Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нарқұлан Райханұлы. Homo sapiens...

07.12.2019 3579

Нарқұлан Райханұлы. Homo sapiens 12+

Нарқұлан Райханұлы. Homo sapiens - adebiportal.kz

Нарқұлан Райханұлы ақын. Бесбоғданың баурайында 1995 жылы дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Өлеңдері «Азаттығым ғажап күнім» жинағына кірген. «Бабадан қалған аманат» кітабының құрастырушысы. Моңғолияда шығатын «Шұғыла» журналына өлеңдері жарияланып тұрады. 2015 жылғы Елордада қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен Халықаралық өнер фестивалінің III орын, 2018 жылы өткен Халықаралық өнер фестивалінің II орын иегері.

Homo sapiens

Арғы атамыз маймыл
Әлде шипанзе,
Мыңжылдықтар солай дейді.
Менің санамның,
Шексіздік көкжиегі оған не дейді?
Әрине,
Қарсы шығуға да болады
Ғалымдар да адам ғой,
Қателесугеде болады.
Жаратылыс заңына бағынбай,
Тұңғиығына батып кеткім келеді санамның.

Арғы атамыз һауа
Әлде homo sapiens
Әлде басқалар,
Жүз мыңжылдықтың қатпарлары солай сөйлейді,
Оған көніп көнбіс болғым келмейді.
Бір білерім,
Шежіремді жеті атамды білемін,
Сол арқылы өзіңді сен тануға да болады,
Сол арқылы ғасырдардың қойнауынан

ақпаратты алуғада болады,
Ғалымдардың білгішсініп ашатын жаңалығын,
Сол арқылы табуғада болады.

Бұғаздар елесі жылымдай сыздықтар,
Томырық тауларды мұжыған жел өті.
Жер бетін жапқан мұздықтар,
Көнеден шертер сарынды тоқтаусыз,
сөгіліп түскенше қол еті.
Елсіз аралға кеткім келеді
Ауырлық етседе өзімнің басымды арқалап,
Менде сол миллионжылдықтан өткім келеді,
Мамонт пен бизонды атып жеп,
Мойынға іліп ап көнсадақ.
Жолыма түсседе қанша дақ.
Көне бір жаққа жеткім келеді,
Ескі бір жаққа кеткім келеді...

Оян

Жалықтым,
Кемсеңшіл қоғамнан жалықтым,
Оғлан ойларын айта алмас халықтың.
Көңілшек қыздардай,
Көкелер көңілін қайтармас.
Жағымпаз оларда,
Бұларда
Біздерде
соны ұқтым.

Сенбеймін,
Өтірік уәде сөздерге
Көнбеймін сөзінде тұра алмас ездерге.
Осылар ластап бітірді тарихты,
Көрсеңіз күлімдеп көздерге.
Шеріңді
Зарыңды
Қайғыңды қозғаған,
Інгендей боздаған,
Тұманды уақыттың көзінен зар ұқтым.

Бұлыңғыр,
Бұйдасын таба алмай көшімнің
Шіліңгір,
Тым ыстық ауасы құлаған бесіннің.
Көз ұяң кеңейіп,
Араның ашылып,
Ұялас иттерің көбейіп,
Көк бөрімді басынып
Күнде де
Түнде де есірдің.

Ит қоғам,
Енді мен не дейін
Ұйықтаған ұлтымның түрі осы,
Жасыған талыққан үні осы.
Оянар оған мен сенейін.
Мағжанда сенді ғой
Атылып кетседе,
Міржақып оятпақ болды ғой,
Оян деп оята алмастан өтседе.
Ахмет «Масасы» -
Санаңа жұпарын септі ғой.
Ояншы қазағым
Оянар кездерің жетті ғой!!!

Уақыт

Абат уақыт шырмалып,
Шіліңгір ыстыққа оранды.
Айдың сұлбасы сұрланып,
Меңдетіп барады жараңды.

Табытқа салынған бақыт,
Өрмелеп барады көрден.
Тоқтамас сырғыма уақыт,
Кешеде, бүгінде өлген...

Өледі ол, өлімнің иісі
Ауаға шашырап кетті
Тұманға бөккен ми іші,
Тағыда уақыт өтті...

Үкім

Жердің миынан өткен,
Ақжауын...
Нөсер боп төгіліп судырап,
Күй болып шертіліп,
Шайтандай шаштары дудырап,
Басқан іздерің мөр болып кертіліп,
Қалады бір күні осылай...

Аспаннан төгілген моншақ жас,
Тамшылап сіңеді топырақ бетіне.
Біздегі жаңбырға қаңтар мас,
Жердің тас байланған өтіне.
Енді ол сіз жайлы айта алмас,
Себебі кездесу сағат жетіде.

Ауада адамдар демдері қалықтап,
Мешкей бұлт тоймайды түтінге.
Олар дәл бүгін жолықпақ,
Серттесіп нүктемен үтірге.
Біз болсақ соларға сеніп қап,
Қол қойдық үкімге...

Соңы

Саумалап төгілген тұман
Көңілдің ашама кірін
Ойлары толыған күмән
Тым таныс бұл үн.

Ауадан жеңіл жүрісі оның
Ешкімде сезбейді мұны
Бақытқа балайды сорын
Көк тиын құны...

Тербеліп желменен бірге
Аңызға айналған аты
Көкірек көңілі түрме
Тым өшкін жанардың оты

Енді оны танымас ешкім
Ешкімде ұмытпас оны
Таулардан құлаған көшкін
Осылай өмірдің соңы...

Періште

Жапырақ мұң,
Құлайды жер бетін көмкеріп,
Сағыныш нілімен.
Недеген тәп-тәтті еркелік,
Ақ мамық қар жауды түнімен.

Таң атса,
Миллилон періште
Ақ қарда асыр сап ойнап жүр.
Солақай жел соғып теріске,
Періште жолдарын лайлап жүр.

Тым қысқа,
Уақыттың бұрымы кесілді.
Күн батып таң атты,
Періште дегенім қыз екен кекілді,
Қолында ыдысы
Су жаққа баратты.

Ессіздік

Кенже жаңбыр,
Қараңғылық қойнын тілгілеп,
сеуіп тұр шаң басқан жолдарға.

Теңге тағдыр,
Жолдардың сорабын сүргілеп,
Адамдар адаспай жетуін тілейді таңдарға.

Көгілдір түннің,
Әзіл шашырап тілінен
Өзекке түседі өксік.

Алқызыл күннің,
Шуақ шашады бүрінен
Молда торғайдың дауысын естіп.

Сол сәтте...

Бұралып белі,
Оянып ұйқыдан ару
Тарқатып өреді бұрымын.

Тұралық деді,
Сүйікті жары
Бір тамшы мейірімге зәру.

Адасып кеткен,
Бақыттың іздейді сұрығын.
Ол үшін,
Керек ғой сол жаққа бару.

Түркістан. Кесене. Күз.

Түркістан,

Кесене,

Күз...

Ойларым орағытып,

Оралдық көшеден біз,

Сезімнің түймелерін шала ағытып.

Кесене,

Күз,

Түркістан...

Керуен жолдары келетін.

Ақ мамық бұлты ұшқан,

Шұбырып түйелер өретін.

Күз,

Түркістан,

Кесене...

Сарғайып жапырақ мұңдарым,

Келдіңіз кесене нешеге?

Білуге болама бұл жағын.

Түркістан,

Кесене,

Күз...

Емдейтін жанымды өзің.

Қартайған шығарсыз сіз,

Түсінбей отырмыз біз.

Тағатын туысқан төзім,

Ооо қандай сезім!

Айтыңызшы күз!?

Өлі дүние елесі

Ай айнасын бұлт басса,

жан айнасын шаң басқан.

Күзді идірген,
Ақ самал.
Құз күйдірген,
Тым ыстық.
Өлі дүние елесі,

Оранады тыныштық.



Қарашаның жаңбыры,
сіркіресе себепсіз.
Адамзаттың тағдыры,
Құмырысқаға керексіз.
Ал олардың тағдыры,
Дерексіз...


Боз сөздер мен
Бос сөздер,
Билеп алған санасын.
Менсінбейді надандар,
Мекендеген есектердің қорасын.


Піл жусаған
далада,
Тізесі жоқ адамдар,
Иіледі молаға.
Қалмаған соң заманда ар.


Көз жасына негрдің,
Қалып қойған шыбындай.
Соқпақтары өмірдің,
Мың құлашты бұрымдай.
Жетер ақыр түбіңе,
Тоқым қайғы тұлданған.
Қарағайдың бүріне,
Татымайды бұл жалған.

Оралу


Осыдан жеті мың жыл бұрын,
Қураған бассүйектердің,
Атақты ақсүйектердің
Тарихын талақ етесің.
Өзіңе ұнаса,
Шақырып қонақ етесің.
Торығып торы бұлт жыласа,
Ғұлама софы боп кетесің.
Сақидың бал татып,
Шарабы.



Тұл тағдыр,
Қара түнді қақ тіледі.
Бұл тағдыр,
Көбелек ғұмырыңның ғасырындай.
Жапалақ мұң əбжыландай
Көздері өткір еді...
Өмір сүре алмайсың жасырынбай
Тексізденіп тектілері
Құлжаның асығындай,
Табылмай барады.


Аспанды алақандай,
Жерді тебінгідей етіп.
Үйелеген көлеңкемен шектесіп,
Торғайды тарақандай етіп
Дəуірмен беттесіп
Түн үркіп,
Шағырмақ сəуледен
Күн мен түн
Кектесіп
Кетпесе жарады.


Барқыт түннің əуеніне,
Аспанның желіні сыздайды.
Қоңыр қыраттар,
Аңыздар айтады күз жайлы
Таусылмас сұрақтар,
Біз жайлы күллі, қыз жайлы...
Əмсесі ойымда,
Қиямет қайымда
Ақиқат алдында тұрақтар
Адамзат саналы...


Киіктің жонындай,
Асу да асу бел еді.
Тарих бүрлеген қорымдай,
Тəңірге табынған ел еді.
Қара түн күрсінсе,
Күрсінсін.
Болашақ біздерге сенеді,
Өткен шақ біздерден тарады.
Тағы бір
ғасырлық уақыт сіздерге келеді
Біздерден Ғасырлық күз аунап барады.

***

Өмір деген есік алды,

Өлім ішкі бөлмеңіз.

Табалдырық,

Аттаған соң несі қалды,

Себебі біз пендеміз.

Мүрдемізді арулайды мүсіркеп,

Орап алып матаға.

Жаназаңды оқытады,

Сәлдесі бар атаға.

Болды бітті ақырғы үн,

Нүкте қойды параққа.

Соңғы адамы ғасырдың...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар