Қысқы элегия
Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.
Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
...Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?..
Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?
Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей...
...көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?
Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?
Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..
Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар!
Қар!
Қар!...
Ерлан Жүніс
Cол Түні
Сол Түні... Аспан мұңайған еді,
мұңайған еді төбеңде...
Сол Түні... Сені сағынышыма –
бөлеген едім Өлеңге.
Сол Түні... Мен де алданып тұрғам,
қар жауып тұрған болатын...
Сол Түні... Сен де жүректен басқа
жол таппай тұрдың баратын.
Сенделген сезім,
жоғалған үміт,
кеше гөр бізді кеше гөр...
Тып-тыныш аппақ,
осындай еді
көшелер аппақ, көшелер...
Сол сәтте... Әттең, қар жауды неге?!
Қар жауды неге, Тағдырым?!
Сол сәтті мүлде,
Ұмытқым келген,
ұмытқым келген...
Барлығын!
Сол Түні... Аспан өксіген шығар,
Құдірет солай жазғасын.
Ақ ұлпа, аппақ көбелектерге
айналған шығар көз жасы.
Осылай енді... Қар жауса болды
күйерін жанның білдім бе?!
...Сол Түні маған,
қол бұлғап тұрып,
жыладың ба әлде күлдің бе?!
Сол Түні...
Бауыржан Қарағызұлы
Оңтүстікке қар жауды. Алғашқы қар...
Көз алдымда дүние алмасты бар.
Қара желге ұрынып мен секілді,
Қара жерде түбінде қалмас бұлар.
Оңтүстікке қар жауды. Жауса жаусын..
Жаусын десем, жақыным, жау санарсың.
Қара бояу қаптаған дүниенің,
Аппақ түске бірер сәт аңсары аусын.
Оңтүстікке қар жауды. Қыламық қар...
Қыламық қар сөзімді сірә, құптар?!
Тереземнің түбінде жылауық тал,
Жылап шықты. Себебін кім анықтар?!
Жылап шықты түнімен жылауық тал,
Талға таң қап қарады бір ауық қар.
Оған себеп– қайғырса қарамайтын,
Қарағай деп аталған бір алып бар.
Қарамады қайғырса қарағайың,
Қабағынан қаймықты бала қайың.
Қалай ғана мен оны жұбатайын,
Қалай оған болайын ара ағайын?!
Қарамайды ол, оның да себебі бар,
Суық түсті сиқырын себеді қар.
Бұл иілсе бар талды қар баспай ма,
Түсінбейді-ей қауіпті неге бұлар?!
Түтеп тұрған боранға жай теңселіп,
Тіктеп алды қарағай қайта еңсені.
Қара тастай көңіл-ай сені қайттім,
Қарағайдай басым-ай, қайтем сені?!
Кешір, жарым!..
Бақытжан Алдияр
Жауып тұр ақ қар
Жауып тұр ақ қар...
Ақ қарға сырды ақтардым.
Құлдилап төмен
Құлады жерге ақ қар – мұң.
Аппақ қар болу арманым,
Бірақ
Келмейді табандарға тапталғым.
Жауып тұр ақ қар...
Көз жасы мүмкін аспанның?
(Мен неге одан жасқандым?!)
Періште болар кеудесінен жиреніп ұшқан
Тәңірден қорықпай тасқанның.
Жауып тұр ақ қар –
Ақ үміт, аппақ армандар,
Орындалмай ақ парақ болып қалғандар.
Қар көңіл берсең жетеді маған, жаратқан,
Аппақ қардың тағдырын басқа салмаңдар!
Аппақ қар – көңіл,
Таусылмас, сірә сұрағым.
Кеудені керіп жыр – ағын.
Дәл өзің құсап келеді менің жылағым,
Келмейді бірақ қап-қара жерге құлағым!
Құралай Омар
Ажары да даланың асыл, ерек,
Ақ мамығын аспан да шашып əлек.
Көктен қалқып, күміс бір түйіршіктер,
Қонады шашыма кеп.
Жоғалғанда аппақ қар жерге сіңе,
Əлдеқалай түстім бе, мен де есіңе...
Маужырайды дала да махаббаты,
Қонақтап кеудесіне...
Неге келдің, білмеймін, неге кеттің,
Өкіндірдің, өзіңді өлең еттім.
Көңілімнің аспаны себелеп мың,
Қарға айналып қонады көбелек - мұң.
Жанымды емдеп жазар ма, жауып тұрып,
Кеттің неге, көңілді зарықтырып.
Ақ тонына оранып, мүлгиді əлем,
Аппақ нұрлар көзімді қарықтырып.
Қардан аппақ көңілім жыр төгерде,
Құшағымды жайдым ғой, үрке берме!
Ай жүзіңе кеп қонған ақ ұлпа едім,
Өтінем, сүрте көрме...
Алтыншапақ Хаутай
Фото: frazy.su, bipbap.ru, glavred.info, 1zoom.ru
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.