Микеланджело ди Лодовико ди Лионардо ди Буонаррото Симони немесе жәй ғана Микеланджело.
Эрмитаждың ұзын сонар сансыз көп дәліздері мен бөлмелерінде ақшам уақыты тек қана тықылдаған сағат дыбысын естисіз. Ал егер алда жалда тақылдаған аяқ дыбысының жақындап келе жатқанын сезсеңіз құддыбір «Ешқандай кінәсі болмаса да бір таңда оянып өзінің тұтқындалғанын» естіген Кафканың кейіпкеріндей әбігерленесіз. Өйткені бұл дәліздерде Тицианның «Мария Магдалинасы», Рембранттың «Кресттен босатылуы», Микеланджелоның «Қайғылы баласы» кезіп жүр... «Ragazzo accovacciatо» Қайғылы бала жаныма жақындаған сәт есіме «Жәннаттың кілттері» оралды өйткені қайғылы бала «Өмірден әлдеқайда көркем» мекеннің немесе өз жәннатының суретін қиялында жандандыруға бел буған болатын. Есімде қалғаны, Эрмитаждан шығып бара жатып немесе Петербургқа жасалған он күндік саяхаттан соң ұшақта көкжүзіне қарап «Өмір тән, өнер жан. Тән қиналғанда жан шыңғырады» дей бергенім... Ал қазір «Жәннат кілттерін» қолыма алған әр сәтімде «қайғылы бала» көз алдымнан кетпейді. Құдды бір ешқашан «бар» болмаған бір «елес» сынды...
Аудармашыдан
«Жәннаттың кілттері» немесе «Poems» өлең жинағынан өлеңдер:
CLXXXI
-Қанеки, жауап бер өлім
қартайып әжімделген жүздерді емес неліктен жап жас мені алдың баурыңа?
-өйткені жәннатқа шыға алмайды ескірген шарап, шықса да ол жақта қалмайды мәңгілік..
CLXXXIІ
Бұл мазарда жатқандарды
ұзын сонар жылдар мен бітпейтін күндердің қаруларымен өлтіргісі келмеді ажал..
ажал олардың сұп-сұлу жап-жас қалпында жәннатқа қайтқанын қалады..
барлығы сол ғана..
XIII
Бір Ескерткіштен
Бедел- тапжылтпай бір орында ұстап тұр ескерткіштегі жазбаларды
бір орыннан тапжылмас, өлген ғой бәрі..
жасаған барлық дүниелерінің жаңғырығының үні өшірілген және...
XVIII
Рухым бостан-босқа бір дауа іздейді
мен құл болғаннан бері...
ескі болмысына кері қайтқысы келіп..
Міне, теңіз бен тау;
қылыш та өртеніп жатыр:
мен болсам бұлардың ортасында өмір сүрем ылғи
тауға тырманайын десем рұқсат бермейді
ақылым мен санамды алып кеткендер...
Шалажансар бір соната
Ертеде алып бір жартастың арасына жасырынған едім
тау басындағы жартас..
Кейін құзға қарай домаладым өз еркіме қарсы шығып
Биік-биік жартастар мен таулардан жерге қарай домалай бердім
өз еркіммен немесе шынайы еркіме қарсы шығып...
домалай келе кішкентай бір тасқа тіреп арқамды
сол жерде қалдым мәңгілік.
....Күн шыққан сәт Жәннаттың бұйрық қылған «тағдыры» осы болатын...
Ескерткіштегі Жазулар
әлем тәнімізді қарызға берді ғой бізге
аспан рухымызды..
сөзсіз
әрқашан қайтардық қарызымызды кері...
Ал мынау өлген Браччидің* бізге жасаған игілігінің өтеуін ешқандай қазына қайтара алмас..
Жылдар мен сансыз сұлулықтар үшін қарызымыз бар қайтарылмаған оған..
*Чеккино Браччи мүсінші. Он алты жасында көз жұмы. Микеланджелоның шәкірті.
CCXXI
Браччи осы жерде жатыр, бұл жер лайық оның мәйітіне..
дұғалар мен рәсімдер де оның рухына құйып қойғандай жараса кетті..
Өмірден әлдеқайда көркем болатын бұл мекен
және
өмірде де, жәннатта да Өлім сүйді ылғи Браччиді..
Жазба
Уақытынан тым ерте
көңілімізден көшпей -ақ тұрып
сол сұлу қыз қақтығыста жеңілді ажалдан..
оң қолына қылыш алып қарсы шықса жеңетін еді бәлкім..
қарсы шықпады себебі туғаннан солақ болатын ол қыз..
CXCIX
Жазба
Мен өліп
мазарымда жатқан сәт
Жаныма келіп жанарынан жас төгіп
Мәйітім мен мазарымды сулаған адам
Жанданып жеміс берер бәлкім құрғаған ағаш деп үміттенген шығар...
құр үміт қана бұл бірақ
өйткені
өлгендер тірілмейді көктемде...
СС
Ей мазартасым,
егер шынымен бір күні өмір сүрген болсам,
мұны тек сен ғана білесің.
себебі бұл жерге қамап ұстап тұрған тек қана сенсің дәл қазір..
есіне алатын тірі жан бар болса егер мені
«түс көрген шығармын бәлкім» дер жай ғана.
шапшаң және тойымсыз...ажал.
жылдар бұрын өмір сүргендер құдды бір ешқашан «бар» болмаған сынды...елес..
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.