Қазақ әдебиеті үшін өлеңнің алар орны ерекше. Өлең саласы қазақ әдебиеттану ғылымы қалыптасқаннан бері назардан тыс қалған емес. Десе де әдеби дәуір ауысқан сайын бұл саланың да зерделер мәселелері табиғи түрде туындап отыратыны белгілі. Өлең құрылысын зерттеген шетел және орыс ғалымдары Р.Уэллек пен О.Уоррен, Э.Г. Эткинд, B.M. Жирмунский, Б.В. Томашевский, Ю.Н. Тынянов, Г.А. Шенгели, B.E. Холшевников, В.П. Москвин, Н.Азарова секілді ғалымдарды айтпағанда, қазақ поэзиясы, соның ішінде өлең құрылысы жайлы Ш.Уәлиханұлынан бастап, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Базарбаев, 3.Ахметов, 3.Қабдолов, С.Негимов, Қ.Мәшһүр-Жүсіпов тағы басқа ғалымдар өз ғылыми тұжырымдарын жасап, сүбелі еңбектерін жазды.
Сондай-ақ Т.Шапай, С.Елікбай, Б.Қабош, А.Үсен, С.Ержанова сияқты әдебиеттанушылар қазақ өлеңінің құрылысын өз зерттеулеріне арқау етті. Әрине, мақала барысында біз осы ғалымдардың еңбегін негізгі басшылыққа алатын боламыз. Десек те бұл еңбектерде ХХІ ғасыр басынан бергі қазақ поэзиясы мен оның құрылымы түгелдей дерлік қамтылды деп айтпас едік. Сондықтан біз көлемді мақаламызда ХХІ ғасыр басында әдебиетке келген үркердей топтың, жаңа ғасыр ақындарының өлеңдерін негіз еттік. Жаңа ғасыр поэзиясының тақырыптық-мазмұндық аясы көптеген әдебиеттанушылардың, ақындардың еңбектерінде, мақалаларда сөз болғанымен, өлең құрылысы туралы ғылыми тұжырымдар некен-саяқ. Ғасыр басталғалы бері екінші онжылдықты артқа тастадық. Ендеше осы жиырма жылдық межедегі қазақ поэзиясы ғылыми тұрғыда қарастырылуға әбден лайық деуге болады. Соның ішінде кемеліне келген, стилі қалыптасқан ақындардың өрнегі өзгеше туындыларын таңдап алып, талдауға да мүмкіндігіміз бар. Біз айтпақ ойдың басты өзектілігі де осы дер едік. Басты межеміз 2000 жылдардағы өлең құрылымын, соның ішінде өлең ырғағы мен ұйқасын талдауға талпынған, қазіргі заманғы поэзияның құрылымдық сипатын, түрін тануға жасалған қадам. Дәл осы жылдар тақырыптық әрі құрылымдық жағынан бетбұрыс кезең болды. Қоғамдық, ағымдық, стильдік әсерлер иірімінде қазақ өлеңі де өз арнасын тауып, даму ағысына түсті. Өлеңдегі жаңа ізденістердің тынысы ашылып, әр ақын өзінше форма таңдау еркіндігіне жетті. Жаңа ғасырдағы өлең өрнегі де жаңа ырғақтық жүйе құрып, қазақ поэзиясының құрылымдық бай мүмкіндігін танытты. Міне, осыларды саралау – біздің алдымызда тұрған негізгі мәселенің бірі.
XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа даму арнасына бет түзеді. 1991 жылы Кеңес билігінің қабырғасы сөгіліп, іргесі ыдырады да, қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сөйтіп қазақ әдебиетінің де жаңа бір кезеңі басталды. ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында басталған қоғамдағы өзгерістер қазақ әдебиетіне де әсер етпей қоймады. Ғасырлар тоғысындағы өзгерістердің ықпалына ұшырамай, дәстүрлі мәдениетке жармасып отыра беру еш мүмкін емес еді. Демократияға деген ұмтылыс, идеологиядағы диктатураның ойлаудың плюрализміне ауысуы және цензураның босаңсуы қазақ әдебиетінің де беталысын өзгертті. Ақындар мен жазушылар ұлт тарихына, ұлттың болмысына бойлап, сана түрмесіне айналған социалистік реализмнің бұғауынан босай бастады. Осы кезеңде ұлт әдебиеті өзінің келбетін айқындап, идеялық-эстетикалық болмысы қайта жаңғырды. Тәуелсіздіктен кейінгі кезең қазақ әдебиеті үшін тың өзгерістер мен жаңалықтарға толы кезең еді. Бұл кезең елімізде жаңа идеологиялық тұғырнаманың қалыптасып, қоғамдық санада ұлттық идеяның қайта жаңғыруымен есте қалады. Аталған уақытта ұлттық сананың оянуына байланысты әдебиетіміз рухани жағынан қайта түлеп, мәдениетіміз жаңа сапада байып, көптеген поэзиялық шығармаларда кеңес дәуірінде пайда болған рухани құндылықтар теріске шығарылып, қоғамда болып жатқан әлеуметтік дағдарыстар көркем жинақталып, жаңаша сипатта суреттеле бастады. Дін бостандығы, тіл бостандығы, жеке адамның өзін барлық жағынан еркін сезінуі ақын-жазушылар шығармаларында нақты көрініс тауып жатты. Өркениеттердің тоғысуы ұлт мәдениеті мен әдебиетінің етене араласуына жол ашты. Міне, осының бәрі поэзияға азат ой әкелуге ықпал етті. Аға буын бұл жаңалыққа тосырқай қарағанымен, сырт берген жоқ. Жаңа буын әлем әдебиетінде бар құндылықты төл әдебиетіміздің төсіне басып, ұлт иісін сіңіру қамына кірісті. ХХ ғасыр басындағы саяси қуғын-сүргін мен қанды қырғын қазақ өлеңінің де өрісін тарылтып кеткені анық. Қазақ өлеңіне жаңалық әкелген Мағжан ақын мен оның тұстастарының поэзиясы кеңес дәуірі ұрпағы үшін беймәлім болып келді. Қазақ поэзиясының осы бір үзілген алтын арқауын жалғау жаңа ғасыр ақындарының еншісіне тиді. Төл поэзиямыздың мазмұндық, формалық тұрғыда даму кезеңдеріне көз жүгіртер болсақ, өткен ғасырдың 60-70 жылдары арасы қазақ поэзиясы үшін жаңа бетбұрыс, үлкен ізденіс жылдары болғанына көз жеткіземіз. Бұл ойымызды Ш.Сариевтің мына бір пікірі де қуаттайды: «1960-70 жылдар – Қазақтың қазіргі заман поэзиясына жаңа есімдерді алып келумен қатар, рухани және әлеуметтік өміріміздің, қоғамымыздың кезеңге лайық шындығын ашуда, поэтикалық формалар /түрді/ мен образды, бейнелеу құралдарын барынша терең тамырлы дамытуда, қазақ әдебиеті үшін жаңа бір күрделі кезең болды. Поэзиядағы айтарлықтай жаңа бір құбылысқа айналды. Ұлы М.Әуезов сөзімен айтқанда жыл келгендей жаңалық сездіре келген Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Шаханов, тағы басқа ақындар әдебиет есігін өзіндік үнімен, өзіне лайық даусымен батыл еніп, еркін ашты». Қысқаша тоқталып өтсек, бұл жылдарда Төлеужан Ысмайылов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзаәлі, Тұманбай Молдағалиев, Өтежан Нұрғалиев, Фариза Оңғарсынова, Кеңшілік Мырзабеков, Темірхан Медетбеков, Мұхтар Шаханов және тағы басқа қазақ әдебиетінің классигіне айналған ақындар өзінен бұрынғы поэтикалық формаларды місе тұтып қалып қоймай, қазақ өлеңінің құрылысына жаңа түр, соны ырғақ әкеліп, қазақ поэзиясының қорын байытты. Бұл өнердің басқа салалары сияқты поэзияның да даму заңдылығына, диалектика заңына бағынатынына, ескіліктің сіресуіне қарамастан, уақыт лебімен дамып, жаңғырып, іштей де, сырттай да түлеп отыратынына дәлел.
Ақын Жүсіп Қыдыров өз заманының ақындары туралы жазған мақаласында сол кезең поэзиясындағы бағыттарды былайша атап көрсетеді:
«Ол кезде поэзиядағы ізденіс негізінен екі бағытта жүрген-ді:
а) бұрынғы қазақ өлеңіндегі классикалық форманы ұстана отырып, мазмұнды ғана байыту, тереңдету;
ә) жаңа уақыт, жаңа заман талап-тілегіне сәйкес поэтикалық мазмұны жаңа, қазақ өлеңіне кіре қоймаған, не әлі барлау жасалмаған, бірақ дүние жүзінде бар формалармен әдіптеп, түр сапасын байыту, құлпырту.
Жоғарыда аталған бағыттың екіншісі – жаңа мазмұнға орай жаңа түр іздеу еді ғой. Бұл салада 60-жылдардың жастары мына төрт бағытта іздену, барлау жасады:
- Ырғақ, интонацияға құрылған еркін өлеңді баянды ету;
- Ұйқассыз өлеңге ұмтылу;
- Проза араласқан поэтикалық шығармалар;
- Прозалық поэзияның да жалын сипап байқау»-дейді.
Қарап отырсақ, бұдан кейінгі кезеңдерде де қазақ поэзиясы үшін осы аталған бағыттар маңызын жойған жоқ.
ХХ ғасырдың 80-90 жылдары да қазақ поэзиясы үшін тақырыптық-мазмұндық әрі формалық тұрғыдағы ізденістерге толы кезең болды. Қазақ өлеңіндегі бұл жетістіктерді қоғамдағы өзгерістермен байланыстырсақ болар. Ұлттың отарлық қамыттан босап, азаттық рухын сезіне бастауы қазақ өлеңінің дамуына қамшы басты. Бұл кезең ақындары қазақ өлеңіне дәстүрлі өлең өлшемдерінің жаңа түрлерін әкелді. Ж.Жақыпбаев, Ұ.Есдәулет, Т.Әбдікәкімұлы, Е.Раушан, Б.Серікбай, М.Ақдәулет, Г.Салықбай, Ж.Әскербек және тағы басқа ақындар поэзиясы осы тұстағы қазақ поэзиясының тақырыптық әрі түрлік жағынан даму деңгейін көрсетіп берді. Өлеңнің тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік жүйесімен қатар, өлең құрылысы да жаңарды. Бұл кезең 90-жылдардың басында тәуелсіздіктің елең-алаңында әдебиет есігін ашқан «алтынкөпірліктер» поэзиясын да қамтиды. «Алтынкөпірліктер» деп ат беріп, Маралтай Райымбекұлы, Әмiрхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айтболатұлы, Әлiбек Шегебай, Бақыт Беделханұлы , Дәурен Берiкқажыұлы, Бақытжан Алдияр, Танакөз Толқынқызы тағы басқа ақындар шығармашылығы жайында сөз еткен ақын Темірхан Медетбек осы ақындар шығармашылығына өз бағасын берген: «...Несiн жасырып, жаба тоқимын, әдебиетке тоқырау келдi деп толассыз айтылып жатқан көпшiлiк хорға қосылып кеткен өзiм де бiраз уақыт сол ойдың шырмауында қалған болатынмын. Поэзия тiнiнiң үзiлмегенiн бiле тұра дүдәмал күй кешкенiмдi бүгiн ендi жасыра алмаймын. Дүдәмалдың аты – дүдәмал. Онда күдiк те, үмiт те болады. Әрi тарт та берi тарт сол бiр күйде бiршама уақыт жүрдiм де, ақыры не күдiгiмдi, не үмiтiмдi бекiтейiн деген ниетпен, алдымен тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында, сонан кейiн жаңа ғасырдың о жақ, бұ жағында әдебиетке келген жастардың шығармаларын мұқият оқып-бiлуге кiрiстiм. Сөйтсем, бiрден айтайын, поэзияда түк те тоқырау болмаған екен. Өскен, өркенiн жайған. Жаңа өрiске шыққан. Яғни, басты айып өзiмiзде жатқан болып шықты. Жастар поэзиясын өз кезеңiнде оқып жарытпағанбыз, дер кезiнде бағасын бермегенбiз», – деп ағынан жарылған ақынның пікірі орынды. Әр кезеңдегі ақындар поэзиясы өз кезеңінде оқылып, дер кезінде баға берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда әдебиеттану ғылымы да қазақ поэзиясының жаңа бет-бейнесін, тақырыптық жаңашылдығын, түрлік-бейнелілік сипатын айқындау мәселесін қолға алды. Жаңа дәуірдегі поэзия біршама ұжымдық монографиялар мен ғылыми диссертациялардың, сын мақалалардың тақырыбына арқау болды.
Әдебиеттанушы ғалым С.Ержанова «Қазақ поэзиясы тәуелсіздік тұсында» атты еңбегінде осы кезең ақындарының өлеңдеріндегі дәстүр мен жаңашылдықты сараптап, тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясының құрылымдық ерекшелігі мен даму сипатына талдау жасайды. «Тәуелсіздік жылдары поэзиясындағы жаңалықты іздегенде, ең бірінші, жанрлық ерекшелігінің мазмұнын айқындап тұрған көркемдік мәселесіне соқпай кетуге болмайды. Поэзиялық шығармалардың мазмұндық сипатын құнттап тұратын тілдік элементтер тек жаңа ұғым-түсінік қана тудырып қоймайды, сонымен бірге сыртқы пішініне өзгеріс тудырады. Әрине, жанрлық өзгешеліктің әрбір дәуірдің өзгерісінде, заманның құбылысында, дәуірдің алмасуында (қоғамдық-әлеуметтік жағдайлардың әсерінен де) міндетті түрде болып тұратынын әдеби процестің дамуынан байқаймыз. Заман тудырған жаңа тынысты өлеңдік қарқын, леп дәуір ағымына сай түр мен мазмұнды алып келеді. Ал мазмұн мен түрді жасаушы ой, жағдаят болса, оны бедерлеп жасаушы, көркемдеуші тілдік бейнеліліктер екені даусыз» – деп ой тұжырымдайды ғалым. «Алтынкөпірліктердің» ізін баса әдебиетке келген жас толқын да қазақ поэзиясына өз үнімен келді. Бұл кезеңнің ерекшілігі сол, екі ғасырдың ғана емес, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсы. Сондықтан да болар ақындар жаңа образдар, жаңа көркемдеуші құралдар іздеуден тынбады. Тіпті олардың өзіндік стиль, қолтаңба табу ізденісі әлі аяқталған жоқ. 2000 жылдардың ақындары мейлі сәтті, мейлі сәтсіз болсын формалық ізденістерге көп барды. «Формалық ізденіс дегеніміз, ең алдымен – барлау, эксперимент. Экспериментшілер келешектің кемел өлеңінің моделін (өзін емес) жасаушылар. Өлеңнің түріндегі, ішкі құрылысындағы потенциалды жасырын қуаттарды болжау – эксперимент мазмұны» дейді әдебет мамандары. Әлемдік поэзия тарихына көз жүгірткенде эксперимент жасап, сол деңгейде қалып қойғандар да, сол эксперименттің шығармашылық мүмкіндігін қиядан көзі шалып, дамыта білген дарындар да бар. Бүгінгі заман ақындарының формалық эксперименттерден бірте-бірте интеллектуалды поэзияға бет бұрғаны байқалады. Жаңа заман ақындары шығармашылығынан болмысты, дүниені, құдайды философиялық тұрғыдан тануға ұмтылу мәселесі, адамның жалғыздығы мен өлім тақырыбы сияқты экзистенциялық тақырыптар көрініс береді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі ақындар шығармашылығында өз түп-тамырымызға, ұлт тарихы мен мәдениетіне, дініміз бен тілімізге, туған еліміздің болашақ тағдырына деген жанашырлық пен алаңдаушылық өлең тақырыбына айналып, әлеуметтік мәселелер де поэзия тілінде айтылып жатты. Осы тақырыптағы өлеңдерде түңілушілік, бақытты болашаққа сенімсіздік сарыны да байқалады. Қандай тақырыпта жырласа да жаңа заман ақындары жаңа көркемдік формалар мен көркем образдар жасауға талпынып келеді. Бүгінгі ақындар поэзиясының алдыңғы толқын ақындардың шығармашылығынан ерекшелеп тұратын қырлары аз емес. ХХІ ғасырдың басында қазақ поэзиясына келіп, өлеңдегі көптеген замандастары арасынан өз қолтаңбаларымен танылған ақындар Талғат Ешен, Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Асылзат Арыстанбек, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Құралай Омар, Айжан Табаракқызы, Мирас Асан, Азамат Тасқара, Ұмтыл Зарыққан, Еділбек Дүйсен, Әсел Кәрібай, Арман Әділбек, Файзолла Төлтай, Асылан Қуанышұлы, т.б. ақындар бүгінгі қазақ поэзиясының бет-бейнесін көрсетеді. Жалпы алғанда, қазіргі заманғы поэзияға шолу жасай отырып, кейде бір мәтінде бірігіп кететін келесідей даму жолдарын аңғардық:
1) формаға деген қызығушылық, оның ішінде формамен эксперимент жасаудың белең алуы;
2) мифологиялық және тарихи танымды өзек еткен өлеңдер;
3) діни тақырыптағы өлеңдер;
4) классикалық поэтикалық формаларға оралу;
5) өлең құрылысы саласындағы эксперименттер және верлибр, яғни ерікті өлеңдер поэтикасының кең таралуы.
Қазіргі поэзияны саралағанда бірыңғай діни тақырыпта немесе интимдік тақырыпта жазатын, сол сияқты классикалық поэтикалық формадан қол үзбеген және постмодернизм ағымына үйір ақындарды бөліп көрсетуге болады. Бастысы, «келешектің кемел өлеңінің моделі» жасалып жатыр. Олар бүгінгі заман тынысын жаңа ырғақпен беруге ұмтылады.
Жаңа ғасыр ақындары поэзияға көпқұрылымды өлеңдерді әкелді. Ырғақтық элементтерді күрделендіру арқылы күрделі өлшемдік өлеңдер өмірге келді. Қазіргі ақындар өлеңнің ырғақтық құрылымына тек өлең өрнегі ретінде қарап қоймай, көркемдік ерекшелік деп бағалайды. Қазіргі ақындар өлеңдерінің құрылымдық дамуы жайлы сөз қозғағанда бүгінгі ізденістердің көпшілігі дәстүрлі өлшемдер аясында жасалып жатқанын баса айтуымыз керек шығар. Бүгінгі әдебиеттің талғамына, дәуірдің тынысына орай дәстүрлі өлшемдер өзгеше түрленіп, ырғақтық мүмкіндігі ашыла түсті. Әсіресе, өлең ырғағының дамуындағы айқын байқалатын бір үрдіс өлеңнің құрылымдық негізінің кеңеюі дер едік. Қазіргі поэзияда дәстүрлі өлшемдер негізінде жасалған он үш, он төрт, он бес, он алты, он сегіз және одан да көп буынды өлшемдер еркін қолданысқа еніп, ырғақ-интонациялық мүмкіндігін танытып үлгерді. Қазіргі поэзияда шумақты өлеңдерге қарағанда шумақсыз, астрофикалық өлеңдер белең алып кетті. Бұл, әсіресе, қазіргі верлибрлерге тән үрдіс. Мұны ерікті өлеңдердегі мағына салмағының артуымен, интонация әсерінің күшейіп, экспрессивтік-эмоционалдық бояуының қалыңдай түсуімен түсіндірсек те болады.
Қазіргі поэзияның интонациялық құрылымы да күрделеніп, ырғақтық өлшемдермен қоса, түрлі көркемдегіш құралдар еніп кетті. Бұны әр ақынның қолтаңбасынан түрліше байқалатын тыныс белгілерінен, өлең тасымалынан, күрделі синтаксистік құрылымдардан аңғарамыз. Тіпті ақ өлең, ерікті өлең, яғни верлибр, прозалық өлең секілді дәстүрден тыс ырғақтық жүйелер қазіргі қазақ поэзиясының ендігі беталысына айналып барады. Осы тұста ХХ ғасырдың орта шенінде әлем әдебиетінде жаңа ағым ретінде өріс алған постмодернизм біздің әдебиетімізді өз иіріміне тарта бастады десек еш қателеспеген болар едік. Модернизм дәуірі аяқталған соң, өнерде, сәулет, кескін, сөз өнерінде постмодернизмнің пайда болғаны белгілі. Постмодернизм дегеннің өзі модернизмнен кейінгі деген ұғымды білдіреді. Әр ұлттың әдебиетінде бұл ағымның өзіндік даму сипаты мен қалыптасу жолы бар. Қазақ әдебиеті, соның ішінде қазақ өлеңі дәстүрлі даму арнасынан шыға қоймағандықтан, кей ақындардың өлеңдерінде постмодернизм ұшқындары көрініс беретіні болмаса, жаппай өріс алған ағым деңгейінде деуге болмайды. Әсіресе жаңа ғасырдың екінші онжылдығындағы жас ақындар шығармаларындағы дәстүрден тыс сарындар мен формалық ерекшеліктер постмодернизмнің айғағы. Осы лектегі жас ақындардың өлеңдерінен постмодернизм ағымының ықпалы көп байқалады. Мұның бәрін жаңаның ескінің орынын басуы немесе көнені қирату деп түсінген жөн емес. Қайта қоғамның жаңаруы мен дамуына сай шығарманы да мәтін ретінде өзгеше жаңғырту деп қабылдаған жөн сияқты. Поэзия тілінің дамып жетілетінін, соған сай поэзиядағы таным-түсінік пен жаңа поэтикаға жол ашатынын мойындай отырып, осы танымды жас ақындар жаңа формалар арқылы беруге тырысатынын байқаймыз. Постмодерн дәуірінің поэзиясына әдістер мен стильдердің плюрализмі тән. Олай дейтін себебіміз, постмодернизмді белгілі бір жазу тәсілі деп емес, танымның, сананың жаңғыруы, жаңаруы, эстетиканың өзгеруі деп түсінген абзал. Сондықтан да бұл бағытта қалам сілтеп жүрген ақындардың өзіндік танымы мен ой еркіндігіне орай форма еркіндігі үстемдік алып, стиль алуандығы туындайтыны айдан анық. Бұл қазақ поэзиясындағы соңғы жылдарда жасалған дәстүрден тыс құрылымдық өзгешеліктер мен ізденістерді де постмодернизмнің әсері деп тұжырымдауға жетелейді. Ойымызды жинақтап айтқанда жаңалыққа құштар ақындар силлабикалық өлең жүйесімен қатар, өлең өлшемінің жаңа формаларын енгізуге тырысып келеді. Қазақ өлеңінің агглютинативті сипаты сөздің буындық және фонетикалық құрамына қатысты эксперименттер жүргізуге көп мүмкіндік береді. Бұл ретте жаңашыл ақындар өлең өлшемдері аясында түрлі ізденістер жасай отырып, дәстүрлі қалыптан алшақтайтын, түрлі өлшемдерді еркін үйлестіруге әрекет ететін өлең мәнерінің, әуезділігінің жаңа түрлерін іздеуден еш тынған жоқ. Бұл қазіргі өлеңдердің түрлі өлшемдерге негізделуі бүгінде өлеңтанушылар алдына ерікті өлең мен силлабикалық жүйеде жазылған өлеңді ажырату міндетін қойып отыр десек те болады.
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.