Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Құндыз Жұбаева: Сағынышпен Өлең егіз......

14.02.2017 7799

Құндыз Жұбаева: Сағынышпен Өлең егіз...

Құндыз Жұбаева: Сағынышпен Өлең егіз... - adebiportal.kz

Құндыздың жырларымен әлеуметтік желі беттері арқылы біраздан таныспын. «Поэзия әйелдей жұмбақ әлем...» демекші, махаббаттың жыршысы ретінде өз ортасында әжептәуір танылып қалған ақын қыз сағынышты өзінше қабылдайды. Сағынышты мың ақын мың түрлі жырлайды. «Сені сүйіп сағынышпен доспын деу, Сол да сөз бе? Ескен жел...», «Қоса гөрме, біз секілді екі әлем, Құштарлық пен сағыныштың арасы»  немесе  «Сағынышпен Өлең егіз, Мен егіз» деп кестелеген Құндыздың сағынышы өліп-өшкен үмітсіздіктен гөрі өрлігі мен нәзіктігі арпалысқан сағынышқа көбірек келеді.

 

Сізге апарар Жол таусылды...
таусылды...
Көктегі-Күн, мұндар Ай-
Жұтып қойып даусымды,
Мені-мылқау, Сізді-керең қылғаны-ай...

Өзіңізге жетпей қалған даусымды
Соза түссем-
жартас құлап, жар сынды.
Сізге ғана беймәлім боп жай-күйім,
Ал,кейін...
Ел аузынан естіп қалған сыбырдан,
Шошындыңыз...
қайтейін?!


Қыздар поэзиясының кейіпкерлері қаталдау боп келетіні несі екен?.. Жауапсыз сезімін шағынбай, жыламай жеткізе білетін бір қайсарлық байқалады бұл өлеңдерде.

Адам деген аты қалды демесең...
Аярлармен күні бойы егесем.
Және өзім біреуі;
Қойғаным жоқ жүрегіме гүл егіп..., - деген жолдарда бір мезетте өзін де аямайтын өзгешелу шындығы байқалады.

«Жазған басқа сезім-арзан, бұйым ба Ой?Мына біздің қоғамда-
Қаталдықтан Жүрегіңді,
Жаныңды...аршып алу  қиын ғой...» ,

 «Шүберектердің шеруі ғана-
Бұл Өмір-
бұл Көше!,» - жолдар әр пенденің ішінде дәрменсіз бой көтеріп  жататын шындық шығар.

 

«Тас басында таудай сезім мұнартып». «Шықпаған шала жаны қап тұсаулы сөздiң», «Көп сағына алмастар...», «Өртең болып қалғаным шамалы одан» сынды жекелеген жолдардың тұтас өлеңнің көркемдік құнын түсіріп тұрғанын айтудың керегі бар-жоғын біле алмадым. Бір сөздің бір сөзге жарығын түсіріп тұратыны секілді, көлеңкесін де аямайтынын ұқса екен деймін...

Құндызды жасандылығы жоқ ақын дер едім... Ол сезімін баяндап қана отырады екен. Көп ақын үйір әсіреңкілігі аздау. Сондықтан кейде өлең техникасы ақсап жататын сәттер кездеседі. Бірақ, жақсы ақынға ол мін емес!..


Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,  ақын,

Халықаралық "Шабыт" фестиалінің лауреаты,

«Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы.




Сағынышпен Өлең егіз, Мен егіз...


f7e9573589e2cc02820166e3f2a9989b.jpg


***


Жапырағындай жабырқау, жаралы күздiң...
Тоңазып сала бергені-ай арамыз бiздiң.
Күн жаумап еді...
Келмеді және күз әлi...
Көк тұман түстi көркiн ап,
Қаланың iзгi...
Мезгілсіз еді барлығы...
мен де үнсiз едім,
Аяусыз тырнап түстiм бе жараны сiздiң:
- мүсiрке, мейлі... аярлық танытар құшақ,
Жасымен сұлу көредi жанарын қыздың...

Ал, содан...
Жапырағындай қалтырап құсалы күздiң...
Шықпаған шала жаны қап тұсаулы сөздiң.
Сағыныш дейтін-
бiр құрбым;
Көңiлi- жесір...
Сүюге мәжбүр еткен-дi ұзаған iздi...
Тамыз түспей-ақ... тоңазып қалғанда жаным,
Сағынып кеткен сәтiм бұл құшағыңызды...
Аяулы құшағыңызды...


***


Адам деген аты қалды демесең...
Аярлармен күні бойы егесем.
Және өзім біреуі;
Қойғаным жоқ жүрегіме гүл егіп...
Оны ойлайтын сәт те жоқ,
Ал, өзіме ақша керек, бақ керек.
Енді қайдан Мейірім?!
болсын оның жалғыз Тамшы...Түйірі-
Мен де Адаммын дер едім,
Тек...қарбалас Тіршіліктен көремін.
Жазған басқа сезім-арзан, бұйым ба Ой?
Мына біздің қоғамда-
Қаталдықтан Жүрегіңді,
Жаныңды...аршып алу  қиын ғой...


***


"Сені сүйiп, сағынышпен доспын" деу,
Сол да сөз бе?
Ескен жел...
Басқаны алда,
Мен болмасам қайтедi?!
Ерте туып, кеш бiлген...
Сағыныштың түр-түсiн.
Тiптi керек десеңіз,
Айыра алам ғашық жанның күлкiсiн...
Мұң түбiнен естiлген.

Сағынышпен Өлең егiз, Мен егiз.
Бiр мұңайып, бiр жұбанып келеміз.
Шатастырып аласыз-ау кейде оны...
Ғашық жанның аялауы, сүйгенi.
Сағыныш па?!
Жоқ!
Жолы-ұзақ, терең iз.
Керуенге қосыла алмай келедi...
Көп сағына алмастар...
..."құшқым келді" десеңіз де, сөз басқа,
Тек "Сағындым" демеңіз!

Шын сағыныш сыйлағанмен түндей мұң,
Бұл мыңыншы қайталау ма?!
білмеймін...
Сағынышпен кешкен сәттiң бәрi асыл.
Ескерiңiз, мені сүйген, жанашыр.
Қоса көрме, біз секілді екі Әлем,
Құштарлық пен Сағыныштың арасы.


***


Дәл осынша ақымақ болады адам,
Жолы өзгеге жөн еді қарамаған...Тамырым-өрт, сөнді ме, сөндірдім бе?
Өртең болып қалғаным шамалы одан.

Түсініңіз...
Сіздей жан табылмауын,
Сағынышпен жазалар Тәңір барын...
Мендік ұят жетеді, мендік сезім
Тағы қайта бастауға...
Бәрін...бәрін...

Бәрі өткесін, қала ма жылап Арым,
Ол жайында түк деме... сұрамағын!
Сіз оқыған жырларға шала мас боп,
Алдыңызда әйтеуір тұра аламын...


***


Сізге апарар Жол таусылды...
таусылды...
Көктегі-Күн, мұндар Ай-
Жұтып қойып даусымды,
Мені-мылқау, Сізді-керең қылғаны-ай...

Өзіңізге жетпей қалған даусымды
Соза түссем-
жартас құлап, жар сынды.
Сізге ғана беймәлім боп жай-күйім,
Ал,кейін...
Ел аузынан естіп қалған сыбырдан,
Шошындыңыз...
қайтейін?!


***


...жоғалғым келген Сәттердің,
Сатқыны екем-
Кім десең?!
Сен қайдан бірақ, біліп ең?!
Жалғыз да қалдым,
Сенімнен ада...
Күн кешіп,
Қайрансыздығыма күліп Ел.

Е, мейлі...дедім,
Кім қалай танып,
біледі...
Өзімше өмір сүремін.
Айдың жарығы секілді-ау адам жүрегі,
Жылусыз - жарық;
Нұры-Өлі.

Кетуі-Ғайып пендеше,
Келуі- Жаңа.
Тек қара түнге сіңбес ем.
Шүберектердің шеруі ғана-
Бұл Өмір-
бұл Көше!


***


Неткен төзім, неткен төзім шынар түп,
Бiр үміттi күткен болып күн арты,
Сiздi қимай,
Тағы алданам Өзiме,
"...Ол да Мұңнан қашық емес шығар..."-деп.

Мен сүйiнген Сөздi бiреу ұғар деп,
Жанарыңыз бiреудi өртеп тынар деп,
Мұң үрлеген қырық құрақ көңілге,
Қызғаныштан қырық атан жүк артып,
Сiздi ақтаймын...
Тағы алданып Өзiме ,
"Сағыныштан қашық емес шығар деп..."

Жер де орнында,
Сiз барда Аспан, мынау- Көк...
Тас басында таудай сезім мұнартып,
Тебiренсе...
"...қырық құрақ көңілден,
Қауызына көбелектің қанатын,
Қондырмастан солып кеткен гүл артық"
-дей алмаған,
Осы хұсни жүрекпен,
Сiздi ақтаймын,
"Сүйсе... сүйген шығар" деп...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар