(Әңгіме)
Наурыз мерекесі түні қарсаңындағы қызметті жоғарылататын кез еді.
Кеңседе қызметтестермен кімнің лауазымы бірінші өседі, сол дастархан жайып, бәрін қонаққа шақырып, қаздың етінен кәуәп жасап, достар мәре-сәре болып, қызметі өскен адамның ғұмыры мен ғиззаты үшін дұға тілейміз деп келіскен болатынбыз.
Қызық болғанда менің қызметім жоғарылайтын болды. Қонаққа шақыру мен жолдастармен жасаған келісім туралы ізін суытпай жақында ғана үйленген әйеліме айттым. Ол: «Сен достарыңа үйлену тойымыздың сарқытынан да татырған жоқсың. Сондықтан бұл жолы оларды дұрыстап күтуің керек. Бірақ бір мәселе бар: ыдыс, пышақ пен шанышқымыз он екі адамға ғана жетеді. Сондықтан, я тағы бір жиынтығын сатып алуымыз керек немесе қонақтың саны он бір адамнан аспауы тиіс. Өзің он екінші боласың», – деді.
– Бұл мереке қарсаңындағы қаржы жағдайымыздың қандай екенін жақсы білесің. Жаңадан ұсақ-түйек сатып алуға қалта көтермейді. Достарымның саны да жиырма үш, жиырма төрт адамнан кем болмайды.
– Бір қора еркекті сау еткізіп, бір күні шақыру мүмкін емес, тек жоғары деңгейдегілерді ғана шақыр. Қалғанын әзірше қоя тұр, армандап жүре тұрсын.
– Мәссаған! Мұның Құдайдың көңіліңе қош келмейді. Бұл бейшараларға жылына бір рет қана осындай мұрсат туады. Қаздың етінен жасалған кәуәп жейміз деп олардың сағат санап, күтіп жүргеніне көп болды. Егер жалтарсам, бетіме түкірмей ме? Өзіміз болған соң олардың хақы бар. Достарымыз бен таныстарымыздың үйінен тағы біраз ыдыс-аяқ алып, амалдай тұрсақ қайтеді?
Әйелімнің көңілі түсіп: «Мұндай ойды ұмыт. Үйлену тойынан кейін алғаш қонақ шақырғанда біреуден алған заттың үйге енуіне мен рұқсат етеді дегенің ақылға сыймайды. Мұның тұңғыш перзент өліп қалады деген жаман ырым екенін білмеуші ме едің?» – деді.
- Ондай болса екі күн қонақ шақырудан басқа шара жоқ. Бір күні бір топ келіп, ішіп-жесін, ертеңінде – келесі топ.
Әйелім бұл ұсынысыма келісті. Сонымен Наурыз мейрамының екінші күні бірінші топ, мейрамның үшінші күні екінші топ келетін болды.
Бүгін мерекенің екінші күні. Жан-жақтан қонақ күтуге дайындық байқалады. Уәделі қазбен қоса, жоғары сапалы арпа көжесі, мұмтаз қой кәуабы, екі түсті палау, айран, қатық пен тұздалған әртүрлі көкөніс сияқты көптеген дәм мен бірнеше ыстық тамақ әзірленді.
Әйелімнің жасауына келген жылы, жұмсақ, жайлы төсекте жантайып, Садық Һедаяттың теңдессіз әңгімелерін оқып, демалып жатқам. Әңгімеге әбден еліткен кезде әйелім:
– «Мұстапа деген ұзынтұра жігіт келіп тұр. Немере ініңмін дейді, мерекемен құттықтап келіпті», – деді.
Мұстапа – жиырма бес, жиырма алтылардағы кез келген мүмкіндікті өз мүддесіне пайдаланатын, үйсіз-күйсіз, жалқау, кеще, сұрықсыз, икемсіз жігіт. Сөйлегісі келген кезде тамағына күріш түйетін келінің келсабы тұрып қалғандай, қиылып-түйіліп, аузы ашылған күйде қырылдап қалатын. Құдайға шүкір, жүзін жылына бір реттен артық көрмейтініме қуанатынмын.
Әйелімнен: «Құдай үшін, мен әлі оянған жоқ деп айтшы. Мына еңгезердей әумесердің кәрінен құтқар. Құдай рақым еткір әкесінің қасына қайтсын...», – деп өтіндім..
- Маған қатысы жоқ. Жаман болсын, жақсы болсын, өз туысың. Құдайға шүкір, Құранның «жетілік қырағаты» немере інің мен араңда мәселе болмас үшін қорған қалыптастырады. Өз қотырыңды өзің қасы. Мен негізінде сенің алыс туыстарыңның ісіне араласпаймын деп сөз бергем. Оның өзі мынадай алпамсадай, сорай, нақұрыс болса...
Қарасам, басқа шара жоқ. Алыс жолдан қарны аш, жалаңаяқ, мерекеге берілетін бірнеше риалды[1] алу үшін келген мына бейшараның үмітін үзгенімді Құдай құптай қоймас. Ішімнен осындай мүбәрәк күні туыстығыңды білдірмесең қашан білдірмексің дедім. Шақырдым. Басын иіп, бөлмеге енді.
Тіпә-тіпә, көз тимесін, нағыз мырза болғанымен, кері кеткен екен; бойы сорайып өскенімен, түрі сұрықсыздана түскен. Мойны сол сәтте қазанда кәуапталып жатқан бейшара қаздың мойнындай, басы кір жағасынан ербиіп шығып, өзінің ойынша қырған сақалының саусақтың көлеміндей сары, қызыл, қоңыр түгі жейдесінің жағасынан сыртқа шығып, шіріген қасқыржем сияқты мойны мен тамағының айналасында мен мұндалап тұр. Киімін сипаттамай-ақ қояйын. Бірақ, білуімше, жуыла-жуыла бір сүйемге ақ жемденген шалбарының қос тізесін жел кернегені сондай, тіпті созылған жерінде екі қарбыз жасырын тұр ма деп ойлап қалдым. Сирек кездесетін таңқаларлық жаратылыс иесін тамашалап, таңдана қарадым.
Сол кезде әйелім бөлмеге жанұшыра еніп: «Жігітім, құрыдық! Егер мына қазды бүгінгі қонақтарға тартсақ, ертеңгі қонақтарға қазды қайдан табамыз? Сен бір қаздан артық әкелген жоқсың. Соған қарамастан тамам досыңды қаз кәуабымен сыйлауға уәде еттің...» – деді.
Сөзінің жаны бар. Әбестік болды.
«Қаздың жартысын бүгін, келесі жартысын ертеңгі дастарханға қоюға бола ма?» – деп сұрадым.
- Абыройыңнан айрылғың келе ме? Дастарханға қаздың жартысын ғана қойғанды қайдан көрдің? Қаз кәуабының артықшылығы да мұртын бұзбай, бүтін күйде дастарханға қойылуында.
Расында, жөн сөз, қарсыласудың реті жоқ. Істің насырға шабатынын түсіндім. Аздап ойланып, кеңескен соң бірден бір шараның әлі уақыт барда тағы бір қаз әкелуім керектігінде екенін түсіндім.
Ішімнен: «Бұл Мұстапа барып тұрған ақымақ, аңғал болғанымен, оған Теһран сияқты үлкен қаладан бір қаз табу Американы ашу немесе Рүстемнің мойнын сындыратындай қиын іс болмауы керек, қолынан келер», – деп ойладым да: «Мұстапажан, мән-жайды түсінген боларсың? Сүйкімді басыңнан айналайын... Мықтылығыңды көрсет. Жерден қазсаң да, бізге бағасына қарамай бір жақсы қаз тауып әкел», – дедім.
Мұстапа әдеттегідей аздап қызарып, сұрланып, соңында дауысы суын азайтып, көбейтетін қалиянның дыбысындай кеңірдегінің түбінен құмығып естілді. Оның:
«Мереке күні қаз туралы мүлде ұмыту керек. Бұл ойдан бас тартқан жөн. Себебі, бүкіл қалада бірде бір дүкен ашық емес», – дегені белгілі болды.
Шарасыз күйде: «Енді не істеймін?» – дедім.
Сол дауыс, сол кейпімен жұтынып: «Шынымен, не айтарымды білмеймін... Еркіңіз білсін... Бірақ, қонақтарға келмей-ақ қойыңдар десеңіз жақсы еді», – деді.
- Құдай саған ақыл берсін. Қонақтар бір сағаттан кейін келеді. Қалай келме деймін?
- Ауырып жатқан болып, тәуіп төсектен тұруға тиым салды деңіз.
- Бүгін таңертең ғана бірнеше адамға телефон шалғам. Енді қалай ауырып жатырмын деймін?
- Қаз сатып алғам, ит тістеп әкетті деңіз.
- Сен менің достарымды танымайсың. «Маманы бөкей әкетті» десем сенетін бала-шаға емес. «Жаның шыққыр, тағы бір қаз сатып ала алмадың ба?» немесе тіпті: «Итті әкел, атасын танытайық», – дейді.
- Мырза үйде жоқ, хазірет Масуменің кесенесін зиярат етуге кетті десін.
Қыртып кеткенін көрген соң тілін қысқартып, үмітін үзіп, Құдайдың аманатына тапсырып, құтылайын деп: «Мұстапа, білесің бе? Сыйлығыңды дайындап қойдым. Мына ақшаны аласың да, тез кетесің. Мені мен әйелімнің атынан жеңгеме сәлем айт, Алла бұйыртса, биылғы жыл сендерге құтты болып, ғұмыр жастары ұзақ болсын деп тіледі де», – дедім.
Бірақ, Мұстапаның ойы басқада екен. Менің сөзіме мүлде мән берместен, өз сөзін сөйлеп: «Егер мүмкін болса, бір амалын тауып, бүгін қонақтар қазға қол тигізбейтіндей әрекет ету керек. Сол қазды ертең қайта жылытып, тағы дастарханға қою керек», – демесін бе.
Бұл сөзі алғашынан негізсіз, мағынасыз көрінбеді. Біртіндеп оны ой елегінен өткізген кезде соншама қисынсыз еместігі, көңіл аудармауға болмайтыны көрінді. Көбірек ойланған сайын үміттің пайда болғанын сездім. Болмысымның қараңғы түнегінде солғын бір жұлдыз жанды. Біртіндеп көңілім көтеріліп, жылы жүзбен Мұстапаға бет бұрып: «Сенен бірінші рет жөні түзу сөз естідім. Бірақ, менің ойымша, мұның шешімі тек сенің қолыңда. Меймандардың ешқайсы қазды жемеу үшін сен өзің бар күшіңді салуың керек», – дедім.
Мұстапаның да жаны кіріп, әлі менің мақсатымның не екенін, шеберлігін қай жаққа тартуды көздегенімді түсінбесе де жүзінде қуаныштың белгісі пайда болды. Астына көпшік қойып, жұмсақ тілмен: «Кел, отыршы. Жақындашы. Мына мақпал орындыққа, менің жаныма отыра ғой. Қане, айтшы, жағдайың қалай? Не істеп жүрсің? Дұрыс жұмыс тауып, әйел алып берейін бе? Неге «гәз»[2] жемейсің? Мына пәхләвәдән[3] дәм тат, – Йаздың сарқыты», – дедім.
Ұзынтұра, имиген Мұстапа мақпал орындыққа отырып, ешқашан көрмеген, естімеген тосын мейірім мен махаббатқа міңгірлеп алғыс айтпақ болып еді, мұршасын келтірмей: «Астапыралла, о не дегенің? Сен інімсің. Менің қадірлі қонағым болуың керек. Тіпті, бүгін де кетуіңе рұқсат бермеймін. Бұл жаққа келмегеніңе бір жыл болды. Бізді әбден ұмытқаның соншама, бұл қалада немере ағаң мүлдем жоқ сияқты. Бүгін түскі асты бізбен ішесің, айттым болды! Дәл қазір әйеліме өзімнің жаңа киімімнен бір қабат киім беруді тапсырамын. Киіп, иінің бүтінделген соң дастархан басында менің жанымда отыруың керек. Абай бол. Арпа көже мен қозы кәуабы, күріш пен жылы-жұмсақ сыбағаны әкелген соң қазды дастарханға әкеледі. Сол кезде: «Мәссаған, бұл не тағы! Көмектесе гөріңіз! Енді жейтін орын жоқ. Көп жегеніміз сондай, жарылуға шақ қалдық. Ас біздікі болмаса да, асқазан – өзіміздікі. Расында, мынадай жақсы қазды ит жейтін жағдайға түсіріп, ысырап еткен обал. Өзім мен мына мырзалардың атынан жалынып сұраймын. Табақты осы күйінде алып кетіңіздерші. Егер қатты өтінсеңіздер, биылғы көктемнің бір күні тағы келіп, тойып жейік. Бірақ, Құдай куә, егер бүгін бізге бұдан артық жегізсеңіздер, тап осы жерде жағдайымыз мүшкілге айналып, сізге қиындық тудырамыз. Бірақ, егер біздің ажалымызды қаласаңыз», – де. Сол кезде мен қанша табандап, өтінгеніммен сен одан бетер тартынып, қандай тәсілмен болсын, басқа қонақтарды да өзіңе ілестіресің», – дедім.
Мұстапа аузы аңқиып, мойны сорайған күйде менің сөзіме құлақ салып, жымиып, тамағын бір кенеп алған соң: «Жақсы, түсіндім. Міндетімді жақсы орындайтыныма сеніңіз», – деді.
Айтатын сөзін бірнеше рет қайталаған соң жаттап алды. Сөзді дұрыс түсінгеніне сенімді болған кезде киім ауыстырып, үсті-басын жөнге келтіру үшін басқа бөлмеге жібердім де Садық Һедаяттың «Жарық көлеңке» кітабының хикаяларына қайта бас қойдым.
Екі сағаттан кейін меймандар кешікпестен бірі қалмай келіп, тамақ жеуге толық әзір күйде дастарханға отырды.
Кенет бөлмеге шыттай киініп, мұмтаз жібектен галстук тағып, аяғындағы былғары бәтіңкесі күнмен шағылысып, мамырлаған тауыс сияқты кеудесін керіп, Мұстапа енді. Сақалды басқан, беттегі шұрық тесік дегенді опа-далаппен жапқан. Шашты жылтыратып, құлақ пен мұрынның іші мен мойындағы артық түкті жұлып, әбден жасаныпты. Үстінен әтірдің иісі бұрқырап, жүзінен нұры тасып, құдды перденің артынан шыққан, өзінің дидарымен біздің отырысымыздың сәнін келтіруге келген атақты тележұлдыз ба дерсің. Менің киімім үстіне қона кететіндей мына сорайған бойымен қандай айла қолданды екен деп қатты таң қалдым. Әлде, бұл ұлы тігінші хазіреттің оның сымбатты бойына арнайы тіккен киім болды ма?
Мұстапахан мырза салмақты және тартымдылықпен әдепкі аман-саулық сұрасудан кейін маңғазданып, барынша салқынқындылық танытып, жанымдағы орынға жайғасты.
Оны достарыма астананың білімді, алдыңғы қатарлы жастарының бірі деп таныстырдым.
Өзіне тапсырылған үддеден өте жақсы шығып отырғанын көргенде шын жүректен қуанып, әлгі келіскен мәселеге қатысты көңілім толығымен жайлана түсті.
Ризашылығымды білдіру үшін стаканға арақ құйып, ілтипат білдіріп: «Мұстапахан мырза, спирті төмен мына исфаһандық арақтан алыңыз», – дедім.
Ернін бұртитып: «Франциялық жұлдызды коньяк ішетініме қарамастан, сіз іш десеңіз, мойынсұнамын», – деді де, бір стакан арақты көзді-ашып жұмғанша кеңірдегіне төңкере салып: «Арақтың дәмі жаман емес. «Ленинград» ерекше арағының дәміне ұқсайды. Жуықта орыстардың елшілігіндегі сенімді өкілі содан бірнеше бөтелке жіберген. Сіздердің болмағандарыңыз өкінішті. Мақтауға лайық дүние. Бірақ, мына Исфаһан арағы да одан кем түспейді екен. Ирандықты ынталандырса, еуропалықты шаң қаптырады. Тағы бір стакан құйыңызшы, көрейін», – деді.
Бас қатыратын қандай мәселе жасап жатырмын өзі?
Көп ұзамай арақ құйылған шишаның үштен екісі «білімді» де «бесапап» жігіттің ішіне құйылды. Оның тамақ жегенде де еш аянып қалмағанын айтып жатудың реті жоқ. Мұның бәрін айтпағанда арақ пен кәуаптың әсерінің қатты болғаны сондай, тіпті адам сенгісіз. Тамағын жібіткен соң тілі шығып, сөзуарланып, әзіл-қалжың мен күлкілі әңгіменің тізгінін ағытты-ай келіп; ауыздыға сөз бермей, ділмәрсіп, отырысты жалғыз басқарды. Түйткілді шешетін кілт – арақ тіліндегі мүкістің құлпын ашып, тілін қынаптан шыққан Зұлфақар қылышындай қылпытып, тіпті аспандағы айды екіге бөліп жіберетіндей күйге жеткізді.
Имамзада Дәуіт пен хазірет Әбдулазимнен ары асып көрмеген ұятсыз Чикаго мен Манчестер, Париж, Еуропа мен Американың басқа қалаларындағы «басынан өткен» оқиғаларды айта бастады. Тіпті, менің өзім оның сөзіне сенуге шақ қалдым. Барша құлақ қойып, тек ол ғана сөйлеп отыр. Бір қызығы, тоқтаусыз жұтып жатқан тамақ та оның даусының шығуына тосқауыл жасай алмады. Кеңірдегінің екі тесігі бардай: бірі тамақты жұту үшін, келесісі тұрпайы сөздерді сыртқа шығару үшін.
Наурыз мерекесінің «сиздаһ бедар»[4] күніне орай өзі айтпақшы кеше ғана шығарған қасидасын оқуға кірісті. «Жарайсың! Керемет!» деген даурықпа, мақтау жер жарды.
Даналығы пен кемелдігі туралы уәждеріне тәнті болған екі мырза оның бәйіттерінің біразын екі-үш рет қайталады. Өзін ақын санаған қонақтардың бірі мұрсатты пайдаланып, алға ұмсынып, «шайырдың» маңдайынан сүйіп: «Бәрекелді, шынымен мықтысың!» деп лақап атын сұрады. Мұстапа қарапайымдылық танытқансып, бетін тыржитып: «Мен лақап атты одан бас тарту қажет кейбір әдет-ғұрыптардың бірі санаймын. Бірақ, маған ерекше мейірім білдірген, өмірінің соңғы кезеңінде менімен өте жақын болған марқұм Пишавари ұсынған «Ұстаз» деген сөзді таңдағам. Бірақ, көп пайдаланғым келмейді», – деді.
Қонақтар бірауыздан лақап атының хазіретке бек жарасатынын растады.
Сол мақтау мен мадақтауда ғимараттан шырылдаған телефонның даусы естілді. «Ұстаз» мырза қызметшіге бұрылып: «Әріптес, мені шақырып жатқан Ішкі Істер Министрі болуы мүмкін. Мен қазір дастархан басында отыр кейін өзі хабарласады деңіз», – деді. Бірақ, телефонды басқа біреудің қателесіп соққаны белгілі болды.
Егер көзім оның көзімен түйіскенде тілсіз көзқараспен-ақ түйреп алар едім. Дегенмен ол түсіне қойып, көзі бауыздалған тауық сияқты дастархандағы бір табақтан екінші табаққа дәйім түсіп, айналасындағы тіршілік иелеріне мән бермеді.
Арпа көже, қозы кәуабы мен палау және тағы небір басқа дәмді ас желінген соң қаз кәуабын әкелетін уақыт жетті.
Инспектордың қарасы көрінуін күткендей жүрегім дүрсілдеп, қазды аман сақтап қалу үшін ішімнен дұға тілеп отырдым. Бір кезде қолына табақ көтеріп, кіріп келе жатқан қызметшіні көрдім. Ол қолындағы қуырылған, майы әлі жан-жаққа шашырап жатқан семіз қазды дастарханға қойды да көзден ғайып болды.
Бар ойым Мұстапаға ауды. Қаздың иісі басын айналдырып, есін жоғалтып алмасын деп тұрмын. Жоқ, Құдайға шүкір, ақылы әлі орнында. Бәрін жіті бақылап отыр.
Көзі қазға түскен кезде меймандарға қарап: «Үй иесінің мұнысы енді артық. Қазір қаз әкелетін уақыт па? Мен өз басым тойғаным сондай, тіпті басымды кесіп алсаңыздар да, мейлі, аспандық ас болса да, енді бір түйір де жей алмаймын. Осы жерден бірден мемлекеттік аурханадан бірақ шыққым келмейді. Адамның асқазаны ішіне қанша құйсаң толмайтын Заяндерудтің «Гавхани» тоғаны емес», – деді.
Содан қызметшіні шақырып: «Кел, әріптес! Мырзалар мына қазды біржолата алып кетуіңізді сұрайды», – деді. Қонақтар қайран қалып, не істерлерін білмей, аңтарылып отырып қалды.
Бір жағынан жаңа піскен қаз кәуабының иісі мұрындарын жарып, оның бір кесегінің дәмін татып, қаздың дәмін қозы кәуәбымен салыстырудан кет әрі емес. Алайда «Ұстаз» мырза сияқты ұлы тұлғаның қарсылығы алдында екі ойлы қалғанымен, екі көздері қазда болды.
Қаласын, қаламасын, Мұстапаның сөзіне «иә», «мақұл», «жарайды» деп бас шұлғығаннан басқа шаралары қалмады. Жоспарымыз іске асайын деп жатқанын байқадым. Мұстапаға жүз рет «Жарайсың, сабазым!» деп түйенің ерніндей дүрдиген ернінен сүйіп алғым келді.
Осы сәттен бастап қолтығынан демеп, дұрыс жұмыс тауып берем деп ойладым. Жағдайды пайдаланып, қасапшының балтасындай үлкен пышақты қолыма алып, хазірет Ибраһим ұлы Ысмайылды құрбандыққа шалатындай, қаз жарықтыққа қайта-қайта шүйлігіп, қорғаны, қамқоршысы жоқ құстың парша-паршасын шығарғым келіп тұрған сыңай таныттым да: «Тек дәмін татып көріңіздер, тым құрығанда аспаздың еңбегі зая болмасын», – дедім.
Қуанышқа орай, қасапшы қаздың тілін басымен қосып жұлып тастаған еді. Әйтпегенде, сол тілімен Құдай ақы, екі жүзді, ұятсыз маған небір сөзді көйітер еді-ау. Қысқасы, мен табандап, Мұстапа қарсылық танытумен болды. Ақыры меймандар Мұстапамен бір жақ болып, бәрі бірауыздан қазды әкетіп, оны бүтін күйде қалдырып, бұзбауды сұрады.
Іс ойдағыдай жүзеге асып келе жатты. Кенет аузымнан: «Мырзалар, ішін «Бараған» алшасымен толтырған, еуропалық майға қуырылған қаздан бас тартқандарыңыз обал емес пе?» – деген сөз аңдаусызда шығып кетті.
Айтып, аузымды жиып үлгергенімше болмады, Мұстапаның есі ауып, қаздың бір қанатын жұлып алып, тістеген соң: «Іші «Бараған» алшасымен толтырылып, еуропалық майға қуырылған деген құрметті үй иесінің сөзін жерге тастағанымыз жөн болмас. Осы кісінің құрметіне аздап ауыз тиейік», – демесі бар ма?!
Осындай сөзді күтіп тұрған меймандар қазға аш ауданнан келгендей тарпа бас салды. Көзді ашып-жұмғанша бейшара қаздың еті мен сүйегі Камаркештің дарбазасында құрбандыққа шалынған түйенің еті мен сүйегі сияқты шайналып, жұтылып, қонақтардың кеңірдектерінің асу, өткелдерінен өтіп, асқазан мен ішектерінде қорытылып кетті. Біздің тілімізбен айтқанда қулардың тып-типыл етіп жегені сондай, қаз екеш қаз жұмыртқаны жарып шығып, біздің мына әлемге келмегендей болды. Адамды ет жегіш мақұлық дейді. Бірақ, мына әпенді мақұлықтар тіпті сүйек жегіш боп жаратылған сияқты.
Олардың әрқайсы құдды өздерімен бірге басы артық тағы бір асқазан ала келгендей көрінді. Мырзалардың осы дастархан басында екі сағат бойы қолдарына пышақ пен шанышқы ұстап, үйеме табақ ет пен көкөніс және бұршақ дақылдарын жеп арпалысып, табақтың түбін жалап-жұқтап, тоя ас жегеніне сене алмай отырмын. Сол он екі адамның тәбеті қайта ашылып, түк көрмегендей тамаққа тағы лап қойды. Қуырылған қазымның әптер-тәптері шығып, құзғын сипатты өлексемен қоректенетін адамдардың құлқындарынан өтіп, іштеріндегі қабірлерге жұтылып жатты...
Маған келсек, мына қорқынышты көрініске таңданғаным сондай, тамағым кеуіп, қолымнан өтірік күлгенсіп, жасандылықпен қошемет білдіргеннен басқа іс келмеді.
Жаны енді кіріп, масаттанған «Ұстаз» жайлы бір ауыз сөз естіңіздер. Менің жібек қол орамалымды мен берген шалбардың қалтасынан шығарып, серісініп, жұмсақ ерні мен аузын сүртіп, қайтадан есіне бұрынғы оқиғаларын түсіріп, көкезуленіп, Швейцария ормандарында қабан аулағанын айтып, сол елдің танымал тұлғалары мен ақсүйектерімен бірге болған кезін еске алып, сол жердің хас сұлу, керемет қыздарының бірімен басынан өткен ғашықтық хикаясы мен тағы басқа әртүрлі жайттар жайлы әңгімеледі, тіпті, қайсыбірін айтайын. Қонақтар да оны демеп, қолпаштап отырды.
...Құдай жарылқағыр қаздың өлімі кезіндегі «Жеп, ішіңдер, алыңдар» деген қарбаласта менің есіме күркетауықтың ғұмырының қысқалығы мен пасық адамдардың қатігездігі, қара күш әлемінің айла-шарғысы, мына ебедейсіз Мұстапаның түрінің келіссіздігі түскен кезде телефонның шырылы естілді. Сыртқа атып шықтым да тез қайтып келіп, аңшы мырзаға, ғашық мырзаға: «Мұстапахан мырза, Ішкі Істер Министрінің өзі телефон соғып тұр. Сізбен сөйлесем деп қоймайды», – дедім.
Әпенді өзінің қателігін түсінсе де, сыр берместен, түк болмағандай менің соңымнан еруге батылы жетіп, бөлмеден шықты.
Бөлмеден сыртқа шыға салысымен есікті жаба қойдым. Сол кезде зиялылардың тілімен айтқанда қатты шапалақтың дыбысы шығып, дұға тілейтін бес саусақ «Ұстаз» мырзаның қызара бөрткен бетіне мөрдей басылды.
«Бүлдіргі! Тамағыңнан қылғытып жатсаң да көзің тағы қазда болды. Бәрін ұмытып, сен сияқты сартты сандықшадай қастерлеп, басыма көтерген маған қиянат жасап, айла-шарғыға бастың. Мә, мынау – сен үшін ең жақсы сый», – дедім де, шапалақпен тағы тартып жібердім.
Үзіп-жұлып, тілі күрмелген күйде, ас кезінде одан еш белгі болмаған өзінің әдеттегі түрімен әрең дем алып, қырылдап: «Ағатай, менің кінәм не? Келіскен кезде тек қаз туралы ғана айтқаныңыз есіңізден шығып кетті ме? Еуропалық майға қуырылып, ішіне «Барағанның» алшасы салынғанын қашан айттыңыз? Егер кінә болса, менен емес өзіңізден екенін мойындаңыз», – деді.
Ашуланғаным сондай, көзімді шел басып, оның мынадай сылтау келтіргеніне таңдана бастадым. Амалым таусылып, үйдің есігін аштым да қадірді түсінбейтін жігітті майдың құмырасынан шығарған тышқандай далаға бірақ аттым.
Өз-өзіме келіп, тынышталып, ашуымды басу үшін аулада біраз жүріп, меймандар отырған бөлмеге ендім. Қарасам, қонақтар әр жерге жайғасып, нарды ойнап, есіл-дерттері «шеш-беш» позициясына ауыпты.
«Мұстапахан мырза сіздермен қоштаспастан кетуге мәжбүр болғаны үшін кешірім сұрады. Ішкі Істер министрі өзінің жеке меншік көлігін жіберіп, тез арада келуін сұрапты. Содан мырзалардың мазасын алмайын деп кетті», – дедім.
Қонақтар өкініш білдіріп, Мұстапаның жақсы қатынасы мен көркем мінезі, білімі мен кісілігі туралы айтып, өздері де оны қонаққа шақыру үшін телефон нөмері мен мекен жайын сұрады. Сіздерден несін жасырайын, мен де бетім бүлк етпестен, сыр білдірмей, қабағымды да шытпастан бәріне өтірік нөмір бердім.
Сол күннің ертеңінде кеше ғана тіктірген су жаңа, ең тәуір деген бір қабат киімімді барлық керек-жарағымен Мұстапаны қосып, өзімінің шолақ болғыр қолыммен далаға лақтырғаным есіме түсті. Бірақ, атылған оқтың қайтып келмейтіні сияқты не болса да бәріне өзіміз кінәліміз деген асқақ сөзге сеніп, ендігәрі жоғарылау іздемеу туралы өзіме сөз бердім.
Парсы тілінен аударған: Айнаш Қасым
Мұхаммед Әли Жамалзада (1892-1997 ж.ж.) – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі новелла жанрының «әкесі», реализм бағыты мен сатиралық жанрдың негізін қалаған жазушы, аудармашы.
Ол 1892 жылы Иранның Исфаһан қаласында дүниеге келіп, 1997 жылы Швейцарияның Женева қаласында 105 жасқа келіп, қайтыс болды.
Жазушы прозаны ауызекі сөйлеу тіліне жақындатуға күш салды. Жамалзаданың шеберлігі мен танымалдығы көбінесе осы ерекшелігіне байланысты.
1965 жылы Жамалзада Нобель сыйлығына ұсынылды.
Иранның проза жанрында жаңа тәсіл қалыптастырып, қысқа әңгіме жазу үдерісін таратқан Жамалзаданың «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде...) әңгімелер жинағының 1921 жылы Берлинде жарыққа шығуымен, сондай-ақ, 1937 жылы поэзияда Нима Йушидждің «Ғоғнос» (Жалынқұс) поэмасымен Иранда жаңа дәуір әдебиеті (1921-2011 ж.ж.) басталды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.