Елорда төріндегі «Алау» мұз айдынында спорт күніне орай үстел теннисінен белгілі ақын, қарымды қаламгер, КСРО Журналистер одағының, Жазушылар одағының мүшесі болған Жеңіс Қашқыновты еске алу турнирі өтті. Астана жастары және «Жеңіс Қашқынов» атындағы қор бірлесіп ұйымдастырған жарысқа әуесқой теннисшілер, шығармашылық өкілдері, журналистер қатысты.
Еске алу турнирінің ашылу салтанатында сөз алған Жеңіс Қашқыновтың баласы Ернат Қашқынов:
– Әкеміз шығармашылықпен айналысып қана қоймай, спортпен де айналысқан. Қазақ күресі мен еркін күрестен спорт шебері. Қазаққа Қажымұқандай тарихи тұлғаның ғұмыры мен өмірдерегін жазып, танытты. Бүгінгі турнирді ұйымдастыру арқылы, әкемізді еске алып, оның спорт саласындағы жетістіктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді ойладық. Жеңіс Қашқыновтың артынан өлмес мұра қалды. Әдеби шығармалары қалды. Сондықтан да салауатты өмір салтын берік ұстанып, спорттың сан-саласын серік еткен әкеміздің азаматтық тұлғасы халықтың жүрегінде мәңгі сақталатынына кәміл сенемін. Турнирға қатысқан барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді.
Көрнекті ақын Жеңіс Қашқынов 1942 жылғы 4 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы, бұрынғы «Қуаныш» ауылында туған. 1959 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта метебін, 1964 жылы ҚазМу-дің филология факультетін бітіріп шығады.
Университет қабырғасында жүргеннен түрлі газеттерде өлеңдері, мақалалары жарық көріп, көзге іліккен жас ақын оқу орнын бітіргеннен кейін журналистік жолға біржола бет бұрады. Алғашқыда «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») тілші болып, кейін 1965-1985 жж. аралығында Қазақ радиосында Әдебиет және драма редакциясын басқарады.
Қазақ радиосында жұмыс атқарған кезінде М. Әуезовтың, Ғ. Мүсіреповтың, Ғ.Мұстафиннің, С. Мұқановтың, Қ. Бекқожиннің, Х. Ерғалиевтың, С. Мәуленовтың, Ғ. Қайырбековтің және М. Мақатаев сияқты ақын-жазушылардың; Ә. Қастеев, Ә. Жүсіпов, С. Романов сияқты суретшілердің; Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, С. Майқанова, К. Қармысов, Ш. Жандарбекова, С. Оразбаев сияқты тағы басқа да өнер адамдарының шығармашылық портреттерін жасап, дауыстарын радионың алтын қорына жаздырып қалдырды. Кейін Баспасөз комитетінде, «Мектеп» баспасында қызмет атқарды.
Жеңіс Қашқыновтың алғашқы өлеңдері 1959 жылы республикалық «Пионер» («Ақ желкен»), «Қазақстан пионері» («Алау») газеттерінде жарық көрді. Балаларға арналған тұңғыш «Кешкі күн» аталатын кітапшасы 1967 жылы, ал «Қоңыраулы сағат» атты бір томдығы 1989 жылы жарық көрді. Ақын бірқатар бауырлас елдер ақындарының жырларын ана тілімізге аударса, оның өлеңдері орыс, украин, өзбек, молдаван, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылды.
Жеңіс Қашқыновтың «Кешкі күн», «Найзатас», «Алыптар мен арыстар», «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Атыңнан айналайын, атамекен» кітаптары шыққан.
Ақынның құрметіне ұйымдастырылған үстел теннисі турниріне барлығы 40-тан астам әуесқой теннисшілер қатысты. Сайыс ұлдар мен қыздар арасында жекелей сында өтіп, ерлер арасында жеңіс тұғырына Ахметбек Биятов көтерілді. 2-ші және 3-ші орындарға Дәурен Қапашов пен Ерлан Әнуарбеков табан тіреді.
Қыздар бәсекесінде Нұргүл Қонақбаеваға тең келер қарсылас табылмады. 2-орынды Айнұр Мұсапирова, 3-орынды Іңкәр Тұрсын алды. Жеңімпаз болған спортшыларға (Ұлдар мен қыздар сынына жекелей) «Жеңіс Қашқынов» атындағы қордың 25 мың теңгелік сертификаты табысталып, кубогі берілді. «Ең тәжірибелі ойыншы» аталымын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас редакторы, белгілі журналист Қайнар Олжай ағамыз қанжығасына байлады. «Ең жас қатысушы» номинациясына Екатерина Дремлюкова лайықты деп танылды.
Спорттық шара аясында ақынның салауатты өмір салтын ұстанған қырына байланысты құжаттар, суреттер мен бай мұрасы арналған көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Жас әнші Ернұр Қабдраш Жеңіс Қашқыновтың сөзіне жазылған «Ақтоғайым – алтыным» (әні: Ескендір Хасанғалиев), «Сүйдім мен» (әні: Бағдат Омашев) әндерін әуелете шырқады. Ақын, журналист, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Олжас Қасым бастаған жастар біртуар қаламгердің өлеңдерін оқыды.
Астанада өткен үстел теннисінің сайысына қатысқандардың көпшілігі – жүйрік журналистер мен ақын-жазушылар. Сондықтан келесі жылғы турнирді шығармашылық адамдары арасында ұйымдастырып, ақын, балуан атындағы бәсеке дәстүрлі додаға айналады.
Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығынан:
АБАЙ МЕН АРУ
Алыстан бір жолаушы қараятын,
Келіпті үйге таяп жанайатын.
Алдынан шыққандарға ерік бермей;
Түсіріп алсын,-депті,-Абай ақын!
Соны айтып көз тастадық алқа күліп,
Абайдан сый көрмек пе шалқар үміт.
Түйеден түскендей бұл сөзіне ару,
Қалыпты қарсы алғандар аңтарылып.
Абыржып күтушілер күйсіз тіпті,
Ішіне ал, жолаушы бір сыр бүкті.
Сабырбай ақын қызы Қуандық қой,-
Бұзыпты Абай шығып үнсіздікті.
Ақынға мұның мәні түсінікті,
Арудың ерке қылық, ісін ұқты.
Қашаннан кіші болу жарасымды,
Қолтықтап аттан жайлап түсіріпті.
Бал дәурен қызығына тоя алды ма,
Жас шағы тағы қайта оралды ма.
Жолдары екі жаққа бұрылса да,
Құрметтеп шығарыпты төр алдына.
Қөрсетіп ілтифат пен қошеметті,
Аруға сый-сияпат еселепті.
Сабырбай ақын отты жырыменен,
Аузына қаратқан ғой кеше көпті.
Ақынды ақын жүрек қимас тіпті,
Танытты қызына да сыйластықты.
Түсінген Қуандықтың пәк сезімін,
Абай да іште жатқан сырды ашыпты.
- Қыздардың бағын өмір шатастырған,
Малменен бірге қойып матастырған.
Қудың да ата жолын салтты бұзбай,
Тидің ғой күйеуіңе атастырған.
Жанына қыз тағдыры батсын қатты,
Аруды алыс кеткен жатсынбапты.
Ағалық жол көрсетіп Абай ақын,
Үстіне шапан жауып, ат сыйлапты.
Жас дәурен саясында нұрлы бақтың,
Шертетін жан құрбымен сырды ұнаттым.
Аруды сыйлай білу ата дәстүр,
Бүгінгі жастар алар ғибрат бұл.
Әйгерім Наурызбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.