Айжамал!
Жалпы әдеби дауға араласу қалауым емес-ті. «Соншама жағымпаз, таяз адам екеніңізге көзім жетті» депсің. Бұл тіпті Астанада білім алатын, әдебиетші болғысы келетін қыздың сөзі емес қой. Қазақша айтқанда түйеден түскендей сөйлейсің. Әдеби сынның бір шарты жеке басқа тиісу емес, шығарманы талдау екенін білмейтіндігің бірден байқалады. Сенше Жәди «ұры», Ретбек «жағымпаз, таяз» екен. Ойпырым-ай, қалай-қалай сөйлейсің?! Әдебиетші ғалымдар әлдеқайдан бағасын берген көркем шығармаға «сұғымды қадап отырмын» дейсің. Сонда әдебиеттің төрешісі сен ғанасың ба?!
Сосын, Айжамал қыз, мен айтсам «Қаралы көшті» айттым. Оны айтатын себебім: сол кітаптың ішіндегі барлық кейіпкерлер – негізінен таныс, жақын аталас, тым құрығанда ауылдас, рулас, ілік-шатыс адамдар. Сол замандағы ет жақындарымның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шығармаға деген, сол шығарманы жазған авторға деген құрметім. Әдебиетке деген шынайы жанашырлығым. Қазақтың қанды тарихына қабырғам қайысып, оны әдеби тілде сөйлетушіге деген жүрекжарды лебізім. Әйтпесе, Жәди менің екі туып, бір қалғаным емес. Халыққа қызмет етуші қарымды қаламгер ретінде бағалайтыным рас. «Қасым батырды» да оқығанмын. Сол шығармасы үшін Сағатхан ағаны да құрметтеймін. Құрметтемегенде, мен де саған ұқсап жоқтан бәле терер ме едім, тырнақ астынан кір іздер ме едім. Жарайды, басқаларын оқығанға уақытың жетпеген шығар, онда қарындасым 1996 жылы, яғни «Қасым батыр» кітабы шығудан үш жыл бұрын шыққан «Баркөл тарихи материалдарын» оқып көр, онда мынадай жолдар бар:
«Иен тау, жыныс орманды паналаған Қасым күндердің күнінде Зайып деген кісімен танысады әрі одан әр жолы түн жастанып келіп, азық-түлік, киім-кешек алып тұрады. Зайыппен ақылдаса келе ол Абайдың көзін құртудың шарасын қарастырады.... Ендігі жерде Қасым Баркөлде қалған жұбайын амалдап алып кетудің жөнін қарастырады. Сонан Мүлік деген адамды Жамалдың үйіне жіберіп, «жүруге дайын тұрсын» деген хабарды әйеліне жеткізеді. Ертесі күні түнде Жамал шаңияның үйіне өзі барып отырып: «Өз жағыңдағыларға барып айт, әйелімді олардың қолынан емес, қайта жолынан әкеттім», – дейді де жолына түседі....» (36, 37, 38-беттер. «Абай және Қасым, Құдабай жөнінде» Ережеп Берәліұлы мақаласы).
Ал, аталған «Баркөл тарихи материалдарының» 74-бетіндегі Қатайдың айтқандары бойынша берілген «Қасым батыр және Зайып елінің шығысқа көшуі» атты деректі мақалада мынадай жолдар бар:
«.....7-айдың аяқ шенінде Құмылға жиынға бармақ болған Абай қасына 10 әскер алып жолға шығады да, Кумыңзідегі Зайып (Базарқұл) ауылына келіп қонады. Зайып оны қара қой сойып, сорпалайды.....» (бұдан басқа да деректер жетерлік).
Бүкіл Құмыл-Баркөл өңірінің қазақтары жатқа білетін бұл хикаяны қариялар сол кітапта жыл, ай, күн, орнымен – нақты деректерімен жазған.
Зайыптың Қасымды қораның шетіне ескі қосқа жасырып, алдына күзетші кемпір қойғаны, қара қой сойғаны... Қасымның әйел, бала-шағасын Жамалдың үйінен алып қашқаны – бәрі болған оқиға. Кезінде көнекөздер түгелдей жыр қылып айтатын, құлақта бар ескі сарын. Оны Сағатхан да, Жәди де ойдан құрап жасап отырған жоқ қой.
Айжамал, қарындасым, сенің «көшіріп алды, ұрлап алды» деп отырған бар дерегің осы.
Енді ойланыңыз, кім ұрлапты? Сағатхан ба, Жәди ме?
Жоқ, екеуі де ұры ма сонда? Айжамал, өзің ойлап көрші! Сенің пайымыңа салсақ екеуі де ұры болары анық. Екеуі түгілі халық ішіндегі әңгімені өз қалпында жазған талай «ұрыны» ұстап аларсың.
Ал, мен өз басым оны сол нақты оқиғаның шынайы дерек көзіне сүйене берілуі деп қана қараймын.
Айтпақшы, Сағатхан ағамен сұхбатыңды беріпсің, дұрыс-ақ. Өзін танымасам да жазғанынан пайымдаймын Сағатхан аға олай жеңіл сөйлей салатын екеуміз секілді басының дымы кеппеген жас бала емес. Құрастырсаңда дұрыстап құрасаңшы. «– Айналайын, Жәди бауырымның «Қаралы көш» деген романы шығыпты деп естідім. Әрбіреу «Елісхан батыр» туралы деген соң, бір досымның үйінен романды сұрап алып көріп едім, кириллицамен жазылғандықтан дұрыс түсіне алмадым. Өзгеріссіз жүрген өз сөзімді көріп, «бұнысы несі?!» деп ойлағаным рас», – деп жазыпсың. Кириллицамен жазылғандықтан дұрыс түсіне алмаса, өзгеріссіз жүрген өз сөзін қайдан, қалай көріп жүр екен?! Бұл Сағатхан ағаның айтатын сөзі емес. Мен де сен құсап тон пішсем, бұны сенің құрағаның немесе өзгертіп, өсекке айналдырғаның деп қарар едім. Қыз баланың өзіне тән әдептілігі, әдебиетке деген нәзіктілігі, шыншылдығы деген болушы еді. Сүйір тілді сумаңдатып бейпіл сөйлегеніңе қайраным бар.
Айналайын, Айжамал, тағы да айтамын: ойға алғаның бір авторды иә жазушыны құрту болса, онда сол дәуірдің барлық шығармаларын оқып шығуың керек. Соңғы жазғаныңнан соны аңдағандаймын.
Менікі – өзім жақсы көріп оқыған шығармаға деген өз бағам. Мен ғана бағалаған жоқпын, талай қазақ көз жасын көлдетіп оқып, төбесіне көтерген шығарма. Сондай халқына еңбек еткен ердің етегіне жармасып жатқандардан арашалағым келгені де сол. Жәди де, Сағатхан да өз ағаң, екеуінің жазып отырғаны – өз жұртыңның тағдыры. Оның бірін жау, бірін дос көрсең, өз еркің.
Көкірегіңнің бар көзін ашып, әлде де біраз ізденсең, бұдан да көп дүние тауып аласың. Тым құрығанда «Баркөл тарихи материалдарын» тауып оқып көрші! Сенің де көкірегіңнің көзі ашылар.
Сөз соңында тағы да айтарым: біреуді мақтау үшін екінші адамның иығына шығып даттау жақсы қасиет емес. Әлі де оқуың керек, «оқы, оқы және оқы!»
Ретбек Мағазұлы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педогогикалық унивсерситеті,
әдебиеттану магистранты
Жарияланып отырған бұл материалдарды порталдың рұқсатынсыз басуға болмайтынын ескертеміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.