Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

03.11.2021 5155

Тәуелсіздік хроникасы. 2003 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2003 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын салтанатты түрде атап өтетін қуанышты сәт те жақындап келе жатыр. Отыз жыл ауқымында еліміздің жүріп өткен жолы – қызығы мен қиындығы араласқан қилы тарих. «Әдебиет порталы» интернет-жобасы «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді бағдарлама арқылы әр жылдары Қазақстанның рухани өміріндегі елеулі оқиғалар мен айтулы даталарды ел жадында жаңғыртуда. Бүгінгі кезек 2003 жылға келіп отыр.

2003 жыл – Қой жылы. Қазақ халқы қашаннан Қой жылын құт пен берекеге толы жыл болады деп сенген. Шынымен де 2003 жылда тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында жағымды жаңалықтар молынан болғанын көреміз. 2003 жыл – Қазақстан үшін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы күрделі құрылымдық-институционалды реформалардың аяқталып, үдемелі экономикалық өсудің басталуына қол жеткізген жылы болды. Осы жылы Қазақстан ТМД елдері арасында ішкі жалпы өнімнің өсімі жағынан Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. Экономиканың барлық салаларында өндірістік өсу байқалды. Дағдарыс қарқыны бәсеңдеп, теңге тұрақталды, еліміздің алтын валюта қоры айтарлықтай өсті. Қазақстанның ірі халықаралық бастамалары әлемдік аренада жас мемлекетті танытып, беделін арттыра түсті. Бұл өз кезегінде елдегі руханиятты дамытуға үлкен мүмкіндік тудырды.

2003 жылдың рухани хроникасы

5 қаңтар. Мемлекет басшысының шешімімен бір топ қаламгерлерге Қазақстанның әдебиет және өнер қайраткерлеріне берілетін 2002 жылғы Президенттік стипендиясы берілді. Олардың қатарында жазушы Қасым Қайсенов, Сафуан Шәймерденов, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, әнші Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, театр және кино әртістері Әмина Өмірзақова, Юрий Померанцев, Кәукен Кенжетаев, композитор Еркеғали Рахмадиев, Базарбай Жұманиязов, суретші Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев, мүсінші Хакімжан Наурызбаев, балерина Раушан Байсейітовалар бар.

6 ақпан. Қазақстан журналистерінің ІІ Конгресі өтті.

11 ақпан. Мемлекет басшысы КСРО Халық әртісі, композитор Еркеғали Рахмадиевті қабылдап, онымен танымал композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 90 жыл толуына орай мерекелік шаралардың дайындығы мәселелерін талқылады.

4 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Аталған жолдауда «2002-2006 жылдарға арналған Мәдени мұра» бағдарламасы туралы айтты: «Руханият пен білім беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде биыл бірқатар ауқымды жобалардың басын қосатын «Мәдени мұра» арнаулы орта мерзімді бағдарламасын әзірлеп, іске асыруға кірісуді ұсынамын», - делінген аталған құжатта.

8 сәуір. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының халық әртісі, сазгер Шамғон Қажығалиевті қабылдады. Ол Еуразия халық аспаптары оркестірін құру туралы жоспарларымен бөлісті.

23 сәуір. Алматы қласында «Ұлы жібек жолымен» атты ІІ Халықаралық кітап және полиграфиялық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Азия, Еуропа және Американың 12 елінен 140-қа жуық компанияссы, баспалары, полиграфиялық бірлестіктер мен кітап сату фирмалары қатысты.

4 қыркүйек. Атырау қаласында халық ақыны, Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің рухани жетекшісі Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай мерейтойлық шара басталды. 2003 жылы 14 қыркүйекте Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында "Исатай-Махамбет" сәулеттік-мемориалды кешені ашылды.

2003-2005 жылдар Қазақстанда «Ауылды қолдау жылдары» аталды.

2003 жылы «Азия дауысы» халықаралық музыка фестивалі «Медеу» мұзайдынының күрделі жөндеуден өтуіне байланысты, Алматыдағы «Республика сарайында» өтті. Фестивальдің жеңімпазы Қытайдан келген әнші Сюи Янь болды.

2003 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енгізілді.

2003 жылы бір топ белгілі қаламгерлер мен өнер адамдарының 100 жылдығы атап өтілді.

1. Александр Бек (1903-1972). Жазушының «Волоколамск тас жолы» («Арпалыс») атты романының басты кейіпкері – Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлы).

2. Нұрхан Ахметбеков (1903-1963). Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков «Қарға», «Есім сері», «Қамарлы заман», «Албан Жұпар ханым», «Амангелді» дастандарын жазған.

3. Сәрсен Аманжолов (1903-1958). Көрнекті филолог ғалымның «Қазақ фольклоры», «Қазақ тілінің грамматикасы» т.б. еңбектері жарық көрген.

4. Фатима Ғабитова (1903-1963). Әдебиеттанушы, ұстаз Фатима Ғабитова қазақ қаламгерлерінің туындыларын сақтап жеткізуші. 2010 жылы Майра Жанұзақованың құрастыруымен «Фатима» атты кітап жарық көрген.

2003 жылы ердің жасы елуге келген қаламгерлер.

Арасанбай Естен – жазушы, журналист

Арон Атабек – ақын, журналист

Бақыт Қайырбеков – ақын, режиссер

Биқұмар Кәмалашұлы – жазушы, этнограф

Кенжеғали Мыржықбай – опера әншісі

Есенқұл Жақыпбек – ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі

Еркін Нұразхан – белгілі суретші.

Серік Байхонов – жазушы, журналист

Төкен Әлжантегі – ақын, жазушы, әуеқой композитор

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – қазақ поэзиясына тың леп әкелген танымал ақын,

Әмзе Қалмырзаев – ақын, журналист

2003 жылы - Қазақстан заңнамаларын ізіглендірудің де жарқын жыл болғанын атап өткен жөн. "Өлім жазасына мораторий енгізу туралы" ҚР Президентінің Жарлығы шықты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар