Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САТИРА
Оспанхан Әубәкіров. Жап, ей, кемпір, есікті...

01.04.2023 11936

Оспанхан Әубәкіров. Жап, ей, кемпір, есікті 14+

Оспанхан Әубәкіров. Жап, ей, кемпір, есікті - adebiportal.kz

(ертегі)

Жабдық жасап мейрамға,
Кемпір тынбай жүгірді.
Бауырсағын пісіріп,
Қуырдағын қуырды.

Күздің күні суытқан,
Жел кірді үйге алқынып,
– Жап, ей, кемпір, есікті, –
Деп қойды шал бір тұрып.

-Жапсаң тұр да, жап өзің,
Босқа, отырмай қасынып.
Бітпей жатқан көп іс бар.
Жүрмін өзім асығып.

Сол-сол екен, керісті
Кемпір шалға шүйлікті.
Шал ыза боп күйініп,
Берді былай бұйрықты:

– Өшір, кемпір, үніңді,
Үндемес пайда табады.
Ал кімде-кім қыңқ етсе
Есікті сол жабады.

Қасарысып тырп етпей,
Екеуі отыр сіресіп.
От та өшіп, үй суыды,
Бәле болды бұл есік.

Үй қараңғы, жарым түн,
Есік қалды аңқиып.
Кіріп келді бір-екеу.
Құлақтары қалқиып.

– Кім бар екен бұл үйде? –
Деді әлгілер дүрілдеп
Кемпір, шалда дыбыс жоқ.
Дізелері дірілдеп.

Ал қонақтар сыбанып
Соқты-ау піскен шұжықты,
Екі қыңыр тамсанып
Қарап отыр “қызықты”.

Темекісін қоса алып,
Ашымалдан сімірді.
Еркін тойлап “қонақтар”
Сезбеді бір дыбырды.

Кетті екеуі тойды да
(Бұлар да бір ит екен)
Біреуі айтты дауыстап:
– Бауырсағы шикі екен.

– Піскен! – деді кемпірі,
Бірақ бұл сөз кешікті.
Масаттанып шалы тұр:
– Жап, ей, кемпір, есікті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар