Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Шын жүрек - бір жүрек...

09.08.2024 1436

Шын жүрек - бір жүрек 14+

Шын жүрек - бір жүрек - adebiportal.kz

(«Сен мені не етесің?»)

Ғалым Доскенге

Абай шығармашылығында сыртқы қалыбы мен ішкі сырының құпиясын аштырмаған тылсымдар тым-ақ көп. Толық ашылуы мүмкін де емес — эстетикалық ұлы құбылыстарға ортақ заңдылық. Әр ұрпақ, танымның әр деңгейі өз сөзін айтады...

Абайдың өзіне дейін тумаған, одан кейін қайталанбаған, алдында үлгісі, соңында" жалғасы жоқ өлең өрнектерінің бірі — «Сен мені не етесің?».

Осы өлеңді оқып отырып, көңіліңде екі түрлі ықылас оянады. Алдымен, жұмыр басты пенде, қатардағы оқырман ретінде көкейіңде тұратыны – шабыттың түрткісі болған қандай да бір өмірлік негіз болды ма екен деген қарабайыр сұрақ. Кез келген өлеңнен мұндай тиянақ іздеу шарт емес, бірақ осынша шебер бейнеленген тірі жан қозғалысына, түпсіз күйзеліс, сезім драмасына куә қылған бұл сынды кесек лириканың «сыртқы» тарихы кім-кімді де бейтарап қалдырмас. Ұлы адамның суреткерлігі ғана емес, тіршіліктегі дара кісілік сипаты да қызықтыратыны табиғи нәрсе. Оның жеке өміріне қатысты әрбір дерек, болымсыз деталь қымбат. Содан болса керек, кейде, мәселен, Пушкиннің өлеңінен гөрі, дуэлі туралы зерттеулер көбірек пе деп қаласың... Немесе, өлеңнің өз қисынынан бұрын, оның жазылу тарихын, шығармашылық процесс барысын талдау басым түсіп жатады. Әрине, материал, дерек мол болса, қалай көсілсең де — сауап. Абаймен тұрғылас дүние ақындарының өмірбаяны бүге-шігесіне дейін зерттеліп, тәптіштелгені өз алдына, көбінің қай шығармасы қандай жағдайда туғаны, қашан бастап, қашан аяқтағаны — бәрі хаттаулы. Түп бейне, адресаттары да анық, немесе болжаулы. Өзінің шығармашылық болмысынан тыс, өмірдегі тірі кейпі туралы да жазбаша түрде кейінгіге көп сыр ашып кеткендері қаншама. Олармен салыстырғанда кеше ғана өткен Абайдың жүзі, пәни дүниелік келбеті бүгінгі біз үшін Тәңірінің дидарындай көмескі. Ең өкініштісі — бұл ертең де, одан кейін де айқындалмайтын мәңгі құпия. Осы орайдан қарағанда, өмірлік еш дерегі жоқ «Сен мені не етесің?» де кемеңгердің көп жұмбағының бірі болып қала бермек. 

Екінші ықыласың — өлең сиқырымен әуестенетін адамның тұтас гармонияны, шеберлік сырын логиканың сарабына, алгебраның шотына салып, жіліктеп түсінгісі келетін әдебиетшілік тіміскі түйсігі — бұдан да зор жұмбаққа ұрынады. Өйткені, өрнектелген сезім сипатының оқшаулығына орай, «Сен мені не етесіңнің» мазмұндық, пішіндік тұрпаты да өзгеше жаратылысымен қайран қалдырады. Ұйқас-ырғақ жүйесі, әуендік-интонациялық сазынан тартып, шумақтық құрылымы, композициялық бітіміне дейін тосын. Қайталап оқыған сайын, жаңа ашылған ғажаптай құбылып, түлеп, көздің жауын алады да турады...

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап,

Жайыңа

Және алдап,

Арбап,

Өз бетіңмен сен кетесің.

Хош... Өлең не туралы? Алғашқы жолдардан-ақ айқын: сүйіспеншілік сезімнің мәңгі көне, мәңгі жас тылсым бір тарихы, күңіренген күйі. Айныған, серттен тайған жар опасыздығы. Алданған ғашықтың жан азабы, арыз-арманы... Ежелгі әуен, ескі сыр. Айқын үлгісі, таныс сыңары табылар ма деп, үйреніп қалған әдетпен «екі жаққа үңілесін.»: батыста дерегі, шығыста сыбысы жоқ па екен? Қол жетпеген махаббат күйігі, тұрақсыздыққа налу, тасжүрек сұлудың ықыласына зар ғашық жігіттің үмітсіз азабы — классикалық шығыс поэзиясындағы дәстүрлі сарын. Бірақ, ұқсастық осымен тынады. Абай өлеңіндегі лирикалық мазмұн — дәстүр мен канонының әдепкі тұтқыны емес, нақты адам, тірі пенденің ішінде дәл қазір, осы сәтте, көз алдыңда бұрқап жатқан жан дауылы, шын сезімнің тәуелсіз ақтарылған қасіретті сыры. Ал бұл өлеңді батыспен байланыстырған сипат — ақындық мәдениеттің жаңа деңгейі тұрғысындағы жалпы сапаларға ғана қатысты болса керек.

«Сен мені не етесің?»... Өлең, лирикалық кіріспесіз, осы сұрау түріндегі түпсіз түңілістен басталып, сертінде тұрмаған ғашығын айыптап-жазғырған, өзінің итқор болған жайын айтып қыстыққан зарлы жігіттің назалы монологына бірден бойлатып әкетеді.

Неге әуре етесің?

Қосылыспай,

Басылыспай,

Байыңа.

Және жаттап

Бай тап.

Өмір бойы қор өтесің.

Лирикалық кейіпкердің бойын буған сезім шалығын, қайғы азабын жан жүйкеңмен танисың. Әрбір тармақ, түйдек сайын құбылған интонациялық бұрылыстар, бір ширығып, бір саябырсып дамылсыз толқын тудырған эмоциялық кернеу өлең композициясына өзгеше қызық сипат дарытқан. Мағыналық, синтаксистік өрнектер мен ырғақтық-әуендік иірімдердің қапысыз үйлесімі — мазмұн ме» пішіннің шын мәнінде қиыннан қиысып, жіксіз қабысуының айғағы.

Көріп отырмыз, өлең мазмұнындағы өзекті күй — наза. «Қан жүректі қайғылының» назасы. Бұл — үнсіз толғаған зар, іштей егілген қапа. Көкірекке кептеліп, ықылық атқан дыбыссыз өксік. «Сен» деп кінәласып отырғаны — сертінен тайып, сүйген жүректі тозақтың отына салған опасыз жардың дәл қазір жігіт көңілінде тұрған бейнесі, талайсыз тағдырдың өз кескініндей жанын мұздатқан суық суреті. Жігітте бір-ақ дерт — сүюдің азабы, айырылудың күйігі. Жалғыз тілек — қолдан сусып бара жатқан қымбатына тісімен, тырнағымен жабысып бағу. Жаны жай таба алмаған бейбақ: кетпе: тастама, сенікі жөн емес, бетіңнен қайт, тәубана кел дейді...

Рухы қаусап, жігері құм болған лирикалық Ғашықтың осы күйі өлеңде қалай өрнек тапқанына келейік. Сөз мағынасы, синтаксистік түзілім, ұйқас, ырғақ жүйесі, әуендік-интонациялық құбылыстар — мазмұнның материалдық қалып алған тұрпаты десек, аталған өлеңде осынын бәрі ағыл-тегіл ақтарылған лирикалық сезім стихиясына бағындырылған. Алғашқы шумақтарды оқығанда-ақ, арғы-бергі поэзиядан хабардар адамның өзі қисыны бөлек, түрі жат дүниеге кезіккенін аңғарады. Ең алдымен, шумақ, ұйқас үлгісінің тек-төркіні бізге мәлімсіз. «Бойы бұлғақ», «Сегіз аяқ», «Қатыны мен Масақбай», «Ата-анаға көз қуаныш» т. б. өлеңдер мазмұн мен түр үйлесіміндегі шетін нышандар, формалық жаңалықтың біртуар үлгілері болса, «Сен мені не етесіңнің» қалпы тіпті бөлек. Алғашында көз үйренген, құлақ, төселген машық-мақаммен жүгіртіп оқып кете алмай, бөгеле бересің. Ұзынынан-ұзақ көсіле түсіп қатарланған қара өлеңнің даңғыл тармақтарындай емес, жік-жігімен опырылып, әр жолға бөлініп кеткен жеке сөз, орамдар назарды ұстап, аптықты тежейді. Сабырмен үңілесін.. Өлеңнің сазына, ырғағына құлақ түресің. Әр сөздің салмағы көңілдің таразысына жеке түскісі бар... Тебіренген жанартаудың сұрапыл гуіліндей көкіректі керней тепсінген сезім бұрқасынын сонда анық түйсінесің. Сырттай қарағанда, ауызекі қара сөзбен сөйлетіп жіберсең, де шырқы бұзылмастай көрінетін шумақтар, алдымен, оқырманын осындай «тәртіпке» келтіріп алады. Шумақ құрылымындағы бұрын кезікпеген талай қызықтарды тегіс ақтарып, буын санап, бунақ өлшеп, статистикалық талдау жасамай-ақ қояйық — өлеңнің қандай бөліктерін шумақ деп танитынымызды ғана айта кетейік.

Ұйқас жүйесі — шумақтық құрылымның негізгі шарттарының бірі. Демек, өлең — 7 жолдық дербес екі түйдектен құралған 14 тармақты күрделі, құрама шумақтардан тұрады. Бұл— жаңағыдай сырт белгілеріне қарап айтылған тұжырым. Ал, ішкі байланысына келсек, шумақтың бұлай түзілуі — туындының композициялық бітімінде де өзіндік мағынаға ие. Тұтас шумақ кейіпкер көңіл-күйінің жеке бір кезеңі десек, құрамындағы әр түйдек мағыналық тұрғыдан өзара сабақтастық, себеп-салдарлық, немесе оппозициялық қарым-қатынасқа тартылып, ыдырап-сетінемес тірі байланыстармен шырмасып-матасып жатыр.

Өлең тілі сыртқы әшекей-жарқылдақтан ада. Тіпті, әдепкі эпитет, теңеулердің өзі там-тұм. Әр сөзі — көңіл-күй, әр тіркес пен жол — телегей сезім болып сыр шертеді. Ақынның сөзге саран, мағынаға қалың төл стилі. Тіл бояуының мұншалық үнемді болар және бір реті бар: «Сен мені не етесіңде» лирикалық кейіпкердің жан дүниесі суреттелмейді, сипатталмайды — қозғалыс, процесс ретінде көрінеді. Бұл — ыстық толқын, ащы зармен қайнап, буы бетке ұрған күйзелісті күйдің суреті, не баяны емес. Өзі. Әл-Фарабидің поэзия туралы трактатында негіздеген «құбылысты өз ішінен тану, елестету» («воображение вещи в самой вещи») принципін осы тұста еске алуға болады. Ал сезім мен ой тікелей сөз алғанда, дәл мағынаға астарлығы алыстан жанасатын әсемдіктер шып сырдың шырайын қашырмақ.

Сындырылған тармақтар қатарына зер салайық. «Және жаттап — Бай тап», немесе «Ішіңде ыстық — Қан жоқ» деген сөйлемдерді тұтас бір-ақ жолға жазуға да болар еді. Одан жеке сөздер мағынасына нұқсан келмейді. Бірақ жол сындырудың бұл өлеңдегі мәнісі төтенше. Көзіңді бөгеп, назарыңды ұстайтын бір құпия өлеңнің ырғағындағы құбылыстар мен интонациядағы бұрылыстарда жатыр. Жаңағыдай, белгілі жүйемен тармақ үзу арқылы жасалған шумақ құрылымы, ырғақ пен әуен — ойдың бұрмасы, сезімнің реңімен толқындап, өлең композициясына айқын тұрпат, көрік пен сымбат дарытқан.

Өлеңнің әуен-сазына бойлаған сайын, құлағыңа әлдебір өксік сарыны келгендей болып, ол бірте-бірте айқындала береді. Күмәнсіз: лирикалық кейіпкер іштей өксіп тұр. Ал өлеңде өксік туралы сөз жоқ. Бұл – текстен тыс берілген күй. Тұтас сөйлемі, бұған тіркесі жол-жолға тасымалданған өлең әуезі қыстыққан ыстық өксіктің үзік-үзік лебі болып шарпиды. Ырғақ пен интонациялық әуен арқылы ғана аңғарылатын бұл күй — шығарманың бүкіл мазмұндық-пішіндік болмысынан туындап, алдымызға ақынның теңдессіз шеберлігі туралы тағы бір айғақ тартады.

Осынау толассыз өксік пен назаның ішінде бәрі бар: жазғырып-сөгу, жайын айтып егілу, үміт үзу, торыққан қапа, дәрменсіз дәме, тағдырға көнген шарасыз күрсініс, айырылудың қайғысы, жалынып-жалбарыну... Қиянатқа жаза барын ескертіп, мәмілеге – шақыру...

Ет-жүрек өртенді.

От боп жанып,

Жалын шалып

Ішіме.

Иттей қормын,

Зармын,

Сен үздің ғой бұл желкемді!

Махаббат пен қасіретке мелдектеп, зар толғаған қапалы жүрек ыстық буы бұрқырап, қызыл қаны дірдектеп, қорғансыз жалаңаш жатқандай алдыңда. Жалғыз құбылысында бүкпе болса екен!.. Бәрін айтып, сайрап жатыр...

Кім білер ертеңді?

Өлім айтпас,

Келсе қайтпас

Кісіге,

Бүгінгі күн

Бармын,

Жолдас еттің сен бөтенді.

Қайғыңнан өліп кетуім мүмкін дейді. Түсінікті: «қорқытып» қадірін арттырмақ. (Қайран періште!). Бүгін бармын. Ал ертең? Сен соны ойладың ба дейді. (Үміт әлі үзілмепті). Шешім, тиянақ таппай сандалған жігерсіз жүрек, еркін байлап құл еткен сезім жібін үзіп кете алмай қазығын шыр айналып аласұрады. Қайғыдан көзі қарауытқан ессіз ғашық бұл халін есеп қылар жайы да жоқ, барша ғаламның мазмұны — дәл қазір ол үшін өз қасіретінен басқа ештеңе де емес. Көңіліндегі жасырынуға жай таппаған түпкі тілектерге орай, лирикалық кейіпкер санасы бір өлеңнің аясында неше алуан күй кешеді, қызық бұрылыстар жасайды. «Өмір бойы көр өтесің» деп, өзіне бұл қайғыдан келіп-кетер дәнеңе жоқтай нықсынып, тұрлаусыз ғашықты райынан айнытып та көреді, енді бірде алыстан орағытып, елім барын ескертіп, бетін бері қаратпақ болады... Емдігі бір саябырда «ғашықтық — қиын жол» екенін еске салады: жеткен — жетті, жетпеген — арманда. Жетпедім, дерттімін. «Мен өлейін, сен сау-ақ бол» дейді. Жоқ, бұл енді шынымен-ақ өле қалайын деген сөз емес. Опасыздыққа күйіну, жазғыру, наза қайта бас көтергені. Бұл әлі жүрекжарды «Мен не болсам болайын, сен аман бол» емес. Мен-ақ сорлап қалайын, сен-ақ мұратыңа жете ғой деп тапсынған шәргез тілек. Бопса.

«Шын жүрек — бір жүрек» деп, лирикалық Ғашық келесі бұрылыста жаңа бір кеп бастайды. Ол жүрек — айтқан серт, берген уәдеден қайтпас, бір сөзбен өлер, өлсе де дейді. Жүрек әмірімен бекіскен сезімнің, серт байласқан махаббаттың жазылмаған өз заңы, өз моральі бар. Ендігі қалған жалғыз құтқарушысындай, соңғы тал қармарындай соған жүгінеді. Сенімі күйреп, жігері құм болған есіл ғашық көкірек кернеген құсасын, өкпесін, жанын удай ашытқан жәбір-жапасын — бәрін ұмытып, бір сәт рухы сынғандай ашық жалбарынуға көшеді: «Білесің сен зерек — Мен пендеңе — Болды деме — Кел, қарас — Ешкім сөгіс — Айтпас—Рақым қылсаң, кел ертерек!»

Лирикалық кейіпкер көңілінде құйындай ұйтқып, толқындай төңкерілген алуан аңсардың ішіндегі ең өзекті тілек — осы. Жазғырудан кірлеп, торығудан тотығып үлгермеген жүректе елжіреген бір сәуле елес беріп өтеді («Шын ғашық мен саған!»). Жіңішкелеп саңылау тапқан жетім шуақты үмітсіздіктің сұрапыл түнегі қайта жұтты: «Тас бауыр жар, бол хош-аман!».

Дәрменсіз, дәмесіз сөгіс — күйікті күбір, қайрансыз қамырыққа ұласты: «Алла, Өзі сорлы етсе, амал жоқ». Тағдырға көнген, жазмышқа бойсұнған қалпы бар еді... Жоқ, сүйген жүрек — періште емес екен. Сүйген жүректен жек көруге де, қатал кек, табашыл тілекке де орын табылады екен: 

Сен аттың жөнсіз оқ.

Тәңірі — қазы,

Тас — таразы,

Тентекті

Сұрамас деп

Қалма.

Серт бұзғанның біл, орны — шоқ!

Шегедей тесіп, балғадай нақ-нақ ұрған бір буынды сөздердің (оқ, тас, серт, біл, шоқ) қуаты, екпін түскендегі тас-түйін тегеуріні шегіне жете ширыққан жанның құлын даусы болып құлағыңда шыңылдайды.

Абайдың өз ұғымында, жүрек сөзі — шын сөз. Жан дүниенің бүкіл құбылысы сол ет-жүректің лебізіне шығып, өз әуен, өз сазымен күй толғайды. Неге сөктің, неге жаза тіледің деп ешкім айта алмас: әділет-шындығы да, таразы-қазысы да өз ішінде. Абай өлеңіндегі махаббат — ескі шығыс поэзиясындағы қол жетпес алыс арман, қиял жаратқан аспаны аңсар емес, жерде тиянағы, шындықта дерегі бар кәміл сезім, ақиқат сыр. Романтикалық әсіре әңгіме де емес, әдепкі құбылыс. Бірақ өлеңнің лирикалық Ғашығы үшін, жерде жаралған махаббаттық серті — көкте, тәңірінің куәлігімен бекіген қасиетті уағда. Сондықтан серт бұзған жар — жаратқанның кәріне ілінбек, жазықсыздың назасына қалмақ. Бұл — шындығына келгенде, сүйгеніне тілеген жазадан бұрын, жігіттің өз көңіліне тапқан медеуі. Жұбантпайтын жұбанышы... Түңіле тұрып, үзілмейтін үміті.

Осылайша, лирикалық монолог — діттегеніне жетпеген, үмітіне алданған қаяу көңілдің өзек ертер сыры, жан сергелдеңін, жүрек дертін жеңе алмай санасы санға бөлінген пенденің ішкі дүние аласапыранын қалтарыссыз жайып салып, толассыз ақтарған өксікті күйі болып өріледі. Адам жанының бар қалтарысын тінтіп, күллі бүкпесін жазған бұл дәрежедегі психологизм қазақ өлеңінде Абайға дейін болмағынын білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, «Сен мені не етесің» Абайдың өз шығармашылығында да оқшау тұрған дүние. Біріншіден, мұнда жан диалектикасы лирикалық кейіпкердің ортақсыз өз санасы арқылы тікелей ашылады. Белгілі бір психологиялық күй үстінде еріксіз қозғалып, тежеусіз жосыған сана ағысының бар құбылысын қалт жібермей хаттап отырған ақынды көргендей боламыз. Бұл өлең психологизмінде, әсіресе XX ғасыр прозасын көркейткен, кәдімгі «сана ағынының» кейбір принципті нышандары көрініс тапқан десек, оған таңданудың, ерсі көрудің еш реті жоқ. Психологиялық талдаудың, яғни, жан диалектикасын ашудың кемеңгері Л. Толстойдың өзі, А. Фет лирикасынан біраз дәріс алғаны мәлім. Әрине, өлеңдегі терең сыршылдықтың сезім шырғалаңын бейнелеудің прозадағы психологизм спецификасынан өз ерекшеліктері бар. Бірақ, түп төркіні ортақ көркемдік құбылыстар. Үстіміздегі ғасыр поэзиясында көркемдеу құралдарын басқа да элементтермен қатар, прозадағы осы талдау тәсілімен толықтыру басым үрдіске айналды. Қазіргі адамның күрделене түскен жан әлемін өрнектеуде лирика өз табиғатын сақтай отырып, сөз нақтылығын, суреттеу дәлдігін, образ байлығын өмір «прозасы» мен әдеби проза есебінен күшейте, молықтыра түскені байқалады. Дүниежүзілік поэзия ауқымында қарағанда да, қазақ даласының белгісіз бір қиырында ғұмыры өткен Абай осы құбылыстың көшбастаушылары қатарында тұрғаны айқын көрінеді.

Махаббат сезімінің де өз тіршілігі, даму бұралаңы бар. Өлеңге өзек болған жай — соның ең бір «прозалық» сәті. Мұнда «Көзімнің қарасындағы» тәтті сыр да, «Жігіт сөзі», «Қыз сөзіндегі» сүйіспеншілік қуанышы да, «Қор болды жанымдағы» сарғайған зар да, «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланыптағы» қимас естелік, сәулелі мұң да жоқ. «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі»—тәні, жаны сау, жастық қуаты кемеліне келіп, сезім гүлі ашылған екі жастың, тілектері тең асықтардың тең диалогы. Ынтық жігіт, ықыласты қыздың лирикалық дуэті. Махаббат қуанышына гимн. «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланыптағы» идиллия — қымбат дәуреннің елжіреген сағынышы болып тіріледі. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»— махаббаттың ыстық-суығына суарылып шыққан сара сезімнің, байырқа-байып тапқан парасаттың сөзі... Абай өлеңінде бәрі бар. Жігітшілік құрып, жастық сәулетіне енді Кipген бозбаланың ынтық-құмарынан «Ол тілге едік оңтайлы — Қаріпсіз біліп сондайды — Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек —Енді ішіме қонбайды» деп, сырғақсыған кәрінің лебізіне дейін табылады. Ақын бұл тақырыптағы әр өлеңнің лирикалық субъектісіне әр қилы кейіп беріп, сүюдің қуанышы мен азабын, шуағы мен ызғарын, сезімнің өрбу кезеңдерін, ширыққан, тиянақ-тұрлау тапқан, қимас естелікке айналған шақтарын кемел бейнелейді. Бұл өлеңдерді тұтастыра қарап, сезім диалектикасына орай белгілі бір ретпен жүйелесе — ғашық жүрек шерткен бір ұзақ сыр, сол жүректе туып, ғұмыр кешкен махаббаттың толық көркем тарихы сомдалып айығар еді. Өзіміз жүйелеген осы композиция логикасына бақсақ, «Сен мені не етесің» – Абай тірілткен сол ғұмырдың тағдырын айқындаған ең бір түйінді, бұрылысты кезең. Жан драмасының барынша ширыққан шырқау сәті. Лирикалық сюжеттің өрбуіндегі, пролог пен шешімнің аралығындағы кульминациялық орталық.

Жаңа айттық, бұл — махаббаттай сырлы тарихтың «прозалық» хикаясы. Сезім поэзиясы мен сұрқай өмір шындығының жігі білінбей тұтасқан оқшау күй. Сүйген жүректің биік зары пендешілік түйсіктің ұсақ құбылыстарымен табиғи бірлікте өріліп, қызық қисын тапқан.

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып.

Тұла бой суыр, тоңар үміт үзсе,

Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып, —

деп, ақын басқа бір өлеңінде («Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол») айқындап, «программалап» қойған сезім сипаттары біз талдап отырған өлеңде толық ашылған. Өртенуі мен суып-тоңуы кезектескен лирикалық кейіпкердің жан қозғалысын ақын сол екі күйдің өз бейнесі арқылы көрсетеді. Сеніскен сертті тәңірі сөзі деп білетін таза жүректі мына қорлықтан — ұжданын жер ғып таптаған кәдімгі күйкі сатқындықтан – кір шалғандай, қан басқандай. Махаббаттың сырлы тілімен төгілер ғашық жүрек сүю мен жек көрудің арасында поэтикалық әсем образдармен емес, осы сәттегі күйзеліс – сипатына сәйкес, өксікті көздің жасындай ауыр тамшылаған үзік-үзік сөздермен, күйікті күрсініспен сөйлейді. Өлең стиліндегі прозаизм — дәл қазіргі боямасыз сұрқай жан жадаулығынан, қиялындағы сұлу әлемді, жарық сәулені ашылмас тұман басқан лирикалық кейіпкердің күңгірт көңілінен, түнек қайғысынан туындаған. Әр сөз, әр тіркестің қабысынан серіппедей сығылған тұмса қуат сезіледі. «Сен мені не етесіңдегі» дәстүрлі өлең тіліне жуыспайтын алабөтен сөз өрнегі — арнайы зерттеуге жүк боларлық. Қарапайым тілмен адамның жан дүниесіндегі осыншама қайшылықты ашу құпиясын түсіндіретін бір кілт сонда.

Лирикалық кейіпкер санасы өзінің таза субъективті шеңберінде көрінген. Бірақ өлең мазмұны сол томаға-тұйық әлемнен байтақ, кеңістік ашады. Сол кеңістік пен әлемнің өз заңына сәйкес өрбіген телегей сырдың шалқар айдыны болып аумақтанады. Өлеңнің сыртқы тіл кестесінде бейнелі тіркес, көркемдеуіш сөздер, суреттеу элементтері (описательность) жоқтың қасы дедік. Күйзелген сана, күйреген үміттің өксігімен лықси қозғалып, жентек-жентек соқтығысқан сезім сеңдеріндей кесек, қыртысы қалың, қисыны тығыз, құнарлы, қанық тіл бар. Суреттеу жоқ — жалаң суреттеуге, жалпақ баяндауға алдырмайтын ішкі дүние толқындарының қозғалыс-дүмпуі, айқын тірі ағысы бар. Абай поэзиясында бейне көрсеткен қыруар күйлер, соның ішінде, осы өлеңге арқау болған — бақытсыз ғашықтың назасы, қапалы жанына қайран іздеп, дәрменсіз моральды арашаға шақырып әуреге түскен шарасыздық туралы лирикалық хикая тікелей кейіпкер болмысындағы сезім қайшылығы, ой арпалысы болып өріледі. Бұл — жаңа лириканың ескі өлеңнен айырмашылығын танытатын бірден-бір көркемдік принцип.

«Сен мені не етесіңдегі» психологизм лирикалық монологта желі тартқан жан қозғалысы арқылы өздігінен ашылып, белгі-бедер беріп жатқан құбылыстарға негізделген. Кейіпкер санасының дамылсыз ақтарылған тәуелсіз ағысы өз психологиясын өзі «талдап» жатқан сияқты. Сыртқы дүние, жалпақ жаһан — тыныссыз. Уақыт – жүрісін тоқтатқан. Лирикалық «оқиғаның» кеңістік-мекені — сол сана шеңберімен, уақыт межесі — сана ағысының қозғалу, құбылу ретімен айқындалады. Яғни, жігіт сөзінен біртіндеп көрінген көңіл-күйдің әрбір жаңа реңі ғана уақыт қозғалысын еске салғандай. Сезім күші, күйзеліс тегеуріні сондай — назалы ғашықтың іштегі сырды шыжымдап, суыртпақтап шығарар, әр сөзін өлшеп сөйлер мұғдары жоқ. Көңілдегі тілек пен түйсікке бағдар сілтер бақылаушы сана үнсіз, тек бар болмысымен ағыл-тегіл ақтарылу ғана бар. «Сен мені не етссіңде» ақынның кейіпкер сырына аралас-қатысын білдіретін айқын белгі, емеурін жоқ. Автордың махаббат-психологиясын, сезім тіршілігін дербес-дара бейнелеу нысанасына айналдыра отырып, өлеңнің лирикалық, «меңіне» қатысты ұстанған меже, тұрғысы — ең «бейтарап» нүкте, лирикадағы «объективтіліктің» шегі. Бұл жағдайды ақын мен лирикалық кейіпкер толық жік ажыратқан оқшау ситуация, немесе, керісінше, екеуінің толық тұтасуы деп қарауға болады. Бұл және — ақынның тақырыпты терең сезініп қана қоймай, материалға толайымен сіңіп, дүниеге эмоциялық кернеу, сезім толғағы үстіндегі кейіпкерінің төл санасымен ашылуы. Ғаламат шығармашылық, қуат пен теңдессіз шеберліктің көрінісі! Өлеңнен біз іздеген анық Абай «мен»–дік тар ауқымнан емес, лирикалық шалқар мазмұнды жаратқан осы қуат пен шеберліктен танылады.

Жалпы, бұл өредегі жан драмасы қазақ өлеңінде тұңғыш өрнек салуы өз алдына, сөз болып отырған туындыда тақырыптың, сезім табиғатының психологиялық күйдің бар сипат, күллі нышанын түгендей отырып байыптаған тұтас бір лирикалық циклдің мазмұны жатыр. Өзіміз жоғарыда санамалап өткен, кемпірқосақтың жеті бояуындай ғажап тоғысып, жұмбақ сиқырмен көзді арбаған әр қилы көңіл-күй реңдерінің, түрлі түйсік-тердің бір мезгілде бас қосып, сезім күші шекспирлік қуатпен бұлқынған кейіпкердің жан әлемінде еркін араласып, сызатсыз бүтіндік танытуы — ақындық ерек мәдениеттің айғағы. XX ғасыр классиктерінің бірі Т. С. Элиот: «Ақынның міндеті жаңа эмоциялар ашу емес — әдепкі эмоцияларға поэтикалық тұрпат бере отырып, ондағы жоқ сезімдерді тауып өрнектеу» деп есептейді. Бұл пікірмен келісу, келіспеу — еркіңіз, бірақ «Сен мені не етесіңді» оқығанда, осы тұжырымға бір ден қоярыңыз анық. Шынында, жалғыз монологтың аясында, ғашық кейіпкердің бір ғана наза күйінде қаншама сезім мен аңсар қауышады?! Ашық тілектер мен оның астарындағы түрткі-түйсіктердің қайшылықты қозғалыс, сапырылысқан қызық қисындармен қамшының өріміндей қойындасуы — лирикалық сананың жаңа сатысы. Жан құбылысына тереңдей үңілген зерде мен парасат қана шығар соны өріс. Кемеңгер ашқан кеңістік.

Сезімдік бояулар байлығы, олардың бір монолог aуқымында және бір мезгілде алмасу, араласу, қосанжар-қабаттас қозғалу динамикасы өлең бітіміне шынайы полифониялық сипат дарытқан. Ашынған айыптау, үміттену, жалбарыну, элегиялық торығыс, жек көру, сүю...— бәрі соның ішінде. Бір өлең шеңберіне тұтас циклдың аумағын сиғызған тығыз мазмұн — негізгі желі, басты әуенмен тең дәрежеде жарыса өріліп, қатар өрбіп, тайталаса, қаржыса ағындап көп сыр, көп үнмен бір-ақ музыка болып төгілген сол полифониялық құрылымнан туындап жатыр. Романтикалық сұлу зар, қайратты қана емес, өзекті күй, ортақ сарын — наза, «оттай жанып, жалын шалып» аласұрған жүректің шын зары, жан азабы дедік. Шартты түрде, түйіп айтсақ, бүкіл өлең мазмұны — сол азаптан арылу, көңіл дертінен айығу ақтысы. Тірі организмнің өз бойындағы сырқауға қарсы тұрар табиғи инстинкті сияқты, бұл да «ауру» сананың ерікті-еріксіз түрде іш құсасын айтып ақтарылып, сенілу, сергу, сауығу процесі. Лирикалық кейіпкердің «жанында — жапырақ, үстінде — жұлдыз» жоқ. Тамылжыған желсіз түн, жарық ай екібастан жоқ. «Сенге» үздіксіз наза шаққан қамырықты «мен» ғана бар. Қайғылы сырын батпаңдап ақтарып, соқпа дерттен есенгіреп, ие бола алмай қалған ерік-қайратын, жүрек жігерін мысқалдап қайта тірнектеу ниеті бар. Бұл — жанын қыл бұрауға салған күйік пен қападан құтылу әрекеті. Даңғылы жоқ, соқтықпасы көп өміртану соқпағының қиын бір бұралаңы. Өртенген жүректін шершеменін сарқып, таусыла толғап, біржола «күйіп кетуі» емес, өртенге шығар жана көктей ертеңгі қайта жаңғырып, қайта жамырар жаңа тілектерге орын босатуы. Сезім сырын, жүрек мұнын жете парықтап, өмірмен парасатты мәмілеге келу жолындағы адам жанынын күйреу, сілкіну, серпілу, тазару талқысы. «Мен не болсам болайын, сен аман болға» келердегі трагедиялық терең өткелек. Тағдыр сабағы, жан көрешегі, рухани тәжірибе.

Ақынның лирикалық тұлғаны махаббат әлемінің, сүйіспеншілік ғұмырының қуанышы мен азабына кезек бойлатып, таным жолының қия-қыспағынан өткере отырып алып келген мәмілесі – «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деп басталып, «Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым — Мен не болсам, болайын, сен аман болға» ұласатынын, одан «Қызығы бұл өмірдің махаббатпен» деген кең толғамға өрістеп, «Құдай-ау, қайда сол жылдар — Махаббат, қызық мол жылдар» деп күңіренген ұлан аңсар, саналы сағынышқа сарқатынын жақсы білеміз...

Абайдан кейін төл поэзиямыз үшін ішкі сыр, сезім құбылыстарын өрнектеу турасында ешбір шекара-шеңбер қалған жоқ десе де болады» Абай поэзиядағы адам жанынын кеңістігін барынша ұлғайтып, қазақ өлеңіне жаңа өріс, шексіз перспектива ашты. Қазақ поэзиясындағы түбегейлі өзгеріс, жана лирикалық сана осы арнадан бастау алады. Жалпы, поэтикалық ойдың лирикалық толғаныс, күйзеліс, ішкі сыр ағысы түрінде өрнек табуы—қазақ өлеңінің әлемдік ең жетік поэзия деңгейіне шыққанын әйгілейтін көрсеткіш. Және бұл көркемдік сипат жеке творчестволық тұлға шығармашылығы арқылы тиянақталып, тұрлау табуы — Абайдың ұлт әдебиетіндегі орны мен қадірін айқындай түспек.

Айтулы батыр, әйгілі тұлға, романтикалық асқақ герой емес, қатардағы екінің бірі, ескерусіз пенденің жан құбылысы жеке ақындық зерде нысанасына айналып, өз алдына эстетикалық құндылық пен мәнге ие болуы — ұлы ақын шығармашылығында өз көрінісін толық тапты. Қазақтың махаббат сезімін сипаттауға, баяндауға, тұспалдап наз айтуға, астарлап құмарлық күйін шертуге оралымды, шалымды болғанмен, сүйіспеншілік сырын ашық, терең өрнектеуге бетінен басып келген «ұялшақ» өлеңінің бойын үйретіп, тәрбиесі мен танымын түзеген де Абай екені жалпыға мәлім ақиқат. Кемеңгердің шығармашылық қажыр-қайратының нәтижесінде европалық лириканың озық үрдістері қазақ өлеңіне сыналап кіріп, біртіндеп сіңген жоқ, — өз қасиеті, хас сипаты болып бірден орнықты. Әлеуметшіл, ел қайғысын, жұрт қамын толғаған, надандықты жерлеп, кісі мінезін шенеген, өмір мен болмыс жұмбағына үңілген Абай — басқа да, махаббат сырың, жүрек күйін шерткен Абай — бөлек. Қай тұрғыда? Алдыңғы Абай — ортасынан оқшау шыққан, жеке тұра тұрсын, көптің мінің қолға алған, наданға сәуле көрсетін, заманды түзетпек болған ойшыл дана, өлшеусіз зор Абай. Бұл келедегі өлеңдерінде «мен» деп толғанған лирикалық Пенденің қай сөз, қай сырына да сол зор Тұлғаның көлеңкесі түсіп тұрады. Лирикалық «мен»-ді адам – Абайдың өз тұлғасымен байланыстырмай қабылдау мүмкін емес, рухани, өмірлік тұрғыда екеуінің бір-бірінен ажырағысыз бірлік-бүтіндігі айқын тұр. «Меннің» ел түзетерлік ниеті, көпті, мінезді сынағанда ірі сөйлеп, кесек пішуі, аяусыз жазғырып, күңірене толғануы, ақыл айтып азаптанып, қабырғасы сөгіле түңілуі үшін қандай да бір моральдық өкілеттігі болу керек емес пе? Өмірдегі Абай, ел данасы, жалпақ сақара сөзіне таңырқаған ғұлама Абай үшін мұндай жауапкершілік хақысы — табиғи нәрсе. Демек, «лирикалық» Абайдың моральдық кесек бітіміне, ең алдымен, «өмірлік» Абайдың зор беделі алғышарт болды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Мұнда европалық өткен дәуір романтиктерінің өнерін ақынның өз басына қатысты әдеби әсем аңыздардан ажыратпай қабылдау дәстүрінен ештеңе де жоқ. Абайды өз тұсындағы оқырманның қабылдау психологиясы одан гөрі нақтырақ, дәйектірек, шындықпен, өмірмен өзектес шарттарға негізделген.

Пенде атаулының сүйіспеншілікке хақысы тең, пешенесіне бағы жазылса да, соры бұйырса да – тағдырлас, бастас. Жүрегінде жастық оты, құмарлық жалыны, көңілінде сәуле бар тірі нысанға ортақ осы сүю қуанышы мен азабының алдында Абай да кішік. Дүниедегі жақсы-жаманды тергеп, кеселді дерттің емін іздеген ақылман Абай бұл тұста жастық сезімнің өз тілімен төгіліп, ғашықтық күйдің төл сазымен тамылжиды. Тұңғиық сырдай шымырлап, түпсіз тылсымдай тебіренеді. Махаббатта жұлдызы жанған жанның ыстық құштары, тұнық сағынышы болып елжірейді, үміттінің ынтық лебізі болып үздігеді, бақытсыздың түнек зары болып күңіренеді. «Жылы менен суықтың бәрін көріп», шаттық пен шарасыздықтың арасында бар қияметті өткеріп, ақыл – қайрат – жүректің тізгінін тең ұстауға жеткен сарабдал кісіліктің басалқысын айтқанда, өзге бір өрістен және көрініс береді. Сол тағдырға өзің де ортақсың — ақынмен бірге тыныстап, бірге толғанасың. Басыңнан тұтас бір ғұмыр өтеді...

* * *

Абайдың қай өлеңіне үңілсең де, осынау төрт аяғың тең басқан кемеңгер келісім, төтенше шеберліктің сырын ұғуға құштар боласын. Ал, «Сен мені не етесің» сынды мазмұны мен тұр қисыны ерекше, өлең өрімі, сөз-өрнегі алабөтен дүниеге кезіккенде, шытырманға шыңдап киліккеніңді мойындайсың. Өйткені, Абайдан «черновик» қалған жоқ. Абайдан қалғаны — екі томдық таза текст. Мәңгі екі томдық Абай! Зерттеледі, ашылады, ашылған жұмбақтан қилы сауал тағы туындайды... Бірақ, өкініштісі — ақынның творчестволық лабораториясына ешқашан дендеп ене алмайтынымыз осы бастан айқын. Оның шеберлігі туралы білігіміз ешуақытта толық болмайды. (Бір жақсысы — бұл енді әдебиетші-зерттеушілердің ғана қайғысы). Қалың романдарын әлденеше мәрте көшіріп, өңдеген Толстойды бәрі біледі. Абаймен бастас ұлылардың қолжазбасы шым-шытырық шимайға толы. Петрарка негізгі «Жыр кітабын» тоғыз қайтара түзеткен... Мысал көп. Бірақ, кейбір аудармалары болмаса, шағын өлең, жеке шумақтың, тіпті жалғыз жолдың екі нұсқасын қалдырған Абайды білмейміз. Сыр ұшығын ұстатар болмашы дерек, ілік іздеп, жұқалтаң естеліктерді сүзесің: Абай... жазып тастай береді екен... Бір жазғанына қайтып оралмайды екен... Кейін айтады екен: «қайта жазсам, жақсырақ жазар едім» деп. «Күңіреңгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде, көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» (Тұрағұл). Бізге жеткен күңгірт куәліктердің ұзын-ырғасы — осы. Рас, шығармашылық психологиясына меңзер құнды мағлұматтар. Әйтсе де, «Сен мені не етесің» тәрізді мазмұн, сөз өрнегі, композициялық құрылымы күрделі дүние жаңағыдай күңіреніп отырып, бір деммен жазып тастаған өлеңге ұқсай ма?

Осы арада, кемеңгер интуиция деген ұғым, айқын парасаттан санасыз түйсіктің жүз есе ақылды, көреген шығатын сәттері туралы мысалдар ойға оралады. Ақыл әкетпеген тылсымның бар құбылысын жай отындай жарқ етіп, бір-ақ сәтте көз алдыңа тосатын мезеттік шабыт құдіретіне, шығармашылық интуиция роліне өз өнерінің сырын көп бақылаған Гете қатты мән бергені еске түседі. Сөз жоқ, данышпан түйсіктің Абай өлеңіндегі орны да ерекше. Бірақ, мәселенің түйіні" мұнымен шешіле қоймайтын сияқты. Мәселен, осы өлеңді толайымен интуицияның, ессіз түйсік, еркін шабыттың кездейсоқ жемісі деп қарайтын болсақ, онда шумақ, тармақ, ұйқас жүйесінің соншалық күрделі қисыны және ғажап дәлдігі нені айтады? Әрине, шығармашылықтың сыры — тылсым, шабыттың шарты — болжаусыз. Дегенмен, өлеңдегі қым-қиғаш жан арпалысының, ретсіз сезім аласапыранының белгілі жүйе, қатаң тәртіппен берілуі, ыстық жүрек, салқын ақылдың бұл дәрежедегі биік те тосын келісімі — тек шеберлік деген ұғыммен түсіндірілсе керек. Ұшқыр шабыт пен шығармашылық саналы қажыр, парасатты ізденістің қуатты тоғысы жаратқан кемел келісім деп танылса дұрыс. Мазмұн тұтқасында сезім стихиясын, ой ағынын ірікпей, алдынан арна тартып, жетелеп жүйеге салып, нысанаға тура бастап келе жатқан «суық мұз — ақыл зерек» тұр. Өнерде жүйесіздік болмайды, сезім күйзелісі үстіндегі адам жанының қайшылықты сапырылысынан бүтін мазмұн, поэтикалық тұтастық сомдау — сол өнерді жаратқан тұлғаның кемел шеберлігіне де айғақ. Дәстүрлі пішін, тұр аясында жаңа сөз айту әбден мүмкін нәрсе. Бірақ зор дарын оны қанағат тұта бермейді, бөтен өріс, соны қиыр іздейді. «Сен мені не етесің»— соның айқын бір куәсі.

Лирикалық мазмұнның көп астарлы, алуан үнді полифониялық түзілімі, сезім драмасының шегіне жеткен ширығысы, көркемдік-психологиялық тұрғыдағы қапысыз өрілімі бұл өлеңді лирика тарихындағы айтулы құбылыстың бірі деп тануға кепілдік береді.

Музыка туралы сөйлеудің ең ұтымды тәсілі – үндемей-ақ, қою деген сөз бар. Табиғаты сол музыкамен орайлас лирика туралы пікір толғауға ниет қылған кісіге де осы ақылды ойда ұстаудың еш артықтығы жоқ. Жан қайшылығына мұншалық терең бойлаған Абай өлеңінің сазында да жүрек зарын жүрекпен ғана ұғар тылсым тұстар, ақылға аңғарусыз, түйсікке түсінікті құпия сәттер көп-ақ. Көңіліміздегі көрікті ойдық қағазға түскен жүдеу сұлбасы соның жүзден бірін жеткізе алмағаны анық. Тәкен Әлімқұловтың сөзімен айтқанда, «бұны түсіндіруге тіл қысқа», бұл өлеңнің «сыры, сыны, шеберлігі өзінде». Әйтсе де, жұмбаққа, шешусізге ынтық, таным олжасынан дәмелі пенденің мен де бірдеңе айтсам деген зор кеуде талабына тосқау жоқ, ұлы құбылысты біз де өзімізше зерделеп көрсек, білсек деген әурешілік хақысына шек қойылмаған. Әр қазаққа, шама-шарқынша, Абай тану – мұрат, абайлық өріске талпыну — парыз. Еншімізге бұйырған ең үлкен сый да — осы...

Тұрсынжан Шапай

1995 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар