Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сабырхан Асанов. Мен сендерді сүйем қандай, адамда...

30.08.2019 4430

Сабырхан Асанов. Мен сендерді сүйем қандай, адамдар 12+

Сабырхан Асанов. Мен сендерді сүйем қандай, адамдар - adebiportal.kz

* * *

Берердейсің бәрің, бәрің маған бал,

көп сағынған көздеріме қараңдар,

мың-мың жылдан кейін әзер көргендей,

мен сендерді сүйем қандай адамдар!

Толып жатсын істеріңнің әттеңі,

көріскен кез қандай шекер, тәтті еді.

Бола ма бір мен деп еріп іштерің,

сәл де болса,

сағынатын сәттерің?!

Өздерің деп оянамын таң сайын,

алтын нұрға боянамын таң сайын.

Күнде көріп жүрсем-

дағы сендерді,

қайтадан бір көрсем-

ау деп аңсаймын.

Берердейсің бәрін, бәрін маған бал,

көп сағынған кездеріме қараңдар,

мың-мың жылдан кейін әзер көргендей,

мен сендерді сүйем қандай, адамдар!

* * *

Жатса орынды, орынсыз наз да айтылып,

Бірді жақын көремін,

бірді бөтен.

Аз өмірді аяқтай жаздай тұрып,

мың жасайтын адамдай тірлік етем.

Кейде есіңе ал,

дей ме әлде кейде есіңе ал,

әлде сәті бірге өткен дейді осы бал.

Жанарымды тұратын жарқыратып,

Қанша жанның гауһардай бейнесі бар.

Ана қымбат,

қымбат қой бала маған,

қала ма адам,

өлместен қала ма адам.

Кешіріңдер, ағайын, кешіріңдер,

кешіріңдер кезімді алалаған...

* * *

Әкемді көзбен көргендер,

шешемді көзбен көргеңдер,

әкем мен шешем өлгенмен,

өлмендер, сендер өлмендер.

Ұшпасын менің үрейім,

сендерге құлақ түрейін.

Көрінбес әке-

шешемді,

көргендей болып жүрейін.

Заңына өмір бағынам,

десем де,

кімге шағынам.

Сендер бір көрген әкемді,

шешемді сонша сағынам...

Әкемді көзбен көргендер,

шешемді көзбен көргендер,

әкем мен шешем өлгенмен,

өлмеңдер, сендер өлмеңдер!

* * *

Сені көріп – қуанам,

Сені көріп – жұбанам.

Махаббатта болса егер,

мендей болар дуанаң.

Жағдайым жоқ күлгендей,

Жан көрдің бе бір мендей.

Қарай берем өзіңе,

қайыр сұрап жүргендей.

Жүрегімде – бір жалын

мен соған-ақ ырзамын.

Бермесең де садақа,

қапаланбас бір жанмын.

Үміт-гүлді отамай,

келем әлі, о тоба-ай!

Білген жанға бір мені

бақытты ету оп-оңай...

***

Сен ұстаған

әрбір заттар бағалы,

жүрегімнен

жылы орын табады.

Кеудемдегі бұрқақ сезім тасқыны,

бітуге де,

таяп-таяп... ағады.

Ыстық

демдер

өртеуші еді Ай төсін,

бұл ауылдың

айтып болам қай кешін.

Тоғай тынып,

өзен беті жарқырап,

сені әлі

іздеп тұр ғой – қайтесің.

* * *

Шашым аппақ,

өйткені жаным аппақ,

аппақ жандар алаулап жалын атпақ.

Жапырақпен шашымды жасырайын,

келші жаным, қысылмай қалың баққа.

Кұлпырайын көркіңнен күндіздей боп,

көрінші бір жарқырап күндізгі ай боп

жапырақтар жайқалса,

арасынан

екі көзім жайнасын жұлдыздай боп.

Өліп-өшем,

өртенем әлі бүгін,

әрі бағым болар бұл, әрі мұңым.

Жасыл бақта жолықсақ жарқ-жұрқ еткен,

кетер ме екен білінбей кәрілігім,

кетер ме екен білінбей кәрілігің...

***

Төмендік көрмей көңілің,

жарқырап жүрек жалындай,

жалғыз бір қалған өмірің,

ешкімге етсе жалынбай.

Сықпаса көзден жасынды,

қаптап кеп қайғы мұңайтар,

ғазиз бір ғана басынды,

патшадан кем деп кім айтар.

Қылығы тәтті өлместен,

қараса жарың бұралып,

бетіңе қарсы келместен,

ұл-қызың жүрсе тіл алып.

Біліп те тұрса халінді,

аға-іні келіп алыстан,

сипатпай жұртқа жалынды,

сен де бір жатқан арыстан.

* * *

Ей, жұлдыздар, мен сендерге ғашықпын,

көздеріңді тұрсаң бәрің ашып тым.

Күндіз дейтін күндей жарық әлемнен,

өздеріңе асықтым.

Жатасындар жусап көктің бетінде,

бірің – жақын,бірің – қиыр шетіңде.

Емес әсте самалды түн пейіш – түн,

берекемді кетірген.

Көкірегім, мейлі, аздап мұңданса,

тұрам солай ойға батып тым қанша.

Таң алдында таңғалдырып әлемді,

Шолпан жұлдыз туғанша.

Ей, көктегі миллион жұлдыз, мың жұлдыз,

десек тағы барлығымыз бір жүрміз,

әлге дейін мына менің өзімді,

жылатады,

жұбатады бір жұлдыз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар