Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Сағат Әшімбаевтың әуестігі...

28.02.2018 6043

Сағат Әшімбаевтың әуестігі

Сағат Әшімбаевтың әуестігі - adebiportal.kz

«Шыны керек, Ғабең бильярдты тамаша ойнайды деп айтқандарға іштей қызыға да, қызғана да қарайтынмын. Оның себебі Ғабекеңмен бильярд ойнау түгілі, ойлап жүріп ойнағанын, ойнап жүріп ойланғанын көрудің өзі неге тұрады! Бильярд дегеннен шығады, Ғабеңнің тағы бір өнері – аңшылығы жайында аңыздарды да ара-тұра құлағымыз шалып қалып жүретін... Бұл бүкіл бір ұрпақтың далаға деген сүйіспеншілігінің квинтэссенциясы; далада өскен, далаға іңкәр ұлағатты ұрпақтың философиясы!»

Сағат Әшімбаевтың «Ғ.Мүсірепов туралы триптихынан».

Осыдан он алты жыл бұрын «Сағат Әшімбаевтың сыншылық шеберлігі» атты диплом жұмысы тақырыбын таңдағанымда, мені бұл аса білімдар, бауырмал азаматтың шығармашылығынан бұрын жеке болмысы көбірек қызықтырған еді...

Менің өз шығармашылығын зерттеуге кіріскенімді біліп, араласа бастаған күндеріміздің бірінде шаруасымен сұранған шопырын босатып, Сағат ағаның кеңсесінен үйіне дейін қалың бақты ұзақ аралап жаяу барғанымыз бар.

– Міне, сирень де гүлдеді, ­– деді жұпары аңқыған күлгін серігүлдің бір талын үзіп алып. Исін қарашы. Керемет! Ал, мұны қазақша не дейтінін білесің бе?

Одан соң майшетен тұқымына жататын бұл өсімдіктің отызға жуық түрі болатынын, оны орыстардың «Мәскеу сұлуы», «Аленушка» немесе «Декан» деп атайтынын, ал, мынаның «Бөртегүл» екенін, себебі екі-үш жылда бір ғана бөртіп гүлдейтінін айтып хош иіске елтігендей болып тұрды...

Мен де іштей «Япырай, Сәкең мұның бәрін қайдан біле береді!» дегендей, тап бір биолог ғалымының алдында тұрғандай таңырқап қалыппын.

Кейінірек естідік қой, сол кезде Сағат аға саяжайды өз қатарластарының көбінен бұрын алып, қол боста кәдімгі бағбандықпен айналысады екен.

Қазір Сәкеңді жақын білетіндердің бірқатары сыншының өте сирек кездесетін кітаптарды жинап, талмай оқу-ізденумен айналысқаннан өзге бәлендей әуескерлігі болмаған деседі.

Бірақ, Сәкеңнің өзі сол сапар маған үйіне барғанымызда арнайы жабдықтап қойған шеберханасын көрсетіп еді. Аядай ғана мүйісте етікшіге қажетті саймандардың ұқыпты жиналып тұрғаны әлі есімде.

Жақында Сағат ағаның зайыбы, белгілі қаламгер Шәрбану Бейсенова ханымнан соның сырын сұрағанда, Сәкеңнің шеберге керекті құралдары әрбір отбасында болуға тиісті деген оймен жинағанын, бірақ олармен шұғылдануға көп мұршасы бола бермегенін айтты. Қалың елінің қамымен асыл уақытының бәрін дерлік шығармашылыққа, қайраткерлік ісіне сарп ете жүріп, қапияда мерт болып кетпей, зейнеткерлікке жеткенде әлгі әуестіктерді алаңсыз дамытып, дем алар ма еді... деп өкінеді.

Бір сәт көз алдыма Сәкеңнің заңғар сөз зергері Ғабең... Ғабит Мүсірепов туралы: «...ойлап жүріп ойнағанын, ойнап жүріп ойланғанын көрудің өзі неге тұрады?!» деген жолдары оралады.

Осыны Сағат ағаның өзі туралы да айтуға болатын сияқты. Иә, Сәкең де ғажайып ой әлемінің өкілі болатын. Бірақ терең толғаныс оның ермегіне емес, тұтас өмір мәніне айналыпты. Көрнекті эстет, сарабдал сыншы адам ойды ұдайы кітап дүниесімен ұштастырған. Содан да шығар, Шәрбану тәтенің айтуынша, Сағат ағаның басты әуестігі, негізінен кітап көрінеді.

Ол кезде сирек кездесетін кітаптарды табу да оңай болмаған, сондықтан апта сайын қара базарларды, қаладағы барлық кітап дүкендерін аралап, арнайы жаздыртып алатын «Книжное обозрение» газеті арқылы өзге республика баспаларымен үзбей байланыс жасап, керегін дереу алдырып отыруды әдет еткен. Қажетті кітап үшін қаражат аямаған. Мәселен, Сағат Әшімбаевтың шәкірттерінің бірі, белгілі тележурналист Серік Жанболат бірде Сәкеңнің құнды шығармалардың үстінен түсіп қалғанда тым қымбаттылығына қарамай өзіне де, бұған да бес-бестен кітап алғанын аса бір жылы сезіммен еске алады. Демек, ел тағдырын көп ойлаған азамат өзге бауырларының да білімдар болуын ойлаған. Сол қасиетінің көрінісіндей, Сәкең сонау бір жылы алыс Архангельск қаласында әскери қызметте жүрген жақын інісі Арман Сқабылұлына көптеген қазақ жазушыларының шығармаларын салғызып жіберіпті. Сонда ана тіліндегі кітаптарға сусап жүрген жігіттер қуанып, бір қарық болып қалса керек.

Кітапханасы бай Сағат ағаның маған да: «Мынау Ғабең ақсақал сыйлаған қастерлі дүние. Құны – кемінде жеңіл автокөлік бағасындай!» – деп бір діни кітапты көрсеткені бар еді. Ол қазір Шәрбану жеңгеміздің қолында көрінеді.

Сия сорғызатын автоқаламдармен жазуға әдеттенген Сәкең тұлпардың да ең сұлуын таңдаған серілердей сапасы жақсы қаламсап жинауға әуес-тін. Олар да бір сәт иесіз қаңтарылған қазанаттай қоңырая жүдеп қалды-ау...

Дегенмен, өкіне берудің де реті жоқ шығар. Арадан ерте кеткенімен терең таным тегеурінін халқының тәуелсіздігі мен өркениеті жолына жұмсаған Сағат Әшімбаевтың арманы орындалды. Оның ғажап ғұмырбаяны ұрпақтарына... жолын қуған іні-қарындастарына үлгі болып қалды...

Құлтөлеу МҰҚАШ.

2001 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар