Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Талғат Ешенұлы. Мен терезеден жұмақты көрдім......

23.02.2018 9350

Талғат Ешенұлы. Мен терезеден жұмақты көрдім...

Талғат Ешенұлы. Мен терезеден жұмақты көрдім... - adebiportal.kz

"Төр" әдеби клубының келесі отырысында Талғат Ешенұлы мен Қалқаман Саринның өлеңдері талқыланады. Осыған байланысты, бүгін назарларыңызға Талғат Ешенұлының бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта Қалқаман Саринның өлеңдері де порталға жарияланады.

"Төр" әдеби клубының келесі отырысының нақты уақыты порталымызда қосымша хабарланады.

НИЦШЕ ЖЫЛАҒАН

Көзімді аштым іңірде:

«Не енді?» дедім іңгәлап.

«Кел енді...» деді өмір де,

Иткөйлегімді жұлмалап.

Қара сирақтан ұстап ап,

Қарын шашымды сыпырды.

Тағдыр дейтұғын ұстара-ақ,

Таз кепеш қылып бітірді.

Қалғанда жалғыз жағада,

Кіндігім қылдай суырылып,

Жаубүйрек болып табада

Жатты ғой жаным қуырылып.

Қуырылып отқа талай рет,

Жатқанда жаным шырылдап,

Сұрамады ешкім «Қалай?» деп,

Жыламады ешкім шуылдап.

Сұрауым жоқ-ау...

Расында,

Жіберген біреу жоқ қылып –

Алла тебетін басымды,

Адамдар тепсе доп қылып.

Қабірге шашса шашудай,

Қу сүйегімнің тозаңын –

Тозақты шошытатындай

Өмірді сүріп, азабым...

Осы ма, кешкен дәуренім?

Келдім де бекер қайттым ба?

«Күнәм болса кеш, сау болың...»

Деп бәріне қош айттым да,

Көзімді жұмдым азанда:

«Не енді?..» дедім мұзданып.

«...Сол енді» деді ажал да

Бір түрлі ыңғайсызданып.

БАУЫРҒА ХАТ

Уа, бауырым!

Қобдалық,

тәшкендік һәм өлгейлік!

Қазақтың бір баласы

Тілдей осы қағазға

Датын жазды көлдей қып.

Алтайдай зор еңселім!

Жарық күнде жау тиіп, жаттан құқай көрсе елім,

Құйысқаным көтерілсе,

Суырылар деп қынынан

Ес тұтатын семсерім!

Қара орманым!

Телегей көк теңізім!

Абадандай атамның,

Алтын құрсақты анамның

Махаббатынан жаратылған егізім!

Тілін тығып ауызына,

Ділін тығып бауырына,

Сары майдай сақтап отырған негізім!

Қонысы екі жарылған,

Өріс-оты тарылған

Байтағым!

Шалдарының ет жүрегі елжіреп,

Балаларының тұлымшағы желбіреп,

Атажұртқа қашан, қалай қайтарын

Кім біледі?

Соқыр, мылқау, керең болса ұлығым,

Арызымды кімге барып айтамын?..

Қамаудағы қасқыр боп,

Сағынышың тасқын боп,

Сен де жүрсің,

Қанша рет

Қара түнде Қажытайдай қашқың кеп.

Мен де жүрмін,

Қанша рет

Қара түнде есігімді аштым кеп –

Жалғыз қара көрінсе емірене құшағыма басқым кеп.

Сен ол жақта көзің жасқа тұнып бір,

Мен бұл жақта көкірегім ұлып бір,

Қарға адымда қауыша алмай отырмыз –

Шекарада құлып тұр.

Уа, бауырым!

Кілт төресі - жүректегі кілт бұл.

Ашылмайтын есікті топсасымен жұлып кір!

Қара басың қанды сайда қалса да –

Емшектегі баланы ел шетіне іліктір!

Мойынымызға заман салған сынақ бұл,

Бір жауабын біз ғана таба алатын сұрақ бұл:

Қуат қылсаң – өз еліңді қуат қыл,

Суат қылсаң – өз жеріңді суат қыл.

Жыласаң да, күлсең де

Отаныңда жылап, күл!

Қара басың қанды сайда қалса да –

Ұлды жеткіз –

«Алла жар» деп артынан жүгеніңді лақтыр!

Сенің басың – ноқталы,

Менің басым – оқ-дәрі:

Ұлы дала оянып, ақ таңымның атқаны,

Ұл-қызымның шұрқырасып жатқаны,

Астананың жымың қаққан оттары,

Масайраған, маужыраған шақтары –

Бәрі-бәрі қуантады,

Қорқытады нақ тағы.

Шаңырағымда қырық рулы ұлыс бар,

Қазақстан көгерсе екен деп тілеп,

Зар қып жүрген жоқ бәрі.

Жұртты көріп маңайдағы бүлінген,

Ұлтты көріп өз жанынан түңілген,

Сен қорқасың айырылам деп тілімнен,

Айырылам деп ділімнен.

Ол қорқыныш қорқыныш па,

Мен қорқам:

Айырылам ба деп елден мына түріммен!

Бәрін қазақ көтерген,

Бәріне де еті өлген:

Қайыр күтпей біреуден я бүгіннен,

Қысылғанда Құдайына ғана жүгінген.

Тек мемлекетімнің болашағынан қорқамын –

Әрнеге бір жалтақтап,

Әркімге бір жүгірген.

Уа, бауырым!

Менің жаным, сенің жаның тегіннен

Бабаларымның қан мен тері төгілген,

Аналарымның жас пен сүті төгілген

Жерұйықты сақтау үшін

Қарызға ғана берілген:

Қарыс сүйем жерімізден айырылсақ,

Бізге ұжмақ бола алмайды өмір де,

Бізге жаза бола алмайды өлім де!

Уа, бауырым!

Қобдалық,

тәшкендік һәм өлгейлік!

Қазақтың бір баласы

Тілдей осы қағазға

Датын жазды көлдей қып.

Әуелден-ақ тағдырымыз алағай да бұлағай,

Сен ешкімге қарамай,

Ештеңеге қарамай,

Көшің түзе!

Бұқараңды баста, кел.

Азаппен кел, тозақпен кел,

Қаш та кел,

Ұрым-Қырым ас та кел.

Көшің түзе!

Күтпесе де ұлығы,

Көзі төрт боп тосқан ел.

Көрсек – бірге,

Туған елдің тойында

Бостандықтың шәрбат дәмін татайық.

Өлсек – бірге,

Туған жердің сайында

құшағымыз ажырамай жатайық!

АЛМАТЫ ВОКЗАЛЫ

Алматы вокзалы.

Жол – тарау, терісайырық.

Түн.

Шойын рельстер тыншыған.

Тыншыған дүниенің көкірегін қарс айырып,

перронда ән айтты бір сыған.

Ән айтты бір сыған, көңілімді босатты –

аққудың дауысы сыңсыған.

Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық жас ақты,

жас деймін, өртеген мұң шығар?!

Өртеген мұң шығар – жанымның у-балы,

бөлісіп ішуге кім шыдар?

Кім шыдар, ойладым мен өзің туралы,

кімді ойлап тұр екен бұл сыған?

Алматы вокзалы.

Жол – тарау, терісайырық.

Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.

…Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,

беу, ғұмыр, бір күні тыншығар.

ДЕ ЖА ВЮ

Жаңбырлы күз жеткен кезде

жолығыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –

жас па, әлде, жаңбыр ма?

Жаңбырлы күз жеткен кезде

Айырылыстық, тағдыр ма?

Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде –

жас па, әлде, жаңбыр ма?

Өрекпіген өтті кез де,

Жас құрғаған, жаңбыр да...

Бірдеңе мөлт етті көзде,

бұл не тағы, тағдыр ма?!

КӨКТЕМСІЗ...

Иірімнен күлкі үйіріп,

дір ете қалып, толқындап,

үзіле бере құйылып,

рауандай ойнап, жарқылдап –

әйнекке қонған мөп-мөлдір,

гүл мойынына ілінген

моншақтарынан көктемнің

сізді көрдім ғой бүгін мен!

Тоңазып түнгі жаңбырдан,

көктемгі шықты таң

ата теріп жүр екем, қалдырған

сіз екен деймін, о, ботам!

Терезедегі лағыл шық,

бәйшешектегі лағыл шық –

жан нұрыменен шағылысып,

таңымнан әр кез табылшы!

Қараймын көкке мейірмен,

мөлдір аспанның әні – сіз.

Қараймын жерге мейірмен,

мөлдірегеннің бәрі – сіз.

Сізге айналып кетті енді

дүние мынау, не қылам ?..

Сіз деп ағады көктемгі

көзімнің тамшылары да!

ІҢІРДЕГІ КӨЛЕҢКЕҢ ДЕ ӘДЕМІ

Іңірде,

Күн мен түннің қауышқанда әлемі,

жан рахаты тыныштықпен табысар.

Тіршіліктің бір сәтке ұмытылып әлегі,

Құс жолымен әуелеп бір ән ұшар.

Бұл не деген таусылмайтын таңғажайып ән еді,

төзіміңді тауысар?!.

Іңірде,

Көк пердені жел тербетіп, әрәдік,

терезеден нұр құйылса гүлзарға.

Көрінуші ең, көңілді демде мәре-сәре қып.

Өмірімнің өлеңі –

көлеңкеңнен танитынмын мен сені.

Сенің, тіпті, іңірдегі көлеңкең де әдемі!

Іңірде,

кіріп келе жатар ең,

тәкаппарлық елшісіндей паң басып;

дидарыңда еркелік пен күміс күлкі алмасып;

шәй көйлегің ат жалындай төгіліп,

балғын денең хош иісті бір жұпарға көміліп...

Мен тұрар ем алдыңда

сағыныш пен құштарлықтың нөсеріне шомылып.

Іңірде,

отырмын мен бүгін де

оты – биші білте шамның түбінде.

Құс жолындағы ән тербеген сезіммен,

терезеге сурет салып көзіммен.

Терезеде – сол сурет –

аумай қапты өзіңнен.

Тіршіліктің ұмыттырып әлегін

уататындай сол мені,

үңіліп ем, гүлзар жақтан әдемі

бір көлеңке көлбеді.

...Бұл не деген таусылмайтын

таңғажайып ән еді!

Бұл не деген таусылмайтын

таңғажайып ән еді!

ЕСТЕЛІКТЕР

Естеліктер – көктемді ойлап құса толы өміріңді ұзарту;

естеліктер – өткен жаз бен қайтқан қаз һәм кеткен жар;

естеліктер – ләззаты мол азаптарға құмарту,

неткен у бұл, неткен бал?!

Естеліктер – ақыр соңы батар күндей,

көлеңкедей жоғалар,

тамызықтап жанған аспан астындағы сенделу;

естеліктер – шыр-шыр етіп көкірегіңді паналар сағынышпен емделу;

Естеліктер – уақыт пен сезіміңнің тұтқынынан шыға алмау;

естеліктер – той, қуаныш, мұң, өкініш, үрей, кек;

естеліктер жүрегімнің күл-паршасын шығарды-ау,

уатқандай шыны әйнек!

ТҮНГІ НОВЕЛЛА

Қытықтайды мазақтап,

самсаған шам жымыңы.

Шақырады ләззатқа

Алматының іңірі.

Таңды ұрады таңдарға

үкі-жандар,

кафелерде, барларда

шөлмектерден күлкі аулап.

Біз де сондай екенбіз,

елеуреген екі ерке!

Әңгіме айттық екеуміз,

әлди айтты бөтелке.

Сіз айтасыз:

- Бәрі мас!

- Мастыққа жын ереді.

- Жалғыздық ше ?

- Ол, рас, мұңға сүйрей береді.

Мен айтамын:

- Бір сәттік ләззат құны – төсекте!

Сіз құптайсыз:

- Бұл шаттық - әзәзіл, не десек те...

Қысықкөз шам сығырайып,

білтесінде түн еріп,

сіз қаласыз мұңайып,

мен қаламын түнеріп.

Толқиды әуен талайсыз,

тағдыры боп талайдың.

Терезеге қарайсыз,

терезеге қараймын.

Көз бен әлем – көктүнек,

тағы шарап алғыздық.

Жүрек төрін тепкілеп,

твист билейді жалғыздық.

Жақындайсыз абайсыз,

құшағыма ораймын.

Көкжиекке қарайсыз,

көкжиекке қараймын.

Бода-бодасы шығып,

Ай боздайды – сыңарсыз.

Біреуді жан ұшырып,

сіз де іздейтін шығарсыз.

Мен де өңімде, түсімде

іздеп жүрем – мәңгіге

жалғыз қалмау үшін де.

...Айтыңызшы әңгіме!

ТАБИҒАТТЫҢ БАЛАЛАРЫ

Аспақ едім оң қолымды

жұп-жұмыр ақ төсіңе,

жанарыңмен таңқалулы

қарадың да тесіле.

Солқ-солқ етіп жылай бердің,

сосын жаспен тазарып,

құшағыма құлай бердің –

ысып, суып, бозарып.

Көңілдегің, көзіңдегің –

өрекпіген, өпкенің.

Құмарлықтан үзілгенің –

әнтек дір-дір еткенің.

Әлің құрып, көз ілгенің –

бір рахат күй шеккенің.

Гүлдеп тәнің, сезімдерің,

гүл боп неге кетпедің!

...Жамалыңды бүркеп, қызық,

керілдің де, көсіле,

оң қолыңды сылқ еткізіп

аса салдың төсіме.

СІЗГЕ. 1-ӨЛЕҢ

Қойылмаған сауалдар,

алынбаған жауаптар,

яғни, ұялшақтық қып-қызыл,

самарқаулық тәкаппар

белгілі де белгісіздеу себеппен,

күнде, кейде кенеттен

құлазыған тағдырымызды астаң-кестең еткенде,

ауыр әрі аяулы бір мұң кештік.

…Музыкаға елігіп,

Менің осыны айтқым келген.

Тыңдамайсыз, тынасыз.

Көлеңкеңізге ашына сізді ырықсыз түсінем,

сіздікі де дұрыс шығар.

сезім ақыл емес қой,

махаббатта ақыл жоқ!

Ал, менің айтпақ болғандағым –

бәйшешектей армандарым,

бәлкім, менікінің бәрі сонда,

білместік?

Расында ойласам ше,

оралмайтын іңкәрліктер қызыққа,

құштарлықтар ерлікке;

сүйілмеген еріндер мен биленбеген вальстер;

уәдесі мол кештер болсын,

жетпей қалған уақыт та,

жалпы,

«осы естеліктер – өткір пышақ тәрізді»

мыңға мәнсіз,

кімге ыстық?

Бірақ бар ғой,

күзді ұзатқан тырналардың әнінен;

көктем иісі бұрқыраған бұлттардан;

әр қыз сыйлаған әдеміліктен,

әдемілік боп жеген үміттен;

тосу мен айырылысудан;

қашу мен сағыныштан;

тағы, тағы, тағысынан

жерініп жүріп, бәрібір,

жеті ішектің қоңыраулағанындай

тапсам дейсің үндестік!

…Музыкаға елігіп,

сіздің де осыны айтқыңыз келетіндей.

СІЗГЕ. 2-ӨЛЕҢ

Сізді ұмыту - өзімді өзім ұмыту.

Айтыңызшы, бір күн де

сізге деген ықыласымды суыту –

ұмытумен, мүмкін бе?

Сізді іздемеу – сағыныштан жаңылу.

Өлеңдерімді оқырсыз:

менікі шын жақсылықты сағыну –

пәлсапасыз, ақылсыз.

Сізді сүймеу – сұлулыққа табынбау;

қу дүниені көшпелі талақ ету,

талайыма бағынбау –

жарығымның өшкені.

Сізді көрмеу – айырылу жанардан.

Қайтіп қана шыдармын?!

Мен бе, түбі, осы ойлардан сан алуан

жынданатын шығармын.

СІЗГЕ. 3-ӨЛЕҢ

Сізбен бірге жүрген уақыттың

мөлдіреген тамшыдай,

жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын

үлбіреген шәлідей жүрегіме орап,

жан адамға көрсетпей тығып қойғам.

Жалғыз қалсам жан адамға білдірмей

соны ғана алданыш қып отырар едім.

Қара мақпал түннің жанарындай

айдың сәулесіне,

шам жарығына ойнатып,

шашу етіп шашар едім:

түнгі қала аспанындағы көңілді фейерверк пе;

теңіз табанындағы отты тетра балықтарының салтанат биі ме;

ұста балғасының астындағы шоқ ұшқындары ма;

сіздің шәйі көйлегіңіздің етегін көмкерген жылтырақ әшекейлер ме?..

Әйтеуір, әлем нұрға шоматын.

Сол сәттегі лүпілдеген жүректің халін айтсаңызшы:

сыған гитарының әуезді ішек күйіндей ме;

бұлбұлдың көмейіндегі нәзік бүлкілдей ме;

гүлмен ойнаған көбелек қанатының тербелісіндей ме;

сіздің қас қағысыңыздай ма?..

Әйтеуір, әлемді ән тербейтін.

...Сізбен бірге жүрген уақыттың мөлдіреген тамшыдай,

жәудіреген ботаның көзіндей моншақтарын,

әлі де, үлбіреген шәлідей жүрегіме орап,

аялап сақтап жүрмін.

Жан адамға көрсетпеймін.

Жан адамға білдірмеймін.

Тек өзіңіз келсеңіз көрсетем.

Тек өзіңіз келсеңіз білдірем.

МИЛОСТА ТУҒАН ВЕНЕРА

«Ақ мәрмәрден қашалған тәңірінің сұлбасы».

Тәңірі сонда...

Қашаннан,

тәңірі сонда ұрғашы?!

Еркелік кернеп бойыңды,

қарайсың әнтек үзіле.

Сені кім қолдан айырды,

қолы жетпестің бірі ме?

Жаныңды жеген ойыңды,

байлайсың үнсіз тіліңе.

Сені кім тілден айырды,

тілі жетпестің бірі ме?

Не мөлдіреген көзіңде,

жүзіңе тұнған мың сұрау?

Тәкаппарлығыңды сезімге

жеңдіргің келмей тұрсың-ау.

Міндет пе, бірақ айтылу,

сөзден де биік бар құдай.

Адамға бұйырмайтұғын

тәңірі мінез паңдық-ай!

Қалайша ойлап тапқамыз:

тәңірінің сұлбасы –

жұп-жұмсақ қана ақ бәдіз,

нәп-нәзік қана ұрғашы.

БЕТХОВЕН. «АЙ СОНАТАСЫ»

Елегзітпесін ессіз түн,

«Ай сонатасын» қой, панам:

өмір өзгеше айтар сыр,

өмір өзгеше айтар ән;

адыра қалар сөз бен тіл,

арыда ойын-той қалар;

төменнен қара Жер қарар,

төбеңнен сары Ай қарар;

қоңыр қонжықтай бұлттардан

қоңырдан қоңыр ой тамар;

шам жарығынан дене ысып,

құс қанатынан бой тоңар;

әп-сәтте уыз сезімің

ақ жұмыртқадай шайқалар;

жалпыдан қалған көңілің

жалқы қалғаннан жай табар –

Қайтадан, тағы қайтадан,

«Ай сонатасын» қой, панам!

ВИВАЛЬДИ. МЕЗГІЛ ЭЛЕГИЯСЫ

Қысқы бұрқасын сағыздай созған түндердің

тасбақа күйі – кеудемде.

Тас төбеме әкеп

Айды шалқадан ілген кім,

тағы да бір түн келген бе?

Қар астындағы көктемді күткен гүлдердің

сағыныштары – бойымда.

Сәуір туды ғой, сағынтып мені жүрген кім,

салғызып сарыуайымға?

Жазғы бақтағы жалғызаяқты сүрлеудің

саяқ тағдыры – басымда.

Кімнің соқпағы қайда бастарын білген кім?

Досың ба өмір, қасың ба?

Күзгі жел үзген жапырақтардай күндердің

шарасыздығы – көзімде.

Ту сыртымдағы айнадан сылқ-сылқ күлген кім?

Уақыт па?

Уақыт өзім бе?

ТҮН БОЛСА ҒОЙ

Ұнатпаймын күнді онша.

Түн болса ғой.

Түн болса –

Алматыға қарайлап,

Айға іңкәр жұлдыздарша.

Ұясына күн қонса,

Алматыда түн болса.

Өзіңменен бір болса,

Ай сәулесі сынғанша.

Қара мақпал түн болса,

Қара көздер нұрланса.

Көктөбеге мың барса,

Шолпан жұлдыз туғанша.

Сүлік қара түн болса,

Шымбұлаққа мың барса,

Сүлік қара көліктің

Қос өкпесі тынғанша.

Мөлдір қара түн болса,

Махаббаттан уланса.

Беу, өтеді-ау бұл шақ та,

Көзді ашып-жұмғанша.

...Сен де ұнатпай күнді онша,

Сарғаярсың түн болса –

Астанаға қарайлап,

Айға іңкәр жұлдыздарша.

ҚАЛА ЖӘНЕ БІЗ

Біз танысқан қаланың

Оты өшіп қалған ба?

Біз табысқан жатақтың

Шамы сөніп қалған ба?

Бізді қосқан тағдырдың,

Адасқан ба жолдары?

Біз түсетін бұрышта

Аялдама болмады.

Бізге бауыр Көктөбе

Жат болуға таяпты.

Соқпақтары бөтенсіп,

Шала берді аяқты.

Жел ұйтқыды, жас талдай

Жан-жүйкемді жұлып бір:

Біз кіретін кафенің

Есігінде құлып тұр.

Бұлт бүркіді көз жасын,

Көзім жасқа тұнып тұр:

Біз жүретін гүлзардың

Орындықтары сынық кіл.

Біз білетін көшенің

Аты да жоқ бұрынғы.

Біз ғой, күттік неше жыл,

Осы жермен жүруді.

Қалыппыз-ау, екеуміз

Естеліксіз, қаласыз.

Алматыға бөтенбіз,

Ал, тағдырға – шарасыз.

ҰЛЫ ҚАЛАДАҒЫ БЛЮЗ

Ұлы қаласың.

Алматы – ұлы қаласың.

Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,

Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін –

Бір сиқырыңмен өзіңе бұрып аласың.

Көктөбең көкке шаншылып,

Кеңсай мен кенттің –

Пәни мен бақи дүниенің тіліп арасын,

Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,

Уақыттың зымыранына мініп ағасың.

Ұлы қаласың.

Алматы – ұлы қаласың.

Есігі мәңгі жабылмас вокзалдарыңда,

Есігін тарс қып пойыздар қозғалғанында,

Көз бен көңілде мөлтілдеп тұрып аласың.

Зәуде бір жаныңмен жоқ іздеп, көшеге шықсаң –

Ағылған көп пен көліктің бірі ғанасың.

«Жетім бұрышта» абайсыз ұмыт қалдырған

Жолаушы өмірдің арзанқол жүгі ғанасың.

Шулы қаласың.

Алматы – мұңлы қаласың.

Алаңдарыңда тоққызыл таңдар атқанда,

Құлқынсәріден қу тірлік жанға батқанда,

Арпалыстырған жаныңның улы жарасын

Сездірткің келмей ешкімге, білдірткің келмей,

Өзіңдей жұртпен бір жылап, бір қуанасың.

Түнгі қаласың.

Алматы – мейрам қаласың.

Алқара түні жатқанда шамсыз керіліп,

Саясат, қызмет, барлығы мәнсіз көрініп,

Тауға да тасқа соғылар қайран да басың.

Кедей еңбегін бұлдаған, байлар бағасын,

Мәйхана тектес үйлерде мейман боласың.

Ғапыл дүниені ұмытып, кафе-барларда

Таныс, бейтаныс жандармен жайнаң қағасың.

Неткен қаласың?

Алматы, неткен қаласың?

Біреуден мүлде алыстап кеткен қаласың,

Біреудің қолы енді әрең жеткен қаласың.

Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,

Әп-сәтте ақпан, әп-сәтте көктем боласың.

Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,

Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін

Кең құшағына сыйғызған тек сен ғанасың!

ӨЗІҢЕ ТЕЛЕФОН СОҒАРДА

Өзіңе телефон соғарда,

Ой, Алла,

Жанымды қоярға

Жер таппай,

Қорқақтай

Беремін.

Теремін

Нөмірді саусағым дірілдеп.

Дірілдеп,

Жұлып жеп

Өзімді.

Айтатын сөзімді

Жұтам да,

Үндемей уақыт ұтам да,

Тұтығам.

Құтылам –

Телефонды өшірем.

Осы мен

Жынданған шығармын.

Өйткені, күмәнді:

Не барын?

Несіне телефон соғамын?

Несіне өшірем?

Несіне

Айыққан адамдай күнәдан,

Алмасаң қуанам

Жанымды қоярға

Жер таппай?

Ой, Алла!..

ӨЗІҢЕ

Қарашығы көзімнің.

Сен ғой менің өзімнің

Көз тамшымнан жаралғансың,

Оралғансың солай маған екінші бір ғұмыр боп.

Бар қымбатым сен ғанасың,

Сенен басқа түгім жоқ.

Өлеңіне алданған,

Өрлігіне малданған

Тағдырымның мойынына тұмарым

боп байландың.

Менің мұңсыз күндеріме жол болған,

Тұмарым сол,

Қаз үніңнің дірілінен айналдым!

Сен болмасаң нәрестенің хәлін кешем демде мен

Көңілімнің бесігін,

Өмірімнің бесігін

Сен тербедің, сен жұбатып салдың ән.

Менің жарты жүрегім сенің әзіз кеудеңде,

Сен тоқтама, сен өмір сүр, сен қуан!

ӨЗІҢСІЗ БІРТҮРЛІ

Өзіңсіз біртүрлі,

Бояусыз мына өмір, ақылдым:

Қып-қызыл мың күнді

сарғая-сарғая батырдым;

Қап-қара мың түнді

Көкпеңбек сияға матырдым;

Қоңыр мұң күлкімді

Ұрлады.

Жазуға отырдым.

Ақ қағаз жыртылды,

Қу тартып боз таңды атырдым.

Өзіңсіз біртүрлі,

Бояусыз мына өмір, ақылдым!

СОЛ СӘУЛЕМ

Үп еткен ерке желім,

Мөлт еткен лағыл жасым,

жалт еткен жарық сәулем –

Сол сен ғой!

Көңілім желбірейді,

Жанарым мөлдірейді,

Жүрегім елжірейді.

Келсең ғой!

Қызғалдақ гүлдегенде,

Шырғанақ бүрлегенде,

Сен келсең бірде, егер де –

Құлдығың болсам мен.

Көңілім желбіремейді,

Жанарым мөлдіремейді,

Жүрегім елжіремейді.

Келмейді-ау, сол сәулем.

МЕН ТЕРЕЗЕДЕН ЖҰМАҚТЫ КӨРДІМ

Мен терезеден жұмақты көрдім,

Жұмақты көрдім кәдімгі.

Жағасында екен құрақты көлдің,

Жан-жағы алтын адырлы.

Жазира дала, алма бақ, айдын,

Жемісі жұпар не түрлі.

Кәдімгі біздің Тарбағатайдың

Көкорай белі секілді.

Сүтті жаңбыры себелеп, көнбей,

Гауһардай көктен шашылар.

Гүлі қанатты көбелектердей –

Мың сан бояумен ашылар.

Аспаны бұлтсыз.

Шуақ, шұғыла.

Топырағы – күміс тостаған.

Терезе алдына жұмақты мына,

Тәңірі ме, әкеп тастаған?

Самалы әке алақанындай,

Саямды енді таптым мен.

Балпаңдап қаздың балапанындай,

Анама бара жаттым мен.

Нұрға шомылып, гүлге көміліп

Отырған әзиз жандарға

Қосылмақ едім, дүр көтеріліп,

Ұшты да кетті аңғарға.

Төбемнен пейіш құстарын көрдім,

Көңілді, көркем, бір керім.

Адамның құс боп ұшқанын көрдім,

Құстың адамша күлгенін.

Оны да көрдім – сауықшыл қауым,

Жазбай таныдым – ақындар!

Періштелердің қауырсындарын

Көкпеңбек көлге матырған.

Жүректерінің алтын ұшқынын

Түнекке жай қып атқандар.

Пәниде таппай жан тыныштығын,

Бақида байыз тапқандар.

Нұрға шомылып, гүлге көміліп

Отырған әзиз жандарға

Қосылмақ едім, дүр көтеріліп,

Олар да ұшты аңғарға.

Шіркін-ай, сәтке жақындар болса,

Жете алмай жылап, күлдім мен.

Ол жақта анам, ақындар болса,

Бұл жақта не істеп жүрмін мен?

Мен терезеден...

«Бәйтерек» екен,

Солқылдап жатыр самайым.

Жұмысқа әлі ертерек екен,

Қой, аздап мызғып алайын.

ТАҒДЫР САПАРЫ

Тағдырым кейде жат,

Әй бір,

Жетім ботадай боздайды.

Кейде енді жанған от,

Әй бір,

Өртеніп кете жаздайды.

Боздағандағы жасымен

Өрт мінезімді өшірем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

Иідің, кейде қатайдың,

Сапарың жайсыз, зор қандай –

Аякөз бен Тарбағатайдың

Арасындағы жолдардай.

Иісең әндей есілем,

Қатсаң қайыстай кесілем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

Сапардың бар ма, тұрағы?

Естеліктерің зіл қандай –

Алыста, Алматыдағы

Жатақта қалған жылдардай.

Әр нәрсе түсіп есіме,

Әр нүктеге бір тесілем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

Шын, кейде өзі түндей бір,

Күндей бір, таңды шат қылған.

...Беймезгіл шақта кімдер бұл,

От алып тағы кеп тұрған?

Сенсің бе, тағдыр?

Досым ең,

Қайтем, бәрін де кешірем.

Жалқы ғұмырды несіне

Жетімсіретем осы мен!

ӘТКЕНШЕК

Әңгіме

– Айтшы, қайда сияды, арда басың?

– Пенде әлсіз ғой: жоққа – зар, барға – масыл.

– Бақ басым ба өмірде, сор ма басым?

– Қайыры жоқ, тұрлауы болмағасын.

– Байлық бақыт емес қой?

– Жарымағасын,

Жұбаныш қып жел сөзді малданасың.

– Сыйластық ше?

Меніңше, бар бағасы.

– Сатулы көңіліңнің жарнамасы.

– Махаббатты айт.

Тек жоқ деп қорламашы.

– Бар деп жүрміз, даулы жәйт ол да расы.

– Сонда шын не?

– Өтірік.

– Алдамашы...

– Пенде сол ғой: жоққа – зар, барға – масыл,

Айтшы, қайда сияды арда басың?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар