Өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақ әдебиетінің жарқыраған жұлдыздарының аспанда қалықтауы әдебиеттің жаңа бір белеске көтерілуіне септігін тигізді. Осы кезең өз стильдерін қалыптастырған М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, Қ.Мырзалиев секілді азулы ақындардың дәуірі болды. Қазақ лирикасындағы жанрлардың қалыптасып дамуы, яғни лириканың шындығында көктемгі бәйшешектей көзге ыстық көрінгені де белгілі.
М.Мақатаев, Т.Айбергеновтермен есімі қатар аталатын, алайда шығармашылығы көп зерттеуді қажет ететін ақындардың бірі – Шәміл Мұхамеджанов. Шәмілдің көркем поэзиясы 60-70 жылдардың жарқыраған жарық жұлдызындай болды десек қателеспейміз. Шәміл туындыларының көркем де сұлу екендігін дәлелдеу үшін оның поэзиялық туындыларын саралап, мұқият зерттеу қажет.
Мұқағали мен Шәміл екеуін әдебиет саласында байланыстыратыны: біріншіден,екі ақынның да поэзия саласының саңлақтары екендігі, екіншіден, өмір жолында асқақ адамгершілік иелерінің айырылмас достықтары екі жұлдыздың қатар аталуына себеп болып отыр. Киелі Торғай өңірінің тумасы Шәмілдің өнерге, әдебиетке деген ерекше ыстық ынтасы мен ықыласы, әдемі әсем туындылары ең бірінші қазақ әдебиетіне және замандасы, қанатты жырлардың авторы Мұқағалиға жақындатты.
Ақын Серікбай Оспанов өз естелігінде Шәміл ақын мен Мұқағалидың танысуын жазады. Бұл таныстық та қызық. Екі құрдас Әнуарбек Дүйсенбиев пен Мұқағали Мақатаев бір-бірімен сөзбен қағысып қалады. Мұқағали сойыл сөздерді сілтеп бет қаратпай бара жатқан кезде, Әнуарбек:
– Сен осымен қоя қой, әйтпесе Шәміл ағама айтып сабатып аламын! - депті.
Мұқағали сабасына түсіп, еңгезердей Шәмілді көргісі келіп жүреді. Сөйтсе ол тым нәзік, бойы сырықтай, қолдары нәзік шыбықтай жігіт екен. Алданғанын сонда біледі. Шәміл екеуі тез тіл табысып кеткен екен.
«Ардағым Торғай, асылым Торғай,
Ағыныңмен бірге ақтым.
Егер сен тасқын өлең-жыр болсаң,
Мен сенен туған ырғақпын!», – деп жырлаған Шәміл шығармашылығы терең мәнге ие.
Мұқағалидың «Шәмілге жазған хаттарынан»:
«Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді…
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?
Бұл жолдарды Мұқағали риторикалық сұрақ қою арқылы беріп, өзі-өзінен жауап іздейді. Өлең буындары 7-11 буынды болып келген. Өлең мазмұнынан байқайтынымыз Шәмілге шағар мұңын қаратпа сөз арқылы әдемі бастап, өзінің бұрынғы сезімін қайта басынан өткеріп жүргенін жеткізгісі келеді.
«Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын…
…Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!»
Бұл жолдардан да Мұқағали өзінің ақынға деген адал достық ниетімен қатар, достық сезімге, өмірге деген шағымын айтып, өзінің ғашықтық, махаббат сезімдерін, ішкі сырын білдіреді.
Шәмілдің:
«Болса-дағы қанша жегжат, туысқан,
Туысқаннан досың жақын ұғысқан.
Жан-тәнімен шын берілген дос тапсаң,
Сүріндіре алмас сені бір дұшпан», – деп өзінің ойындағы достық сезімінің қандай екендігін сездіреді. Шәмілдің де сөз саптау шеберлігі Мұқағалидан кем түспейді. Өлең құрылысы бірыңғай 11 буыннан құралған.Ұйқас түрлері де өте шебер қолданылған. Дос пен дұшпан ұғымын қатар қою арқылы шендестіріп, тақырып мағынасын тереңінен түсіндірген.
«Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті», – деген жолдардан да өзінің досқа айтылған рухани жан дүниесінің сырын жаяды. Өлеңде қаратпа сөзбен басталған, кейбір қатарлары 3-4 буынды болып келген, риторикалық сұраулар да жиі қолданылған. Жалпы өлең құрылысы 7-11 буынды болып келеді. «Шәмілге жазған хаттардан» бүкіл өлең мазмұнынан ақынның «махаббат» деген сезімнің бар болмыс бітімін, Мұқағалидың сезім иірімдерін айқын аңғаруға болады. Сонымен қатар өзінің ішкі рухани сезімін асқан шеберлікпен суреттей білген.
Шәміл поэзиясында да достық тақырыбы ерекше орын алады. «Дос туралы екі өлең», «Досыма», «Құрдастарым, достарым», «Сыйластық», «Ол өзі саған адал боп», «Жан достарым», «Құрбымен талай тел өстік» өлеңдерінің мазмұны осы тақырып аясында өрбіген. Бұл өлеңдерінің біразы өзінің бала кезінен тел өскен құрдастары, достары Төлеуханға, Төлеу, Ихсан, Мираштарға арналған.
Төлеухан, Төлеу, Ихсан, Мираштарым,
Бірге өскен достарым мен құрдастарым.
Жүрсем де қай түкпірде,
Қайран достар,
Сендермен әрқашан да сырлас жаным.
Әрине, өмір жолында замандас болған қаламдас достары поэзияның қас шеберлері Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Төлеген Айбергеновтер, музыка құдіретіне тіл бітірген композитор Шәмші Қалдаяқовтар өз заманының нағыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары, Шәмілдің ажырамас достары болды.
Мұқағалидың:
Шәміл-ау!
Әнсіз өмір, өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап, бар ән шығарсын
Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?… – деуінен де достардың – жыр алыбы Мұқағалидың, ән падишасы Шәмшінің, зерттеу жұмысымыздың арқауы болып отырған әдемі шығармалардың иесі Шәмілдің арасындағы ыстық ықыласты сезуге болады.
Адамдар арасындағы адалдықты, асқақ адамдықты, қалтқысыз достықты қадірлеп Шәміл ақын:
«Дұшпанымның жүрегіне оқ қадап,
Достарымның от сезімін тулатам», – деп жырлаған ақынның сөзі ісімен дәлелденген дегенге айқын дәлел де бар. Мұқағалидың:
«Шәміл-ау,
Қалың достан қалған сен ең», – деген жолдардың тууына Шәмілдің ақындығы мен азаматтығының әсері ықпал етті деуге әбден болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Шәміл Мұхамеджанов достық жайында жиі қалам тербеген.
«Өкпелесе бір досым,
Мен қамығып жүремін.
Татуласар күн болсын,
Деп жүреді жүрегім», – деп бір жырында жырласа, енді бірінде былай дейді:
«Құрбымен талай тел өстім,
Талаймен дос боп кеңестім.
Сатса да мені баз бірі,
Мен бірін сатқан емеспін»
Достықты ардақ тұтып, досымен алаңсыз, кірбіңсіз, кіршіксіз көңілмен араласқан Шәмілге Мұқағалидың:
«Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?- деп торығуы достық сезімнің аласармас асқақ екендігін, досқа достық міндет емес, алайда жан-тәніңмен беріліп, жаның сонымен бір адамдай болып кеткен кісің сатқындық жасаса, ең айықпас дерттің сол екендігін көрсетеді. Көңіл-күйінің лирикасын әсерлі етіп жеткізеді.
«Мейлі,ұрыссаң да,
Ұғыссаң да,
Дос жақын,
Адал болса,
Туыстан да,
Дос тұтып бәз біреу мәз
Шені биік
Біреуге әлдеқалай жұғысқанға.
Біреуге мансап үшін дос болмаппын,
Жазықсыз жанға және өш болмаспын.
Болса да досым жарлы,
Арлы болса,
Өмірдің көшінен мен кеш қалмаспын.
Тағдырдан осындай дос тілер едім,
Бірге ойнап, бірге онымен жүрер едім.
Қадірім кеткен күні досқа менің,
Тұйыққа сонда ғана тірелермін».
Өлең шұбыртпалы ұйқас түрінде келген 11 буынды. Әрбір тармақтағы ұйқас та ұтымды жазылған. Жан-тәнімен беріліп, адал бола білген достың туыстан артық екендігін, бәз біреулердің мансап, атақ, ақша үшін дос болатынын сынай жазады. Өзінің адал достық ниетін білдіре отырып, адамзатқа да соны тілейтінін білдіреді. Әрбір адам баласының досқа деген қадірі кеткен күні, доссыз жалғыз қалған күні өмірдің тұйығына тірелетінін де ескертеді.
Шәмілдің осы өлеңімен үндесіп келетін Мұқағалидың мына өлеңін қарап көрелік:
Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достарың көп пе?
Апырау неткен жақсы едің?
Досым аз менің…
Досым-ау менің, тапшы емін?
Достарыңменен достастыр мені, асылым,
Достастыр мені?
Болайын құлың нақ сенің!
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме-өзім мін артып…
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық.
Бұл өлең де шұбыртпалы ұйқас түрінде келген, Д дауыссыз дыбыстарының сөз басында қайталанып келуі, яғни аллитерация орын алған. Сонымен қатар өлеңдегі кейбір жолдардың бір сөзбен басталуы, анафора кездеседі. Жай қайталай да ұшырасады. Жауыз бен дос ұғымын қатар қою арқылы шығармасын аяқтауы өлеңді шендестіріп, әсерлендірген.
Қорыта айтқанда, бір-бірін адал дос санап, заманның зарын бірге жырлап, поэзия теңізінде қатар жүзген екі кеменің достыққа деген адал сезімдері мен өз өнерлеріне деген шексіз сенімдері ұштасып, әдебиеттің асыл мұрасы болған қос ақынның достық тақырыбындағы шығармаларының реті осылай өрбіді. Әрине, бұл тек бастамасы ғана. Екі шоқ жұлдыздың бұл тақырыптағы, тек бұл тақырыптағы ғана емес, басқа да шығармаларын бір мақалаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Қос ақынның шығармашылығын жан-жақты талдау, салыстыру алдағы күннің еншісінде деп білеміз.
Ж.Қамбар,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық
мемлекеттік педагогикалық институтының студенті
Қостанай облысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.