Қоғабай Жұмағали Бижанұлы 1949 жылы 1 қарашада Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Шұға ауылында дүниеге келді. Ақын, журналист, қоғам белсендісі. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
1967 жылы Ақкөл орта мектебін бітіріп, 1969- 1971 жылдары Москва түбіндегі В.И. Ленин атындағы әуе әскери округінде борышын өтеді.
1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, еңбек жолын Екібастұз қалалық педагогикалық училищесінде бастады.
1983-1985 жылдары Бүкілодақтық екпінді құрылыс жылу-энергетика кешені - ГРЭС-1 станциясында кезекші электр слесары, аға инженер,
1985-1989 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде журналист, 1989-1998 жылдары Екібастұз қаласында ашылған радио хабар тарату редакциясында аға редактор,
2000-2012 жылдары «Богатырь Көмір» ЖШС мемлекеттік тілдегі құжаттар редакторы қызметтерін атқарды.
Қоғамдық қызметі:
1990 жылдан бастап Екібастұз қалалық, облыстық «Қазақ тілі» қоғамын құруға белсене араласып, сол қоғамның мүшесі болды.
1991 жылдан 1995 жылға дейін Екібастұз қаласында құрылған «Азат» азаматтық қозғалысының тең төрағасы.
2007 жылдан бастап Екібастұз қалалық «Ақсақалдар әділ-қазылығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, «Атамұра мәдениет орталығы жанындағы “Шабыт” әдеби шығармашылық бірлестігінің жетекшісі.
1994 жылы “Екібастұздан ескен леп”, 2001 жылы Дүмпуі көп дүние” атты орысша-қазақша өлеңдер жинағы, 2004 жылы “Жаңбырлы күн” жыр жинақтары мен әңгімелері, 2010 жылы «Дала қыраны туралы хикая»,«Алақаны аялы » атты деректі повестері, 2011 жылы «ГРЭС-1: богатое прошлое, большое будущее», 2012 жылы «Экибастуз – моя молодость» , атты қазақша-орысша жазылған деректі суреттемелері, 2013 жылы «Оюында ой-орман –өрнегінде аққу қаз» атты кітабы, 2014 жылы «Қырандарым, самғай бер» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 1999 жылы Қаныш Сәтбаев туралы орыс тілінде жазылған деректі естелігі «В памяти народа» атты жинаққа, бір топ өлеңдері 2009 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының құрауымен «Казакпарат» баспасынан шыққан «Баянауыл басында» атты жинаққа кірді. Өзекті мақалалары мен өлеңдері С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті шығарған «Исабек Ишан» (2011ж), «Ақкөл-Жайылма» (2012ж) атты деректі кітаптардан орын алды. Өмірбаяны мен шығармашылық жолы туралы дерегі Екібастұз энциклопедиясына (2005 ж.), «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясына (Алматы 2011), Ертістің Павлодар өңірі энциклопедиясына (2013 ж.) енді.
Жұмағалидың «Қырандарым, самғай бер» атты өлеңдер жинағында атадан балаға мұра болып қалатын ұлттық бекзат мінез, ерлік, адамгершілік сипатталады.
Автор бірде бұрынғы Шалкиіз, Үмбетей жыраулар мақамымен сөйлейді, енді бірде Махамбетше өршіл сипатқа ауысады. Ол бүгінгі өмір тіршілігін қаз-қалпында көрсеткісі келеді. Әлеуметтік алшақтық пен әлеуеттік даму қатар жырланады. Қалай болған күнде де ақын шындықты айта отыра өзінің туған елін, жерін, сол жердегі атақты, әйгілі адамдарымен қоса тебірене жырлай біледі. Балаларға арналған өлеңдерінен де соны леп, айшықты, ойлы, ойнақы көңіл-күй, ертеңіне сенген кейіпкер байқалады.
І. АТҚА ҚОНДЫМ ТУ БАЙЛАП
Жарыс
Айта алмаймын,
Топта озған Құлагермін,
Әкеден қалған тұяқ мұрагермін.
Ішінде көп дүрмектің кетіп барам,
Тыншын ап сұлық жатқан құба белдің.
Бірде озып, бірде кейін мен қаламын,
Әйтеуір артта емеспін аңғарамын.
Жүлделі орындарды үміт қылып,
Төсінде шауып келем сар даламның.
Айқай-сүрең бәрі шу айналамның,
Айхай шіркін,
Мен қалай жайланармын.
Қыса түстім тақымды ұша түстім,
Серігіне жердің мен айналармын.
Алдымда адамшылық мұратым бар,
Астымда бастықпаған жыр атым бар.
Қырында шауып келем кең даламның,
Бағытым жыр аулында тұратындар.
Қамшылау
Ерен істер бітіргендей,
Көтеріңкі еңсеміз.
Кейбір істер бүтінделмей,
Жатыр әлі сенсеңіз.
Өзімізді мақтап қойып,
Өзгелерге батырмыз.
Өнімсізді жақтап қойып,
Өкінген боп жатырмыз.
Сәті келсе шетімізден,
Суырып салма ақынбыз,
Сап салмақты бетімізбен,
Селтеңдеуге жақынбыз.
Атай алмай ақындардың,
Асыл сөзін, атын біз.
Сөзіне еріп ақырғанның,
Өмір сүріп жатырмыз.
Тарата алмай қаттаулы бір,
Тарихымның төркінін.
Күн өтеді жаттауменен,
Өзге ұлттың тәртібін.
Болмағандай ел билеген,
Батырларым, сұлтаным,
Өз тілімді танымаған,
Өзгелермен бір таңым.
Қарнымыз тоқ, жарлымыз жоқ,
Көрген жоқпыз жазаны
Жауабы жоқ сансыз сұрақ ,
Ала берді мазаны...
Ерен істер бітіргендей,
Көтеріңкі еңсеміз.
Көп ісіміз бүтінделмей,
Жатыр әлі сенсеңіз.
Уақыт
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Жалғандықтың шынысын,
Жалғыз таспен уатып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Сәби келсе дүниеге,
Сүйіншісін сұратып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт
Келін түссе үйіңе,
Көрімдігін сұратып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Анаң қайтыс болғанда,
Ағайының жұбатып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Ғашықтарды қуантып,
Жасықтарды жылатып.
Асылдарды ұқтырып,
Тасырларды бұқтырып.
Өтіп жатыр уақыт,
Қалғымастан тік тұрып.
Күндерді күн құлатып,
Өтіп жатыр уақыт.
Өткінші, жалған өмірде,
Өмір сүру бір бақыт.
Адамның ұлы болсам
Күн артынан күн өтіп, күндер өтіп,
Соны істі арқаға мінбелетіп.
Күннің қалай өткені білінбейді,
Суыт жүрген адамдай түнделетіп.
Жақын қапты отыз да ойламаған,
Теңізінің тереңін бойламаға.
Алау күннің ауылы ұзап барад,
Жарытып әлі ештеңе тойламаған.
Жиі-жиі жүрек те дүрсілдеуде,
Нені аңсады сыр құмар сыршыл кеуде?
Балапан ой басын тез көтереді,
Сырға толы өмірді білсін дей ме?!
Кісі емеспін мәз болар тойғанына,
Қадірсіз де емеспін аймағыма.
Бірақ, бірақ соңы жоқ сансыз сұрақ,
Маза бермей жүр бұла ойға мына.
Не айттым екен,
Жұртыма бергенім не?
Ақын болып құлашты сермедім бе?
Азамат боп еңбекте ерледім бе,
Түк бітірмей отызға келгенім бе?
Міне, осындай ойлар кеп буады да,
Жылына алмай отымның шуағына.
Өз-өзімнен қысылып дей беремін,
Адам бір-ақ рет өледі, туады да.
Тай мініп өрге ұмтылған талабына,
Сансыз ой дана болып қарады да.
Ақырын Абай сынды сыбыр етті,
Адамның ұлы болсаң жарады да.
Жол үстінде
Қара жолды машинамен қуырып,
Келе жаттық жер өкпесін суырып.
Көз ұшынан көрінген көк төбелер,
Қала берді шаңымызға жуылып.
Айқай шіркін, жылдамдықтың қуаты,
Асау сезім отыр жанды тулатып,
Арманымда асығады жеткізбей,
Қатпар ойдың қабырғасын құлатып.
Кенет бұл не?
Неге жүрек дір етті?
Шоферім де тежегішті тірепті.
Жаңа ғана зуылдаған көк тұлпар,
Шарасыздан кілт тоқтады, гүр етті.
Енді көрдім жол үстінде бөдене,
Үш балапан ұмтылады көдеге.
Ал бөдене бойға жиған бар күшін,
Кетер емес
Жүректі еді не деген!
Қиыс кеттік бетті бұрдық далаға
Құс деп оған менсінбей сен қарама.
Құс та болса балапанын қорғаған,
Қайда бізге қарсы тұру анаға!
Парыз
Апажан,
Жетпіс беске толғасың ба?
Салмақты ең ұқсайтын қорғасынға.
Қайран күнді бұл күні жиі айтасың,
Қатарларың сиреді
Қорқасың ба?
Апажан,
Кісі едің дара ширақ,
Аштық жылы жатқанда бала шулап.
Соғыс жылы жатқанда қала қирап,
Жұмысты атқарғансың жанды қинап.
Көлік болып соқаға жегілгенсің,
Қара қағаз келгенде егілгенсің.
Ешкім саған айтпайды,
Айта алмайды,
Сен өмірден жеңілгенсің.
Күнің көп ед балаға алаңдаған,
Қол босамай жұмыстан бара алмаған.
Өзіңді көріп өскен балаларың,
Қалай ғана бола алсын жаман бала.
Қиындықты талай сен көтеріп ең,
Неге сонша қорықтың жөтеліп ең?
Басқа жаққа баруға асықпашы,
Жоқ әлі біздің парыз өтелінген.
Жолаушы ана
О, менің
Сексендегі кәрі шешем,
Жасы келді демесең әлі шешен.
Нысап, ұят, адалдық жәйін толғап,
Отырсың ошағымда болып есен.
О, менің
Сексендегі кәрі шешем,
Үйімнің сәні де сен, нәрі де сен.
Балаларым жоқ болсаң сені іздейді,
Қонақтан шыға қалсаң дәйім кешгең.
Жол жүрсең тұңғышыңа
Сені іздейміз,
Кірбіңдесең ренжітті-ау келін дейміз.
Жүрмін десең жағдайым болмай әзір,
Бір күні алып келуден ерінбейміз.
Жол қылып қос шаһарды ерсіл-қарсыл,
Екі үйге жолаушы боп жүрген жансың.
Қыдырып ортамызда жүре берші,
Естілсе болды бізге
Дауысың, дауысың.
Бір уыс дән
(болған оқиға)
Соры ма, әлде бағы ма кім біледі,
Оны мына түнерген түн біледі.
Қыр астынан қырманнан біреу келед,
Ай туған жоқ
Сол бір кез сүмбіле еді.
Не күн туды басына қымтанғандай,
Не күн туды басына бұлт ауғандай?
Ол келеді жамылып қара түнді,
Қара түндей көңілі
Мылқау жандай.
Қолтығында бір уыс дәні бар-ды.
Рұқсатсыз білдірмей барып алды.
Шыбын жанды түйгенмен шүберекке,
Шығып кетпей әйтеуір жаны қалды.
Лүп еткен жел де үрейін ұшырады,
Жүрегі әлсін-әлсін қысылады.
Қол созым қорасына жете алмай,
Маңдайдан тер бұршақтап пышырады.
-Тап болдым-ау халықтың киесіне,
Қанағат қылмадым ғой тиесіме.
Әлде, әлде тезірек кейін қайтып,
Табыс етсем күзетші иесіне.
Шынымен көз жастың атқаны ма?
Ұрлық қылып күнәға батқаным ба?
-Жоқ, - дейді ішкі сезім, апарамын,
Сайлауыма, Арманға, Сатқаныма.
Деп апа үйге қарай қадам басты,
Осы сәт шыға келді қара албасты.
Қара албасты Мұқыштың бұқасы ғой,
Нұқып өтті әйелді арам қатқыр...
Нұқып өтті.
Шашылды жиған дәні,
«Еңбегі зая кетті» қырмандағы.
Жәмила тартылыпты жауапқа деп,
Ертесін жел ауыздар сумаңдады.
Иә, солай уыс дән бұйырмады,
Бұйырмады жағдай қиындады.
Уыс дәндей шашылған жол бойына
Жанұяның бұзылды ұйымдары...
Қиыншылық баяғы бастан тайды,
Отыр әже баяндап осы жайды.
Ақ бөлкедей томпиған немерелер,
Соғып отыр тәп-тәтті нан мен майды.
Сүзеген сиыр мен тентек бала
Балалық шақ,
Салмақ салар анаға.
Отбасында арқа сүйер бар аға,
Үш жастамын түк кірмеген санаға.
Басты сұқтым шыға беріс есікке,
Шығайын деп бір уақыт далаға.
Шығып едім,
Бір сиыр тұр қасынып,
Ашық тұрған есіктің
Жақтауына асылып.
Ақбас сиыр, не дөнежін, құнажын.
Бірден жөнеп кетуге
Болмай қалды лажым.
Мен қарадым сиырға,
Ол да маған қарады.
Ежірейіп екі көз,
Пысылдады танауы.
Екі аттам есікте
Қасынып тұр жануар,
Қалай шығу керек деп
Ішім оттай жанады.
Біліп тұрмын сиырдың
Нақ сүзеген екенін,
Түрткіледі тентек ой,
Не болса да өтемін.
Тұра қаштым қарсы үйге,
Қуып берді жануар.
Ақ, қарасын екеудің
Дұрыс таңдап танып ал.
Мен құладым сүрініп,
Жатқан жерден тұра алмай
Сүзгіледі сүзеген
Ауылымызға «танымал».
Мүйізімен ол мені
Домалатты о, тоба,
Бақырамын, жылаймын
Бала тыныш жата ма?!
Дер кезінде көмекке
Жедел жеткен ағамыз,
Салып қалды сиырды
Сойылымен жотаға.
Мәлік келгір, пысылдақ,
Қайқалаңдап жөнелді.
Ұсақ тастар үшкірлі,
Тесіп кетті төбемді.
Жаңа ғана анашым,
Шықпа, шықпа деп еді,
Сірә, мені сәбиді,
Періштелер жебеді.
Парша-парша дым қалмай,
Жыртылыпты арқамыз,
Қалай ғана апаттан
Аман қалдық, аң-таңбыз.
Осы күні ортаңда,
Аман-есен жүрсек біз
Әуелі Алла,сонан соң
Аға, сіздің арқаңыз!
Жандарбек қожамен кездесу
немесе атам айтқан уағыз
(Қаз қалпында)
Тоқсан алты.
Тамыз айы.
Тамылжыған күн еді,
Туған жерде Шұға жақта жүр едім.
Қайтар жолда атам халін білмек боп,
Ақкөл-Жайылмаға аттың басын тіредім.
Естуімше сырқаты бар аздаған,
Абыз қартты мазалаушы аз ба адам?!
Қалай дағы бір көруді жөн көрдім,
Аңыз қартты ақыл-ойы маздаған.
Ауыл шеті.
Ақ шаңқан үй селт еткізер аңсарды,
Жылы жүзді жас келіншек қарсы алды.
Сәл кідіртіп ауыз үйге біздерді,
Кісі келді - деп атасына жар салды.
Қос жастығы қолтығында,
Сұр күпісін қымтанып,
Төрде отырған атам бізге ынталы.
Жазбай танып жадыраған көңілмен,
Әңгіме де ағытылды,
Ондағы мен мұндағы.
Ақ сақалды, ақ пейілді дуа ауыз,
Атам бізге оқып отыр уағыз.
Сүйсіне бір қарап қойып біздерге,
Сусын беріп дем салғаны бір аңыз.
Бір мезетте жел соққандай теңселді,
Теңселді де көп ойларды еңсерді.
Кейбір сөзі күбірменен естілмей,
Кей сөздері көтереді еңсемді.
Ар мен иман, адам жайлы толғанды,
Бір тылсым күш жайлағандай бар маңды.
Бір мезетте анық сөйлеп кеткенде,
Мен туралы айтқандарын аңғардым.
-Турашылдау мінезің бар,
Кейбіреуге жақпассың,
Арты қайыр.
Үндемей сен жатпассың.
Бақытың да, ырысың да алдыңда,
Күлімдейді атам маған-
Дегендей мен тап бастым.
Сан көтердім әділдіктің туын мың,
Ат ойнатып белді бекем буындым.
Атам айтқан соңы қайыр дегеннің,
Дәл келгенін осы күні ұғындым.
Тентекті тезге салған ару
Уақыт жаз.
Күн кешкілік.
Қазақы ауыл.
Басылған нөсерлеген жаңбыр, дауыл.
Кәдімгі ауыл шеті тақтай алаң,
Концерт тыңдап отыр көпшіл қауым.
Созылды ойын-сауық бие сауым,
Шырқалды «Сырымбет» пен «Баянауыл»,
Күмбірлеп кей сәттерде домбырадан,
Күйлер де кетіп жатыр Абыл-дабыл.
Қазекең әсем әнге ұйып отыр,
Тамсанып жүрегіне құйып отыр.
Әйтсе де сары үрпек бас екі-үш бөгде,
Әсерлі әнге мәз болмай күйіп отыр.
Маза кетіп біреуі күлген болды,
Қыңсылап ит сияқты үрген болды.
Бір уақыт тақтай еден тарсылдатып,
Жас әйелдің етегін түрген болды.
Әсерлі әннің осы сәт сәні кетті,
Жұрт қобалжып, отырыс мәні кетті.
Әнді бұзған есерсоқ екіленіп,
Тентектігін одан әрі дәуірлетті.
Соқталдай боп сом тұлға оқыранды,
Шырқын бұзып халықтың қоқиланды.
Әні ұнамай, қазақтың сәні ұнамай,
Ақынсынып орысша оқи қалды.
Отырыстың осылай сәні кетті,
Әншінің де әуенді, әні лепті.
Ошарылып көп қазақ қалған кезде,
Жүргізуші былай деп мәлім етті:
Мынаны отырғызар бар ма қазақ,
Бір елден батыр шықпау бұл не ғажап?
Сыбағасын жақсылап бермесе де,
Жіберсеңдер осы жерден бір тазалап.
Деп халыққа өнерпаз сұрақ қойды,
Намыстың күй құлағын бұрап қойды.
Шыдамай бұдан әрі Шымыр жігіт,
«Если не хотите слушать, уходите», - деп,
Дүңк еткізіп тоқ етерін бір-ақ қойды.
Бұл талап дәу жігітке ұнамады,
Жетті деп бұдан әрі шыдағаным.
Алпамсадай есерсоқ атып тұрып,
Бетті бұрып Шымырға тұра қалды.
Енеңді ұрайын еңгезер ентеледі,
Онымен бұл маңайда кім тең келеді.
Жұдырығы шоқпардай бұдырайған,
Ермак деген қаланың тентегі еді.
Бір-екі аттап Шымырға дәу келеді,
Жұдырығын ыңғайлап жай келеді.
Менсінбей орта бойлы қазағымды,
Зор тұлға, шошқа мойын май келеді.
Қобалжып Шымырың да қалған еді,
Сыйынып аруаққа алған еді...
Осы сәт сұлап түсті қодар жігіт,
Ұруға шықшытынан арман еді.
Кім ұрды?
Неге құлады?
Жұрт аң-таң,
Құлап жатқан жігіт те бұлқан-талқан.
«Из под тишка бьют, не честно», - деп,
Орнынан әзер тұрды «мықты қалқам».
Оны ұрған кім?
Жеңгеміз Сәнім атты,
Байқаусызда желкеден салып қапты.
Талмау жерден тиген соң қолдың қыры,
Бір минутқа «батырың» талып қапты.
Дүйім елді жеңгеміз осылайша,
Күйеуіне болысып таңырқатты.
Сары орыстың бәрі де емес ақымақ,
Сол бір кезді тұрсақ егер бақылап.
Туған жерде өгей болып жүрдік қой,
Қорлық көріп, зорлық көріп аһылап.
Қазағымның жетті ұзаққа шыдамы,
Қаһарланған империя құлады.
Барлық халық тату-тәтті теңдікте,
Жаса, жаса, Қазақстан тұрағы!
Шамырқану
Қуғында жүрмін,
Таяныш тірек таба алмай,
Туа бір біткен мінезді өршіл қоя алмай.
Достарым тастап,
Қастарым жасқап,
Туыс та теріс айналды,
Кезеңге мынау ұрынып тұрмын, ой Алла-ай!
Сақтай гөр Алла, сатқындардың оғынан,
Табына беріп
Мазаңды алып не қылам.
Қаныма тартып,
Қазақтығымды қорғасам,
Қанына қатқан қатігездерге жолығам.
Дей алмаймын,
Өзімді өзім дарамын
Шындық қуып,
Шытырман ойға қаламын.
Шындығы мен сұмдығы көп өмірдің,
Көпірінен
Зулап өтсем жарадым.
Қуғында жүрмін,
Дұшпандар пышақ тіреп тұр,
Кім менің тілеуімді тілеп тұр?
Күрсініп қалып
Дүрсілдей соғып жүрек тұр.
Қашанда қайсар, адал жігіттермен білек бір.
Түсімде көрдім
Түсімде көрдім
Биліктің жерді сатқанын,
Тойымсыздардың таласып жерге жатқанын.
Алтынды аршып, көмірді көсіп,
Рахатқа батқанын.
Түсімде көрдім
Полигондардың ойранын,
Шет елдік әскер
Туларын тігіп қойғанын.
Тәуелсіз елде
Не атасының құны бар деп ойладым.
Түсімде көрдім
Қайырымсыз әкім, бастықты,
Құныға сатқан жанармай менен астықты.
Құрдымға кетпес «хас мықты»,
Қолдан жасап жатқан аштықты.
Түсімде көрдім
Баланың қайыр сұрағанын,
Ананның мезгілсіз жылағанын.
Осының бәрін түсімде көрдім,
Жалған атты дүниенің ішінде көрдім.
Түсімде көрдім...
Сөз құдіреті
Шапағатқа талпынып асығатын өзіміз,
Махаббатқа алқынып аһ ұратын өзіміз.
Батыл кіріп есіктен өкінетін өзіміз,
Ақыл кіріп кейіннен бекінетін өзіміз.
Жала деген бүргені жасайтын да өзіміз,
Пәле деген іргені қашайтын да өзіміз.
Осыларды өрбітіп және өртеп жоюға,
Жетіп жатыр қашанда бір-ақ ауыз сөзіңіз.
Өзімшілдің монологы
Жетегінде кете бермей қиялдың,
Өзім және өзге қылған істердің,
Кемшілігін кейін біліп ұялдым.
Сол мезетте неге кейін шегіндім,
Қайсарлығым қайда қалды қажырлы?
Енді міне, осалдыққа егілдім.
Мүләйімсу, міскін болу маған жат,
Шегіну де керек болды сол бір сәт,
Осал тұсын жолдасымның жамандап.
Өзгені мен сол бір сәтте ұмыттым,
Өзім үшін өктемдікке құнықтым
Кассаға да, бақшаға, басқаға,
Өзгелерден бұрын жетіп тынықтым.
Алыс қалды әділдіктің аспаны,
Ала алмасам билетті алыс сапарға,
Артық беріп үйреттім ғой басқаны.
Содан кейін қайдан олар аяды,
Мені көрсе алақанын жаяды.
Ізгі арман, ауылы алыс мұратты,
Іздеп шыққандарды зор көкеймен,
Көкіректен итеріп қап құлаттым.
Содан кейін қайдан олар аяйды,
Мені көрсе таяқтарын таяйды.
Содан ба, әлде басқадан ба қарағым,
Күннен күнге қорқақ болып барамын.
Арман - арғымақ
Асау ой тыным алмады,
Арманды кезіп алдағы.
Ағарып таңым атқанда,
Алқызыл күнім батқанда.
Айлы түн құшып ғашығы,
Аймалап жерді жатқанда.
Сәтте бір жұмбақ кезіммен,
Сұңғыла сергек сезіммен.
Сиқырлы нәзік үндердің,
Сағыныш толы күндердің,
Сырларын сылқым сезінгем.
Самғайды ойлар бір лашын,
Суылдай қомдап құлашын,
Ұшқысы келіп барады.
Арманға толы дүниені,
Құшқысы келіп барады,
Асығып заңғар ғарышқа,
Арынды жырым қалыспа.
Арғымақ дәйім танылар,
Айтулы қиқу жарыста.
Шақша бастағы ақша
Бағбаншы айтты:
Тауып алсам ақша,
Салар едім бақша.
Ұры айтты:
Ашық ауыздардың
Қалталарын қақса.
Жемқор айтты:
Қазынасын қарпып жеп,
Шетел жаққа қашса.
Жолаушы айтты:
Аман-есен үйге кеп,
Шайды ішіп жатса.
Нан алуға бірауық,
Жетпей тұр ғой ақша.
Сайра мейлі қақса,
Жан дүниесін адамның
Жаулап алды ақша.
Қара тас
Кейбіреу Ермакты тым дәріптейді,
Шындықты қара жіппен әдіптейді.
Қанішер басқыншыны хан көтеріп,
Қазақты теңдік алған халық дейді.
Жол салған Европаға тыңнан тартып,
Ермактың Гитлерден несі артық.
Мақтасақ қарақшыны кешір, халқым,
Бұзамыз достық атты өмір салтын.
Отаршыл озбырлықты тұрған мақтап,
Ермактың ескерткіші тұр Ермакта,
Әдейі әзәзілдер қойса керек,
Араздық туғызам деп бұл аймаққа.
Обыған қара Ертістің оң мен солын,
Отаршы қаныпезер тұр тауып орын.
Қаланың ортасында тас тұғырда,
Тығады қалтасына қан-қан қолын.
Демессің орыс досым,
Араластың,
Болымсыз өнбес іске қара бастың.
Ежелден туыс болған екі ұлттың,
Арасын бөліп тұрған қара тас бұл.
28 панфиловшылар паркіндегі ой
Тұғырда тұр соғыс жайын ескертіп,
Зеңбіректер.
Соған ауды ес-дертім.
Отты жылдар ойсыратқан жауларын,
Қару-жарақ жан-дүниемді өзгертті.
Қан төгілді қаншама,
Жанып жатты қыр,
Арпалысты өліммен жап-жас ғұмыр.
Жекпе-жекте өмір, өлім айқасқан,
Жеңімпаздың символы бұл - тас тұғыр.
Зеңбіректі көрсем болды айтамын,
Қантөгісті көрме елім,
Байтағым!
Бұл паркке дем алуға келем де,
Ой арқалап қайтамын.
Музейдегі қылыш
(қорымнан табылған қылыш)
Қайқы қылыш,
Майдайы тайқы қылыш,
Қорқақтарды жүгіртер шайқы қылыш.
Қыныбыңнан суырылып қан төгіпсің,
Болса дағы қай жерде, қай қырылыс.
Көрдім де мен өзіңді ойда тұрдым,
Қылышысың шіркін сен қай батырдың?
Әлде сен сусып түстің қан майданда,
Қолынан ел қорғаған айбат ұлдың.
Иеңмен жер қойынын жаттың алып,
Топырақтың кермектеу таттың дәмін.
Әлде сен өткір қылыш заманыңда,
Жарқ-жұрқ етіп ойнадың жаттың әнін...
Құл қылмақ жау ниеті бекем елді,
Тұрмастай орнына шегеленді.
Қан жұтқызған жауына бұл қылышты,
Қара жерге қауым ел неге көмді?
Жаумасын деп сұр жебе, қорғасын оқ,
Елін ерлер өзгеше қорғасын деп.
Қаруларды қан қылар көмген шығар,
Бұдан былай сұм соғыс болмасын деп.
Ғасырлардан қысталаң қозғап үнді,
Тұрсың жоқтап музейде
Боздағыңды.
Сәл тотықты демесең ұстараңды,
Көрмей тұрмын мен сенің тозғаныңды.
Көрдім де қайқы қылыш ойға баттым,
Бомбалардың сан түрі жанға батты.
Жиып ап жер бетінде сан қаруды,
Музейлерден көрсетсе таңғажапты.
Ол күн де алыс емес білемін мен,
Сеземін сезімтал пәк жүрегіммен.
Сол сөзің рас болды, жігітім, деп,
Қысып бір қоярсың дос,білегімнен.
Серт
Соғыс өртін көргем жоқ,
Солдат болып,
Жатқандарды көргем жоқ,
Балдақ жонып.
Қиналғанды көргем жоқ,
Қансыраған.
Опасызды көргем жоқ
Жан сұраған.
Бірақ, бірақ бергендер кесек етін,
Мүгедек бір балдақты көшеде өтіп
Бара жатса,
Мені де оқ теседі өтіп.
Өткенді ойлап әжелер күрсінгенде,
Менің дағы қалады құр сүлдем де.
Өзеншедей қуарған кенересі,
Болсам деймін солардың немересі.
Соғыс өртін көргем жоқ,
Солдат болып,
Жатқандарды көргем жоқ
Балдақ жонып.
Бірақ, бірақ деректі кинолардан,
Көргенімде ерлерді қидаланған.
Көргенімде жылаған балаларды,
Көргенімде қираған қалаларды
Шырқап бір кетемін де шайқас әнін,
Жауменен жағаласып айқасамын.
Мен сол кез қырандайын
Көрегенмін,
Ерлігін қайталаймын Төлегеннің.
Оқтарды елең қылмай дауыл жаным,
Ерлігін қайталаймын Бауыржанның.
Соғыс өртін көргем жоқ,
Солдат болып.
Жатқандарды көргем жоқ,
Балдақ жонып.
Бірақ, бірақ сапында солдаттардың,
Москва топырағын шаңдатқанмын.
Кірпік ілмей күзетіп бейбіт таңды,
Қырағы екенімді аңдатқанымын.
Көз жасын көріп өстім аналардың,
Қаншама үй қаңырады санағанмын.
Сондықтан серт бергемді өзіме өзім,
Жыртығына көңілдің жамалармын.
Тықылын тыңдап өстім солдаттардың,
Соларға арналады ардақты әнім.
Солардай батыр болам,
Өйткені мен,
Ұрпағымын ардақты солддаттардың,
Ұрпағымын балдақты солдаттардың.
Тайғақ мұздағы тайталас
(Болған оқиға ізімен)
86-ы. Желтоқсанның аяғы.
Көше көк мұз
Жиі аяғым таяды.
Серең етіп құлағанша
Бір мезет,
Такси ұстап мінгім келді баяғы.
Бос тұрған бір машинаға таядым,
Тәлтіректеп жас бұзаудай таямын.
Аяқтағы армян етік табаны
Май жаққандай
Сырғанайды аяғым.
Қапелімде
Жалбаң еткен ителгі,
Өзге тілді дәл кеудемнен итерді.
-Калбит қазақ менен кейін мінесің,
-Әйтпесе,
Мен бас сүйекті үйтеді.
Итерген соң сырғанадым
О тоба-ай,
Самбошыға жығылудың обалы-ай.
Тебуге де, бұрауға да мұршам жоқ,
Дәрменсізбін қанаты жоқ сонадай...
Атып тұрдым
Берейін деп жауабын,
Мас адамдай оңды-солды ауамын.
Мен жеткенше мұжық мініп жөнелді,
Енді оны қайдан іздеп табамын?
Тайғақ табан,
Тайғанақ жол
Қап бәлем!
Болдыртпады төбелесті
Әттеген!
Басын жарып, қанатқанда мұрынын,
Бұзақыны жасаушы еді дәп менен.
Болмағанда
Тайғанақ жол,
Тайғақ мұз,
Темір торда отырар ма ем айғақсыз.
Бір қазағым шешім оқып тұрар ед,
-Мына ұлтшылды итжеккенге айдатқыз.
Жәйді айттым
Жиырма жылғы жаймалап,
Желтоқсанның тарихы әлі тайғанақ.
Желтоқсанның шындығын іздеумен,
Келем мен де әлі күнге тайғанап.
Желтоқсан
Шындықты шыңғыртып,
Шымырлатқан Желтоқсан.
Шындық қуған жастарды,
Сыбырлатқан Желтоқсан.
Азаттықтың жалауын,
Алау еткен Желтоқсан.
Бостандықтың тарауын,
Қараң еткен Желтоқсан.
Азаттықтың жалауын,
Желбіреткен Желтоқсан.
Қаракөзді түрмеде,
Мөлдіреткен Желтоқсан.
Қайрат сынды ерлерім,
Қыршын болған Желтоқсан.
Ерлік, ездік қатар кеп,
Тым сын болған Желтоқсан.
Қазақ, орыс бөлініп,
Ауыр болған Желтоқсан.
Аяғы жақсы тәуір боп,
Бауыр болған Желтоқсан.
Желтоқсан ісің өлмейді,
Алла да мұны жөн дейді.
Қазақ деген Ер халық,
Құл болуға көнбейді.
Желтоқсан жігітеріне
О, даламның жайсаң жігіттері,
Ел дегенде елеңдер үміткері.
Білем сенен бір мысқал таусылған жоқ,
Ерлік ісің, ел сыйлар ғұрып тегі.
Махамбеттің мәрттігі қайсар жаны,
Түсірмеген сұлтанға жай салмағын.
Сенің асау қаныңда бүлкіл қағып,
Әрқашанда жауынан тайсалмады.
Сауалына сөз таппай сан батырдың,
Қиын шақта, аштықта, дауда тұрдың.
Сәкен болып, даламның сәні болып,
Тұрар болып тұлғалы алда тұрдың.
О, даламның жайсаң жігіттері,
Біз саған жай сеніп пе ек,
Отты жылда Қасым боп, Қайсенов боп,
Тізе қосып украин, орыспенен,
Фашистерді Берлинде еңсеріп ек.
Енді неге ұлтшыл боп шыға келдік,
Ұра берсе біз неге бұға бердік?
Дойыр түгіл бір сөзге шыдамайтын,
Майдан берер намысты ел ұланы едік
О, даламның жайсаң жігіттері,
Болашақтың ертеңнің үміткері.
Желкені боп желкемді желтоқсанда,
Желбіретіп жалауды жол тосқанда,
Желкелендің, жем болдың, зәбір көрдің,
Жас өрендер жұмылып топтасқанда.
О, Өренім, Қайратым, Қайсарларым,
Жас жапырақ, жас тұлға, жайсаңдарым.
Солдаттардың дойыры, сапер күрек,
Бас, арқаңа тисе де тайсалмадың.
О, даламның жайсаң жігіттері,
Ел дегенде елеңдер үміткері.
Ерлігіңді етікпен таптамақ боп,
Озбыр күштер екіленді ұрып тегі.
Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен,
Шындық бір күн жеңеді алаң етпен.
Итжеккенге айдатып жіберсе де,
Семсер сөзбен өрнекті салам еппен.
О, даламның жайсаң жігіттері,
Ел дегенде елеңдер үміткері.
Жаныңды сараң сәуле қаусырған жоқ,
Өзіңнен имандылық таусылған жоқ.
Ақтаңдақпен айқасқан заманада,
Ұрпаққа айтар ақиқат, жан сырлар көп.
Желтоқсан десем...
16 желтоқсан.
Алматыда дауыл тұрып,
Тұрды аспаным бұлттарын ауырсынып.
Қайсар сақтың, түркінің ұрпақтары,
Шыққан еді алаңға дабыл құрып.
Еркіндікті аңсаған ұл-қызына,
Қарап тұрды Алматы сабыр қылып.
-Қаһарланды қазақ,-деп жар салды да,
Қатер қосын шыққанды қарсы алдынан.
Қалың әскер қоршады, жібермеді,
Қарсыласты тепкілеп түгендеді.
Қанды қасап жасады КПСС,
Қаусырылды қазағым, жүгірмегім.
Желтоқсан десем,
Кетеді қаным қызып,
Не бір ойлар келеді
Жарым, бұзық.
Сол бір күн қайта айналып келсе егер,
Өлтірер ем жендетті қанын сығып.
Желтоқсан десем,
Бір сәтке қамығамын,
Қайраттанып қайтадан жанығамын.
Еріткен қалың мұзын империяның,
Желтоқсан отты алауыңды сағынамын.
Кек алып кейбіреуден не қыламын,
Қазақстаным,
Қатарыңнан табыламын.
Желтоқсаншы бармысың
Аманбысың
Желтоқсанда
Желкем желде
СССР деген сұмқай елге
Қарсы тұрғандар.
Мұздай қару асынған
Күштімін деп басынған,
Сұстымын деп тасынған
Империяның өкілдерін таспен ұрғандар.
Қақ төрінде Алматының алмалы
Қаһар төгіп алаңда
Мұздай темір құрсанған
Шерікке қарсы бұрсанған
Шебін құрып майданның
Шекесіне қар қатқандар.
Шоқпарына жығылып,
Шерменде боп жатқандар.
Шекісіп оқ ата алмай
Үйде тыныш жата алмай,
Алаңға барып айқасқан,
Жаға жыртып шайқасқан
Берендерім-ай,
Елден ерек ерендерім-ай...
Қасап қанға тайғанадың, жығылдың
Құрсағына тепкіленді бұрымдың.
Ұңғысына паналатқан ұлысын,
Ұрасына ұялатқан ұрысын
Сойқан, сұм, сойылдыға ұрындың.
СССР деген албасты,
Құрығыңа жармасты
Құлыныңа жармасты
Құдығыңа түкірді
Тұнығыңа түкірді.
Бомба жарып Семейде,
Салған еді зікірді...
Желтоқсаншы,
Аманбысың, бауырым?
Желтоқсанда соққы тиген,
Жазылды ма бауырың ?
Аман болсын шалғайдағы,
Ата-анаң, ауылың.
Аман болсын ,
Ерлігіңді есте сақтар,
Тілеулесің,
Қазақ Елі қауымың!
Айналайын, қазағым
(толғау)
Айналайын,қазағым,
Көп-ау көрген азабың.
Ақтабан шұбырынды,
Қысқартты ғұмырыңды.
Дей алман ынжық халық,
Қазақты жым-жырт халық.
Миллионнан айрылса да,
Ерлігі мыңдық халық.
Қарындастан айрылып,
Ер-тұрманы майрылып
Жатса да қазақ өлмеген.
Жау бар десе желдеген.
Айбалтасын суырып,
Жекпе-жекке кел деген.
Өлсем мен-ақ өлейін,
Аман болсын Ел деген.
Қыннан қылыш суырып
Тепсінісіп келгенде,
Намысты қолдан бермеген...
Айналайын, қазағым,
Көп-ау көрген азабың.
Төңірекке ұран сап,
Төңкеріске қосылдың.
Теңдік атты ту тігіп,
Туған жерде жосылдың.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас,
Неге айтты батыр бабамыз.
Аш бөріге таланып,
Айрылдық ата-қоныстан.
Аштық, соғыс жалмады,
Кезі жоқ халқым толысқан.
Айналайын, қазағым,
Көп-ау көрген азабың.
Халқым жатыр қақалып,
Астында жатқан көмірге.
Атомды жардық ақыртып,
Жиделі-Байсын өңірге.
Ай бетіндей айғыз қып,
Тыңның төсін көтердік.
Шаң тозаңды мол жұтып,
Ауру боп жөтелдік.
Айналайын, қазағым,
Көп-ау көрген азабың.
Аспанда жарса арбаған.
Жер асты жарса жалмаған.
Елім деген жігітті,
Есеңгіретіп жіберген.
Батагөй батыр бабаны,
Үздірген әбден күдерден.
Атом деген азулы,
Сенің де көрің қазулы.
Бір амалын табамыз,
Полигонды жабамыз.
Аман болсын әрқашан,
Қазақ елі Анамыз.
Қараптан қарап жасқандық,
Көп дүниеден бос қалдық.
Қиындықтан құтқарар,
Тәуелсіздік, бостандық
Шет елдің қонақтың қазақпен сұхбаты
- Қаның қайда, қазағым?
- Ағарған.
- Малың қайда, қазағым?
- Жоғалған.
- Жаның қайда, қазағым?
- Азайған.
Әзер құтылдым.
Аштық деген тажалдан.
- Намыс қайда, қазағым?
- Келімсектер көбейіп,
О жағы тоналған.
- Жарыс қайда, қазағым?
- Астымда тақ, қарын тоқ,
Өткізем шара сан алуан.
- Тілің қайда, қазағым?
- Енді ғана қолға алдық,
Жүріп жатыр табандап.
- Білім қайда, қазағым?
- Ғарышқа ұшты басқалар,
Жерімізді жамандап.
Аман болсын мал-жаным,
Күн көреміз амалдап...
Елбасын көргенде
Қасым салған қасқа жол,
Қасқайып бір өткенбіз.
Есім салған ескі жол,
Ебіменен өткенбіз.
Ел қамқоры Едіге,
Еңкуменен өткенбіз.
Тәуке ханның тұсында,
Тәуба қылып өткенбіз.
Әбілқайыр тұсында
Болмады жол теп тегіс.
Абылайхан тұсында,
Сайрап жатыр өткен із.
Кенесары, Наурызбай,
Тектіден туған бек деңіз.
Сарқылып күш біртіндеп,
Бодан болып кеткенбіз...
Елбасыны көргенде,
Елдің күйі шерменде
Қилы заман сергелдең,
Еске түсер кез келген.
Елбасыны көргенде,
Еліркейді жүрегім.
Елбасыны көргенде,
Шөліркейді жүрегім.
Бодандықтан бостанға,
Алып шыққан тірегім.
Шекарасын шегендеп,
Қарсыластан қаймықпай,
Көсем сөзбен көгендеп,
Қабылан қалың жұртына,
Ырзық, бірлік егем деп,
Түн ұйқысын төрт бөлген,
Текетіресті көп көрген,
Тұрлаусыз түлкі заманда
Тұспалды тұсты өткерген.
Баспана салып халқына,
Ерік беріп салтына.
Тау көтерген Толағай,
Өндірісті өңгерген,
Нұрағаң басшы, біз қосшы,
Қандай жұртың тең келген!
Қаныш ескерткіші
Қаныш аға
Қажырлы қарымды еді,
Қазына іздеп жұртына
Жанын жеді.
Алтын іздеп Арқадан, күміс іздеп,
Жезін іздеп Жезқазған барып еді.
Қорын іздеп көмірдің
Өндіру жолын іздеп
Жан жүрегі халқы үшін жалын еді.
Кеңестер Одағында дара ғалым,
Қазақ үшін Толағай алып еді.
Бүгін міне, тұлғасы тасқа айналып,
Ғылымның қасиетін мәлімдейді.
Ойлы көзбен отаншыл ұрпағына,
Білімнің қатарынан табыл дейді.
Шіркін-ай қай қазақтың бір баласы,
Қанағаңша халқының қамын жейді.
Қанышбұлақ
Ауыл қонған жайлауға,
Бие, құлын байлауда.
Майса шөпті жапырып,
Қозы, лақтар ойнауда.
Ауыл үсті қапырық.
Бәрі бар-ау керектің,
Сусыз тамақ тамақ па?
Су болмай тұр шелектік.
Қарап қас пен қабаққа,
Кішілер жүр қарақтап.
- Орынсыз реніш жарай ма,
Су болады қалайда,
Түске дейін көр де тұр,-
Дейді құдықшылар да.
Иман ата төрде отыр.
Көзімен шолып жан-жақты,
Сарғыш жүзі салмақты.
Бірақ, бірақ ішкі ой,
Мүжіп отыр қайратты.
Судың зары түсті ғой.
Құдықшыларда қапы жоқ,
Екі күннен запы боп,
Ентелейді тереңге.
Аты түгіл заты жоқ,
Жер анасы керең бе?
Кеше келген алыстан,
Жасөспірім арыстан
Қаныш кірді есіктен.
Ауылды солай арытқан,
Жайды бүгін есіткен.
Бұрынғы Қаныш емес бұл,
Сопақша жүзі толғандай.
Тықыр шаш қазір ормандай.
Бойы тіпті зор қандай,
Еңгезер тұлға қорғандай.
-Жер жайын өзім байқар ем,
Судың да көзін айтарем...
Ізетпен Қаныш иілді,
Рұқсат сұрап әкеден,
Мінезді қатал үйірді.
Зәулім биік қарағай,
Көрінсе де дарадай.
Елге туыс, жақынға,
Өзіне әлі баладай
Келе алмай отыр ақылға.
-Не айтарсың балаға,
Баладан шыққан данаға.
Қолыңнан келсе аянба,
Ишара жасад әкесі,
Дегендей енді баянда.
Су көзін табу оңай ма?
Зер салып жіті маңайға.
Ойлана қарап аспанға,
Үңіліп көде, тастарға,
Жас өрен келед бажайлап.
Айырып жердің пұшпағын,
Межелі жерді нұсқады.
Екі түп шидің арасы,
Болды ғой елдің құшқаны.
Жазылды судың жарасы.
Сол бір тұс ақты бұлақ боп,
Сол бір тұс қалды тұрақ боп
Құтты қоныс бар маңға,
Қазір оны атайды,
Біздің Қанышбұлақ деп.
Шоқан ескерткішін көргенде
Ойға шомған ойлы жүзі күн қақты,
От-жігер бар келбетінде сымбатты.
Оңаша осы тұрысында Шоқанның,
Ойшыл, өткір жанарында мұң қапты.
Нені ойлады ұлы ғалым мұқала,
Саяхатты ма Қашқар, Қырғыз, Бұқара?
Болашақ па оның жанын қинаған,
Жағы неге түсті екен жұқара?
Шоқан қолын иегіне тіреді,
Халқын ойлап ауырды ма жүрегі?
Қадірін ол байқамаған көп жуан,
Қабірінде жыламасын біледі.
Халқын сүйген алмас қылыш Шоқаным,
Менсінбеген патша шені, оқаны,
Ол да бір жан Лермонтавтай
Өзгеше,
Сүйген жұмбақ махаббатпен Отанын.
Жыр даусы
Айтамын астарламай расымды,
Өлеңнің өлкесіне құлаш ұрдым.
Бар сөзден нәр жинауым қиын болды,
Айшықты сөз өрнегін жарасымды.
Көңілде көп күдіктер от басам ба?
Жүйелі сөз таба алмай тот басам ба?
Сенімім серпіледі жылытамын деп,
Сезімін адамдардың дөп басам да.
Көңілің тек көсілсең көншиді екен,
Маңдайың қысылғаннан тершиді екен.
Жақсы жыр мартен пеште жанған оттай,
Лапылдап кеңістікке өршиді өлең.
Осылай өршиді өлең кеңістікке,
Жыр даусын естиді ел егістікте.
Жыр даусы естіледі шопандарға,
Оқиды өлеңқұмар тегіс біткен.
Ақын деп айтады ғой ертең елім,
Келмейді бұл өмірге еркелегім.
Өлеңнің өзегінен от өрем деп,
Күніне әлденеше өртенемін.
Келісті өлең жазу оңай ма еді?
Қиын-ау ұтымды сөз, орайлы өлең.
Басылып тасқа шықса бір өлеңім,
Жалтақтап жан-жағыма қарай берем.
Домбыра
Қарағайдан жасаған қиып қана,
Тартылмаған домбыра – тұйық дана.
Шертіп көрсең сыр ашар шежіре күй,
Жалпақ әлем тыңдаға ұйып қана.
Домбыра осы жүрісі жорға сынды,
Әуенімен тоқтатар жолбарысыңды.
Шындықты айтар күйімен күмбірлейтін,
Көмейіне құйсаң да қорғасынды.
Домбыра осы қос ішек бабам тартқан,
Дей алмайды ешкім де жаман тартқан.
Құрманғазы, Тәттімбет, Дина күйі,
Қылышыңды тоқтатар жалаңдатқан.
Күмбірінен естіліп ат дүбірі,
Ырғағынан екпінді жат түңіліп.
Қиын-қыстау қиқулы заманда да,
Домбырадан төгілген шаттық үні.
Тартқанда денең балқып балбыраған,
Сүйсінбес қай қазағың мол мұраға!
Сазымен сарқылмайтын сөйлеп кетер,
Ұқсасын әрбір қазақ домбыраға.
Пендешілік
Құрдас болып әзіл айтып күлеміз,
Сырлас болып айрылмастай жүреміз.
Ал кенеттен сәл нәрсеге күйініп,
Бір-бірімізді қайрылмастай бүреміз.
Айтар сөзді бүкпелемей ашылып,
Осы шіркін кетті дейміз басынып.
Жүгірсе ол сүрінсе деп тілейміз,
Бойымызды билеп алды жасық үн.
Сырқаттанса мүсіркеуге барамыз,
Қайта жақын тарта қалды арамыз.
Жылы сөйлеп жымыңдаса қалдық біз,
Ұмытылды ұрыс-керіс бар аңыз.
Керіс болды ретсіз де ретті,
Құлын көңіл талай рет дір етті.
Бұрынғы өмір тағы қайта басталар,
Тыңдадық па жүрісін біз жүректің?
Төстегі төс белгі
10-да оқимыз,
Қырып жүрген біздер жоқпыз сабақты,
Шылым шегіп, ішпейміз де шарапты.
Қыздарға көп көз қиықты саламыз,
Дегендей бір осы сұлу жарап тұр.
Сондай қыздар бар ма еді, десең бір?
Бар еді ғой, нәр еді ғой неше гүл.
Сол сұлулар арасында қара көз,
Ән еді ғой, сән еді ғой Әсемгүл!
Қара көзі төңкеріле қарайды,
Нұр жүзінен таң атады арайлы.
Бозбаламыз іздеп жүрген бозінген,
Көңіл шіркін әлденені қалайды...
Комсомолдық белгі тағу ғажапты,
Бірде көрдім Әсемгүлде қадапты.
Алма төстің нақ ұшында Күн көсем,
Қызыл жалау желбірейді мадақты.
Дедім- Қызыл жалау желбірейді биікте,
Значокты іліпсің сен биікке.
Жақсы екен қол жетпесте тұрғаны,
Тұра берсін енді оған тиіспе.
Әсемгүлім үндемеді,
Тілдемеді,
Әлде мүмкін қалжыңымды қош көрді,
Бәлкім менің ұсынымды ескерді.
Келесі күн алма төстің үстінен,
Мен көрмедім қызыл тулы төс белгі.
Досыма хат
Күйбең-күйбең күнде жұмыс бітпеген,
Арқадағы жеңіл, ауыр жүкпенен.
Бірде тоқтап, бірде өрлеп, біртіндеп,
Тосып жүрміз қуанышты күтпеген.
Қазір досың жыр жолдарын жазбайды,
Өлең оты тек жүректе маздайды.
Өлең етіп келер күнгі жұмысты,
Шәкірттердің жан сезімін қозғайды.
Бір күнімнен бір күн қауырт сияқты,
Тұлпардаймын тозбас асыл тұяқты.
Сәл босаңсып тізгінімді тежесем,
Болғандаймын болашаққа ұятты.
Күйбең-күйбең күнде жұмыс бітпеген,
Арқадағы жеңіл, ауыр жүкпенен.
Бірде тоқтап, бірде өрлеп, біртіндеп,
Тосып жүрміз қуанышты күтпеген.
Жаңбырлы күн және жалаңаяқ бала
Аялдама алды еді,
Бала тұр жалаңаяқ.
Адамдар тұр көзбенен қарап аяп.
Он бір жасар бала тұр қалпақ киген,
Жер сыз еді,
Кеттім мен баланы аяп.
Бала емес пе,
Тоңбайды жүгіреді,
Жұрт қарайды,
Жетім бе бұл кім еді?
Автобусқа мінетін ақшасы жоқ,
Амалсыздан қалтаға үңіледі.
Анасы ма деп қалдым газет сатқан,
Жүзі солғын жүдеген бүгіледі.
Көріп қалдым әкесін көше кезген,
Жұмыс іздеп жұртынан түңіледі.
Ал баламыз тоңбайды,
Жүгіреді,
Жүгірмегім ертеңгі үнім еді.
Басы бүтін, аяғы жетім бала,
Кімге барып беу халқым, жүгінеді.
Көрген сәтте осыны жұмсақ жүрек,
Жаңбыр тиген балшықтай үгіледі.
Қазақы қайрау
(памфлет)
- Сауда жасап сабылып жүрген кім?
- Қазақ.
- Басқа дінге табынып жүрген кім?
- Қазақ.
- Той жасап сабылып жүрген кім?
- Қазақ.
- Шет елдіктерге жағынып жүрген кім?
- Қазақ.
- Айықтырғыштан табылып жүрген кім?
- Қазақ.
- Қамбаға түсіп қағынып жүрген кім?
- Қазақ.
- Жұмыссыз жүрген кім?
- Қазақ.
- Күміссіз жүрген кім?
- Қазақ.
Тәуелсіз ел болсаң да қалың қазақ,
Басыңнан кетпеді ғой ауыр азап.
Төбеңнен у төксе де төзімдісің,
Еліңде болып жатыр не бір ғажап...
Тәуба, тәуба қылмайын күпіршілік,
Кетпесін тентек ойдан пікір шығып.
Бостандық қанмен келді, жанмен келді,
Қыламыз бір Аллаға шүкіршілік.
Заман сипаты
Өзгерген өзімшілдеу басқа заман,
Ұрын келген маңдайы қасқа заман.
Ұрлық пен ен қарлыққа жолды беріп,
Ұлыңды айырдың сен баспанадан.
Обырланған, обырған басқа заман,
Олжас, Мұхтар жырларын жаттамаған.
Жатырқатып қойдың сен өз балаңды,
Жаутаңдатып қайдағы жатқа жаман.
Жатсынған тілін, дінін басқа заман,
Жатырқап шаранасын тасқан заман.
Жабырқап кәрия шал көпті көрген,
Жалыққан безбүйрек ұл, жас баладан.
Жұмыссыздық жұтынып тұрған заман,
Көнеді амалсыздан бұған адам.
Заманым босағада тұрған бала,
Ет дәметіп, есіктен сығалаған.
Бұл заман ұсынып тұр түрлі жолын,
Аяғыңа бататын қырлы жолын.
Қырлы жол тегістеліп бір күндері,
Бір Алла ұсынады Нұрлы жолын.
Демеймін бұл заманды қалар мәңгі,
Тасытқан қапшық-қапшық тауарларды.
Жарылқап Жаратқаным бір күндері,
Әділдіктің шырағы жанар мәңгі.
Жаужүрек шешендер туралы жыр
О, менің,
Жаужүрек шешендерім,
Бетке ұрып Ресейдің есерлерін.
Беріспей белді буып атой салдың,
Талқан қып тас бекетті кешендерін.
Жұмылған жұдырықты аңғарамын,
Жүректі қыршындарға таң қаламын.
Жаралған қайсарлық пен қаталдықтан,
Жандары Грозный мен Ханкаланың.
Лермонтов жырлаған ед Терегіңді,
Ол жырлар қай орысқа керек енді.
Пиғылы Ресейдің бодан қылу,
Құлаққа қыстырмайды ереуілді.
Ереуілді, Еркіндік, Азаттықты,
Темір тор түрмелерге қамап тықты.
Тең қылған азаматын әр аймақта,
Жазылған Конституциясы «ғажап мықты».
Әр шешен бомба болып жарылады,
Әр шешен бостандығын сағынады.
Жеке отау қып шешенін жібере алмай,
Ресей шарасыздан қағынады.
Қағынады,
Сондықтан от-қару тағынады,
Әйтпесе отпен ойнап не қылады.
Қатын-қалаш баламен соғыс ойнап,
Қап тауына қаптайды.
Ағылады.
Халықты бір халыққа айдап салып,
Саясат жүр айлакер жайраң қағып.
Жетпіс жыл туыс болған екі ұлтқа,
Қарайды шет елдіктер қайран қалып.
Орысым,
Қайда сенің ұлылығың?
Толстойдың ұрпағы
Кімнің құлы бүгін?
Сыпыршы томағасын сұңқар құстың,
Көрсетші бекзат халық ірілігін.
Таптатып танктермен тастағанмен,
Шамшыл шешен жасайды тірілігін.
Қасарып қасап қанды төге бермей,
Қауіптің алдын алшы күні бұрын.
Онсыз да опырма ауыз бұл жалғанда,
Кетіп тұр барша адамзат құны бүгін.
Экология
Қабынып мұрыннан қан сауылдайды,
Жараның аузы неге жабылмайды?
Шетінеп жиі-жиі нәрестелер,
Дертке дәт бір уақыт табылмайды.
ГРЭС-тің түтінен бұлғап ұшқан,
Көк аспан көрінбейді былғаныштан.
Бұлқынған бұлақтар мен жылғаларым,
Былғанып көрінбей тұр құр қамыстан.
Көмірдің қышқыл газы білінбейді,
Жұртым жүр «жұпар жұтқан» күлімдейді.
Кенішті қазынасын қазып жатқан,
Көрініс өндірісті керім дейді.
Көмірші өндіруді жөн көріп жүр,
Кесесін шаңға толы төңкеріп жүр.
Келіншек, бала-шаға дамыл көрмей,
Көшесін Екібастың көмкеріп жүр.
Иә солай, біреуге көмір керек,
Көмір қажет болғанда көңілденед.
Ал біреуге, әрине, өмір керек,
Табиғаттың қашан бір жөні келед?!
Жалықтым...
Дүниенің дүрсілінен жалықтым,
Зымыранның гүрсілінен жалықтым.
Көк аспаннан улы жаңбыр жаудырған,
Түбі түйткіл тіршіліктен жалықтым.
Парақордың парағынан жалықтым,
Жалақордың қаламынан жалықтым.
Есті алып, есеңгіретіп тастайтын,
Орекеңнің арағынан жалықтым.
Парақорлық, нашақорлық айналам,
Өз сорыма біткен екен бай далам.
Асты, үстіне шетелдіктер жармасқан,
Қайран жерді қайтып алар бар ма адам?!
Заман осы
Заманыма не дейін,
Тарықтырған, зарықтырған кедейін.
Айта бермей бұ дүниенің гөй-гөйін,
Жұртпен бірге тұқыл шылым шегейін.
Көк күмбезі және көгілдір ту
Желбірейді аспан түстес байрағым,
Тәу еттім де өз тілімде сайрадым.
Қуарып ед жапырағым,
Жайнадым,
Бостандығын алғаннан соң аймағым.
Желбірейді барлық жерде көк туым,
Көзін тіккен қас дұшпаным жоқ менің.
Бабалардың, ағалардың ерлігі,
Тек жадымда
Өтіп кеткен отты күн...
Бостандығым бабалардың арманы,
Сол арманды ел-жұртымыз жалғады.
Аспан түстес көк байрақты көтеріп,
Арғымаққа міну менің арманым.
Күмбезіне кеңістіктің осы сәт,
Тіледім мен дүз қыраны самғауын.
Жүз қыраны самғауын,
Мың қыраны самғауын
Осы менің таңдауым.
Кереку келбеті
Кереку.
Тарихыңды қызық көрем,
Арман ақын, Васильевтей “бұзық” көрем.
Ойран салған Анненков “ізгі төрең”,
Сәкен жүрген жерлерді сызып көрем.
Сан қатпарлы Кереку
Жұмбағың көп,
Атыңды атай алмай ымдадым көп.
Павелдің “бел қаласы сындарлы бек”,
Тұрады
Ақындарыңды тыңдағым кеп.
Солар айтар шындықты, жұмбағыңды,
Сынға алып империяшыл мұндарыңды.
Қазақы өз атыңды қайтып беріп,
Ашар екен Кереку,
Кім бағыңды?
Кереку.
Майра апам жүрген мекен,
Қажымұқан білегін түрген мекен.
Естай да әнін салып “Құсни-Қорлан”,
Сәтбаевтар қадірін білген мекен.
Кереку шынжыр табан тракторлы,
Бүкіл Одақ кезінде құлақ түрді.
Шығарып, аллюминий, қорытпаңды,
Өндірістің құлағын бұрап тұрды.
Кереку ілім-білім орталығы,
Мойындайды бүгінгі орта мұны.
Ерлан Арын сияқты ерек тұлға,
Қадірін келтіреді қолдағының.
Кереку.
Алау от, балғын темірмен шарпысқан,
Мақтау ап жаһандық жарыс сан тұстан.
Өндірісіңе төтеп бере алмас,
Бәсекелестер сенімен аңдысқан.
Кереку,
Өңірің толы інжу-маржанға,
Қазынаң сенің
Қымбат па әлде, арзан ба?
Көрсетіп жатыр уақыт Нарқы бүгінгі,
Қол жеткен тұста Тәуелсіздік атты арманға.
Кереку.
Ерлік пен өрлік көрем жүзіңнен,
Сен қимақ-қыпшақ тамшысы үзілген.
Таралып және қайтадан жаралып,
Қазақстан болып қайта түзілген.
Ошақты қала, оттығым!
Екібастұз менің
Жалынды жастық шақтарым,
Өзіңнен артық сүйкімді қала таппадым.
Жәудір көз қызың жарыма менің айналып,
Көмірің мен өңіріңді мақтадым.
Екібастұз сенің
Тұнған тарих қатпарың,
Уақыт та болған салған саған батпанын.
Экскаватор шөмішіне ілініп шығады әлі
Мүрделер,
Зұлмат күндердің білдіріп бізге ақпанын.
Екібастұз,
Қақаған аяз, қапырық күннен жаралған,
Таңдайы кеуіп Ертістен ерен нәр алған.
Бүгінгі күні карьер атты тереңіңде тепсініп,
Кеміріп жатыр жотаңды сенің
Экскаватор сан алуан.
Екібастұз
Екі басты тұзды көлің жоқ бүгін,
Білемін
Бақытты аңсаумен өтті көп күнің.
Дәуірде даулы
Дәулетке жету оңай ма?
Сәулеті сәлім, баршаға мәлім
Ошақты менің оттығым!
ІІ. ТІЛІМ – ТІРЕГІМ
Саяқ болып саяңа сыйып өтем
Тәңірі мен табиғат мақұлдаған,
Беріп тұр бір өнерін уақыт маған.
Өлеңмен өрнек салып, шындықты айтып,
Шабыттан шамырқанып бақыт табам.
Досым да көп осы күн
Дұшпаным да,
Қарамаймын қастың мен қыспағына.
Елім үшін елпеңдеп жүгіремін,
Жету үшін тағы бір пұшпағына.
Өктемдік көп өмірде
Қысқа мына,
Дабыра ғып қайтеміз тыстағыға.
Өгіз мінген күнде де өнер қудым,
Дос қуанар аспандап ұшқаныма.
Өмір деген өзгеше жиын екен,
Қас пен досты айыру қиын екен.
Сан ақыны сандалған Сарыарқада,
Саяқ болып саяңа сыйып өтем.
Ақбөкендей құйғытып маң далада,
Жетесізге жол бермей қиып өтем.
Сыя алмай аймағына
Нақ бөтен бір,
Жөңкіліп сар далада ақбөкен жүр.
Жан жағы қаумалаған қалың аңшы,
Жануар туған жерге жат,бөтен боп жүр.
Пенделер тықсырғанда
Нақ бөтен бір,
Жаныңмен жағаласар ақбөкен жыр.
Сансыз ой толғағынан туар сонда,
Бейкүнә, ақ періште ақбөпе жыр.
Білмеймін неге екенін саяқ жүрмін,
Көп сөзді көкірегіме таяп жүрмін.
Көрігін көркем сөздің басқаныммен,
Көрінбей көп ретте жаяу жүрмін.
Жаяу жүрмін
Асығып қайда барам,
Заманым бар тегісте тайғанаған.
Амалым бар кезінде “Азат” құрып,
Қолдауды көре алмаған қайманадан.
Тілдің де ауылына Туды тіктік,
Табыссын деп тілімен Байтақ далам.
Айтпассың мына мені,
Тақ сұрады,
Әкімге жаутаңдайды
Тәк тұрады.
Кемшілік ана тілден кетіп жатса,
Құзырлы жер мені кеп қапсырады.
Жамиғат “жаман” балаң бақ сынады,
Амандықты Аллаға тапсырады,
Ана тілдің ақысын сұраушымын,
Ендеше заман неге жатсынады?!
Жүргендер көп менімен қырғи қабақ,
Көсегені көгертпес ылғи мадақ.
Дүбірлі дүмпу сөзді тап баса алмай,
Дүрлігіп дүңкілдейді “дүмби қазақ”.
“Дүмби қазақ” әлі де арамызда,
Тіл білмейді,
Қайтеміз танамыз ба.
Кезек күткен келешек не дер екен,
Тілді білмес тікбақай баламызға.
Тілімді айтып өзімше нығызданам,
Ділімді айтып,
Жүректің мұңын шағам.
Өз тіліңде ерекше сайрап тұрсаң,
Берер едім тілімнің Туын саған.
Тіл болмаса дымың да жоқ екенін,
Әкімдердің алдында тіліп салам.
Сенбеймін,
Сене алмаймын кеудемсымақ,
Кеткенше бойдан қуат, жерден жырақ.
Тіл үшін арпалысып өтерміз біз,
Алладан әрқашан да медет сұрап.
Пессимистік сарын
Тілдің халі білуімше кәдіктеу,
Кімге керек өтірікпен әдіптеу.
Тілдің халі білуімше тоқырау,
Тіл білмейтін қызмет қылып отыр-ау
Басқа тілден Ана тілім ерекше,
Ерек тілге тілмаш болу керек пе?!
Тілім десем тілімденер жүрегім,
Тілім үшін, ділім үшін жүдедім.
Ана тілдің дамуы үшін далада,
Тайбурылдың шабысындай үдедім.
Тілге торуыл
Қашан, қашан Ана тілдің мәртебесі артады?
Сұрақпенен өтуде отыз жылғы әр таңым.
Тілдер емес, Тіл туралы нақты Заңың болмаса,
Мемлекеттік тіл бірегей қазақтікі болмаса,
Бәрі, бәрі далбаса.
Тіл білместер, дым білместер, жаһанданғыштар,
Тез тұтанып жанғыштар
Ана тілдің жүгін кейін тартады.
Қашан, қашан Ана тілдің мәртебесі артады?
Маған ұнамайды сегізінші баптың
Орыс тілі тең қолданылады деген жалтағы.
Бір - дара тіл,
Бір – дана тіл,
Ол – ана тіл.
Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі артады.
Әрине, орыс тілін білу де керек шығар,
Ол тіл де шыңға біткен ерек шынар.
Ағылшынның пайдасы ұшан теңіз,
Кәллә баста әрқашан бір зерек сұрақ тұрар.
Бұл тілдерден басым болу мүмкін бе?
Біте қоймас бұл проблема бір күнде де, мың күнде.
Қиын екен өз жеріңде басқа тілдің басым болуы,
Жиын екен тіл түйткілінің шешілуі, тасып толуы.
Ұйым екен, халық екен мәселені шешетін,
Десектағы Ана тілге жасалып тұр торуыл.
Шындық жайлы сыр
Шындық,шындық,
Кейде алда ілкі боласың,
Кейде сен айлакер түлкі боласың.
Шын айтамын деп жұртқа күлкі боласың,
Билікке жақпай түрпі боласың.
Іздеп жүрмін шындықты табамын ба?
Әзірге ілініп жүр қаламыма.
Көрінген алыстан бір сағымдайсың,
Жеткізбес жүрген сайын қадамыңа.
Шындық, шындық,
Төзбейтін алдауыңа,
Қара қылды қақ жарар жан бауырға.
Кейде сен торғай сынды топ етесің,
Жыланның түсіп қалған арбауына.
Шындық, шындық,
Өмір берер бағасын,
Қай межеден тұрақ шіркін табасың.
Кейде маған шырақ болып жанасың,
Енді бірде бұлақ болып ағасың.
Жалған менен шындық,
Таппас мәңгі жарасым.
Сала жүріп сарапқа,
Бір амалын табасың.
Бақыт жайлы жыр
Бақыт деген
Толқыған сезімде ме,
Әлде жардың жанарлы көзінде ме?
Төзімде ме өмірде шыңдалатын,
Әлде ананың аялы сөзінде ме?
Әлде бақыт шалқыған байлығың ба?
Молшылықтың жүзетін айдынында.
Қуанышқа кенеліп кейбір сәтте,
Қамығып та отырар қайғы мұң ба?
Бақытымды таптым мен бір кісіден,
Имандылық көрсетер үлгісімен
Адамдардың ақкөңіл ниетінен,
Адамдардың ақжарқын күлкісінен.
Бәлкім, бақыт
Кәдімгі өмір сүру,
Тіршіліктің түйткілін ауырсыну.
Бәйтеректей дауылға төтеп беріп,
Қарсы алу қайраттанып дәуір шуын.
Бақыт деген көгілдір ашық аспан,
Бақыт, бәлкім
Ақындар жазған дастан.
Бақыттымын деп сезінер асу асқан,
Бақыт,
Бауырсағында ананың шашу шашқан.
Мен оны аңғардым,
Адамның түр, түсінен.
Жарымның күлкісінен.
Бұлақтың сылдырынан,
Сәбидің былдырынан.
Екі жас үйленгенде,
Шыныаяқ шылдырынан.
Жаратылыстан мынау,
Қас қағымнан,
Бейбіт аспанымнан.
Сырлас дос
Көрісе алмай жүрміз-ау көптен бері,
Сыр шерткеніміз сылқым көктем бе еді?
Сағыныштың жамылып сар шапанын,
Келер күнді тосумен өткен өмір.
Өмір-өзен бір орында тұрмайды,
Әжеміздің ұршығындай зырлайды.
Арқаңа мініп алған жұмыс қамыт,
Бал күніңді, әр күніңді ұрлайды.
Солай досым, өтіп жатыр уақыт,
Жақын жандар кездескені құба құп.
Сосын деумен кейінгіге қалдырмай,
Ақын жандар кездескені нұр, бақыт.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.