Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Омарғазы Айтанұлы. Үркер суға батады...

04.03.2023 8716

Омарғазы Айтанұлы. Үркер суға батады

Омарғазы Айтанұлы. Үркер суға батады - adebiportal.kz

«Сәукеле» жыр жинағы Омарғазы Айтанұлының пәни дүниеден қайтарынан бір жыл бұрын «Шынжаң халық баспасына» өз қолымен дайындап ұсынған кітабы. Ақын өмірден өткеннен кейін жылдық асына орай 1998 жылы сәуір айында жарық көрген. Жинаққа ақынның әржылдары жазған 95 өлеңі мен екі дастаны «Жасыл көйлек» пен «Құстар қайғысы» кірген. «Құстар қайғысын» тұтастай өлең-роман деген жөн шығар. Тағдырлы шығарманы тарқатып айтсақ әңгіменің ауаны алыс. Отыз жасқа жетпей жазған шығармасының жиырма жылдан астам сүргіннен соң, ақын қолына қапиада қайта тиіп жарық көруі де бір ұзақ хикая. Бүгін назарларыңызға ақынның осы «Сәукеле» жинағынан, өмірінің соңғы жылдары жазған, атап айтсақ 1993 жылы жазған он тоғыз өлеңін және 1994 жылы жазған бір өлеңін қоса ұсынып отырмыз. Омарғазы Айтанұлының балталаса бөлінбес шығармашылық әлемінен осы бір шоғыр өлеңді қалап алуымыздың өзіндік сыры бар. Бұл әуелі ақынның алпыстан асқан жасына қарамастан шығармашылық қуатының жаңаша өркендеуі, өзгеше түс алуы. Тосын, тылсым мінез көрсетуі. Бүгінгі жеткен өркениеттік әлеуетіміздің деңгейіне қарамастан құпиясын аштырмауы, жұмбағының тереңдігі. Ирімінің шүңеттігі. Айталық оның «Көгілдір күмбезі» тәуелсіздік, атамекен хақында жазылған жүздеген, мыңдаған өлеңдердің ішіндегі ең шоқтықтысы дер едік. Бұл өлеңдердің жазылуына сол жылдардағы саяси-әлеуметтік, тарихи уақиғалардың да өзіндік әсері болғаны анық. Ең бастысы бұл ұлы суреткердің өмірінің соңғы деміне оранған кепиетті жырлар. Қазақ поэзиясының өзгеше биігі. Жаңаша түлеуінің басы.

"Әдебиет порталы"

 

Далалар

Қаңбақ па домалаған?

Далалар – таңғы түс,

Ұзатылған қыз,

Ол және

Қанаты талған құс.

 

Жеңілген көшпенділер –

Далалар

Солардың жығылған туы.

Оққа ұшқан арғымақтың –

Далалар соның

Терсіген буы.

 

Жым-жырт адырлар –

Ұйқысы.

Отыншының балтасы қалған,

Кәрі жыңғылдың таты –

Соның қызыл қанына боялған.

 

Түйелердің сірі табаны ма

Қоңырау үні құмға басқан?

Басы жоқ, соңы жоқ

Қара жолдар –

Ұзын-ұзын ескі дастан.

 

Далалар – таулардың анасы,

Ұсақ төбешіктерде

Кіндігін кескен

Үйсін обаларынан да үлкен

Оның жасы.

Ағын-ағын ой-шұңқырлар –

Қыпшақтар аттарының тұяғы тескен.

 

Далалар – осы,

Тасбақаның аузы ма ашылған?

Бір сынық жебе,

Бір тас оба,

Ескі құдық,

Далалар міне, осы –

Аппақ қу сүйек шашылған.

Тоқал бұқа

Бұқа екенің рас,

Салақтайды әукең жерге тиіп.

Сықырлайды,

Кем емес

Дәл жиырма етіктің ұлтаны

Жон теріңе әрең сыйып.

 

Өкіресің-ай кеп сонан соң

Көрші ауылдың күлін шашып.

Көк сіңір шыбық ет

Тамыр-тамырлар да қаның тасып.

 

Бұқа екенің рас,

Мүйізің жоқ, бірақ,

Әттең екі мүйіз –

Тұрар сенің алдың да

Қайда барса осы – екі сұрақ.

Күнә мен ғибадат

Қайтыс болған көршіміз былтыр

Жасы жол ортадан өткенде.

Марқұм болды қатыны да биыл

Жыл уағы жеткенде.

 

– Еркек кісі,

Кіндіктен қазыңдар көрін! – деген сонда;

– Әйел адам, емшектен қазылсын! –

Деді енді биыл тағы сол молда.

 

Ойланып қалды көр қазушы:

Аз жер ме емшек пен кіндіктің арасы?!

Қалай болғаны сонда

Екі жынысты – екі көрдің бағасы?

 

Сұрай алмады бірақ,

Неліктен – әйелдің көрін

Неге сонша тереңдетеді?

Жоқ, әлде таяз болса,

Дей ме екен шығып кетеді.

 

Бар ғой тегі, әйтеу, бір кілтипаны

Жер бетінде әйел затының.

Тең болмағаны ма сонда

Екі жыныстың күнәсі мен ғибадатының?

 

Сақтасын тәңірім жаманатынан,

Ақылы жетпейді адамның кей іске.

Терең қазса қазсын қабірін

Тезірек барар, бәлкім, бейіске.

 

Сүйкімді еді өзі де марқұм

– Сондай-ақ болар,– дейтін ел, –

Сұлу қатын!

Барса барар бейіске,

Жер дейді ғой оны да

Хор қыздары – сұлулар тұратын.

Азырақ жаз

Сақылдағаны ма, несі екен –

Ақсиғаны тісі?

Аспанның ба, ақынның ба,

Құдайдың ба, кімнің күлкісі?

 

Күлкі де емес, бірақ та –

Қара бұлттың қарғысы.

Оңай дейсің бе келе қалса, егер де

Өз құрсағын өзі жарғысы?

 

Сақырлайды,

Шатынайды жай оты –

Жартастар – құз басы.

Азырақ жаз, ақыным,

Азырақ ақсын

Табиғаттың көз жасы.

Шешеміз – ағаш

Бір тал жапырақ, жалғыз сояу,

Жоғалмайды бір бүршік –

Бір түйір тозаң,

Бір тамшы бояу.

 

Теседі бері

Айыр бұтағының

Ет қабатынан.

Тұқым қуалайды,

Айнымайды ата затынан.

 

Қара жердің қыртысы

Қақырап жыртылған.

Ескірме бір жұтым себезгі

Шөлдеп жұтылған.

 

Ағаштың қуыс өзегі,

Сырты қатып

Оянады бір шыбын

Сол қуыста бір қыс жатып.

 

Қыпшақ қойған атын –

Ағаштың қыпшағында туған

Әкесіз жетім –

Шешеміз – ағаш

Біз сол ағаштың баласымыз,

Ағаштың сүтін еметін.

 

Бір тал жапырақ ащы дәм

Жұмсақ таңдайдағы;

Сірі қабық сонан қалған

Әжімі ғой ағаштың – маңдайдағы.

Табиғаттың шығыны

Кеше жауған жаңбырдың

Кештен қалған жұғыны

Ғайып болған таң ата –

Қайда кетті табиғаттың шығыны?

 

Жұп-жұмсақ бұйра шаштарды

Бұзған не?

Алтын сырға астындағы

Ақ дидарды сызған не?

 

Түс емес еді бәрі де,

Бірақ түске бергісіз.

Шіркін, сондай шақтар-ай

Екі айналып келгісіз!

Сындырып алма

Махаббат тұнық әйнек,

Сенесің бе?

Ұқсайды ол ұйқыдағы елесіңе.

 

Ашық аспанда ғана ма

Тұнықтық – су бетінің де.

Ұлылығы

Махаббаттың құдіретінде.

 

Пай-пай,

Мөлдір-ай өзінің!

Десеңші жадырай қалатыны

Екі көзінің.

 

Көрініп тұрады сонда

Жүрегі дәл тұсынан.

Көрінгендей көкірегінің

Әйнек ыдысынан.

 

Екі жұп – бір,

Екіні қосып бір етіп.

Ентелейді екі дидар

Сен оған, ол саған өтіп.

 

Жұп-жұқа тас шыны – әйнек,

Ол соның ішінде.

Сындырып алма, кірлетпе,

Ұстатпа және басқа кісіге!

Арылу

Жұтып кетеді қара орман,

Жақын барма

Есің дұрыс болса, егер сенің –

Орап алады жасыл торы

Жарық пен көлеңкенің.

 

Тоқтатпайды аққан су,

Кетеді ол-дағы бірге ағызып –

Сені өзімен.

Қарайсың сонда екі жағаға

Адамның емес албастының көзімен.

 

Ойдан тоқтап

Тас боласың беттегі.

Өлеңге де, әнге де ұқсамас

Инелік пен араның ұшып өткені.

 

Философия яки бір дін,

Қоғамдық ойлар жоқ мұнда.

Көміп жатқан сияқты

Табиғат адамды орауыш етіп

Жасыл шалғын мен көк қияқты.

 

Сергисің құтыласың өзіңді

Адамдықтан тыңайтып.

Отырасың сонан соң

Баяғы сол өз тегіңе қайтып.

Ертең не болар

Ертең не болар,

Кім бар үй сыртында?

Ұқсайды кешкі іңір

Сәуірдің бұлтына.

 

Бүгін...

Дәл бүгін – осы күн

Былтырда ашық тұрған.

Екі жолаушы секілді

Бір ауылдың екі бойжеткені

Бірін-бірі асықтырған.

 

Бәлкім ертең боран соғар,

Шарқая кемпір немересін ұрып.

Күн жайлатар ма екен

Семіз бәйбіше мезгілсіз іргесін түріп.

 

Әттең, ертең!

Күйеу келіп,

Әттең, бір келін түсірілсе!

Не болар?

Өзгеге ашты,

Өздеріне неке суы іштірілсе!

 

Апырау, ертең табыт тұрар ма?

Несі екен

Жалғыз бөкен ен далада шаңырқап.

Бір жөні болар, қайтейік енді

Бәріне бірдей жабырқап!

Жүлге

Екі-ауыз сөз екен бұл дүние,

Біріншісін данішпандар айтып кетіпті.

Ендігі қалғаны – екіншісі.

Бірақ, оны да

Шайхы-дәруіштер тәркі етіпті.

 

Ішіп жіберейінші сол үшін

Бір бакал тарқап кетер ме екен, мысалы

Құмарпаздың ашуы.

Шарап емес, хасам,

Қайда иненің жасуы?

 

Бір ұшық жіп, ұшықталған

Шебердің сілекейімен,

Сол жіп – біз.

Тепшісең тепші

Бірақ бәрі де сол ескі жүлге –

Бәрі де сол баяғы ескі із.

Сұрау белгісі

Жауып тұр қалың қар,

Айнала ақ түс.

О, тамаша торғайлар екен

Шашылып қонған бір уыс.

 

Көрінбейді бұтақтар

Қыстың түгі ғой ақ қылау.

Шытынап тұр.

Сынып кетер ме екен апырау!

 

Бір уыс шыбжық торғай

Қанша дейсің салмағы.

Шытынаса шытынасын,

Жіберер емес

Тұяқтарының қылдай қармағы.

 

Көрінбейді ақ бұтақтар

Қырау басқан.

Отыр бір уыс торғай қаңтардың

Суық алақаны шашқан.

 

Ойға баттым

Ақ қағаз ба, ақ дала ма?

Жазсам болар екен қандай жыр?

Торғайлар емес, енді менің алдымда

Сұрау белгісі –

Ылғи бір қарайған белгі тұр.

Үркер суға батады

Күлмейді,

Жыламайды жұлдыздар өтірік,

Тек сен өзің ғана оянасың,

Отырасың тағы ұйқыңды келтіріп.

 

Бәлкім,

Түсіңде де күлмес,

Жыламас үркер туып келе жатады.

Таңға жақын

Сүйінші!

Жаңбыр көп болар биыл –

«Үркер суға батады»

Жору

Тыржалаңаш тау,

Бір қабат лыпасы – ақ тұман – бу.

Ұзын-ұзын қыраттар,

Борбайларыңды жу.

 

Сұлудың аппақ қабығы

Бір білініп, бір өшіп

Тұрушы еді ғой солай

Жұп-жұмсақ бұлт көшіп.

 

Тесіп шығады сонда

Боз жамылшыны

Көкбеңбек мұз заңғардың ұшы.

Көлкілдейді төменде ақ тұман,

Көре алмайсың бірақ құпия жатады

Ең тереңінде махаббаттың күші.

Айна

Неменеге ұқсайды ұрының қолы?

Тістеуік пе?

Жоқ әлде көлеңке деңіз.

Қарайып көрінеді портта

Алып бір кран,

Көз алдымда көлкиді лайлы теңіз.

 

Кім ол ұйықтап жатқан

Жағада құм үстінде?

Ашық қалыпты бір көзі.

Қайда кетпек екен

Жұмулы көзімен,

Қызық қой адам мінезі,

 

Бір тізесі бүгулі,

Жарым денесі жерге жабысқан,

Бір сирағы сызылар.

Жарымы қайда?

Кім біледі?

Аспанның да көзі бар.

 

Бір тамшы су, бір толқын,

Бозарып өшкіндейді

Ең соңғы бір жұлдыз.

Ұйқысырау емес,

Кім екен ол өтірік айтқан

Күп-күндіз?!

Елес

Сенің табаның,

Табаныңның астында бар жылылық.

Не нәрсе еді қиялыңдағы ұмытқаның

Ұмыту – өзі бір ұлылық.

 

Тышқандар із салған

Жас топырақтың шетіндегі,

Бір түйір қу жапырақ,

Ескі кітаптің жыртығы

Лай су бетіндегі.

 

Қия түскен сарғыш сәуле –

Терезенің жұқа пердесі,

Сыбызғы үні ме әлде

Ұмытылмайтын не бар?

Ұмытылмайтын тек адам пендесі.

 

Кім сонда есік қаққан?

Ескі есік қиуы кетіп,

Босағасы қаусаған.

Сабыр ет,

Бір адамның жарты беті

Жарты есіктен көрінеді

Қазір-ақ саған.

Дұға

Ит терісіне жазылған жазу,

Ескі жұртта қалған көмбе.

Адамзат ақылы қандай аянышты!

Бір аунап уанбаған қайсы пенде.

 

Құмарпаздар әуесі қаныңдағы,

Иманың қырық кез төбеңде тұрар.

Бір жыл өсіріп көрші шаш-сақалыңды,

Екі иығыңда екі періште отырар.

 

Ентігіп есіріктенбе кәрі жасамыс,

Үндемей отыра қал одан да сол күні,

Бар екені рас болса, егер бір жаратушы

Жеңісім деп білер, бәлкім, ол мұны.

Көгілдір күмбез

Донкихот киген көне дулыға,

Менің басымда да бар

Бір дөңгелек киім.

Еліктемеген осы формаға

Қайсы қазан-ошақ,

Қайсы бұйым!

 

Қысып тұрғандай бір темір қырсау

Сунукуңның* кішкене басын;

Шыр етіп келгелі тұрған бір сәбиі

Берсін тәңірім оған да дөңгелек ықыласын!

 

Ауызын ашады бір балапан шиқылдап,

Ұқсатқан Гоголь бір ауызды дөңгелек әріпке.

Көгілдір күмбез,

Бере гөр сен де жасыл жиегіңді

Керегі не одан арының өзінің де

Біз ғаріпке.

Көлеңке

Әлемнің тарғыл теңбілі

Жер бетіндегі

Аласы және құласы;

Күнәсі менен сауабы

Жіктеледі тазасы мен ласы

 

Екі қара барқын жұқарып тең

Жыртылады сұйылып.

Ақшылдайды бозарып

Бір шаңыт

Сәскеде төбеңнен құбылып.

 

Жетер ме көзіңнің оты

Бір көлеңкемен бір көлеңкені қуып

Тазартуға

Бірақ ақ көлеңкемен

Екі қара көлеңкені жуып?

Сүрініп кетпе

Сүрініп кетпе

Табалдырығы –

Есігінде жат үйдің.

Секілді ол дұшпанына –

Бас игені батырдың.

 

Бір бұлт етсе тобығың, өрбиді –

Он есе өсек ізіңнен.

Езулері жырта қарыс, не шықпайды –

Отыз тістен тізілген.

 

Байқа, анық бас,

Соғылып қалма жат босағаға!

Табалдырығында – біліп ал,

Өкініш пен күлкі дәл осы арада.

*Тас маймыл. Таң дәуірендегі «Батысқа саяхат» романындағы аңыз кейіпкер.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар