Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.10.2021 5150

Тәуелсіздік хроникасы. 1995 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 1995 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1995 жылдың рухани хроникасы

Осы жыл – Хакім Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай Абай жылы болып жарияланды. Абай жылында Қазақстан Республикасының рухани өмірінде мынандай үлкенді-кішілі жаңалықтар болып өтті.

9 қаңтар. Қазақстан Жазушылар одағында қазақтың тұңғыш романист қызы – Сара Мыңжасарованың туғанына 70 жыл толуын атап өтті. Жаңа жыл қарсаңында жазушы әріптестері – жазушылар мен журналистер, шығармашыл жастар мен оқырмандары мерейтойымен құттықтады. Сара Мыңжасарова қазақ, орыс тілдерінде бірдей жазатын талантты жазушы. Қаламгердің «Қар қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» сынды романдары өз уақытында қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген шығармалар.

10 қаңтар. Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты дайындық және өткізілу бойынша мерейтой комиссиясының кеңейтілген мәжілісі өткізілді. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жүргізді.

13 қаңтар. Алматыда аса көрнекті мемлекет қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Халықаралық Қонаев атындағы қор үйінде Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» және «От Сталина до Горбачева» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

20 қаңтар. Қазақстан Жазушылар одағының Мәжіліс залында Алматы қалалық әкімшілік пен Республикалық Бауыржан Момышұлы қорының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 50 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, даңқты қолбасшы, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының әскери-теориялық мұрасы және қазіргі заман тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

23 ақпан. Әлемнің рухани орталықтарының бірі болып саналатын Лондон қаласында, жазушы Роллан Сейсембаевтың бастамасымен, ақынның 150 жылдық мерейтойына орай Абай үйі ашылды.

5 сәуір. КСРО Халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі және бас дирижері Нұрғиса Тілендиевтің 70 жасқа толуына арналған салтанатты кеш Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.

24 сәуір. Атақты партизан, белгілі майдангер жазушы Қасым Қайсеновке Халық Қаһарманы – Ұлттық батыр атағы берілді.

9 мамыр. Республика сарайында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жарты ғасырлық торқалы тойына арналған салтанатты жиналыс болды. Жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – халықтың өшпес ерлігі» деген тақырыпта баяндама жасады.

10 маусым. Халықаралық «Дидар Қазақстан» журналының бірінші номері жарыққа шықты.

19 маусым. Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы мәдениет күндері аясында Бейжіңде Абай күндері өтті. Осы күні Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту аясында кешенді мерекелік шаралар жалғасын тапты.

26 маусым. Алматыда Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті.

28 шілде. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында қырғыздың әйгілі Манас эпосының 1000 жылдығына арналған салтанатты кеш болып, оған Қазақстан және Қырғызстан республикаларының айтулы өнер шеберлері қатысты. Заманында ғалым Шоқан Уәлиханов зерттеген, Кеңес уақытында эпостың басына күн туғанда академик Мұхтар Әуезов араша түскен «Манас» дастаны бауырлас қырғыз-қазақ достығының мәңгілік ескерткішіндей киелі қазына. Екі ел арасындағы осындай мәдени ауыс-күйіс күні бүгінге дейін тарқаған емес. Ғасырлар бойына жалғаса беретіні анық.

9 тамыз. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойының ресми басталғанына орай, Алматыда салтанатты жиналыс өтті. Осы жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Абай туралы сөз» атты тарихи баяндамасын жасады. Елбасы баяндамасын «Бүгін – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиналып отыр»,- деген ақжарма көңілмен бастады. Елбасының Абай жолы – бізді жеті қараңғы түнде адастырмас темір қазығымыздай даңғыл жолымыз, жарық жұлдызымыз деген қанатты сөзі де осы баяндамада айтылып, ел ішіне кеңінен тарап кетті. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл баяндамасы сол жылы «Рауан» баспасынан «Абай туралы сөз» деген атпен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, жеке кітап болып шықты.

Осыдан соң Хакім Абайдың мерейтойы ақынның туған жері Семейде жалғасын тапты. Жидебай шатқалында Абай мен Шәкерім кесенелерінің ашылу салтанаты болды. Салтанатты іс-шараға ЮНЕСКО Бас директоры Ф. Майор, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған қазақтың барша зиялылар мен өнер жұлдыздары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты бас қосудың соңы аламан айтысқа, ат бәйгесіне, ұлттық ойындар мен балуандар күресі сияқты неше алуан мәдени іс-шараларға ұласып мерейтойдың көрігін онан сайын қыздырды.

Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтой құрметіне орай «Абай» атты екі сериалды көркем фильм түсірілді. Фильм Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының желісіне құрылған. Абайдың жастық шағы мен есею жылдары арқау болған. Фильмнің қоюшы режиссері - Ардақ Әмірқұлов, сценарий авторлары: А.Әмірқұлов, Л.Ақынжанова, А.Баранов, С.Апрымов. Әдеби кеңесшісі - Әбіш Кекілбаев, бас оператор - Ә.Сүлеев, композиторлары Қуат Шілдебаев пен Бекболат Тілеухан. Бас суретшісі Ө.Шманов болып бекітіледі. «Абай» фильмінің басты рөлдерін Тұңғышбай Жаманқұлов, Ғ.Тұрықбаев, Б.Римова сынды еліміздің хас шебер әктерлері сомдайды. «Абай» фильмі күні бүгінге дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленген, қазақ кино тарихында өз орыны бар, абайтануға қосылған айтулы көркем туынды ретінде ұлт руханиятының қазығына айналып отыр.

Хакімнің 150 жылдық мерейтойына орай атқарылған жүйелі жұмыстың бірі – «Абай» энциклопедиясының жарық көруі. Ол «Атамұра» баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Энциклопедияда ақынның тұтас өмірі мен шығармашылығы, ақын шәкірттері мен балалары, ұрпақтары, Абайға тікелей де, жанамалай да қатысы бар барлық деректер мен құжаттар жинақталған. Осы кітапты шығаруға еліміздегі көрнекті ғалымдар мен абайтанушылар, шет елдегі қазақ зиялылары да бір кісідей ат салысқан. Энциклопедияның негізгі авторлары мен шығарушыларының бір тобы – Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметов, Рәбиға Сыздықова, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды ғалымдар тобына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген.

10 тамыз. Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы орталығында осы өңірдің от ауыз, орақ тілді перезенті, Тәуке ханның кемеңгер ақылшысы, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі жетекшілерінің бірі Қаз дауысты Қазыбек биге қоладан ескерткіш қойылды.

3 қараша. Республика күніне орай Көкшетау қаласында жаңа облыстық қазақ драма театры тұңғыш маусымын ұлы Абай туралы спектакльмен ашты. Әсем безендірілген сахнада Алматы театр-көркемөнер институтының түлектері режиссер Бақытжан Шормановтың жетекшілік етуімен ұлы Абай бейнесін, оның өмір сүрген ортасының белді кейіпкерлерін сомдап шықты.

24 қараша. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев түркі тілді әлемдегі белгілі қоғам және дін қайраткері Халифа Алтайды қабылдады. Халифа Алтай мемлекет басшысына өзі қазақ тіліне аударып, бастырып шығарған мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранның бір данасын тарту етті. Осы күні, Шымкент қаласында осыдан мың жыл бұрын ғұмыр кешкен ұлы ойшыл, кемеңгер, адамзаттың екінші ойшылы Әбунасыр әл-Фарабиге жаңа ескерткіш тұрғызылды. Ескерткіш авторы – Республикамыздың еңбек сіңірген мүсіншісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сіргебаев. Қара граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі – 4 м 20 см, салмағы – 4,5 тонна.

12 желтоқсан. Қазақтың айтулы аймаңдай ақындары Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевке «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ берілді.

18 желтоқсан. Алматы қаласының Абай алаңындағы «Арман» кинотеатрында «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Қыз Жібек» көркем фильмінің 25 жылдығына арналған кеш өтті.

23 желтоқсан. «Қазақфильм» киностудиясы ұлы ақын Жамбыл Жабайұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Жамбылдың жастық шағы» атты көркемсуретті картина түсірді. Басты рөлде белгілі айтыс ақыны, жас түлек Мұхаметжан Тазабеков ойнады. Қойылымның режиссері – Қ.Қасымбеков болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар