Сүйінші!
Қазақ әдебиеттану ғылымы үшін де, тұлғатану саласы үшін де қуанышты хабар айтпақшымыз. Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің ұжымы құрастырып, әзірлеуімен «фолиант» баспасынан «Сырсандық» атты кітап шықты. Бұл – музейдің жыл сайын шығарып тұратын кітабының алғашқы шығарылымы. «Сырсандық» екі бөлімнен бас құраған: бірі – «Сәкенді көргендердің көзімен», екіншісі – «Сәкеннің салған ізімен». 32 баспа табақтық жинаққа азамат ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты өзінің тұстастары, көзкөрген замандастары мен туған-туыстарының тартымды естеліктері және сәкентанушы-ғалымдардың зерттеу мақалалары топтастырылған. Көптеген естеліктер бұрын-соңды баспа бетіне жарық көрмеген. Бұл кітап жарияланбағанымен құнды болмақ. Сәкенді толық танып-білемін деген жас ұрпаққа бұл еңбектің берері мол.
«Жақсы кітап – жан азығы» демекші, жаңа кітапты тек оқу керек. Өзіңіз білесіз, ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолына, шығармашылығына қатысты әлі де болса айтылмаған, жазылмаған деректер жетерлік. Ал, Астанадағы Сәкен Сейфуллиннің құрметіне ашылған музей – ақынның қоғамдық-мәдени, әдеби жолына қатысты тың дүниелерді мұрағаттан тауып, екшелеп, таразылап, көзі қырақты, зерделі оқырманға «сүйіншілеп» жеткізіп отырған ғылыми-мәдени мекеме емес пе?!
Жаңа кітапты оқыңыз, көңіл-зердеңізге түйіңіз! Жуыр күндері кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі өтпекші, ендеше, беташар тойда жолығып, жаңа кітаптың қуанышын бірге бөлісейік...
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.