Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Портрет және қаламгердің эстетикалық идеалы...

20.10.2022 2944

Портрет және қаламгердің эстетикалық идеалы

Портрет және қаламгердің эстетикалық идеалы - adebiportal.kz

Әдеби шығарма мақсатсыз туындамайды. Оның астарында кейіпкерлер тағдыры, көркем образдар арқылы ашылатын сұлулық, әсемдік мәселелері, адамды жалпыадамзаттық құндылықтарға, рухани-моральдық, этикалық, эстетикалық құндылықтарға шақыру мәселесі жатады.

Қазақ әдебиетінде де, атап айтқанда, ХХ ғасыр әдебиетінің 60-80 жылдарында адам концепциясы мәселесі өзекті категория ретінде ешқашан маңыздылығын жойған емес. Ол шығарманың өн бойында характерлер әлемімен астасып, авторлық ұстанымды сездіріп отырады. Шығармашылық танымының негізі ретінде қаламгердің эстетикалық-философиялық көзқарасын, эстетикалық идеалын айқындайды.

60-80 жылдардағы әдебиет өкілдері қоғамдағы әлеуметтік-құлықтық мәселелерді көрсете отырып, кейіпкер характері арқылы өз кезеңінің эстетикалық идеалын жасауға тырысты. Адам болмысына қатысты түбегейлі сауалдарды, күн тәртібіндегі өткір мәселелері шешу үшін әдебиет сол сауалдың өзін кейіпкер талқысына тастайды. Біз сөз етіп отырған мәселенің Д.Исабеков прозасында қалай шешімін тапқанына нақтылы талдаулар жасау арқылы көз жеткізуге болады. Қаламгердің эстетикалық идеалы жаны жайсаң, санасы сергек, сезімі салмақты, ойы оралымды, ішкі әлемі асқақ әрі рухани еркіндікке ұмтылған, сұлу да көркем, түр жағынан да, мінез жағынан да келісті кейіпкерлер болып келеді. Қилы мінездің адамдары болғанмен, кейіпкерлерге тән ортақ белгі – адамдық-құлықтық мәселелерге өзіндік көзқарасының болуы. Қаһарманының ішкі еркіндігінің болуы, бастан кешкен жағдайларға қарамастан, уақыт жағынан этикалық тұрақты болып келуі біз сөз етіп отырған қаламгерге де тән.

 Адам концепциясы тәрізді аса күрделі мәселенің белгілі бір шығармада жүзеге асырылуы әрі қаламгердің эстетикалық идеалын жасау жолында портреттің көркемдік қызметі көркемдік-эстетикалық мақсат-міндеттерді шеше алуымен басым көрінеді. Портреттің екі түрінде де авторлық шешім мен көзқарас анық байқалады, тек статикалық портретте пішіндік жағы, тән сұлулығы басым көрінсе, динамикалық портреттерде адам жанының тұңғиығы, кісілік болмысы танылады. Эстетикалық идеал мәселесін қозғай келіп, философ Т.Лушкина Шындық, Қайырымдылық, Сұлулық, Әділеттілік сияқты идеалдардың барлық заманда адамдарды шабыттандырғанын, осындай эталондарға адамзат өмір бойы талпынғанын, негізгі өзегі адамның өзі, оның өмірі мен бақыты болып табылатынын атап көрсетеді [1].

Эстетикалық идеал қаламгер сомдаған көркем бейнелерден, характерлерден көрінеді. «Көркем шығармада адамдар арасындағы сан алуан, қат-қабат, шытырман, күрделі қарым-қатынастар, тұлға мен табиғат орайындағы сала-сала байланыстар жан-жақты бейнеленеді. Болмысты эстетикалық тұрғыда тануда әдеби мінездің маңызы зор. Мінез – белгілі әлеуметтік-тарихи орта, қоғамдық жағдайлардың әсерінен туып, қалыптасқан адам мінезінің қалпы», – дейді Р.Нұрғали [2, 175].  Осы ретте жазушының эстетикалық идеалы – ақалтеке текті кейіпкер. Біз бұл ұғымды роман кейіпкерлерінің сөздік қорынан алып отырмыз. Ақалтеке ұғымын аталмыш әдеби кезеңнің бет-бейнесі мен характер табиғатын айқындау мақсатында әдеби термин ретінде қолданысқа енгізуге болады деген ой қосқымыз келеді. «Қарғын» романында басты қаһармандар – Жасын мен Бағила сұхбаттасатын шағын эпизод бар:

– Менің жеңгем бар осында, ол мені «Сур» деп атайды. Куприннің «Ольга Сур» деген әңгімесіне және тағы бір өзінің ойлап тапқандарына байланысты. Ал сіз Ахалтеке деп атағалы отырсыз. Менің өз атым өзіме бұйырмайтын болды. – Ол тағы жымиды. 

Ахалтеке дегенге ренжімеңіз. Егер мен «құдай» болсам, адамдарды маймылдан емес, Ахалтекеден жаратар едім [3, 74].

Әңгіме үстінде Бағиланың тұла бойындағы кіршіксіз тазалық, жан дүниесі мен болмыс-бітімінің сұлулығын Жасын Ақалтекеге балайды. Мүмкін, автордың ойынша, «рухани таза» адам дегеніміздің өзі осы Ақалтеке тектес адамдар болар? Қазақ үшін аққу, жылқы, бота, бөкен бейнелері – ежелден тазалықтың, сұлулықтың өлшемі. Табиғатпен біте қайнасып өскен қазақ тән сұлулығы мен жан сұлулығының жарасымдылығының өлшемін табиғаттан іздейді. Далалықтардың мифтік дүниетанымында жылқының орны бөлек. Ғалым Ж.Аймұхамбетова мифтің поэтикадағы қызметіне талдау жасай келіп, қазақ ақындарының өзін танытатын метафораларды міндетті түрде табиғат аясынан іздейтінін айта келіп, адамның табиғатпен бірлігі олардың арасындағы ұқсастық пен байланыстың поэтикалық бейнеленуіне негіз болатынына назар аударады [4, 23]. 

Жасын ақалтеке деп атағанда, қыз бойынан соған лайық мазмұнды көргеннен кейін барып шешім қабылдап отыр. Әр кездесуінде Бағиланы жаңа қырынан танып, өз бағасының дұрыстығына көзін жеткізеді. Мәселен, мына бір мысалға үңіліп көрейік: «Бағила амандасқан сәтте ғана жігітке бір көз тастады да, кірпігін төмен түсірді. Кешегі тәкаппарлықтан түк қалмапты, қолға үйренсе де адамнан жасқануы қалмаған еліктің лағындай болар-болмас дірілдеп, үнсіз тұр. «Ұнатып қапты, - деді іштей Жасын. – Бұл – махаббат қой!» Жасын Бағиланың бойынан тек әйелге тән сирек кездесер әдемілікті ғана емес, бұлақ бастауындай тазалықты, маң далада туған айдай әсемдікті, жаңбырдан соңғы қарақаттай мөлдірлікті, таң алдында ашылған гүлдей пәктікті көрді. Бұдан бір-екі ай бұрын кездескенде осы қасиеттерді қалайша тап басып аңғармағанына қазір таңданды» [3, 97]. Бағиланың тән сұлулығына Лике-Мәлике жеңгесінің де «Неткен мінсіз сұлулық!» деп тамсанатын жері бар. Д.Исабеков сұлулық мәселесіне келгенде, кейіпкерінің тәні мен жанының сұлулығынан үйлесім іздейді. Рухани сұлулықтың өзі осы екеуінің жарасымынан өріс алып, махаббат сезімімен сабақтастырыла көрсетіледі. Жазушылық концепция туралы сөз қозғаған сыншы С.Әшімбаев шын мәніндегі шебер жазушы қашан да «мен мұндалаған» концепциясымен көрінуі тиіс екенін айтады [5, 40]. Қаламгердің концепциялық көзқарасы сұлулыққа, ізгілікке, жан тазалығына, рухани тазалыққа деген іңкәрліктен туған. Тағы айналып соғуға тура келеді, «Егер мен «құдай» болсам, адамды маймылдан емес, Ахалтекеден жаратар едім» дейтін Жасын ойының астарында іші мен сырты тең түскен сұлулыққа деген құштарлық жатыр. Біз өз тарапымыздан ақалтекелік Жасынның өзіне тән қасиет дегенді қосар едік. Жігіт Бағиламен кездесіп кетіп бара жатқанда, бір топ қыз-жігіттің жазушыдан қолтаңба ала алмай қалып, өкінетін жері бар, араларынан бір қыз Жасынға: «Ол әлі осындай жас па еді?! Қыран көз, Жасын десе жасындай келісті екен!» - деп тамсанады [3, 70]. 

Иә, Жасын – 60-80 жылдар әдебиетіндегі жаңа бейне. Оның ойы өзгелерден озық. Қарапайым пенделік күйкі тірліктен биіктететін – осы ойлары. Жаңа кітабы шығып, ол туралы жылы лебіз естімей, көңілі құлазып жүріп қонақүйде Бағиламен кездескенде, екеуара әңгіме үстінде орнынан тұрып кетіп, лоджиядан төменге көз салатыны бар. Сонда қасына қызды шақырып алып: «Қараңызшы, жоғарыдан қарағанда адамдар қандай ұсақ!» – дейді. Ұсақтық, күйкілік атаулыны жаны қаламайтын, Ірілікті, Дегдарлықты аңсайтын парасатты жанның өмірге өз өлшемі, өз биігі, өзіндік талғамы бар. Жазушы кейіпкерін назардан тыс қалдырмай, осы қырын ашуға тырысып отырады. Кейіпкер бейнесінің этикалық-эстетикалық сапасын, жағымды, болмаса жағымсыз жағын нақты көрсетуде метафораның бағалаушылық қызметі басым. Метафора нысанына айналған ұғымдар қаламгердің ғана емес, қаламгер арқылы тұтастай ұлттың этикалық және эстетикалық идеалын көрсетеді. Суреткер көркем шығармада бейнелі сөздің көмегі арқылы дүниенің эстетикалық бейнесін жасайды. Портреттің көмегімен кейіпкерді бейнелеуде және көркемдік-эстетикалық мақсат-міндеттерді шешуде қолданған тілдік құралдарды анықтау арқылы жазушының әдебиеттің көркемдік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі мен стильдік ерекшелігі көрініс береді. Әрбір автордың өзіндік стиль жасаудағы тілдік тәсілдерінің бояу-өрнегі алуан түрлі болғанмен, образдың дәлдігі мен бейнелілігін нақты беруде қолданылатын көріктеуші тәсілдер эпитет, теңеу, метафоралар болып келеді. 

Көркем шығарманың негізгі арқауы – адам болмысы. Кейіпкердің портреті арқылы оның жан дүниесі, рухани әлеміне үңіліп, ішкі құпиясын таныту – ХХ ғасырдың 60-80 жылдар әдебиеті өкілдерінің еншісіне тиген аса жауапты мәселе. Басқа да көркемдік тәсілдер қатарында көркем портрет арқылы эстетикалық идеалын танытуға тырысқан жазушылар сомдаған көркем бейнелер сан алуан болғанмен, олардың басын қосатын ортақ белгі бар. Идеал – жазушының оқырманына жеткізсем, солай болса екен дейтін ішкі талғамының өлшемі. Қаламгерлер адамды физиологиялық әрі психологиялық құбылыс ретінде бағалап, оның бойындағы этикалық-эстетикалық құндылықтарды алғашқы орынға қояды. Аталмыш мәселенің шешімін іздеуге келгенде «Жасын» романының идеялық-композициялық желісінен ұлттық болмыс, ұлттық келбет анық сезіледі. Халықтың эстетикалық ой-санасындағы тазалық, сұлулық, әділдік, шынайылық туралы ұғымдар кейіпкер болмысынан көрініс береді. 

Жұпар Жақанова,

педагогика ғылымдарының магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Лушкина Т.А. Природа общественного идеала: смыслообразующий синтездисс. ...канд. филос. наук. – Хабаровск, 2006. – 178 с.

2  Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2005. Т.2. Сөз өнерінің эстетикасы. – 442 б.

3 Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Т.2: Роман, повестер, әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1993. – 496 б.

4 Аймұхамбетова Ж. Мифтің поэтикадағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында): филол. ғыл. докт. ... дисс. авторефераты. – Астана: 2010. – 47 б.

5 Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік: Сын мақалалар, портреттер, эссе. – Алматы: Жазушы, 1993. – 624 б.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар