Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Шерлок Холмстың музей-үйі...

27.03.2022 3574

Шерлок Холмстың музей-үйі 14+

Шерлок Холмстың музей-үйі - adebiportal.kz

1990 жылы 27 наурыз күні Лондондағы Бейкер-стрит, 221-де әйгілі әдеби кейіпкер Шерлок Холмстың музей-үйі ашылады. Артур Конан-Дойлдың шығармасы бойынша атақты детектив досы, доктор Ватсон екеуі 1881-1904 жылдары тап осы мекен-жайдағы пәтерде тұрған болатын.

Аталмыш шығарма жазылып, жарық көріп жатқан жылдары Лондонда мұндай мекен-жай атымен жоқ болатын. Сөйтіп Бейкер-стритті солтүстікке қарай созған кезде, романдағы нөмір 215 пен 229-дың ішінде қалады. Сол себепті құрылысты жүргізген Abbel National қоғамы арнайы хатшы жалдауға мәжбүр болады. Өйткені Baker street6 221b мекен-жайы бойынша Шерлок Холмстың атына үздіксіз келіп жатқан хаттар мен өзге де корреспонденцияларды қабылдап алып, іріктеп отыруға тура келеді. Ал музей жасақтау барысында арнайы «221b Baker Street» фирмасын тіркеуден өткізеді. Бастабында «Шерлок Холмстың үйі» деген тақтайша 239 нөмірге ілінген болатын. Кейін бұл үй ресми түрде 221b, Baker Street, London, NW1 6XE деген почта мекен-жайын иемденеді. Содан кейін-ақ корреспонденциялар нақты музейдің өзіне келе бастады.

Музей викториан стилінде салынған төрт қабатты үйде орналасқан. 1815 жылы бой көтерген бұл үй Патшайымның алқауындағы 2-ші калсты архитектуралық-тарихи құндылықтар қатарында. Музейдің атауынан бөлек, үйдің қабырғасына лондондық үлгімен мемориалды тақтайша ілінген. Қандай да бір тарихи тұлғалар тұрған үйлерге ілінетін «көк тақтайша». Ал онда: «Бұл үйде 1881-1904 жылдары детектив-консультант Шерлок Холмс тұрған» деген жазу бар.

Музейдің бірінші қабатында шағын кіреберіс пен кәдесыйлар дүкені бар. Екінші қабатта терезесі Бейкер-стритке шығатын қонақжай мен терезесі аулаға қараған Холмстың бөлмесі орналасқан. Ватсон мен миссис Хадсонның бөлмесі үшінші қабатта. Олардың да терезесі бірінікі аулаға, екіншісінікі көшеге қараған. Әуел бастан-ақ шаруашылық мақсатқа таңдалған төртінші қабатқа көтерілсеңіз, Шерлок Холмс туралы аталмыш шығарманың майшамнан жасалған түрлі кейіпкерлерін жолықтырасыз.

Үйдің интерьері Артур Конан-Дойлдың Шерлок Холмс туралы шығармасындағы суреттеу бойынша айна-қатесіз жасалған. Музей-үйден өзіңіз шығармадан білетін, Шерлок Холмс тұтынған көптеген заттарды – Холмстың скрипкасын, шляпасы мен аңшы қамшысын, табак салынған түрік туюлиін, камин сөресіне өткір пышақпен шаншып қойған хаттарды, химиялық тәжірибеге арналған құрылғыларды, Ватсонның әскери револвері т.б. сол «түпнұсқа» күйінде қолға ұстап көресіз. Қонақ бөлменің қабырғасындағы шынының астында, әлгі «Месгрейвтер үйіндегі ырым» әңгімесінде Холмыс «оқ атқан» Виктория «VR» патшайымның монограммасы мен мұндалайды.

Музей бөлмелері 1860-1934 жылдар аралығындағы үлгімен сәнделген үй ретінде тіркелген. Соған орай, ол тек Шерлок Холмстың музей-үйі ғана емес, ХІХ ғасыр соңындағы лондондық тұрғын үйлердің классикалық үлгісі рентде де көпке мәлім.

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар