Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Республикалық онлайн мүшәйра!...

15.04.2020 9296

Республикалық онлайн мүшәйра! 12+

Республикалық онлайн мүшәйра! - adebiportal.kz

Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында және қазіргі қоғамдық ахуалда халық рухын көтеру мақсатында Өскемен қалалық әкімдігінің қолдауымен «Өлең – сөздің патшасы» атты жас ақындардың Республикалық онлайн мүшәйрасын жариялаймыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы», - деген болатын. Абай тағлымы қазіргі тәуелсіз еліміздің нық қадаммен алға басуына, өркендеп дамуына жол сілтейтін ғибратты өнеге.

Қазірде еліміз күллі әлем жұртшылығымен бірге эпидемияның таралуына қарсы күресуде. Күрестің қай жолы, қай түрі де елдің амандығы мен игілігі, ұрпақ болашағы үшін жүргізілетіні белгілі. Мұндайда ең әуелі асқақ рух, табандылық, батылдық, елін сүйе білетін патриоттық жарқырай көрінуі керек. Елдің рухын серпілтіп, сенімге, жарқын күндерге үндейтін – ақындардың шынайы жүректен шыққан тегеурінді, мағыналы жырлары.

«Өлең – сөздің патшасы» мүшәйрасының ережесі:

1. Осы Ереже Абай Құананбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында және қазіргі қоғамдық ахуалда халық рухын көтеру мақсатында еліміздің барлық аймақтарынан 18 пен 35 жас аралығындағы жас ақындардың арасында мүшәйра өткізу тәртібі мен шарттарын реттейді.

2. Мүшәйраның мақсаты:

Жастардың шығармашылық ізденісіне жағдай жасай отырып, ел рухын көтеретін, поэзиямыздың мүмкіндігін танытатын өлеңдердің жазылуына мүмкіндік беру. Жас ақындардың шығармашылық дамуына жол ашу.

3. Мүшәйраның міндеттері:

- талантты жас ақындарды мүшәйраға тарта отырып, шығармашылық жолдарын айқындап, насихаттау, әдебиетіміздің дамуына үлес қосуына қолдау көрсету;

- өлең сөздің ел рухына серпіліс беріп, тәуелсіздігіміздің нығаюына, жігерлі, табанды ұрпақтың тәрбиеленуіне ықпалын сезіндіру;

- патриоттық, гуманистік бағыттағы поэзияны дамыту;

- бұқаралық-ақпарат құралдарында байқау қорытындысын жариялау.

4. Мүшәйра талаптары:

- мүшәйраға ұлы Абайдың ақындық, кемеңгерлік тұлғасын паш ететін бір өлең;

- ел өмірін, бүгінгі күн тынысын, ел бірлігі мен татулығын арқау еткен бір өлең;

- еркін тақырыптағы бір өлең, барлығы 3(үш) өлең ұсынылады.

«Өлең – сөздің патшасы» мүшәйрасына ұсынылатын өлеңдер үстіміздегі жылдың 15-сәуір – 05 мамыр аралығында қабылданады. Автордың аты-жөні, электронды поштасы, байланыс телефондары өлең жолданған файлда көрсетіледі.

Өлеңдерді oskemen.mushaira@mail.ru электронды поштасына жолдау керек.

5. Байқауды ұйымдастырушы – Өскемен қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

Арнайы құрылған қазылар алқасы бәйгеге түскен өлеңдерді сараптаудан өткізіп, бағалайды. Қазылар құрамына белгілі ақындар тартылады.

Мүшәйра жүлделері төмендегідей:

Бірінші жүлде – біреу, жүлде көлемі 700 мың теңге;

Екінші жүлде – екеу, әрқайсысы 500 мың теңгеден;

Үшінші жүлде – үшеу, әрқайсысы 300 мың теңгеден;

Нұрлан Мәукенұлы атындағы арнайы сыйлық – 200 мың теңге;

Бауыржан Үсенов атындағы арнайы сыйлық – 200 мың теңге;

Аманхан Әлімұлы атындағы арнайы сыйлық – 200 мың теңге.

6. Мүшәйра 10.05.2020 күні қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталады.

Ұйымдастыру комитеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар