Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәбит Жәмбек. Әлемдік мәдени кеңістіктегі Абай биі...

05.01.2021 4885

Сәбит Жәмбек. Әлемдік мәдени кеңістіктегі Абай биігі 12+

Сәбит Жәмбек. Әлемдік мәдени кеңістіктегі Абай биігі - adebiportal.kz

Әлемдік мәдени кеңістікте Абай хакімнің алатын орны әманда ерекше мәртебелі, ардақты! Абай ақын ретінде үш түрлі әдеби-мәдени арнадан құнарланатын, қуат алатынын айтқанымыз жөн. Академик-жазушы Мұхтар Әуезов, ұлы Мұқаң Абайдың арна тартқан үш мектебін айтқан болатын. Олар: қазақтың халық ауыз әдебиеті мен дәстүрлі поэзиясы, шығыстың классикалық поэзиясы, еуропа, орыс классикалық әдебиеті. Абайдың алдындағы рухани, әдеби ұстазы Дулат Бабатайұлына тоқталсақ, Абайда арна тартқан қоғамдық-саяси лириканың негізі осы ұстазында жатса керек. олар жазба поэзияға жақын келген тұлға. Абай мен Дулатта ой үндестігі, көркемдік жүйедегі үндестіктер жетерлік. Абай Дулаттан тақырыптық идеялық көркемдік жүйе үлгіде көп нәрсе үйренген. Шығармашылықпен әрі қарай жамытқан. Абайдың «Мәз болдады болысың», «Дүтбайға», «Болыс бодым мінекей» сияқты қоғамдық-әлеуметтік сатирасы Дулаттың «Баракқа», «Кеңесбайға», «Сүлейменге» сияқты жырларымен үндесіп, ел ардақтыларының, ел жақсыларының қоғамдық-әлеуметтік прортретін, психологиялық болмысын дәл жеткізген туындылар, өміршең туындылар!

Абайдың немере туысы, шәкірті Шәкәрімде ұстазы Абай хакім мен арна тартқан пәлсапалық, көркемдік жүйелер мол. Абайда «Ақыл мен жан», «Жар» категориялары Шәкәрімде көркемдік тұрғыда жалғасып жаңғырған. Азербайжанның ұлы ақыны Низамиде мынадай өлең жолдары бар:

Сердце – море. В нем жемчуг.

Мой жемчуг сияет огнем.

Этот жемчуг – повески на поясе царском твоем.

Низамидің орыс тіліне аударылған нұсқасы. Енді ұлы ақынымыз Абайға құлақ түрелік:

Жүрек – теңіз. Қызықтың бәрі – асыл тас.

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.

Үндестік. Шығыстың классикалық поэзиясын жанымен сүйген Абайдың Низамиден алған тағылымы? Сұрақ туады. Абай Низамидің орыс тілдік нұсқасын оқыған ба? Зерттей қарасақ, олай болмай шықты. Орыс оқырмандары Низамиді тек 1940-1959 жылдар аралығында танысқан. Сонда Абай қайдан оқыған? Есімізге Абайдың Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқыған тұсты, медреседе араб, парсы, түрік, шағатай тілдері тереңірек оқытылған. Абай осы тілдердің бәрін еркін меңгерген. Олай болса Абай ұлы Низамиді түпнұсқадан, яғни, фарси (парсы) тілінен оқыған!

Низами Гәнжауи

Абай өлеңдерінде шығыстың классикалық поэзияларындағы әртүрлі ой-тұжырымдар, тұлғалар былайша айтқанда, әдеби шығармадағы реминисенциялар жиі ұшырасады. Сондай реминисенциялардың бірі Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне өзек болатын Ғұламаһи Дауани есімі. Абайға сөз берейік:

Кісіге қарап сөз алма,

Сөзіне қарап кісіні ал.

Шындық қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл,

Ғұламаһи Дауани.

Солай депті ол шыншыл,

Сөзін оқы және ойла.

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл.

Мұнда сөз болатын Ғұламаһи Дуани 1427 жылы Иранның батысындағы Казерун уәләятындағы Дауани қыстағында туып, 1503 жылы Ширазда қайтыс болған. Ғұлама ғалым, философ. Бұл кісінің шын аты-жөні Жәләләдин Мұхамед бин Асхад ус-Сыдыки әт Дауани. Халық арасында Ғұламаһи Дауани деп аталып кеткен. Абай да осы халық қойған атпен атап отыр. Абай өлеңіне ғұламаның «Ахлаки Жәләли» (Жәләли этикасы) трактатындағы ойлар өзек болып отыр. Белгілі Абайтанушы, профессор Ғабдулла Сағди ғұламаның арабша айтылатын «Ло манзирилло ман кала ва инзирилло ман кала» деген яғни, «сөйлеушіге қарама, сөзіне қара» деген сөзін трансформациялық тұрғыда өңдендіре, жаңғырта отырып, «кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» деп қолданған.

Норвегияның экспрессионист-суретшісі Эдвард Мунктің (1863-1944) әлемге әйгілі «Крик» («Айқай») деген картинасы бар. Картина 1893 жылы салынған. Бұл картинаның төрт нұсқасы бар. Нағыз шедевр! Сурет өнерінің жауһары есептеледі! Бейнелеу өнеріндегі экспрессионизм бағытының биік үлгісі! Қала пейзажы. Көпір үстінде екі жолдасы кейінірек қалып, бір адам жан-жағына үрейлене қарап, екі құлағын басып айғайлап тұр. Кешқұрым уақыттағы қала аспаны қан-қызыл түстес. Үрей шақырады. Бұл тас мерез, тас керең қоғамнан пана іздеп сорлы пенденің жан айқайы, жан дірілі, үрей дыбысы. Бұл үрейден, жан айқайынан аспанның өзі діріл қағады. Алайда айнала қоршаған ортадан дәрмен жоқ! Күл болмасаң, бұл бол!

Эдвард Мунк. "Айқай"

Өнердегі айқай метафорасы арқылы безбүйрек, сұрқай, саңырау қоғамның психикасы, мінез болмысы аңғарылады. Жан ұшырған сорлыға қол ұшын созатын пенде жоқ! Ең ғажабы суретшімен бір уақытта жасаған қазақтың әулие ақыны Абай да осы жайдан сырт қалмай былай деді:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық;

Естісем үнін, Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып

Баяғы жартас – бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Ғажап үндестік! Абай өлеңі де осы шамада 1889 жылы жазылған. Абайдағы «жартас» метафорасы да мылқау, тасбезер қоғамның сықпытын дәл ашып тұр! Қоғамнан қайраны жоқ, жеке адам трагизімі де осында! Әлемдік мәдени контекстегі ұлылар үндестігіне мән бермесе болмайды.

Пушкиннің әйгілі «Пророк» («Пайғамбар») деген өлеңі бар. өлең жолдарын келтіре кетелік:

Духовный жаждою томим,

В пустыне мрачной я влачился.

-И шестикрылый серафим

Не перепутье мне явился.

И он мне грудь рассек мечом,

И сердце трепетное вынул.

И уголь, пылающий огнем,

Во грудь отверстую водвинул

Как труп в пустыне я лежал,

И бога глас ко мне возвал:

«Восстань, пророк, и виждь, и внемли,

Исполнись волею моей,

И обходя моря и земли,

Глаголом жги сердца людей.

Бұл өлеңді түгел келтіріп отырғанымның мәнісі бар. Өлең 1828 жылы «Московский вестник» журналының №3 санында жарияланған. Осы кезеңдерде ол өзінің «Подражания Корану» деген циклді өлеңдерін жазды. Ақын 1790 жылы баспадан шыққан «Құран Кәрімнің» М.Веревкин аударған орысша нұсқасын пайдаланды. Орыс зерттеушілері өлеңнің басты кейіпкері ретінде Таураттың ҮІ тарауында сөз болатын Исаий (әл Иаса) пайғамбарды айтады. Менің ойымша бұл жайт пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафа Саллалһу ғалайссаламға қатысты болса керек. Құран хикаяларында жақсы суреттелген. Әлем тарихшылары осылай дейді. Бұл жайында Абайдың да айтқаны бар!

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Абай шығармашылығындағы әлем поэзиясының орнын айқындағанда әлем поэзиясының алыбы Пушкин шығармашылығымен терең тамыр тартқан байланыстан басқа, орыс поэзиясының тағы бір ұлы ақыны Лермонтов арқылы әлем поэзиясының биік шыңдары Гете мен Байрон поэзиясымен үндестігін баса айтуымыз қажет!

Абай поэзиясында ерекше бағамдап, зерделеуді қажет ақын – Гете. Сан қырлы талант иесі Гете шығармашылығында Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің мәні ерекше. Абай Гете мен Лермонтов арқылы тілдескен. Үш алыптың поэзиясындағы үндестікті, ерекше жарасымдылықты кезінде талантты аудармашы, қаламгер, интеллектісі жоғары мәдениеттанушы Герольд Бельгер жақсы талдап, «Созвучие» («Үндестік») атты еңбек жазды.

Ақын, әдебиеттанушы Тұрсынжан Шапайдың «Анық Абай» еңбегінде осы үш ақынның өлеңіндегі уақыт, мезгіл шақтарының сипаттары жақсы пайдаланған. Соларға тоқтала кетсек.

Адам, табиғат, жаратылыс тұтастығын, бірлігін айқындайтын пантеистік философиялық ой Гетеның осы шығармасында жақсы байқалды. Күні бойы қозғалыста болатын табиғат, тіршілік, жаратылыс құбылыстары түнге қарай қалғып, тыныштық әлеміне бет түзейді. Күнделікті күйкі тіршіліктен жаны байыз таппаған перде сорлы да жаратылыспен бірге біртүрлі салығып, бей-жай маужыраған, алаңсыз ұйқыға бет қойды. Өлеңнің контекстінде бір күнгі мазасыз тірлік емес, жалпы өмір тынысқа бой алдырады деген пәлсапалық ойды меңзейді.

Гете жырлаған «Кезбенің түнгі әнінің» тақырыбы тіпті антикалық дәуірдегі (б.д.б.ҮІІ ғ.) грек ақыны Алкманнан бастау алған деген де пікір бар. Алкманның Викентий Вересаев орысшаға аударған мәтінін келтіре кетелік:

Спят вершины высокие гор и бездн провалы,

Спят утесы и ущелья,

Змей, сколько их, черная всех земля ни кормит.

Густые рои пчел, звери гор высоких

И чудища в багровой глубине морской,

Сладко спит и племя

Быстролетающих птиц.

Ираклий Андронников Гетенің «Кезбенің түнгі әнінің» мәтініне Лермонтов өзгеше мағына үстегенін, Гетеде ақырын балбырап, қалғып бара жатқан жаратылыстың соңын ала адамның да алаңсыз ұйқыға кетер мезетін меңзесе, Лермонтовта тіршілік күйбеңінен кейінгі мәңгілік тыныш, ұлы тыншу айтылады дейді. «Горные вершины» аталатын Лермонтов өлеңін оқып көрейік:

Горные вершины

Спят во тьмы ночной,

Тихие долины,

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы.

Подожди немного,

Отдохнешь и ты.

Осы ақындағы поэтикалық ой Абайда былайша өріледі.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

1892 жылы жазылған қазақ ұлы ақынының бұл өлеңі араға ғасыр салып, Гете соқпағын әрі қарай жалғастырып отырған ғажайып құбылыс, рухани тамаша үндестік!

Енді «Анық Абай» еңбегінде үш ақынның мәтіндеріндегі уақыт, мезгіл сипаттарына тоқталған ой-пікірлерге оралсақ, неміс пен орыс ақындарындағы ұйқыға кеткен тау Еуропа құрылығына сәйкес вертикалды кеңістікте болса, Еуропаның апайтөс сахарасында, ұлы далада орналасқан қазақ топырағындағы таулар жатаған болып келеді де горизонталды кеңістікте суреттеледі дейді зерттеуші. Біз де осы ойға қосыламыз. Шынында да ені түрлі кеңістік, құрылықтағы ұлы ақындардың көркем пейзаж жасағанда өз кеңістіктерінің болмысынан шыға отырып, жырлаған, әсерлі сурет туғызған. Жоғары кеңістіктен төмен құлдилаған вертикалды сипаттағы Еуропа таулары, ұлы далаға біртін-біртін жұтылатын горизонталды сипаттағы жатаған қазақы таулар. Ұлы тыным алатын, ұйқыға кетер мезгіл де екі түрлі. Гете мен Лермонтовтағы вертикал сипаттағы таулардағы ұйқыға кетер мезгіл нақ осы шақ болса, Абайдағы «Қараңғы түнде тау қалғып», «Ұйқыға кетер балбырап» дегендей горизонтал сипаттағы жатаған тауларда ұлы тыным, мәңгілік тынышу бірден емес, ақырын, баю бірте-бірте бүкіл ұлы даланы құшағына алатын тыным, болжалды келер шақ! Қазақ ақынның екі әріптесінің соңынан кетпей, өз табиғи кеңістігінің атмосферасын, тылсым аурасын сезіне отырып, өз мәдени кеңістігінің үнін ғажап жеткізген! Қалай дегенмен де үш ұлы ақынның бұл туындылары ғажайып жарасымдағы, бір-бірінен келе түспейтін өлмес, ұлы туындылар!

Қалай дегенмен де талантты қаламгер, аудармашы, көркем сөз білгірі, зерделі сыншы Герольд Бельгердің бұл туындылар жайындағы: «рух үндестігі, талант үндестігі, әртүрлі тілдегі жарасымдылық, тұтастық» деген пікіріне ден қоймаса болмайды! Дәл айтылған!

Абайдың Лермонтов арқылы үндескен, сырласқан тұлғаларының бірі – әлемдік поэзияның алыбы, ағылшын ақыны Байрон болды. Абай мен Байрон үндестігіне ден қойған жазушы Дүкенбай Досжанов былай деп жазыпты: «Қиыр сахараның қазағы Абай ағылшынның керемет ақыны Байроннан тікелей ештеңе аудармаған, әйтсе де Лермонтов арқылы іштей үндестік тауып, алыс қиырда жатқан Шыңғыстау ішінен домалақ жердің арғы бетінде өгіздей өкірген долы толқын жарлауыт жағасын кемірген, тұман бүркеген Албион аралығындағы ақынның мұңына мұңын, үніне үнін қосып жазған, сол сазды шығыстың нәзира үлгісімен Абай қазақша кестелеп шыққан». (Дүкенбай Дастан. Абай айнасы. Алматы «Қазақстан», 1994, 223 бет).

Абай мен Байрон үндестігін сөз еткенде, «Еврей сазы» цикліне енетін осы «Көңілім менің қараңғы бол, бол ақынның» мәні ерекше. Еуропалық әдебиетте, мәдениетте, өнерде таураттық сюжетке көп орын беріледі. Ол түсінікті де. Олар Еуропа классиктерінің де, орыс классиктерінің де шығармаларының пәлсапалық, көркемдік-идеялық өзегі, тіні болып табылады. Орыс әдебиетіндегі Толстой мен Достоевский шығармаларынан Таураттағы көне өсиет, Інжіл (жаңа өсиет), Мұсаның (Моисей) бес кітап (пятикнижие) сияқты діни еңбектердің фабулалық желісі, көркемдік-пәлсапалық идеяларының із-соқпақтары, тек тамырларын анық байқауға болады. Осы арада біз әлем әдебиетімен үндескен Абайда Таураттық сюжеттермен, идеялармен тамырласатын шығарма бар ма, жоқ па деген сауал қойып көрдік пе?! Абай туындыларында қандай да бір еврейлік белгі, із бар ма деп ойланып көрдік пе?! Көбіміз байқамаған секілдіміз деген өлеңі. Лермонтов арқылы Байроннан аударған. Енді әңгімеміздің әлқиссасына оралайық. Лорд Байронның «Еврей сазы» циклі шығармасы оның қаламынан туған «Маноред», «Чайлд-Гарольд», «Корсар», «Гаур», «Шилюн тұтқыны», «Прометей» сияқты ұлы туындыларынан бірде кем емес, ұлы туынды!

«Еврей саздары» шығармасының әуенінің идеясы ең алғаш тегі еврей Исаак Натанның басында туады. Исаак Натан бұл әуендердің сөзін ең алғаш Вальтер Скоттан жазып беруін өтінген екен. Бірақ, Вальтер Скотт бас тартыпты.

Одан кейін Байронға қолқа салыпты. Әуелде Байрон да бас тартқан екен, артынан оның ең жақын досы банкир Дуглас Киннейрдтің үгітімен көнген екен. Байронның өзі «Тауратты» жақсы көрсе керек. 1821 жылы өзінің бір досына жазған хатында: «Мен бұл кітаптың ыждаһатты оқырманымын және бұл кітапты бүге-шігесіне дейін оқығанда жасым сегізге де толмаған болатын, мен көне өсиетті айтып отырмын, жаңа өсиет маған берілген сабақ тапсырмасы сияқты әсер етсе, ал ескі өсиет маған тек қана шынайы ләззат сыйлады», - депті.

Исаак Натанға бұл идеяның пайда болуына Талас Мурдың 1806 жылы шыққан «Ирланд саздары» түрткі болса керек. Кезінде «Ирланд саздары» халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болған. Осы шығарма оны «Еврей сазын» тудыруға қанағаттандырған болу керек. Байрон «Еврей саздарының» мәтінін 1814 жылдың соңы мен 1815 жылдың басында жазған.

«Еврей саздары» ханшайым Шарлотте Уэльсскаяға арналған. 1815 жылдың сәуір айында Лондон дүкендерінде «Еврей саздарының» мыңдаған даналары тез сатылып кеткен. Бұлай сатылудың мәнісі кітап мұқабасының сыртында Лорд Байронның есімі тұрғанынан болатын. «Еврей саздары» әрбір әуенге сай 22 жырдан тұрады. 1917 жылға дейін орыс поэзиясының оқырмандары «Еврей саздарының» көп бөлігін Дмитрий Михайловский арқылы таныды. Бұлардан басқа Алексей Плещеев, Михаил Лермонтов, Афанасий Фет, Граф Алексей Толстой, Николай Гнедич аударды. «Еврей сазының» осы аудармаларының ішінде түпнұсқаға жақыны және сәтті аударма деп орыс ақыны Николай Гнедич аудармасын айтуға болады. абай аударған, біз тоқталғалы отырған 9 жырды осы Н.И.Гнедич те аударған. Бірақ, біз 9 жырдың Абай аударған Лермонтов аудармасына тоқталмақпыз. Осы жырға өзек болған сарын еврей патшасы Саулға қатысты. Қысқасы осы Саул кім?!

Саул патша (көне ивритше Шаул, грекше Саул, Исламда, арабша Танут, биік деген сөзден шыққан) біздің дәуірімізге дейінгі ХІ ғасырдың екінші жартысында Таурат кейіпкері. Көне өсиетте (Танах) Самуил «Таурат» мәтіні бойынша Саул Израил халқының бірінші патшасы және тұтас Израил патшалығын құрушы. Сонымен бірге, тұрақты еврей армиясын да құрған. Таураттың баяндауынша Құдай қалауымен халыққа билік етуші, соңынан жаратушы наразылығына ұшыраушы. Мүмкін тарихи тұлға да болуы мүмкін. Саул есімі құдайдан қарызға алынушы деген ұғымды білдіреді. Тегі Жақып (Иаков) пайғамбардың Бунямин деген ұлынан тарайды. Қасиетті Құран кәрімнің 247-252 аяттарында аты аталады. Бунямин тармағынан шыққан Сеулды (Тамут) Израил жұртына жаратқанның қолдауымен Самуил, кейде Имуил пайғамбар патша ғып қояды. Саул қарапайым халық арасынан шыққан, байлығы жоқ кедей жігіт болатын. Бірақ, өте ержүрек, батыл, бойы өте ұзын, алып жігіт болатын.

Сондықтан да, арабтар оны Талуд деп атаған. (Талуд – ұзын, биік деген сөз) Тәңірінің қалауы осы Саулға түскен. Саул басында тәңірге де, Иммуил пайғамбарға да жағып, халқы үшін батыл істерге барған. Амаликиттерді де, филистимиляндарды жеңіп, халқына азаттық әперген. Бірақ, кейінірек Саул пайғамбардың да, тәңірінің де қалауынсыз істерге барып, жаратқан тарапынан да наразылыққа ұшыраған. Сонан кейін тәңірі Иммуилге аян беріп, патшаны ауыстыруға ұйғарым береді. Тәңірінің қалауы Вивлеим шаһарынан шыққан Иса деген кісінің баласы Дәуітке (Давид) түседі. Тәңірінің алқауымен Иммуил пайғамбар Дәуітті құпия түрде Израил халқына патша етіп қояды. Мұны Саул білмейді. Тәңірінің де, пайғамбардың да өзінен срыт айналғанын сезген Саул үнемі қайғы-мұңға бататынды шығарды. Жұрт оның қайғы-мұңын сейілту үшін Вивлеим қаласында Дәуіт атты тамаша музыкант бар екенін, соны алдырып, оның тамаша, сиқырлы музыкасын тыңдауға кеңес береді. Саул Дәуітті алдырып, оның кифара аспабында құйқылжытып салған әуендеріне елітіп, өзінің бір сәт болса да қайғы-мұңын ұмытатын болған. Патшалықтың бір кітабында (Таурат) былай делінген: «И когда дух от Бога бывал на сауле, то Давид, взяв гусли, играл и отраднее и лучше становилось Саулу, и дух злой отступал от него» Байронның «Еврей сазының» 9 жыры осы таураттың сюжетінде құрылған.

Израильдің бірінші патшасы Саул

Орыс ақыны Константин Романовтың «Царь Саул» деген өлеңінде Саулдың көңіл-күйі былайша суреттеледі:

Душа изнывает моя и тоскует,

О пой же мне, отрок мой, песню твою.

Русть звуки ее мою скорбь уврачуют, -

Я так твои песни святые люблю!

Осы Саул тыңдап, Дәуіт шертетін кифора аспабын славян тілдеріне аударған ақындар гусли десе, еуропа ақындары арфа деп алған. Көне өсиеттегі осы сюжет Лермонтовта төмендегідей сыр шертеді.

Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей!

Вот арфа золотая:

Пускай персты твои, промчавшися по ней.

Пробудет в струнах звуки рая.

И если не навек надежды рок унес,

Они в груди моей проснутся,

И если есть в очах застывших капли слез.

Они растают и прольются.

Әлемдік әдебиеттегі осы таураттық сюжет хакім Абайда қазақша былай өріледі.

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,

Бейістің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,

Керек қой көңілді үміт тебірентсе.

Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,

Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!

Көңілі жарымжан, мұң-қайғыға берілген Саул мұң-қайғыны сыпырып тастап, ұмыту, сергу үшін:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын, –

деп қазақша сөйлейді. Әлемдік сюжеттегі кифара, гусли, арфа, домбыра болып түрленген. Саулды жұбатқан Дәуіт (Давид) пайғамбар тартқан кифара түрленіп келіп, Абайда домбыраға ауысқан!

Қандай ғажап! Әлемдік әдебиеттегі Байрон әкелген таураттық сюжетке Абай да өз тарапынан ұлттық, қазақы үнін, сипатын сіңірген! Абай әлеміндегі ұлылар үндестігі деген қазақ ақынының шығыс пен батыстың ұлы тұлғаларына үн қосқан, сыр қосқан, ой қосқан кемеңгерлігіне таң қалмасқа шарамыз жоқ!

Сәбит ЖӘМБЕК,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

Көкшетау мемелекеттік университеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар