Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» өз оқырмандарына ұсынып келе жатқан «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльдің бүгінгі кезегі 2002 жылға келіп жетіп отыр. 2002 Жылқы жылы Қазақстан тәуелсіздігіне он бір жыл толды.
2002 жылдың рухани хроникасы
Қазақстан Республикасының 2002 жылы жүріп өткен тарихи жолындағы айтулы рухани, мәдени, әдеби жаңалықтар мен оқиғалар ретінде мыналар таңдалды:
21 ақпан. Мемлекет басшысы Қазақстанның шығрмашыл зиялы қауымы өкілдерін қабылдады. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, әйгілі әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиев шетелдік қазақтардың балаларын музыкаға үйрету үшін Астана қаласында мәдени орталық ашу туралы өзінің жоспарларымен бөлісті. Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қазақстандық әдебиеттің жағдайы туралы, жаңа есімдер мен жақын және алыс шетел жазушыларымен шығармашылық қарым-қатынас туралы таныстырып, пікір алмасты.
22 ақпан. Мемлекет басшысының №814-Жарлығымен Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметіне тағайындалды.
25 ақпан. Мемлекет басшысы Абай атындағы Опера және балет академиялық театрының солисі, Қазақстан Республикасының Еібек сіңірген әртісі, әнші Майра Мұхамедқызын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушысы Дүкенбай Досжанды қабылдап, шығармашылық иелерімен өнер, руханият жөнінде әңгімелесті.
21 қыркүйек. Қазақ хандығының соңғы ханы, қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы Кенесары Қасымұлының 200 жылдығы Көкшетауда салтанатты түрде атап өтілді. Салтанатты жиынға қатысқан мемлекет басшысы: «Кенесарыға лайықты баға бере отырып, оның саяси мұрасынан, көрегендігі мен жеңілістерінен сабақ ала отырып, аруақтар алдында жауапкершілік сезіммен және ұрпақтарымыздың жадында сақтау үшін оның атын ешбір күмәнсіз «ұлттың даңқ қабырғасына» жазу қажет», - деп атап көрсетті.
26 қыркүйек. Көне Тараз қаласының 2000 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. «Мерейтойдың ЮНЕСКО аясында аталуы – біз үшін үлкен ғанибет. Тараздың басты тағылымы да міне осында жатыр. Тараз төңірегіндегі және онымен тағдырлас қалаларда, ғажайып қуатты рухани орта болғаны баршаға аян», - деп атап көрсетті, салтанатты жиынды азып сөз сөйлеген мемлекет басшысы.
23 қазан. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті. Оған әлемнің қырық елінен 400-ден астам делегат келіп қатысты. Құрылтай тәуелсіз Қазақстанның іргесі нығая түскенінің анық куәсі болды. Бұл кезең шетелдердегі қандастардың тағдырына шынайы алаңдайтын айтулы кезең болды. Аталған құрылтайда «Шетелдегі отандастарға қолдау көрсету туралы» 2003-2007 жылдарға арналған мемлекеттік жобасы талқыланды.
30 қазан. Мемлекет басшысы әйгілі ақын, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманованы қабылдап, 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтады. Кездесу барысында әдебиетті дамыту, оның қоғамның рухани өміріндегі рөлі, әдеби мұражай ашу, қазақстандық жазушылардың шығармаларын шетел тілдеріне аудару және басқа да мәселелер талқыланды.
2002 жыл – Қазақстандағы денсаулық жылы
Ұлттың саулығы – мемлекеттің байлығы екендігі белгілі. Сондықтан да «2002 жыл – Денсаулық жылы» деп жарияланды. Денсаулық жылы деп жариялануының өзі Қазақстандағы десаулық сақтау саласындағы күрделі жағдайлар мен оларды шешуге бағытталған қадам болды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі күніне орай екі жылда бір рет тапрысылып отыратын Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік ең жоғарғы марапат – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы 2002 жылы «Аңсау» жыр жинағы үшін ақын Марфуға Айтхожинаға, «Жаза» романы үшін жазушы Әкім Таразиге, «Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін ақын Нұрлан Оразалинге, «Қорқыттың көрі» жыр жинағы үшін ақын Иранбек Оразбаевқа, Алтын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін сыншы Зейнолла Серікқалиға берілді.
2002 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығы ел көлемінде салтанатты түрде атап өтілді. ҚР Үкіметі құрған арнайы бағдарлама аясында эпостың академиялық басылымын дайындау, шығару; «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» және түркі әлемі» конференциясын өткізу,мектептер мен арнайы, жоғары оқу орындарында, кітапханаларда,ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, ескерткішті және оған дейінгі жолды жөндеуден өткізу т.б. игі істер атқарылған.
2002 жылы Қазақстан мен Орта Азия жастарының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті жетекшісі, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы, ағартушы-демократ, қоғам қайраткері – Ғани Мұратбаевтың туғанына 100 жыл толуы республика көлемінде атап өтілді. Қайраткердің туған жері Қазалыда салтанатты мереке болып өтті.
2002 жылы әйгілі күйші Қали Жантілеуовтің (1902-1970), халық ақыны Ғабдиман Игенсартовтың (1902-1962), ақын, журналист Ғалым Малдыбаевтың (1901-1982), Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафиннің (1902-1985), Қазақстанның халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары атап өтілді. Мемлекет басшысының жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысындағы Целинный ауданы Ғабит Мүсірепов ауданы болып аталды.
2002 жылы ақын, журналист Аманхан Әлімұлы, әдебиеттанушы ғалым Балтабай Әбдіғазиев, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, танымал режиссер Болат Атабаев, композитор, термеші Донеділ Қажымов, жазушы, журналист Жабал Ерғалиев, танымал актриса Лидия Кәденова, белгілі әнші Мәпиямгүл Төлегенова, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, жазушы Қуаныш Жиенбай, танымал әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбек, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы Әлия Бөпежанова, ақын, жазушы Өтеген Оралбаев қатарлы бір топ танымал тұлғалар елуге толды.
2002 жылы Қазақстан үшін саяси-экономикалық тұрғыда табысты жыл болды. Осы жылы Өзбекстанмен мемлекеттік шекара делимитациялау туралы келісімге қол қойылды. Ресей Федерациясымен шекараның 80 пайызын делимитациялау аяқталды. Бұл – рухани, мәдени, әдеби жаңалықтармен қатар, ел ел ертеңінің алаңсыз да жарқын болуы жолындағы зор нәтиже болатын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.