Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің...

23.10.2018 15278

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің 12+

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің - adebiportal.kz

Осыдан үш ғасырдай бұрын өмір сүрген Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) – қазақ поэ-зиясының өрісін кеңейтіп, көшпенділер топырағында реалистік дәстүрдің өркен жаюына алғышарттар жасаған ақберен ақындарымыздың бірі. Бозбала шағында-ақ ақындық өнердің тұлпарын тізгіндеп, даңқы қалың елге жайылған Тілеуке Құлекеұлының артына қалдырған мол мұрасы уақыт сынына төтеп беріп, ғасырлар қойнауынан нұрын шашып тұр. Бүгін біз оқырмандар назарына саңлақ суреткердің бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің.

Қойға пана болмайды тал дегенің.

Жалаң аяқ, жалаң бас тоқты арқалап,

Хан ата, қалай екен мал дегенің?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кіші,

Біреудің хақын жемес жақсы кісі.

Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен,

Хан ата, қалай екен малдың күші?

* * *

Бақытыңа кез бопты долы қатын,

Мұны алған ер жанжалға молығатын,

Ұрысса бар адамды жеңбей қоймас,

Бір үй түгіл бір ауыл торығатын.

Өзінің кесапаты бастан асып,

Ері де бір пәлеге жолығатын.

Албастыдан дәу дию қашты дейді,

Бұл үйге қона алмаймын, пері қатын.

* * *

Пасыл да пасыл, пасылман,

Аққа құлпы жасылман,

Жақсыға сырым жасырман,

Жаманға сірә бас ұрман.

Мен бір шапқан жүйрік ат,

Бір желіксем басылман.

Өттің бір дүние, өттің-ай,

Теңселе басып кеттің-ай,

Мен бір жүрген жорға тай,

Жылжи да басып кеттім-ай.

Домбыра қолда қарағай,

Қолға да оны алған соң,

Әріден бері салам-ай.

Жоғары мен төменге,

Ылди менен өреңге,

Даңқым кеткен баламын.

Шын ажалым жеткен соң,

Сызықтан мәлім өткен соң,

Айтпасам да, жарандар,

Мен де бір күн өлем-ай.

Түйе деген бір мал бар,

Тамағы тойса көп кетер,

Қас жаманның белгісі

Жиын-тойға барғанда

Тамағына өкпе етер,

Өкпелеймін деп кетер.

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер.

Ел елдетер, елдетер,

Ашылған тұман желдетер,

Жақсылардың алдында

Біразырақ сөйлесем,

Онан да менің нем кетер?

Өлгеннен соң басыңа

Топырақ үйіп белгі етер,

Белгі еткеннің белгісі

Көміп бір тастап ел кетер.

Қайырсақ та, сазда өтер,

Қаңқылдаған қаз да өтер,

Үш ай тоқсан жаз да өтер.

Ақ бетіне қан құйған,

Орамалын дәл құйған,

Ерініне бал құйған

Қылықты туған қыз да өтер.

Домбыра қолда қарағай,

Қолға да оны алған соң,

Жүйрік туған ағаңыз,

Арыдан бері тербетер.

Базарға барсаң бақ білер,

Базардағы береннің

Әр бағасын сарт білер.

Өткен менен кеткенді

Көп жасаған қарт білер.

Жолдың алыс-жуығын

Белі де жуан ат білер.

Біреуді жақсы демесең,

Біреуді жаман демесең,

Бұл дүниеден өткен соң,

Шын дүниеге жеткен соң,

Көтеріп көрге салған соң,

Көр қараңғы болған соң

Кімнің жақсы, жаманын

Бір жаратқан хақ білер.

Адамзаттың белгілі

Бұл дүниеден өтері,

Өлгеннен соң белгілі

Тірлік бір жауап бітері.

Бұл айтқан сөз, құрбылар,

Бір күні болар керегі.

Басты бір аяқ қылады,

Бір Алланың шебері.

Бақытты жігіт қол бастар,

Шешен жігіт дау бастар,

Әлемнен озған ала аяқ

Озып кетсе ойқастар.

Күнінде артықша туған жігіттер,

Жарысқа салмай кім тастар.

Елінде жақсы жігіттің

Алыста даңқы зор болар.

Мен сөйлеймін, мырзалар,

Сөйлемесем бұл жерде

Қадірлі сөзім қор болар.

* * *

Арғымақ ат кімде жоқ,

Міне алмасаң атша жоқ,

Ағайын-туған кімде жоқ,

Сыйласпасаң жатша жоқ.

Бұқарда бар бұлама,

Тәшкенде бар сұлама.

Ел жаманы шыға ма?

Шығадан жақсы туа ма?

Сыйласпасаң тіріде,

Екі көзің ағарсын,

Өлгеннен соң жылама.

Бұқар, Тәшкен азғанын

Ішіндегі сарт білер,

Қамқа тонның тозғанын,

Көп жасаған қарт білер.

Ағайынның асқанын

Қарындас білмес, жат білер.

Артқы қастың батқанын,

Қаптал білмес, ат білер.

Ел ішінде бір мола

Жау келсе де үрку жоқ.

Соқыр, қисық болса да

Бай ұлында шіркеу жоқ.

Неше мырза болса да,

Жер солқылдап тұрса да,

Кедейден басқа шіркін жоқ.

* * *

Саясы жоқ бәйтерек

Саздауға біткен талмен тең.

Жақсы ағаңыз бар болса,

Алдыңда сары белмен тең,

Ағайының көп болса,

Ұлық бір шеру қолмен тең.

Ақылсызға сөз айтсаң,

Алды бір тұйық жармен тең.

Молдадан сабақ алсаңыз,

Алуа, шекер балмен тең.

Пайдасы жоққа жалынсаң,

Семіз бір жемқор малмен тең.

Жақсы қатын алсаңыз,

Алланың жауған нұрмен тең.

Жаман қатын алсаңыз,

Маңдайға біткен сормен тең.

Уайымшыл жігіттің

Кең дүниесі тармен тең,

Уайымсыз жігіттер

Қара бұлан нармен тең,

Жетесі жаман жігіттер

Тоқсандағы шалмен тең.

Жаманнан көрген қорлығың

Көкірекке біткен шермен тең.

Бір қалған соң көңілің

Қаңтарда қатқан мұзбен тең.

* * *

Түседі өлең десе қайғы-шерім,

Шығады айқайласам ащы терім.

Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,

Барады ықыласыңа көңілім еріп.

Жел сөзді Тәңірім берген неге аяйын,

Шашылған несібемді жүрмін теріп.

Мақтанба, малым бар деп бағыңызға,

Бағыңыз тұрса жақсы тағыңызда.

Саныңды, ауызыңды ұстап бір соғарсың

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Күлен шешенге

Төрт ауылдың бір биі Күлен шешен,

Төреңізді тура бер Құдай десең.

Өлсең де, қабырыңда тек жатпайсың,

Төре беріп, біреуден пара жесең.

Төрт ауылдың бір биі Күлен қозған,

Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған.

Төре беріп, біреуден пара жесең,

Қияметте жоқ дейді биден азған.

* * *

Бақ көшсе ақылыңа қарамайды,

Жақсыны жаман адам табалайды.

“Адам басы Алланың добы” деген,

Қайда айдаса, сол жаққа домалайды.

Жігіттер, ат атану тым-ақ қиын,

Ат атанбай, болмайды кұрмет, сыйың.

Топтағы бай, таптағы би болсаң да,

Қолыңнан мал кеткен соң келмес күйің.

* * *

Күні шолақ болған соң түні қайтсін,

Жеңі шолақ болған соң қолы қайтсін.

Өзі жаман болайын деген бар ма,

Білімі, өнері жоқ, оны қайтсін.

* * *

Екі қатын алғанның дауы үйінде,

Жаман қатын алғанның жауы үйінде.

Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,

Жаман қатын алғанның соры үйінде.

Кез болса ер жігітке жақсы қатын,

Жақсы қатын шығарар ердің атын.

Жаман болса өз қылған істерімен,

Еріне қалдырады жаман атын.

Жақсы сол – ерін күліп, шаттандырса,

Атқарып тапсырмасын мойнына алса.

Ері жоқта күйзелтпей шаруасын,

Ағайын, көршілерін жадына алса.

Сапардан ері келсе, үйге кіріп,

Жылы жүзбен қарсы шығып, қолын алса.

Әкесі Құлке өлгенде айтқаны

Құлеке жиырмада арқар еді,

Отызда би, қырқында дарқан еді.

Кешегі дулап өткен Құлекенің

Алдынан орыс, қазақ тарқап еді.

Алпыс бір мүшел келді мерттей болып,

Өтпедің сол мүшелден серттей болып.

Кешегі дулап жүрген ер Құлеке,

Су тиген сөне қалдың өрттей болып.

Астынан көк өгіздің тас көтерген,

Кісіні арықтаған ас көтерген.

Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,

Бұрынғы үлкен қайда бас көтерген!..

Астынан қара тастың су көтерген,

Мұнарды суға түскен бу көтерген,

Бәрі де туған жанның өлмей тұрса,

Бұрынғы батыр қайда ту көтерген!..

* * *

Бұл өлім қайда жоқ?

Жарқыраған айда жоқ,

Күркіреген күнде жоқ.

Өтері өтіп кеткен соң

Мың теңгелік қайғыдан

Бір теңгелік пайда жоқ.

* * *

Ашу дұшпан болғанда, нәпсі – жауың,

Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.

Жүрекке ашу келіп толған шақта,

Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.

Ойласаң, мың бір пәле тілден туған,

Шешендер топ ішінде тілді буған.

Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,

Жабылып мың бір пәле соны қуған.

* * *

Жігіттер, жау алмайды ақылдассаң,

Білгішке көп білетін жақындассаң.

Қарап жүрген кісіге адам тимес,

Сабыр қып, өз бойыңды мықты ұстасаң.

Жақының жат болады алыс болса.

Жат та жақын болады таныс болса

Сыртыңнан жаман туыс табалайды,

Аяғың бір нәрседен шалыс болса.

Әйтсе де, жақсы туыс шыдамайды,

Бір жерде айғайласқан намыс болса.

* * *

Әр жерде қадір, құрмет көрген жанмын,

Жақсы менен жаманды білген жанмын.

Жайымды сіз білмейсіз, мен – жорға тай,

Тайпалып, талай топқа кірген жанмын.

Жақсылар бізді есінен тастамаған,

Өнерсіз деп жаманға бастамаған.

Қария қазақ, ноғай естіген жан,

Ұрынбаған қалмады жаста маған.

Мен өзім талай сөзді хатпен жазғам,

Әзілден мерт болады артық қазған.

Өткен іске өкінсем, өмірім зая,

Тұяққа ілінгенді қайта жазбан.

Жақсының жүрген жері той болады,

Ақыл жоқ, кей адамда бой болады.

Көрмеге қандай жаман болса-дағы,

Парасат кей шаһбазда ой болады.

Адамды жөн білетін дана деп біл,

Істерін жалқау жанның шала деп біл.

Құр жасы елулерге келсе-дағы,

Білімсіз сондай жанды бала деп біл.

Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса,

Жақсы сол – істер ісін тамамдаса.

Апу-күпу дегенмен әулие емес,

Күнәсі күнә үстіне жамалмаса.

Жаман сол – жақсы сөзді ұға алмаса,

Ғалым болмас ұстаздан дұға алмаса.

Молла есімін алған жан толып жатыр,

Не керек ғылым бойға жұға алмаса.

Кеңес көп ести берсең іште жатқан,

Бір құдай сөйлесін деп тіл жаратқан.

Қызыл тіл, тіршілікте тебіреніп қал,

Шешендер сендей талай жерде жатқан.

Замандас құрбың келсе қадірін біл,

Артында әзіл сөздің қалады зіл.

Жалпылама жамандар неге керек,

Шаһбазды нағыз біздей ерім деп біл.

* * *

Кедейлік ер жігітке намыс емес,

Жоқ болсаң туысың да таныс емес.

Суық үй, арық соғым, жаман қатын,

Үшеуі кедейліктен алыс емес.

Жоқ болсаң, қызыл бүйі үйің болар,

Бар болсаң күндіз-түні жиын болар.

Алыстан кедейліктің алдынан шық,

Төбесі көрінген соң қиын болар.

Ант соқса, адам шіркін тосылады,

Кері кетсе, ұйқы кеп қосылады.

Құл-құтан, қарақалпақ болса-дағы,

Мал шіркін абыройыңды жасырады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар