Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 2...

20.02.2019 8696

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 2 16+

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 2 - adebiportal.kz

III

Мұхтар Әуезовтiң «Еңлiк – Кебегiнiң» сюжетi негiзiнен халық аңызының бұрынғы әңгiме, поэма түрiнде келген нұсқаларының iргесiнен тарайды. Екi ел арасында нақты болған оқиғаның драма материалы екенiн ұғыну – жас қаламгердiң жазушылық көрегендiгiн аңғартады. Бұл ретте Әуезов Шекспирдi еске түсiредi.

«Махаббат машахаты», «Жазғы түнгi түс», «Виндзор қулары» – Шекспир осы үш-ақ шығармасының оқиғасын өз жанынан шығарған, ал қалған пьесалардың сюжетi басқа авторлардың шығармаларында айтылған жәйттер.

Қазақ тiлiне Әуезов аударған «Отеллоны» алайық.

Зерттеушiлер трагедия сюжетi жазушы Джиральди Чинтионың новелласы сюжетiн қайталайтынын көрсетiп отыр. Тiптi ұсақ деталь ұқсастықтары да бар екен. Бiрақ байыпты үңiлген адам екi шығарманың арасындағы жер мен көктей айырмашылықты көредi. Чинтио новелласының идеясы – қызғаныштан туған қанды кек. Новеллада Мавр мен Дездемона арасына пәле оты тасталады. Мавр Дездемонаны өлтiредi. Ал Шекспирдiң ұлы драмасының түп қазық сарыны – қызғанышты көрсету емес, алданған сенiм зары, тапталған махаббат трагедиясы.

Жас Әуезов халықтық аңыздың бұрынғы пайымдауларына жаңа, мол өзгерiстер енгiзiп, шын мағынасындағы сахналық шығарма тудыра алғанын көремiз.

Әуелгi варианттарда Кебек пен Еңлiктен басқа бiрер адамның ғана есiмi аталса, пьесадағы персонаждар: Еңлiктiң әкесi Ақан, шешесi Қалампыр, Абыздың әйелi Таңшолпан, Еңлiктiң әмеңгерi батыр Есен, Найман билерi – Жомарт, Еспембет, малшы бала Жапал, Қосдәулет, Жәуетейлер – Әуезов өз жанынан қосқан соны адамдар. Рас, 1912 жылғы нұсқада аттары айтылмаса да, Еңлiктiң әке-шешесi, қойшы бала азырақ сөз болатын.

Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдiң жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетiнен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады. Сюжеттiк желiнiң тартылуы, композиция құрудағы шеберлiк қаламгердiң драма заңдылықтарын жақсы бiлгендiгiн көрсетедi.

Пьеса Абыз монологынан басталады.

«Жаратқанның жарлығына ризамын, аз ауыл тобықтының алақанына салған батагөйi қылды. Сақал шашым ағарғанша тұғырымнан тайғаным жоқ. Қарқара битөре, батыр-балуан әлi де болса алдымнан өтедi, оң батама ынтық болады. Келе жатқан күндердi, көмескiнi болжамасам да болатынына сенедi».

Нысан Абыз шынын ақтарып отыр, өзек жарды сырын айтып отыр. Ру намысы – оның намысы.

Кемпiрi Таңшолпан – Абыздың қас-қабағын баққан, соның күйiн күйттеген жұмсақ жан. Абыздың Таңшол пан, Таңшолпанның Абыз туралы сөздерiнен олардың өмiрiнiң тыныш жағаға, момын кәрiлiк қойнауына қарай бет алғанын аңғарамыз. Абыз ру таласының құйын додасына бел шешiп түсетiн адам емес, сырт көз, жай бақылаушы, бал ашып, болжам жасар батагөй ғана.

Өз елiнiң батырларының шоқпары жау тобына батым тисе, салқын қоңыр көңiлiне әлдеқандай бiр желiк, даурық кiргендей болады. Алғашқы көрiнiстерде Көбейдi, Матақты, Кембайды, Абызды туыстастыратындай бiр жәйт бар. Ол – төртеуiнiң де өз руларының атын естiсе желiгiп тұрғандығы.

Қарсы елдi қапысын тауып, жерге отырғызып кеткен әр қадам бұлар үшiн қисапсыз куаныш, зор бақ сияқты.

Кебек аты алғаш рет осы Абызға сәлем бере келген билер аузынан естiледi. Батырды сырттай мiнездеу бар. Сыр сипаты, адамшылық қасиеттерi емес, жаугершiлiк күндегi бiлектiң күшi мен жүректiлiк айтылады. Сақал, шашы аппақ қудай, дүние қамынан қалып бара жатқан Абыз да, сөз емшегiн сауып, тiл мен жақтарына сүйенген, өздерiнше жұрт намысын жыртқан болып жүрген арқалы билер Көбей, Матақ, Кембайлар – түгел мәз.

Селдей қаптап келiп, қайта басылған матайлар ашу-кегiнiң себебi алғашқы көрiнiстерде ашылмаса да, пьесадағы қабырғалы тартыс майданының өртi осы рулар арасындағы қырсықты бәсекеден лап беретiндiгiн iштей сезе бастайсың. Сахнаға Есен батырдың шығуы бұл ойды әбден бекiтедi. Ол да киелi шал, дәулескер балгер Абызды iздеп келген.

Кеудесi басылмаған батыр дауылдай ұйтқиды.

«Кездескелi iзденiп жүргенiм – өзiңнiң батырың Кебек», – деп салады Есен. Абыздың өзiмен ұстасып, кесесiп кеткенiн жасырмаған түрi бар.

Басында Көбейлердiң айтуында ер жүрек қаһарман боп суреттелген, соңынан Есен аузында оның ата жауы боп көрiнген Кебектiң Абыз алдына келу көрiнiсiне жiтi көз тiгiп қаласың. Кебек биязы, сынық мiнездi қалпын танытады. Шусыз, даңғазасыз салқын сабыр бар бойында. Өз қайратына сенiмдi адамдарда болатын жақсы iрiлiк.

Кебек: «Оқ астында, найза ұшында, кездесiп қалып жүрушi ем. Ажал күнiм қашан екен, соны болжап берсеңiз деп ем», – дейдi. Кебек характерiн өзiнше пайымдап, оның аузына соған лайықты сөз салғанымен, Әуезов бұл көрiнiсте, негiзiнен, «Еңлiк – Кебектiң» бұрынғы нұсқаларындағы дәстүрлi арнадан алшақтамайды. Абыздың: «Аруағың өрмелеп келе жатқан ұлымсың, жаман–жақсы сөз естiп жабығып қалмасаң», – деуi де тұрақты канон.

Қобызын алып сарнап, бал ашып ақыры былай дейдi:

«Қырда ма, тауда ма, таста ма, кешiкпей бiр қызға кез боласың, сол қызбен қосылып қызық, ұзақ дәурен сүресiң». Рас, бұрынғы варианттарда Абыз Кебектiң өлiмiн кесiп айтса, Әуезов пьесасында ол жоқ. Бiрақ жазмыш бұйрығы, тағдыр күшi деген жалған, қажетсiз сарынды мүлде алып тастай алмаған.

Абыз бата бередi. Бiрiншi перде сонымен бiтедi. Оның өзi де, кемпiрi де бұдан былай оқиғаға араласпайды. Алғашқы пердеде «Еңлiк – Кебектiң» бұрынғы варианттарынан не бар деген сұрауға жауап iздесек, мынаны айтуға болар едi: бiр-ақ деталь – Абыздың Кебекке бал ашуы. Қалған ситуацияларды: Абыздың үй iшiлiк тiрлiгiн, кемпiрiмен қарым-қатынасын, Көбейлердiң ел арасының әңгiмесiн айтуы, Кебектi сырттай мақтауы, бата тiлей келген Есен батырдың қылығы – түп-түгел соны жайлар, жаңа ситуациялар.

Қаһармандар характерi бiр-бiрiмен қақтығысқа келiп, пьесадағы өзектi конфликтi жылжып кетпегенiмен, бiрiншi пердеде үш түрлi мiнез-құлық ерекшелiгiн көремiз. Ру намысы деп қаукөкiректерiн соққан Абыз, Көбей, Матақ, Кембайлар бiр төбе болса, маңдайына тас тимеген батыр Есен мақтан күйттеп ол отыр, ашылып ақтарылмаған сыпайы батыр Кебектi iш тартасың. Нөсер төгер қара бұлттай тартыс қатайып келедi. Не болар екен?

«Ақанның үйi. Қысқы кез, айнала киiз ұстаған. Найза, шоқпар, ұстаған шымылдық. Ортада қазан асулы. Қалампыр от жағып отырады. Ақанның қолында таяғы бар».

Бұл ремарка болатын оқиғаға фондық қана қызмет атқармайды, сол дәуiрдiң тұрмыс кескiнiн де көзге елестетедi.

Еңлiктiң әкесi Ақан, шешесi Қалампырдың от басы ошақ қасындағы күңкiлiнен олардың өмiрiнен, мұң-шер, қайғыларынан Хабардар боламыз. Бұлар ұл жоқтығын зар тұтады. Дүниеден көшкенде артта қалған, жиған-терген мал-мүлiктiң иесi – мұрагер кiм? Еркек кiндiктi. Соңында ұлың қалса, атың өлмейдi, түтiнiң сөнбейдi. Ұлсыз адам – құрдым, қубас. Өлдi – бiттi. Ақан мен Қалампыр осылай шерлi ой толғайды. Тiрлiктегi аз медеу, қысқа қуаныштары – Еңлiк. Есенмен Ақан үйiнде және кездесемiз. Алғаш ұшырасуда сыр берген даңғой батыр сол қалпы. Қыз әкесiне:

«Еңлiк бұл күнге шейiн жауап берген жоқ. Сөзге сараң, бойына дарытпайды. Бүгiн өз аузынан байлаулы сөзiн естiгелi келдiм», – деп тағы да рабайсыздыққа басады. Еңлiк пен Есен арасындағы алғашқы шарпысу – шебер жазылған реалистiк, психологиялық диалог. Қыз бен жiгiттiң әрi Характерлерi ашылады, әрi тартыс өрбидi.

Даңғой Есен тiкесiнен қойып қалады. Сөздi қырмызыдай талдап жату оған бiтпеген қасиет. Бiр сезiм күйiнен екiншi Халге ауысуы да оңай. Тұтануы да тез, басылуы да тез.

Есен осалдығын бiлiп алған Еңлiк соған орай тiл қатады. Әйтпесе оның теңi даңғой, мақтаншақ, ұрт, аңғал Есен бе едi. Сөзбен алдарқатып, маңына жуытпаудың амалы.

Iзiн аңдып қыр соңынан қалмай жүрген Есен ашылды ақыры. Айтты. Көкейiн тесiп жүрген көмей ойын шығарды сыртқа. Бiтеу жара жарылды. Ендi сөздiң басы ашық. Туыс намысы емес, Есеннiң қуып жүргенi өз күйi. Еңлiк сезiмiнiң тұнық айдынын Есен атқан қара тас олқын-толқын еттi.

Күрделi психологиялық сәт. Есен сөзiн Еңлiктi еркелетуден бастап, қорқытумен аяқтады. Жас сұлуды құшу үмiтiнiң жiңiшке сәулесi жылт еттi де, сөндi. Сақтап келген көмбесiн Есен батыр ашуы мұң екен, шайпау қыз бас салды: «Әдептi бол. Қайнағалық жолыңды бiл», – дедi-ау. Бағынуы, илiгуi жоқ, кеуде қаққан өр қыз. Тосты, күттi Есен. Кiмдi-кiм...

Қыз жүрегi тулап тұр. Қызылға шүйлiккен құзғындай Есен түрi әлгi. Тұра ұмтылса, оның қолынан қорғансыз қызды кiм алар? Арашалар дос қайда? Паналайтын тұс қайсы? Үйден шыға алмай шөгiп қалған қарт әке ме? Бойы дiр еткендей. Жабы болып, жерге қарап өскен жоқ Еңлiк. Келер сөздiң кезегiн жiбермейдi ешкiмге, тайқи соқты деп Есеннiң өзi де айта алмас. Алдағы күннiң не дайындап тұрғанын көрiп алар.

Бiр iлмек тартыс байланды. Есен – Еңлiк арасы. Есен алам дейдi, Еңлiк бармаймын дейдi. Мүмкiн, Есен сезiмi рас та болар, бiрақ Еңлiк көңiлi оған аумаған. Қайшы тiлектер тартысы. Конфликт дегенiңiз де осы ғой.

Драматург Еңлiк пен Кебектiң тұңғыш кездесу сәтiн психологиялық жағынан жақсы дайындаған. Еңлiк басына бұлт үйiрiлген. Сүйiспеншiлiктi аңсаған жас сұлу өзi ұнатар, жүрек қалар жан кезiксе, қалтқысыз құшақ жаярдай. Кебек атты жас батыр даңқы шартарапқа жайылып, Еңлiкке де жеттi. Батыр ғана ма. Төрт құбыласы түгел келген сегiз қырлы дейдi ғой. Жұрт мақтаған жiгiт қызға жақпасын ба. Көрсе өзiн. Бiрақ ол жау рудан, жаттан емес пе.

Сол Кебекпен Еңлiк өз үйiнде кездесiп отыр. Аң қуған батырды тағдыр өзi айдап келдi. Сөз саптасы, жүрiс-тұрысында басқаны былай қойғанда, әйтеуiр батыр атаулының дертi тәрiздi мiнез – тасырлығы жоқ екен. Еңлiктiң өзi, әкесi, шешесi, қойшы Жапал болып төрт жақтан қыстаған соң, Кебек қонақ кәдесi ретiнде бiр әңгiме айтады.

Қоспасыз, желiксiз баяндау. Есен болса өз басының ерлiгiн қара борандатып, көбейтiп, өсiрiп айтар едi.

Рас, Кебек әңгiмесi пьесаның динамикалық жағын әлсiретiп тұр.

Есен мен Еңлiк шарпысуын жақсы драматургтiк шеберлiкпен берген Әуезов Кебек пен Еңлiктiң тұңғыш кездесуiн көрсеткенде, ол биiктен шыға алмай қалады. Автор бұл көрiнiстi психологиялық жағынан тиянақты дайындап әкелсе де, Еңлiк пен Кебек диалогтарын бұрынғы дәстүрлi ретпен, әсiресе «Жолсыз жазадағы» пайымдауға ұқсас өрбiтедi.

«Жолсыз жаза» поэмасында: Еңлiк айтады:

– Әй, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай, Мен жүрген бiр сорлымын бағым жанбай. Көрiнгенге көз сүзген көрсе қызар, Әдепсiз қыз дейсiң-ау әлдеқандай.

Кебек айтады:

– Әй, Еңлiк, сөзiң рас, нандым саған, Бәрiн ұқтым, жерiм жоқ байқамаған. Артқы өмiрдi әзiр бiз қоя тұрып, ойнап-күлсек қайтедi бiраз заман.

Қаза келсе малдыдан мал таймай ма, Ажал жетсе батырдан жан таймай ма. Азар болса күйеуiң жастау шығар, Жарлы байып, жас өсiп қартаймай ма.

Жас түзелiп, түрленiп ер жетпей ме, Бойыңдағы балалық бiр кетпей ме. Асыққандық емес пе, осы сөзiң, Жақсы әйел жаман ердi түзетпей ме.

«Еңлiк – Кебек» трагедиясында:

Еңлiк: Батыр, берi таман кел. Менiң әлгi айтқан арызымды тыңдап кет. ұйқыңыз қанар. Бүгiнсiз де түн бар ғой. Аз сөзiме көңiл бөл. Көрiнгенге көз сүзген әлдеқандай қыз деп тұрған шығарсың. Бiрақ сен батыр болған соң, мен шынымды айтсам түсiнер деп отырмын.

Кебек: Еңлiкжан, сөзiңдi ұқтым, бiрақ бүгiнгi күннен үзiлдi-кесiлдi сөз байлап, алды-артымызды тұйықтамасақ болмай ма. Жастықтың да достығы бар емес пе. Соны аужал қылсақ қайтедi. Күйеуiң жас шығар. Жас өсiп, жарлы байымай ма. Жаман болса жаман еркектi жақсы ұрғашы түзетпей ме.

«Жолсыз жазадағы» Еңлiк пен Кебектiң диалогы ретiнде келген шумақтарды Әуезовтiң пьеса жазу үстiнде пайдаланғандығы анық байқалады. Драматург жеке тiркестердi, сөйлемдердi алып өз қалауынша қайта құрастырған, қажетiне жаратқан.

Есен – Еңлiк арасы, Кебек – Еңлiк арасы айқындалады. Тартыстың, бiр қиырында – Есен, қарсы басында – Кебек. Сырттай қамшы сiлтескен орайлары бар. Драма заңдылығы бұл полюстердiң түйiсуiн талап етедi. Қилы қалыптағы Характерлердiң бiр мақсатқа ұмтылуынан туған конфликтiнi құнттау шарт.

Қысылып-қымтырылып жүрiп, булығып барып бұрқ еткен сезiм алауы Еңлiк көкiрегiн жылы нұрға малған. Арыстанның аузына тартылып бара жатқандай Халден құтқарған – Кебек. Риясыз, күнәсiз жастығын батыр жолына бағыштау – ендiгi өмiрдегi тiлек-қолқасы.

Тағы Есен. Драматург қалың тартыс ортасында бұл екеуiн әдейi түйiстiредi. Осының алдында сес көрсетiп, дүрдиiп жөнелген Есен ашуы тарқамағандай, ызғар шашқан бетi бар, дағдылы бүлiк.

Есен, Есен. Даңғой, мақтаншақ, өркөкiрек Есен. Екi қайырымға келмей, оңай алдауға түсiп қалар аңғал, аңқау, бала мiнез Есен. Бар қылығы өз бойына шақ батыр Есен. Кебекпен серт байласып, у„де қылған Еңлiктiң Есендi алдарқату көрiнiсiнде комедиялық шуақ күлкi бар. Сахналық жағынан өте сәттi ситуация.

Тартысты үстi-үстiне ширықтыру, психологиялық кризиске жада түрткi беру, сөйтiп қаһармандар келбетiн кескiндеу реалистiк драматургияға етене нәрсе. Шекспир Гамлеттi де, Горький Булычовты да, Ибсен Пер Гюнттi де, әлем драматургиясындағы толып жатқан iрi Характерлер осы тәсiлмен қалыптанғаны аян.

Қаражартас түбiнде Есен, Еңлiк, Кебек кездесiп қалды. Осыған дейiн үнемi контрастыда алынып келген екi батыр түйiстi. Абыз алдына әуелi Есен, соңынан Кебек барады. Еңлiкке Есен тiзе батырса, Кебек құшақ жайды. Жан дүниелерi, iшкi сарайлары, сезiм-түйсiгi, ақыл-бiлiмi бiр-бiрiне кереғар. Дуэльге шыққандай Есен, Кебек. Бұл кездесу «Еңлiк – Кебек» пьесасындағы ең күштi ситуацияның, сахналық эффектiсi орасан зор, диалогтары өте шыңдалған жерлердiң бiрi.

Есен Кебекке, Кебек Есенге ұқсамайды. Бұл екеуiнен Еңлiк алабөтен. Әрқайсысының сөзi олардың характерiн дөп басып танытады, диалогтар оқиға дамуына қойылған от сияқты. Сырттай тiстесiп, бiлектiң күшi мен жүректiң сұстылығын ғана емес, жар сүю бақыты табалдырығы алдында бақ сынасып қалған батырлардың қордаланып жиылған ашу ызасы да, көкiрек кергiзiп жүрген менмен өзiмшiлдiгi де аяқ астынан жарылады. Тамаша!

Бiрiне сенiп, сүйiп, серт берiп, жар тұтса, екiншiсiн арқадан қағып, аңғал деп, алдаусыратқан қыз желдi күнгi өрттей жалыны бет шарпыған қос оттың ортасында қалды. Тар кезең, тас босаға. Характерлер дойыры қалай-қалай сермелдi.

Қылыш жүзiне табан басқан қыз қадамы не болмақ.

Айлалы Кебек Есен көзiнше Еңлiктi мүлде танымаған, бiлмеген кiсi сияқты. Сөзi Еңлiкке арналғандай болғанмен, жалыны Есендi шарпып тұр. Қазақ дәстүрiндегi қайнағалық, келiндiк жолына мегзейдi. Кебектiң ащы кекесiнi тартысқа, белдесуге бастап отыр. Мұндайдан соң шұғыл мiнездi, басынан құс ұшырмайтын Есен шыдап қалмауы керек, оның характерiнiң табиғи логикасы сол.

Кебек мақсаты сөз жарыстыру емес, Есеннiң iшкi сарайын аңдау. Өресi мен ауқымына, деңгейi мен тереңiне құрық тастап байқап көру.

Еңлiк алдында Есен мiнiн бетiне басу. Әлдекiм, тентiреген бөтен рудан өзi. Шыдамас Есен бұған. «Қыз сынына толам десең, өзiң биязы бола бер. Еңлiк менi сынап болған», – деп Есен Кебектi жер қылғандай масаттанады. Түбiр сөздiң түйiнiн айтқандай мәз. Ағайын-туыстық рәсiмi, қазақшылық ретiмен келгенде Еңлiктiң келiнi екенiн естен шығарған. Жөн-жосыққа жүйрiк Кебек қырқадан бiр-ақ шалды. Есендi шауып түсiрдi. Не демек бұған, айтар жауап қалды ма. Ашу қысып, көкiрек кернеп барады. Құзар жартас басында соқтығып қалды қос арқар. Ызасы қайда Есеннiң... «Шық, жекпе-жекке». Мiне, мiне. Ашу, ашу ғана сыйынғаны. Кебек те тұтанды. «Айбынды батыр сен болып, қашып кететiн қатын мен боламын ба?» Жүрегi қобалжымай, таймай соғар сыңай ғой. Есен бойын долылық кек толқыны дiрiлдетсе, Кебек ес тiзгiнiн босатпаған. Шоқпары мен улы тiлiн қоса сiлтейдi. «А-а... Кел, кел... Сырлас келiнiңнiң алдында мақтанайын деген шығарсың». Екi батыр – екi мiнез. Бiрi ұрт, тарс ашу, кеудесоқ, екiншiсi – сарабдал, айдынды, өр. Бiрi – байыпқа бармас, тыз етпе, екiншiсi – кеулей қозғар кеңқұлаш.

Қанды қара қанжардай шартта-шұрт келiп қалған батырлардың арашашысы – естi Еңлiктiң жалғыз ауыз сөзi.

Қылықты қыз екеуiне де байсал табар жөн айтты. Аяқ астынан болғалы тұрған өлiмдi тыйып тастады.

Шын батыр уәдесiнде ұдай тұрар, Кездесiп қира кезiк тұрған шығар, Бой берiп сабыры мен ақылына Уәделi сәттi тосып әлi шыдар.

Жалғыз ауыз өлеңмен Кебекке сыр аңғартады, қыз бойында жарасымды наз да жоқ емес. Бiрiн-бiрi таптап тастар кекпенен тұра ұмтылысқан батырлар Еңлiк лебiзiнен кейiн сабаларына түскен секiлдi.

Есен (терiс қарап): Маған айтқан жұмбағы ғой. Уәделi үш күнiне шыдармын.

Кебек: Маған айтты. Кетiп қалма, тос дегенi.

Қыз емеурiнiнен ашу жүзiне түскен болар-болмас шуақ сәуле бар. Есен – Кебек арасы күн мен түндей. Арада бұрын әлдеқандай буалдыр болса – айықты, жiп болса – үзiлдi. Екеуi екi жартас басында. Ортада өшпендiлiк өзенi. Я өлiм, я өмiр. Еңлiктей аруды не Есен құшады, не Кебек құшады. Жол бiреу-ақ. Не Есен Кебектi өлтiредi, не Кебек Есендi өлтiредi.

Трагедиялық конфликт қыл шылбырдай ширатылып барады. «Кездессек сол жерде оң-терiсiмiздi найзаның ұшы, бiлектiң күшi айырсын», – Есеннiң соңғы сөзi, батырлардың серт сөзi. Кебек пен Есеннiң кездесiп қалған сәтi Еңлiк үшiн қияметтiң қыл көпiрiндей едi, құтылды одан: Аңсап тапқан жары, жалғызы – Кебекпен тартты сапарға. Баянды, ұзақ өмiр болғай. Махаббаттың жалын құшағындай тiрлiк тiлейдi тағдырдан. Өртенiп табысқан жан досы үшiн ата-ана, туған жер, ыстық ұя – бәрiн қиды дүниенiң. Сезiм күйiнiң тоқсан тоғыз тамырды солқылдатқан сыры.

Қош, ел. Қош, балалық. Ендi Еңлiк Кебектiкi.

Ғасырлар бойы қалыптасқан Халықтық поэзияның дәстүрлi iзiмен астасып жатқан Еңлiктiң қоштасу өлеңi жүректi сыздатып, көкiректi қысады.

Не бар осы өлеңде?

Қыз жаны жасырын құпиясының ашылып қалған сыры бар. Бой жетiп, сүйiспеншiлiк шоғына өртенiп, махаббат дариясына құлаш сермеп, қиын қиырға беттеген жанның мақсат-бағдарсыз өз бетiмен тартып бiр кеткен күйi ғой. Шiдер үзiп бара жатыр. Өрiс қайда, бет қандай. Кешiр дейдi ата-ана. Бәрiбiр еркелiкпен, баяғы бала күндей тағы келiп асылса мойынына, тастар ма едi, қияр ма едi.

Не бар бұл өлеңде?

Алтын босаға қадiрi-ай. Жақын-жуық, дос-жаран. ұмытар ма сенi адам. Сендер түгiл қырқа-бел, өзен-тоғай, қара жартас та сезiм бүйiрiн тоқ етiп жатқан балалықтың сөнбес шырақ естелiгiндей, алтын жамбы, бәйтерек iспеттi.

Қимайды, қайтсiн бiрақ. Жаңа толқын, қуатты арна тартты, әкеттi құшаққа, ыстық махаббат құшағына.

Не бар бұл өлеңде?

Мұң боп төгiлген көздiң жасы бар. Күрсiнiс боп шыққан шердiң уы бар. Жылап тұрып күлген, ертеңiне ұмытылып буыны босаған, сүйiспеншiлiк қызуына балқыған жастың мұңлы күйi, жүрек жарды сыры бар.

Тыңдайық Еңлiк сырын.

Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттiм,

Тентек ел талқысына тастап кеттiм.

Болсамда шұбар жылан iштен шыққан,

Қарғамас деген сенiм сақтап кеттiм.

Туған ел, амандасам жас-кәрiңе,

Бiрге өскен құрбы-құрдас, дос бәрiңе.

Жарасқан әзiл-сауық, аға, жеңге,

Аласың менi не деп естерiңе.

Аман бол, Найза шоқы, тоғайлы өзен,

Өрiстен қой асатын тұмсық кезең.

Бөрлi мен батыр шыққан Қарауылым,

Ен дала көркi болып жалғыз безен.

Бiлмеймiн қандай асу жолда жатыр.

Құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр.

Сыйынып аруақ пенен бiр құдайға

ұстадым етегiңнен, баста, батыр.

Еңлiк пен Кебек бостандық жағасы, бақыт мекенi, сезiм еркiндiгi қайдасың деп тартып кеттi. Есен – Еңлiк – Кебек линиясындағы конфликт байсал тапқан сияқты.

Бiр қарағанда ғана солай. Екi ру арасындағы күрес әуелде Көбей бастатқан билердiң сөзiнен төбе көрсеткен. Сол тартыстың бiтеу жарасының бетi тағы ашылды. Бiрiне-бiрi өш, жау екi ру арасындағы арпалыс қайта қоздады. Биiк құз басынан жөңкiле құлаған тоқтаусыз селдей ру араздығына ауыздық болар күш жоқ ендi. Жалын шашқан жанар таудай сұмдық пәле екi жастың өмiрiне қатер төгiп, төнiп келедi. Ру арасындағы жаңа шайқасқа Кебек пен Еңлiк iсi сылтау. Дабырайып өсiп, шегiне жете сыздаған алтыбақан алауыздық бұлтының түйiсуiне кездейсоқ бiр оқиға, титтей себептiң өзi жарап жатыр едi.

«Кездейсоқтық ешқандай қызмет атқармаса, тарих мистикалық характер алған болар едi», – дейдi Карл Маркс. Құбылыстың терең шыңырауында, қат-қабат қалтарыста жатқан заңдылық сыртқа шықпай қоймайды, кейде ол кездейсоқтық арқылы көрiнiс бередi.

Бiр орталыққа бағынбаған, әрқайсысы өзiнiң ұсақ мүддесiн қызғыштай қорыған рулар арасындағы жұлқыс – феодалдық қоғамның негiзгi қайшылығынан туатын үлкен трагедиялардың бiрi. Бұл ойран ұсақ мемлекеттердi жүйкелеткенiн орта ғасырдағы Германия мысалынан көрсек, жеке рулар бейберекеттiгiнiң бiр халықтың басына қан жаудырғанын Қазақстан тарихынан аңғаруға болады. Iштей қырқысып, жүйкесi құрыған қазақ хандығы XVIII ғасырдың басында қалмақтардан жеңiлiп, босқынға ұшырайды, ел басына қаралы күн туады. Ру таласы, сол орайдағы қастандық – жеке адамдардың өмiрлерiн де масқараға ұшырататын пәлекет.

Алғашқы Еңлiк үшiн сұмдық пен зорлық жалғыз Есеннен ғана шығатындай көрiнген. Кебек тосқауылы да сол болатын. Ру арасының ызғары жаңа жеттi. Дауыл көтерген мұхит толқынындай дүлей күш өрлеп келедi. Күдер үзiп, бөтен жұрттың, жау жақтың батырының етегiнен ұстап кеткен Еңлiктi бөтен ел аяр ма? Бәрiнен де жер боп қалған, өкiнiш уын шеңгелдеп отырған Есен ашуы қандай?

Кебек – Тобықты баласына пейiлiн салып, екiталай күнде жанын шүберекке түйiп, бiлектiң күшiмен қамал бұзып, жаттан қорғап, қан кешкен жаужүрек батыр. Пана таптырар, өз руы бауырына алар деп сенедi.

Пьесадағы конфликтiнiң үдеп барып, асқынып кеткен тұсы екi ел билерiнiң тоқайласу сценасы. Өмiрлiк қайшылық көркем образдар арқылы өнер тiлiмен тамаша көрiнiс бередi. Бұл жерде Еңлiк пен Кебек оқиғаға араласпаса да контраст өз-өзiнен байқалып тұрады. Оларға деген симпатия молая түседi. Билер сценасын демiңiздi iшiңiзге тартқан жiтiлiкпен қадағалайсыз.

«Еңлiк – Кебек» пьесасындағы билер сахнасы – аз-кем стильдiк өзгерiске түскенмен, түптеп келгенде, 1922 жылғы күйiн сақтаған. Тұрпайы социологизмнiң кемшiлiгiнiң бiрi – әрбiр образдың бойынан тек таптық белгiнi iздеу едi. Олар Максим Горькийдiң: «Таптық белгiнi адам бетiне жапсыра салуға болмайды; таптық белгi сойдиған сүйек емес, ол iшкi сараймен, жүйке тамырмен мидай араласып жатқан жанды дүние; құр таптық белгi адамды көркем кескiнделген характердi бере алмайды», – деген теориялық байламынан мүлде шалғай, алшақ, жаңсақ «қисындарды» ұсынды.

Әуезов пьесасындағы билер сценасының көркемдiк қуаты осы Горький айтып отырған таптық белгiлердiң сырт бояу, жапсырынды нәрсе ретiнде көрiнбеуiнде жатыр. Қайсысын алсаңыз да бәрi бiр: мейлi Кеңгiрбай, мейлi Еспембет, мейлi Көбей, мейлi Қараменде – тосқауылдың тас босағасында характерлер ашылып, iшкi толқын, жан дүние сыртқа шығып тұр. Әрқайсысының аузынан дауылдаған, қараборан сөз тасқыны ақтарылады. Өздерi қандай кесек – Алатаудың жақпар-жақпар биiк тұрғы шыңдарындай.

Еңлiк пен Кебек қылығын екi ел дауының сылтауы етiп ұстаған билердiң шешендiгi, орақ тiлдi, от ауыздылығы салған жерден таң қалдырады. Алыстан орағытып, қара бояумен түнерте жүйткiген Кеңгiрбайдың ұзақ монологы iркес-тiркес. Көзге түртсе көрiнбес қара түндей қап-қара пәлекет ортасында қалған қабан би қарманғандай: қорықпасқа қайран жоқ, кешегi өзi салған ойран, өзi жасаған тепкiнi сонау Найман қайта әкеле жатыр.

Ашуды намыспен жанып, оған кектiң уын құйып, iзденiп жұлқынып келедi жау. Дұрыс болсын, бұрыс болсын өктеген соң, жеңсiн би. Көкiректi бастырмай, дұшпаныңды жер қылып, таптап, шауып, табаныңа салып өт. Солдағы тағдырдан тiлер бiр тiлек – зор тiлек. Кеңгiрбайдың қабырғасына Кебектiң өлiмi, я бiр Матай қызы тiрлiгiнiң өшуi батып бара жатқан жоқ. Өз намысы. Сынбаса дейдi өз сағы. Кеңгiрбай бiрер рет қана сахнаға шығады – әуелгiсi алыс дауыл хабаршысындай билер сценасы басындағы өз толғанысы, соңғысы кесiк айтар кезең. Қазақ топырағында туған айрықша бiр образбен жүздесемiз. Қаттылық, мұз суықтық бейнесiндей сұсты образ.

Екi ел билерiнiң сөзбен балталасатын көрiнiсi сахналық әрекетке өте бай. Баста Кеңгiрбай бiр жаққа кетедi.

Қараменде келедi; наймандардың алғашқы бүлiгi – таяқ жеген тобықты жiгiтi; дау, Қараменденiң сөзi; Есеннiң жұлқынып тұруы; тоқтам, сырттары халық үнi; Кеңгiрбай– дың қайта оралуы; Қараменденiң шекiсуi; ақырғы байлам – iшкi әрекет те, сыртқы әрекет те мол.

Бұл көрiнiс – үрейлi, қорқынышты көрiнiс. Шу дегендегi Кеңгiрбай монологынан бұзылған атмосфера сәт сайын қапырықтанып, түнерiп, қан иiсi шығып келе жатқандай болады. Наймандардың алғашқы дабырының өзi ұрыс-керiс, жолдағы тобықтыларды дүрелеу. Доңайбат, жарылғалы келе жатқан сұмдық ызғары. Түкпiрдегiнi болжайтын залым билер Кеңгiрбай, Көбейлер бетке Еспембеттi ұстағаннан шошып күнiлгерi топшылайды – Найман аямайды бұл жолы. Табан тiреп тұрарға жүрек дауаламайды – Кеңгiрбай Көбейге емеурiн бiлдiредi.

Көбей мен Еспембеттiң алғашқы оқтары атылды. Көбей бейғам едi, бас салған Еспембет.

Шашып тұр Еспембет, бет қаратар түрi жоқ. Запырандай ащы кек көзiне қан толтырып, жауына ұмтылдырып тұр. Бiрден табалап, таңбалап қойды: қылығы асқан қырыс Тобықты. Айып арқалап отырған Тобықтының биi бұған қозғала қоймайды, ашуға ашу емес, отқа су құйғандай сөз тастайды. Iздегенi Еспембеттiң ол емес – айқас. Тартынса да Көбейдi сүйреп шығар ерiксiз. Шымбайына шоқ түссе, аянып қалмас олдағы.

Көбей мен Еспембеттiң тартысы қурап тұрған шөпке тиген от секiлдi. Бiр сөзден бiр сөз туып, өрбiп, бiрiн-бiрi итерiп, жылжып, кесапатын жан-жағына шашып, усойқыдай жайпайды. Көбей бiтiмге қарай, тыныштыққа қарай табандап тартса да, түп етектен мықтап шеңгелiн салған Еспембет ұмар-жұмар түсе бередi. Не өзi қаусау, не оны қаусату. Әп-сәтте екеуi де сыбанып, қанды суға күмп-күмп шомады. Басталды соғыс.

Еспембет (ызғарланып): «Уай, Тобықтының баласы, Матай Тобықты болып тұрған күйiнде атыстың, шабыстың, бұл iсiң алты алашқа әйгiлi болған. Тобықты шаялығыңды қылдың ба, бiлегi жуандығыңды қылдың ба. Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың. Атақонысынан iргесiн аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбiдей пiсiп жүргенiңде, әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Ендi мiне, шарпуыңды Матайдан асырып Найманға тигiзiп отырсың. Жетiп отырған жесiрiмдi бiр тентегiң ат сауырына салып әкетiп отыр. Ағайын ұзында өштi, қысқада кектi емеспiн. Бiтiм сұрап кiсi салсам, бақайыңнан келтiрмейсiң, мына Найманда алынбай жүрген кегiң, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе, мен Тобықтының қоңсысы емеспiн, мынауыңа билiгiңдi айт».

Еспембет содырлы жуан сойылын соғып кеп отыр.

Қырық жылғы дауды қозғап, баяғы соғысты айтып, ескi кектi көлденең тартып, жаңа сылтауды Тобықты бетiне шыжғырып басады. Алқымы зор, даусы ащы, з„рлi тiлiн жауының бүйiрiне аямастан қадайды. Ауырмақ түгiлi жаны шығып кетсе қыңқ дер ме екен, Еспембет.

Көбей тәсiлi – шабуылдап, бой тасалап қорғану. Бiрақ бұғып қалу әдетiнде жоқ. Арғы-бергiнi қазған Найман биiне қиялап келiп, Матайдың да тышқан мұрнын қанатпайтын момын еместiгiн ескертедi. Екi рудың ашуы, ызасы, күйiгi, билердiң iшкi-сыртқы құбылысы, қос-қыртыс мiнез-қылығы көрiнiс бередi.

Жаны қайыстай сiрi, көкiрегi жылымас тас бауыр Еспембет Еңлiк пен Кебектiң қанын суша төгiп, Тобықтыда кетiп жүрген есесiн сонымен алмақ. Қызылға ұмтылған қасқырдай өршелене өктейдi. Қатыгез, сұм заманның безбүйрек перзентi.

Сөздiң майын тамызғанымен, кеселдi түйiн шешiлiп, кердең мойны кесiлерге келгенде, Көбей табан тiреп тұра алмайды. Еспембет салмағымен басып барады.

Екеуi де ағып тұр. Жаттанды, көкжасық бiрдеңе емес сөздерi. Жандарынан шығарып, табан астынан суырып салып кескiлесiп жатыр. Даудың қабат-қабат толқындары бiресе Көбейдi көмiп-көмiп кетiп, тұншықтырып тастағандай болады. Бекер. Қайта ұмтылады сыбанып екеуi де. Еспембет: Мен тұщы етiме ащы таяқ тидi деп отырмын. Көбей: Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң мен билiк айтпаймын.

Еспембет: Сенiң қырмызыдай талдап шығарған сөзiңе мен ере алмадым.

Көбей: Иттiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар.

Қорғасын оқтай тиген жерiн ойып, күйдiрiп, тесiп кетiп жатқан сөздер. Аспанға шапшыған ашу да, қапияда жол тапқан тапқырлық та, өрiсi биiк ой да, бұлтартпас логика да, кегежеден тартқан кесiрлiк те, тапталып жатып, мойынсұнбаған ерлiк те – бәрi де бар. Қиын-қыртыс Характерлердi дәл бейнелеген тамаша драмалық тiл.

«Тура тұрысатын жерiңдi айт, менiң қолым жасанып дайын тұр». Ақыры батырын қимайды екен ғой, онда дауды қан майдан шешсiн. Iрiсiнiп, жалын күдiрейткен, сөзден ұпай жiбермей, Еспембеттi шаужайдан алған Көбейдiң аузына құм құйылған-ды.

Бiр сәт сөз түйiнi осымен тынып, конфликт тұйықталғандай болады. Бiрақ Әуезов тартысы сатылап өрiстейдi, ең қиыр, шырқау шегiне жеткенше табиғи заңдылығымен өрбiте өсiредi. Бiткен, тынғандай сыңай танытқан екi ел дауына ара ағайын – Қараменде килiгедi. Үш үлкен ұзақ монологтан бұл бидiң де аужайын түйемiз. Ол жайлы, жайсыз бәйгеге талай шапқан кәрi тұлпар, дiлмәрлық пен шешендiк таласының небiр қалтарыс-қолтығы, ұңғыл-шұңғылы көне көзден әлi қағыс қала алмайды.

Қараменде Еспембеттей нойыс, бiрмойын, кесiр соққандай қырсық та, Көбейдей майтабан жалтақ, солқылдақ та емес, тұп-тұтас берiлiп кетпесе де, бiр бүйрегiмен жұрт қамын қоса ойлар, әдiлдiкке бой ұрған би. Бiрақ сол әдiлдiгi ел аман, жұрт тыныштығы, күннiң бетiн бұлт бүркемеген шақтағы ауызбен айтылған әдiлет. Қиянаттың қияңқы бораны түтеп кеткенде, атқа қонар Қараменде жоқ, оған да өз басының тыныштығы қымбат. Кәрi құлақ, көне көздер есiнде ғана қалған сонау алыс заманды, өз заманын марапаттай, қолпаштай айтқан Қараменде Еспембеттердi жер қылады, табанға басады. Адам танығыш сұңғылалығы салған жерден айқын. Найман биiн де, Тобықты биiн де басқа соғып, көзге шұқып, ат қойып, айдар тағып бередi.

Өктем iрiлiк пен қара қылды қақ жарған әдiлдiк тiзгiнiн ұстағандай көрiнген Қараменде жеме-жемге келгенде майысқақ Көбейден алысқа түспейдi.

Әр түрлi характерлi Кеңгiрбай, Еспембет, Көбей, Қараменделердiң ортасында Есен жөнi тiптi бөлек. Еңлiктен айрылып жұлыны үзiлген Есен қанын iшiне тартып алған, ол ендi өртенген намыстың құлы. Бұл жолда өлiп кетсе де арман қылмас.

Қараменде омыраулап, Найман жағы аз-кем жасып, Еспембеттiң өзiнiң мойны iшiне кетiп бара жатқанда, аттанып ұмтылған Есен. Бұл орайда Кебекке қарсы тип Есен жауыздығымен қырсық шыңның басынан табылады.

Бейне дүние тұтқасын ұстағандай, ақ-қараны ажыратар қазыдай боп отырған билердiң айдынынан Есен қаймықпайды, қайта олардың төбесiнен қараған дүлей iрiлiк пен кеудесоқтығы атой бередi. Есен сөздерiнде алыстан орағыту, астарлау, шендестiру, теңеу, әр түрлi қияға соғатын емеурiндi егес, кекесiн сияқты билер тiлiне хас компоненттер жоқ. Ол тоқ етерiн айтып қарап отырады. Тобықтылар түгiл өз ағайыны Еспембеттi аяп қалар Есен жоқ. Шегiне жеттi, соры қайнап, сорпасы төгiлдi – есесi Кебекте.

Еңлiк, Есен, Кебек арнасындағы конфликтi қайтадан қабарып, iсiнiп кеттi. Кебек Есеннен Еңлiктi тартып алса, Есен Кебектен өмiрдi тартып алмақ.

Ситуация трагизмi Тобықты билерiнiң соңғы кеңесiнде тiптi күшейте түседi. Масқара қырсық – рулық тартыстың жылдар бойы бiтпей келе жатқан жарасын Кеңгiрбай да, Қараменде де бiр-бiр тырнап өтедi. Олар қыл үстiнде тұрған Кебек пен Еңлiк тағдырын былай тастап, бiрiн-бiрi бас салады. Кәрi арландар ескi кектi ұмытпаған. Жас батырды арашалап, қорғап қалу орнына аз Тобықты өзара қырқысады. Соңғы байлам, билiк Кеңгiрбай аузынан шықты – қорғамайды Кебектi.

Тұтас әрекет, асқынған жерiне жеткен түбiрлi конфликтi ай-шайға қаратпастан пьесаның соңғы актiсiнде романтикалық махаббат иелерi өмiрiнiң ақырғы сәттерiн бейнелейдi. Иесiзде жатқан Еңлiк пен Кебек диалогтарында ыстық тiрлiк, қызық дүниенi сүйiспеншiлiк үшiн, бостандық үшiн құрбан еткен жүрек жарды сырлары ашылады.

Тобықты билерi табан тiрерге жарамай, опасыздықпен ит–жемеге тастағанын Кебек те, Еңлiк те сезбейдi. Кон– фликтiнiң трагедиялық шешiмiмен олардың Хабарсыздығы бұл көрiнiстiң сахналық эффектiсiн, психологиялық әсерiн ұлғайтып, екеуiне деген симпатияны тереңдете түседi. Конфликтiнiң әбден шешiлiп бiтер кезiндегi характерлердiң құбылысы, өлiм жарқабағында тұрған сәттегi жан дүние ситуацияға терең байланыстырылып заңды кескiнделедi.

Генрих Ибсен жазады екен: «Мен қаһарманымның жүрiс-тұрысын, мәнерiн, даусын, ең аяғы түймесiне дейiн көз алдыма әкелуiм керек. Содан кейiн тағдыры байсал тапқанша, мен оны уысымнан шығармаймын». Ұлы драматург творчество психологиясының бiр қырын дөп басып айтқан. Расында да шын суреткер образдың iшкi шындығына қайшы келетiн дүниенi жамап-жасқамайды. Әр уақытта характердiң табиғилығын, шын өмiршеңдiгiн зерлеп, оған қысас жасамайды, өз жанынан зорлап ештеңе таңбайды.

Характердiң толық ашылып, тұтас көрiнiс беруiне ситуация, драмалық жағдай әсер етсе, екiншi жағынан ол ситуацияның жаңаруына, басқаша қалыпқа түсуiне өз тарапынан ықпал жасайтын күш-характер. Әсiресе драматургия жанрына хас бұл заңдылық «Еңлiк – Кебек» трагедиясында айрықша анық көрiнедi.

Образдың тек бiр-ақ құштарлық аясында қалмауы –реалистiк әдебиеттiң ежелден келе жатқан талабы. Пушкиннiң Мольерден гөрi Шекспирдi анағұрлым артық бағалауы ұлы ағылшын драматургi жасаған қаһармандардың iшкi сарайының кеңдiгiнен, олардың көкiрегi қилы сезiмдер, күйлер, ойларға толы болғандығынан шыққан нәрсе сияқты.

«Еңлiк – Кебектiң» аса құнды қасиетiнiң бiрi – қаһармандардың жан-жақтылығы. Негiзiнен ұрт мiнездi көрiнген Есеннiң өзi әр түрлi халден, күйден хабар бередi. Ол жар сүюге ұмтылады. Еңлiктiң қалай ойлайтынында шаруасы жоқ, өзi ұнатты – бiттi.

Кебектiң үстiнен түскен кезде Есен образының соңғы бояулары жағылады. «Мен сенi iздеп кеп тұрмын». Есен Кебек қолынан қаза табады. Бұл өлiм сахналық шұғыл әсер үшiн драматургтiң қолдан жасаған амалы емес. Интеллект жағынан Еңлiктен де, Кебектен де көш кейiн, махаббатты, еркiндiктi түсiнуi дөрекi Есен пьесаның ұзына бойына үнемi рухани жеңiлiс тауып отырады. Ашығын айтқанда, Еңлiктiң Кебекпен қашып кетуi Есен жеген таяқтың ең зоры. Соңғы актiдегi Есен өлiмi – оның барлық ұтылыстарының, жер соғып қалуларының заңды түрдегi қорытындысы, күйреуi.

Қаталдық, әдiлетсiздiк, зұлымдық, қаражүректiк Еңлiк пен Кебекке Еспембет боп жетедi. Өз күшiгiн өзi жеген қасқыр iспеттес билердiң ырғасып-ырғасып, ақыры тапқан жолдары – Еңлiк пен Кебектi өлтiру. Сол сұмдық үкiмдi өз қолымен орындаушы – Еспембет.

Қара тастай қатты би жұлқынып шыққан сәтiнде жауыздықтың бейнесiндей болып елестейдi, символдық күш алады. Өлiм алдындағы үш тiлектi беруi – Еспембеттiң мол қолдығы мен кең қолтықтығын көрсетпейдi, ол – ескiлiк жолын бұзған, ата-баба дәстүрiн аттаған екеудiң қыршынын қияр сәттегi улы кекесiн. Алсын мейлi, бәрiбiр аздан соң жер құшады деген немкеттiлiк.

Бұл көрiнiсте Еспембет бойынан жендеттiк, мұз жүректiк қалпын көремiз. Кебектiң оны атпауын Еңлiк тiлегiнен деп түсiну бекер. Феодалдық замандағы өмiр қайшылығының сорақы бiр көрiнiсi пьесаға арқау болып отыр. Еспембеттi атып жiберген күнде де, жеңiс бәрiбiр Еспембеттер жағында.

Эстетикалық, идеялық жүк арқаламаған кездейсоқ өлiм шығарманың көркемдiк қуатын әлсiретедi. Сондықтан Кебектiң кезенiп барып, тоқтап қалғаны драмалық әрекет ретiнде өте сәттi.

Азат сезiм еркiндiгiнiң, махаббат шуағының бал бақытын татқан Еңлiктiң өлер алдындағы асқақтығы Еспембеттiң тас бауыр қатыгездiгiнен моральдық жағынан сонау биiкте тұр. Бұл моральдық жеңiс феодалдық құрылыстың денесiндегi жарықшақтың бiрiн тереңдетер, жүйкеге түсер сызат. Бiрақ Кебектей батырдың өзiнiң жауына қанжарын сiлтетпей тұрған заманның зiл батпан қайшылығы, торлаған тұман, надандық атты дүлей, топас, соқыр күш. Еспембет соны iске асырушы. Еңлiк пен Кебек екi елдiң рулары арасындағы итжығыс тартыс, жерге, суға таласу жұлқысының, заман қайшылығының, қасiреттi қоғамның қисық тәртiбiнiң құрбандары.

«Еңлiк – Кебек» пьесасының олқылығын айтқанда, 20-30 жылдардағы сыншылардың негiзгi табан тiреген дәлелi – шығармаға автордың өзi жазған алғы сөз. Рас, драматургтiң оқушыға арналған беташарында қайшылық бар, оны жасыруға болмайды, асыра көрсету де жөн емес.

Әуезов оқушының, көрушiнiң алдына қазақ тарихында болған бiр уақиғаны тартатынын айтып, «оны оқығанда, көргенде жарықтық баяғыда өткендер «надан», «бiлiмсiз» деп көкiрек керме, өзiңмен салыстырып көр».

Бiрақ ол бұл пiкiрiн шолақ қайырып, екiншi қиырға бет бұрады, бүгiнгiмен салыстырып, бұрынғыны дәрiптеп шығады. Бүгiнгiден артықшылығы деп бұрынғының жер қайысқан қолын, аламаншыл батырларын, қобызы мен домбырасын мадақтайды. Өзiнiң тарихи көзқарасының шама-шарқын байқатады. Қазақ ескiлiгi мен бүгiнiне ортақ нәрсе не деген сұрау қойып, оған өзi бередi жауапты.

«Айнымаған: кешегi күнгi жақынымен жатша жағаластырған алтыбақан алауыздық. Алаштың аты озғанша, ауылдасыңның тайы озсын деген берекесi, тыныштығы жоқ, бiтiмi, тынымы жоқ қазақ әлi сол қазақ. Өз қайратын өзi жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзi байлап берген қазақ әлi күнге сол қазақ. Өшпеген мiнезi осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы». (М.Әуезов. Еңлiк – Кебек. – Орынбор, 1922. 2-б.).

Бұл жолдардан жас Әуезовтiң қоғамдық құрылыс қалпын таптық тұрғыдан танып бағалай алмағанын аңғарамыз. Ол бай мен кедей, жуан мен жiңiшке, төре мен қара деп бөлмейдi, қазақты тұтас алады. Пьесаның алғашқы вариантындағы басты олқылық дүниетаным саяздығына тiреледi. Екi жас трагедиясының ең негiзгi себебiн алауыздықта, билердiң қатыгездiгiнде деген ойға мегзейдi автор.

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы – 1 мына жерде


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар