берік Жәменов болғанын нығыздап атап өтуіміз керек. Тірліктің анау-мынауымен жүріп, қатардағы бір сенбі күні Бекемнің телефон қоңырауын көтере алмаппын. Аса сирек өкінішімнің біріне айналды осы оқиға. Өйткені әлгі қоңыраудан арада екі сағат өткенде Берік ағамыз дүние салғаны жөнінде қаралы хабар тарады. Не айтпақ болды екен?
Осындайда ойға оралады: Есенғали Раушанов «Дулат пен Төлен» эссесінде өз дағдысымен бірде қызметінен хабары мақұрым «Министрлік өкілін» келеке қылатыны бар еді. Сөзбе-сөз келтірейік: «Ойдойт» деймiн iштей. Шаруасына келсек, кiтап шығарудағы «есептiк баспа табақ» пен «шартты баспа табақтың» айырмашылығын түсiнгiсi келедi екен. Бiз оқыған кезде бұл - бiрiншi курстың баласы бiлетiн «әлiп». Миына бiрдеңе жетер ме деген үмiтпен «оны мен де бiлмеймiн, оны бiр бiлсе, Тәкен Әлiмқұлов бiледi» деймiн. «Ендеше, маған Тәкенiң телефонын тауып берiңiзшi, ол қай баспада?» дейдi «отағасымыз». Ендi мен саса бастадым. «Тәкең командировкаға кеткелi көп болды ғой» деймiн күмiлжiп. «Қашан келедi?». «Қашан дейсiз бе? Қайдан бiлейiн, қарағым, әзiрге ол жақтан қайтқан ешкiм жоқ едi...». Есағаң айтқандай сол, «іссапардан көптен оралмай жүрген, телефонын көтермейтін» айналайын ағалардың жыл санап көбейіп бара жатқаны жан жаралайды.
Әлгінгі қызметтік хаттан-ақ аңғарылғанындай, Рахаңның айтқыштығы, әзілқойлығы - бір бөлек әңгіме. Бұл - адамның шымыр логикасының айғағы. Өз сөзімен келтірейін: «Театрға көркемдік жетекші болып келдім. Кабинетімде сейф жоқ екен. «Табыңдар» деймін ғой. Сөйтсе, ешкімде жоқ. Тек бір актёр балада бар көрінеді. «Алып кел» дедім. Ол жолатқысы жоқ... Қаным қарая бастады. Сұрастырдым: Архат өзі кім еді, қашан келген театрға?... Сосын қайтадан шақырып, айттым: әй, сен өзің бізге күйеубала екенсің ғой. Сейфті қазір алып келесің немесе қарындасты қайтарасың. Содан екеуіміз де мәз болдық».
Осындайын іні-қарындастарына қамқор көңілі ерек болғаны - бүгінде жұртшылыққа жария. «Жақсының ісі - жария, жаманның ісі – құпия».
Іні-қарындас демекші, театр демекші, айтпай кетпеу керек, өткен аптада әлеуметтік желіде мынадай постымыз жарияланды: «Адамша қуанып қалдым. Жалғанда жалғызымдай қимас Асхат Ерболатұлы Атырауымыздың Махамбет театрының директоры лауазымына тағайындалды. Әр ортада айтып жүретінбіз: Зәкүн қуатымыз болса, Асхат Мұсаға «ҚР Халық әртісі» атын ойланбастан беруші едік...» Бұл посттың астына Сәуле Отарбаева жеңгем пікір қалдырыпты: «Рахымжан Ұстазы-ағасы кеткелі отбасынан хабарын бір үзбеген Асхат қой ол. Адамдығы сондай. Ағасынан көрген өнегесін, титтей жақсылығын ұмытпайтын асыл қасиетті азамат ол».
Білуімізше, Рахымжан Қасымғалиұлының театр фестивалі биыл да ұйымдастырылып жатыр. Дәстүрлі, стратегиялық шараға айналғаны қуантпай қоймайды. Тегінде әрбір ізгі, игі амалға кім-кімнің де қуана білуі абзал. Фестиваль алғаш өткізілген жылғы оқиға ойымда. Атыраудағы рухани той тарқаған күндер еді. Рахымжан ағаға мәдениет саласының сол жылдардағы жетекшісі хабарласа қалды. Дауысы сынық. «Халықаралық іс-шара өткізесіздер. Адаммен ақылдасуды білмейсіздер» дей бастап еді. Біздің Көркемдік жетекшіде қай бір шыдам бар дейсің, шарт кетті: «Әй, (есімінің жартысын атамады да), өзіңе үш рет звандадым, көмекшіңе бес рет звандадым. Көтермедіңдер! Байланысқа шықпадыңдар. Айтшы, сонда мен көрпе-төсегімді көтеріп барып, кабинетіңнің алдына түнеуім керек пе еді?!». Қылпылдап мен тұрмын. Бірақ осы мінезді көрсетіп жүрмесе де, болмайды екен-ау.
Ерболат ҚАМЕН,
Астана.
