Мирас Асан – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, өлең өлкесіндегі шоқтығы биік ақындардың бірі. Ақын қаламынан туған тың шығармалар қалың оқырманның көңілінен шығып, жансусарына айналуда. Жақында ғана «Соңғы раушан», «Бекзат» секілді жыр жинақтарының қатарына шайырдың «Сүйесің, жүрек, сүйесің» кітабы қосылып, әдебиетсүйер қауымға жол тартты. Біз Мирас Асанның осы қуанышына тілектес бола отырып, бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Бұл күз бізді неге есіне түсірді?
Қарсы отырмыз – бақыттылау пішінді...
Даяшы ұл дәм мәзірін әкелді,
Даяшы қыз ән мәзірін ұсынды...
Кезек-кезек ойнап жатқан саз да, Алла-ай,
Суыртпақтап сыр тартады сөз барлай...
Күллі әннің кейіпкері сен сынды,
Күллі әннің мәтінін мен жазғандай...
Бұл не сезім,
батты әп-сәтте жан мұңға,
Махаббат па,
басқа салған тағдыр ма?
Ойша бидің құшағында тербелдік,
Ойша үйдің тұрдық ұзақ алдында...
Сен алыстап, жақындауда өзге алыс,
Боза түскен бода-бода боздады іш...
Сені мүлде сүймегендей бұрылыс,
Мені мүлде сүймегендей қозғалыс...
Ғашықтықтың сырқаты іште қашанда,
Екі бетте қарсы отырмыз қос арна...
Тік қарауға болушы еді, о саған?
Тіл қатуға болушы еді, о сонда?
Үнсіз іштен төгіл, төгіл ән-жырым,
Үнсіз іштен егіл, егіл жан гүлім...
Бұл шақ менің ең аяулы сезімім,
Бұл сәт менің ең аяусыз тағдырым.
***
Қазір күйім біркелкі,
Қазір мінез біртоға...
Кейде құштар жырға еркім,
Кейде жауым – жыр, тоба!..
Өз миым – көл, малтыдым,
Өз жүрегім – жар жұмыр.
Ас қорыту – жарты күн,
Ой қорыту – бар ғұмыр...
Бүгінгідей – кешегі,
Көзімді ашып-жұмамын...
Ақша бұлттар көшеді,
Ақшам ұзақ тұрады...
Жүрек неге тулайды,
Мүмкін, мені сынады?
Өлең күнде тумайды,
Газет күнде шығады...
Кейде жалын от дұрыс,
Кейде жанға обал-ақ!
Қазір көзім төртбұрыш,
Қазір сөзім домалақ...
Кейде өзіме кектенем,
Кейде өзіме қамығам...
Туған күнді жек көрем,
Туған жерді сағынам!
Осы күні ой қайғы,
Тіпті, жауым сыңайлы:
Шәйнек соған қайнайды,
Әйнек содан жылайды...
***
Махаббат – өзің ғана білер шындық,
Шыңырау жүрек зындан – жіберсе үңгіп...
Тағдырым көзсіз жылап, сөзсіз сүйген,
Әйтпесе мен тұтқында жігер сұмдық.
Айтылмас сезімдердің зынданы – мен,
Ондағы тұтқын да өзім мұңға кілең!..
Ойлаппын бұл дүниеде жоқ деп сені,
Күллі әлем өзің болып тұрғанымен...
Анық даңқ мұнараның тұғырында,
Көп жұрттың күмбезді атақ ұғымында...
Шын сезім жүректердің түкпірінде,
Айтылмай кету керек ғұмырында...
Махаббат тек қиялда сүреді өмір,
Қалады бірте-бірте біле көңіл...
Шашқандай қыз бақбақты бақыт санап,
Басқандай күз қыратты сіре қоңыр...
Махаббат бүтінде емес, сірә, кемде,
Төзімнің ең қиыны мына менде:
Алапат бір әлемді ішімдегі
Айта алмай өтіп барам бір әлемге...
ҰЛЫМ КЕТІП БАРАДЫ МЕКТЕБІНЕ
Қарындашы жап-жаңа ұшталмаған,
Қаламсабы жап-жаңа ұсталмаған,
Жейдесі де дәп-дәл шыт кірлемеген,
Дәптері де су жаңа тысталмаған,
Ұлым кетіп барады мектебіне,
Биік шыңға балапан беттеді де!
Құлдыраңдап қояды құлыншақ ұл,
Қолы құлын жалына жеткені ме?
Әліппесін қолтыққа қысқан көкем,
Әріп көшін танымақ ұстам бекем!
Сондай құштар өмірге, сондай ынтық,
Өмір де оған дәл сондай құштар ма екен?
Сөмкесі үлкен өзінен арқалаған,
Тақта да үлкен, білемін, парта да оған...
Бес күн жалған ой жүгін барады асып,
Бестегі ұлым ойыны тарқамаған...
Білім – бәйге, жарысқа жан сал күшпен,
Тәкаппарлық көрсетпе, болсаң да үстем.
Ақ құрт шашып анашың сыртта қалды,
Ақ бор ұстап ұстазың қарсы алды іштен.
Алда сенің ақ арман, арай гүлің,
Ақыл айтар дәл бүгін орайлы күн:
Сөзін бөлме ұстаздың һәм сөзге ерме,
Сөз болғаннан жаман жоқ, абайла, ұлым.
Халықшыл бол қаһарман Хақ қолданған,
Қылықтарға ұнамсыз жат бол жаман.
Бірді бірге қосуды үйрен, дұрыс,
Бірді бірге соғудан сақ бол, балам.
Ақтап үміт, арқамның босат жүгін,
Қыран – Сенсің, Тудағы шашақты Күн!
Тарихың бар Күлтегін тасқа жазған,
Сол тарихқа ешқашан тас атпа, ұлым.
Жырақ қалма қызықты жыр-ән кештен,
Шындыққа да берік бол шыған көшкен.
Алты құрлық, төрт мұхит – барлығын сүй,
Алты Алашты бірақ та шығарма естен.
Кетпес, білем, кей сөзім бірден ұнап,
Ойыныңнан кетпегін мүлде жырақ.
Ала допты болады сәл қууға,
Ала жіпті аттама мүлде бірақ.
Қуанышпен қарсы алды бұл күнді атаң,
Құрақ ұшып қарсы алды бұл күнді апаң.
Қоңырауыңды алғашқы сенің тыңдап,
Омырауымды жас жуып тұрмын, ботам.
Күтеді алдан әлі сан сапар, сарай,
Сол жолдарда ағартқан әкең самай.
Мектепке анаң апарса қалай бүгін,
Меккеге ертең сен де оны апар солай!
Көздерімде қуаныш лағылы ойнап,
Қадамыңа қараймын бәрін ойлап...
Тарыдай боп мектепке кірген саған
Таудай талап тіледім, тарыдай бақ.
***
Бәрі жалған, маңайым жылтыр күлкі,
Ойлайтыны пенденің – құлқын құрты!
Марапаттап ұсынған гүлің – тікен,
Жарақаттап сөйлеген ұртың – түрпі!
Біз бір адам едік қой кемедегі,
Өлеңге обал емес пе өредегі?
Ақымақ боп ойнайсың неге үнемі,
Батырақ деп ойлайсың неге мені?
Кемемізді жарға әкеп соғып, құрып,
Бәрі жақсы дейміз бе, көніп, тынып?
Күліп тұрған көздерге қалай сенем,
Бүгіп тұрған бармақты көріп тұрып?
Шын айнасы шындықтың – жанар тұнба,
Ақиқатты жасырман жан алқымда!..
Айқара ашық құшақ тұр неге алдымда?
Айпара асыл пышақ тұр неге артымда?
Өр биіктен құладың – өзге асыл деп,
Құпия жоқ ашылмас, қоздасын кек!
Күліп тұрмын өтірік – әз басым – доп,
Жылап тұрмын өкіріп – көз жасым жоқ...
Дарға асылып, сыртымнан мен де атылдым,
Көлгірсудің жөні жоқ енді, ақылдым!..
Салқындығын не істеймін ет жүректің,
Сатқындығын не істеймін ең жақынның?!.
***
Бір сезім болады байқалмай жететін,
Бір сезім болады айта алмай өтетін...
Құрлықтар сияқты сілкініп көрмеген,
Мұхиттар сияқты іркіліп шөлдеген...
Бір сезім болады, ренжіме, кек соңы,
Бір сезім болады, бақытты етші оны...
Қоңырау сияқты белгісіз нөмірден,
Саңырау сияқты еститін тек соны...
Бір сезім болады ұнатып көрмейтін,
Бір сезім болады жұбатып келмейтін...
Өмірге ұқсайтын күлдіріп алатын,
Өлімге ұқсайтын жылатып жерлейтін...
Бір сезім болады таусылып бітетін,
Бір сезім болады жүйкеңді түтетін.
Бір саты сияқты пәтерден шықпайтын,
Бір сәкі сияқты аулада күтетін...
***
Неге алыс қол созым жер мына қысқа,
Қос тағдыр қарсы отырдық ұлы ағысқа...
Біреуміз ескерткіштей қайғы-мұңға,
Біреуміз ескерткіштей қуанышқа!
Отырмыз қарсы қарап жат һәм таныс,
Әңгіме – жұмыс, өлең, тапқан табыс...
Сүйісіп көрші үстелде қояды екеу,
Түйісіп шексіздікте жоқ қалтарыс...
Бізде ше, бізде мүлде басқа қалып,
Тәбет жоқ тапсырылған асқа да анық...
Отырған адамдай сіз босқа келіп,
Отырған адамдай мен босқа барып...
Ғажайып орындалмас сәтті тілеп,
Бәрін де көзбен айтып жатты жүрек...
Болмаған оқиғадай бүгінгі кеш,
Жазбаған хикаядай хат құдірет!
Ауыспай сол отырыс, сол мәнерде,
Бір жұмбақ қалды ауада, сәнді әуенде...
Сіз кеттіңіз дәлізді бойлап ұзақ,
Мен қалдым ішімдегі мәңгі әлемде...
Бұл не өзі, анық мұң ба, бұлдыр бақ па?
Бөлеген бізді не күй түн құндаққа?
Пәрменім жүрмейтіндей бұл жүрекке,
Дәрменім жетпейтіндей бұл жұмбаққа!
***
Тұлғаға айнала алмай тұғыры емен,
Өтуде күндер зулап ғұмыр ерен...
Кете алмай өз ұлтымды айналсоқтап,
Жете алмай өз жүрегім түбіне мен...
Келемін елдің туын ұстамай тік,
Жүремін берген жолмен дұшпан айтып...
Жөңкуде жылы жаққа жылпос, жақұт,
Кететін жыл құсындай қыста қайтып...
Кездігін тамағыма таман кенеп,
Ездігін ерлік қылды жаман кенет!
Тортасын солар жепті қазынаның,
Малтасын мен езіппін, маған не жоқ?
Жоқ Оған бұл қазақтай тегін тұтқын,
Кененің дегенім бос кегін тұттым...
Қазанның дауысына да мен телмеңдеп,
Азанның дауысына да мен үркіппін...
Біздікі – кейде мақтан, бақас қылық,
Қаншықпен бұралқы ойым отасты ұлып...
Ұлдан құл ұпайы асса – менің кінәм,
Ұлт қамын ұрт қамымен шатастырып...
***
Жадыра, сен бүгін
Дүкенге бұрылып соға сал,
Біз үйде отырмыз – тас бұғау.
Ұлыңа тәттіден ала сал,
Ал маған – ащылау, ащылау...
Сен дәріханаға кіре сал,
Үйге кел, айтамыз мәнісін...
Ұлыңа дәрумен – үлес ал,
Ал маған – жүректің дәрісін...
Сен жұмыс орныңнан, суырманың
Ішінен, ұмытпа – бұл да ізгі,
Ұлыңа – «Балдырған» журналын,
Ал маған – «Жұлдызды».
Сабағың жағына барып көр,
Уақыттың ұғам тар екенін...
Ұлыңа кілең бес алып кел,
Ал маған екілік жетеді...
Біз одан, ұлым һәм өз басым,
Даярлап қоямыз, мүмкін, ем...
Тәп-тәтті күлкі мен
Ап-ащы көз жасын...
Көрмей сүю – шын ғашықтық, шын азап,
Махаббатта құдайлық бар мінәжат!
Махаббатта жалғыздық бар тұтқындық,
Мен тұтқынмын,
Сіз тұтқынсыз,
Кім азат?!
О, сұлулық!
Шашқан арай шұғылам,
Сіз бар жердің бәрі құтпа, құбылам.
Төбем құсқа ұя болып сүйемін,
Шарап толы менің аңыз құмырам.
Сізді айтпасам қалтырайды тән мұздық,
Сізді айыптасам жарты қайғы жан күздік.
Маңайыма үйіріледі күпірлік,
Маңдайыма үңіледі жалғыздық!
Бара-бара сізге апарар жол тозып,
Өтем үнсіз болмысымнан сонша озып!
Өз ішімде жасап алған бейнеге
Өзім ғана өмір бойы қол созып!..
***
Бітпеген бүгінгі дау – кешегі егес,
Көз алды көне керуен көшеді елес...
Дауығып алған бұл күй мәңгі мендік,
Сауығып сыртқа шығар шешек емес...
Балаққа шұбатылып шынжыр қоғам,
Тамаққа тіреледі қынжылған ән...
Әзіл сөз тісімдегі тым жылмақай,
Әділ сөз ішімдегі мың жыл бодан...
Бостандық айтам жырын сөзім ұшып,
Бодандық артам жүгін тезі қысып...
Әз басым ермек екен, ел тепкілеп,
Көз жасым кермек екен, өзім ішіп...
Шыжық боп содан ылғи қызық көп кей,
Өте алмай арғы бетке жүзіп беттей,
Өрнегін өлеңімнің бұзып алмай,
Өрмегін шешекемнің үзіп кетпей...
***
Сізді ойладым оңаша қап,
Жаздым үшбу тамаша хат.
Сіз боп кірді ақшам үйге,
Сіз боп күлді жаңа... сағат.
Сізді сүйдім ойша бүгін,
Сансыз жұлдыз.
Ай.
Сары Күн.
Сіздің жұпар аңқиды кеш,
Бөлме гүлі.
Шәй.
Сабырым.
Қосқан бізді нендей қуат?
Сүйем деуден сембейді жақ...
Бір күдік бар, о, айтпақшы,
Сізден, мүмкін, келмейді хат?
Онда бүкіл кем кешкі дем,
Түсем көңіл-кербестіден...
Түн кірмейді, мен түнерем,
Күн батпайды, мен кешкірем.
Бұзылғандай сең жындылау,
Көңілімнен көрдім қырау:
Мына лимон – мен қышқылдау,
Мына кино – мен мұңдылау...
***
Сөзден тәтті жоқ,
Тамса таңдайға!
Сөзден қатты жоқ,
Тисе маңдайға...
Өксік көмейді
Қырнап, қажайды...
Тартыс көбейді,
Таныс азайды...
Жолым тым батпақ,
Ұшты шолжаң бақ...
Бөздей қымбаттап,
Сөздей арзандап...
Тағдыр – би, төре,
Тықты түнекке...
Ақыл – жүйкеде,
Ақын – жүректе...
Жұмсақ қате үшін,
Қатты кетістік.
Бала – зат есім,
Қорықты – етістік.
Жүрек жыр беріп,
Рәуіш ашылар...
Жүйке сыр беріп,
Реніш басылар...
Бәрі – өтпелі,
Жалған – тым қысқа...
Алла көктегі,
Жалғыз түпнұсқа!
***
Күлкімді де тоздырдым кие-кие,
Мұң да тозды, іш-қазан күйе-күйе.
Тозды маңдай тау-тасқа соғылумен,
Тозды алақан қошемет, қол ұрумен.
Үміт тозды күтуден, кезігуден,
Күдік тозды жақыннан безінуден.
Табан тозды арманды қуалаудан,
Жанар тозды ояну, көз ілуден...
Тозды миым – тәнімнің ақылманы,
Тозды күйім, ескіріп жатыр бәрі...
Жүрек тозды сезім – бал, ақыл – удан,
Білек тозды бақытты шақырудан...
Тозған иық, тозған бас, тіл ұшым кем,
Айғайлаймын жалғанға құр ішімнен...
Төзіп келе жатырмын кім үшін мен?
Тозып бара жатырмын кім үшін мен?
***
Бізді де ел ақын дейді ел қамын жер,
Сол атқа лайық болмай сорладым, көр.
Жым болды мен айтпайтын ана тілім,
Мұң болды мен аттайтын қарға адым жер...
Сөз – қарыз, сұрайтындай иесі кеп,
Сөз – парыз, құрайтындай жүйесі жоқ.
Ішімде өлгенінің киесі ауыр,
Артымнан ергенінің күйесі көп...
Жел сөзге желдей зулап жетем есіп,
Жөн сөзге ылғи жабық бөтен есік...
Қанымда тулап-тулап аққан солар,
Жанымды турап-турап кетеді осып!
Бірдей боп көрінгенмен тәмәм досқа,
Тілдей боп таусылардай шарам босқа...
Бейнемнің ішіндегі ғалам бөлек,
Жейдемнің ішіндегі адам басқа!
Фото: www.psysovet.ru
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.