Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Темірбек Қожакеев: Мағжанның мұң-зары...

12.02.2016 3879

Темірбек Қожакеев: Мағжанның мұң-зары

Темірбек Қожакеев: Мағжанның мұң-зары - adebiportal.kz


Темірбек Қожакеев.jpg


Ж.Аймауытов «Мағжан қандай ақын?» деп сұрау қояды да, ол «сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген, нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті ақын» деп жауап береді. Бұл рас. Мағжан мұрасы – тұнып тұрған мұң-зар. Ол мұң-зардың әрқилы түрі бар. Әр түрдің өзіндік сыры бар.


«Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп Мағжан он жеті жасынан-ақ ата-ананы, туған жерді тастап, жолға шыққан. Оқу іздеп, өнер қуып, қиянға құлаш ұрған... Сарыарқаның саяғы болып, қазақ сахарасында ерсіл-қарсылы сар желген. Қайда жүрсе де елін, жерін, жұрт-жұрағатын жадынан шығармаған. Ата-анасын асқақ бағалап, ардақтаған. Соларға деген шексіз сүйіспеншілігі, перзенттік сағынышы, санаменен сарғайған көңіл-күйі ақын аузынан мұң-зар болып бір құйылған.


Табиғат ағынды ақынға жазғы түннің қоңыр самал желіндей, жанға жайлы, жүрекке жылы, жұпар иісті лептей төгілген жыр беріп қана қоймаған, әрі өзіне келісті кескін берген. Оған мөлдіреп тұрған, сүйкімді сұлулар үйір келген, «махаббатсыз дүние бос» деп Абай атасының айтқанына құлақ қойған Мағжан да «Іздегенге - сұраған» болған. Мұны автоэпиграммасында:



Қайда Мағжан,

Мағжан мынау:

Көрсе әйел

Көзі жоқ ол,

Көбелек, - деп өзі айтқан. Осы бозбалалық «базарындағы» сәттілік пен сәтсіздіктер жүрек қылын тербеп, ақын көңілінен махаббат мұң-шері болып екі құйылған.


«Жақсының артынан сөз ілеседі, жаманның артынан шөп ілеседі» дегендей, жалынды жырдан, махаббатты сырдан, табиғи нұрдан аузы салымды, әркез алымды ақын көре алмағандардың іштарлығын тудырған, қызғаныш сезімін оятқан. Азаматты ақсатуды арман еткендер табылған. «Іші күйгендер тұз жаламаған», бұл арам ниет жолында барын аямаған, өтірік те айтқан, өсек те таратқан, жала да жапқан. Асқақ ақынның ағын қара деген, сауын «жара» деген, ұлтын сүйгені үшін ұлтшылсың, Түркістан, Тұранды жырлағаны үшін түрікшілсің деген. «Бардың нарқын білейік» дегені үшін байшылсың, өр мінез көрсеткені үшін өзімшілсің деп кінәлаған. Айдарынан жел ескен айтулы ақынға алуан-алуан «атақ» таққан. Осындай қиялай тартқан қыңырлық пен қиястыққа қатты қиналған ақынның кейіс-налысы оның «ызалы жүрек, долы қолынан», жаралы жанынан мұң-зар боп үш құйылған.


Ешкімге тәуелсіз, еркін де еңселі ел болуды аңсаған қазақтың ескі оқыған, ардагер азаматтары патша өкіметінің ойраншыл, озбыр саясатының соққысын өз бастарынан өткізді, аз халықтарды жаулап ал, арын да барын да аяққа басқанын көздерімен көрді. Сондықтан да патша өкіметіне, оның отаршылдық езгісіне өлердей өш болды. Сол ашу-ыза, өшпенділігін олар Совет өкіметінің алғашқы жылдарында да қоя алмады, ұмыта алмады. Кешегі кеудеге мініп, қос өкпеге тепкілеген патша отаршылдары да – орыс, бүгінгі билей бастаған большевиктер де – орыс, бәрі – бір орыс деп біліп, теріс бағыт ұстап, қате пікірлерге де ұрынды. Сол аласапыран заманда не болып, не қойғанын, кім кетіп, кім келіп жатқанын аңғара алмай, тұманда басты ойға да, қырға да ұрып қателескендердің қатарында Мағжан да болды. Кейін осы адасуын да бетіне салық қып, оны тұқыртпақ болғандар көп табылды. Мұндайда Мағжан «жаздым, жаңылдым» деп жайын айтты, халқынан ғапу өтінді.


Осы орайдағы оның «Жан сырымды түсінсеңдерші, жан дауысымды естісеңдерші!» деп өтінген жалынышты үні абзал ақынды «аһ» ұрғызып, оның «улы сиясынан» мұң-зар боп төрт құйылды. Бұл уақытқа дейін сол жанын жегідей жеген өсек-жалаларға Мағжанның өз кезегінде қалай қарап, не дегені, ол жөнінде халқына қалай мұңын шағып, нендей өтініш-тілек еткені еш кез арнайы айтылған емес. Біз бүгін кезінде ақын жанын күйзелткен, жүрегін қарс айырып күңіренткен, көңіліне қаяу салып, қасірет шектірген кейбір тарихи тың деректерді келтіріп, осы орайдағы ақынның мұң-зарына оқырмандар құлағын қойдырмақпыз.


Мағжан шығармаларының соңғы 1989 жылғы жинағында «1924 жылдың 24-ші ноябрі күні, Москвада оқитын қазақ жастарының жиналысы өтіп, онда Мағжанның өлеңдер жинағы талқыланады... Осы кезден бастап Қаз АПП басшылары Мағжанға қарсы ұйымдасқан түрде шабуыл бастайды» (397 бет) деп жазылған. Шындығында, Мағжанға қарсы науқан одан көп бұрын ашылған еді. 1922-24 жылдары ол Ташкентте тұрып, тынысы тарылмас, кең құлашты, қарпуы мол дархан дарын иесі, дүлдүл ақын екенін танытты. С.Қожановтың қолдауымен өлеңдер жинағын шығарды. «Түркістан», «Ескі Түркістан», «Еділде», «Еділдің сағасында», «Қоңыр жыр», «Қызыл жалау» сияқты жыр жақұттарын жариялады. Ақынның кемеліне келіп, шығармашылық өрлеуін көре алмаған күншілдер сол тұста-ақ, жыр жүйрігінің әрбір аяқ алысын аңдыды. Мүлт кетіп қателессе, қалт жібермеді. Қателеспесе, жабысуға жем бермесе, «тырнақ астынан кір іздеді», түк таппаса, жала жапты. Бірер дәлел келтірейік.


Ташкенттегі «Ақ жол» газетінде ақынның «Жылқышы» атты жыры жарияланды. Ол алты ай қысқа үй көрмей, бел шешпей, қар жамылып, мұз жастанып, мұртына мұздақ қатып, мал соңында жүретін жылқышының ауыр бейнетін танытатын татымды жыр еді. Ақ борандарда ығып кетіп, қайыру бермей алды барып құласа, артына да бірінен соң бірі құлап өлетін жылқы әдетін білетін жылқышының мұндай да малдың бетін қауіпсіз жаққа бұрам деп жүріп, қағылып құзға құлайтын қауіпті тағдырына деген терең тебіреністен туған өтімді жыр еді.


Боран – бөрі ұлып тұр,

Төбеттей үріп тұр.

Сын тағылды қаңтарға,

Адам ба екен жылқышы?

Аман ба екен жылқысы?

Малға барған жан бар ма? – деген тұрғыдағы алты тармақты, а-а-б-в-в-б ұйқасты сұлу түзілген келісті жыр еді. Осындай жыр да оның «достарының» ішіне жақпаған. Ол жарық көрісімен «жылқы» деп қол қойған біреу сол кезде Орынборда шығып тұрған «Еңбекші қазақ» газетінде «Мағжанға жылқыдан жауап» (18.3.1924) деп «өлең» жазған. Сонда «Жылқы» атын жамылған жатып атар Мағжанға жөнсіз ұрынған, көріне жала жапқан. Жоғарыдағы шумақты қараңыздар, ақын «боран жауады» деген жоқ, жаз күні, жер көгі туралы сөз еткен жоқ. Сөйтсе де даугер:


Боран емес, қар жауар,

Жаздың күні болғанда.

Қысты күнгі жылқышы,

Керек емес біздерге,

Жердің көгі толғанда, - деп лаққан.

Ақынның айтпағанын айтты деп арандатқан автор ары қарай ашық бұрмалауға барған. Мағжан:


Жеңгеме, дүние-ай тілсіз жау?!

Алдында бір сай бар еді-ау.

Сол сайдан аман өтіп пе?

Құлап әлде, тап соған,

Қарқ-қарқ күліп басынан,

Боран жүріп кетіп пе? – деп күдігін ғана айтса, «Жылқы» терісін жамылған жалақор:


Жылқышы сайға құлаған,

Жазғы тұрғы боранда.

Күнде мініп сабаған,

Сене алмаймыз жылқышыдай арамға.

Арқадан арқа қалмаған,

Күнде мініп жылқышы.

Ақырда басын жалмаған,

Жылқышының өз ісі, - деп жырда жоқ пәлелерді айтады. Жазғы боранда жылқышыны сайға құлатты, басын жалматты деп бәле жабады. Жылқышы жылқыны күнде сабайды, мініп – жауыр қылады, ол арам деп жылқышыларға тілін тигізеді.


Біз болсақ та хайуан,

Білеміз қалай жүрерді.

Кідірмей өтіп әр сайды,

Білеміз кімге ерерді, - деп жылқының әлгіде айтылған табиғи дағдысын жоққа шығарып, орынсыз таласады.


Сен де, Мағжан, біздерге,

Қожа болғың келді ме?

Мінушінің сен бірі,

Кешегі өткен кездерде,

Түсіңе қайта енді ме? – деп ақынның жылқы көргендігін, жылқы табиғатын, жылқышы тірлігін жақсы білетіндігін көре алмайды. Нәзік ақынның жүйкесін жеп, жүрегін жаралауға жанын салады.


Бұған Мағжан мыңқ етпеген, сабыр сақтаған. Тек М.Дәулетбаев «Әй, жылқы» («Қызыл Қазақстан» журналы, №5,6,1924) деп өлең жариялап, «Жылқыны» өзіне қаратып, оның ақын өлеңін түсінбегенін бетіне басты. Оны «бағусыз кеткен жылқы», «босқа бағып арамтер болған жылқы», «жүгенсіз кетіп жер тепкен жылқы» деп сөкті. «Орынсыз болсаң тебеген, орынды сыйың дайын ғой» деп ескертті.


Жүгенсіз кеткен өй, жылқы,

Немесе жылқы – құрбыжан,

Болғанша жылқы хам күлкі,

Жүгенді анық бол адам, - деп мал болғанша, ұятты, тәрбиелі адам болуға шақырды.

Қарсыластар қалғымайды, қайта шабуылға шығады. Ақынның «Жолдастарға» атты өлеңін көре салып, оған сүліктей жабысады, саяси қате іздейді, пәле іздейді, табады. Ғ.Сұлтанұлы деген «Мағжан Жұмабайұлына» «Еңбекші қазақ» газеті, (29.7.1924) деп арнау өлең жазады. Ол алдымен:


Ақын аға, тек демесең сөзімді,

Құл етпесең, құл етпесең өзіңді.

Ойлап едім ойдағымды айтуға,

Қорқытпасаң түйіп қысық көзіңді, - деп жасқанған жайбағыстаған болады. «Ақын аға, тәуір көрем ақын деп, қазақ ұлы жөн сұрасаң, жақын деп» деп бипаздайды. Яғни, «жұмсақ төсейді, бірақ жатуға қатты». Өйткені ары қарай арнау авторы уын төгеді.


Ашуменен өте қызып кетіпсің,

Ақындық жоқ боқтағыштық етіпсің.

Қоңыз депсің, доңыз депсің лепіріп,

Не ғылса да сөгіс сөзге жетіксің.

Ашу ұстап, тау жыққандай лебіңмен,

Дүние жүзін өрт еткендей деміңмен.

Сендер сасық, жоғал деп те айтыпсың,

Тапсыз таза алаш атты елімнен, - деп бір айыптайды. Онан соң, қазақты тапсыз дейсің, шулап отырған кедейді көрмейсің, өткенге өксисің, кеткенді көксейсің, меншілсің деп кінәлайды.


Сөз жоқ, Ғ.Сұлтанұлы тарапынан бұл сын жолдастық сын емес еді. Онда Мағжанға көмектесейін, қол ұшын берейін, оны кейбір қате пікір, теріс түсініктерден арылтайын деген адал ниет жоқ еді. Қайта ақынды бір түйіп, тұқыртып тастайын, көңіліне қаяу салайын деген қараниеттілік тұрды. Әйтпесе, ол бұдан кейін:


Көп алашпен жоқ етемін сені деп,

Сен көріп қой қарге мінген мені деп.

Қабағыңды қар бұлттай түйесің, - деп, - неге қожаңдайсың деп сөге ме?

Ақындықпен ұтам деме ұтпайсың,

Қаламменен жұтам деме жұтпайсың.

Сен бір түлкі шарасыздан бағынған,

Қыңсылайсың, ескі күнің ұмытпайсың, - деп ауыр сөздермен ақынның ар-намысына тие ме? Оны «қу түлкісің», «қыңсылайсың» деп тілдей ме?


Екіншіден, арнау иесі Мағжанды түсінбеген. Ақын «Жоқ етем сені», «Көріп қой қарге мінген мені» деп Ғ.Сұлтанұлы сияқты «достарына» айтып отырған жоқ. Сол тұстағы басқаларға зорлық, өктемдік көрсетіп, мықтымсып, қожыңдап отырған Европа капиталистерін айтып отыр. Оны да өзім құртам, қаламымен құртам деп отырған жоқ, мұны жалпы алаштың, тіпті Шығыс халықтарының, қала берді Азия атынан айтып отыр. Европаға «Біз де елміз байқаңдар, басынбаңдар» деп ескерту жасап сес көрсетіп отыр. Бұл үшін сөгудің орнына, Мағжанды мақтан тұту керек еді.


Сарсаңға түскенде де салқынқанды ақын бұған да сабыр қылды. Ол 1924 жылы Москваға кетті. Сонда әрі оқып, әрі Күншығыс баспасында қызмет етіп жүргенде де оның басынан қиқу кетпеді. Сол жылы 24-ші қараша күні Күншығыс коммунистік университетіндегі қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымының жиналысы шақырылды. Оған алпыстай кісі қатысып, Мағжанның Ташкентте басылған өлеңдер жинағы талқыланды. Автор да, оған алғысөз жазып, өмірге жолдама берген С.Қожанов та қатты сыналды. Саяси айыптар тағылды. Әдебиетті саясаттан бөліп алып қарады, еңбекке бас ұрма, жерге байланба, онда құл боласың. Қиялға ер, сонда ғана көкке ұшып, азат боласың деген сияқты теріс идеяларды насихаттады. Ұлтшылдықты уағыздады, түрікшілдік танытты деп айыптады. Мағжан жырлары жұртқа жат деген қаулы қабылдады.


Көре алмаған көп «достар» мұнан кейін, Мағжанның желкесіне міне кетті. Соңынан шырақ алып, «ит қосып» жүргендер оны «отырса опақ, тұрса сопақ» көріп, түрткілей түсті. «Былай десе, өгіз өлді, былай десе, арба сынды» деп қыжыңдай берді. Бұл қиястық Мағжанның жанына жайлы, тәніне тәтті тимеді. Ар-намысын алай-түлей етіп, қатты налытты. «Жұртқа не жаздым, халқыма қайтсем жағам» деген ой оны тепсінте тебірентті. Осы жолы ол қолына қалам алуға мәжбүр болды. Қырына алып, қиқу салып, қудалауын қоймағандардың қиястығына наразылығын білдіріп, халқына шағынудың реті келді деп тапты. Түсінбестігі, албыртықпен жіберген ағаттығы болса, ел-жұрттан кешірім сұрауды жөн көрді.


Осы тұста мұң-зарын Мағжан жыр етіп бір төкті. Туған халқына күні бүгінге дейін көп көзіне түспеген, соңғы жинағына да енбеген, беймәлім «Сәлем хат» атты өлең жолдап, ағыл-тегіл ақтарылды.


Сәлем- сөзім алыстағы еліме,

Алыстағы ақ селеулі беліме.

Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым,

Күнім бітіп кіргенімше көріме, - деп басталатын тоғыз шумақ бұл өлеңінде ел-жұртқа өзін де, сөзін де жау етіп көрсеткісі келгендерге ашу-ызасын білдірді. Халқына бұлар бұнысын қоймаса:


Түкпірімде тұрған ұзақ үй ғылып,

Көп кітапты көп тезектей үйдіріп.

Бір шетінен лауылдатып от қойып,

Кетермін-ау барын көл ғып күйдіріп.

Кітап күл боп, өлер оттың жалыны,

Көкті басар қара бұлттың қалыңы.

Тап сол сағат құлағыма келмей ме,

Қоңыр жел мен сары белдің зар үні, - дегенді айтты. Қастық пен қуғын көрген, қатты сынға қайысқан кейбір классиктердің де осыған барғанын ескертті. Бірақ ақын өз бойынан мұндай морттыққа ұрындырмайтын күш тапты. Өле-өлгенше халқымен бірге екенін білдірді.


Мен қайтармын болмақ үшін елмен ел,

Ел бел асса, аспақ үшін бірге бел.

Аз ғана елдің өмірі құрғыр қалтылдақ,

Ел шер тартса, тартпақ үшін бірге шер.

Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,

Кет деме, елім, енді басқа ұрып.

Дейтін болсаң, «қой жырыңды жырауым»,

Қобызымды қиратармын тасқа ұрып, - деп елден кетпейтінін, елмен бірге бел асуға, шер тартуға дайын екенін паш етті. Бұрынғы бағыттан қайтуға, қате кемшіліктерден арылуға бел байлағанын баяндады. Ақын болма, өлең жазба десең, жазбайын тек мені кеудеден итеріп, жатсынба, жатырқама деп жалынды.


Сөзім осы алыстағы еліме,

Алыстағы ақ селеулі беліме.

Жатсың демей, өзімсің деп бауырыңа ал,

Қолың беріп мендей саяқ серіңе, - деп зарлады.

Мағжанның бұл мұң-зары сол кездегі орталық – Орынборда отырған, «Еңбекшіл қазақ» газетінде істейтін, сәл кірбің қабақ болып жүрген. С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Жолдыбаев жолдастардың құлағына жете қоймады. Ақынға жылы қабақты тағы да ташкенттіктер танытты. Ол туралы оң пікірді тағы да «Ақ жол» газетіндегілер айтты. «Пошан» деп қол қойған автор «Әдебиет мәселесі» туралы арнаулы мақала жариялап, былай деді: «Мағжанның өткен заманға құлаш ұра беретін себебі, өзінің өмірден тез сүйініп, тез қуанатын ойнақы жүрек романтиктігі. Романтик ақын қай уақытта болса да, көрікті көңілге қоңыр өмір үйлеспеген соң алас ұрып, сұлу қиял әуенімен әуреленеді. Мағжанның іздегенде тапқаны қазақтың ескі заманы болды. Оның романтиктігін қоздырып жіберген әсіресе, төңкерістің алғашқы кезі болды. Кенеттен болған ұлы өзгерістің самалы күшті ақынның жүрегіне үлкен әсер беріп, өмірді тұрақсыз біліс, атты алысқа айдап жіберді» (25.5.1925).


Осылайша Мағжанның ескішілдікке бой алдыра беруін ақтап, күшті ақын екендігін паш етті. Ал тапты көрмегені үшін оған теріс қарап жүрген Сәкен, Сәбит жөнінде біржақтылау пікірге барды. «Сәкеннің сөздерінің маңызсыз екені рас. Тәуір өлеңдерінің көбі еліктеу бағытын басқа жаққа бұрамын деп тыраштанғаны болмаса, Мағжанның айналасынан кете алмайды. Мағжан «Күншығыс» деп жазса, Сәкен «Европа», «Азия» деп жазады» деп тұқыртты.


«Тікен» атын бүркенген екінші бір сыншы бұдан да қатты кетіп, мынаны айтты: «Тапшыл ақынбыз деп жүрген «ақындардың бет жуары Сәкен мен Сәбит (Мұқанұлы) ғой. Сәкеннің біраз өлеңдерінде суретшілік бар болғанмен, табанды пікір жоқ. Сәкен қара қазақтың қолына түспейтін «асау тұлпар» болып жүрген. Комиссарлықтан түскен күні үні өшкен Сәкенді қалай тапшыл ақын дейміз? Сегіз жылдай айқайы таусылмаған, кемпірге үгіт-насихат айтып отырған, өлең жазудың техникасын білмей, соқыр түйедей шалып отыратын Сәбитті қалай ақын дейміз?».


Бұл, әрине, адал да әділ пікір емес еді. Мағжанды ақтаймыз, көтереміз деп Сәбит пен Сәкенді мұнша «сүмірейту» жөн емес-ті.


Уәдеде тұрып, Мағжан 1927 жылы елге оралды. Бұл Голощекиннің «Кіші Октябрі» өкіріп, көпке топырақ шашып тұрған кезі еді. Голощекин әсіресе, қазақтың ескі оқығандарына, «байшыл» деген атақ байланып жүрген интеллигенттеріне қырғидай тиді, аса қатыгездік көрсетті. Мағжан да нысанаға ілініп, оның да басына қара бұлт қайта үйіріліп келе жатты. Суық та сумаң сөз қайта өрбіді. Бұрынғы тағылған «айдарлар» тағы да тағылды.


Заман сыңайынан сескенген ақын мұң-зарын осы тұста екінші рет төкті. Халқына атақты «Тоқсанның тобы» жырын арнады. Мұнда ол ағынан жарылып, бұл уақытқа дейін тапты танымағанын мойындады. Жырда, бір жағынан, қалың жұртты сүлікше сорған жалмауыздар – құлқын құлы ұлықты, сұм сұрқия пысықты, еңбексіз обыр сасықты, ишан атты пасықты, қарғылы жебір болысты, өктем тойған молданы, борсаңдаған борсықтай байларды, буаз биедей бөрткен билерді, арсалаңдап арлы-берлі шабатын итаршы ауылнайды көрді. Бұларды азшылық – жүздің оны деп атады. Екінші жағынан, сол сұмдарға соғым болған сорлыларды, жалпы екінші жарлыларды, өкпесі тесілген өңкей өгейлерді, ішіп асқа, киіп киімге кенелмеген кедейлерді, атаусыз қалған адамдарды, надан жәутік – жамандарды, өгіз мінген малшыны, қаудыр тонды қойшыны, «бағасы - байтал» қатынды, ер ермегі бәйбіше мен тоқалды, жұғыннан басқа жемейтін желекті жас келінді көрді. Бұларды көпшілік жүздің тоқсаны деп таныды. Бұрын «жалпылдап жалпы елді жырладым, жасырмай жүзді жоқтадым, Тоқсанға енді тоқтадым» деп тапты танығанын, таптық күресте қалың жұрт жағында болатынын айтты. «Мұңдыменен мұңдастым, адассам, ел деп адастым» деп кешірім сұрады.


Тоқсаннан сонау он аулақ,

Сонау оннан мен аулақ,

Мен тоқсанмен біргемін, - деп шешкенін мағлұм етті. Осыған сенуді өтінді.

Ақынның бұл арыз-шағымы қоғамдық пікір туғызды. Ш.Тоқжігітіов «Еңбекшіл қазақ» газетінің сол 1927 жылғы 19 тамыздағы нөміріне оның әлгі жырын бастырды да, «Тоқсан тобы» атты өз мақаласын қоса жариялады. Алдымен ол мынаны айтты: «Мағжан – ақын. Мағжан – қазақ ұлтшыл оқығандарының қатарлы азаматының бірі. Мағжан ұлтшыл ақын еді... Қазақтың байының жырын жырлап, сөзін сөйлейтін ақын еді... Қазақ ұлты деп көкірегі қарсы айырылып, «Алаш» туын көтергендермен бірге болды. Заман өзгерді. Жұртшылықтың беті жаңа жол іздеді. Қазақ оқығандары дұрыс жолды көрмеді. Елді дұрыс бастай алмай отыр, адасты. Солардың ішінде болған Мағжан да бірге адасты... Мағжан да «Жолдастарымен» бірге жаңа жолға, тап жігіне қарсы болды. «Табы жоқ, жігі жоқ жатқан бір елмін, жіктей алмаймын, тапқа бөле алмаймын» деп жырлады. Ауылға мәдениетті орын – қалаларды қарсы қойды», - деп сол кездің әуенімен асау ақынды біраз тұқыртып, «әшкерелеп» алды.


Мұнан соң, революцияның он жылдығы, қазақ елінің өз алдына мемлекет болғанының жеті жылдығы ішіндегі қол жеткен табыстарымыздың ескі оқығандарды ойландырғанын, саяси жолына жаңалық кіргізіп, жаңаға бет бұрғызғанын айтты. Осы тұста Мағжан да «Тоқсан тобын» жырлауға мәжбүр болды. Жалшылардың жауларын «танаудан тізіп» түгендеп шықты. Оларды «жанашар жігер бар» екенін ескертті. «Мағжан мына өлеңімен біздің жолға түсіп отыр... Мағжан адасқанын мойындады... Оның бұл сөзіне сенейік. Мағжан жалған айтпас» деп қуанғандай, жұртты құттықтауға шақырғандай болды.


Бірақ артынша «адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деп қана қоюға болмайды... Бір ғана «Тоқсан тобын» жазғанымен Мағжанның тоқсан жағына шыққанын әйгілеп, жариялап, айқайлауға да болмайды. Мағжан қазақ еңбекшілерінің ақыны, жыршысы болды деп қуануға да болмайды» - деп үлкен күдік те білдірді. «Көн тартылса, қалпына барады» дегендей Мағжанның тиянақты бет алысына әлі де сенуге болмайды... Мағжан ішінен белін буып, қойнына тас тығып келіп отыр ма?» деп те сақтандырды. «Өткенді жеңіл-желпі малшылай салып жуып кетіруге болмайды. Бұған шын жүрек керек, көп еңбек керек... «Оннан аулақпын дегенімді ақта!» «Тоқсанмен біргемін» дегеніңді бұдан былай іспен көрсет) деп шарт қойды. Яғни Мағжанның бұл жолғы мұң-зарына да қалтқысыз сенім болмады.


М.Дәулетбаев та «Тоқсанның тобын» оқи сап, «Таныды» («Еңбекші қазақ» газеті, 12.9.1927) деп жыр жариялады.


Үндемей қалай қаламын?

Кеңеске мен де баламын.

Бір кезде «оншыл» ұстаз ед,

Еліктеп «оншыл» зарлыға.

Жырымды жазғам жарлыға,

Тоныма «оншыл» пұшпақ ед, - деп бір кезде «онның» атынан сөйлеген Мағжанды ұстаз тұтқанын, өзіне аға, тонына жаға болғанын бар дауысымен айтты.Кімді ол бүгін таныды? Әрине, біздің кеңесті» деп жар салды.


Тауба, тауба, мың тауба!

Бүгінгі шыққан мың шуға.

Бір дауыс тағы қосылды,

«Тоқсаны» біздің ыңғайда.

«Он» деген қалды «құдайға»,

Жырламай қайтем осыны, - деп айқайлады. Аға ақынның советтік жолға келгеніне қол соға қуанды. Сөйте тұрып:


Сонда да анық сенім жоқ,

Солай да бүгін көңіл тоқ.

Әр жағы әрі көмескі, - деп Мәжит те Мағжан мұң-зарына күдік келтірді. Еңбекпенен ақталмай, шын бетін оның ашылмас деп Шаймерденннің шартына қосылды.


Осылай құлай сеніп, құшағына алатын адам аз болған соң, тарлан ақынның тасы өрге домалай қоймады. Күннен-күнге «ер-тоқымы атының мойнына кетіп», қадамы қысқарды. Ақынды атқа түзеп отырғызып, тартпасын қатты тартып берер қамқор табылмады. Қайта қиқулап қудалау, тасада тұрып тұзақ тастау тыйылмады. Осы тұсты С.Мұқанов кейін былай сипаттады: «Көркем әдебиеттегі байшылдық – ұлтшылдықты әшкерелеу жұмысы қазақ әдебиетінің даму тарихында 1927-1928 жылдары ерекше қарқынмен жүрді... Мен осы қызу айтыстың қалың ортасында жүргендердің бірі болдым. Байшыл-ұлтшылдар пікірлерін бүркеншекті түрде өткіземіз деп тырысқанмен, совет әдебиетінің бағытындағылар олардың бет-пердесін тез сыпырды да, кім екендіктері халық алдында айқын көрінген ұлтшылдар саяси ажалы жақындағанын сезіп, бір жүйелері: «Сонау оннан мен аулақ, мен тоқсанмен біргемін» (М.Жұмабаев) бұрынғы таптық бетінен жалтаруға тырысты». («Есею жылдары», А.1964, 288-289 б.б.).


«Айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей болды ма, әлде ақынның өзінің:

Көрмейін рахат, жанайын,

Жалын болсын маңайым.

Күйейін, азап шегейін,

Ащы, ыстық жас төгейін.

Көрмейін ерік, тұтқын боп,

Абақтыда жұтып от,

Өтсін өмірім зарменен, - деген тілегін «құдай» берді ме, ақыры ол 1929 жылы 6 маусымда тұтқынға аланып алысқа айдалған. Жеті жылдай Карелияның қалың орманында ағаш кесіп, арып-ашып жүрген. 1936 жылы жазда М.Горькийдің шапағаты тиіп түрмеден шыққан. Аз уақыт Ленинградта тұрып, кейінірек Қызылжарға келген. Сондағы мұғалімдер курсына қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады. Бірақ «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, туған жерінен де «достар» табылып, олар «халық жауы», елді ағартпайды, қайта қарайтады» деп Алматыға арыз айдайды.


Сөйтіп, жаңа жолға түскенінде тағы да дәлелдеймін деп, еңіреп жүріп елге жеткен Мағжанды жерлестері де мансұқ еткен. Жұмыстан қуғызып қаңғыртқан. Осы тұста аяулы ақын мұң-зарын халқына тағы бір шақты. Мирзоян атына жыр жазып:


Осы бетім – ақ ниетім, елге ере алсам,

Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.

Социалды Отанды қанмен қорғап,

Керек болса, кезінде жан бере алсам.

Осы бетім – ақ ниетім келдім бастап,

Жанымнан бар жараны сылып тастап.

Еңбекші ел, ашуы ұшан, мейірім мол,

Жанымды тарттым оған жалаңаштап, - деп айтып жалбарынды. Бірақ, Мағжанның жан шырылын тағы да естір құлақ болмады, жүрек сырын ешкім ұға қоймады. Ақын жан сауғалап, Алматыға келген. «Бұтаны қорғалаған торғайдың да жаны қалады» деуші еді. Бірақ астана да оған аяушылық көрсетіп, арашашы бола алмаған. 1937 жылы отызыншы желтоқсанда ақынды алдына келген асын да алғызбай ала жөнелген.


М.Жұмабаев «Жарыма» атты арнауында:

Жан жарым, ұзақ қиын түстім жолға:

Алдымда түпсіз дария, сор да, ор да.

Бетпақ шөл: сусыз, отсыз қайнаған құм,

Ысқырған жылан, шаян оң мен солда.

Өткелсіз, қарлы, отты таулар асқар,

Мейірімсіз табан тілер қия тастар...

Кім біледі, қуат құрып, арып-талып,

Төгетін күндер болар ыстық жастар, - деп өзі де білгендей-ақ айтқан екен. Айтулы ақынның сәске түстей ғана қысқа ғұмыры терең қазылған орға да, сұрапыл қалың сорға да, тасырқатқан тасқа да, мұңлы-шерлі жасқа да толы. Ол суға да батқан, отқа да жанған, мұзарт жапқан асуларға да тап болған, аңқасын кептіріп, ернін кезерткен шөлде де қалған. Оны «жылан» да арбаған, «шаян» да шаққан, толқын ұрған балықтай жағаға да атқан, ақыры қайсар ақынды «қатты дауыл» соғып құлатқан.


Ақын жаны осылай сая тапқан. Ол өліп қана қуғыннан құтылған. Мағжанның мұң-зары осымен тыңған.   



Темірбек Қожакеев


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар