Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Морис Метерлинк. Соқырлар (жалғасы)...

18.09.2020 4842

Морис Метерлинк. Соқырлар (жалғасы) 12+

Морис Метерлинк. Соқырлар (жалғасы) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Бесінші соқыр. Менің қолымнан кім түртті?

Бірінші туабітті соқыр. Айналамызға бірдеңе құлап жатыр!

Қаусаған соқыр шал. Төбемізден бірдеңе түсіп жатыр, бірақ не екенін біле алар емеспін...

Бесінші соқыр. Қолымнан кім түртті?.. Қалғып барады екем. Ұйқымды бұзбаңдаршы!

Қаусаған соқыр шал. Қолыңнан ешкім түрткен жоқ.

Бесінші соқыр. Кім менің қолымнан ұстады? Қаттырақ айтыңдар, құлағымның мүкісі бар...

Қаусаған соқыр шал. Өзіміз де білмейміз.

Бесінші соқыр. Бізді іздеп келді ме?

Бірінші туабітті соқыр. Онымен сөйлескеннен түк шықпайды – ештеңе естімейді.

Үшінші туабітті соқыр. Шынын айтқанда, ең бақытсыздар – саңыраулар.

Қаусаған соқыр шал. Отыра-отыра шаршадым!

Алтыншы соқыр. Ішім пысты!

Екінші туабітті соқыр. Құдды бірімізден-біріміз алшақ отырғандаймыз... Қане, сығылысып отырайықшы – суытып барады...

Үшінші туабітті соқыр. Түрегелуге қорқам! Оданда өз-өз орнымызда отыра берейікші.

Қаусаған соқыр шал. Арамызда не бары белгісіз.

Алтыншы соқыр. Менің қолым қан болу керек... Орнымнан тұрғым келген...

Үшінші туабітті соқыр. Естіп отырмын, маған қарай еңкейдің.

Есі ауысқан соқыр келіншек қимылсыз қалған пірәдарға қарап отырған күйі ыңырсып, күшпен көзін ысқылайды.

Бірінші туабітті соқыр. Құлағыма тағы бір дыбыс жетті...

Қаусаған соқыр шал. Бұл шамасы, біздің байғұс қарындасымыз, көзін уқалап отыр.

Екінші туабітті соқыр. Ол үнемі солай көзін уақалайды, мен онысын әр түн естимін.

Үшінші туабітті соқыр. Оның есі ауысқан, үні шықпайды.

Қаусаған соқыр шал. Босанғалы сөйлемейтін болған... Құдды бар нәрседен қорқатындай...

Қаусаған соқыр шал. Ал сендер қорықпайсыңдар ма?

Бірінші туабітті соқыр. Кім?

Қаусаған соқыр шал. Бәрің!

Қаусаған соқыр кемпір. Иә, иә, бізге қорқынышты!

Соқыр қыз. Бойымызға қорқыныш ұялағалы қай заман!

Бірінші туабітті соқыр. Ал сен оны несін сұрап отырсың?

Қаусаған соқыр шал. Неге сұрағанымды өзім де білмеймін. Арамызда біреу жылап отырған секілді!..

Бірінші туабітті соқыр. Қорықпа. Есі ауысқан келіншек шығар ол...

Қаусаған соқыр шал. Мұнда тағы бірдеңе бар... Сезіп отырмын, мұнда тағы бірдеңе бар... Мені оның жылағанынан ғана үрейленіп отырғам жоқ.

Қаусаған соқыр кемпір. Ол баласын емізген сайын жылайды.

Бірінші туабітті соқыр. Сол ғана жылап отыр.

Қаусаған соқыр кемпір. Естуімше, ол кейде көреді...

Бірінші туабітті соқыр. Басқа жылап отырған ешкім жоқ...

Қаусаған соқыр шал. Жылау үшін, көру керек...

Соқыр қыз. Маңайдан гүлдің исін сезіп отырмын...

Бірінші туабітті соқыр. Мен тек топырақтың исін сезем!

Соқыр қыз. Гүл бар, маңайымызда гүл бар!

Екінші туабітті соқыр. Мен тек топырақтың исін сезем!

Қаусаған соқыр кемпір. Маған гүлдің исі келіп тұр...

Үшінші туабітті соқыр. Мен тек топырақтың исін сезем!

Қаусаған соқыр шал. Бұлар, шамасы, дұрыс айтады.

Алтыншы соқыр. Қайда ол гүлдер? Барам да жұламын.

Соқыр қыз. Оң жағыңда... Түрегел!

Алтыншы соқыр ақырын орнынан тұрады, ағаш пен бұтаны түртінектей басып асфоделуске (гүл атауы) жетіп, оларды таптап, жұла бастайды.

Соқыр қыз. Естіп отырмын, сен жасыл сабақтарын жұлып жатырсың. Тоқтат! Тоқтат!

Бірінші туабітті соқыр. Гүлге жаның ашымай-ақ қойсын. Сен онанда қалай қайтамыз, соны ойла!

Алтыншы соқыр. Орныма қайтуға қорқып тұрмын.

Соқыр қыз. Қайтпа!.. Тұра тұр... (Орнынан тұрады.) О, жер қандай суық еді! Аяз болады... (Нық басып ерекше сұр асфоделустерге дейін барады, бірақ гүлге жақын құлаған ағаш пен жартас сынықтарының қасына тоқтайды.) Олар осы жерде!.. Ала алмай тұрмын. Олар сен тұрған жерде.

Алтыншы соқыр. Өзім де соны теріп жүрген шығармын. (Жерде үзіліп жатқан гүлдерді түртінектей теріп соқыр қызға береді.)

Түнгі құстар ұшты.

Соқыр қыз. Мен бұл гүлдерді бұрын көрген сияқтымын... тек атауын ұмытып тұрмын... Қандай ауыр, сабақтары қандай нәзік еді! Тани алмай тұрғаным... Шамасы бұл өлілердің гүлі... (Гүлдерді шашына қыстыра бастайды.)

Қаусаған соқыр шал. Шашыңның сусылын естіп отырмын.

Соқыр қыз. Гүл ғой...

Қаусаған соқыр шал. Біз сені ешқашан көре алмаймыз…

Соқыр қыз. Мен өзімді өзім көрмеймін... Тоңдым.

Орманда жел тұрады. Сол сәтте жақын маңдағы жартасқа кеп соғылып жатқан толқынның гүрілі естіледі.

Бірінші туабітті соқыр. Бірдеңе күркіреп жатыр!

Екінші туабітті соқыр. Дауыл тұрады, шамасы.

Қаусаған соқыр шал. Жоқ, теңіздің гүрілі шығар деп отырмын.

Үшінші туабітті соқыр. Теңіз... Бұл сонда теңіз бе?.. Онда ол иек астында ғана жатыр!.. Дәл жанымызда! Менің төңірегімде!.. Жоқ, бұл басқа бірдеңе!

Соқыр қыз. Толқынның гүрілі тап аяғымның астынан естіліп тұр.

Бірінші туабітті соқыр. Дұрыс айтады, қураған жапырақтың сыбдыры.

Қаусаған соқыр шал. Меніңше, әйелдердікі жөн.

Үшінші туабітті соқыр. Бізге қарай жақындап келеді!

Бірінші туабітті соқыр. Жел қай жақтан?

Екінші туабітті соқыр. Теңізден.

Қаусаған соқыр шал. Жел үнемі теңізден соғады. Ол жан жағымызды қоршап жатыр. Желдің басқа бағыты да жоқ...

Бірінші туабітті соқыр. Теңізді ойламайық!

Екінші туабітті соқыр. Қалай ойламайсың, тірідей жұтып бара жатса!

Бірінші туабітті соқыр. Сол ма, басқа ма білмейсің ғой...

Екінші туабітті соқыр. Толқынның гүрілі тым жақыннан шығады, құдды қолымды малып алғандаймын! Бұдан әрі бұл жерде қалуға болмайды! Толқынның астында қалуымыз мүмкін!

Қаусаған соқыр шал. Сонда қайда барамыз?

Екінші туабітті соқыр. Бәрі бір! Бәрі бір! Бұдан әрі толқынның гүрілін ести алмаймын! Кеттік! Кеттік!

Үшінші туабітті соқыр. Құлағыма тағы бір дыбыс келіп тұр... Тыңдаңдаршы!

Аулақта біреу қураған жапырақты сыбдырлата басып асығып келеді.

Бірінші туабітті соқыр. Біреу келе жатыр!

Екінші туабітті соқыр. Сол шығар! Сол шығар! Ол оралды!

Үшінші туабітті соқыр. Баланың жүрісіне ұқсайды...

Екінші туабітті соқыр. Оны босқа кінәламайық!

Самая старая слепая. Меніңше мынау адамның жүрісі емес.

Соқырлардың қасынан үлкен бір ит келеді. Тыныштық.

Бірінші туабытты соқыр. Бұл кім?.. Кімсің?.. Аясаң етті, ұзақ күттік қой!..

Ит тоқтап, алдыңғы аяғын бұның тізесіне қояды.

Бірінші туабітті соқыр. Ай! Ай! Тіземе не қойып жатырсың? Бұл не?.. Жануар ғой мынау?.. Ит секілді!.. О! О! Ит екен! Зағиптар үйінің иті! Кә! Кә! Кел мұнда! Бұл бізге келді! Кел, кел мұнда!

Басқа соқырлар. Мұнда кел! Бері кел! Кә! Кә!

Бірінші туабітті соқыр. Бізді іздеп келген! Ізімізді кескен ғой. Құдды бізді бәлен жыл көрмегендей қолымды жалап жатыр! Қуана қыңсылайды! Арсалаңдап өлетін шығар! Естідіңдер ме? Естідіңдер ме?

Басқа соқырлар. Мұнда кел! Кә! Кә! Маған кел!

Қаусаған соқыр шал. Бұның артынан біреу келе жатқан шығар?..

Бірінші туабітті соқыр. Жоқ, жоқ, жалғыз өзі... Біреу-міреу келе жатса, естір едім... Бізге басқа жолбасшының керегі жоқ – бұдан артығын таппайсың да. Бұл бізді қалаған жерімізге апарады – ақылды неме...

Қаусаған соқыр кемпір. Мен бұның соңынан ілесе алмаймын.

Соқыр қыз. Мен де.

Бірінші туабітті соқыр. Неге? Бұл біздей емес, бәрін көреді.

Екінші туабытты соқыр. Әйелдерді тыңдаудың қажеті жоқ!

Үшінші туабітті соқыр. Аспан құбылған секілді. Тынысым жеңілдеп қалды. Ауа тазарғандай...

Қаусаған соқыр кемпір. Теңізден соққан жел ғой.

Алтыншы соқыр. Таң атып, күн шығып келе жатқан шығар...

Қаусаған соқыр кемпір. Суып бара жатқан секілді...

Бірінші туабітті соқыр. Біз жолды табамыз. Мынау мені тартқылап тұр!.. Мынау мені тартқылап тұр!.. Арсалаңдап қояр емес!.. Ұстап тұра алар емеспін!.. Еріңдер соңымнан! Еріңдер! Паналау үйіне қайтамыз!..

Ит бұны қимылсыз отырған пірәдарға қарай сүйрейді де, тоқтайды.

Басқа соқырлар. Қайдасың? Қайдасың? Қайда барасың? Абайла!

Бірінші туабітті соқыр. Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Соңымнан ермей тұра тұрыңдар... Мен қазір келемін. Ит тоқтап қалды... Мұнау не? Ай! Ай! Сұп-суық бірдеңеге қолым тиіп кетті!

Екінші туабітті соқыр. Не дейсің? Дауысың естілер емес.

Бірінші туабітті соқыр. Қолым бірдеңеге тиді!.. Адамның беті ғой деймін!

Үшінші туабітті соқыр. Не дейсің?.. Ұқпай тұрмыз. Не болды саған?.. Қайдасың?.. Бізден алыстасың ба?

Бірінші туабітті соқыр. О! О! О!.. Бұл не өзі, әлі ұға алмай тұрмын... Арамызда біреу өліп жатыр!

Басқа соқырлар. Арамызда өлік! Қайдасың? Қайдасың?

Бірінші туабітті соқыр. Айтып тұрмын ғой, арамызда біреу өліп жатыр! О! О! Өліктің бетіне қолым тиіп кетті!.. Сендер өліктің қасында отырсыңдар! Шамасы, арамыздағы біреу мезгілсіз аттанып кеткен! Дауыстаңдар, кімнің тірі екенін білейін! Қайдасыңдар?.. Жауап беріңдер! Бәрің жауап беріңдер!

Соқырлар, есі ауысқан келіншек пен саңыраудан басқасы, бірінен соң бірі жауап бере бастайды; үш кемпір дұға оқуын доғарады.

Бірінші туабітті соқыр. Дауыстарыңды ажырата алар емеспін!.. Бәріңдікі бірдей! Бәріңдікі дірілдеп шығады!

Үшінші туабітті соқыр. Екеуің жауап бермедің... Қайдасыңдар? (Бесінші соқырды таяқпен түртеді.)

Бесінші соқыр. О! О! Қалғып барады екем. Ұйқымды бұзбаңдаршы!

Алтыншы соқыр. Бұл ол емес... Есі ауысқан келіншек емес пе?

Қаусаған соқыр кемпір. Ол менің қасымда отыр. Тірі, естіп отырмын.

Бірінші туабітті соқыр. Меніңше... Меніңше бұл прәдар!.. Ол түрегедіп тұр! Мұнда келіңдер! Мұнда! Келіңдер!

Екінші туабітті соқыр. Түрегеліп тұр?

Үшінші туабітті соқыр. Демек, ол өлмеген!

Қаусаған соқыр шал. Ол қайда?

Алтыншы соқыр. Жүріңдер!..

Есі ауысқан келіншек пен бесінші соқырдан басқасының бәрі түрегеліп, түртінектеп өлікке қарай жылжиды.

Екінші туабітті соқыр. Мұнда ма?.. Мынау сол ма?

Үшінші туабітті соқыр. Иә! Иә! Таныдым!

Бірінші туабітті соқыр. О құдай! Құдай! Енді қайттік!

Қаусаған соқыр кемпір. Әкетайым! Әкетайым!.. Бұл сіз бе? Әкетайым, не болды?.. Сізге не болды?.. Жауап беріңіз бізге!.. Біз сізге келдік... О! О!

Қаусаған соқыр шал. Су! Мүмкін ол әлі тірі шығар...

Екінші туабітті соқыр. Ес жиғызуға тырысамыз... Мүмкін, әлі де паналау үйіне бізді аман жеткізер.

Үшінші туабітті соқыр. Жоқ, бекер: жүрек қағысы естілмейді... Қоқиып қалған...

Бірінші туабітті соқыр. Бізге еш тіл қатпастан өліп қапты.

Үшінші туабітті соқыр. Ескертуге тиіс болатын.

Екінші туабітті соқыр. О, әбден қартайған екен ғой! Бетінен бірінші рет ұстап тұрмын...

Үшінші туабітті соқыр (мүрдені ұстап көріп). Бойы бізден биік екен!...

Екінші туабітті соқыр. Көзі бақырайып ашық қалыпты. Қол қусырып отырып өлген...

Бірінші туабітті соқыр. Неден өлгені белгісіз...

Екінші туабітті соқыр. Түрегеліп тұрған жоқ, тастың үстінде отыр...

Қаусаған соқыр кемпір. Құдай-ай! Құдай-ай! Білмей қалдым ғой!.. Білмей қалдым ғой, мен жазған!.. Ол көптен бері дімкәс еді ғой... Бүгін қандай қиналды екен, байғұс!.. Бірақ ешқашан шағымданбайтын... Шағым айтпайтын, ол тек қолымызды қысатын... Кейде өзі түсінбей қаласың ғой... Жоқ а, кейде ғана емес, үнемі сол... Қанекей, ол үшін дұға қылайық! Тізерлеп тұрып...

Әйелдер жылап-сықтап тізерлей бастайды.

Бірінші туабітті соқыр. Мен тізерлеуге қорқамын…

Екінші туабітті соқыр. Тізеңнің астында не жатқанын білмейсің ғой...

Үшінші туабітті соқыр. Ол сонда науқас па еді?.. Бізге ештеңе айтпады...

Екінші туабітті соқыр. Кетіп бара жатып оның бірдеңе деп сыбырлағанын естім қалғам... Меніңше, ол біздің жас бикешімізбен сөйлесті. Не айтты екен оған?

Бірнші туабітті соқыр. Оның жауап бергісі жоқ.

Екінші туабітті соқыр. Жауап беруің керек шығар?.. Қайдасың?.. Белгі бер!

Қаусаған соқыр кемпір. Сендер оны қинап жібердіңдер, оның түбіне жеткен сендер... Жүргілерің келмеді. Жол бойындағы тасқа отыра қалып тамаққа бас қойдыңдар. Күні бойы күңкілдедіңдер... Оның ауыр күрсінгенін естідім... Үміті үзілді...

Бірінші туабітті соқыр. Ол аурушаң ба еді? Сендер білдіңдер ме, соны?

Қаусаған соқыр шал. Біз ештеңе білгеміз жоқ... Біз оны ешқашан көрмегенбіз... Оты өшкен өлі көзіміздің алдында не болып жатқанын білдік пе, біз сорлы?.. Ол ешқашан шағымданған да емес... Ал енді бәрі кеш... Мен өлімді үш рет көрдім... Бірақ дәл мынандай емес-ті!.. Ендігі кезек біздікі.

Бірінші туабітті соқыр. Мен оны қинағам жоқ... Ештеңе демегем...

Екінші туабітті соқыр. Мен де. Еш қарсылықсыз соңынан еріп отырдық...

Үшінші туабітті соқыр. Ол есі ауысқан әйелге су әкелем деп өлді...

Бірінші туабітті соқыр. Енді не істейміз? Қайда барамыз?

Үшінші туабітті соқыр. Ит қайда?

Бірінші туабітті соқыр. Мұнда. Мүрденің қасынан кетер емес.

Үшінші туабітті соқыр. Сүйреп тастаңдар оны! Әкетіңдер оны! Әкетіңдер!

Бірінші туабітті соқыр. Мүрденің жанынан кетер емес!

Екінші туабітті соқыр. Өліктің жанында тұрғым келмейді!.. Қараңғылықта өлгім келмейді!

Үшінші туабітті соқыр. Тек бытырамаңдар! Бір-біріңнің қолыңнан ұстаңдар, мына сынықтың үстіне отырайық... Басқалар қайда?.. Бері келіңдер! Мұнда! Мұнда!

Қаусаған соқыр шал. Сен қайдасың?

Үшінші туабітті соқыр. Мұндамын мен, мұндамын! Бәріміз жиналдық па?.. Маған жақында!.. Қолың қайда?.. Суыта бастады.

Соқыр қыз. О, қолың қандай суық еді!

Үшінші туабітті соқыр. Не істеп отырсың?

Соқыр қыз. Қолыммен көзімді бастым. Тап қазір көріп кететін секілдендім...

Бірінші туабітті соқыр. Біреу жылап отыр.

Қаусаған соқыр кемпір. Есі ауысқан келіншек қой.

Бірінші туабітті соқыр. Ол шындықты білмей ме?

Қаусаған соқыр шал. Бәріміз осында өлетінімізді ішім сезеді...

Қаусаған соқыр кемпір. Мүмкін біреу-міреу артымыздан іздеп келер...

Қаусаған соқыр шал. Кім келер дейсің!

Қаусаған соқыр кемпір. Білмеймін.

Бірінші туабытты соқыр. Паналау үйіндегі монах әйелдер келуі мүмкін...

Қаусаған соқыр кемпір. Олар кешке аттап баспайды.

Соқыр қыз. Олар ешқашан шықпайды.

Екінші туабытты соқыр. Бізді маяктағы адамдар көруі мүмкін...

Қаусаған соқыр кемпір. Олар өз мұнарасынан түспейді.

Үшінші туабітті соқыр. Бәрі бір бізді көруі мүмкін...

Қаусаған соқыр кемпір. Олар тек теңізді шолады.

Үшінші туабітті соқыр. Суығын-ай!

Қаусаған соқыр шал. Қу жапырақтардың қытырлағанын естідіңдер ме – қата бастаған секілді.

Соқыр қыз. О, жер қандай қатты еді!

Үшінші туабітті соқыр. Сол жағымыздан түсініксіз бір дыбыс естіледі...

Қаусаған соқыр шал. Теңіз ғой, жартасқа соғылып күрсініп жатқан.

Үшінші туабітті соқыр. Күрсініп отырған әйелдер ме десем.

Қаусағансоқыр шал. Мұздың күтірлей сынғанын естіп отырмын.

Бірінші туабітті соқыр. Қалшылдап отырған қайсың? Сенің кесіріңнен мына тастың үстіндегі бәріміз селкілдеп кеттік!

Екінші туабітті соқыр. Саусақтарым ұйып қалды.

Қаусаған соқыр шал. Мен және бір түсініксіз дыбыс естіп отырмын.

Бірінші туабітті соқыр. Қалшылдап отырған қайсың? Тасқа дейін дірілдеп кетті ғой.

Қаусаған соқыр шал. Меніңше, әйелдердің біреуі.

Қаусаған соқыр кемпір. Шамасы, есі ауысқан келіншек бәрінен қатты дірілдеп отыр.

Үшінші туабітті соқыр. Сәбиінің үні шықпайды.

Қаусаған соқыр кемпір. Шамасы, ол әлі емшек еміп жатыр.

Қаусаған соқыр шал. Қайда екенімізді ол ғана айта алатын еді!

Бірінші туабітті соқыр. Солтүстіктен жел дыбысын естіп отырмын.

Алтыншы соқыр. Құдды жұлдыздар жасырынып қалғандай. Кешікпей қар жауады.

Үшінші туабітті соқыр. Арамызда біреу-міреу ұйықтап кетсе, оятып алуымыз керек.

Қаусаған соқыр шал. Ал менің көзім жұмылып барады! Қу жапырақты құйын ұшырып жүр.

Соқыр қыз. Қураған жапырақтың сыбдырын естіп отырсыңдар ма?.. Біреу келе жатқан секілді...

Екінші туабітті соқыр. Жел ғой. Тыңдаңдаршы?

Үшінші туабітті соқыр. Бұл жерге ешкім келмейді!

Қаусаған соқыр шал. Суық келе жатыр…

Соқыр қыз. Алыстан аяқ дыбысы естіледі.

Бірінші туабітті соқыр. Мен тек құрғақ жапырақтың сыбдырын ғана естіп отырмын!

Соқыр қыз. Өте алыстан аяқтың дыбысы шығады!

Екінші туабітті соқыр. Мен тек солтүстік желін естіп отырмын!

Соқыр қыз. Айтып отырмын ғой, бізге қарай біреу келе жатыр деп.

Қаусаған соқыр кемпір. Мен әлдекімнің жеңіл ғана адымын естіп отырмын…

Қаусағансоқыр шал. Әйелдер, шамасы, дұрыс айтады!

Үлпектеп қар жауа бастады.

Бірінші туабітті соқыр. Ай! Ай! Қолыма суық бірдеңе қонып жатыр.

Алтыншы соқыр. Қар жауып жатыр!

Бірінші туабітті соқыр. Бір-бірімізге тығылысып отырайық!

Соқыр қыз. Аяқ дыбысын естідіңдер ме?

Қаусаған соқыр кемпір. Құдай үшін! Бір сәт үніңді шығармашы!

Соқыр қыз. Аяқтың дыбысы жақындап келеді! Жақындап келеді! Естідіңдер ме?

Қараңғыда есі ауысқан келіншектің нәрестесі жылайды.

Қаусаған соқыр шал. Бала ма жылап жатқан?

Соқыр қыз. Ол көрді! Ол көрді! Жылағанына қарағанда, бірдеңені көрген болуы керек! (Нәрестені қолына алып, дыбыс шыққан жаққа қарай жүреді.)

Қалған әйелдер қорқақтай басып соңынан ереді де, келер сәт оны қоршауға алады.

Соқыр қыз. Мен қарсы жүрейін!

Қаусаған соқыр шал. Абайла!

Соқыр қыз. О, шырқырап жатыр!.. Саған не болды?.. Жылама!.. Қорықпа! Қорқатын ештеңе жоқ, айналаңда біз бармыз... Көзіңе не көрінді?.. Ештеңеден қорықпа!.. Жылама!.. Нені көрдің?.. Айтшы бізге, не көрдің?

Қаусаған соқыр кемпір. Жүріс жақындап келеді. Естідіңдер ме? Естідіңдер ме?

Қаусаған соқыр шал. Өлі жапырақтың бетін сызған көйлектің сусылы естіледі.

Алтыншы соқыр. Әйел ме, келе жатқан?

Қаусаған соқыр шал. Аяқтың дыбысы ма бұл?

Бірінші туабітті соқыр. Мүмкін қураған жапырақтың бетімен теңіз жылжып келе жатқан шығар?

Соқыр қыз. Жоқ! Жоқ! Аяқтың дыбысы! Аяқтың дыбысы!

Қаусаған соқыр шал. Қазір анықталады. Өлі жапыраққа құлақ түріңдер!

Соқыр қыз. Міне, міне, аяқ дыбысы, дәл жанымыздан шығады! Естіп тұрсыңдар ма? Естідіңдер ме?.. (Нәрестеге.) Көзіңе не көрінді? Не көрдің, сен?

Қаусаған соқыр кемпір. Қай жаққа қарап тұр ол?

Соқыр қыз. Дыбыс шыққан жаққа!.. Бәрің қараңдар! Бәрің! Басқа жаққа қаратсам, бәрі бір басын әлгі жаққа бұра береді... Бұл көріп тұр! Көріп тұр! Көріп тұр!.. Шамасы, ерекше бірдеңе көріп тұр!..

Қаусаған соқыр кемпір (алға ұмсынып). Барынша жоғары көтер, анық көретіндей болсын.

Соқыр қыз. Былай тұрыңдар! Былай тұрыңдар! (Нәрестені ұйлығысқан соқырлардың басынан асыра көтереді.) Қасымызға тоқтады ғой деймін!..

Қаусаған соқыр кемпір. Олар осында! Олар біздің арамызда!..

Соқыр қыз. Сен кімсің?

Үнсіздік.

Қаусаған соқыр кемпір. О, рақым ете гөр бізге!

Үнсіздік.

Сосын нәрестенің шарасыз шырқыраған үні шықты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар