Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрбол Құдайберген. Шексіздіктің қақпасын қағып тұ...

19.12.2020 10336

Нұрбол Құдайберген. Шексіздіктің қақпасын қағып тұрмын 16+

Нұрбол Құдайберген. Шексіздіктің қақпасын қағып тұрмын - adebiportal.kz

***

Түсінем сенің қамыққан күйің,

Жалыққан миың шаршаған.

Күте де күте зарыққан қиын,

Күтумен өткен қанша адам.

Заманға мына күпті қып қойған,

көншімей қойды ау көңілің.

Жауапсыз жалған көк тіліп ойлан,

Солай да солай өмірің.

Нендей күш жіпсіз байлаған буып,

Іздеуге сонша құмармыз.

Уақыттың желі айдаған қуып,

Жоғалған жоқшы болармыз.

Отқа да жанып суға да батып,

Сарылып сүлде қалған ба?

Жетпей ақ тұр-ау бір ғана бақыт,

Жеткізбей қойған арманға!

Жасырған бетін күн шығар мүмкін,

Қап-қара бұлтты төндірген.

Табанға салып жаншыған бұл күн,

Үміт қой бізді өлтірген.

Жылдарды қайттік сүреңсіз жолы,

Санаға әжім түсірген.

Тағдыр ма тағдыр білерміз оны,

Көктемгі гүлді үсірген.

Сұрама сосын жылама-дағы,

Киесі жастың таусылған.

Адамның жаны сыналады әлі,

Сынағы бітпес маусымнан!

Жолдар

Жолдар, жолдар жетеле алға мені,

Жарқын күндер бар ма екен алда әдемі?!

Жортуылдап жүйткіген жан баласын,

Жығасың да қоясың жарға үнемі.

Жолдар, жолдар білемін шимағың көп,

Жолдан шықты біреуі қинадың деп,

Орға түсті біреуі сыймадым деп.

Жолаушыңды қайтесің жылап өтсе,

Мен жолымнан ештеңе жимадым деп.

Жолдар, жолдар талай жан шалыс кеткен,

Бірі озып, ал бірі қалыс кеткен.

Бірі бақыт табуға жақын қалып,

Ал біреуі қол сілтеп алыс кеткен.

Жолаушыңды қайтесің жыласа егер,

Жолаушыңды қайтесің ұнаса егер,

Жылату да жұбату өз қолыңда,

Көз жасынан есебін сұраса егер.

Жолдар, жолдар соқтырма соқпағыңа,

Адастырма көнейін тоқпағыңа,

Ізгіліктен ізімді салмайынша,

Ешқашанда хақым жоқ тоқтарыма.

Сондықтанда сен бедің тұйықталған?!

Асылыма алып бар сүйікті арман,

Ғашығыма алып бар күйіп жанған.

Шексіздіктің қақпасын қағып тұрмын,

О, Жолдарым, таусылман, тұйықталман!

Оянбады

(Гүлнәр апамның рухына)

Өмір өлім арпалысып тұрғалы,

Бес күн өтті жанымды үміт тырнады.

Жансауғалап жансақтауда жатыр ол,

Кеудесінде айтылмаған сырлары,

Айтылмаған мұңдары,

Жүрігінің соққысында тұр бәрі...

Жүрек тілін кімдер ұғып, тыңдады?!

Енді оны бақи ғұмыр ұрлады.

Тіршіліктен алған нәрі құрғады...

Тар дүниенің тарылмасын демі деп,

Бұл хәлімде көрмесе ешкім мені деп,

Күліп қана кете барды сол бір жан,

Биіктерден көргім келет сені деп...

Айналасын шуағымен көмкерген,

Жаны сұлу жаны еді ол ел көрген.

Қара бастың қайғысына жат болып,

Қара жұрттың азабын да өңгерген.

Жан еді ол, жан еді ол ең ізгі,

Ал мен соған ұқсатамын теңізді.

Көңілі де гүл көктеген көктемдей,

Өлімі де жұпар шашып кеткендей

Енді оны жоқтап жатыр жер үсті.

Жер көтерер ауырлықтың салмағын,

Жел көтерер қалғанын...

Қаламымның құдіреті болса егер,

Сызғым келет тіршіліктің заңдарын,

Бұзғым келет жалғанын.

Жанға батпас у себілген жарам қай?!

Мына жалған жайсаңдарға сараңдай.

Сол бір жанның ұмытылмас жылуын,

Жоқтап жүрмін болғаннан соң анамдай!

Қайда кетіп барады бар асылдар

Қайда кетіп барады бар асылдар?

Өлшеп, пішіп айта алман бағасын дәл.

Құнсызданар уақытта құны түсіп,

Қалды мекен қадірі жарасында әр.

Қайда ұшып барады, ана, сұңқар?

Қанатында қайсарлы жарасым бар.

Қасқыр алар қуаты тышқан іліп,

Кетпесіне О, Тоба, таласым бар.

Қайда шөгіп барады, ана, шыңдар?

Төбелердің тілегі-ау қара сұмдар.

Жаз көңілі жайлаудай жайсаңдардың,

Неге жүзін басты кеп санасын қар?!

Қайда? Қайда осыған жанашырлар?

Қолыңнан бер, ей, тағдыр аласым бар.

Бермесең жолыңда алам бір себебі,

Алақаны жайылған алашым бар.

Қайда кетіп барады бар асылдар?..

Ақ нұрдан жаралған

Қиялдың қиығы жарқ етті тасына,

Көлеңке ебелек түсірді басыма.

Сол ақын асқар тау, ол мүмкін ай-жұлдыз,

Болса да тым нәзік келеді-ау жасына.

Сыңарсыз қайғысы, сыңарсыз теңеуі,

Толқындай жартасқа соқтығып келеді.

Тағдырдың талайғы тәлкегін тартса да,

Жалынды жыры бар жалғыз-ақ жебеуі.

Жаны бар жұп-жұмыр, жүрегі-мақтадан,

Сондықтан ақынның барлығы ақ маған,

Әулиелік әуенін айтатын асылдың,

Әурелік әлегін ешқашан ақтаман.

Себебі ақындық бұлқынған жүректен,

Қап-қара күнәлі кірленген түнекке,

Арайлы таңдардың жаршысы секілді,

Қаһарлы патшаның жарғысы секілді,

Фәнидің кеңдігі-тар тұсы секілді,

Ананың балаға алғысы секілді,

Бейкүнә жетімнің қарғысы секілді

Қараңғы түннен де жұлдыздан нәр алған

Ақын ғой, ақындар ақ нұрдан жаралған!

Тұр, Күнім, тұр!

Көкейімде сайрап тұрса шындығым,

Қатарымын дей алмаймын мұңдының,

Артық маған жалған ғасыр балынан,

Шындық үшін у сімірген бір күнім.

Көкейімде сайрап тұрса шындығым,

Қаңтарылып, қаңсырасын құлқыным.

Ақиқаттың ақ байрағын көтердім,

Жүрегіммен жамармын деп жыртығын.

Көкейімде сайрап тұрса шындығым,

Ал, шындықты мағынасыз қылды кім,

Аноу маңдай жаратқанға сәжде емес,

Аяғына қожалардың құл бүгін.

Көкейімде сайрап тұрса шындығым,

Өмір маған мен өмірге құндымын.

Бабалардың аманатын арқалап,

Аманаттау бізге парыз тұр, күнім!

Жалғандықтың қаламасаң сұмдығын

Тұр, Күнім, тұр!

Күздің күні

Жібін жалғап үміттін іңкәрліктен,

Бағытынан жаңылмай кім бар күткен,

Ердің серті қашанда өлмейтінін,

Ұғындырып тұрғандай гүлзар біткен.

Жалын сүйсем мен қалай жанбай қалам,

Мен емеспін қалқатай жан байлаған

Қуанамын еректеу қуат алып,

Күзді күні гүл көрсем сарғаймаған.

Ия, Еркем жігерім жол құрады,

Тәңір ісі қаласа болдырады.

Мынау күздің суығы түк емес-ау,

Сенің үнсіз қалғаның тоңдырады...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар