Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Сөз» туралы сөз...

13.02.2024 2778

«Сөз» туралы сөз 12+

«Сөз» туралы сөз - adebiportal.kz

Бұл біртұтас жазылған мақала емес. Сөзге, оның ішінде әдебиетке қатысты әр түрлі ойларымды екшеп алып өздеріңізге ұсынып отырмын құрметті оқырман қауым!

Сөз, оның  ішінде поэзия  ұлт рухының лакмус қағазы іспетті. Бағзы жыраулар дәуіріне бармағанда кешегі ауызынан от бүркіп, тас шайнаған Махамбет өлеңдері – қазақтың аумаған өз намысы мен рухы-тұғын. Алапаты аспандап, кеудесі басылмаған сол жырлардың тірі кейіпкері Кенесары болса, сарыны  Құрманғазы еді. Зеңбірекпен қаруланған мұздай орыс әскерінен еш қаймықпастан шиті мылтықпен бетпе-бет келу дегеніңіз – не десек те бұла күш пен көзсіз ерліктің ісі. Махамбет пен Кенесары көтерілісінің бір мезгілде болуын ескерсек, бұл қазақ мінезінің әлі де бас асауынан айырылып бір қалыпқа түспегенін көрсетеді. Иә, содан кейінгі ұлт рухы сүреңсіз шақты басынан кешіріп, еңсесі күн сайын еңкіш тарта берді. Соңы күйреуік «зар заман» сипатына ұласып, ар жағы Абай мінезі болып жуасып та үлгерді. Кейін XX ғасырда ұлт ахуалы «Көзіңді аш, оян қазақ көтер басты...» деп жұлқылап жүріп оятатын жалыныс шегіне дейін құлдырады. Мінекей, Махамбет пен Міржақып арасындағы бұл диаграмманы бар болғаны өлеңдер циклі деп түсінсек оңбай қателескен болар едік. Бұл өлең емес, ең әуелі, біздің тағдырымыз бен өзіміз туралы нағыз «өмірбаян» еді.  Айталық, 1931 мен 1938 жай бір сан емес, қазақ санасында Әзірейіл періштедей болған қорқыныш пен үрей мәселесі емес пе? Бұл жердегі өлең де солай... Аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ескерсек, бірден биік ой мен азат рухқа аз жылдың бедерінде шығандап шығу дегеніңіз, шынымен-ақ, неғайбыл еді. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Бұл пікірмен оқырман қауымның еш келіспеуі де мүмкін. Сонда да өз көзқарасымды бұқпантайламай,  ашық айта кетейін.

Әдебиет – не десек те үлкен ұғым. Сондықтан ол тек қазақтың ғана емес, әлемнің де ортақ  ең асыл қазынасы болып саналады.  Демек, қаламгер еңбегін бағалаудың әдебі мен әлеуеті біздегі «Алаш» немесе «Мемлекеттік сыйлық» өлшемдерімен  емес,  «Дүние ортақ,  ендеше  сол ортақ әлемдегі  менің орыным қандай?» деген  сауалдар негізімен анықталса керек. 

Әдебиет – әлемдік өлшем дедік. Осы өлшемнің аумағынан қарасақ, біздегі  марапат пен мақтанды  ұлттық немесе уалаяттың ғана әңгімесі екендігін ашық мойындағанымыз жөн секілді. Әрине, бұдан қаламгерге өз ұлтының марапаты мен мәртебесі керек емес деп қатал үкім шығарып отырған жоқпыз. Кімнің болсын әдеби әлеуеті мен кәсіби шеберлігі әлемдік тәжірибе негізінде ғана таразыға тартылатыны хақында айтып отырмыз. Бұл тұрғыдан келгенде біздің жаһан алдындағы орнымыз қандай?  Осы сауалға келгенде «кеше кеңестік қоғам жабық болғандықтан, біздің  де санамыз  жабық еді» деп аға буынның ат тонын ала қашып ақталуы да  мүмкін. Бірақ бұл  бұлтақ пен сырғақтың  белгілі бір себептерімен  келісуге де болады. Жарайды, ақталу «азаттық аңсаған» аға буынға жарасқанымен, 1990 жылдардан бергі  миллениумдер деп жекелей атау алған жас буынға жараса ма? 

Мынадай ақпараттық заманның  алапат  мүмкіндігі туып  отырғанда ақталу мен шағымдану көкөрім  буынға  шынымен-ақ ыңғайсыз болар еді. Ал ағылшын тілін меңгерген қаламгерге ашылатын зор игілік пен мүмкіндікті санап айтып  тауыса алмайтын шығармыз.  Виртуальды әлеммен бірге әдебиетке  5G-дың әсері, тілдің техникалануы, образдың өзгеруі, тың сюжеттің пайда болуы секілді табиғи жағдайлар да табалдырығымыздан қоса аттады. Енді  Мұқағалиша жазудың еш «мода»  емес екендігін айтпағанда, біздің алпысыншы жылғы әдебиетті «пайғамбар» көруіміз былай тұрсын,  күресінде қалуға тиіс пенделік қылықтарын да тұтасымен көшіріп алдық.  Басқасын жіпке тізбегенде, сол жандардың ең үлкен кемшіліктері  атаққұмарлығы мен арақкештігі дер едік. Сонымен жоғарыдағы Махамбеттен басталып  Міржақыпқа тірелген әңгімені  әрмен қарай үстей түссек. Рас, XX ғасыр басындағы талапайға түскен ұлт  рухының  аз жылдың бедерінде бірден шығандап шығуы шынымен-ақ неғайбыл еді. Ал ақы иелеріне келсек, аталған әдебиетті жасаушы ақындар мен жазушылардың алтын басы көбіне араққа шырмалып, бас азаттығы  бақылауда болды. Ең өкініштісі, сол жандардың ең дарынды дегендері  елуге жетпей өз өмірлерімен ерте хоштасып кете берді. Тауандары шағылып, кеуделерін мұң мен қайғы шеңгелдеген алпысыншы жылғы буынды  жаппай «депрессиялық әдебиет» жасады деуден аулақпыз. Әрине, ұлт рухын шынықтыратын тамаша шығармалар да осы жылдардың бедерінде дүниеге келіп жатты. Сонымен, басқасын сөз етпегенде жоғарыдағы екеуі (арақ пен қайғыны айтамыз) отарлықтың жасаған өз лаңы еді. Агрессор ел енді құлдықты құтыға құйып, астыртын тәсілмен ары қарай жалғастырып отырды. Ал адамға арзан атақ пен даңқ үлестіру жолында жасаған арамза айлалары тіптен ажарсыз әңгімеге жүк. Мұны астын сызып арнайы айтып отырғанымыз, осы «ойынды» шын  қабылдап, қолдан жасалған  қиындыққа мойынсал болып қарсы тұра алмауы, бір жағынан, қаламгерлеріміздің  қайрат күшінің (дұрысы қайраткерлігінің)  кемдігінен еді. Ал ары қарай бәрі де бес саусақтай белгілі ғой.  Жеңілген ұлт қашанда күйреуік келеді. Жауды өз жақынынан іздеп, сол күйреуіктігінің себеп-салдарына бойлап та жатпайды. Қызық, сондағы елдік, азаматтық күрескерліктің бар-жоғы оқығандардың бірін-бірі мойындамауы мен мұқатудың, сырт айналған жерде ЦК-ны сыбау мен қарғаудың  айналасында ғана болғанын көреміз. Маған сенбесеңіз сол кездегі сарғайған  естеліктерді, сыйлыққа  талас барысында бірінің-бірі үстінен  жазған домалақ арыздарды мұхият зерделеп шықсаңыз болады.  Қарғыс дедік... Білесіздер қарғыс пен сіле жеңілген ұлт пен ұлысқа тән.  Қарғыс – әділет принципі жұмыс жасамаған қоғамның негізгі көрінісі. Әгәрәки, қазақтың қарғысын жинап құрастырар болсақ, қанша том еңбек шықса, оның көрген қорлығы мен шеккен бейнеті де сонша том  болады деп қорытынды жасауымызға  болады. Жарайды, азаматтық қоғам, күрескерлік рухқа коммунистік партия кесе-көлденең болып еш жол бермеді дейік. Керек десеңіз, мұның бәрін табиғи жағдайға балап, ішілген арақ пен шеккен қайғыны да ақтап алуға болатын шығар. Алайда алдарында  асқар таудай болған алашты қайтеміз? Қандай қиындыққа бір мойымаған Ахмет пен Әлихан мінезін қайда қоямыз? Қаламгерліктен бұрын қайраткерлік танымды қалай түсініп жүрміз?  Ал бүгін ше?

 «...Қарағым

 құй маған (Айдабульская) арағын 

Құдайыңның алдында сүттен ақ, судан тазамын.

...Мына қоғамға мендей диуана керексіз

Өлгім келеді қарусыз 

Өлгім келеді себепсіз...» (Қуаныш Өмірбек) деп жазатындай қара басымызға не көрінді сонда?

Бұл 1960-70 жылғы қанаты қайырылған жарақат санамызға жарасатын пессимизм шығар... Ал  бүгінге жарасар ма?  Уақытпен бірге тақырып та сонымен бірге сана да есейіп отыруы керек емес пе? Адамды борпылдақ мұң мен қара түнекке шақыратын мұндай сәулесіз сөзді мен поэзия деп еш қабылдай алмас едім.  Дәл қазір біз үшін арақ та,  атақ та абырой  болмауға тиіс деген пікірдемін. Бұл қалай десек те кешегі социалистік қоғамның тісі сарғайып, еті қашқан  қария түсінігі ғой. Шындық өтіріктің бетін шиедей қылып  әшкере қылғанымен құнды.  Екі сөздің басын қостым екен  деп елеуреу де,  ессіз  дәмету де  жас сана,  жаңа уақытқа  томпақ дүниелер деп есептеймін.          

                                                             ***

Осыдан 130 жыл бұрын қағазға дерегі түскен әйгілі норвег суретшісі Эдвард Мунктың «Айқай» атты әйгілі туындысы бар.  Осы ғажайып туындаға қатысты сурет білгірлері  картинадағы ұлы үрейдің мынадай да астары бар екендігін алға тартады: «Бұл жердегі айқайлап тұрған адам емес, аспан. Дәлірек айтсақ, табиғат. Адам, керісінше, сол айқайды еш естігісі келмей, құлағын қос қолымен жауып тұр» дейді.  Бәріңіз білесіздер, суретте көк жүзі қызылкүрең түске боялған өңірде қос құлағын алақанымен басып айқайлап тұрған адам бейнесі бедерленген-тұғын. «Айқайдан» сөз суырпақтауымыздың астары мынада жатыр. Сөз жоқ, әдебиет –  ұлттың жады мен ұжданы.   Ұлттың рухани жады мен жан-дүниесінде ұдайы бір есті айқайдың еш мызғымастан дабыл қағып тұрғаны дұрыс. Ол, әрине, жетілген жан мен жоғары сананың парасатты «айқайы» болса дейміз. Ол  ұлт руханиятының бетіне шыққан кез келген бөрткен мен сыздауықтың бетін аямай ауыртып көрсететін, «әй, осы тып-тыныш отырайық» деген кертартпа енжарлықтың шәт-шәлекейін шығарып, мазасын алатын шын жанашырлық пен тілектестік туған ізгі айқай болса дейміз...  Дәл қазір қазақ руханиятында (оның ішінде әдебиетте) бір бітпейтін шүкір мен тәубә мадағы емес, нағыз нар тәуекел ісінің керек екенін, енді сол нар тәуекел ісіне нағыз дәті жетіп бара алатын парасатты пікір мен ұжданды сынның ауадай қажет екенін жан-тәнімізбен сезініп отырмыз. Ұлттың ертеңгі рухани қазынасы мен тұздығы  өткір сын мен кешенді пікір негізінде ғана қалыптасатыны анық қой.  Әйтпегенде еліміздегі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп жатқан әр түрлі әдеби  байқаулардың, сондай-ақ үлкенді-кішілі мемлекеттік марапат алған шығармалардың бірде біреуі ашық талқыға түсіп талданбаса, кемшілігі мен жетістігі пар айтылмаса, бұл әлгі  Мунк айқайының  үнін өшіріп, көмейіне құм құю қылмысының нағыз өзі болар еді. Ол, ақыры айналып келгенде, адамзат ақылманы Вольтердің: «Қылмысты әшкерелемеген адам өзі  де сол қылмыскердің бір сыбайласы болып саналады» деген  сөзіне  қосқан  үлесіміз емес пе? 

                                                           ***

Шындықты «жалаңаш» және «киінген» деп екіге бөліп қарастырар болсақ, арамдықтың адалдық атын жамылып күн көретіні бесенеден белгілі ғой. «Дүниеде қалам мен жазудың жезөкшелігінен артық еш қасірет жоқ», – депті неміс философы Фердинанд Лассаль. Осы сөзді оқығанда төбеме жай түскендей біразға дейін басымды ұстап, теңселіп отырып қалдым. 

Рас, «жалаңаш» шындық «Ертөстік» ертегісіндегі Шойынқұлақтың баласын  басыңды тәуекелге байлап шымшып жылататындай  жаныңа қас, өміріңе қауіп. Ал әкелмек әлегі мен қиянаты  қара сандық ішінде жасырылған тоғыз балапанға пар. 

Кейде маған  ұлт пен рух, әділет пен намыс іспетті сөздер косметологиялық дезодорант пен одеколон секілді елестеп кетеді. 

Рахат енді...  Қорқақ басың мен қатыбас кеудеңе бұрқыратып тұрып бір себесің де жүре бересің. Шіркін, бұл «бұрқыраған иіске» кімдер арбалып, кімдер алданбады дерсіз? Кімдердің  ақ төсегі бұлғанбады дерсіз...  Ерінін қызартқан елдік, әтір май жаққан әділет – бәрі-бәрі айналып келгенде жұрт алдында жақсы көріну үшін ғана табылған амал. 

Бұл жасанды «иіс» жанның жезөкшелігінен шыққан, барынша сыланып-сипанған «киінген» шындық.  Бірақ ол да  шешінеді.  

Әсіресе мансап пен марапат алдына келгенде өзін-өзі ұстай алмай балауыз шамдай біртүрлі балқып кетеді. Ең өкініштісі,  жаны жезөкшенің бәрі әдебиет пен өнерде жүр. Фердинанд Лассаль да мұны  әбден көзі жетіп, көкірегі сыздаған соң айтып отыр-ау деп есептедім…

                                                                                                                                (жалғасы бар...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар