Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сабыр АДАЙ: Жүрегімде əр қазаққа орын бар!...

16.02.2017 25289

Сабыр АДАЙ: Жүрегімде əр қазаққа орын бар!

Сабыр АДАЙ: Жүрегімде əр қазаққа орын бар! - adebiportal.kz

ҮШ МҰЗҒАЛДАҚ


Көк малта, көк езулі желдің үні,

Сендірмек несіменен ендігіні?..

Қайырсыз туған жаннан төрелік жоқ,

Желтоқсан - көрт үлектің келді күні.


Жын шашып жылдағысын қайталады,

Қыс қатты - қылауынан байқалады.

Есесін жауға алдырған көрт үлектің,

Қай адам шын бағасын айта алады?


Желтоқсан - ақбас боран алжыған ба,

Тірелді ізі сорға, алды жарға.

Барады қайран жылдар көкпар болып,

Тұяғын бір серіппей қанжығаңда.

(Араша түсетұғын арлы бар ма?!)


Қар жауды, есік алды - ақ қалашық,

Қалжа жеп, қалашыққа жат бал ашып...

Көктеп тұр қар астынан үш мұзғалдақ,

Екінің бірін беріп, бақ таласып...


985f006b4a756cdd3d0cfb02f0d75487.jpg



ҚАРАКӨЗ-ЖЫР


Өлең қосып басымызды – жырладық,

Атасы бір, анасы бір, бір халық!

Бір түп ағаш секілденген жапанда,

Жалғыз-жалғыз жан кешеміз ырғалып.


Тамырым бір, тағдырым бір – ұлығым,

Жүрегіңнен естіліп-ақ тұр үнің.

Күміс жалын күнмен тарап, ай тұяқ,

Өлең болып келді саған құлының.


Маңдайымнан сыйпа менің, аймала,

Өз ұлың ғой – өз тілекшің қайда да.

Сені жырлау – менің жалғыз арманым,

Тұсау салма, шідерлеме, байлама!


Өз құлының сендік арды даулайды,

Сары самал, жел боп есіп саулайды.

Сен жатсың ба, өрісімді өгейлеп,

Қаракөз-жыр қазағымнан аумайды!


ҰМЫТТЫ ҰЛТЫ


Жамандар жолдан жалтарсын,

Азамат ерге артар сын.

Шыдамай айтқан шындықтан

Шыдатпас қайғы тартарсың.


Сананы уайым билейді,

Қолыңа шындық тимейді.

Жағасы жайлау өтірік,

Өлсең де мойын имейді.


Ақиқат іздеп өлгендер,

Жүрегін турап бөлгендер.

От ішінен бақ іздеп,

Өздерін-өзі көмгендер.


Құлпытас дұға сұрады,

Моласы мүлгіп жылады.

Ақынның аппақ есімі

Қапа-қара таста тұр, əні.


Қалжырап қасқа талыпты,

Құлапты құшып табытты.

«Елім» – деп шауып жүретін,

Ертерек кетіп қалыпты.


Шаршатты дала, жол жүгі,

Аядым аңғал сорлыны.

«Ұлтым» деп өлген бейбақты

Ұмытты ұлты сол күні.

(Білмейді бірақ Ол мұны!)


ЕЛ АУҒАНДА...


Заманға салсаң, зар – асау.

(Қаңтарға салсаң, қар –асау.)

Қобылап мыстан жасаған,

Барсың ба, Балқан, Қаратау!


Асаулы көңіл тұсаулы,

Төбемнен төстеп құс ауды.

Сəскелік тұста сəнді едім,

Мəн кетіп, міне, түс ауды.


Ақшамның жүзі қызыл-ды,

Іріді сүттей бұзылды.

Тұрмыстың қамы езгілеп,

Мойынға тұмар тұз ілді.


Балқан да Балқан, Балқан-ай,

Күн кештік кеше əрқалай.

Қаратау көсік шайнады,

Қара жау қылыш сайлап-ай.


Найзамен жығып орданы,

Жау жаланып торлады.

Ман-Атасын тербеткен

Маңғыстауды қорлады.


Кебенек киген өлең бұл,

Бастасам екен неден жыр?..

Қаратау басы – қара бұлт,

Бауырын шықтап не деп жүр?!


Қаратау – қардың тұтқыны,

Ұланы болсаң, ұқ мұны!

Қан сиіп көзден тұрмасын,

Жасқа айналып шық түбі.


Ай сəулесін тыныс қып,

Ел ауып бір кез жылыстық.

Көзіңнен, заман, жас сауар,

Еліңнен кетсе тыныштық...


ҚАСҚЫРДЫҢ СОРЫ


Бөксесін заман күйлетпек,

Көк бөріні-ай сүйреп кеп...

Атасыз анау көп итке,

Талатып ерді үйретпек.


Талап та жатыр таңсыққа,

Əлдебір төбет, қаншық па?

Байлапты есіл бөріні,

Аунатты иттер шалшыққа.


Шаттанды, шулап үрісті,

Иесі иттің күлісті.

Көкбөрі – жалғыз, итің – көп,

«Көптің ісі –дұрыс-ты!»


Жабыла талап арланды,

Қыңсылап иттер зарланды.

Өлтірді бөрі бір итті,

Өлгенше бəрі таң қалды.


Байлауда бөрі алқынды,

Қуаты иттің сарқылды.

Əділет болса майданда,

Көрер ем сенің артыңды!


Жалғыз да бөрі жан берді,

Жабылған иттер қан көрді.

Көкбөрі тектес ерлерім,

Иттерден қорлық сан көрді.


Көңілге мұнар орнап жүр,

Көзімді бұлт боп торлап жүр.

Киесін өзі қолымен,

Талатып итке қорлап жүр.


Біріксін ерлер – алысса,

Жаманмен жалғыз табыспа!

Иттердің бағы – арсыздық,

Қасқырдың соры – намыста!


АСПАНҒА САУҒАН ҒҰМЫР СҮТ


Жон арқасын қарашы, айырар айғақ тобаңнан,

Түйе де шекпен оранған.

Түймелі басқа не келмес, өткенді сұра түбектен,

Өзеуреп соққан бораннан.


Қаралы мойын қасқалдақ, аруана бауыр ыңырсып,

Айналған заман – бір ұршық.

Ай жүзінде жүз ноқат, күн жүзінде қылау бар,

Аспанға сауған ғұмыр сүт.


Боз қурай сайда безілдеп, тіл кезеп жатыр жел үрлеп,

Көрген жоқ бақыт тегін кеп.

Қолыңда барға қанағат, тістеулі кеткен бармақты,

Болдың ба өзі кебіндеп?..


Маңғыстау, саған не дейін, қаныңмын тамған тамырдан,

Сөз алдым сəре-сарымнан.

Келемін жортып бұл жолы кер бестіге қамшы сап,

Жем-Сағыз бенен Нарыннан...


ТЫҒЫЛАРДА ТАУ ТҮСЕДІ ЕСІНЕ


Сөз обалын жүрек білмес – құлақсыз,

Ер обалын елі білмес – құлықсыз.

Шыңды құшар қар жамылған жылап құз,

Тау жағдайын біз сұрамас – бұзықпыз.


Тығыларда тау түседі есіне,

Шөлдегенде бұлақ қайда деп сұрар.

Пендеміз ғой, жасырамыз несіне,

Құзды қажап, шыңды шырғап жеп тынар.


Құс болсаң да Алла қабыл еткен күн,

Талап бітсе, қанат бітсе – самғайсың.

Төбе көрсең төбесіне тепкенсің,

Сен өзің де тау боп кете алмайсың.


Көңіл асса көлеңкесін жау көрер,

Аз ақылын шыртылдатып түкірмек.

Түлен түртіп төрт жағынан дау берер,

Бір қанағат қылмай кетер «Шүкір!..» – деп.


Тау қорқады – бізді көрсе қашқақтап,

Дау қорқады – бізді көрсе дірілдеп.

Пенде кетіп бара жатыр асқақтап,

Ниетінің екі көзі іріңдеп...


МЕНІҢ ЕЛІМ – МЕНДІК ОЙДЫҢ АСЫЛЫ


Не жазбағы бар дейсің бе мұның да.

Тонды пішсең, сырттан пішпе ғұмырда.

Дүниеге ат ойнатқан ел едік,

Бұл қазақтың кім жоқ дейсің ұлында.


Əр жусанның өз түбінде сыры бар,

Əр дəуірдің өз күнінде жыры бар.

Əр халықтың хақысы бар Ер тумақ,

Əрбір таудың өз биігі, шыңы бар.


Мендік елді мен танимын бастысы!..

Əрбір қазақ – бір Алланың ақ құсы.

Əр халықтың кеудесінде намыс бар,

Ешкім келмес табан асты жатқысы.


Менің Елім – Мендік ойдың асылы!

Бұла сезім буырқанды, тасыды.

Апанында мен бір жатқан көкбөрі,

Əлдекімнің деп жүрмеңдер жасығы!


ҚОС ҮРЕЙДІҢ ҚАҢБАҒЫ


Кім намыссыз арба жеккен есектей,

Лақтырылған қара жолдан кесектей.

Желкесіне жентек қылып мініп ап,

Ноқтасынан жетектей бер, жетектей.


Ұлға керек, ұлтқа керек сол намыс,

Арлы болу, намыс қорғау, ол да – күш.

Өмір деген - өзен сынды өршіген,

Қайда салсаң, сонда ағады сорлы ағыс.


Ағыспенен кетіп жатыр кемді күн,

Бұрынғыдан көп өтірік ендігің.

Арсыз халық болмақ емес бақытты,

Ар-намыстың қаныңменен бер құнын!


Жаныңды түй, ұрпағыңды арлы қыл.

Арсыздықтан бодан болып қалды құл.

Арлысың ба, зарлысың ба, білмедім,

 ...Ар-иманнан жүрегіңе жарлық іл!


Қайталадым, осы сөзден танбадым,

Қуып келем қос үрейдің қаңбағын.

Жаратылған күдік пенен үміттен,

Суға кеткен жандай талды қармадым.


Батыр бабам, қорым біткен ерлерім,

Дүниенің дүбірлеткен шеңберін.

Жүрегімде əр қазаққа орын бар –

Жан отымсың жарқыраған сен менің.


Намыс баққан елден сұра бақытты,

(Жолдас қылма жолға шықсаң жасықты.)

Ұлтқа тұлға қылғанменен оңбассың,

Уызында жарымаған пасықты.


САРҒАЛДАҚ


Сарғайдың білем, сарғалдақ,

Сағынған жаннан əн қалмақ.

Сарғайған үміт үзілсе,

Саз болып қайта жалғанбақ.


Сарғалдақ – қырдың белі-дүр,

Сарғайған үміт – елі жүр.

Сарсаң да кесек қу тағдыр,

Сананы жеген жегі-дүр.


Сары да уыз күндерім,

Салтанат көріп жүргенім.

Сарғайып өскен гүлімді,

Сартап та қылды кім менің?


Сайлаулы уақыт – беренім,

Сырбазсып саған келемін.

Сыбанған елге оқ болған

Сары да жебе – мен едім.


Сарғалдақ қырдан жөнелді,

Сағынды байғұс, не көрді?

Сегіз де өрім сабаумен,

Салт жүріп айттық өлеңді.


Сағана тамдар – түнемел,

Сəйкі мен қайқы – кілең ер.

Сүрлеуі даңғыл бөрі едім,

Салтымды менің біледі ел.


Сарғалдақ өлді, сағым бар,

Сайраған тіл мен жағым бар.

Сорға бір салған тамырын,

Сораңнан ащы бағым бар.


СЕН ҚОШТАСТЫҢ БА?


Сен қоштастың ба?

Сен қоштастың ба? –

Ойнаған өлкеңменен.

Арманның ақ кемесін ақ сəуле желкендеген.

Сұрама ертең менен, еркем, менен,

Барамын көре де алмай жерімді көрсем деген.


Сен қоштастың ба?

Сен қоштастың ба? –

Ақ бесік – ауылыңмен.

Бұрымың бұлғақтаған – періште дəуіріңмен.

Əуремін дауылыммен, күн санап сауығым кем,

Қоштасқын ауылыңмен, бір туған бауырыңмен.


Сен қоштастың ба?

Сен қоштастың ба? –

Гүл-бақша, орманыңмен,

Орның бар жан едің ғой – бір тал гүл болғаныңмен.

Көл жылап жасаурайды, көрмесін ол да білген,

Көргенін олжа білген.


Өксіме, жүр, қалқатай, жүрек жоқ өртенбеген,

...Өртенбеген!

Өзге күн – ертең деген.

Өткен күн – бір тамшы жас мөлтеңдеген.

...Басқа күн – ертең деген!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар