Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Светқали Нұржан. Көкіректе үні қалған жан-дауыс...

21.08.2019 11588

Светқали Нұржан. Көкіректе үні қалған жан-дауыс 16+

Светқали Нұржан. Көкіректе үні қалған жан-дауыс - adebiportal.kz

«Бауыржан Үсенин (құжатта – «Үсенов», «Үсенин» деп, Есенинге ұқсатып атаушы ем. – Сөз Иесі.) – сой-тегі асылзада Сейіт-қожалардың ұрпағы болса да бар болмыс-бітімі Біржан сал, Ақан серілердің топырағынан жаралған тума сал-серілердің санатынан-тын. Бірақ ХХ-ғасырдағы қазақ қауымына Салдың да, Серінің қажеті жоқ болып шықты. Жас Дәуреннің сайраны мен ойранын, қайраны мен майданын он жыл бірге кешкен Бауыржан досым жүрегі мен мұрынын әр нәрсеге ұрып қанатып ала беруші еді. Ақыры, сол қылығы оны мерт қылды!..

Ол:

Ілесіп ап соңынан бір ақ құстың,

Жыраққа ұшқым кеп еді, жыраққа ұшқым.

Жатыр екен өртеніп тау бауырайы,

Күйіп қалып қанатым – құлап түстім! –

деп өз болашағына тым ерте сәуегейлік жасаған.

Сұлулықтың Өрті оның қанатын күйдірді, дүлейліктің дерті жамбасын жерге тигізді. Бауыржанның сиқырлы әндерін өзіндей қылып ешкімнің орындай алмайтыны өкінішті!.. Ол тірі болғанда, қылшылдаған қырыққа енді толып жатар еді! Өмірден өткеніне де он жыл болыпты-ау!..»

Мен 2001-дің шілдесінің 03-жұлдызында республикалық «Үш қиян» атты жеке газетімде «Бауыржан Үсенин жайлы бір ауыз сөз» атты осы алғысөзбен Бауыржанның өлеңдерін жариялап ем. Одан бері де оқтай ағып 18 жыл өте шығыпты...

Қазір етек жауып, ересидаға енгелі ойланатын болып жүрмін: «Неге оны Есенинге ұқсатып, «Үсенин» деп атадым екен?..» Бірақ менің осылай атағаным оған қатты ұнайтын. Ол Сергей Есениннің:

...Әлжуаз-нәзік болсам да,

Батырсып бұра тартушы ем.

Мұрнымнан қызыл қан саулап,

Таяқ жеп үйге қайтушы ем.

Өрмінез едім бұрыннан,

Өзгерген жоқпын мен де аса –

Соғылсам бұрын мұрыннан,

Жүрегім қазір қан-жоса!.. –

деген, сиқыр тілді Сағи аударған ғажайып жырын жиі оқитын. Журфактың, яки Бауыржанның тұрағы атышулы №5 жатақхана, біздікі, яғни филфактың мекені атыдулы №8 жатақхана қарама-қарсы орналасқан. Бір күні ол мені іздеп келді: киімі алу-далу, қырлы сұлу мұрынының үсті жыртылып кеткен, көрерге арудың көзі ғана лайық ай-көркем жүзін әлдебір әлеуетті жұдырық айғыздап тастапты. Қаным басыма шапты: «Неге сен асыл басыңды кім-көрінгенге қорлатып, әлдебір иттекілермен төбелесесің?!» - деп кіжіндім. Ол: «Ұлтазаттық көтеріліс қой», - деп күмілжіді. Түсінікті еді: әлдебір мәйханада арманды елдің перзенті орманды елдің жендетінің қолдарына түсіп қалған. Ал Ұлттың Ары мен Намысы жолында жұмыр басың да, ғұмыр-жасың да садақа екенін бәрімізден ерте түсінген Бауыржан еді. Жә, бәрін де басынан бастайыншы...

1981 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға тапсырдым. Маңғышлақ облыстық «Коммунистік жол» газетінің кепілдемесімен-ақ барғам, бірақ ол «жолмен» жүруді Құдай маған нәсіп етпепті. Тапсыра салып, сол кезде дәурендеп тұрған «темір-дек.» Қожекеев дегеннің кәріне ұшырадым. Ата-Қазақтың: «Бір жамандықтың екі жақсылығы бары» тап рас: «кәрге» ұшырағаным дұрысқа шықты, өте жоғары балл-бағамен филология факультетіне түсіп кеттім. Қорытынды шыққан бойда бізді қалалық құрылыс отрядына қалдырды. Отрядта «дайындық курсынан» оқуға түскендер де баршылық. Биофактың бас оқу корпусы мен жатақханалардың арасындағы көк майсаға шатыр тіктік. Күні күміс, түні пүліш мынадай мамыра тыныштықта көңіл неге ұранды жорық, сүренді сүлелерді көксейді екен? Айдың нұр-шаңдағына шомылған шатырларды шолып шығып, өзімді: «Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп, ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, жазыда көп-ақ жортқан» Доспамбетше сезінем. Сықырлаған советтік тәртіпке сыртым бағынғанмен, ішім еш сәйкеспейді, сәл шыдасам, болмыс заңдарын бұзып, бөгде, яки Өз Әлеміме өтіп, мүлде басқа, яғни Төл Танымыма ие болатын сияқтанам...

Бізді шатырлардың шет жағындағы ағаш күркеге жайғастырды. Ішке кірсем, бетінің бұжыры терең, түсі салқын, қабағын қарыстыра түйген бір егделеу жігіт Зейнолла Шүкіровтің «Таңдамалысын» оқып отыр. Танымасам да өңін өлеңнің алауы өртеген жігітпен көз тоқайластырғанда, туған ағамды көргендей қуандым. Амандасып ем, жүзі суық көрінгенмен көзі жылылыққа толып тұр екен. Ол журфакқа оқуға түскен ұзынағаштық Нүсіп Әбдірахимов болып шықты. Шұқырана көрістік, шұрқыраса табыстық. Кешкілік журфактағы абитуриенттік шақтан бергі досым Бауыржан Омаров келді. Өздерінде отряд командирі боп жүрген Бауыржан Үсенов атты «подкурсник» ақын бар екенін айтты. Хош, сол түні лагерьден сытылып шығып, орманның арасында (ол кезде «КазГУ-городоктың» іші ну жыныс, жабайы сұлулығы аса бұзыла қоймаған кез) Нүсіп, қос Бауыржан, Үсеновпен бірге «подкурстан» қабылданған Талғат Батырханов – бесеуміз бас қостық. Он төртінен толған Айдың сәні сол түні, тіпті, бөлек-тін! Күллі ғалам сыбырлы сыр, сиқырлы әуенге тұнып тұр! Жырыңнан нұрдың жұпары, әніңнен гүлдің әтірі бұрқырап қоя беретін, басыңа қайта айналып қонбайтын құс-қанат дәурен! Өйтпей де қайтсін, Жетісудың майсаң бағында, жаздың жайсаң шағында өзіміздің көңіліміз қалаған Қазақстандағы ең жоғарғы оқу орнына түстік. Енді әрқайсымыз туларымызды Найзағара мен Талғар не Хантәңірінің ежебасына тігуіміз ғана қалып тұрғандай көкірек ғажайып сенімдер мен нәғайып сезімдерге толған бір шақ-тын!..

Омаров сырттай бақылап, іштей ой түюге қайым. Талғат оқыған-түйгендерін қазіргі күн, бүгінгі болмыспен айқұшақ қаптыра сөйлеуге мүтиін. Нүсіп тағдырлы жігіт екен. Оқыстан болған «Семей сапары» жайлы хикаяларын, ол жақта Төкен Ибрагимовтің алдын көргенін, Семейде Әбубәкір Қайранов есімді (Әбубәкірдің кейбір өлеңін мен сол кездің өзінде жатқа оқушы ем), ауылда Есенқұл Жақыпбековтей аса талантты достары барын айтып, өзінің «Сары қыз» атты мұңды өлеңін оқыды... Мен де «өзімде бармен көзге ұрып» бақтым. Бір кезде жыр мен ән тізгіні Бауыржанға, иә, иә, сол – болашақ Үсенинге тиді-ау! Әуелі «Көктем қызы», содан соң «Бір келіншек», одан кейін өзі әскерде жүргенде қаза тапқан Сүлеймен атты тетелес ағасына арнаған қасіретті әндері кетті. Әрбір әнін Ай алтын шұғыласына орап алып, Алатаудың жұлдыздар сырғанақ тепкен қарлы шыңдарына қарай әкетіп жатыр, әкетіп жатыр. Бауыржанның әндері онсыз да алабұртқан жүрегімізді біресе суға, біресе отқа, біресе уға малды-ай. Алақұйын сезім ырық бермей бір жыладық, бір күлдік... Кім біледі, Алматы сол түні – Ғаршы-ағланың шағын бір макетіне, ҚазМУ-дің қалашығы – пейіштің пұшпағына, ал біз отырған тоғайдың арасындағы төбесінен Ай сорғалаған ай-һай алаңқай жұмақтың да «Дәриссалам» үйіне айналған-ақ шығар! Бізді қайдам, алайда дидарын Айдың алтын сәулесі аптаған, көмейін алыс жұлдыздардан жеткен күміс әуендер қақтаған әппақ жігіттің Ғылманға айналғанына шүбәсіз едік! Ей, талай да талай мақы кештірген, сансыз да сансыз қапы кеттірген, мыңсан да мәрте «аһы» шектірген ғафыл дәурен-ай, неге тұра тұрмадың екен біздің басымызда?!. Бірақ ол Бақ пен Сән басымызда тұрақтап қалса, жалғанның несі жалған?! Бауыржан сол жерде:

Өз арнамнан, әйтеуір, аспай бақтым,

Бір арманға жасымнан тастай қаттым.

Күнді бетке ап жол тартып бара жатқан

Жыр көшіне ілескен жас тайлақпын, –

деп аяқталатын «Өмірге сыр» нәмді өлеңін оқығанда, біз оның келешекте Жыр көшін бастайтын құбанар боларына еш күмәнданбағанбыз...

Сол түннен басталған достық жастықтың сайранкешулеріне ұласты. Енді жасырудың не керегі бар, біз «ұлтазаттық көтерілісіне» жиі қатысатынбыз. Бәлкім, бұл шарпысулар 86-ның желтоқсанына алып келе жатқан ішкі бұлқыныстар шығар?..

1982 жылды һәм менің 20 жасқа толған туған күнімді қарсы алмаққа 31 желтоқсанның қарлы кешінде Үсенин мен адасы (белгілі себептерге байланысты «қызымети этиканы» сақтап, есім-сойын қымтап отырмын), Әлібек Татанов және мен – төртеуміз Тастақтағы «болашақ Белинский» Есжан Айнабековтің уақытша тұрақтап жатқан пәтеріне (марқұм, ол да «темір-дек.-тің» кәріне жиі ұшырап, жатақ бұйырмай жүретін) бардық. От айнала – Қызыр-елес, – Май шам... достың жүзі көмес. – Жалын-тілмен жағын жанып, – Есжан отыр «қызыл-өңеш». Курант тілі... соқпай қалып, – Есжан тілі... шоқтай қарып, – Күйікқанат кіл көбелек, – Ұшып жүрміз отты айналып... Ол бізден бір курс жоғары журфакта оқиды. Арасында от-шарпу тостар араластыра отырып (менің де «арамсуға» ауыз былғап үлгерген шағым-тын), Есжан сол кезде сарабдал оқырманның аузында жүрген Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы туралы ұзақ мақаласын оқыды.

Әлібектің өлеңдері Қадыр ұстазымыздың жырларына қатты ұқсап тұратын, әйтсе де дарқан пейіл, марқа көңілмен оны да қолпаштап біраз жерге апардық. Қадырдың «шаңырағынан» шығып, бөлек отау тігіп кеткен кейбір ақындарды еске алдық. Ән де салдық, жыр да оқыдық, бірақ Мәскеудегі Кремль куранты түнгі 12-ні соққанда жатақханаға қайтпаққа көңіліміз бұзылды. Өйткені қанымызға шараптың уы жайылған шақта – «КазГУ-градтың» күллі қыздары көздері мөлдіреп, жүздері үлбіреп тек бізді ғана күтіп отырғандай бір тылсым сезім бойды жайлап алған. Ол сезім тек менің емес, қос адастың да шыдамын сарқып отырса керек, ыммен ұғысып, қаспен қағысып, Есжанның жанына Әлібекті қалдырып, екі досымызды жұртқа тастағандай қылып тысқа шықтық. Шыққаны бар болсын, тіпті, такси тоқтамайды. Алматыда сирек болатын қарлы құйын үйіріп тұр. Біздің бойымызда құтырынған қанды құйын да одан бір кем емес. Сонымен Тастақтан елімізге қарай қар кешіп жаяу тарттық. Көше біткен Жаңа жылды қарсы алған көңілді топтарға толы. Көбі үстем ұлттың астам өкілдері. Қайбір әжуагөй Ебіропа романистерінің стиліне салып айтсам: «Тап осы жерге келгенде біздің «ұлтазаттық көтеріліске» аңсарымыз ауа берді». Ал шыны, екі ғасыр төбемізде той тойлаған желөкпе тобырды «шаңыраққа қарататын» уақыт жетті деп ұқсақ керек. Содан бір бұлағай басталды дерсің! Шулаған шадыман топтарға тіке келеміз де, кімдер екенін айқындап алып, еркек жыныстыларына қарсы «іске кірісіп» бір кетеміз. Аңсыз, мерекелік көңіл күйде жүрген және бұл топырақта өздерінен басқа да біреулер бар-ау деп ойлап көрмеген «асыл-тек, аста-төк» өктем жандар мынадай оқыстан тап келген бөтен пәлекет – төтен әрекетке төтеп бере алмай, тырым-тырақай қашады! Егер әлгі топтар өз нәсілімізден болып, бірақ туған тілден мақұрым шықса, онда нағыз Құдайдың ұрғаны, бәлкім, бергені дей бер! Әлгілерге тосыннан шауып, топалаң тигендей, топтап қашырып алып, «шиден жырылып» қолға түсіп қалғандарын қашан қазақша «тілі шыққанша» «ақтүйебас» жасаймыз! Әлбетте, мен де біраз уақыт бокс қолғап киіп, «Әли болам» деп әуейіленгем, қазір де университет жаттықтырушысы Б.С.Байқубаевтың жаман шәкірті емес едім. Сол өнер бойынша Бауыржанның да «разряды» бар болып шықты. Оған «шарап-шалық» қосылғасын не жорық?! Әрі қаны тамшылаған ұлтшылмыз!.. Талай екіталай егесте байқадым, адам арқаланып кетсе, кейде өзінен неше есе әлеуетті жандардан үстем түсері бар. Қазақ мұндайды: «Әруақ көтерді» дейді. «Әруақ азса – жын» дейтін де сол қазақ. Асылы, бізді көтеретін сол жын болса керек, өйткені әруақ көтерердей ағзамыз таза жүрген неміз бар?..

Орта жолда бір алыпқа тап келдік. Адас еңселі, Үсенин сұңғақ жігіттер-тін, қаайда, ананың жанында ата-қошқардың қасындағы серкешік те шықпай қалды. Олардың жайы солай болғанда, менің күйім ылақ-текенің о жақ, бұ жағы... Біздікі текелік те емес, иттік болды, әрине. Ол өзіне төтелеп келіп қалған бізге көптеген алып адамдарға тән кең пейілмен Жаңа жылдық құттықтауын айта бастаған, Бәукең екеуміздің жұдырығымыз тым биіктен үңіліп тұрған үстем ұлт өкілінің иегіне қарай самғай берді! Талпашты салып, үшеулеп түйперлесек те, алып алыптығын танытты, дене салмағын бір жағына аудара алмай-ақ қойдық піл-бас неменің. Қысқасы, ол қарсы қайрат қыла алмады, біз ала алмадық, ақыры, амалдап қашырдық-ау, әйтеуір. Біз сықылды шиборбай бозбалаларға ол да аз олжа емес-тін...

Сөйтіп жүріп тұтылдық, жоқ, ырасы, тұтыла жаздадық. Әлде «көшелерді «тазалап» сондай сойқандар кетіп барады» деген сигнал түсті ме, әлде ерсі жүрістеріміз көзге ұрды ма екен (асылы, соңғысы шығар, сигнал түссе, қаздай шулап, қызыл-жасыл машиналары қаптағайлап кетуі керек қой), Мир көшесіне бұрыла бергенімізде бір топ жасақшыларды бастаған 3-4 «қызылжағалылар» бізге қарай жедел басып келе жатқанын шам жарығынан шалып қалдық. Шалдық та жылжып жөнелдік. Шалдар айтпақшы: «Қашқан да ерде табан жоқ...» Алдымыз өрең. Үсениннің, әскерде (Германия) үйренсе керек, желіске де, текірекке де, шабысқа да келіңкіремейтін, «сүргін-жорға» шалыс «скандинавская ходьба» мен «спортивная ходьбаның» некесінен туған бір жүрісі бар еді. Нағыз «шапқан атқа жеткізбес бөкен-желістей», жампозың «жорғасына» салып кеткенде екіетек боп шауып келе жатқан біз зорға ілесетінбіз. Арттағылар он-он бес жан, аттанға қиқу қосып сарын шалып, барын салып келеді. Бұлай ұзаққа шаппайтынымыз ұзамай-ақ мәлім болды. Үсенин амал тапты, қайдан көзіне түскенін қайдам, сүріп келе жатып әрбірі қол басындай қарайған майтас жинап алыпты. Бұрыла бере қуғыншы топқа қарай зымғатты. Біз де жандәрменкүн сол қаруға жүгіндік. Әлі күнге дейін таңғалам, сол тастарды біздің жолымызға кім шашып кетті екен? Баукең: «Залппен, залппен» деп қалды. Қалтамыз толы тас, қуғыншылар жақындай бергенде, тоқтай қалып қоршауды бұзған Момышұлының сарбаздары құсап «залппен» атамыз келіп. Команда беруші, әрине, ұлы батырдың әрі адасы, әрі жерлесі Қожа-екең. Әлгілер қорғалақтап қалғанда біз де талпаштай шауып ұзап кетеміз. Қожа «сүргін-жорғасынан» бір танбайды. Осы итірқылжыңмен жаңа салынып жатқан – Алатауға «параллельденіп» көлденең тұрған болашақ теледидар ғимаратына тақадық. Жазда бұл жерде де оқпан-шұңқырларын қазып жұмыс істегенбіз. Ой-шұқыры бес саусақтай таныс. Ағындаумен келіп, бір түпсіз оқпанға қойдық та кеттік, өйткені аялдауға еш мүмкіндік қалмаған, «оғымыз» да түгесіліп, қуғыншылардың ызалы үндері өкшемізден естіле бастаған шақ-тын. Егер қолға түссек, оқудан шығу былай тұрсын, «тыныштық күзетінде жүрген заң адамдарына қарсы қол көтерген қылмыскерлер» іретінде әлденеше жылды арқалап кете баруымыз бек мүмкін-тін. Пәруардигәр Жасаған бұл жолы да қақты қатерден! Әзералдалап, әлгі бірін-бірі қиып өтіп жатқан оқпандардың ішімен бұлталақтай жүгіріп, мүлде басқа жақтан шығып, қуғыншылардан құтылдық. Құтылғанымызға «тәуба» қылған біз жоқ, түн әбден ауғанда Темірғазы (Тимирязов) ақсақалдың көшесін де бөріктіріп, жатақханаға жеттік. «Шайқастардың» жалыны жүзімізді шарпыған біздер бұдан соң да басыла алмай, №8 бен №5-ке кезекпе-кезек кіріп жүріп, жатақханалардың әбден зықысын алып тындық. Қыздарға келген басқа оқу орындары мен бөгде факультеттердің жігіттерін «қыран жапқандай» қылсақ керек. Ертесіне бір-ақ білдік: бір-ақ түнде бұрынғы бізді көрсе мөлдіреп тұратын көздер – мұзға, үлбіреп тұратын жүздер сызға айналып шыға келгенін...

Жастық иттің қайсы «ерлігі» мен ерсілігін айтып тауысарсың, Баукең екеуміздің басымыздан мұндай шиқыманның талайы өтті. Арқа таңып алғанымыз сонша, бір-бірімізді ыммен ұғып, «жымға» кіріп кетуші ек. Дегенмен бұл «сүр-үргін – сар-сүргіндердің» бәрінде біздің ғана мерейіміз үстем болды десек, шындыққа қиянат болмақ. Үш күн төбелеспей тыныш жүрсе, ішіне ас жақпай, реңі бұзылып, қабағы салбырап кететін, журфакта бізден «бір бас биік» оқыған Кенже Жұмағұлов досымыз жақсы біледі, Жарасқан ағам айтпақшы: «Сасқан да болды кезіміз, – Қашқан да болды кезіміз. – Тасадан көріп қайтеміз, – Жасаған көбін өзіміз...»

Айтпақшы, 81-дің желтоқсанының 19-жұлдызында журфактың ұстазы Мамытбек Қалдыбаев ағай Нүсіп, аталмыш қос Бауыржан – төртеумізді өз үйінде жатқан Бауыржан Момышұлына ертіп барып сәлемдестірген. Ол туралы Бауыржан Омаров екі мәрте естелік-эссе жазды. Менің «Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикая» дейтін өлең-балладам жарияға шықты. Сондықтан ол жайлы бұл жолы қозғамадым.

Мұны айтқанда, біздің өміріміз домбыраның қос шегі сынды ағыс-қағыстардан тұрғанын көрсеткім келді. Бір шегінен шыққан үн – буырқанған бұла сарындар мен шатқалдарға шаптыққан ожар дарияның даусына ұқсап кете беретін. Ал екінші шектікі – байсалды, тіпті, мұңды да биязы қоңыр үн. Яки, ілім-білім, өнер, кісілік іздеу сынды көңіл аңсарлары-тын. Осы қарама-қайшылыққа толы қос стихия бірі – батыстан, бірі түстіктен келіп табысқан «екі боздың» студенттік жылдардағы өмірін қалыптады. Алайда мамыражай май-тамғы қоңыр-минор үнді сойқанды ожар-мажор дауыс жеңіп кете беретін. Ақындық шалыққа жастық желік, оған ара-тұра қосымша «дәрі – у-мендер» қосылғасын бұлай болмай қайтсін. Г.Гейненің бір өлеңі болушы еді ғой. Сол жырдың үшбу шумағы бізге арналғандай-тын:

Тұрған ай бәрін бақылап,

Жауабын берді досынша:

«Ғашық ол және ақымақ,

Ақын ғой, оған қосымша»... (Қалыптаған – Сөз Иесі).

Бір байқағаным, екеуміздің де кеудемізде бойымызға шақ емес, бәлки, заманымызға сай келмейтін – Өткенді еңсеген, Ертеңді көксеген, алайда Бүгінмен еш тіл табыса алмайтын алыс аңсарлар бар-тын...

Пушкин атындағы кітапханаға жиі баратын, өздерін «ғұламалар» санатына қосып үлгерген кейбір жігіттер: «Сендер сыраханадан шықпайсыңдар, қашан кітап оқисыңдар? Оқымағасын қайтіп ақын боласыңдар?!» деген сынды сындарды да айтып қалып жататын. Сырт қарағанда, оларының жаны бар, әрине. Бәлкім, сын, әлде, жанашырлық, мүмкін, қыжырту. Ол оқымыстылардың қазақты нендей өріс, қандай күнеске шығарғандарын өздері білер, алайда біз оқусыз да, «жеміссіз» де емес едік. Шығарған жыр-әндеріміз сол бойда студенттердің аузында жүретін. Бауыржанның «Қара машинасы», менің «Құдай туралы жырым» бастаған өлеңдеріміз сол кезде тәлабалар түгілі, үлкен әдеби қауымның арасында сөз арқауына айналып үлгерген. Тіпті, «үш әліптің» назарларына іліккен жайлары бар-тын. Бұл мақтан емес, талайлар куә-дірлікке жүрері аян, ырас сөз. Жазушылар Одағында өткен бір жиынның соңы Поэзия кешіне ұласып, Бауыржан 37-жылдың сұрапылын суреттейтін «Қара машинасын» оқығаны есімде. Кешті басқарып отырған Әбіш аға Кекілбаевтың оған соншалықты мұңды тебіреніспен, соншалықты ырзалықпен қарағаны жадымнан кетпейді. Өзі де сол ашудас-тақырыпқа қазақ қаламгерлері арасынан тұңғыш пернелеп қалам тартқан («Ажар» триптихы) Әбіш ағаның санасына не келді екен сонда?.. Совет қоғамында мүлде жабық тақырып болып келген бұл қанды оқпын кезең туралы Әбіштен кейін жария жырлаған және оны өзіміз бастан кешіп жатқан заманымызбен телғабыс алып суреттеген Үсенин еді! Бауыржан, шынында, кескекті де көзсіз ер һәм мігірсіз ізденістегі білімді жігіт-тін. Оның тал бойы айырықша талантты адамдарға тән алғырлыққа тұнып тұратын. Әлгі сын таққыш «кітаби ғұламаларда» кездесе бермейтін ұлттық құнардан тамыр алған ілім мен кітаптан жиған білім және өз жүрегінен өткізген шындықтар телғабыс түскен, олардың үстіне өлшемсіз өнер қосылған талант иесі кіммен тілдессе де олқы соғып, омпы тұрып қалмайтын. Есіңізде шығар, оқырман, Есенинге де әлгіндей сын тағылғанда, шәлкес шайыр: «Идиот! – деуші еді ғой. – Мен жыр жазып алмай тұрып, қолыма шиша ұстап көргем жоқ!..» Құйрығына алып тынбай ажырамас қалжауыр байланған орыстың қасіретті шайырының үлкен білім иесі болғаны жайлы замандастарының берген куәліктерінен жақсы білеміз... Мені қайдам, дәл осылай деуге Үсениннің да толық құқы бар-ды.

Мен Бауыржанның «жынды» кезі ғана емес, мұңды кезін де талай көрдім. Ол өзіне айтылған сынды, тағылған айып, қағытпаларды да қабылдай білетін. Туа намысқой, өр мінез жігіт кейде суық сөз сүйегін қарып кеткен тұстарда да ортақ бірлік үшін ақыл таразысына салып, ондайларды жеңіл әжуаға айналдырып өткізіп жіберетін. Тіпті, өзіне қатысты қыжыртпа кептерді мәз-мейрам болып өзі таратып жүретініне талай куә болғам. Міне, әлдеқашан көзден көшіп кеткен көксіл елестер көңілде көп сурет болып тіріліп жатыр...

Бауыржанның тым жасаңдау кезінде жазылған «Тағы мен тағдыр» атты өлеңі бар-ды. Елсізде тай жығып, бала шайыр қасқырмен бетпе-бет қалады. Қысқасы, бөрі болашақ Сөз Иесіне қастық қылмайды. Өлең түйіні: «Тар жерде сатқан жолдастан, – Екен ғой қасқыр артықтау!..» Өмірде солай болды ма, әлде жас ақынның балаңқы қиялының жемісі ме, оған төрелік бермейміз. Осы өлеңге тілінің усойқысы бар Б.Омаров: «Белгісіздеу ғой о жағы, – Мейірімді депсің тағыны. – Ұрсын ба қасқыр қожаны? – Тоқ болған шығар қарыны...» – деген пародия жазды. Осыны жұртқа Қожа-екеңнің өзі жайғаны талайлардың есінде шығар.

...83-тің наурызы. Фариза апаның кабинеті. Асқар Сүлейменов сөйлеп, оған Апай ішек-сілесі қатып күлуде. Сұсты адамның қатты қуанғанының өзі, біртүрлі, қатерлі сияқты. Алматының әр оқу орнынан жиылған, буынында «сөз-түйнектері» бар көп үрпекбас күлуге де қымсынып, өңіміз құбылып қана отырмыз. Бізден бір-екі буын ілгергі, әлгі кісілермен сыралғы: Әшірбек Көпішев, Мейірхан Ақдәулетов, Мереке Құлкенов, Аманхан Әлімов сынды ағаларымыз тым еркінсіп кетпесе де ретті жерлерде сөзге араласып қалады. Бір кезде бізге де кезек тиіп, жыр оқыдық. Бауыржан «Перронда» атты жаңа әнін айтты. Талайдың талай мәрте басынан өткізген мұңды махаббат хикаясы. Сүйген қызын пойызға шығарып салуға келген жігіт, гүл алам деп жүріп кешігіп қалады. Келсе, пойыз да, қыз да жым-жылас. Ғашық жігіт қайтпек? Өзі ақын болса! Ол: «Перронның шыған шетінде пойызды қарғап күйініп тұр!..» Тап осы жерге келгенде тағы бір Сейіт-қожа – Аманхан көкем бұлан-талан бұзылды: «Пойыз – халықаралық қатынас көлігі. Онда сандаған адамдар: көкірегі арманға толы жастар кетіп барады. Ешқашан пойызды қарғауға болмайды!..» Тағы бір Сейіт-қожа – Ас-екең ерінін үйірген күйі терезеге тесіліп қалған. Аманханның замандастары өзара дауласып кетті. Фариза апам бала қораздардың төбелесін тамашалаған адамша мәз. Біз әрқайсына жапақ-жапақ қараймыз. Ішіміз толып тұрса да дәрмен жоқ... Бір кезде билікті Мейірхан айтты: «Ей, Аманхан, жаны күйген адам пойыз түгілі Құдайын қарғайды. Сен немене жоқ жерден ілік іздеп отырсың?» Осы кезде Ас-екең Әужекең інісінің жүзін бейжай шолып, бейтарап қараған күйі сөз бастады. Сөз емес, дұрысы, бір шумақ өлең. Дауысы – шырыны шүпілдеген шүйгін шөпке тұмсық бойлатқан сүйгін-сәтте алды-артында сүзісіп мазасын ала берген ылақ-теке, тоқты-қошқарларға басу айтқан ата-қошқардың «баритон-үніндей»:

Ей, бала, қоймаймысың осыныңды,

Осыныңнан Алматы шошынулы.

Қайта-қайта тыңдаймын қосығыңды,

Өлтірдің-ау келтірмей қошығымды!..

Сол сәтте бұған дейін «бұйрықпен» ғана бой көрсетіп отырған біздің де тігісіміз сөгіліп, дыбысымыз төгіліп қоя берген...

Осы кездесуден кейін көп ұзамай Ертай Ашықбаев, Аманғали Әбуов, Ермек Аманшаев, Бауыржан – бесеуміз ғайыптан-тайып Ас-екеңмен «Қаламгерде» бас қостық. «Біздің Қожа» Ас-екеңе аталас жақындығын білдіргісі келді ме, әйтеуір, өзінің Қожа, оның ішінде Сейіт-қожа екенін ауыт-ауыт қайталап айта берген. Ас-екең ерінін үйіре, шылымының түтінін иіре отырып: «Қожа», «қожа», «қожа» деп қоймадың ғой, – Қожа болсаң, қайтейік, өлейік пе?!» - деді өлең уәзініне өлшеп. Өңшең «қара» қырыла күлдік. Кейін Баукемнің өзі осы өзін тәлкекке ұшыратқан әңгімені неше құбылтып жұртқа жайып жүрді...

Бірде Бауыржан екеуміздің қолымызға «қарға саңғып», Абай-Гагарин бойындағы Баспа үйіне Жұматай-қағанды іздеп барғанбыз. Қапталындағы – жазарман қауымның «Қаламгер» кафесінен кейінгі бір сүйікті суаты «Космоста» «Неомұңал империясының» қағаны Жұматай Жақыпбаев және бір өзіміз қадір тұтатын шайыр аға – төртеуміз сұхбат құрдық. Басында-ақ, әлгі ағамның тым күлегештеніп кеткенінен қорқып ем, қорқынышым ұзамай қатерге айналды. Бізден бұрын да дұрыстап «дымқылданып» алса керек, «аламанның» төрт-бес айналымынан соң шашы топшысын мұз шалған қарғаның қанатындай болып, суға салған қара моншақтай мөлтілдеп отырған көзі кенет өлеусіреп, қара моншақ су түбіне шым батып, қапыда «мерт» кетті. Үстел үстін екпеттей құшқан шайырдан еш тіршілік ишарасы сезілер емес. Енді біздің алдымыздан оны үйіне жеткізу дейтін «қарлы қаратау» іс шықты. Сыртта қарғаның қанатындай, жо-жоқ, ақын ағамыздың шашындай түн түсіп келеді. Оған қосаметкей қарашаның қара нөсері төпелей төгіп тұр. Арты қарға айналар сыңайы бар. Төбемізден миллиардтаған қарға саңғып жатқандай. Үшеулеп «өлі қарғаны» жол бойына алып шықтық. Жұма-ағаң екеуміз алты айрығымыздан су саулап, «бір дем әрі, бір дем бері» хәлдегі шалажансар шәйірді қос қолтығынан көтеріп тұрмыз. Қан майданда оққа ұшқан жолдасын арқалаған жауынгерлер мұндай күй кешпес: автолар жарықтарымен себелеп, сол жарықтарға шағылысқан қарашаның қара нөсерінің сұп-суық, есепсіз тамшылары тынымсыз төпелеген автоматтың оқтарындай тұла бойымызды тілгілеп-тінткілеп бағуда. Қожа-екең өн бойынан су шүмектеп жүріп такси тоқтатады. «Өлі қарғамызды» сүйрелеп тұра шабамыз. Жақындай берген бізді көріп жасыл көзі шарасынан шыққан сары такси ытқып кетеді де зытып береді. Осы жағыдай 5-6 мәрте қайталанғанда Қағанға ой түсті: «Ей, ноян, – деді Бауыржанға қысылтаяң сәтте де Өзінің қағандық дәрежесіне дық келтірмей. – Сен таксиді тоқтатқан бойда ішіне отырып алып, бізге белгі бер». Біз «оққа ұшқан баһадүрді» сүйрелеп нән теректің түбіне тығылдық. Жапырағы төгіліп қалған теректің қамсауы шамалы, қара нөсердің екпіні баяғы. Теректің пайдасы – «жаралы жауынгерді» үргедек таксишілерге көрсетпеуге ғана жарап тұр. Қалай болғанда да, «ханда 40 кісінің ақылы бар», Қағанның ақылы пайдаға асты: көп ұзамай жылы таксидің ішінде қара жаңбырды дар-дар жыртып, «Татарка» жаққа қарай самғап келе жаттық. Самғағанымызға болайын, үшеуміз де «мерт болған шайырдың» биік жардың басындағы үйін шала біледі екенбіз. Бұрын болуын болғанбыз, бірақ бәрінде де шалабурыл келгенбіз, ес-түссіз кеткенбіз... «Ит өліп, ешек қырылғанда» неше мәрте батпаққа аунап тұрып жүріп, «жар басындағы жарты ылашығына» «тірі мәйітті» жеткіздік-ау...

...Тағы да Қаған, Бауыржан – үшеуміз. Бауыржан мені «банкир» дейтін. Өйткені ауылдан қаржы келмейтін, бір келсе, мол келетін. Сондай олжалы күннің бірі. Бұл жолғы тұрғымыз – «Алматы» ресторанының төрі. Екі тарихшыға тап келдік. Есім-сойлары есімде қалмапты, ал түрлерін бүгін көрсем де таныр едім! Бірі – қалмақбеттеу, екіншісі – дегелек-көз, дөңгелек жүз жан. Сол жерде бұрын туды-бітті көрмеген қос профессормен қазақ тарихы туралы таласты әңгіме басталып-ақ кеткені. Тарихты терең білетін Жұма-ағам әлгі кісілердің жасын сыйласа керек, біз тығырыққа тірелген сәттерімізде көмек күтіп қанша жаутаңдасақ та жәрдем қолын созбастан жымиысынан жазбай отырды да қойды. Әлгілер ғылыми дәрежелері бар, қанша жылдардан студенттерге лекция оқып жүрген кәсіби мамандар. Біздер – дилетанттар. Оларда дерек көп, бізде өрекпу басым. Бір-бірімізбен кермал келтірген нәрсе: біз кез-келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан жүгінеміз де, олар көп нәрсеге арысы – жаһандық дүрбімен, берісі советтік микроскоппен үңіледі. Сөйтіп отырғанда, мен «дегелек-көздің» «кілтін» таптым: оның Беріш екенін білдім де, нағашы қылып алып, ел ішіндегі «адай-беріштің» ғұмыры таусылмайтын әзіл-қалжыңына бұрып, бірнеше рет оппаға түсірдім. Нағашым елден кеткеніне көп болған, орысиет жағында оқыған, ауыл арасының «ала-қалжыңдарына» орашолақтау екен. Сөзден ұтылған сайын маған сұқ саусағын кезеп қойып, бозара бөртіп күледі. Ал қасындағы қалмақ-көз, қарасұр өңді профессор тысы сыздау болғанмен, табиғаты солай ма, әлде үстемелеп жұтқан коньяктың зарпы ма, тіпті ақкөңіл жан екен, менің әрбір ұтымды қалжыңыма сығыр көздері жұмыла түсіп, мәз-мереке... Әңгіме бастапқы арнаға түсіп, тағы бір жерден талас қайта басталып кетеді. «Қару-жарағымыз» тағы сыр бере бастаған тұста Бауыржан құлағыма сыбырлайды: «Адай-берішке» бас!» деп... Ресторанды жаптырып, қос тарихшы ағамен қимай қоштастық. Ұзап шыққасын қанша салғыласқан сөз-тартқының үстінде бір де әңгімеге араласпаған, жымюынан жазбаған сабаз Қаған «уһ» деп терең тыныс алды. Алды да: «Адай-Берішіңнің» атасынан айналайын! Солар болмағанда бүгін «адыра қалғыр бұл қоныстан» күйрей жеңіліп шығатын едік!..» деді. Сонда ғана білдік: қайран Жұма-ағам, бүкіл кеш бойы өзі үндемесе де тілегі біздің үстімізде отырыпты...

1985 жылдың 9 мамыры – күллі КСРО Жеңістің 40 жылдығын тойлағалы дүбіліп жатқан таңда болашақ жұбайым Бибіайша, қыз-жолдас Нұрайша Бекеева, күйеу-жолдас Қайрат Әлімбековтер болып Маңғыстауға ұштық. Филфак, журфактың қыз-жігіттері улап-шулап шығарып салды. Елде бес күн бойы дүбірлі той өткізіп, «жастықтың жазғы бағына» қайтып оралдық. Тойымыз енді Алматыда жалғаспақ. Қайрат тағы да сол ұлтаралық мәселе бойынша шаталып қалып (марқұм, қанша ағеден жан болса да, қандай жағыдайда да қазақты кемсітуге еш келісе алмайтын!), маған күйеу-жолдас Бауыржан болды. 04 маусым күні сәскеде Некесарайына жиылдық. Елден келген үлкендер бар. «00 – 70» номерлі қара «Волгамен» Фариза апай мен Асқар Сүлейменов жетті. Неке рәсіміне көтеріліп келе жатқанда Бауыржан байқамай зайыбымның шұбалған ақ фатасын басып қоя берді. Сөйтіп алып мақтанады Қожа-екең: «Ертең мен үйленгенде 40 қыз көтеріп жүретін болады» деп... Сөйткен дәурен де өте шықты. Жұбайының шашбауын «40 қыз көтеріп жүрмегенмен» Баукеңе «40 қыз» таласып жүргеніне біз куәміз. Біраз қызық-шыжықтармен, бұдан төрт жыл бұрын 20-дан асқанша үйленбегені үшін «халық жауы» атанып, Бауыржан Момышұлынан таяқ жеп қала жаздаған асау Баукеңнің де мойнына «ажырғы», білегіне «қолатқы», аяғына «кісен» түскен...

1986-ның ақпанының ортасында қысқы каникулдан оралдық. Бибіайша Жаңаөзен перзентханасында қалған. 01 наурыз күні Көктеммен бірге: «Қызды болдың!» деген сүйінші хабар жетті. Атын «Айсара» деп әлдеқашан қойып тастағам. Енді қуанышымызды тойлайық десек, қалтамызды сарқып алыппыз. Бауыржан: «Жазушылар Одағының жас ақын-жазушыларға беретін «материалдық жәрдемі» бар, соны алайық. Жарасқан, Аманхандар талай алған», - деп кеңес қосты. Одақтағы ілкі талабымыз тым сайлы-ақ басталған. Несіпбек Айтов ағамыз қуаттап: «А.Шамкеновтің атына арыз жаза қойыңдар», - деген. Арызды қожа-екеңнің сұлу қолтаңбасымен қағазға түсіріп, Шамкеновке кіргеніміз сол еді. Біз жайлы Айтов аға айтып қойса керек, түсі игі Аманжол аға ырайлана қарсы алды. Сол кезде, кейін «Ғасыр халтурщигі», «Ел құдасы», ондаған халықаралық сыйлықтардың лауреаты атанған, Қытайдан оралған қандас қаламгердің романын «бөксеріп», БАҚ бетінде «ерлігі» түгел әшкереленсе де, «сотта» жеңіп, сол күйі есе-теңдік бермей кеткен жазушы сайтандай сап етіп кіре қалмасы бар ма. Кірді де «ит көрген ешкі көзденіп» екеуміздің кім екенімізді, не шаруамен жүргенімізді түбіжіктеп сұрады. Білді де түтеп кетті: туды-бітті естімеген ауыр сөздермен көміп тастады! Өткен іс қой, азды-көпті ғұмырда кімнен не естімедік, бұл жерде түгел тізбелемей-ақ қояйын. Өзімізді зорға тежеп, әлгінің жасын сыйлағандықтан ғана тіктеспей шығып кетістік. Былай шыға Бауыржан тәмсіл айтты: «Шынында, талантты талант танымайды, талантты халтурщиктер әп дегеннен таниды!..» Асылы, сол жазушының да «халтурщик» екенін «әп дегеннен» танығанның бірі біз шығармыз. Ұнжырғамыз түсіп біздің жатаққа келдік. Үмітсіз жоғары көтеріле беріп ем, вахтадағы хат-қағаздарды қарап қалған Бауыржанның шат дауысы естілді: жұбайымның Аралда тұратын әжесі (әкесінің жеңгесі) Мауыты атты үлкен қайыненем 100 сом ақша салыпты! Жаз.Одақтың 30 сом жәрдемін ала алмай, жер-жебірімізді сөккізіп, жекен суымызды төккізіп, «жеті насырымызды жерге бүккізіп» келген бізге бұл нағыз «аспаннан шұға жауғанмен» тең-тін! Ай, ол күнгі қуаныштың да, ән мен жырдың да дәмі тым ерекше тәтті еді-ау...

1986-ның қаһарлы Желтоқсаны естен неге шықсын?.. Неше түрлі қауіп-қатерді бастан өткізіп, аман қалдық. Оның бәрі басқа кеп, басқа жыр... 20 желтоқсан күні жұбайымды сабақтан алып қайтпаққа КазГУ-ге келдім. Жолдағы журфактың жатақханасына соққам. Бауыржан (үзіліп қалған оқуын қайта жалғастырып жатырған), Жұмабай Құлиев, Табылды Досымов, Әміржан Қосанов, тағы да басқа самсаған жігіттер сеңдей соғылысып жүр. Жүздерінде – мұзға жағылған алаудың табы да бар, жүректерінде – құздан жығылған жалаудың зары да бар. Жағыдайды талқылап отырғанымызда Әміржан жүгіріп кіріп, суық хабар жеткізді: «Жігіттер, КГБ-нің адамдары қазір жатақхананы қоршап, тінту-тергеу жүргізеді!..»

Мен Бас корпусқа қарай жылжып кеттім. Сабақтан емес, неше түрлі бәлелеуден, тергеуден шыққан Бибіайша мен Жанат Аймұхамбетованы ертіп, сау-саламат «Розыбакиев-259»-дағы пәтеріме жеттім...

Жаңа жыл қарсаңында жігіттерден: «Бауыржанның бүйрегінде соққыдан болған ақау бар. Әйелі екеуі пәтер іздеп жүр» деген хабарды естіп, досымды тауып алдым. Нәумез. Сүлесоқ. Самсоз. Зауықсыз. Аяп кеттім. Үш бөлмелі пәтерде Бауыржанмен оқитын Алмабек дегенмен бірге тұрушы ем. Ара-тұра оның ұйғыр қайнағасы келіп жүретін. Олардың келісімін алмастан Бауыржанға: «Сыймай жатқан ештеңе жоқ, әркімнің есігінде тентіреп, босқа ақша шашпай, менің пәтеріме келіп тұрыңдар. Залды босатып берем», - дедім. Сол уәде бойынша ол отбасымен біздің үстімізге көшіп келді. Көктемге қарай сырқаты күшейіп ауыт-ауыт ауруханаға жатты. Біздің де басымызға қабағат сындар түскен. Бибіайша желтоқсанның алаңында құрсақта өлген алты жарым айлық ер баланы (алдында: «Ұлды болам, есімін «Ерен-Ғайып» қоям» деп шалықтап жүргем, шынында, өзі ұл, өзі «жейделі» перзентім дүниежарық қапысын ашпастан ғайыпқа кетті) алдырды... Соңыма «қызылжағалылар» түсіп, інге кірердей күйде жүргенде, әлдебір күтпеген, тосын соққыға тап болып, күзге қарай ылажсыз басқа пәтерге көштік. Көшіп бара жатқанда Бауыржанның кеше елден келген, тек қана ақын тууға ылайық Анасы Мейірім мен Махаббат тұнған көздері жасаурап тұрып: «Айналайындар, қызыл-жасыл дүниенің бояуы тез көшеді. Достықтарыңды сақтаңдаршы, құлындарым...», - деп қалған. Сол бейне әлі көз алдымда. Қасиетті Ана аманаттаған: дүниеде Достықты сақтаудан артық қастерлі де қатерлі іс жоқтығын кеш ұқтық қой!.. Арты елге кетумен аяқталды бұл сапар... Арамыз суып, хабар-ошарсыз кеткен жылдар еді...

90-жылдың бір күнінде елде жүрген маған: «Бауыржан өмірден озды!» деген суық хабар естілді. Жанұшырып сұрау салғам, айдапұшпа сөз болып шығып, жүрегімді бастым.

91-дің сәуірінде Алматыға Мәдениет басқармасы бір айлық курсқа жіберді. Қасымда Сабыр Адаев деген ақын бар. Әуелден бойымда, «маған болмасын, әуелі досыма болсын!» деп дедекқақтырып тұратын «дертім» бар еді, бұл жолы да сол «ауруым асқынып» жүрген: әдебиет ауласынан аулақта өскен осы досымды қаламгер қауымға етене таныстыру арманым-тын. Өзінен өзі сәті түсе кеткені. Әкемтеатрда Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» атты тұңғыш спектаклінің премьерасы өтетін қарсаң-ды. «Шынжырдағы» шалдың аулына барып, досымның театрдағы «тырнақалдысының» банкетіне арнайылап жылқы сойдырып, қазы айналдырып алып жүрдім. Обалы не, премьераға қатыстық, бірақ банкеттен сырғып кеттік. Сірә, Әзірбайжан Мәмбетов сынды корифейлердің қасында өзімізді бір «жетім тоқты» сезінсек керек. Жүгімізден құтылып театрдан шыққасын серігім: «Өзің жемейтін еттен ауыр нәрсе болмайды екен!» - деді. Ол да бір өз заманында тауып айтылған сөз еді. Қайтсін, «ұшақ көтереді» дегенмен жердің түбінен бір жылқының етін жеткізу екі адамға оңай шаруа ма?!.

Ертеңіне арнаулы жатақханаға орналаса салып, КазГУ-ге тарттық. Жұмабай Құлиев пен Табылды Досымовтың бөлмесіне бас сұққанымыз сол-тын, үстімізге Бауыржан кіріп келгені. Шұрқырастық та қалдық. Көрген сәтте-ақ көңілдегі жылдар «шаңы» шайылып кетті. Ұзаққа созылып, әлі бітпей жүрген оқу жайын реттеуге елден келген беті екен. Өңі тым жүдеу, көзінің асты қаралтым тартқан. Көңілін зорлап көтергісі келгенмен, ар жағында жүрегін жерге тартқан зіл бары байқалады. Талай мәрте Алатаудың аспанында толған Айдай балқыған, толған Айдың астында сан рет қудай қалқыған қайран достың төрт жылдан соң кездескендегі мына мүжәлсіз күйі, шынында, жүрегіме ауыр тиді. Жұмақтың төріндей болып қарсы алған «КазГУ-град», біртүрлі, көз алдымда құлазып, ақырғы аққуы ұшып бара жатқан айдындай жұтап сала берді...

Досымды Тимирязев көшесіне дейін шығарып салдым. Жолда біз баяғы алғаш танысқан түндегі тоғайдың орыны қалды. Одан бері де он жыл өтіпті... Ол бүгінде орманы оталып, таптаурын жолға айналған. Бауыржанның аялдамада қоштасып тұрып айтқаны: «Арамызға сөз жүгіріп, шайтан түскен кездер болса, пендешілік қате кетсе, кешір. Өткен жылы мені «өлді» деген хабар жеткенде еңіреп жылап жіберіпсің. Соны естігенде жүрегім езіліп кетті: «Светқали, менің шын досым сен екенсің ғой!» - деп ойладым. Енді хабарласып тұрайықшы...» Ол осыны айтқанда екеуміздің де көкірегіміз қабаржып, көңіліміз бұзыла бастады... Бір-бірімізді айқара құшақтап, бауырымызға басып ұзақ тұрдық. Фәни жалғандағы соңғы қоштасуымыз екенін, оны қайдам, мен сол сәтте сезгем жоқ... Қозғала берген автобусқа секіріп мініп кеткен, жаңа ғана ауызы ырсиып тұрған есік, Бауыржан ішке енген бойда-ақ жиырылған езуін жиып ала қойды. Досымды жұтып жіберді. Біржола...

Бес-ақ айдан кейін, Бейнеудің күн балқыған тамызында есіктен бір қап-қара пәлекет кіріп келіп: «Бауыржан Үсенов қайтыс болыпты!» - деп мұздай хабарды жүзіме шашып жіберді. Сосын бетіме қарап ырсиып күлді. Езуі, құдды, Тимирязев көшесіндегі сұмырай автобустың жебір есігі сияқты. Бұл жолғы хабар шын еді...

Әлбетте, «естеліктің ежегейін талмай» берсе, шетінен шығу қиын. «Малталогияға» айналып кетуі әнсәт. Сондықтан бөгде кепті басқа әңгіменің еншісіне қалдырып, Бауыржан поэзиясының өзім байқаған кейбір қырына ой мүдірткенді жөн санадым.

Әлем әдебиеттану ғылымында қалыптасқан «қарсыласу әдебиеті» деген ұғым бар. Ол отаршылдықтың немесе тирандардың торына түскен елдердің рухани перзенттерінің езгіге, қапасқа, қорлыққа көнбеген ішкі бұлқынысынан туады. Дүние әдебиетінен де, қазақ топырағынан да сандаған үлгілерін келтіруге болады. Ұлтты тәуелсіздікке солар дайындайды. Империя, әрине, ол азат ойды бұғалықтауға бар күшін салып баққанмен, талантты адамдар түрме, айдау, қуғын-сүргін мен азаптаулардың неше атасын кеше жүріп (бәлкім, олар сол азаптардан шабыт-ләззат алады. Ал шабыт пен ләззат – қуат көзі), түрлі әдеби әдістермен, аллегориялық тәсілдермен өз миссиясын орындап бағады. Осындай кезеңде сан-сапат әдеби ағымдар қабындап жатады. Қазақ руханиятында бұл бұлқынған ағыстың сағасында жыраулар мен «зар заман ақындарынан» кейін Мағжан тұр. Қасымның өр поэзиясы, Қуандық Шаңғытбаевтың арлы лирикасы ұлттық сарынның тұнбасы. Олардан соң «60-жылдар әдебиеті» бар. Ал біздің буында тап Бауыржандай Ұлт азаттығы үшін шыр-пыры шыққан ақынды білмеймін. Оның сол кездегі «жабық тақырыптарға» құмарлығы әлгі азаттық аңсаған арманынан туындайтын. «Сексеуіл», «Аветик Исаакян», «Өліара», «Кәрі төбеттің соңғы сөзі», «Қанаты кесілген қыран», «Қара машина» т.б. жырлары осы пікірге дәлел.

Өмір кешіп құлдықта – қит демедік,

Құрсауда тек құрыдық биттеп өліп.

Айға ұшыпты деп кейде мәз боласың,

Алғаш ұшқан мына біз – иттер едік, –

деген шумақтан ергізде қорлыққа төзбес, екі дүниеде құлдыққа көнбес Азат-Рухтың ышқыныс-ішкі күшін сезінеміз. Ал «Құрлық қасіреті» поэмасы жас шайырдың келешек кеңісі мен өрісін, ұзаққа сілтер тынысын айқындауымен қабат, алыстағы тектес үндістер тағдыры арқылы Қазақ Қасіретін таңбалауымен құнды.

Адамға емес, тек аңға жақ кезеді,

Суларындай сүйріктің тәтті өзегі.

Өмір мұнда ұйыған сүттей еді,

Күлкісіндей сәбидің тап-таза еді.

Түк көрсетпей бір сұмдық түнесе түн,

Лапылдатып жағатын күрес отын.

Көбелекпен жарысып қыз өсетін,

Қабыланмен алысып ұл өсетін...

Егер қазақ екенің шын болса, осы жолдарды оқығаныңда жүрегің шым-м-м ете түсері анық. Шырпы тигенде лау ете қалған нарқамысыңдай ол сезім: кешегі табиғаттың тұмса төліндей болып, барақатты қоныста еркін жайлаған – жат тартып алған бостан дәуреніңнің қанда ойнаған атойы ғой! Әлбетте, Бауыржан бұл тақырыптың Дерсу Узаласы емес. Қазақ топырағында оның алдында Төлен Әбдіковтің «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаяты, Несіпбек Айтовтың «Үзілмеңдер, үндістер» поэмасы сынды талантты дүниелер бар-тын. Бауыржанның поэмасы да ой қайшыласуы, сезім шарпысулары, образдар әлемі, тосын шешімдерімен айтылмыш таланды туындылардың сапына барып тұрды. Атпай қоймас таңның қарлығаш-хабаршысындай ұрпақ көкірегінде үні қалар жан-дауыс... Болашақ Тәуелсіз мемлекеттің іргетасына бір кірпіш болып қаланғаны анық... Сондай-ақ, Бауыржан біздің буындағы поэма сынды жүгі ауыр, шытырман-шиыры көп көлемді жанрға тұңғыш құлаш ұрған ақын еді.

Сөз басында айтып қалдым, ақынның өз тағдырына тым ерте сәуегөйлік айтқанын. Мұндай ғайыби илһамдар талантты ақындардың талайында болған. Оның бәрін бұл жерде тізбелеу шарт емес. Бауыржанның соңында қалған мұрасын парақтап отырғанда байқағаным, ол да өмірінің тым келте қырқыларын тым ерте білген. Демек, шайырдың Көкей-Көзі (батын-көз) Лауһүл-Махфуздан «мутлақ-тағдырын» (бұлжымайтын тағдыр) оқып қойған. Сондықтан да ол ыстық қауышуларда лап ете қалған немесе қимас қоштасуларда мөлт ете қалған жастай шыны жырлар мен шынайы әндерді дүниеге әкелді. Тағы қайталаймын, оның әндерін бар бояу, нәрлі нақыш, сиқыр сазымен өзі құсатып ешкім орындай алмайды. Сол өкініш. Әлде заңдылық.

Ол өзінің балаң жырларының өзінде-ақ әлде бір тосын келер қатерден қауіп етіп:

Жалғыз ат, жалаң қылыш – ердің бағы,

Дәмелі бір биіктен елдің бәрі.

Сапарым үзілмесе оқыс болып,

Салармын салымыңды зеңгірге әлі, –

деген. Енді бірде:

Мен биіктен сан атылдым,

Жете алмасам, бар ма амалым?

Табиғаттан жаратылдым,

Табиғатқа айналамын, –

деп мөлшерлі тағдырға тым ерте мойынсұнады. Онысын да місе тұтпай, өзіне үкім шығарғандай болады:

О, Муза, демі өрт, қыз ерін,

Мәжнүн ғып өмірден өтпе сен.

Мен сенің гүліңді үземін,

Тек өзім үзіліп кетпесем?..

Мұның бәрі көрері алдындағы – үміті лүпілдеген, сағыныш шүпілдеген жылдардағы жырлар болса, дерт жабысқаннан кейін қысқа ғұмырының кесімін өзі айтады:

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,

Шулайды көңілімнің көк құрағы.

Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген

Бүйрегім түбі мені жеп тынады...

Жел өтіндегі жетім шырақтай боздақ ақынның ғұмыры-ай!..

Сен:

Көсіліп жатқан құмыңа апталап қыздым,

Шортаның шоршып, сан рет жалт қаратқыздың.

Шұқырая аққан иірім көзіме менің

Елестетеді күлкісін ақтамақ қыздың, –

деп сезім ексімі, көңіл көксеуімен ғұмыр-дарияның сұлулығына ғана шомылып жүруге ылайық едің ғой, Бауыржан. Сол сұлулықты қызғанып, сенің бейіши нұрмен апталған құбатал-ғұмырыңа балта сілтеген қай жендет екен?..

Өзің туралы Темірғали Көпбай досың ертеректе «Дауасыз арман» атты естелік-эссе жазған. Содан білем, сен туғанда әкең Мұқан ақсақал ырымдап, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының парақтарын жыртып аузыңа тығып ауыздандырған ғой. Сен демің үзілер жанкешу сәтіңде соңғы мәрте есіңді жиып: «Көке, мені неге Островскийдің кітабымен ауыздандырып ең? Оның ғұмыры тым келте еді ғой...», - депсің. Бұл сенің Керез-Сөзің-тін. Бейбақ әкең сонда былайша еңкілдеп Өтіл-Сөзін айтқан ғой: «Жазған басым-ай, неден ғана жаңылдым? Неге Толстоймен ауыздандырмадым?!.»

Өмір неткен Өксік пен Өкінішке толы еді? Осының бәрі тірімізде бір-біріміздің қадірімізге жетпегендігімізден емес пе екен?.. Не де болса, мына баянсыз жалғанда бізден кеткен бір қателік, біздер бұзған бір жарасым бар сияқты болады да тұрады...

Бауыржан, «хош-хош» айтпай, сыр-қазына, жыр-қазына, ән-қазынаңды өзіңмен алып тым асығыс аттанып кете барғаның-ай. Олар Азаттығына өліп жеткен, көні кепкен күллі қазақтың кенезесін қандыруға тиіс кәусарлар еді-ау. Өткен 2018-дің қара күзінде «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан Сенің сегіз өлеңің туралы зариғауып жазған Иран-Ғайып ағаңның Шер-Кәламы – біздің де айта алмай жүрген мұң-азамыз-тын. Сені біз, өйткені: «Есенғалидың ізін баса келген «көкмойнақ-жырдың сейісі» деп танып едік қой...

Бауыржан, Өзің тумай жатып еңсеген, ғұмыр бойы көксеген Қазақ Азаттығының Таңын көре алмай, дәл Босағасында тұрып, сол Таңның кәусар-«шәрабан таһурасынан» мейірің қанып бір жұта алмай өткенің-ай. Егер оған ерінің бір жеткенде, сен «Өлместің Суын» ішкендей мәңгі жасар ма ең?..

Бауыржан, осынау естелікте жастықкешулеріміздің көз қамаған іңкәрі қайта бір көкірекке шауып, бозқараған-жұпары тағы бір кеңсірік қауып, басымыздан өткерген аңғырттық-албырттыққа толы, бірақ Махаббат пен Сағынышқа мелдектеген жылдарымыздың «жырларын» көп баяндап, көптен жасырып келген біраз «ұрлығымызды» әшкерелеп қойсам, айыпқа бұйыра көрме... Осы жылдар ішінде:

...Бастады маңнан топ тарқай –

Саусаққа салдық сақина.

Ақтөбе жаққа кетті Ертай,

Бауыржан болса... – бақиға... –

деп жоқтадым мен сені. Ол жоқтау – енді айналып келмес қымбат ғұмыр, қолға айналып қонбас қимас күндеріміздің бізден мәңгі ұзап бара жатқан Ақ Күймесінің қоңырау-гүлдірі еді...

Есіңде ме, Бауыржан, «КазГУ-городоктың» жоғарғы жағында, «Әл-Фарабидің» бойында бір төбе бар еді ғой. Оны өзара «Ақынтөбе» деп атайтынбыз.

...Жұлдыз таққан сұлу қыздың шашына,

Қайран менің түнге құмар жас жаным.

Шығып алып «Ақынтөбе» басына,

Дуылдаттық «КазГУ-град» аспанын.

Тау басынан жалт-жұлт еткен құндыз-қар

Шашу шашып –

сайрағанда кіл ақын;

Тылсым Ай мен сонау қыршын жұлдыздар

Мөлт-мөлт тамып...

жылай жаздап тұратын...

Шынында да, бір төбенің басында Үркерше үйрілген топ едік қой. Сен «Үркердің Сұлусарысы» ең. «Көгадай мергеннің көк шақпағына» қол созып, «Жетіқарақшы» тартып алып кеткен «Үлпілдек» аруды қайтарып алмақ болып, мыңсан жұлдыз ішінен сағынышты сары сәуле шашып, ылғи лапылдап жанушы ең. Арамызда Үркердің қалған қыздарындай: Гүлнәр Салықбаева, Жәния Ералиева, Айсұлу Рүстемова, Сәулеш Шәтенова, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Жанат Аймұхамбетовалар бар-тын. Ал сендер алыстағы армандарыңа қарап жұпарлы сәуле бұрқыратқан күйлеріңде мөлт-мөлт тамып, жылай жаздап тұрып... біржола ағып кете бардыңдар: Сені, Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Қайрат Әлімбеков, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсанбеков, Әлімбай Ізбаев, Ырысбек Ыбыраев, Серік Бермағамбетов, Табылды Досымовтарды айтам. Өлім түгілі, «көріп, қайтып берейінші» дегенге қимайтын айбозымдар едіңдер ғой. Зау биіктен ағып келіп жерге сіңіп кеттіңдер, сосын қайтып шықпай қойғандарың-ай...

Алматыға барсам кейде,

күн бата

Жапа-жалғыз шығам «Ақынтөбеге».

Көкірегімде боздап жетім мың бота,

Жұлдыздардың дірілі енед денеме.

Сендердің соңдарыңда қалған менің аға-бауыр-достарым: Нүсіп Әбдірахимов, Жұмабай Құлиев, Нұрлан Қамиев, Жаңабек Шағатаев, Базарбек Түкібаев, Нұрлан Әбдібеков, Темірғали Көпбаев, Қазбек Исаев, Қадырбек Құныпияев, Бауыржан Жақыпов, Мұратбек Оспанов, Болат Қорғанбеков, Әбубәкір Ысмайыловтар зәуде бір ымырт кешіп тұсынан өтіп бара жатып, «Ақынтөбе» басынан сендерді іздей ме екен деп ойлаймын. Іздейтін де шығар-ау, бәлкім, бір-бірімізге кез келмей, бір толқында тоғыса алмай жүрген шығармыз?.. Бармысыңдар, бауырларым? Неге сол төбенің басында тағы бір бас қоспаймыз? Жиырылып жерге түскен Жырдың Туын неге шыңға қадамаймыз біржола?! Киелі түндердің «мәсира желі» соққанда Бақиға кеткен бауырлардың құлпытасында әрқайсымыз неге жетім шырақ болып, мөлт-мөлт тамып... жылап тұрмаймыз?.. Шанда-шанда Алматыға барғанда мен сол төбенің басына ылғи жалғыз шығам. Ол біз кеткелі – «Жетімтөбе». Міне, 30 жыл өрмек жүзін аударыпты, бізден кейін оның басына бір ақын шыққан емес!.. Төбе басынан аспанға қарасам, ағып кеткен жұлдыздардың орны «қарақұрдымға» айналып үңірейіп тұрады. Сол құрдымнан сұп-суық жел ұратынын қайтерсің. Қара жел. Жүрегім тоңазыған соң етекке түсем, төменнен бақилық достарымның жерге сіңіп кеткен жұлдыз-мүрделеріне тап болып сүрініп кетердей тағы түршігем...

Бауыржан, маңдайым сәждеге тиген соңғы он бес жылдан бері «бес намазымдағы» дұғама Сені қосып келем. Жұма сайын Дәріл-Бақидағы әнбие-әулиелер һәм ең қимастарымның қатарында Саған да арнайы құран бағыштап, дұға жасаймын. Бұл салтым – «ажалуун мусамман» (кесімді мерзім) жеткенше, «сәкаратул-мәуіт» (өлім сағаты) соққанша, яки Сен тым ерте асығып кеткен шалғай мекенге аттанғанымша жалғаса бермек. Рухың сезіп жатқан шығар, себебі ұлықтар: «Достан тиер – дұға» депті ғой...

Алайда ересидаға еніп, етек жапқалы жиі ойлана берем: «Неге сені Есенинге ұқсатып, «Үсенин» деп атадым екен?» Оның да ғұмыр-парағын жендеттер құпия түрде тура Сенің жасыңда жыртып тастап еді-ау...

Рамазан айының 01-жаңасы

Мамырдың 06-жұлдызы.

Хижра бойынша 1440, миләди 2019 жыл.

Қошқар-Ата – Қолтық қонысы

Маңғыстау уәлаяты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар