Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тегеурінді де «тентек» топқа самалалы сезім бояуын...

07.03.2019 5710

Тегеурінді де «тентек» топқа самалалы сезім бояуын қосқан лирик

Тегеурінді де «тентек» топқа самалалы сезім бояуын қосқан лирик - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, жаны нәзік лирик ақын Ибрагим Исаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ол туралы ойда жүрген көңіл жазбаларын қағазға түсірген сәт.

1974 жылдың желтоқсан айында сол кездегі Шымкент облысының Кентау қаласында республика жас ақындарының фестивалі өткен еді. Біз екі жас ақын – Мырзағали Іңірбаев екеуіміз осы бас қосуға Маңғыстау облысынан бардық. Екеуіміз де облыстық газеттің тілшілері болатынбыз. Барсақ қонақ үй де, бас қосу өтетін Кеншілер сарайы да гу-гу әңгіме, әзіл-қалжың, төгілген жыр, өрілген сыр болып думанға бөгіп жатыр екен. Жас ақындарды оншақты топқа бөліп, топ жетекшілігіне атақты ақын ағаларымыз Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әбдікәрім Ахметов, Аян Нысаналин, Дүйсенбек Қанатбаевтар бекітіліпті. Мен Сағи Жиенбаевтың тобына түстім.

Ибрагим Исаев анасы және отбасымен, 1976 жыл

Зал фойэсіне кіре бергенім сол еді, «Әй, киік, бері кел, ағаларыңмен амандас» деген дауыс саңқ ете түсті. Сөз маған арналған сияқты болғасын бұрылып қарасам, даусы гүрілдеп, көзі күлімдеп маған қарай аяғын сараңдау басқан Иранбек Оразбаевты тани кеттім. Өлеңнің буы мен көңілдің дуы қатар көтеріп, дикторлық даусы холлды жаңғыртқан Иранбектің жанында тұрған Ибрагим мені көріп, шапшаң қимылдап келіп, құшағына алды. «Мен сендерді таныстырайын деп тұрсам, сендер таныс екенсіңдер ғой» деп Ирекеңнің үні сәл жұмсарғандай болды. «Әрине, таныспыз, бұл менің Өтеген бауырым ғой» деді Ибрагим жүзінен нұр төгіле қарап.

Иранбек көкемнің мені «әй, киік» деуінде мән бар еді. Студент кезімде «Жалын» альманағына суретіммен өлеңдерім шыққан, соның ішінде «Қайта оралыңдар, киіктер» деген жырым бар болатын. Иранбек соны меңзеп тұр. Өлеңім көңілінен шыққанын түсіндім. «Бұл Маңғыстаудың киігі» деп Ибрагим оны қостап жымиып қойды. Мен Ибрагиммен содан бір жыл бұрын «Жалынға» өлеңдерім шыққанда танысып, сырласып, аға-інідей болып кеткенбіз.

Ибрагим Исаевтің совет армиясында әскери борыш өтеп жүрген кезі, 1968 жыл

Сол кезде ол маған өзінің «Алтын сырға» деген алғашқы жыр жинағына қолтаңба жазып берген-ді. Кітабын Маңғыстауға ала кеткенмін. Барғасын бастан-аяқ оқып шығып, Ибрагимге хат-рецензия жазып жібердім. Оны оқып, көңілінен шыққанын айтып, ол да маған жылы жауап жазған. Осылайша арамызда достық пейіл, аға-інілік ізгі қарым-қатынас орнаған. Мен оның өлеңдерін ғана емес, биязы мінезін, адамға деген кішіпейіл де кіршіксіз ниетін, қиындау болған балалық шағының өзін сағынышпен еске алатынын, өзі дүниеге келген Сыр бойын жер жүзіндегі жұмақтай көретінін білгесін, жаныма жақын тарттым. Жаны жайсаң жақсы ақынды таптым. Көңілі шуақты дос таптым.

Ибрагимнің поэзиясын Сырдан соғып тұрған самалға, қырдан құбылып жеткен жамалға балаймын. Ойлы да сойлы пікірі жырының өнебойында өріліп, жаныңды тербеп, «шынында да осындай жағдай-жайттар өмірде көп кездеседі-ау» деп қосыла бас изейсің. Ол Кеңшілік, Темірхан, Жұматай, Жарасқан, Нұрлан, Иранбек, Тынышбай, Серік, Дәуітәлі бастатқан қазақ поэзиясына 70-ші жылдары келген талантты топқа өзіндік қолтаңбасымен кіретін ақын. Биязы жырдың баянын тапқан ақын. Жаухазыны жамыраған жыр әлемінің самал желмен тербеліп тұрған бір тал гүліндей ақын. Жалпы, бұл топ өздерінен бұрынғы, арғымақ шабыспен келген 60-шы жылдардың ақындарының жыр көшін одан әрі іліп әкетіп, жалауын желбіреткен жүйріктер. Ұлттың ұлы мақсатын әр алуан кеңістікте, әр алуан бояуда, әр алуан ракурста көрсетіп, руханияттың социалистік реализм құрсауында тұншыққан демін қазақтың жан дүниесіне жаңаша, жарқырата жеткізген авангардты поэтиканың энергетикалық қуатын ми мартенінде қайнатып, қайтадан құрышқа айналдырып құйып шыққан топ десек, артық айтқандық болмас. Осы топқа Ибрагимды алғаусыз қосуға болады. Ол тегеурінді де «тентек» топқа самалалы сезім бояуын қосқан лирик. Өлеңімен сырласа отырып, оқырманымен сөйлесетін ақын. Бір қызық жағдай, ол маған өлеңді екі адам болып қатар отырып жазатын ақын секілді болып көрінетіні бар. Өйткені ақын өлеңдері ылғи сырласу, мұңдасу, жанын ашу ағысында құйылады.

Ибрагим Исаев пен әйелі Әлия Балғабаева, 1970 жыл

Бір қараған адамға, әсіресе сырт көзге, ол жуас, бұйығы кейпінде көрінуі мүмкін. Кісі көңіліне қарағыш, дос көңілін абайлағыш, жат алдында жұмсақ көрінгенімен, мінез көрсетер кезде Сырдарияның жарға соққан жазғытұрымғы толқынындай болып кететіні де бар еді. «Бұл адамды жаратқанда ақын ғып, Құдайға да біткен шығар батырлық» дейтіні бар ғой Жұмекен көкемнің. Ақындық мінез қаламгерде көрінбесе, ол басқа саланың маманы болып жүрер еді. Ол өлеңге келуге тиісті ақын еді, келді, өз өрнегін тапты, өзгеге мойын созған жоқ.

Тұманбай ағасының қасында ұзақ жүргендіктен бе, әлде ежелден табиғаты солай ма, Ибрагим қай кезде де жүзінен жылы шуақ сырғанап, Тұмағаңша тебіреніп, Тұмағаңша әзілдесетін. Аға алдында қандай жағдайда да інілік ізеттен айырылмайтын, іні алдында қай кезде де ағалық асқардан көріне алатын ақын Ибрагимді еске алғанда оның маған деген ерекше ілтипаты мен қамқор көңілін елжіреп ойға аламын. Тек маған ғана емес ол барша адамға сондай адами-имани көңілмен қарайтын, саяқ жүрсе де саптан қол үзбейтін жан болатын. Ибрагим Алматының ақ жаңбыры секілді адам жанына ылғи ықылас сезімін себездеп тұратын. Былайша айтқанда, ол жан көктемінің ақыны еді. Ұзақ қыстан жалыққанда жарқ етіп келетін жазғытұрым секілді еді.

Сексенінші жылдардың ортасында екеуіміз Одақ алдында кездесіп, бір жерде ұзақтау отырып сырластық. Ол өзінің балалық шағынан сыр шертті. Әңгіменің аяғында ол маған күлімсірей қарап отырып: «Сен болашақта жазушылар одағының хатшысы боласың» деді бал ашқандай. Менің одаққа қабылданғаныма бар болғаны екі-үш жыл болған. Әрине, ол кезде одаққа хатшы болу айға қонғанмен бірдей арман. Пендешілікпен жақсы сөзге жаным жадырап қалды. Әрине, одаққа хатшы болудың сәті түспеді. Кейінгі жылдары кездесіп қалғанда: «Ыбыке, сол болжам келмей жатыр ғой», – деймін әзілдеп. Ол күлімсіреген қалпында: «Енді сол одақтың хатшылығы саған қажет пе?» – дейді менің қызметімді астарлап. «Мен аға-досымның айтқанын орындай алмадым-ау деп қысылып жүрмін», – деймін әзілге бұрып. «Қайтесің сол одақты, осы жерде жүре бер, менің інім сол жерде деп мақтанып жүрейін», – дейді риясыз көңілмен. «Саған арнап екі өлең жаздым, кітабыма шықты, шамасы оқымағансың ғой деймін», – деді бір кезде сәл өкпелегендей болып. Оқымағаным рас еді.

1997 жылы астананың ауысуына байланысты қызмет бабымен жаңа Елордаға қоныс аудардым. Әдеби орта, қаламгер қауым, бірге оқыған құрдастар, сырлас достар Алматыда қалды. Бұл бір дүние астаң-кестең, көші шұбалған, жоқ пен бар тартысқа түскен, Алматының әз табиғаты Ақмоланың аязы мен боранына ауысқан аласапыран кезең еді. Жаңа қоныстың жадағай жылдарында кітап оқудың да мұрсаты бола бермеді. Жұмыс та қайнап берді, тұрмыс та қинап көрді. Көңіл қоңылтақсып, өмір сырғақсып, өнер екінші кезекке ысырылғандай болған шақ та артта қалды, әйтеуір. Бірақ осы кезеңде ақын достың жаңа өлеңдерінен көп уақыт көз жазып қалдым.

Ибрагим туралы ойланғанымда көңіліме төрт жағдай үнемі оралады да тұрады. Біріншісі, алғашқы танысып, аға-іні болып табысқаным. Кітап алысқаным. Маңғыстауға кетерімде мені пойызға шығарып салып, туған бауыры әскерге кеткендей қинала тұрып, құшақтап: «Амандық болса, қайта орал, күтемін, бауырым», – деген сөзі. Екіншісі, 1975 жылы жазғы еңбек демалысымда Алматыға келіп, одақтың алдында екеуіміз Мұқағалимен кездесіп, астана көшесінде қолымызды сермеп тұрып бір-бір өлең оқығанымыз. Бұл жөнінде, Мұқағали туралы, «Аспантаудың ақиығы» деген мақалам «Егемен Қазақстанда» жарияланған. Оны қайталап жатпайын. Бірақ Ибрагимнің сол сәт туралы жазған мына жырынан үзінді келтіре кетейін:

Мұқағалидың жүргенмін талай қасында,

Көргенмін талай қасын да, оның досын да.

«Қарасаз» қанша ұл туса-дағы аяулы,

Әттең-ай, бірі татымайды ғой осы ұлға.

Өмірге қайтып келмейтінін білген осы ақын,

Қанбайтын шөлін ащы суменен басатын.

Түңіліп жүріп, үңіліп жүріп кеудеңе,

Сыры мен шерін өлеңге ғана ашатын...

Тек соған құйып мұң, зары менен сырларын,

Өсірді қанша өлеңнің әсем гүл бағын.

Бір кітабынан кездестіргем жоқ әлі күн,

Сыраханада оқыған ащы жырларын.

Оралбайұлы Өтеген деген ақынмен,

Бірге отырып, сондай жырларын тыңдадым.

Үшіншісі, қайбір жылы қайын жұртымның арағайындық шаруасымен Сыр еліне Ибрагимді ерте бардым. Өйткені, маңдай тіреп баратын адамды ол жақсы білетін еді. Сол сапарда оның туған жерінде болып, аунап-қунап, жақсы сәттерді бастан кешкен едік. Туған жерінде баладай қуанған ақынның сәбиге тән көңілін көрген едім. Сырдарияға түсіп, жырға да, сырға да шомылып едік. «Менің сендей жаны жұмсақ інім көп емес» деп мұңайғаны да әлі көз алдымда. «Менің де өзің сияқты жаны жұмсақ тетелес ағам көп емес» деп жұбата сөйлегенім бар.

Әнші Нұрлан Өнербаевпен бірге

Тәуелсіздік кезеңінде Ибрагим әнге мәтін жазудың соңына дендеп түсті. Баспасөзде оған тұрмыстық түйіткіл де әсер етті дегенді оқыдым. Бұл пікірмен келісу қиындау. Өйткені ақын өзі қаламаған тақырыпқа, немесе әлеуметтік тағдырға құлай беріліп бара бермейді. Ән сөздерінің поэзияның құнын түсіріп бара жатқаны, көркемдік пен образдылықтың олқы түсіп бара жатқаны, мәтін мазмұнының тайыздығы мен қарадүрсіндігі, жылауық әндердің сұрқай топаны талғам таразысын басып бара жатқаны туралы соңғы отыз жыл көлемінде қанша айтылып, жазылса да, өнерге атүсті жеңіл қарайтын әншілер мен сазгерлер бұған мән бермей-ақ келеді.

Кезінде Бәкір Тәжібаев ағамыздың ән сөздеріне жазған өлеңдерін сынаушылар болды. Бірде Бәкір ағам қызмет орныма келіп: «Өтеген-ау, мені сынаушылар аз емес, бірақ енді жиырма-отыз жылдан кейін бұлар менің сөзіме де зар болатын болады», – дегені бар. Сол уақыт келді өкінішке орай. Әнші еместер сахнаны бермейтін болды, сазгер еместер басқа шауып, төске өрледі. Жұртшылық ненің не екенін білмей адасты. Талғам тасбақаны көлік қылды, шайтани шығарманы көрік қылды, иманы кемшін инкубаторлық дүниені серік қылды. Ақын осыны білгендіктен бұл майданға ат қойды. Талай жеңіске жетті.

Ибрагимнің сөзіне жазылған әндердің бәрі дерлік көркемдікке, образға, ой мен сезімге бай болып келеді. Әнге сөз жазудың мәдениетін жақсы меңгерген он ақын болса, ол сол ондыққа ұялмай кіре алатын қаламгер. Оның «Шәмші ағасының» өзі неге тұрады. Сөзі де, сазы да (Қалдыбек Құрманәліні айтып отырмын), айтушысы да (Сәкен Қалымовты айтып отырмын) келіскен көркем дүние, көшелі шығарма. Шәмшінің адами-шығармашылық портретін сомдаған бұл жырды талантқа тағзымның озық көрінісі, рухани реквием деп бағалау ләзім. Бәріміз де Шәмшінің әндерін жақсы көреміз, айтамыз, тыңдаймыз, сонда жанымыз жазғы жаңбырдың суынан тазарғандай болады. Композиторға қойылған елеулі ескерткіштің бірі осы ән десек, оқырман олқысынбас. Дарынға дұға дерлік дәргейлі туынды.

Композитор Қуат Шілдебаев, әнші Батырхан Шүкеновпен бірге

Сөз орайында, Астанаға қоныс аударған соң Ибрагиммен жиі кездесудің реті келмеді дегенмін. Бірақ үнемі телефон арқылы хабарласып, етене сөйлесіп жүрдік. Ұзақ-ұзақ сөйлескен, сырласқан кездеріміз де болды. Соңғы жылдары жұмыс қат-қабат болып кетті де, кейде оның телефон қоңырауына жауап бере алмай қалған сәттерім де болды. Ақынның денсаулығы жиі сыр беріп, құлағы да ауырлап, телефон арқылы ұзақ сөйлесудің де реті келмей жататын. Сондай күндердің бірінде қайта-қайта телефон соқса да жауап бере алмай қалдым. «Иә, Ыбыке, не жайт бар?» – десем, «Жай, сенің даусыңды естиін дегенім», – дейді. «Онда кейін жата-жастана сөйлеселік, қол босамай жатыр», – деймін. Сәл өкпелей қабылдайды. Сеземін.

Қайтыс боларынан он-он бес күн бұрын Астанаға келді. Телефон шалды. «Иә, жай келдің бе, Ыбыке, құлағым сенде», – дедім. «Жай келдім, ешқандай шаруам жоқ, сені көргім келеді, уақытың болса қабылдашы», – деді сынық сөйлеп. Рұқсаттама беретіндерге хабарласып, ішке кіргіздім. Бұрын да болған жері ғой. «Өзің отырғанда Ақорданың ішін аралатып бір көрсетші», – деді амандық-саулықтан соң. Асықпай бар қабатты аралатып, қысқаша экскурсия жасап шықтым. Риза болды, сондай бір құмарлықпен, ынты-шынтымен аралады. «Көкеміз қайда отырады?» – деді соңынан. «Ол қабатқа шыға алмаймыз, бірақ Ибрагим келген екен ғой деп» монитордан сені көріп отырған шығар дедім әзілге сайып. Серпіліп, қуанып қалды. Баладай аңғал мінезі де бар еді. Аз-кем әңгімелесіп отырдық. «Жүрекке операция жасаттым, атақты Пяның ауруханасында жасады, Әшірбек Сығай да осында жүрегіне ота жасатқан, бірақ көп ұзамады, мен де уайымдап жүрмін, темекінің қырсығы ғой, отадан кейін тіккен жері ашылып кетіп, қайтадан тікті, жөтел маған тажал болды», – деді мұңдана сөйлеп. «Енді Алматыма қайтамын», – деді жұмсақ жымиып. Сосын қол дорбасын ашып, «Ой өлшемі» деге жыр кітабына қолтаңба жазып ұсынды. «Осы кітаптың 113-ші бетінде өзің жайлы өлеңім бар, бұл саған арналған үшінші өлеңім», – деді оқырсың деген сеніммен. Сол ұзақтау өлеңінен үзінді келтірейін:

Телефоныңды көтермегенің не,

Осы сыйласқаным жетер дегенің бе?

Теріс сөз естіп теріс қарадың ба,

Жүйкемді жұқартып бекерге менің де.

Шаршайтын күндер өте көп тегі,

Жүргем жоқ сені өкпелеткелі.

Өкпелеп жүрсең айтқым келеді:

Кінәлап жүрсің бекер-ақ мені.

Сөйлеспегенің – қош көрмегенің,

Бұзылмайды ойым достарға менің.

Сен жайлы бөтен сөз айтқан жоқ едім,

Пайғамбар жасынан асқанға дейін.

Қате таппадым. Сенімім берік,

Сыйлас ағаңнан жерідің не ғып?

Дос ағаң болып жүрсем деуші едім,

Жүрсем деуші едім серігің болып.

Ойламайды ғой сағынбаса адам,

Шертер ем сырды жаныңда болсам.

Сенің бір жылы лебізің жетпей,

Босаңсып қалды менің босағам...

Жедел сатыға шығарып салып, орныма оралдым. Есік ашық тұр еді. Қаптаған қағаздарды қарап отырып қалыппын. Біреу қарап тұрғандай болды. Басымды көтерсем есіктің жақтауына сүйеніп, маған үңіле қарап тұрған Ыбекең екен. Орнымнан ұшып тұрып жанына келдім. «Жайшылық па, Ыбыке?» – дедім мазасызданып. Әуелі өзіне тән күлімсіреген қалпына келді. «Жоқ, жоқ, бәрі дұрыс, лифтіден шығып қайта келдім, сені тағы бір рет көргім келді, бауырым, аман жүр», – деп бауырына тарта құшақтады. Толқып кеттім. Жанары жасқа толып кеткендей еді. «Жүрегіңді сақта, жыр жазуға әлі талай жылдар керек болады», – дедім қайрай сөйлеп. «Жүрек жараса...» – деді құмыға тіл қатып. Сосын арқамнан қақты да, жалт бұрылып, артына қарамастан жүріп кетті. Көзден таса болғанша соңынан қарап тұрдым.

Арада жарты ай шамасында қаралы хабары жетті. Жүрек аяулы ақынды алыс жылдарға алып жете алмады. Қазақ жырының айдынына мөлдірген бұлақ болып құйылып жатқан бір талант осылай пәниден бақиға кете барды. «Ажал деген атқан оқ» ақынның жүрегіне дәл тиді. Жақсы адам еді, жақсы ақын еді, жақсы ағам еді. Енді ақын Ибрагим Исаев туралы өткен шақпен әңгіме айтатынымыз көңілді құлазытады. Рухы шат болсын аға-досымның. Жырларының жүрегі ауырмасын.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Суреттер ақынның отбасылық архивінен


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар