Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.
2018 жылдың рухани хроникасы
Абай Құнанбайұлының туғанына – 173 жыл
2018 жылы ұлтымыздың бас ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, реформатор Абай Құнанбайұлының туғанына 173 жыл толуына орай ел көлемінде елеулі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық идеологиямызға ұстын болып отырған Абай ғақылиясы – жаңа заман ұрпақтарына да жол ашар жарық жұлдыз іспетті.
Тәуелсіздік декларациясының қабылданғанына – 28 жыл
Ұлтымыздың ғасырлар бойына жалғасқан бостандық жолындағы көтерілістерінің нәтижесінде еліміз осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткізді. Ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалып, батырларымыздың қанымен, аналарымыздың жасымен келген тәуелсіздікке бүгінгі ұрғын-ұрпағы куә болды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылы лебін сездірген, тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз болған тарихи құжат – Егемендік туралы декларация. 1990 жылы 25 қазанда бекітілген бұл Декларация бойынша Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына – 23 жыл
Егемен еліміздің бүгіні мен ертеңіне халықтың сенімін нығайтып, мақсат-мұратымызды айқындаушы – Ата Заңымыз. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған ел Конституциясы қазақстандықтардың құқықтың мәртебесін, саяси-экономикалық құрылыстың негіздерін белгілейді.
2018 жылы еліміздегі альпинизм тарихының жылнамасына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Мақсұт Жұмаевтың Эверест шыңын екінші мәрте бағындыруы енді. Мақсұт пен оның командасы әлемнің ең асқар шыңын, биіктігі теңіз деңгейінен 8850 метрді құрайтын нүктені 18 мамыр күні бағындырды. Мақсұт Эверестке 2007 жылы солтүстік жағынан көтерілген болса, бұл жолы оңтүстік тұсынан бағындырды.
2018 жылы өзіндік сүрлеу салып, ұлт өнерінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар мен әнші-сазгерлер, руханиятымызға өлшеусіз үлес қосушы ғалымдар елуге толды. Олардың ішінде, ақын Білісбек Әбдіразақ, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, дәстүрлі әнші Жанар Айжанова, театр әртісі Азамат Махмұтұлы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, актер Нұрлыбек Жұбатқан, қазақстандық биші, балетмейстер Хадиша Ағымбаевалар бар.
2018 жылы бірқатар ақын-жазушы, күйші-сазгерлердің жүз жылдығы тойланды. Олардың қатарында жазушы Ісләм Жарылғапов, Жамаладдин Босақов, сазгер Садық Кәрімбаев, күйші Төлеген Момбековтер бар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.