Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуандық Шамахайұлы. Кішкентай адам...

15.01.2019 9300

Қуандық Шамахайұлы. Кішкентай адам

Қуандық Шамахайұлы. Кішкентай адам - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Ірі мекеменің қарауындағы бір шағын ғана орталықты басқаратын Кішкентай Адам үйіне барып түстенген соң жұмысына қарай жетіп алмақшы болып, автобусқа жайғасқаны сол еді, қалтасындағы телефоны безілдеп қоя берді. Хабарласып тұрған хатшысы болса керек. Орталық деген аты ғана болмаса, онда бар-жоғы екі-ақ адам бар. Бірі – өзі, екіншісі – компьютерде мәтін теретін бір жас қыз және қабырғасы бір есікпен ғана бөлінетін табыттай тар екі бөлме. Төр жағында өзі, есік аузында хатшысы жайғасқан. Соған қарамастан, аты дардай. «Ұлы дала мұраларын бүгіншілеп тану орталығы» деп аталады. Орталықтың басшысы Кішкентай Адам азаннан кешке дейін әлдебір сарғыш тартқан көнетоз қағаздардағы өшуге шақ қалған шимайларды оқып алады да, сұқ саусағына сүйел шыққанша ақ парақтарға көшіріп жазып отырғаны.

Ал, оның жорғалаған тышқанның ізіндей ұсақ әріппен көшірген қолжазбасын хатшы қыз шаңырақтай көзәйнегімен мұқият қарап отырып, ұзын тырнақты он саусағымен клавишті сықырлата түрткілеп, дамылсыз тысыр-тұсыр еткізіп компьютерде тереді. Сол маңдағы іштері пысқан біреулер болмаса, бұл орталыққа бас сұғатындар тым сирек. Сондықтан да, екеуі өз-өзімен ғана оңаша. Басы мен аяғы белгісіз бітпейтін шаруаларымен айналысып отыра береді. Өте бір ерекше жаңалық болмаса хатшы қыздың телефон соғуы екіталай.

Жалма-жан қалтасынан тілдей телефонды суырып алған Кішкентай Адам оның дисплейіне бір сәт үңіліп, хатшысының аты-жөнін көрген соң:

-Иә, қарағым не болып қалды? – деп, сұрады.

-Ана жолғы кітап шыққан екен. Жаңа ғана Дәу Бастықтың көмекшісі әкеліп тастап кетті. Оны үстеліңіздің үстіне қойдым. Мен шаштаразға жазылып қойып едім, хабарласып жатыр. Тез барып келе қояйыншы, екі сағатқа! Мақұл ма, аға? – деп, бір деммен зуылдатты да:

-Кілтіңізді алып па едіңіз, әлде, корпус күзетшісіне өз кілтімді қалдырайын ба? – деп, сауал тастады.

-Кілтім өзімде, бара бер!

Кішкентай Адам қатты қуанып кетті. Кеңсесіне тез жетуге асықты. Бірақ, ол қанша асыққанымен, қала маршрутының автобусы оның лепірген көңіл-күйін пысқырсын ба? Әр аялдама сайын бір тоқтап, түсетіндерді «төгіп», кезекті жолаушыларын асықпай тиеп, ырғалып-жырғалып өгіз аяңмен митыңдап келеді.

Жол-жөнекей бір аялдамаға келген автобус сол жерде біршама уақыт тапжылмай тұрып алды. Кішкентей Адам орнынан сәл көтеріліп, қысқа мойынын созып, терезе жаққа қарап еді, кондуктор жігіт пакет толы сусын, ішіп-жем бірдемесін алып, әудем жердегі дүкеннен шығып келе жатыр екен. «Е, қарындары ашқан ғой, тіскебасарларын алыпты. Қазір қозғалар» деп ойлаған Кішкентай Адам созған мойынын түсіріп, көтерілген құйрығын салп еткізіп, жұмсақ орындыққа қайтадан қоя салды.

Әлгі жүгірмек автобусқа келіп кіргенімен, шофер тіпті қоғамдық көлігіне от алдырған да жоқ. Кондуктор екеуі әлде бір әңгімені қыздырып әлі отыр. Айналасына қараса, жұрттың бәрі жайбырақат. Анандайтын жерде бір орыс кемпір шұлық тоқып отыр. Қасындағы шалы қолындағы газетке үңіліп, бас алмай бірдеме оқиды. Жастары елуді еңсерген екі қатын қарсы алдында жайланып отырып алып, үйіндегі келіндерін алма-кезек жамандайды. Артында отырған екі зейнеткердің бірі екіншісіне жас кезінде арақты қатты көтергенін, тіпті, мас болмағанын әңгімелесе, қасындағысы да есе бермей өзінің енді мас бола бергенде ұйықтап қала беретінін айтып, таңғалып қояды.

Жастардың бәрі дерлік ватцапта бастары қалғандай, дәл қасына барып бомба жарып жіберсең де былқ етер емес. Құлақтарын наушникпен бітеп алып, телефондарының түймелерін аш тауық тары шоқығандай шиқылдатып өз беттерімен әуіре. Айналасына қараса, өзінен басқа асығып-аптыққан ешкім көрінбейді. Тіпті, олар үшін астындағы автобус тоқтап тұр ма, жүріп бара ма, бәрібір секілді.

Ал, Кішкентай Адам табаны күректей тоғыз жыл бойы көз майын таусып, көнетоз жазбаларды оқып, одан түсінген бірдемелерін саусағы қайысқанша жазып, көшіретін жерін көшіріп, кейде қиялынан туған ойларымен де тұздықтап, ит әуіреге түсіп жүріп дайындаған табан ет, маңдай терінің жемісін көрмекке асығып отыр. Су жаңа мұқабамен, енді ғана жарыққа шыққан кітабын көргісі келіп өліп барады. Шіркін-ай, кітап мұқабасының бас жағында өз аты-жөніңнің алтын әріппен менмұндалап тұрғанын көрудің рақатын айтсаңшы! Оны әркім түсіне бермес. Автор ғана шынайы сезіне алады. Сол себептен ғой, көруге асығып-аптығып отырғаны.

Енді, мына жұрттың түрі жаман, автобусы түскір дәл осы араға қонып қалса да былқ етпейтін тәрізді.

-Әй, айналайындар-ау! Қозғалсаңдаршы енді, жұмыстан қалатын болдық қой – деп, Кішкентай Адам жіңішке даусымен шыңғырып қалды. Оны шыбын шаққан ғұрлы көрген автобус шофері мен кондуктор жоқ. Бұжыр бет шофер Қиыр шығыста әскери қызметтегі кезінде болған төбелесте кімді қалай ұрып сұлатқанын әңгімелеп тауса алмай отыр.

Асығып-аптыққан Кішкентай Адам жоғарыдағы сөзін тағы да қайталады. Сонда ғана таусылмыс жырын жуан ортасынан үзуге мәжбүр болған бұжыр бет:

-Ағасы время! Біз строгий графикпен жүреміз, енді бір пятиминут не терпите, пажалыста, түсіп такси ұстаңыз! – деді. Беті қандай бұжыр болса, тілі де сондай ала шұбар пәле екен.

Асыққанда бес минуттың өзі бес жылдан бетер баяу секілді көрінді. Дегбірі қашып зорға отыр. Ақыры, сарыла күткен бес минуты да өтіп, автобус та орнынан қозғалды-ау. Орталық көшемен тәп-тәуір жүйткіп келе жатқан автобус айналма жолға шыға бергенде, аяқ астынан тежегішін шиқылдата басып кілт тоқтады. Әлде бір ауыр зат гүрс еткендей болып, орындықтан ұшып кете жаздады. Сырты айнадай жылтыраған бір жеңіл көлік автобусты бүйірден соғып келіп тоқтапты. Автобустың бүйірі болмашы майысқаны болмаса, пәлендей қатты зақымдалмаған. Ал, жеңіл көлік «тұмсығын» оңбай бұзыпты. Екі жүргізуші «сен кінәлі, менде жазық жоқ», «бағдаршам бүйткенде, сен сөйтуің керек болатын» дегендей пәлен-пәштуандарымен өзара дауласа жөнелді. Жол қозғалысын уақытша шектеген патруль сақшысы барлық жолаушыларды түсіріп, келесі аялдамаға дейін жаяу жетуге нұсқау берді.

Кішкентай Адам келесі аялдамаға қарай құстай ұшуға ұмтылса да, ентігіп, кеудесі сырылдап адымын аша алмады. Бар дәрменімен адымдап келеді. Қасынан өтіп жатқан көлікте қисап жоқ. Үлкен-кіші, ұзын-қысқа, ақ-қара, қоңыр-көк дейсің бе, неше түрлісі бар. Кенет бірі сигналын «биып» еткізді. Бұрылып қарады. Даңғылдың ортаңғы жолағында еңселі қара жип тізгіндеп кетіп бара жатқан жерлесі Мұртты Қара екен. Қол бұлғап қояды. Бас изеген бола салды. «Осы немелер мұндай қымбат көлікті қандай табысымен сатып алады екен? Ауылдан көшіп келгені кеше ғана еді ғой. Менің бір жалақым келесі айға зорға жетеді. Ал, бұлар қымбат көлік мінеді. Қол бұлғап қояды, тағы. Керек еді, сенің сәлемің» деп Кішкентай Адам іштей бұлқан-талқан болып ашуланып қояды.

Тыпырлай басып аялдамаға келді де, орындығына жалп етіп отыра қалды. Ентігін баса алмай біраз демекті. Автобустың келуін жарты сағаттан астам күтіп, әрең дегенде ішке кірді. Ішінде жолаушы деген лық толы екен. Сығылысып жүріп, есік маңынан табан тірейтін аядай ғана тұрақ тапты. Жұмысқа дейін тағы үш аялдама бар. Әр аялдамаға тоқтаған сайын түсетін жолаушылардың қалың нөпірі Кішкентай Адамды әй-шәйға қаратпай дедектетіп сыртқа алып түседі де, кіретін адамдардың тобы екі аяғын жерге тигізбестен, жан-жағынан қысып, ішке алып кіреді. Осындай үрдіс үш мәрте қайталанған соң ол тырмысып жүріп, түсетін аялдамасына зорға дегенде табандап тұрып, қалып үлгерді. Сәл шегініп тыпырламаса, әлгі алып нөпір оны соңғы аялдамаға дейін алып кетіп, қаңғытып жіберетін түрлері бар.

Кішкентай Адам алып мекеменің зәулім ғимаратына қарай томпаңдай жөнелді. Құстай ұшатын, қолды-аяққа тоқтамай зыр жүгіретін дәурен қайда, жасы алпыстың бел ортасынан асқанда тізе деген неме сыр беріп, алға басқан қадамыңды кері тарта береді екен. Тыпыршығындай өнбес жүрісімен кіреберіске келгенде маңдайы тершіп кеткен соң қалпағын шешіп қолына алды.

Лифтінің қасына жете сала түймесін жалма-жан басып-басып қалды. Қызыл шам жанбады. Ызаланып кетіп, бас-көз жоқ төмпештеп, басып жатыр еді, дәлізден өтіп бара жатқан бір жас жігіт:

-Ағасы, лифт істемейді – деді.

-Ой, әкесінің аузын...

Ол сатының жақтауларынан ұстап, баспалдақпен жоғарыға ентіге көтерілді. Жас кезінде желген аттай жүгіре басып шығып кетуші еді. Қайран дәурен-ай! Сатыдан төмен түскенде аяғын бастырмайтын тізесі жоғарыға шыққанда аса қатты ауырмайтын секілді. Бұған да шүкір! Тұқшыңдап жүріп, сегізінші қабатқа шыққан соң бір мәрте «уыһ!» деп, терең дем алды.

Ұзын дәлізді бойлап, түкпірдегі кабинетіне де жетті. Кітапты көремін дегенді ойлағанда көңілі шаттыққа бөленіп, жүрегі дүрсілдеп кетті. Кілтін алмаққа қалтасына қол салды. Жоқ! «Қайда?» деп, сырттай сыбыр еткені болмаса, ішкі жан дүниесін жаңғарта айғайлағандай еді. Қолындағы портфелін ақтарды. Барлық қалталарын түгел тінтіп шықты. Ұшты-күйлі жоқ. Түстен бұрын ғана қалтасында болып еді ғой. Жер жұтты ма, сайтан алды ма, қайда кетті? Әбден зығырданы қайнады. Әлгінде хатшы қызға кілтті астында қалдыра сал деуі керек еді. Енді кеш. Ол қалдырған күннің өзінде лифт істемейді. Төменге түсу, қайта шығу. Әсіресе, сатыдан құлдағанда тізесі шаншып, миына дейін жетеді. Ол да қиямет қайым. Қой, хатшы қызға тез жет дейін. Телефонын алып, қоспақ болғанда өз көзіне өзі сенбеді. Бағанадан бері іздеген кілті қолында тұр. Қуанып та кетті, бірақ, өзін оңдырмай балағаттап та жіберді.

Күйініштен бе, қуаныштан ба, белгісіз екі қолы қалш-қалш етеді. Дірілдеген қолымен құлыптың тесігін таппай біраз ауытқыды да, кілтті сұғып, оқыс бұрып қалғаны сол еді, «бырт» еткен дыбыс шықты. О, тоба! Кілтінің дөңгеленген бөлігі ғана қолында тұр. Екі рет бұрағанда ашылатын есік міз бақтай мелшиіп тұр. Кілт құлыптың ішінде, бір-ақ рет бұралыпты та морт сынып кетіпті. Тұтқаны төмен басып тұрып есікті бар күшімен тартты, ашылмады.

Портфелін бұрышқа қоя салып, екі қолымен санын соқты. «Әй, атаңа нәлет-ай, енді, қайттым!». Болмаған соң көрші кабинеттегі жігіттерден барып барып көмек сұрады. Олар алма-кезек келіп, түрлі әрекет жасап көрді. Қағаз қыстыратын темірлер арқылы кілттің сынығын шығармақ болып жатқан біріне, енкіншісі:

-Мұндай нәзік темірмен оны шығара алмайсың. Ана жолы біздің көрші пәтердің кілті дәл осылай сынып қалғанда сантехник жігіт тістеуікпен суырып алып шықты – деп еді, тағы бірі:

-Мұндай құлыптардың кілті бір бұралған кезінде суырылмайды. Екі рет бұралып есік ашылғанда ғана алынады – деді. Сөзінің жаны бар, әдетте солай екенін Кішкентай Адам әп-сәтте есіне түсірді. Жиналғандар кілттің құлып ішінде сынып қалуы сөзсіз тығырыққа тірелу екендігіне пәтуаласты. Бәрі енді мұндай тығырықтан қалай шығудың жолдарын талқылап кетті. Кішкентай Адамның төзімі таусылуға таяу тұр.

-Тістеуік табылса, оны тағы бір бұрап жіберіп суыра салудың еш қиындығы жоқ қой – деді, көзәйнек таққан көрші бөлімнің бастығы.

Олардың осылай мәжіліс құрып босқа тұрғандарын үнсіз бақылап, еден жуып жүрген әйел тіл қатты:

-Комендантқа телефон соғып плотник шақыра салмайсыздар ма?

-О, бәрекелді! Табылған ақыл! – деді де, бір жігіт кабинетіне қарай жүгіре жөнелді...

Кішкентай Адам плотникті тағатсыздана күтті. Әне келеді, міне келедімен де бір сағаттай уақыт өтіп кетті. Ұзын дәліздің арғы шетінде көк комбинизон киген сары жігіттің қарасы көрінгенде Кішкентай Адам әкесі тіріліп келгендей-ақ қуанып кетті.

-Дібер срошына әткірит нада, ыработа многа – деп, әлгі жігітке жата жабысып, жалына бастады.

Көк комбинизон киген жігіт өз ісінің шебері екен. Әне-міне дегенше есікті ашып, ішіндегі сынған кілтті шығарып бәрін қалпына келтіре қойды.

Дәрет қысқан адамша тыпырши шиырығып зорға тұрған Кішкентай Адам кабинетіне зып етіп кіріп, қос жанары шоқтай жанып, екі беті алаулап, үстелінің үстінде жатқан көк мұқабалы қалыңдығы кірпіштей, көлемі табақтай кітапқа қарай қол соза ұмтылды. Көкірегінде жеңіс маршы ойнап, қуанышы қойнына сыймай әлгі кітапты барынша салтанатты түрде күлімсіреп қолына алды. Алайда, маздап жанып тұрған қуанышының оты су сепкендей лезде өшіп, көкірегіндегі әлгіндегі асқақ әуен кілт тоқтады да, қоңыр қобыздың мұңлы сарынына ауысқандай болды.

Мұқабаның сыртында да, ішкі беттерінде де Кішкентай Адамның аты-жөні жоқ. Бір ғана Дәу Бастығының есім-сойы баттиып, көзін жұмса да, ашса да арбиып шыға келеді.

-Оңбаған ит неме! – деп, тістене сыбырлағанымен, кабинетте ешкім болмаса да жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, сөзінен бе, әлде, ойынан ба, өзі үрейленіп кетті. Сөйтті де сабасына түсіп, адамның ішкі ойын ешкімнің оқи алмайтынын саналы түрде есіне алды. Есіне алды да, терең ойға ерік берді.

Дәу Бастықпен ойша арпалысқа түсті. Сыбағасын беруге кірісті:

-Әй, қақпас кәрі ит! Адал еңбегімді тапа талтүсте барымталап, кітабымнан аты-жөнімді алып тастаудан қалай ұялмайсың? Тым құрығанда әдеттегідей «соавтор» бола салмадың ба?

-Оһо, мына сілімтіктің сөзін қара! Кімнің арқасында орталық басқарып, қатын, бала-шағаңды қалай асырап отырсың? Кет, жұмыстан! Орталықты жабамын да тастаймын.

-Кетсем кетемін. Зейнетақыммен де күн көремін, не бопты...

-А, солай ма? Жай кете салмайсың. Басыңдағы төрт бөлмелі үйді менің әпергенімді ұмытпағайсың! Құжаттарының бәрі менің атымда. Давай, үйді босат та көшеге шығып, отбасыңмен тентірей бер!

-Сотқа жүгініп, авторлық ақымды даулаймын!

-Бара ғой. Күйеубалам бір ғана телефон соға салады. Барлық соттың да, органдардың да бір де біреуіне сенің арызың өтпейді. Тіпті, арызың өткен күннің өзінде ол жерде ештеңені дәлелдей алмайсың. Сен кімсің, мен кіммін, мәселе қайда жатыр...

-Онда, баспасөзге мақала жазып, жариялатамын. Телевизия, радиоларға сұхбат беріп бәрін айтамын. Ит теріңді басыңа қаптаймын.

-Ха-ха-ха! Сен өзі қай елдің баспасөзін айтып тұрсың? Осы елдің ақпарат құралының кез-келгеніне барып мен туралы бірдеме айтып көрші! Мейлі, ана бір оппозициялық газетке бар. Қай жерден шығар екенсің...

-Барлық жиналыстарда осы шындықты айтып, жұртқа жая беремін!

-Айта ғой, сенетін адам табылса.

-Біреу болмаса, біреу сенеді. Жұрт түсінеді.

-Сол күні жындыхана төсегіне таңыласың!

Кішкентай Адам ары қарай бірдемлер ойлауға да жүрексініп, қиял түкпіріндегі диалогін кілт үзді. Орнынан тұрды да, үстелін екі қолымен тоқпақтай жөнелді. Көрші кабинеттегілер жүгірісіп келді де:

-Ағасы, бәрі дұрыс па? – десті.

-Үстел қисайып кетіпті, жөндеп жатырмын – деп еді, олар шығып кетті.

Сілейіп біраз тұрған Кішкентай Адам аяқ астынан сылқ етіп орындығына отыра қалды. Сол күйі еш қимылсыз мөлиіп үнсіз қалды.

Іле-шала кабинетке енген хатшы қыз оның бұл отырысын көре сала бірнеше рет дауыстап шақырып еді, жауап қатпады. Қатты абыржыған хатшы қыз дереу жедел жәрдем шақырып, дәлізге шығып, «ағайға бірдеме болды!» деп жар салды. Сол маңдағы қызметкерлер түгел жиналып қалған еді. Топты қақ жарып, ішке енген дәрігер мен медбике асығыс-үсігіс әлде бір екпе екті де:

-Инсульт! – деп қысқа ғана қайырды.

Екі жігіт Кішкентай Адамды апыл-ғұпыл зембілге салды да, тысқа қарай жүгіре басып, ала жөнелді...

2019.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар