Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуатбек Жәкей. Жалғыздық құдайға да ауыр...

03.05.2020 5841

Қуатбек Жәкей. Жалғыздық құдайға да ауыр 12+

Қуатбек Жәкей. Жалғыздық құдайға да ауыр - adebiportal.kz

Быт-шыт

Қалыңдығым. Телефонда:

– Қайырлы таң!

– Таң қайырсыз бола ма?

– Не боп қалды, сөйлейтіндей далаға?

– Жәй, әншейін.

– Жәй, әншейін ғана ма?

– Бәлкім. Қоя бермегенің көп сұрақ,

Болар еді жақсырақ.

– Өзің білші, қызық болып жүрсің сен.

– …(жауабымды түсінер ме, күрсінсем?)

Демек, онда

Дұрыс болар темекі алған…

"Өлі туу", "Қатерлі ісік", "Азапты өлім"…

Ат қоюға шебер екен Қазақ, тегі?..

– "Өлі туу".

– Өлейін деп жүрсің бе?

– …(жауап па енді, осы жерде күрсінген?)

Алтыбақан. Құстар үні

Ұзын түтін, қысқа тұқыл…

Түтін сіңіп кетті ауаға,

Кетті-ау, аға, жан қиналып,

Жетпегенге құсқа тілім.

Кетті-ау, інім, жан қиналып,

Маған айтшы бар болса егер әлди әнің…

Түтін сіңіп, ғайып болды.

Мен өмірге сіңе алмағам, сіңе алмаймын,

Сіңісуді жүргеніммен лайық көріп.

Қалың мұңым. Телефонда.

– Жаным! бүгін кездесейік.

– Бос емеспін.

(қалғаның-ай есеймейтін кезде есейіп…)

Шоқсыз тұқыл. Жоқсың түтін.

Жоғала алмай мен отырмын,

Қышқыл күтіп…

Мәнсіз өлең

Шексем шектім темекіні, не бопты?

Қаламнан қалса осыны ғана қыса алатыным себепті…

Жыласам жыладым ылжыраған мидың былжыраған ойынан,

Күлсем күлдім тісімнің

темекіден басқаны тістеуге дәрменсіз жайынан…

Ал сен болсаң,

Жабысқаны жетпегендей адамзаттың жалғанға,

Махаббатты жырла дейсің, жырла дейсің сүюді,

Сенім таппай жүрген жанға қиын бұл.

Әнтек, мені қызықтыра бергені-ай,

Киім киген құмарлыққа ұюың…

Ақындар да майталман-ақ билеуге,

Сосын жұртты улауға,

Тән-Құдайды ұмыттырғанға…

Сезесің бе, достым?

Ар-ұяттың ілімі де бола алмайды жарығың,

Өйткені ол да ұстаным,

Өзінше кең, тар ұғым…

Көрмедің бе аш адамға жан кіргенін тамақпен?..

Ұмыттың ба рухтанған сәттеріңді шараппен?..

Тозағымен қорқытқаны қызық енді діннің де,

Айтшы, сонда… біз жұмақта жүрміз бе?..

Құдай егер сақтар болса сақтансаң,

Өзіңе итеріп қойып, жатқан сал…

Діншілдердің жүргені де орынды-ау,

Құдайына құлшылықпен қармақ сап…

Аһ!…

Жылаған шығармын ойдағы көзім

Сиықсыздықты көргесін…

Сендерге деген ең ізгі сөзім –

Көкіректегі ұйқың өлмесін…

Үһ!…

Тәнге табыну

Жан деген тәндегі жарасым.

Аласапыран ой мен күй – рух.

Жын дегенді де тықпаламаңдар тілсімге,

Жын дегенің де асау қандағы қара су,

Ырық бермейтін, үйіріп.

Сенгенмін мен де ел сенген күшке,

Бекер!

Қанша Құдайың, киең болса да,

Өмір сүресің кемсеңдеп, күштеп,

Жетер!

Оууу!

Арқасы әлей, дүлейім!

Шақыршы барыңды,

Ет пен сүйектен жаралған арқаңды күдірейтші,

Күлейін…

Сен-ақ бүркітсің, арқар, бөрісің,

Терісіне симаған перісің.

Мендегі жын – қас долы, таза дүр.

Мендегі жын – ит жыны.

Әр жұмыр баста үстемдік құрған күйт, ырыл…

Ол – сенуге татитын серік, сенім,

Бұлжымас.

Адам атамен де құрбылас…

Есен бол! сенім патшалығындағы "Ұлылар"…

Тәнім – бір тамшы су емес,

Жаратушының тері, бүтін зейіні.

Бірден-бір хикметті құбылам.

Қарғысқа ұрынған

Жан-ұям жатыр тас-керең тамның ішінде,

Оның ішінде өзім жатырмын,

Көзге көрінбес пішінде...

Тамдағы есік қағылар бір күн, сене біл.

Жандағы есік қағылмас, бірақ, төз, ерім!

Қағылмаса, онда қағусыз қалсын қара есік...

Өзім де білем қағылмайтынын.

Бар есім.

Өзім де білем бұзылатынын тыныштық,

Қағылса… ұшып зәресі...

Недеген қорлық,

Тыныштық тырнап мұңыңды,

Шуыл сорады ніліңді.

Болмайды маған көрге кіруге,

Болмайды тағы тірі жүруге...

Жын-істік жеміс – жынды басыма,

Періштелік ой тұр ма ұнасып, а?!

Құдай барына сене алмаймын,

Жоқ деп ойласам және оңбаймын...

Жаратылысыма үңіле түсіп,

Мәнсіздік көріп, у болды ішім.

Ғылыммен ғана жасалған бәрі,

Жоқ махаббаты.

Бос – армандарым...

Мән іздеу қалды,

Алданыш іздеу – талғамым.

Ең ауыр азап – оқу соққаны,

Артын ашқаның...

Ең кереметі – алдану...

Өтініш

Күрделі ойдың кеңістігінде,

Француз, Парсы, Неміс… тілінде,

Тіпті, өз тіліммен де сөйлей алмадым...

Ойбой! дәрменім,

Ойхой! арманым.

Жан дүниенің құбылыстары,

Бәрінің аты өз аты емес,

Өз аты, тіпті, болмаған...

Біз қойдық " Қайсар, ақкөңіл,

Т.Б.

Оңбаған..."

Сосын да кейде "Шүлдір"

Не "Мылқау" боласың,

Тіл жетпей емес, сөз жетпей...

Іздейміз ылғи уақыты өткен,

Жарамсыз сөздің моласын...

Ескімен болып, жаңаға бармай,

Ойымыз іште өлмек пе, ей?!

"Кітап-бас" білімділерім,

Сөз керек бізге,

Сөз! сөз! сөз!

Аты жоқтарға ат қойыңдаршы,

Құтқарыңдаршы,

Тез! тез! тез!

Кезу

Кей-кейде ояна қалғандай боласың,

"Пәлекет" ойларға шырмалып...

Қиялың – қиянат, санаң да сұрланып,

Сырлы һәм мұңайған әлемді кезесің.

Тып-тыныш һәм ұлар-шу,

Ащылығын біле тұра құмарту.

Достық, тірлік, махаббаттан

Бір жолата безесің.

Мағынасыз барлығы,

Жүрегің мен мыйыңды

Азаптайды бұл әлемнің тарлығы.

Құрыш тән де шыдамастай ойыңа,

Ұстағандай жаратқанның балағын.

Бүкіл денең төмен тартып,

Тек жоғары тесіледі жанарың...

Адастым ба?

Адасқан да шығармын.

Мейлі, көрем, көнем, өкінбен,

Тек Тәңірім қақпаса екен бітімнен.

Маған да алда кезігеді-ау бала-таң,

Ал адасу жол жүргенге ғана тән...

Ой болымысы

Ғайыптан ой келді жүрегі дүрсілдеп,

Сөз болды тамыры тырсиған…

Менің де тіршілік екенімді білсін деп,

Сөз – қаңқасына рухпен күй сыйлап…

Ой сондай сәулелі құбылыс,

Сәулешіл басқа іңкәр леп.

Үні – түс (аңғартқыш), ділі – қүс…

Жаныңмен қатар сыйдыра алмайсың бір тәнге,

Немесе оған енгізе де алмайсың бұрылыс.

Ой сондай…

Біздегі ой – ниеттің құлы мен уәзірі,

Жүйеге телмірген барыстың азығы…

Сөзсіз мәлім дүниеге сүйенуі –

Бірден бір жазығы...

Аңырма, оқырман!

Мен емес адамзат жүйесін жалмаған,

Сен сенген Құдайда сүйеніш болмаған…

Ой сондай – ұлы дерт,

Оо…

Құдірет!

Сор

Іздемеу қолыңнан келе ме, іздемпаз ақылым?

Әлі іздеп жүрсің бе,

Кім екен жақыны?

Қызықсың, биіктен іздейсің баршаны,

Төменде тұрған жүректі таппай шаршадың…

Өсімдік тамырымен тұтасқасын көтеріледі биікке…

Ақыл жүрекке тұтаспағасын күйікте…

Іздеуден басқа білерің бар ма бейшарам?…

Жетпей ме саған жүрек сөйлетер жәй шарап?…

Іздемпаздығың қасиет емес бір Құдайменен қауышар,

Білемін сені, қауышқанмен де Құдай іздейсің, тоғышар…

Жалғыздық құдайға да ауыр

Кітаптарды кеміресің неғұрлым,

Ақырында ол өзіңді кемірді.

Заңдылық қой, бәрінің бар бодауы,

Бола берсін, бола берсін,

Болады.

Өлі әріппен тірі сөздер "Қанды ішіп",

Тоқтамайсың әкетсе де жанды үсік.

Тентірейсің ілім іздеп баянды,

Таба алмайсың бақаны да, шаянды.

Бір бөлмеде жалғыз күліп кетесің,

Төмен түсіп екі езу…

"Жылағанды сұрамайды" әсілі,

Бұл жолы-ше, асылым?..

Ішкің келмей тұрғанымен дәмінен,

Мастығыңды ұнатасың қарамайтын әліне.

Кітаптарды қарғауға да беріліп,

Елесіңнен тышқандар кеп кеміріп.

Оларға да қызығасың ішіңнен…

Кенет, шошып оянғандай түсіңнен,

Кітаптардан бір-аз алып, құшақтап,

Құбылаға қарсы үш аттап…

"Құдай бар" деп сыбырлайсың,

"Дін – боқ" дейсің, шының қайсы?…

"Ол бәрінен ада болған,

Әйтпегенде бола ма Алла? "…

Жалғыздықтан қашқандығын Құдайдың да,

Сезіп жүріп, соған өзің шыдайсың ба?…

Ол қашпаса жарата ма жұптастырып?…

Сен қашпасаң өлең болып шықпас мұңың.

Ауып кеттің сөйлеуге де тұспалменен,

Ақиқатың ол өзіңнің, түсінбейді ешқандай ел.

Кезе-кезе ғылым болды ұстанымың,

Ой айтуға құлықсыз боп қысқа тілің…

Ауыр-ауыр ой ойлайсың,

Жеңіл-жеңіл сөз аңдайсың…

Бір бөлмеде өзің жалғыз отырасың,

Көз жасыңмен емделесің,

Ой насыңмен құтырасың…

Жалғыз күліп кетесің,

Төмен түсіп екі езу…

Хал

Езуі сіресіп қалған,

Оған күлкі емес,

Жылау да арман…

Айғайлау керек шығар,

Оған да керек шыдам…

Ойы суықтау, салқындау қаны,

Мұңлылау тағы әр тыңдар әні.

Сол тыныштығы – күз жапырағы,

Ол жапырағы үн шақыратын…

Әр түні қалар мұңы ұлғайып,

Ұйқы – азаттық,

Ояну – күрес,

Тынығу – ғайып…

Батыра алмай жүрсе де қызыққа белін,

Өз басы қызықтау еді.

Мезгілсіз кезде ойға уланып,

Өлеңді аздап қойғаны да анық…

Ол енді қайтты

Жұмақ жолынан,

Ол жерде ақын болмасын айтты…

мұң!

мұң!

мұң – оған керегі,

Мұңсыз мекенге неге кіреді?..

Сезеді барлығы тозақта барлығын,

Салыстырмалы қуаныш та табыларлығын…

Ол тіпті шығарғысы келеді,

Буддадан басқасы қамап алғанын да білмеген,

Құдайды да түрмеден…

Және ол жүректілікті меңгерген,

Өзін Құдаймен,

Құдайды өзімен тең көрген.

Құдай ада еді…

Ол таза еді…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар