Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.12.2021 4770

Тәуелсіздік хроникасы. 2021 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2021 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне орай «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің «Әдебиет порталы» ғаламторлық жобасы ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» айдары өз мәресіне жетті. Егемендіктің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды тәуелсіздігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртсақ, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынсақ деген тілек-ниетіміз орындалып жатса, қуаныштымыз құрметті оқырман! Айдарымыздың соңғы шығарылымында 2021 жылға табан тіреп отырмыз.

2021 жылдың рухани хроникасы

2021 жылы Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміздің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталып, осы жылы саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыруға бұйрық берді. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Ел басшысы экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтып, былай деді:

«Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек».

Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл.

2021 жылы қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанынат 180 жыл толды.

Ұлтымыздан шыққан тұңғыш ағартушы ұстаздарымыздың бірі, Ыбырай Алтынсарин қазақ баласының білім алуы үшін бар ғұмырын сарп еткен болмысы ірі қайраткер. 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүние есігін ашқан ұлт ұстазы әкесінен ерте айырылып, атасы белгілі Балқожа Жаңбыршин бидің қолында тәрбиеленген. Жасынан білімге құмартып, кейін Орынбордағы жоғары оқу орнына қабылданады. Сол жылдары Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып, В.В Григорьевпен жақын танысады. Білімге ынтық Ыбырай Алтынсарин студенттік жылдардағы бос уақытының бәрін де кітапханада өткізіп, білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманның жолында жанкештілікке барған. Сіңірген білімін өз ұлтының мүддесі жолында жұмсауға талпынған. Соның нәтижесінде қазақтың қанша қара көз қызы мен ұлы сауат ашып, қаріп танып «Қазақ хрестоматиясымен» сусындаған.

Әлихан Бөкейханұлының туғанына – 155 жыл.

2021 жылы көрнекті қоғам қайраткері, Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, қазақтың 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханұлының туғанына 155 жыл толды. Қайраткердік мерейтойы ел көлемінде ұлықталды

Әлімхан Ермековтің туғанына – 130 жыл.

2021 жылы 1891 жылы бұрынғы Семей губерниясы, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы уезі, Ақтоғай ауданында туған Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің туғанына 130 жыл толды. Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының териториясын жанкештілікпен қорғап, 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің құрылтайында баяндама жасайды. Онда ол Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді атап өтіп, Кеңес үкіметінің озбыр отаршылдық ниетімен тартып алынған жерлерді ашық әшкерелеп, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарып берілген.

Қайым Мұхаммедхановтың туғанына – 105 жыл.

2021 жылы қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым Қайым Мұхаммедхановхановтың туғанына 105 жыл толды.

Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл.

2021 жылы Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған лирик, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы мемлекет көлемінде тойланды. Биылғы жылы ақиық ақынның трагедиясы мен өмірінің соңғы жылдары баяндалған «Мұқағали» көркем фильмі жарық көрді. Фильмнің режиссері Болат Қалымбетов кинотуындыны түсіру үшін он бес жылын сарп еткен. Сценарийін жазған қазақ әдебиетіне танымал қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек.

2021 жылы « «Әдебиет» номинациясы бойынша ақын Сәрсенхан Батырхан Бөріханұлы мен Ахмер Біржан Ермекұлы «Дарын» сыйлығының иегері атанды.

2021 жылғы әдеби жыл қорытындысы бойынша Мамырбаева Ділдарға «Бала. Робот.Вирус» атты балаларға арналған кітабы үшін; Дүйсенбин Пернебайға «Жұмбақ жұлдыз сәулесі», «Бал дәуреннің бұлтсыз аспаны» атты 2 том шығармалар жинағы үшін; Сабыр Адайға «Нәзира» поэзиялық кітабы үшін; Нұржан Светқалиға «Жұлдыздардың жұпары» поэзиялық кітабы үшін; Қайранбаев Қуатқа «Көңілдің қоңырауы» поэзиялық кітабы үшін; Алдияр Бақытжанға «Ақпарақ» поэзиялық кітабы үшін; Құттымұратұлы Қазыбекке «Армантау» поэзиялық кітабы үшін; Қасенов Дәуренге «Ішке жұтқан көз жасым» поэзиялық кітабы үшін; Алаштуған Ержанға «Жалғыз аспан» поэзиялық кітабы үшін; Медеуова Биғайшаға «Күнге қолын созған қалалар» поэзиялық кітабы үшін; Нәріков Айтқалиға «Жойқын жылдар жаңғырығы» поэзиялық кітабы үшін; Қалиев Серікке «Жасынның оты» поэзиялық кітабы үшін; Амантай Дидарға «Борхестің кітабы» шығармашылық жинағы үшін; Мұқаш Құлтөлеуге «Салбурын» прозалық кітабы үшін; Зекенұлы Тұрсынханға «Аттила» тарихи романы үшін; Зейнеп Ахметоваға «Бабалар аманаты» кітабы үшін; Сейсенұлы Дәулетке «Ер қазақ» атты деректі кітабы үшін халықаралық «Алаш» сыйлықтары табысталды.

2021 жылы өзіндік сүрлеу салып, ұлт өнерінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар мен әнші-сазгерлер, руханиятымызға өлшеусіз үлес қосушы ғалымдар елуге толды. Олардың ішінде кинорежиссер Ақан Сатаев, кино және театр әртісі Бақыт Әліпбаева, Дулыға Ақмолда, журналист Бейсен Құранбек, Дархан Әбдік, опера әншісі Талғат Пердебекұлы, қобызшы Гүлнәр Қабашевалар бар.

2021 жылы бірқатар ақын-жазушы, күйші-сазгерлердің жүз жылдығы тойланды. Олардың қатарында ақын Есенғали Бөкенбаев, Қажыәкпар Имашев, жазушы Тұрсынхан Әбдірахманова, сазгер Қапан Мусиннің, күйші Қибатдолда Жұмафиұлы бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар