Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Құлбек Ергөбек: Елдiң елдiгiн сақтайтын - зиялы қа...

24.02.2016 4035

Құлбек Ергөбек: Елдiң елдiгiн сақтайтын - зиялы қауым

Құлбек Ергөбек: Елдiң елдiгiн сақтайтын - зиялы қауым - adebiportal.kz


Құлбек Ергөбек.jpg

Құлбек Ергөбек

филология ғылымдарының докторы, әдебиет сыншысы:



- Әдебиет сыны көркем әдебиеттегi әр жаңалықты, оның жүрек қағысын, тамырдағы бiлiнер-бiлiнбес қан ағымын дер кезiнде байқап сәтiнде бағалап, оқырман қауымға дұрыс бағыт көрсетiп отыруға тиiс. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi әдебиет сыны ол мiндеттi орындай алмай отырған секiлдi... Мәселенки, сiзге келейiк, сiз сын жазбағалы қай заман?! Сонда да өзiңiздi сыншымын деп есептейсiз бе? Сiздi бүгiнгi оқырман сыншы ретiнде қабылдай ала ма?

- Сұрағың өте орынды. Сұрақ тұщы болуы мүмкiн, ащы болуы мүмкiн, егер сұрақ ақиқат болса бiз жауап iздеуiмiз керек. Сын деген не? Сын деген өнер, әдеби көркем туынды пайда болған жерде сын бiрге туады. Өйткенi, көркем өнердi жасау үшiн адамға талғам керек. Соны қалыптастыратын - сын. Кейде өзiме-өзiм сұрақ қоямын, «сын бұрын туған ба, өнер бұрын туған ба» деп. Бұған кейде жауап табасың, кейде таппайсың. Алғаш адам қалай туды, өнерге қалай құмартты, өнердi адамның жан дүниесi сұлулық ретiнде қалай сезiндi, осыны пайымдасаң, өнер туған жерде сын туғанына күмән болмайды. Мүмкiн сын, сыншылық ой өнерден де бұрын туған шығар?.. Белинскийдiң бiр сөзi болатын: «Сын - көркем өнердiң анасы» деген. Ол кiсiнiң айтып отырғаны - сыни эстетикалық талғам жоқ жерде, көркем өнер де болмайды дегенi. Көркем өнердi жасаушы тұлғалар суретшi ме, жазушы ма, мүсiншi ме, соның талғамын қалыптастыратын сын деп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, сынның өрiстеп жақсы дамыған тұсы XIX ғасырда орыс әдебиетiнде болды. Орыс әдебиетiнде бұл - алтын ғасыр. Ендi әрiден Пушкин дәстүрiн берi қарай алып келсек, Пушкин - халықтың ұлы ақыны, данышпан ақыны. Сол кезеңде Гоголь, Тургенев, Достоевский, Толстой, одан сәл бергiдегi Шитков, Лесков. XX ғасыр басында - Бунин, Куприн, поэзияда Блок, Есенин. Бұлар - ғажайып көркем өнер туындыларын берген адамдар. Орыс әдебиетi кейiн өзiнiң осы биiгiне жете алмай қалды. XIX ғасырдағы орыс жазушылары бүкiләлемдiк проблемаларды көтердi. Бiр ұлттың тағдыры арқылы бүкiл адамзатқа гуманистiк идеялар ұсынды. Бұларда бөле-жару деген болған жоқ. XX ғасырда орыс әдебиетiнде, қалайық-қаламайық, орыстық томаға-тұйықтық басым болды. Ұлттық характердi бiрiншi орынға шығарамыз деп жүрiп, орыстың ғана проблемасын көтердi. Ол үшiн кiнәлауға да болмайды. Өйткенi, орыс халқы қабылдамаған жазушы, құдай бiледi, ол орыс жазушысы ретiнде тарихта қала ма, қалмай ма. Мiне, осындай әдебиеттен әдеби сын туды, өрiстедi, сын әдебиеттi туғызды. Әр жанрдың өз талабы бар, өзiнiң шыққан биiгi бар. Әр жанрға бейiм талант болу керек. Белинский өлең жаза алмаған болуы керек, есесiне сындағы ақын едi. Чернышевский - философиялық сынның негiзiн салушы.

XX ғасырда тұтас әдеби процесс, өнердiң сан саласы дамыды. Әсiресе қазақ әдебиетi үшiн. XIX ғасыр орыс әдебиетiнде алтын ғасыр болатын болса, қазақ үшiн нағыз алтын ғасырды жасаған әдебиет - XX ғасыр әдебиетi. Жұрт не десе о десiн, кеңестiк идеологияның құлы болған әдебиет, соған қызмет еткен жалдамалы әдебиет дейдi. Жиырмасыншы жылдардан бастап, сексенiншi, тоқсаныншы жылдарға дейiн барлық классикалық дүниелер өмiрге келдi. Ұлы Әуезовтен бастап, Ахмет Байтұрсынов, Жүсiпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Мiржақып Дулатов - бұлар бұрын болмағанды болдырды. Жаңа жанрлық үлгiлер туды. Олар қазақ публицистикасын бұрын-соңды жетпеген биiкке көтердi. Жиырмасыншы жылдардағы әдебиет жайында айтарым осы. Ал отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетi кiшкене адасты. Мынау социалистiк жолға түсуiмiз керек пе, социалистiк реализм жазуымыз керек пе, болмаса Ахаңдар нұсқаған бағытпен жүруiмiз керек пе деген сұрақ туды. Онда да сыншылдық ойлар, идеологиялық майдан құрды. Бұның қай-қайсысында да қазақ әдебиетi төменшiктеп, халық ақындары поэзиясының дәрежесiне түсiп кеткендер болған. Ал елуiншi жылдардан бастап, әсiресе мынау жылымық деген кезеңде, Сталин қайтыс болып, Хрущев өкiмет басына келген алпысыншы жылдары өнерге жаңа тыныс берiлдi. Суреткерге жаңа бағыт-бағдар сiлтендi. Ең бастысы, еркiндiк берiлдi. Осы құбылыс Олжасты, Қадырды, Тұманбайды, Сайынды, Қалиханды алып келдi. Олар бiздiң әдебиетiмiздегi ғажайып жазушылар.


- XX ғасырдағы көркем өнер, оның iшiнде сөз өнерi осынша дамыпты. Ал бiздiң сынымыз қай дәрежеде?

- Жазушылар қай уақытта да сынды күстаналайды. Сын болған жоқ XX ғасырда, болса да көркем өнердiң, соның iшiнде сөз өнерiнiң даму процесiне iлесе алмады деп қарайды. Бұл, менiң ойымша, қате. Тiптi Қабдеш Жұмадiлов бiр сөзiнде айтыпты: «Мұхтар Әуезов келдi өмiрге, сол сынның жемiсi деп қараймыз ба? Әуезовпен деңгейлесетiн сыншы болды ма?» дейдi. Мен айтар едiм, әр жанрдың талабы басқа. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, Мұхаң - ұлы құбылыс. Ол бiр қазақ әдебиетiнiң өзiнiң топырағында ғана туған, сол топырақтан ғана қайнап шыққан құбылыс емес, бұл - әлемдiк әдебиеттiң керемет синкреттi қоспасынан туындаған ұлы тұлға. Соған қарамастан, сыншылар ұлы Мұхаңның да қолжазбасын оқып, ұдайы қамшылап, демеп отырған. Мұхаң санасқан сыншылар деп Кенжебаевты, Смайыловты, арагiдiк Жұмалиевтi, Нұртазиндi айтар едiм. Қазақ әдеби сынын жерге ұра беретiн ештеңе болған жоқ. Қазақ әдеби сыны қай уақытта да өзiнiң уақытына, өзiнiң уақытындағы әдебиетке жауап бере бiлдi. Отыз жетiншi жыл мен елу жетiншi жылдың арасында қазақ әдебиеттану ғылымына, ұлттық тарихымызға, тарихшы ғалымдарымызға қайта-қайта шабуыл жасалған. Олардың бiр сәт белiн шешiп, үстелдiң үстiнде еркiн ойлап, еркiн шығарма жазған кездерi сирек. Әдебиеттану ғылымы, оның iшiнде сын бiр саты төмендеп қалды. Ендi отызыншы жылдардан бастап қуғын-сүргiн көрген адамдар Кенжебаев, Жұмалиев, Смайылов, Әуезовтер партиядан шығарылған. Ол кезде партиядан шығарылу деген сөз - ендi абақтыға қамалуы ғана қалды деген сөз. Смайылов пен Жұмалиев жиырма жылға сотталып келген. Осының бәрi олардың шын мәнiнде сын жанрын еркiн өрiстетуiне, өзiнiң шығармашылық мүмкiндiгiнiң жан-жақты ашуына мүмкiндiк бермеген. Менiң бiр қайран қалатыным, партиядан өшiрiледi, жұмыстан қуылады, жиырма жылдап сотталады, газет-журнал бетiнде бұларды әшкерелемейтiн адам қалмайды. Кәдiмгi қарабет қып күйенi жағады. Соған қарамастан бұл кiсiлер қазақ әдебиетi тарихымен айналысады. Не деген қыранжүректiк, не деген қайсарлық!


- Сын белгiлi бiр шығарманы алып сiлкiлей сынай беру емес қой...

- Дұрыс айтасыз, сын - эстетикалық ойдың қозғалысы, қалыптасуы. Сыни эстетикалық ойдың тармақталып жүруi - әдебиет тарихымен де, әдебиет теориясымен де байланыса жатқан нәрсе. Әдебиет тарихына олар ұмтылған сайын, әдеби сын да желкесi күжiрейiп қуаттана түсiп отыр. Шын мәнiнде көркем өнер туған уақытта сын да туады. Көркем өнер сынның тууына ықпал етсе, сын көркем өнердiң тууына ықпал етедi. Сын көркем әдебиетте iрi тұлғалар пайда болған сәттерi сында да iрi тұлғалар пайда болады. Бұлар бiр-бiрiне ықпал етпей тұрмайды. Мысалы, қырғыз әдебиетiнде Айтматовтың дүрiлдеп шыққан кездерi бар. Ұлт әдебиетiнде осындай тұлғаның шығуы, бiр қырғыз үшiн ғана емес, түрiк халықтары үшiн, КСРО әдебиетi үшiн үлкен мақтаныш болған. Бiрақ ендi қарап отырсаңыз, қырғыз әдебиетiнде Шыңғыс Айтматовқа iлесiп шыға алған сыншы болмады деген пiкiр туындайды. Мен бұл пiкiрге де қосылмаймын. Әрине, ол - Мұхаңа қарағанда ұлттық топырақтан бөлектеу суреткер. Басында ұлттық топырақта нәзiк лирикамен бастаған, кейiн адамзаттық проблемаларға кетiп қалды. Бұл жолда Айтматовтың ұтқаны да көп, ұтылғаны да көп. Негiзi Айтматов сияқты жазушылар кезiндегi КСРО-ның ықпалымен, идеологияның ықпалымен, сосын кейiн халықаралық ықпалдастықтың әсерiне түсiп кеттi де, көркем прозадағы суреткерлiктен гөрi ой суреткерлiгiне, ой қайраткерлiгiне публицист жазушыға айналыңқырап кеттi. Сол себептi егер Айтматовтың кейiнгi шығармаларын қырғыз қабылдамай жатса, қазақ та аса дұрыс қарай қоймаса, адамзаттық проблемаларды көтерiп отырып, ұлттық характер проблемасын жоғалтып алған кездер бар.


- Сiз қалай сыншы болдыңыз?

- Буын-буынға қарай айтатын болсақ, мәселен мен - Бейсенбай Кенжебаевқа бала, Мұхамеджан Қаратаевқа шәкiрт болған адаммын. Олардан кейiнгi бiр буын Серiк Қирабаев, Тұрсынбек Кәкiшев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердiбайлар болған болса, мен бұларға iнi болдым. Одан берi қарай келетiн болсақ, бiздiң алдымызда алпысыншы жылдары әдебиетке жақсы сыншылар келдi. Қоғамдық өмiрдегi жылымық әдебиет пен өнерге жеткенде сынға да шуағы тидi. Мысалы, Зейнолла Серiкқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Қалжан Нұрмаханов, Әбiш Кекiлбаев, Асқар Сүлейменовтердiң өзi алдымен сын жанрына келген. Сөйтiп барып көркем прозаға қадам жасады. Мұндай әдеби процестер де бола бередi. Әбiш, Төлеген, Асқар, Зейнолла, сәл кейiнiрек Сағат Әшiмбаев, Бақыт Сарбалаұлы секiлдi сыншыларды да өзiме ұстаз тұтам. Алды менен бiр қырық-елу жас үлкен шығар, аяғы төрт-бес жас үлкен. Мен осыларды оқып өстiм. Әрине, қазақ әдеби сынын ғана оқып өскенiм жоқ, шамам келгенше дүниежүзiндегi философиялық ағындарды бақылап отырдым. Ол кездерде бiз одақтас республикалардың басылымдарын жаздырып алатынбыз. Бiр жылдары «Өзбекстан адабиаты», «Басанатын», «Шарық юлдузун», қырғыздың «Алатоосы» мен «Қырғызстан маданиатын» қалдырған емеспiн. Қарапалпақтың «Амудариясын», «Советтiк Қарақалпақстанын», «Әзербайжан адабиаты васанатын», «Литва литературный», «Литературный Грузия» деген журналдардың барлығын да мен жаздырып алып отырдым. Ол кезде шамамыз жеткенше әлемдiк процестi бақылап отыратынбыз. Ал шамамыз жетпесе КСРО-ға бiрiккен елдердiң әдебиетi мен өнерiн бақылап, өскенбiз. Әдебиетке Бекен Ыбырайымов, Асқар Егеубаев, Әлия Бөпежанова, Сайлаубек Жұмабеков, Әмiрхан Меңдеке секiлдi бiр топ жiгiт, бiзден кейiнгi Тұрсынжан Шапаев, Әуезхан Қодаров, т.б. жiгiттер бiрге келдiк. Бiз бiр-бiрiмiздi өсiрдiк. Әсiресе бiздi студент партасында отырған жерiмiзден iздеп келiп: «сендер неге жазбайсыңдар, неге мiнберге шығып сөйлемейсiңдер?» деп тәрбиелеген адам - Сағат Әшiмбаев. Ол өзi отты публицист, бетке айтатын сыншы, бiлiмдар жан болатын. Жалпы әдеби процесте жақсы дәстүр орныққан едi. «Сен әдебиетке кiмдi алып келдiң, қандай iзбасар тәрбиеледiң?» көкейде сондай сұрақ тұратын. Сосын бiз талант тапсақ қуанатынбыз, мақтанатынбыз. Әсiресе редакцияларда iстейтiн қыз-жiгiттердiң алдында осындай мақсат тұратын. Сондықтан, бiз оларға қарыздармыз. Бiз осылай әдебиетке келдiк. Қазiр өз басым жиырма екi кiтаптың авторы екенмiн, бес жүз-алты жүз мақала жаздық-ау деймiн. Уақытында бiздiң пiкiрiмiзбен аға буынның өзi санасып қалған кез болатын. Бiз соны биiкке жеттiк. Жас кезiнде адам бiлiмдi мол жинайды. Сосын оң, солға қарамай көп жазатын болуы керек. Қалай болғанда да бiз солақай сыншылар атанбадық қой деп ойлаймын. Дұрыс жаздық, уақытында дұрыс танылдық. Бiзден аға буын үмiт күттi. Содан кейiн тәуелсiздiк жылдары келдi. Тәуелсiздiктiң бiрден келмейтiнi белгiлi. Желтоқсан оқиғасына қатыстық. Оны көп айта бермеймiз. Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасы - әлi әбден анықталатын нәрсе. Желтоқсан оқиғасының шағын оқиға болып қалмай, осы тәуелсiздiктi тудырған фактор ретiнде тарихқа енгенiне бiз сүйсiнемiз. Бұл - тарихи мiндетiн алып қарағанда он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiне бара-бар дүние. Өтпелi кезеңде жазушылар көп қайраттылық көрсеттi. Сыншылар да сол. Жазушылар дегенде прозаиктердi бөлiп алып жатқан жоқпын, ақын, жазушы, сыншы қаламгер деген тұтас мағынада айтып отырмын. 1986 жылы өкiмет басына Колбин келгенде Жұбан Молдағалиевтiң атойлап сөйлеуi - бiз үшiн мақтаныш! Ол туралы Садықбек Адамбеков «Жұбан Жұбан болып туды, Махамбет болып өлдi» деген фраза қалдырды. Ол да жарасымды едi. Аға буын адалдық танытты. Есесiне тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында осы бiр белсендiлiк, осы бiр қазақ халқына деген адалдық, билiк басындағыларға бiздiң жазушы ағайындардың аса батылдығы ұнамады ма екен, неге екенiн бiлмеймiн, заң қабылдады, басқа болды, Жазушылар одағын, Суретшiлер одағын, Сәулетшiлер одағын қоғамдық ұйымға айналдырып жiбердi.


- Қазiр көп жазбайсыз. Неге?

- Өтпелi кезеңде жазушылардың жағдайы төмендеп кеттi. Қоғамымыздағы осындай психологиялық ахуалды көтере алмай, бұрын мемлекет тарапынан қаржыландыратын, қаламақы алатын, әлеуметтiк тұрғыда қорғалмаған, психологиялық бағдары айқындалмаған жазушылардың шығармаларын сынау азаматпын деген адамға ауыр болды. Иә, бағдардан айрылып қалдық, бағдарсыздықтан туған шығармаларды сынауға ар-ұятым жiбермедi. Менiңше, қазақ прозасында, поэзиясында құбылыстық шығармалар әлi туған жоқ.

Менi бүгiнгi оқырман сыншы ретiнде танымауы да мүмкiн. Неге десеңiз, осы өтпелi кезеңде мен белсендi сыншы баяғы Ергөбек бола алғам жоқ. Рас екi томдығым шықты. Аз тиражбен. Сондықтан оқырманды кiнәлай алмаймын. Бұл мәселенiң бiр жағы. Екiншi жағы - кезiнде КСРО ең көп оқығыш мемлекет болған. Сын кiтаптарының тиражы бес мың, он мыңмен шығатын. Менiң «Жақсыдан қалған сөз» деп аталатын сыни кiтабым жиырма мың тиражбен шыққан. Бұл өзi қалыпты жағдай болатын. Ал прозалар жүз мыңдап, миллиондап шығатын. Ол кезде оқырмандардың ынтызарлығы зор болатын. Егер менi сыншы ретiнде бiлмесе, бiр жағы окырмандардың кiнәсi деп те ойлаймын. Бiз былайша айтқанда, өткен ғасырда өмiр сүрген сыншыларды да оқимыз, әдебиеттi түсiну үшiн де оқимыз. Бұрын қойшының етiгiнiң қонышында «Жұлдыз» журналы жүретiн. Бүгiнде ондай оқырман жоқ. Әдебиет, журналистика факультетiнде оқып жүрген жастарымыздың өзi оқымайды. Бүгiн болмағанымен ертең ұлттың тағдырына бұл жағдай керi ықпал етуi мүмкiн. Сондықтан менiң әдебиет сыншысы ретiнде мойындалмауым өзiмнiң кенжелеуiмнен. Екiншiсi тiптi маған қалам алғызбайтын бұл - қажетсiнбеу. Қажеттiлiк жоқ жерде кiм үшiн жазасың, не үшiн жазасың, өзiң ғана жазып, өзiң оқи салатын болсаң иә болмаса мың тиражбен кiтап шығарып, «ой мен кiтап шығардым» деп мәз болып, Мемлекеттiк сыйлыққа ұсындырып, оны алатын болсаң, бұдан өткен қорқаулық, бұдан өткен сорақылық жоқ деп ойлаймын. Менi бүгiнде әдебиет сыншысы ретiнде оқырман бiлмейтiн болса, мен оған өкпелемеймiн.


- Бүгiнгi таңдағы публицистика деңгейi қай шамада?

- Қазiргi таңдағы публицистика өтпелi кезеңдегiдей проблеманы жалпы көтермейдi. Ендi нақтылана бастады. Публицистерiмiз де тақырыптарға топтаса бастады. Қазақ публицистикасы қазiр бұрынғыдай сан-салалы деп айта алмаймын. Бiрақ сабасына түскен сабырлы қалпында. Ол бұрынғыдай басқа жанрлардың барлығын шеттетiп, олардың мiндетiнiң барлығын мойнына салып едi ғой. Ендi олай болмас. Әр жанрдың өзiнiң талабы болады, әр жанрдың өзiнiң атқарар рөлi болады, өзге жанрларға да жол бере бастады ғой. Әзiрге ең белсендi публицистиканың көрiнiп отырған тұсы - телепублицистика. Бұл әлi алдына жан салмай келедi.


- Қоғамда ең басты құндылық - адам деп есептелетiн болса, осы адамның базбiр бөлiгiнiң азғындық жолына түсiп, рухани құлдыраудың белең алып бара жатуына ең негiзгi себеп не деп айтар едiңiз?

- Өзi шынымен де құлдырап бара жатырмыз ба, жоқ болмаса құлдыраудан тыйылуға көштiк пе, әйтеуiр бiр дүбәра сәтте тұрмыз қазiр. Өлiара сәт. Оны түсiнуге болады. Бұл қоғамның басты байлығы - адам. Негiзгi бiздiң байлығымыздың бәрi адамға жұмсалуы керек, өйткенi, адам болмаса, сол адамнан құралатын ұлт болмаса, сол ұлттың мүддесiн қорғайтын мемлекет болмаса, онда бұл қоғам кiмге керек? Қоғам дегенiмiздiң өзi, былайша айтқанда сiз, бiз секiлдi адамдардан тұрады. Адам мықты тұрса, қоғам да мықты тұрады. Конституция - бiздiң басты заңымыз. Оны тұмар тұтуымыз керек. Америка Конституциясының жазылғанына ұзақ уақыт өтсе де, бiрде-бiр өзгерiс енбейдi екен. Ендi бiз жаңа жас мемлекетпiз, өзгерiс енгiзу керек те шығар, оған көзiм жетпейдi. Бiрақ сол өзгерiстердiң бәрi де адам үшiн болуы керек. Адамға жағдай жасайтын қоғам үшiн болуы керек, менiң пайымдауым - осы. Бiзде қоғамдық процесс өте жиiрек дамып отыр. Соған қарай қоғамдық процестердi талдап отыратын институттарымыз қалыптасу керек. Қазiр керемет саясаткерлер, саяси ғылымдардың докторлары, әлеуметтiк ғылымдарының докторлары, профессорлар шығып жатыр. Бiрақ осылар ғылымды ғылым үшiн қорғай ма деп қорқам.


- Сонда ғылымды не үшiн қорғау керек?

- Ғылымды қоғам үшiн, iлiмдi қоғам үшiн жинау керек. Ғылымды қоғам үшiн қорғау керек.


- Ұлттық рухты қалай көтеруге болады?

- Рухсыздық - жеке адам үшiн де өте бiр қасиетсiздiк, ол қауiптi нәрсе. Ұлттық рухты қалай көтеруге болады дегенде, ұлттық рухты көтеретiн бiрнеше компоненттер болғаны абзал. Жастарымыздың бойында Отанды сүю, Отанға құштарлық сезiмдерiн оятуымыз керек. Бұл үшiн бәлкiм идеология керек шығар. «Отаныңды сүй» деп қазiр ата-ана балаға да айтпайтын болды ғой. «Отаныңды сүй, сенде жалғыз Отан бар» деп билiктегiлер де көп айта бермейдi. Өздерi бiледi деп ойлайтын болуы керек. Бiлгенi өз алдына. Отанды сүюшi сезiмiн бiз бесiктен бастап үйретуiмiз керек балаға, онсыз болмайды.

Ұлттық рухты көтерудiң тағы бiр жолы бар. Мұхтар Шаханов қазақтың тiлiн ұлт проблемасы ретiнде, мемлекеттiк тiл проблемасы ретiнде қатты көтерiп жүр. Осы дұрыс. Неге десеңiз, тiлiмiзден айырылсақ, орысша болмаса ағылшынша жақсы бiлетiн, бiрақ ана тiлiн бiлмейтiндердiң ұлтқа деген жанашырлығы болмайды. Отаншылдық сезiмi де құлдырап кетедi. Мұхаң «компьютерленген бас» дейдi, басқа дейдi, бәлкiм ол поэтикалық образ ретiнде өзiн ақтайтын шығар, ұлттың тiлiн бiлу, ұлттың дәстүрiн сыйлау, ол ұлттық шектелушiлiкте қалып қою емес, керiсiнше ұлттың рухани байлығы арқылы ғарыштап самғауда. Әлемнiң iлiм-бiлiмiн игеруде. Бiрақ соның бәрiн ұлтыңның рухын iшкi жан өзегiң етiп, соған әкеп орналастыруға, соған әкеп құюда, табиғи әрлендiрiп кемел тұлға ретiнде қалыптастырып шығаруда. Осыны жасамаған жерде ұлттың тiлiн бiлмесе, ұлттың тарихын сыйламаса, ұлттық өнерлерiмiздi мансұқ етсе, онда ұлттық рухтың да өлгенi. Бiз кейде бүгiнгi күнмен ғана дамылдаймыз. Мысалы, мен оңтүстiкте өмiр сүрiп жатырмын. Оңтүстiкте ана тiлiне қауiп жоқ деп ойлаймын. Бұл - қате. Бiздiң ана тiлiмiзге солтүстiктiң өзiнде болып жатқан қауiптi мен оңтүстiкте отырып қабылдауым керек. Сонау Шығыста болып жатқан Отаныма, туған тiлiме шабуылды, Шығыс Қазақстан жерiне жасалып жатқан шабуылды мен оңтүстiкте отырып жүрегiммен қабылдап соған жаным, жүрегiм ауыруы керек. Өйткенi, бiзде бiр-ақ Отан бар. Ол - Қазақстан. Ол - шүкiр, қазiр тәуелсiз Қазақстан. Үш жүз жыл Ресейдiң боданы болған Қазақстанымызды көзiмiздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Ахмет Байтұрсынов айтады, «Бiздiң қазақ бейқам, басына қашан таяқ тигенше ана жақта болып жатыр ғой, маған не қатысы бар деп қарайды» дейдi. Бiз осы немқұрайлылықтан арылтуымыз керек. Қазақты өзiмiздiң жалғыз перзентiмiздей көргенде ғана мұратымызға жетемiз. Ал бар қазақ үшiн шырылдайтын халге жеткенiмiзде ғана ұлттық рухымыз сонша биiк болады. Бiзде бiр Отан, бiр тiл, бiр жер бар екенiн бесiкте жатып сезiнiп, соны сақтауға, қорғауға, дамытуға, өсiруге, мәпелеп баптауға деген құлшыныс болуы керек. Сол уақытта бiздiң мемлекет кемелденедi. Жалпы бiзге бiр нәрсенi ойлау керек. Бiз, рас азаматтық қоғамды орнатып жатқан зайырлы демократиялы елмiз. Шекарамыз ашық, ешкiмнiң кеудесiнен итерiп жатқан жоқпыз. Халықаралық деңгейде интеграцияға мейлiнше түсiп жатырмыз. Оның бәрi дұрыс, бiрақ мемлекетте ұлттық сапа болмай, мемлекетте ұлттық сипат болмай, бiздiң демократиямыздан да, бiздiң азаматтық қоғамымыздан да ештеңе шықпауы мүмкiн. Бiз таза ұлттық мемлекет емеспiз қазiр. Бәлкiм, шектелiп қалушылыққа да апармауымыз керек шығар. Ұлттық томаға-тұйықтыққа түскен мемлекеттiң оңғанын көрген жоқпыз. Соған қарамастан, әрбiр дамушы елдiң өзегi - ұлттық сипаты. Ұлттық рух, ұлттық ерекшелiктерi, ұлттық құндылықтары болуы керек. Оны сақтамаған мемлекет жойылып кетуi мүмкiн.

Сосын бiзде бiр әңгiме көп айтылады. Ол жанға батады. «Бiз көпұлтты мемлекетпiз» дейдi. Ол дұрыс емес. Бiз бiр ұлтты мемлекетпiз. Қазақ ұлтының сыртта мемлекетi жоқ. Бiзде тек көршi мемлекет өкiлдерi тұрады деуiмiз керек. Ассамблея не үшiн құрылды? Сол өкiлдердiң құқы аяқ асты болмасын деп құрылды. Елбасы тарапынан оңтайлы табылған, бiздегi аз ұлт өкiлдерiнiң құқын қорғауға берiлген мүмкiндiк.


- Зиялысы мықты болмай, халық мықты болмайды дейдi. Рас па?

- Қазақ - талантты халық. Қазақ - мың өлiп, мың тiрiлген халық. Егер де өзге ұлт болса баяғыда жойылып кетуi мүмкiн едi. Қазақтың басынан кешпегенi жоқ. Әрiде Түрiк қағанатынан берi қарай алсақ жеңiп тұрып, жеңiлiске ұшыраған, бiрiгiп тұрып ыдырай жөнелген. Ынтымақтасқан сәттерi аз, трагедиялық хал кешкен. Өзара ынтымақтаспағасын өзге елдiң боданына айналып кете берген. Алтын Орданың екiншi атауы Түрiк Қағанаты деп айтамыз. Осы Алтын Орданың тұсында орыс князьдiктерi алым-салық төлеп тұрды. Өзара ынтымақ болмаған соң, ақыр соңында бiр-бiрiмен бiрiгiп, ұлы мемлекетке айналып кеттi де, бiздiң елiмiз олардың боданы болды. Алтын Орданы құраған ел қазiр қайда? Кiшкентай Ноғай ордасы болып жүр. Әр жерлерде, азғантай ғана қалды.

Елдiң елдiгiн сақтайтын - зиялы қауым. Мысалы, XX ғасыр басында Алашорда құрылды. Оның өзiнiң әскерi болды. Мiржақып Дулатов басқарды. Ол большевизммен, Қызыл империямен аяғы жайсыз болады деп, туған күннен бастап күресiп өттi. Ең болмаса Түркiстан автономиясын құрып Моңғолия секiлдi өмiр сүрейiк дедi. Оған да қолы жетпедi. Отыз жетiншi жылы қынадай қырылды. Кеңес үкiметi жауыз саясат жүргiзген. Халық неғұрлым қараңғы болса, билiкке соғұрлым тиiмдi. Қараңғы халықтың қарны тойса болды, қалғып сала бередi, ештеңе талап етпейдi. Ал XX ғасыр басындағы зиялылар өз басын бәйгеге тiгiп жүрiп халықтың мұңын жоқтады, ел үшiн өмiр сүрдi. Зер салып қараңызшы, Ахмет Байтұрсыновта өзiндiк өмiр бар ма? Жоқ. Әлихан Бөкейхановтың өзiндiк өмiрi бар ма? Жоқ. Мағжан Жұмабаевта өзiндiк өмiр бар ма? Жоқ. Алашордадан екi адам ғана кешiрiм сұрап, Кеңес үкiметi кезiнде бiрсыпыра жыл ғұмыр кештi. Олар Мұхтар Әуезов пен экономист Әлiмхан Ермеков болатын. «Алаш тып-типыл болмасын, ең болмаса сендер Алаштың көзi болып қалыңдар, Алаштың рухын кейiнгi ұрпаққа жеткiзiңдер» деп қалдырған оларды. Ал Кеңес үкiметi тұсында бiздiң зиялыларымыздың бойындағы осы азаттыққа ұмтылу сарыны басылып қалды. Былай ҚазКСР он бес республиканың iшiнде терезесi тең, құқы зор мемлекеттiң бiрi болып саналатын. Алайда, кеңестiк Қызыл империя өзiнiң бұрынғы аз ұлттардың жерiн алу, тiлiн алу, құрту, өзiн мәңгүрттендiру, орыстандыру саясатын жалғастырды. Мына жылдардағы қиын нәрсе, ол - бiздiң зиялыларымыздың тұлға болып шыға алмауы. Елдi Скворцов, Беляев басқарды. Солардың тапсырмасын жоғарыдан алып, жүзеге асыру керек. Әуезов пен Кенжебаев елу екiншi жылы жұмыстан шығарылған. Қырық тоғызыншы жылы науқан басталған. Бекмаханов жиырма жылға сотталған. Бұлар кiмдер едi? Бұлар жаңағы өзiмiз айтып отырған зиялыларымыз едi. Ұлттық рухы өшпеген Алаштың көзiн көрген зиялылар едi. Алашорданың өзiн құртқаннан кейiн ендi мынау халықтың санасын оятып жiбере ме, жас ұрпақты Алаш рухында тәрбиелеп қоя ма деген қауiппен, олардың өздерiн де құртуға кiрiсiп едi. Әйтеуiр қазақ халқының бағына шығар, елу үшiншi жылы Сталин қайтыс болды. Одан кейiн Хрущев келдi өкiмет басына, әрине, арада бiрсыпыра процестер жүрген, оны оқысаңыз өз алдына бiр қызық. Ол кiсiнiң өкiмет басына келгенi дұрыс болған. Бұл сталиншiлдiктi, жеке адамның басына табынушылықты әшкерелеу арқылы бiрсыпыра уақыт ұлттың қайта оянуына, ұлттық жаңа идеялардың жандануына, ұлтты оятатын көркем өнер серкелерiнiң еркiн қалам сiлтеуiне, ақындардың дауысының еркiн шығуына мүмкiндiк берiп алды. Бiздiң әлi де бостандық, тәуелсiздiк алуға мүмкiндiгiмiз бар екен дегендей үмiт қайта оянды. Он алтыншы жылғы Қарқара болып жаншылған, он жетiншi жылы Ақпан революциясы кезiнде оянып тұрып, Қазан революциясынан кейiн әбден тұншыққан идея едi бұл. Мiне, сол өлген идея халықтың бойында, қайтадан сәл-пәл оянды. Бiрақ Хрущев өз ойынан айнып қалды. Ол демократиялық қоғам жасағысы келгенiмен, Сталиннiң жеке басын әшкерелеуден ары бармаған. Өйткенi, оның өзi сол қоғамның жемiсi едi. Оның үстiне мен Хрущев туралы естелiктер жинап, оқып шыққан адаммын. Хрущев мұны жүйелi түрде жүргiзiп, саяси концепсия ретiнде қоғамның бойына сiңiре алмады. Саңырауқұлақ секiлдi, болмаса көктемгi жауқазындай оянған ұлттық рух зиялыларды бiр оятып кеткенiмен, тұтас халықты оятуға дәрменi жетпедi. Ол қайтадан көктемгi күнi ерте жер бетiне көктеп шығып, сосын қар жауып кеткесiн үсiк шалатын өрiк ағашы секiлдендi. Әрине, бұл ояну өз жемiсiн бермей тұрмады. Империя деген қанша мықты болғанымен, ол уақытша құбылыс. Өйткенi, империяның уақытша болатыны ол халықтың тiлегiнен тумайды. Ол қоғамдық формация ретiнде жоғарыдан төбесiне кигiзiлген бас киiм секiлдi халықтың өмiр сүруiне, өсуiне, дамуына керi ықпал етедi. Ұлттар теңдiгiне ол қарама-қайшы, тiлегiне мүлде жат нәрсе. Сондықтан о бәрiбiр құлауы мүмкiн. Оны құлатуға ықпал ететiн күш әрбiр ұлттың өзiнiң тәуелсiздiгiне ұмтылуы болып табылады.


- Сөз соңында не айтасыз?

- Қазақ зиялысы мықты болмай, қазақ халқы мықты болмайды. Мемлекет ретiнде нығаю үшiн өзiнiң ұлттық болмысын сақтау қазақ зиялыларының белсендiлiгi, көзi ашықтығы, ғылыми ойының тереңдiгi, саяси қарқынының мықты болуы әбден керек. Онсыз тiрлiк те мықты болмайды.



Сұхбаттасқан Гүлжаз Қыдықбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар