Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Серік Сағынтай. Қарға ...

23.12.2018 18314

Серік Сағынтай. Қарға

Серік Сағынтай. Қарға   - adebiportal.kz

(Әфсана)

«Бывают дни, когда человек вселяет в меня ужас...»

Жан Поль Сартр.

«Ей, ұшып жүрген қара кітап...»

Мұхаммет Салық.

...Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Қарқ-қарқ етіп, қиялай ұшып бара жатқанда маңындағы тамырына әлденені ескертіп айтады-мыс. Не айтатынын кім білген?! Өз кебімізге түсіріп, «Қу құлқын шығар?» дейміз кейіп. «Қарқ-қарқ. Кеттік. Егістік жаққа барып қайтайық, туыстарымыз келе бастаған сыңайлы. Бұл қораның маңында аса мардымды тағам жоқ тәрізді, қарқ-қарқ...» Не айтады дейсің басқа?!

Бұл қарғаны әңгіме етпеген жан жоқ болар жер бетінде. «Қарғалар жүр қарда қара нүкте боп...» деп ақындар жырына салып, ойын тұздықтады. «Сен бақыттысың, күллі дүниенің үстінен саңғыты-еп, қарап отырған...» деді. «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде...» деп бипаз басталып, шырқай кететін әнді естіп келеміз ертеден. Ал қарғалардың сөйлесіп жүретіні туралы әлдебір орнитолог-жазушының, әлде, ғалымның кітабынан оқығанбыз. Жазушымыз Песков па, Зверев па, әлде, Сетон-Томпсон ба?! Ал ғалым, тіпті, ойда жоқ. Ойда тек қарғаның сөйлесетіні ғана қалыпты. Қарғаның тілін кім ұққан?! Тіпті, сөздік қоры бай халық болсын, одан не табамыз? Қазақтың тілі байи ма одан? «Қарғаның тілімен айтқанда, Сіз, қарқ...» деп басталатын әңгіме не береді бізге? Сосын, мақал-мәтел. Қарға туралы. Аз-маз бар екен. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Боқ шұқығыш қарға жанындағы дастарқандасының көзін шұқығаны туралы факті тіркелмепті тарихта. Әйтпесе, қазақ айтатын еді: «Қарға қарғаның да көзін шұқиды» деп. «Қарға баласын аппағым дер, кірпі...» Қарғаның тілінде «аппақ» деген сөз бар шығар? «Тозған қазды топтанған қарға алады». Көне түркі мақалы. Іздей берсем, біраз табатын тәріздімін. «Қарғалы» деген ауыл да бар. Ақшатау жағында болатын. Қарғасы көп болды ма екен? Әлде, этимологиясы қарғаға қатысы жоқ, әшейін дыбыс үндестігіне қарап, біз солай ойлаймыз ба? Қайткенде де, қатысы бар болар...


Қарғаның түрі, тұқым-атасы жайлы да таратып әңгіме қылса, бір таң отыруға болатындай. Ұзақ қарға, ала қарға, көң қарға, құзғын, т.т... Өзара жамағайын, туыс, жекжат, әйтеуір, бір қарғатамырлы жұрат. Біз де. «Қарғатамырлы қазақпыз» дейміз. Сірә, қарғаның ұзақ жасайтынына қарап, тегіміз алыстан туысатынын меңзеп айтармыз...


Қарға туралы, осы замандағы кез келген құзғын туралы айтқым келсе, аталарым есіме түседі. Үш жүз жыл жасап келе жатқан кәрі қарға атамның атасын көрген шығар?! Көктемеде жасыл шалғынды жапырып, жазға қадам басқанда, қытымыр қыста, жайлауы қырқылған күзде қарқ-қарқ етіп, құрығынан үркіп ұшқан шығар?! «Ей, құзғын, атам жайлы айтшы маған! Айтшы маған, әжелерім жайлы, әкелерім туралы. Атамның мен көрмеген мыңғырған малы мен аңсақ төбеттерін. Қыс қыстауы мен жаз жайлауы қандай еді?! Арқаның қожыр-қожыр тасты қоңыр тауларының бұйраттарынан қашқан түлкі-қарсағы мен ізім-қайым жоғалған киіктер туралы айтшы...» «Қарқ-қарқ. Қарр-ққ. Ғғарығқ. Қғғар-рррқ» дейді қарға. Айтты-ау деймін. Мен ғой түсінбейтін. Адамның тілін әзер ұғамыз. Қарғаның тілін қайдан білейін. Бірақ...



Бірақ, бірде қарғаның аузынан, жаңылам, тұмсығынан шыққан үннің бәрін ұға кеттім. Бір топ қарға еді. Жабыла жалбарынғандары, шырқырай шыққан үндері керемет ұғынықты еді. Қарғалар адамнан да түсінікті тілде сөйлейді екен...


***



Сарыесіктің жазығы Қояншоқыдан өзенге қарата қодыра шөпті, ерменді боп кетеді. Топ тобылғысына қараған араласа, күбі ыстар майлы бұта тікенекті тапал тоғайға айналады. Еспе құм да емес, топырағы майлы. Бірақ, қодыра шөп, жусан басқан. Мұндай топыраққа көде байланатын, шалғынымен шұрай бітетін. Совхоз ыдыраған соң төрт-бес жыл жапырылмай жатты. Бір жылы өртеніп кетіп, келер көктемеде көдесі ту бітіп, жасыл жазираға айналар деп күткен ел. Олай болмады. Тусырап, шала иленген тулақ құсап, қаудырап жатты. Тобылғының түбірі қалып, қарағанның қаңқасы жасыл тікен-тырнағын сойдитты. Арыған өзеннің жел жемірген жарына қаңбақ паналап, қаңғыбас құйын шаң көтергенде бұлғаққа араласа кететін. Сол жазықты былтыр ерте көктемде Жәкем әкімнен қағаздап, қалап алғанда біздің ауылдың білгіштері жағасын ұстады. «Қу тақырға қала салайын деп жүр ме? Анау жылы қарбыз еккен кәрістер темекі өсіріп, оған жуа ма, пияз ба, әйтеуір өздері қуырып жейтін ащы бірдеңелерін қоса отырғызып, ақыры шөп шықпастай ғып кеткенін біледі ғой». «Әй, бұл түйе асырайын деп жүр». «Түйе асыраса қуырдаққа қарық қылады да...» Жәкем ауыл көшесіндегі пыш-пышты елең қылған жоқ. Екі ұлын, оған мені қосып көлігіне тиеп ап, жазыққа тартты. Сонау жылы кәрістер паналаған вагонның салабасына барып, тұмсық тіредік. Кинодан көретін Американың әлдебір штатындағы иесіз түлей түз елес берді. Жұлынына бұлғақ кіріп, будан боп кеткен мақұлықтар жан-жақтан келетін сынды, сілекейін шұбыртып. Әуелі үрке қарайды. Сосын, сәл қозғалсаң болды көмейінен зілді күрсініс секілді үн шығарып, дір-дір етісе қалады. Келесі сәт... Жо-жоқ, ондай ештеңе де болмайды. Менің сырқат санамнан туған қияли елестер қозғала бастағанда Жәкем тіл қатты.


Мына ел мені ақымақ санап жүр. Өздерінің шайнам ақылдары жоқ. Бұл жер өздерің сегіз-тоғыз оқығанда суармалы бақша болған, естеріңде ме? Жылына бірер мәрте қаладан әкелетін қарбызға, капустаға мәз боп жүргенде, бір жылдың ішінде көк түйнектің астында қалып едік қой. Әй, Әділ, қарбызды сұрап бір, ұрлап екі жеп, ішің өтіп, шайдың самасын шайнап, әзер тірі қалғаның есіңде ме?..



Ол, әрине, менің есімде. «Сонда Жәкем кәрістер құсап, қарбыз отырғызбақ қой...»



Өзеннен тартылған тұрбаның сілемін көрдіңдер ме? Әлі ешкім қазып алған жоқ. Қазбай тұрғанда мен басып қалдым. Өзі – нержавейка. Бір су соратын мотор аламыз да, өзеннен су айдаймыз. Суармалы бақша жасаймыз. Ел құсап, картоп, қияр салмаймыз. Күнбағыс отырғызамыз. Ано-о-оу жарға дейін (қолымен Төрешоқы беттегі сирек тал біткен жарлауытты нұсқады) үлкен плантация болады. Күнбағыс жайқалады әлі бұл жерде. Пістесіне тоясыңдар. Сусыз жерде қуырып, сулы жерде асып дегендей. Сабағы да іске асады. Шекілдеуіктің майын шылқытып шығаратын зауыт саламыз. Қытайдағы досым май сығатын аппарат әкеп берем деген. Қалбаға да тоясыңдар. Түсінікті ме? Ел оттай берсін...



Таңдайымды суырып баратқан тәтті қарбыздың дәмі шемішкенің қабығы боп жабысып қалды. Алғашқы күндер ат шаптырым алапты қоршаумен кеткен. «Сұғанақ сиырдан, оқалақ буған мәлік келгірлерден». Ол екі арада Жәкем қаладан екі қап дән әкеп, жер жыртып дегендей, мотормен су шығарып, жұмысбасты боп кетті. «Күнбағыс үшін де жер жыртады екен-ау» деймін ішімнен. Ақыры дән себу басталды. Қаптан бір шелектей қуырылмаған аппақ дәнді етегіне толтырып алып, Жәкем алға түседі, соңында біріміз дәндерді таратып, екіншіміз көміп, еріп отырамыз. Бейнет. Іш пыстыратын, көзге көрінбейтін жұмыс. Ақыры аяқтадық. Қаптағы қалған шикі пістені шағып жеп, қарық болғанбыз. Тоқымдай жерге картоп егілді. Алашадай жерге қияр, тебінгідей жерге сәбіз сіңірілді. Қоршауды жағалай қарағаш шыбықтарын қададық. Сонымен тәмәм. Мен қалаға оралдым. Жәкем балаларымен ауылдың алып-қашпа әңгімесінің өтінде қала берген...



***


...Қарғаны қолға үйретіп, жемдеп, тұқымын сұрыптап, қап-қарасын аласымен будандастырып, жыл аралатып тағы сұрыптап, бәлкім, қараңғыда ұстай ма, тамағына маңызды мәзір ойластыра ма, қайткенде де ақ қарға тұқымын шығаруға бола ма екен? Ақ қарға. Шағаладай. «Аққудай» деуге ауыз бармайды. Тұмсығына дейін аппақ болса. Бұлар өзі неге қап-қара, меңсіз мақпал қара, түннің, мәңгілік түнектің түсіндей болады екен? Мынау ақ дүниенің алғаусыз ақ кеудесіндегі дық секілді қап-қара дақ, ноқат. Қара мең. Бәлкім, ақ дүниенің қарақотырланған жарасы ма? Адам баласы өзімен ежеттес мақұлықтардың жасын сұрайтыны туралы аңыз бар еді ғой. Сонда маймылмен шектеле қалмай, қарғаның жасын сұрап, оны жаратушымыз бере салып, содан қарқ-қарқ етіп, тұмсығыңды нәжіске тығып... Жо-жоқ! «Қарқ-қарқ етіп қарға ұшқанда басымнан өкінгенмін, өстіп талай басылғам...» дейді ақын дос. Неден өкінді екен? Жасының кемдігіне ме? Әйтеуір, қарға туралы әңгіменің бір шеті өкінішке кеп тіреледі. Қалада, далада да құзғын көрсең, ескі бір елестер тірілетіндей. Сол жылы ауылға барып, күнбағыс плантациясын қорығандағы өкініш естен кетпес...


***


«Айда аял жоқ, жылда...» Бір айдан астам өткесін қаладан келдім. Сағынбаппын ауылды. Білмеймін неге екенін? «Күнбағыс плантациясы не болды екен?» деген ырайсыз ынтық қана бар. Ауылдағы үйдің есігінде құлып тұр. Көрші сары тісін көрсете күлді: «Көкең бақшасында. Байлығын қорып жүр. Қатын-баласымен көшіп кеткен». Жүк дейтін жүгім де жоқ-тын. Шүмектен су сыңғытып ап, тартып отырдым. Ынтазарым күшейіп барады. «Бәрі кеткеніне қарағанда, жұмыс қырғын болар? Тәтем де сонда болса, рас солай болды ғой...» Ойлағаным қиыс кетпеген екен. Сарыесіктің тапал шоқысына шыққан бетте сонадайдан көзге шалынды. Плантация. Кинодан көретін күнбағыс плантациясы. Етегі жусан түсті боз жасыл, сәл ырғалған бастарынан сары күлтелі жапырақтары тұтасып, тусырған далаға өзгеше өң берген. Тұра жүгірдім. «Жәке, жарайсың! Қызық болды ғой!»


Түс әлеті болатын. Демалып жатыр екен. Жапырлай амандасқанымен, қабақтары сәлең. Қуаныш, туысын көргенде жылт ойнар жанар жарқылын іздеп, бәріне қараймын кезекпен. Жүздері шаршаулы, жанарларында шарасыздық бар секілді. «Не болған сендерге? Жұмыс ауыр ма? Керемет шығыпты ғой?» деймін асыға. «Е, қазір көресің қызықты» деді Жәкем. «Қызығы» расында қырғын боп шықты. Түскі астан кешіккесін, қазан түбіндегі майы қата бастаған ешкі етінен бірер мәрте қарбытқаным сол еді, Жәкем балалары бір-біріне елеңдей қарасып, сыртқа ата-ата шықты. Мен де ілестім. Өзен жақ беттен құс қайтарда топталатындай қарақұрымданып, жүздеген қарға келеді қарқылдай ұшып. «Қарқ-қарқ. Жан-жақтан қаумалап, естерін тандырайық. Қарқ-қарқ» деді-ау деймін бірі. Оны бәрі қостаған секілді. Әп-сәтте сабақтары пісте тұнған қауашағын әзер көтеріп тұрған егістік алабына, күнбағыстардың иілген бастарына жапырлай қона бастады. Бауырларым шатырдың іргесіндегі бос шелек, бақыраш-тегештерді, бір-бір шыңдауыл темірді ала-сала аттандай ұмтылған. Қарғаның қарқылына шың темірдің қаңғыр-күңгірі қосылып, аспан асты айғай-сүрен қиқуға толды. Салыға шаршаған Жәкем «Неғып тұрсың? Көрдің бе?» дегендей мұңая қарады...


Қарағашқа ұя салған, болмаса, қар үстінде күреске түсетін балуандай талтаңдап жүрер қарғаны талай көргенмін. Қара пәленің күнбағыстың басына қонғанын тұңғыш аңдауым. Күнге мойын созып жетіліп, күнжарасы толғанда, пістесі пісіп, піскеніне қысылғандай басы салбырай кететін, жасыл түгі дымқыл шырышпен шыланып тұратын сабағы қатып, қуыс таяқ қурайға тарта бастаған күнбағысты үй қаздарын аулар машықпен мойнынан ағаш қылышпен бір ұрып, жерге топ еткізіп, жинайтынбыз. Сол «иілген басты қылыш кеспес болар» деп тұрған бейкүнә сидаң сырыққа, сырықтың басында салбыраған пістелі табаққа қарғекең жарбиып қона кетеді. Қона кетеді де сол аяғына салмағын салып, оң сирағын ырғап-ырғап, сояу тырнағын батыра құламастай жайғасады. Сосын, төменге үңіліп, иіле кетіп шоқып ала бермек. Шырт еткізіп шаққаны кедейдің бит сыққанындай. Жер жаралып, су аққалы пісте шағып жүрген секілді. Кейде жанына тақап келсең қып-қызыл көзімен ата қарап, «қғарққ» дейді де, аспанға атылады. Есіл еңбек рәсуә. Жәкем жыларман. Балалар шаршаулы. Қарға қаптап келеді. Күн санап көбейетін тәрізді. Жеке-жеке топқа бөлініп ап, бәсекені қыздырып жүрген сыңайлы. Жарты жалғанның құзғыны осында шығар. Қара түннің қалақтай-қалақтай қиындылары аспаннан шашырай түсіп, жарықтың жүзіне қадалып жатыр. Күнбағыс күннің көшірмесі де, қара қарға түн-түнектің елшілері секілді. «Әлімсақтан осылай. Ақ пен қараның шайқасы». Мен сол айқастың бас куәгері тәріздімін. Дәрмен жоқ...


Шарасыздық шалдықтырған Жәкемді ауылдағы Қабыл досы іздеп келсін бір күні. Қан майданның өтінде жүргенде келді. Қараборбайланып, қажыған бізге мысқылмен қарап тұрды-ау.


Осы қарғадан құтылудың амалын айтсам не бересің, Жәке? – деді сәл тыныстан соң.


Е, сұрағаныңды ал...


Онда, маған үш қаз үйітіп бересің.


Қаз сөз боп па, үш жүз қарға қосып үйітіп берейін, - дейді Жәкем күйініп.


Қап, арзандау айтып қойдым. Дегенмен, барға қанағат. Ал енді бәрің бері келіңдер, - деп, бізді ашық алаңға бастады білгішбек. Қарғалар назар аудармасымызды аңдап, хан талапайды қыздыра бастаған.


Қарға аулау білесіңдер ме?


Білеміз, білеміз. Тұзақпен... сақпанмен атып аламыз... Тормен аулауға болады...


Онда бәрің жабылып, оншақты қарға ұстап әкеліңдер. Бұл - бірінші жұмыстарың. Жәке, жүр совхозға барып қайтайық.


Үлкендер кетісімен жаңа ауға – үлкен жорыққа аттанардай қамдандық. Әділ тіпті, бет-ауызына қара бояу жағып, үндістердің ұрыс алдындағы биін салып, ойқастап қояды. Өзеннен кеше салған ауды алып келдік. Паршалап, бөліп алыстық. Біріміз сақпан сайладық. Торды бірнеше күнбағыстың басына шәліше орап, бір ұшын жерге қазықпен қағып, атпен тартсаң шықпастай еттік. Сосын, тұзақ, тор құрылған «миналанған квадратқа» қуа бастадық қарғаларды. Айналасы бір сағатта он екі қарға пұшайман боп тұтқынға түсті. Сол сәт Сарыесіктен Жәкем машинасының шаңы көрінген. Тұтқын қарғаларды сирақтарынан тізіп, бар сән-салтанатпен қарсы алдық. Тәтем үйде қалыпты. Жәкемнің көзінде ұрлықы ұшқын ойнайды. Әлсін-әлсін жымиып қоя ма, қайтеді?! Сірә, отты судан жұтқан. Қабыл да жымыңдап, бізді марапаттап жатыр.


Машинадағы музыкальный аппаратты түсіріңдер.


Біз бір-бірімізге үрке қарастық. «Дискотека?!».


Болыңдар, ей. Моторды қосып, аулақтау апарып, сым тартыңдар шатырға. Қазір студияда «Алтын қорға» әншілердің даусын жазамыз.


Түк түсінбеген қалпымызда Жәкем көктемде кредитке алған күйсандықты шаң-шаң шатырдың төріне жайғастырдық.


Қарғаларың семіз екен. Қазір көреміз бұлардың әуселесін. Ұлдар, сендер қарап тұрмай бір-бір шеге, біз алыңдар қолдарыңа. Қарғаның қос сирағынан, қанатынан байлап, керіп тастаңдар...


Құпиялы қойылымның мәнін енді түсіне бастаған тәріздімін. Бірақ, күйсандық неге керек?! Он екі қарға шатырдың ши төселген еденіне керіліп тасталды. Дауыстары жалынышты шығатын тәрізді. Тегін пістеге семірген талтаңбайлар тағдырлары не боларын ойлайды ма, бастарына төнген зауалды күнге өкініш білдіре ме, қайткенде де, үндері жасыған. Тыпыр-тыпыр етісіп, сабаланып, шатыр ішін шаңдатып та жіберді.


Қазір бастаймыз. Мен мына магнитофонға, таспаға жазуды бастаған сәтте қолдарыңдағы шегемен қарғаларды басқа-көзге қарамай піскілейсіңдер. Дауысынан қорықпаңдар. Бәлемдердің үндерін жазып алып, басқа қарғаларға тыңдатамыз. Сосын келіп көрсін бұл маңға! Ал, кеттік...


Күйсандықтың тетігі шырт ете қалғанда Жәкемнің қолындағы көр шеге алдындағы қарғаның төсіне кірш етіп қадалды. «Қғғғғ-ғғарррррр!» деген аса аянышты үн құлақты тесіп, миыма шағылды. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмеймін. Бәріміз сілейіп қалыппыз. Төсіне темір кірген бейбақ құйқа шымырлатар үнмен бебеулеп жатыр. «Не қарап тұрсыңдар!» Қабыл айғай сала, ұрандап, менің қолымдағы бізді жұлып алып, жерде сілейіп жатқан қарғаға пісіп-пісіп жіберді. «Қррррр-ғғғақққ! Қиқққ-ғғарррқ! Қаққ-қаққ!» Қарға жылап жатқан секілді. Қарға жанына батқан жарадан аһ ұрып, айғайлап көмек сұрағандай болды. Сол сәтте қанды топалаң басталды да кетті. Оң жақтан да, сол жақтан да тозақ үні, топырлай шаңдатып, қарға өлтіру ойыны қызып жатты. Қолыма қайдан іліккені белгісіз, әлдебір қисық шегемен бір бейбақты мен де піскілеп-ақ жатыр екем. «Жетер!» Жәкемнің дауысы. Қолы, бет-ауызы, киімі қан-қан. Қансыраған қарғалар жабыла жалбарынып, ойбайлап жатты. Мұндай зар-зәһар дауысты туғалы естімеген екем. Қолымдағы қисық шегенің таттанған ұшынан қап-қара қан тамшылап тұр. Құлағымда тозақ үні. Қарғаның үніне Әділдің бақыра жылағаны қосылды. О, бұл неткен бақытсыз үн еді! Қара қауырсындары шашыла, жұдырықтай ғана денелері қанға малшынған бейбақтар өзара бақұлдасып жатты-ау деймін. «Қғғ-ғарққ. Өлдім. Өлдім. Өлдім! Қарғыс атсын! Қарррр-ғғыс атсссын, адам атаулыны! Қққққайдасыңдар, балапандарым? Өлдім!» деп, зарлады бір кәрі құзғын. «Қғғғаааа-ааа-ааааа! Қап! Қаррр-ғыс тіледім!» «Өлдім! Өлдім!» деп жыласты қарғалар. Үш жүз, үш мың, үш жүз мың жылдар бойы бойына жинап келген қаралы қарғыстар атылды қарғалардың жүрегінен. Тозақтың бар тұрғыны арқалаған аһ ұрған ажал зары төгілді қарғалардың үнінен.


Қабыл қан-қан қолымен көкемнің күйсандығын тоқтатты.


Қарғаларды шығарып, босатып жіберіңдер. Неге сілейіп тұрсыңдар!


Жәкем тілін жұтқан адамдай түнеріп барып, қарғаларды далаға лақтырып тастады. Үлкен ұл балтамен жіптерді қиды. Төрт бейбақ әлсіз қарқылдай, қалбаңдай ұша-қона күнбағыс арасына сіңді. Қалғаны қанаттарын сабалап, орындарында тыпырлайды. Дауыстары жыламсырай шығып, ақыры тыншыған болды.


Жақсы жазылыпты! Магнитофоның керемет екен. Бәле, Әділдің де дауысы араласып кетіпті ғой. Ха-ха-ха! - Қойылымның бас режиссері айран-асыр, мәз-мейрам.


Әлгінде ғана өз қандарына тойған бейбақтардың жан тәсілім етердегі үндері таспаға ап-анық жазылыпты.


Магнитофонды далаға шығарыңдар. Бар даусымен барқырата қосыңдар. Тыңдасын құс атаулы!


Қабыл арман ісі орындалған жандай разы рәуіште. Жәкем мен үлкен ұл сүйретіліп барып, күйсандықты тысқа шығарды. Аспан астын тозақ үні тітіретті тағы да. Сол сәтте...


Сол сәтте Сарыесік алабын жайлаған қарға атаулы таспадағы тозақ үніне қосыла қарқылдап, өзенге, одан әрідегі қоңыр тауларға қарата атылған бытыраша тым-тырақай ұшты.


...Қарғалар өзара сөйлеседі екен. Өзара тіл қатысып, жанына жаққан жайды, жанына батқан қайғыны бөліседі екен.


Кешкісін қос басында Әділ екеуіміз қалып, өзгелер совхоз орталығына оралды. Қабыл қарғаға ажал әкелген қаздың өзі ертең ішер сорпасын мақтап, Жәкеме «қара пәледен құтылғаныңды жуасың» деп көлігіне жайғасты. Біз екеулеп жүріп, қарғаларды көміп тастадық. Қалыңға сіңгендері таптырмады.


***


Сол жылы Жәкемнің шекілдеуік майын шығаратын шағын зауыты іске қосылды...


Күйсандық күніне төрт-бес мәрте ойнатылады...


Сарыесік алабында қарға тұрмақ, құс атаулы қалмады...


Келер жаз Әділ бала суға кетіп қайтыс болды. Тәнін таба алмадық...


Ойыма Құран Кәрімдегі «Мәида» сүресі шертетін ескі аңыз оралады:


«Мұхаммед саллаллаһу ъалайһи уа саллам оларға Адам(ғ.с)-ның екі ұлының әңгімесін шынайы түрде оқы деді. Сол уақиғада екеуі Аллаға жақындық үшін құрбан шалған еді. Сонда біреуінен қабылданып, екіншісінен қабылданбаған еді. Құрбаны қабылданбаған Қабыл Әбілге, «мен сені өлтіремін» деді. Сонда Әбіл «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді» деді. «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Күдіксіз мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!» «Сөзсіз мен, сенің өз күнәңмен менің күнәмді жүктеп, тозақтық болуыңды қаламаймын. Осы, залымдардың жазасы». Сонда оның нәпсісі туысын өлтіруге қызықтырды да ол, оны өлтіріп, зиянға ұшыраушылардан болды. (Адам ғ.с. егіз ұл-қыздарды ауыстырып үйлендіреді екен. Бірақ, Қабыл өз сыңарымды аламын деп, Әбіл екеуі серттесіп, құрбан шалғанда құрбаны қабылданбаған Қабыл, Әбілді өлтіріп, қайтерін білмей көтеріп жүргенде, құдірет күші жіберген екі қарға таласып, бірін-бірі өлтіріп, көмгенін көріп, көмеді). Сонда Алла, оған туысының өлігін жасыруын көрсету үшін жіберген қарға, жерді қаза бастағанда: «Әттең! Маған не болды? Туысының денесін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?» - деді де өкінушілерден болды...»


***


«Ей, қарғалар, аталарым туралы айтыңдаршы маған...»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар