Мазасыз күн-түн
Қаламгер Мия Алгожаеваның «Мазасыз күн-түн» атты новелласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
С ояна сала темекісін тұтатты. Түтінді асыға тартып, біразға дейін демін іште ұстап отырды. Бөлменің төбесіне қарай ұзақ қадалды да, түтінді ернінің арасынан баяу жіберді. Телефонын қолына алғанымен, бірден экранды ашпады. Әлденеше рет құлыптан шығарып, қайта жапты. Үнсіз ұстап отырып, бас бармағымен қаптамасын сипай берді. Қайта-қайта ашып, біреудің нөмірін ұзақ іздеді. Бір есімге тоқталды... Қоңырау шалуға оқталғанымен, ойынан айнып, контактілер тізіміне қайта оралды. Ақыры іздеген нөмірін тапты. Демін ішке жұтып, қоңырау түймесін басты.
- Алло? ...Бұл мен ғой, ұмытпаған боларсың.
- Алло? Дауысың естілмейді. Кіммін дедің?
- Кездесе аламыз ба? Қазір шыққалы жатырмын.
- Маған қарай ма?
- Бәрібір.
- Бір сағатта босап қаламын. Күте аласың ба?
- Асығыс емеспін.
- Не дейсің... алло... естілмейді! – тың-тың...
Қоңырау аяқталған соң, бөлме бұрынғыдай үнсіздікке оралды. Ол телефонды қолынан түсірмей, бөлме ішінде ары-бері жүрді. Бірдеңені есіне түсіргендей, экранға үңілді. Тағы да қоңырау шалуға оқталды. Бұл жолы да райынан қайтты. Екінші мүмкіндіктің баянды болмайтынын ол іштей білетін. Соған қарамастан, тағы бір сынап көрмек еді. Бірақ ештеңе шықпады, қолынан келмеді... Кенет есін жиып киімдерін ақтара бастады. Ақыры ең тәуір дегенін үстіне іліп, үйден шықты.
- Інішек, есімің кім?
- Есімім С болады.
- Қой, С деген менікі. Мүмкін, Б боласың?
- Бұл түнде сіздікінің – бәрі заң!
- Імм, енді дұрыс болды. Б бола бер, С болма. Оларды қайтесің...
- Өзіме де ұнамай жүрген еді, рақмет, ағасы! – барменнің жүзі жайнап шыға келді. Өзіне жақсылық жасаған қонағына не құйып берерін білмей, сөреге тізілген бөтелкелерге қолын созды.
- Маған қымбатынан құй, бірден масайғым келеді, – деді С. Жас жігіттің шапшаңдығына көз ілеспеді.
С бұл жерді мүлде жек көретін. Бұрындары мұндай жерді «жын ойнақ» деуші еді, қазір керісінше өзі... Бардың іші көк түтінге ұласты. Түтіннің арасынан көмескі жарықтар жылтылдап, түрлі денелердің қозғалысы бір-бірімен арпалысып жатты. Танцпол тесілерге шақ. С-ның билеуге мазасы жоқ. Ол шетте тұрып, сол ортаның қызуына берілгендерге ұзақ қарады. Бәрі тірі сияқты. Бәрі өлі сияқты. Ал С солардың арасынан өзін ғана көре алмады. Музыка күшейді. Ол әдеттегідей көзін жұмып, сол бір жылға қарай ойша жол тартты...
- Сені келмейді ме десем! – С құлағына сыбырлаған жылы дауыстан тітіркене оянды.
- Не дедің... кешір...
- Шошытып алдым-ау!
- Жоқ, бәрі жақсы. Келгенің үшін рақмет!
С қою қара шашты, ақ денесін ашық киіммен көмкерген Л-ға сүйсіне қарап тұрды.
- Жүзің солғын, адасқан жанға ұқсайсың.
- Түрге сенуге болмайтынын білмеуші ме едің?
- Әзіліңе болайын, жүр кеттік, әлде...
- Жо, жоқ рақмет. Көп іштім!
- (күлді) Хммм.
Л-ның отты көзі С-ны өртеп жіберуге даяр. Бірақ оған дәл осы қалпы ұнайтын. Салқын жымиыс. Артық сөзсіз, артық қимылсыз. Олар вальске көшті. Айнала тым қараңғы. Әлсіреген жарық анда-санда екеуінің жүзін іліп әкетеді де, қайтадан қараңғылыққа тастайды. Егер бардың осындай елітетін қасиеті болмаса, жалғыздықты сезінер ме еді... С-ның қолы Л-ның белінде. Баяу тербелді. Бүгін олар өз жалғыздықтарына мас. Енді бәрі баяу, бір қалыпта елігіп келеді. Әлгіндегі топырлағандар да біртіндеп тынды. Әуенге ырғалған әртүрлі екеулер өздерінше бір сезімнің тоғына түсіп, сырттағы дүниені ұмытып барады. Бір-бірін құшақтағандар көп. Бірақ олардың арасында өз жалғыздығына жете алмай жүргендер одан да көп. С кенет есін жиғанда, Л-ны құшақтап тұрғанын білді. Қолдары тастай суып кетті. Тағы да сол жылдар... Бұл түні Л-ны аяғандар көп еді. Бірақ Л-ның өзі оны сезбеді. Сезсе де салқын жымиысын жоғалтпады. С кенет Л-ның қолынан ұстап, сыртқа қарай беттеді. Тағы да тым асығыс.
- Не болды, тыныштық па?
- Іштен мезі болдым, мүмкін кетеміз?!
- Қалауың болсын!
С- ның қолдары еркінен тыс Л-ны құшты.
- Қатты сағынып жүрмін!
- Темекі шегесің бе?
- Әкел!
Екеуі меңіреу қалыппен жол жиегіне өтті. Арттарынан қалған із – темекінің түтіні. С-ның көзі қып-қызыл. Л болса жұқа көйлегімен ойнақтаған желмен әлек.
- Мүмкін менікіне барамыз, – деді Л ұзын қолдарын С-ның иығына асып.
- Бүгіндікке қалтам бос.
- Түсінікті...
Л- ның реңі бірден өзгеріп шыға келді. Желіккен желден болар, қысқа көйлегін түсіріп, мазасы қашты.
- Онда мен қайта берейін.
- Тым кеш боп кетті қорықпайсың ба?
- Жоғалтатын ештеңем жоқ, несіне қорқамын.
- Кешір, бүгіндікке құр мазаңды алдым.
- Үйреніп қалғам.
- Өзімді сенің алдыңда кінәлі сезініп жүрмін.
- Не үшін?
- Білмеймін ғой, тым белгісіздік ішіндемін. Түсіне алар емеспін. Мені аяғаннан келген секілдісің.
- Мен бе... Жоқ, сені құдай аясын. Жарайды мен кетейін.
- Сау бол!
Л-ның аппақ сирақтары алға қарай жүре кетті. Таңғы жел ойнақтап тұр. Л алыстаған сайын біз өкшесі тықылдаудан пәс, ұзын бойы барған сайын кішірейіп көзден ғайып болды.
Есік ашылды. С үйіне бесте оралды. Ол телефонын алып, тағы да қоңырау шалуды ойлады. Бірақ, бірақ, әттең, әттең, баса алмады... басты...
- Алло, с...сәлем!
- Алло... – ар жақтан ең аяулы, ұйқылы дауыс естілді.
- Оятып жібердім бе...
- Иә...
- Кешірім өтінемін...
- Кешірмеймін...
- Білем... білем... білем. Болды, енді мүлде хабарласпаймын.
- Сау болыңыз.
- Сау болыңыз.
Телефонының экраны сөніп, бетіне өз жүзінің көмескі бейнесі түсті. С хабарламаларға кіріп, әлдене жазғысы келді. Бірнеше сөз терді де, қайта өшірді. Тағы жазды. Тағы өшірді. Ақыры телефонды төсектің шетіне қойып, екі қолымен бетін басып осы күйден құтылмақ болды. Бірақ денесі қайтадан салқын төсекті құшты. Тағы да мазасыз күн-түн.
Мия Алгожаева
