Филолог ғалым, әдебиет зерттеуші Аян Қажыбайдың бұл көлемді сыни ой-толғамына көрнекті ақын Темірхан Медетбектің лирикасы арқау болған.
1960-1980 жылдарғы қазақ поэзиясының рухани әлеміміздегі даусыз да кәміл апофеозы, сөз жоқ, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «жыл келгендей жаңалық сездірген» үркердей шоғыр буынның қанатты шабытынан, қайсар қажырынан қуат алған өлеңдеріне тікелей байланысты. Мұның әлеуметтік-көркемдік нәр-құнарына зер салсақ, еліміздің бүкіл әлеуметтік-сяси тіршілігінде, рухани-адамгершілік атмосферасында сол тұстағы «жылымық кезеңнің» атқарған тарихи рөлі мен маңызы зор еді. Мәселен, бұған Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Василий Белов, Валентин Распутин, Юрий Бондарев, Роберт Рождественский, Расул Гамзатов, Давид Кугультинов, Эдуардас Межелайтис, Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Кайсын Кулиев, Қалтай Мұхамеджан секілді бетке ұстар ірі суреткерлеріміздің одақтық, әлемдік резонанс тудырған бірталай көшелі туындыларының дүниеге келгені дәлел. Екіншіден, 1960–1980 жылдары Мұқағали Мақатаевтың, Жұмекен Нәжімеденовтің, Төлеген Айбергеновтің, Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молдағалиевтың, Сағи Жиенбаевтың, Меңдекеш Сатыбалдиевтің, Марат Омаралиевтің, Фариза Оңғарсынованың, Мұхтар Шахановтың, Сәкен Иманасовтың, Дүйсенбек Қанатбаевтың және тағы басқалардың поэзияға келуімен бірге қазақ өлеңі көп сөзділіктен арыла бастады да, терең ой, мол образға көңіл аударуға неғұрлым батыл әрі түбегейлі ден қоюға күш салды. Бұлардың қай-қайсысы болмасын әрдайым өз үнімен, өзіндік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені басып келгендіктен болар, әйтеуір, поэзияға қойылатын талаптар мен көркемдік өлшемдер шкаласы өте-мөте биіктеп әрі көпвалентті сипат алып кетті.
Сондықтан шығар, бұлардың алуан арналы шығармашылығындағы жоғарыдағыдай тың үрдістер мен нышандар бір мезетте әрі сүйсінтіп, әрі үркіткені сонша, мұның өзі заманы бір әрі үзеңгілесе еңбектеніп жүрген алдыңғы аға қауымды да қатты ойландырды, кейінгі жас буынды да қатты таңғалдырды. Осының өзі-ақ олардың шығармашылық жаңа серпілістеріне түрткі салған, ұйытқы болған қозғаушы күштердің біріне айналғаны дәлелдеуді керек етпейтін аксиома.
Міне, осынау буынның көзі жоқ немесе көзі тірі өкілдерімен поэзияға не өкшелес, не жетеқабыл келу бір орайда қиямет-қайым қиын болса, екінші бір тұста шығармашылық ерлікпен пара-пар екені және рас. Қиямет-қайым қиыны сол, өнер бәсекесіне – жыр бәйгесіне қатар түскенде шаң қауып қалмасыңа кім кепіл?! Поэзияның мейлі спринтерлік немесе мейлі марафондық жарысында талант тегеурінінің шешуші фактор екендігі ешкімге құпия емес. Жүйрік тарландардың соңында мәстек торы жырын қамшылап жүретін нантабарлардың үйір-үйірімен шұбырып жататындығы және бар ғой... Шығармашылық ерлікті де өз күшіне сенгендер жасай алады. Мұндайда, әрине, тек дара талант қана жоғарыдағы буыннан рухани тірек пен рухани жаға табады. Өйткені, ол солар арқылы өзін ашуға ұмтылады, өзі арқылы солардың жетістігін толықтыра, арттыра түседі. Ал, мұның өзі, әрбір шынайы ақыннан өз талантын мейлінше дара-жалқы болмыста көрсетуді, кәсіби поэзияның парасат шарығында ұдайы қайрала, шыңдала түсуді талап етеді. Асылы, осындай сынға төтеп беретін әрі творчестволық бабында жүретін ақындар сирек. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбек.
Қазіргі қазақ поэзиясын – ақын Темірхан Медетбектің өлеңдерінсіз көз алдыңа тұтас картина ретінде келтіру, қарастыру мүмкін емес. Мұндай поэтикалық заңды олжаға қол жеткізу – өлең жинақтарын қаттап-қаттап шығаруда алдына жан салмай жүрген талайлардың маңдайына жазыла бермейтін бақыт-құт, ырыс-несібе екені және рас. Ақын осы дәрежесіне қалай көтерілді, міне, ендігі сөз осы жайында...
Ол өзінің «Жанымның жас құрақтары» атты төлбасы жинағында:
«Жыр жазуды үйреніп ап адамнан,
Сол адамға арнап жүрмін жырымды», -
деген еді. Бұл жолдардан – ақындық балаң сезімнің шындығына, ұяндығына және сонымен бірге түпкі мақсаттың қарапайым биіктігін айқындап алған сара таңдаудың дұрыстығына көз жеткіземіз. Бірталай тұстастарының жастық қызулыққа салынып ақындық дегенді асаулық деп, көркемдік мұрат дегенді декламациялық патетика, популистік риторика деп жаңсақ түсінген, әрі өзгелердің пікіріне ден қоймай өрекпіген шақтарында дәл осылайша мойындау – булығып-ширығып өсер таланттың ішкі тәрбиесін, туып-өскен ортасынан бойына сіңірген адамгершілік тәлімін толық танытады. Әйтпесе, арғы-бергі тарихтағы ақындардан үйреніп, ақын болғанын дәріптеп жүрген өлеңшілер аз ба?! Ол мұнан соң, осы кітабында:
«Өз күшіме өзгені де сендірем
Өзіме-өзім сенетұғын кезде мен», -
деп қана қоймайды, соны тікелей жүзеге асыра да біледі. Біз осы арада, тырнақалды жинағынан бастап, күні бүгінге дейінгі кітаптарында, бүкіл творчествосында дара сипатқа, тек Темірхан Медетбектің қаламынан ғана шықтым дейтін мысалдардың бірнешеуін келтірейік:
«Бұтаны бұтаменен жалғап жатыр
Құйттай монтёр өрмекші сымын керіп»;
немесе:
«Құмырысқаның құмдағы ізін, мен кейде,
Иероглиф белгісі ме деп қалам»;
болмаса:
«Бір жіпке тізіп тастаған
Тырналар сылқым толқындар»;
немесе:
«Ақ түтінді аунатып тыраулайсың,
Жиырмасыншы ғасырдың тырналары», -
дейтін үзінділер, ең әуелі жаңа типтегі ақындық ойлау жүйесіндегі қарлығаш ізденістерді көрсетеді. Ал, мұндай мысалар осы тұңғыш кітаптағы өлеңдердің басым денінен мол кездеседі. Т.Медетбек мұндай ізденістерге, сөз жоқ, саналы түрде барып отыр. Өйткені, ол өзінің қазіргі поэзиядағы орнын:
«Уақыт дейтін батырдың
Белінен түскен шешіліп» -
деген ақындық болмысы арқылы танытқысы келсе, екіншіден сол өлең өлкесіне шеккен сапарына:
«Көлеңкесі болмаса тек болмайды,
Жүргендердің тасасында өзгенің», -
деген принципіне орай сақтанғандығын да көрсетеді. Өйткені, уақыттың белінен түскен ақынның сол уақыт тілімен сөйлеуге ұмтылғаны – ақындық нысанның анықтығын қапысыз дәлелдеп береді. Егер Темірхан, уақыттың тілімен сөйлемесе, кім біледі, жоғарыдағы буынның көлеңкесінде, тасасында қалып қояр ма еді, әлде?! Меніңше, Темірхан Медетбек шығармашылығы дәуір контексінсіз, ал дәуір контексін ақын өлеңдерінсіз толық қарастыру мүмкін емес. Мәселен, жоғарыдағы мысалдардың өзінен-ақ, уақыт пен заман тынысындағы әр алуан атрибуттардың поэзияға, ал өлең жолдарының күнделікті тіршілігіміздің қажет әрі бөлінбес атрибуттарына айналып кеткендігіне көз жеткізу оңай. Өрмекшінің құйттай монтёрға, жыбырлаған құмырсқа ізінің иероглифке, әуедегі ұшып бара жатқан тырналардың сылқым толқынға, аспандағы реактивті самолёттердің ғасыр тырналарына айналып кетуі не өмірлік қисынға, не көркемдік суретке қайшы келмек түгіл, иненің жасуындай ауытқып та тұрған жоқ қой. Нақты ситуациядағы нақты бір тіршіліктің образды суреті, ажарлы да жанды метафорасы емес пе? Әрі тосын, әрі ұтқыр метафоралар ұғымды не алшақтатып, не ауырлатып тұрған жоқ. Мұның есесіне өлеңнің поэзиялық қадыр-қасиеті артып, көркемдік қуаты үстемелене түсіп, оқырман жүрегіне кідіріссіз жол тауып, поэтикалық өрнек-тіркестерді қолмен қойғандай нақтыландырып, сұлуландырып, дараландырып тұрғанын байқамау шындыққа қайшы болады.
Т.Медетбектің алғашқы кітабында жас ақынға тән ізденіс пен сәтті тапқырлыққа баланған осы қасиеттер, кейіннен келе-келе оның бүкіл поэтикалық болмысын әрі айқындайтын, әрі даралайтын ерекшелікке айналды. Ақындық стиль, ақындық қолтаңба дегендеріміз осындай белгілерден де байқалып жататындығын ескерте кетсек артық емес. Сөзіміз жалаң шықпауы үшін оның кейінгі жинақтарынан бір-бірден мысал келтірсек те жеткілікті. Оқып көрейік:
«Жатты үзіліп телеграфтың бір сымы,
Жатты үзіліп бір тамыры әлемнің» («Сапар алдында», 1973);
немесе:
«Қағып тұрамыз
жұмыс киімнен
жер менен
космос шаңдарын» («Алыс шақырымдар», 1975);
болмаса:
«Менің мынау кеудемде
әлемдегі ең сезімтал,
ең жұмбақ
Жұдырықтай планета соғып тұр» («Мәртебе», 1977);
немесе:
«бүкіл Жердің аумағы бар әр дәнде,
бүкіл Жердің салмағы бар әр дәнде» («Әуедегі толқындар», 1980);
болмаса:
«Тірлікті өртеп жердегі
бұзатын аспан қақпасын,
ұшатын темір денелі
айдаһардан сақтасын» («Дауыс», 1984);
болмаса:
«Мекен еткен Жер-ананың кеудесін
адамзаттық маңызы бар әр үйдің» («Жүректегі ендіктер», 1987) –
деген жолдардағы шымырлаған шындықтың беймаза дүрсілінен Т.Медетбектің азаматтық әрі ақындық позициясы мен палитрасын, гуманистік философиясын, әлеуметтік-көркемдік мұратын көрмеу мүмкін емес. Оның уақыт, заман тудырып отырған небір күрделі проблемалар жайын, сол уақыт, заман тілімен яғни соның сөздік қорындағы қарапайым сөздерді өлеңнің мүддесіне орай метафораға, тенденцияға оп-оңай айналдырып жібере алатын ысылған, кемелдене түскен профессионалдық шеберлігін аңғармау, көрмеу, сүйсінбеу мүмкін емес.
Міне, осы келтірілген үзінділердің өзінен-ақ, оның өлеңдерінің иінінде – әрқашан ХХ ғасыр иініндегі көкейкесті проблемалардың бірден-бір өзек болып тұрғандығын, сол арқылы орасан әлеуметтік-көркемдік жүк көтеріп тұрғандығын байқаймыз. Ядролық ғасырдың бойындағы алмағайып сәттердің; жергілікті мәні бар қақтығыстар мен төңкерістердің мазасыз ахуалын; қанатты ракеталар мен жарылмаған бомбалардың зілзала трагедиясын Темірхан өзі көріп, сезініп қана қоймайды. Оқырман оның өлеңін оқу үстінде, ақынның поэзиялық қуат-құдіретін, темпераментін өз бойына алғандай сезініп, сол өлеңнің әлеуметтік-психологиялық атмосферасына сүңгіген мезетінде дүниені Темірханша көретіні, сезетіні шүбәсіз. Ақын біздің дәуірімізде әлеуметтік-қоғамдық құрылысы әртүрлі, ұлылы-кішілі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір кешуі үшін саяси дипломатияда тізеге салудан гөрі, жаңаша ойлаудың қажеттігін яғни әр дәнде бүкіл Жердің аумағы мен салмағы барын, әрбір пенденің кеудесінде барша ғаламның-планетаның жұдырықтай жүрек қалпында орын тебуін, бүкіл Жер шарының кез келген нүктесіндегі әрбір үйдің адамзаттық, стратегиялық мән-маңызы барын жекелеген жолдармен, шумақтармен, тұтас өлеңдермен әрі нақты, әрі өткір, әрі көркем жеткізе білуі, терең сезіндіре, түсіндіре, иландыра білуі – ақындық стильдің мейлінше даралығында. Бұл орайда, ақын Т.Медетбек өзінің бүкіл шығармашылығымен Владимир Маяковскийдің: «Поэзия начинается там, где есть тенденция»; чех ақыны, Нобельдік сыйлықтың лауреаты Витезслав Незвалдың: «Поэзия без субъективности – это поэзия без поэта. Поэзии нет и без объективности»; Борис Пастернактың: «Метафоризм – стенография большой личности, скоропись её духа», – деген ақындық тәжірибелерінен туған ұлағатты пікірін растаумен, қолдаумен бірге, соны қазіргі қазақ поэзиясында дәйекті түрде, табанды түрде дәлелдеп те жүр деп айта аламыз. Ақын жыр жазуды адамдардан үйреніп алса, казір өзгелер де одан үйреніп жүр десек артық емес. Бұған баспасөз беттерінен көрініп жүрген балауса есімдердің әрқилы өлеңдерінен мысал келтіріп жатудың қажеті шамалы-ақ. Дегенмен, математикалық түбір астындағы Т.Медетбектей талантты тұлғаның бойындағы азаматтық-ақындық болмыс пен әлеуметтік-көркемдік мұрат бір өрім болып шығар тұста, осы қасиеттердің математикалық түбір көрсеткішіне пропорционалды түрде өсетіндігін, іріленетіндігін яғни осынау туабітті сипаттардың қордалы өзегін, ферменттік құдіретін сөзсіз аңғартса, соны қалайша мақтанаш тұтпассың! Мақтаныш етпеуіңе дәтің қалай жетеді?!
Ақын Т.Медетбектің өлеңдерінде азаматтық әуен, лирикалық кейіпкердің өзін-өзі тану жолындағы әлеуметтік-психологиялық лабиринттерді үңги түсуі мен зерттеу құштарлығы, ұдайы шарқ ұрып нәзік те көзге көрінбес құбылыстар мен процестердің әр алуан реңктерін, дірілдерін беру жағы басым. Мәселен ақынның:
«Образ оймен жаңғыртып
жүректің жапан алабын
тірлікті шайқап, жандыртып
қызады құрылыс алаңым.
Еске алып бұрқақ кездерді
жарылар шабыт ағынан, –
қайратты, қайсар сөздердің
қозғалыс – қимылдарынан.
Шумаққа сыймай кептеліп,
тулайды сөздер – сабаздар! –
жатады бұлшық еттері
аунақшып аппақ қағазда...
Аспанда тулап шыныққан
тартамын оған бұлттан
электр сымның орнына
найзағайлардың шнурын» («Алыс шақырымдар»);
немесе:
«Алтын күз бұл –
сағыныш деп аталар,
Сағыныштан жүрек,
санаң от алар!
Ұшып жатыр
бұтақтардан жапырақ, –
ұшып жатыр
бұтақтардан ноталар.
Ақ ниетпен айқара ашып кеудені
беріліп бір тыңда оларды,
кел бері!
иір-иір бұтақтардан бұрқырап
ұшып жатыр...
күздің ғажап әндері.
Ағаш біткен алып мені ортаға
бара жатыр еліктіріп,
қолқалап,
Үйіріліп ұшқан саздар қонады
торғайлардай иығыма,
арқама.
Дәл осы сәт ғажап сиқыр түсімдей
Жүзіп келем өзіме-өзім түсінбей –
дәл төбемнен сыңғыр-сыңғыр төгіліп
жауып жатқан ноталардың ішінде» («Көгершін қауырсындары»), -
деген екі өлеңді саналы түрде түгел келтірдік. Екі өлеңнің тақырыбы екі түрлі екендігі Темірхан өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер бойындағы өріс-диапазонның әр алуандығын әрі ауқым-шеңбердің кең екендігін толық дәлелдейді. Әдеби-көркем сынның осы уақытқа дейін ақын Т.Медетбек өлеңдеріндегі осындай тосын теңеулерді, тың соқпақтарды, яғни оның стильдік даралығын құрайтын, толықтыратын белгілерді көбінесе біржақты қарастырып, өндіріс-жұмысшы тақырыбымен ғана біржақты шектеп түсіндіріп келгенін білеміз.
Ал оның шығармашылығын тұтас алып, көз жіберіп, ой жүгіртсек лирикалық кейіпкердің алуан қырлы болмысына бірден ден қоямыз. Ақынның көркем творчествоға, нақтылай айтсақ, поэзияға деген көзқарасындағы эстетикалық принциптердің биік те талғампаз, сыншыл да әрекетшіл сипаттарын әрқашан ерекше сүйсініп айтуға болады. Табиғат аясындағы ақын жүректің психологиялық көңіл-күй иірімдеріндегі қат-қабат реңктердің ассоциациясы яғни қарапайым өмір суреттеріндегі поэтикалық бояулар құдіреті, реалистік өмір шындықтары Темірхан қолтаңбасына тән күйде сорғалап тұр демеске шараң жоқ. Мұның бәрі оның поэзиясындағы әлеуметтік-көркемдік жүктер мен мұраттардың философиялық толғаныстарға ұласып бара жатқандығының айқын дәлелі. Бұған ақынның «Көгершін қауырсындары», «Дауыс», «Жүректегі ендіктер» жинақтарындағы өлеңдерінен бірталай мысал келтіруге әбден болады. Мәселен, төмендегі өлеңге назар аударып байқасақ творчестволық тұрғыдан кемелденген ақындық тұлғаның жаңа сипатын көреміз. Шынайы поэзияның шырылы мен шырайына назар аударайықшы:
«Мына жанның іші неткен қараңғы!
Безіндіріп жіберетін адамды,
безіндіріп жіберетін заманды,
сыздататын жаныңдағы жараңды
мына жанның іші неткен қараңғы!
Көріп едім құпия бір ғаламдай,
көріп едім құпия бір қамалдай...
Жарығы жоқ, жалыны жоқ іші оның
Қараңғы екен үңірейген арандай.
Жан сияқты жанталасқан жан бағып,
жол іздедім қараңғы ішін қарманып...
Қайтейін мен, келмеді ғой қолымнан
қояйыншы деп ем оған шам жағып.
Жаным менің шыдамады, төзбеді,
Мына адамнан кет, кет! – деді, без деді...
Түкті қара өрмекшілер сияқты
қаптап өріп бара жатыр сөздері...
Сырты сұлу қоятындай көрмеге
Іші бірақ тұнған бықсық... әрнеге.
Қап-қараңғы түкпірінен жанының
үрейді алып ысылдайды әлдене...
Деп жүрмеші жан екенсің жаңғалақ,
Сенбесең сен ішіне оның ал, қарап:
Тілегіне оратылып жыландар,
жүрегіне жабысып тұр жарқанат», -
деген осы өлеңінен-ақ ақын поэзиясының бүкіл эстетикалык, көркемдік, әлеуметтік, азаматтық, философиялық контекстерін бірқұйма қалыпта көрсетеді.
Ақын шығармашылығына айтылып жүрген сындар көбіне сөздік қордың тапшылығына, ұйқастарының морт сынып келетіндігіне саяды. Мұның бәрі өлеңге деген талғамшылықтан туындап жататындай әсер қалдырады. Әу баста ақын Қадыр Мырзалиев көрсеткен осы кемшіліктердің артық-кем тұстары барына, көзіқарақты оқушы кезінде талай ара түскен. Бірақ сонда да болса, осы сын пікірлер әлі жаңғыра қайталанып қалып жүр. Мұның өзі әрине дискуссиялық, полемикалық жеке бір мақаланың объектісі. Дегенмен, ғылыми-техникалық прогрестің күнделікті тіршілігімізге әбден сіңісіп кеткен лексикасының ақын творчествсында терминдік сипаттардан гөрі, тенденциялы түрде поэтикалық жаңаша ойлау жүйесіне, тың образдар мен күрделі метафораларға айналып кеткендігін көркемдік поэтикалық жетістік ретінде атап айтуға тиіспіз. Бүған жоғарыда келтірілген мысалдардың кез келгенін көлденең тартуға әбден болады. Егер мұны ақынның сөздік қоры тапшылығын көрсетеді десек, онда әділдік ауылынан алшақтағанымыз. Мәселен, тіршілікте өте жиі қолданып жүрген терминдік сөздеріміздің Темірхан өлеңдеріне не көркем өзек бола алмай, не өлеңнің поэзиялық сымбатын әлсіретіп тұрған жәйттерін мүлде кездестіре алмайсың.
Т.Медетбек өлеңдеріндегі ұйқаста интонациялық пауза мен екпіннің рөлі айрықша. Ұйқасқан сөздерді жекелеп-жіліктеп қарастырғаннан гөрі, сол өлеңнің шумақтары бойынша талдаған әлдеқайда тиімді. Біз көп ретте осындай төл ерекшеліктерді кешенді түрде, көркемдік компоненттердің біртұтас аясында қарастырмай жүрген сияқтымыз. Өйткені, дәстүрлі ұйқастардан алшақтау, оның үстіне әлемдік поэзияның озық үлгілерінен шығармашылықпен үйрену қазақ өлеңінен, сондай-ақ аударыла қалса ұлттық ерекшелігінен алшақтаудың бірден-бір кепілі ешқашан бола алмайды.
Қазіргі қазақ поэзиясын ақын Т.Медетбектің отты да ойлы, нәзік те қайсар, тапқыр да жаңашыл, өткір де шуақты өлеңдерінсіз көз алдыңа тұтас картина ретінде келтіру, қарастыру мүмкін емес. Талант тамыры мен талант ерлігінің нәрлі де жемісті көрінісін, түпкілікті нәтижесі мен аңсарлы мұратын осыған баласақ, осылайша бағаласақ, осылайша мойындасақ, осылайша мақтаныш тұтсақ, онда мұның өзі ақынның әрқашан уақытпен үндес шынайы да шамырқанған туындыларының дара болмысында – көркемдік мінезінде жатса керек.
Асылы, «Аңқа кептірген аңызақ» атты бірегей жыр кітаптың дүниеге келуі үшін белгілі бір дәрежеде шығармашылық ғұмыр, ақындық дарын қажет. Өйткені, азабы мол осындай шығармашылық жолда, шын мәнінде, игі де баянды олжаға заңды түрде қол жеткізу сирек бәсіре – нағыз талант бәсіресі. Әйтпесе, өлең жинақтарын күні кешеге дейін жоспарлы шаруашылықтың мызғымас үлгісіне сәйкес «бетегеден биік, жусаннан аласа» кезекті кітаптарын конвейерлік тәсілмен қаттап-қаттап шығаруда алдына жан салмай келген талайлардың да маңдайына бұйырыла, жазыла бермейтін құт-бақыт, несібе-ырыс екені және де рас. Ал, мұның өзі, шынтуайтына келгенде, тағдырдың нағыз талантқа, рухани тарихымызға, сан буын оқырмандарымызға еншілеп беретін теңдессіз сирек тартуы екенін де жасыра алмаймыз. Сондықтан шығар, ақын Т.Медетбектің сонау 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Сырым бар саған айтатын» атты қайта басылым жинағы оның қазақ өлеңі өрісінде ширек ғасырдан астам төккен теріне де, қазіргі қазақ поэзиясына қосқан қомақты үлесіне де, кемеліне келген тұлғаның дара бітім болмысына да толық кепіл. Оның үстіне осынау «Сырым бар саған айтатын» кітабы қайта басылым емес, шын мәнінде, нағыз таңдамалы жинақ болатын.
Өйткені, сол жылдарда кеңестік идеологияның жүнді жібекке немесе жібекті жүнге оп-оңай айналдырып жіберуіндегі құйтырқы айла-шарғыларына немесе занды таланттарды ың-шыңсыз шектей білудегі шімірікпейтін шексіз де шебер әдіс-тәсілдеріне бас шұлғығанымыз, тәнті болғанымыз соншама, сол кездің өзінде қайта басылымға қол жеткізу зор күшке түсетін. Өйткені, таңдамалы кітап шығару жайындағы әр алуан қаулылардың тосқауылына төтеп беру не мансап иелерінің, не жүзіктің көзінен өтетін пысықайлардың қолынан келетін. Әйтпесе, шын таланттардың таңдамалысы қаптаған қайта басылымдардың арасында ілуде бір сирек ұшырасатын. Осының нәтижесінде қаламгерлеріміздің басым дені енді қайта басылым дегенді де мәртебе көргені, соның өзін таңдамалыға балап-жорып күпсінгені, «аш құлақтан, тыныш құлақ» деп қанағат тұтқаны, еріксіз көндіккені және бар. Не керек, кешегі тоқырау кезеңінде таңдамалы томдықтар тым көбейіп кетпесін дедік пе, әлде көпшілігіміз бір-бірімізге қимадық па, әйтеуір, өз-өзімізден тітіркеніп, өз-өзімізден шық бермес шығайбайдай болып тарынып та сараңданып жүрген шағымызда неден ұтқанымыз және беймәлім. Біріншіден, осындай шектеу арқылы не қаржы қазынамызды байытқан жоқпыз, не тиесілі табан ақы, маңдай терімізді тиісінше бағалай алмадық. Екіншіден, әлеуметтік-көркемдік әділетті аяққа басып қана қоймай тоғышар жалпақшешейлікке жол беріп, «толмаған Толстойлар мен шала Шекспирлерді» (М.Әуезов) қаптатып жіберіп рухани ажар-келбетімізді әжептәуір әрсіздендіріп, биік рухани өлшем-талғамдарымызды едәуір әлсіретіп алғанымыз бар. Алайда, сол қаптаған қайта басылымдардың ішінде толық таңдамалы, нағыз таңдамалы аталуға лайық кітаптардың бар екені және даусыз. Бұны кезінде мың жерден бүркемелегенмен, бірқатар қайта басылымдарда, шын мәнінде, шынайы да қуатты, талантты да тегеурінді туындылардың орын тепкені, жасанды шектеудің арқасында қиындықпен болса да «қайта басылым» деген анықтауышпен жарық көргені және шындық. Дегенмен, мазмұн қуаты мол таңдамалы туындылар мұқабаның бірінші және соңғы беттеріндегі «қайта басылым» деген жапсырынды бүркемені, шектеулі анықтауышты еріксіз жоққа шығаратын. Сондай кітаптардың санатында ақын Темірхан Медетбектің «Сырым бар саған айтатын» таңдамалысының ерекше орын алатындығын айрықша қадап айтуымыздың да өзіндік себептері, занды дәйектері бар. Өйткені, осынау таңдамалы болмаса, қазіргі біздің қолымыздағы «Аңқа кептірген аңызақ» атты жыр кітабының дүниеге келуі де неғайбыл еді. Біріншіден, бұл таңдамалы – ақынның кеңестік дәуірдегі қарекет-тіршілігін де, сол тұстағы шығармашылық ізденістері мен мұраттарын да, қысқасы, ақындық өсу, толысу, қалыптасу, дербес стиль табу барысындағы жолын да жан-жақты дәлелдей алатын толымды есептің, татымды есептің нақты көрінісі. Екіншіден, бұл таңдамалы – ақынның шығармашылық өмірбаянында да, азаматтық өмірбаянында да сол кешегі кеңестік кезеңің түбегейлі аяқталғандығын, яғни ақындық әрі азаматтық бір белестің өзіне лайық шежіресі мен шыңы да болғандығын дәл көрсететін межелік кітап, елеулі құбылысқа айналған еңселі ескерткіш. Үшіншіден, бұл таңдамалы – Т.Медетбек тәрізді ірі ақынның, кемеліне келген кесек тұлғаның болашақта да тың серпінмен, қайсар қайратпен, өзек өртер шарпысуы мол көшелі де келісті жырлар беретініне риясыз кепілдікті, күмән тудырмайтын өршіл оптимизмді толық танытатын, көңілге толық ұялататын. Сегіз-тоғыз өлеңдер жинағынан сұрыпталған осынау таңдамалының өн бойынан біз бұл арада таланттың нағыз бір көрінісін – Шынайы Поэзияның Шырылы мен Шырайын айқын аңғарамыз. Мәселен:
«Адамдардың өтірігі, шындығы
айқасады жүрегімнің үстінде!»;
немесе:
«Жүрегімде жатыр жүк боп салмағы –
адамдардың ой-тілегі,
арманы...»;
болмаса:
«Өмірге сен не сыйладың!
не бердің?
Биіктігі қандай шыққан төбеңнің?
Не күтеді сенен енді келер күн?
Жүгі қандай сен әкелген өлеңнің?» -
деген үзінділердің өн бойындағы ақындық дүниетаным мен биік мүдделер, азаматтық пен суреткерлік мұрат принциптер, ақындық дара метафоралар мен машықтар, поэтикалық ересен қуат пен өршіл пафостар «Сырым бар саған айтатын» атты таңдамалыда тамаша біртұтастыққа, тамаша бір заңдылыққа, тамаша бір үйлесімге ұласып, жаңа бір сапаға көтеріліп, Т.Медетбектің қазіргі қазақ поэзиясы керуенінде өзіне лайық сәні мен салтанаты жарасқан дербес көші бар екендігін еркін дәлелдеп берген. Солай бола тұра, ақын осы таңдамалыға енген бір өлеңінде:
«Көрген емес көкірекке дем пісiп!
Кетеді ғой жеңіл ойлар желге ұшып, –
Жауап бер деп әр сөйлемнің соңында
қарап тұрса қатал сұрақ белгісі.
Соған жауап іздеймін мен сарсылып,
көкіректі қоздатады қанша үміт...
Елді ойлантқан үлкен сұрақ орнына
түссем деп ем леп белгі боп шаншылып...», -
деген арман-мұратына ақын Темірхан абыройлы жетіп отыр. Таңдамалы кітабы арқылы жеткен тұғыры бекем әрі нық ақындық позицияны енді «Аңқа кептірген аңызақ» атты жыр кітабы одан сайын биіктетіп, одан сайын өркештендіре түсіпті.
«Аңқа кептірген аңызақ» жыр кітабы – сол тандамалыдағы сол кемел тұлғаның ірілігін мейлінше айқындай түскен мейлінше асқақтата түскен. Осы арқылы оқырмандарын да сүйсінте түскені жасырын емес. Өйткені, бұл ақын Т.Медетбектің кезекті жыр жинағы емес. Қайта керісінше мұны – кеңестік дәуірдің көбесі сөгіле бастағаннан бері ақын көкірегінде әріден, ертеден жинақталған, қордаланған әлеуметтік қайшылықтардың қым-қиғаш драмалары мен трагедияларын ширыққан әрі шырқыраған қалпында нақты көрсеткен біртұтас жыр кітабы дегеніміз әлдеқайда әділ, әлдеқайда абзал, әлдеқайда заңды. Ал, біртұтас жыр кітабының өзіндік болмысы, көбінесе ақындық дүниетанымның, ақындық дара концепцияның, ақындық дара стильдің кемеліне келуіне тікелей байланысты. Өйткені біртұтас жыр кітабының дербес құрылымы, соған енген туындылардың тек тақырып аясының шартты түрде құнтталуына, сұрыпталуына, ойластырылуына ғана емес, сонымен бірге сол туындылардың бірыңғай өзектестігіне, үндестігіне, әрі бірін-бірі өзара жандандыра, толықтыра, ширықтыра, шамырқандыра түсетін ішкі иірімдеріне, терең философиясына, серпінді динамикасына мейлінше тығыз байланысты. Осыған сәйкес мұның мысалдарын келтірсек:
«Бір күлкілер –
атылуға оқталып,
бір күлкілер –
сұлап түсті соққы алып.
Қақтығысып қалтай күлкі арсызбен,
жатты сол күн несин күлкі сотталып!» -
деген; не болмаса:
«... Тірі киік таба алмастан суретке
түсіреді тас мүсінді тілшілер.
Аптабындай мендегі сол күйіктің
дәл сол сәт мына далам күйіп тұр!
Әлдеқандай мылтық дауысы естілсе;
дір етеді тас мүсіні киіктің!» -
деген; тағы да:
«Ақын қалай бақытты адам бола алмақ?!
Жүрсе біреу қалт-құлт етіп амалдап,
кертартпалық жатып алса табандап,
тұрса біреу қауіп күтіп алаңдап,
ақын қалай бақытты адам бола алмақ?!
біреу жүрсе –
көрмей жасын-жарықты
біреу жүрсе –
көрмей асыл жақұтты –
айтыңдаршы,
айтыңдаршы өздерің,
Ақыл қалай бола алмақшы бақытты?!» -
деген; немесе:
«Денесін сөздер аралап,
Тартқан үнін жаршы ғып,
аспанда тұр ол
ғаламат
шприц құсап шаншылып.
Әлемнің шаттық,
шерін де,
күйін де, жырын, әнін де,
сорып ап тұр ол бәрін де,
бәрін де,
бәрін,
бәрін де!
Соры ап босқа тұр ма?
таратып үнін өңірге
шприц – телемұнара
егеді сонсоң біздерге
бәрін де
бәрін, бәрін де!
Құлағын тосып өмірге,
әр үнді аулап дір еткен,
сорып ап соның бәрін де
егеді ол тура жүрекке.
Содан ба кейде тасынып,
қоңырау боп кейде қағылам.
Әйтеуір қазір әлемнің
Шаттығыменен жазылып,
қайғысымен ауырам?» -
деген жолдарды оқып көріңіздерші. Біз үзінділерді саналы түрде молынан әрі топтап келтірдік. Осынау жыр кітабының бітіміне тән өзгеше сипаттарды әртүрлі өлеңдердің әрқилы үзінділерінің өзі-ақ біздің жоғарыдағы тұжырымдарымызды толық дәлелдейді. Бұл орайда жыр кітабындағы өлеңдердің не біреуін толық келтіріп шектелуге де, не барлығын қатарынан келтірсең де еш өкінбес едік. Өйткені «Аңқа кептірген аңызақ» жыр кітабындағы «1937 жыл» поэмасы мен бірнеше балладалардан, барша өлеңдерден түгелдей дерлік әрқилы ситуацияны, әрқилы тартысты, әрқилы драма мен әрқилы трагедияны өлең өрімінің әртүрлі сипаттарынан да мол аңғарамыз, соған мейлінше сүйсінеміз. Ақын ыршынса ыршынып, ақын шамырқанса шамырқанып, ақын шырқыраса шырқырап, ақын ширықса ширығып шыға келеміз. Бір ғажабы ешқандай қалыс қала алмаймыз. Бір қызығы ешқандай қарсы бола алмаймыз. Тек ұдайы ақынмен бірге күйінеміз, бірге күрсінеміз, бірге аһ ұрамыз. Ақын талантының температурасы біздің температурамызды осылайша белгілейді, ақын поэзиясының драматизмі мен трагизмі бізді осылайша еріксіз жаулап алады, еріксіз билеп алады.
Шынайы поэзияның осындай шырылы мен шырайына, таланттарға тән иммунитеттердің ғажап қуатына қалайша таң қалмассың! Кеңестік дәуірдің идеологиясы арқылы шектелініп келген, шымылдығы түрілмеген талай ащы шындықтардың, ақыл мен санаға, дәстүр мен тәрбиеге жат, құрдымға құлдыраған, түрпідей тиетін небір ерсі парадокстардың, небір өмірлік жүдеу көріністердің барша болмысынан ақын Т.Медетбек соны түйіндер, жаңаша түжырымдар, ұлағатты байламдар жасап, «Аңқа кептірген аңызақ» жыр кітабындағы туындылардың өн бойына ақындық-азаматтық биік парасат, шынайы пафос, жаңа әуен мен ырғақ дарыта білген. Осының бәрі-баршасы ақындық зор кемелдікпен бейнеленген. Өлеңдердің бүкіл лексикасы, грамматикасы тек Темірханға ғана тән поэзияның сиқыр лексикасына, сиқыр грамматикасына айналып – жаңа бір көркемдік планетаны құрайды. Мәселен, бұған «Соғысқа барып қайтқан домбыра», «Антитеза», «Ақын жүрегіндегі жарылыс», «Мың Тоғыз Жүз Отыз Екі», «Парадокс», «Өлі тілдер», «Бір уыс топырақ», «Мас әйел», «Менің өлеңім», «Қаладағы иесіз иттер», «Шарасыздық», «Ақтабан шұбырынды», «1937 жыл» және т.б. көптеген туындылары жан-жақты дәлел бола алады. Осы орайда, талант телемұнарасының Темірхан өлеңдеріндегі нақты бір көрінісін – көркемдік құдіретін жасыра алмаймыз. Ал, бұлардың бәрін талдап жату көзіқарақты оқырмандар үшін қажет те емес.
«Аңқа кептірген аңызақ» жыр кітабы тәуелсіздікке жетіп, жеке мемлекет болған еліміздің өтпелі – өліара кезенін, яғни кеңестік дәуірдің тұяқ серпуге шамасы келмеген агониялық тұсын, қоғамдық қайшылықтардың метастазасын мейлінше тап басып, мейлінше шыншыл жырлаған бірегей кітап. Тоқырау жылдарының тоңында қалған небір жәйттер, қайта құру мен демократияландыру кезеңінің цензуралық кеңшілігі ақын өлеңдерінің бойындағы әлеуметтік-философиялық кернеудің мейлінше қанық көрінуіне, мейлінше нақты өріс табуына, мейлінше дараланып шығуына мол мүмкіндіктер берген. Ақын Т.Медетбек соған сай өзінің барша дарын қуатын көсіле жұмсап, бірегей жыр кітабын – көшелі еңбек тыңдырған.
Қалай десек те, тәуелсіз еліміздің жаңа әдебиеті өзінінің әрі рухани, әрі тарихи сапарына батыл көш түзеді десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Бұл орайда Ә.Нұрпейісовтің, З.Қабдолдың, Қ.Мұхамеджановтың, Ш.Мұртазаның, Ә.Кекілбайұлының, Ә.Таразидың, Д.Исабековтың, Б.Нұржекеевтің, Т.Әбдіктің, З.Серікқалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Р.Нұрғалидің, Г.Бельгердің осы жылдар беделіндегі жанрлары әр алуан туындыларын мысалға келтіруге әбден болады.
Асылы, күрескер рухтың ойымен өркештенген, күрескер сезімнің сәулесімен көріктенген, күрескер сөздің алмастай өткірлігімен суарылған, күрескер парасаттың ежелден келе жатқан ұлттық әрі абыздық болмысынан тамыр тартқан көркемдік әлем атаулы санаулы болып келеді. Міне, соның бірегей бір көрінісі – жоғарыда мақаламызға арқау болған көрнекті ақын Темірхан Медетбектің дербес көркемдік әлемі.
Мұның үстіне қосымша дәлел келтірсек, онда «Тағдырлы жылдар жырлары» атты жыр кітабын көлденең тартамыз. Міне, осы орайда еліміздің түкпір-түкпіріне кеңінен танымал ақынның бұрынғы шығармашылық жолы мен өнерпаздық тұлғасы осынау аталмыш кітапта мейлінше биік сапаға, жаңа сипатқа ие болғанын айрықша айтуға тиіспіз. Ал, мұның өзін сөз жоқ, ең алдымен тәуелсіздіктің тұрлаулы жемісі деп білеміз. Небір объективті әрі небір субъективті алғышарттардың қай-қасысы да тәуелсіз рух қазанында қайнап, алтын жамбыдай саф қорытпа ретінде оқырмандар қолына көркем базарлықтай әдемі жеткен кітаптардың бірі – «Тағдырлы жылдар жырлары» деп білеміз. Расында да, бір деммен толассыз оқылатын, күретамыр өзегі – тәуелсіздік идеяларымен-мұраттарымен толассыз да тынымсыз жетелейтін осынау жыр кітабының басқаша аталынуы оқырман үшін мүмкін еместей көрінеді. Мысалы, беташардағы «Абылай хан» атты өлеңде:
«Жерің жатыр тоналып,
елің жатыр қаналып,
тауың жатыр таланып,
далаң жатыр қамалып», -
делінсе, енді «Тәуелсізбін» атты дүниеде:
«Алды бүгін тәуелсіздік тау, тасым,
орман,
көлім,
далам менен балам да.
Жаным менің,
қаным менің тәуелсіз,
Арым менің,
жарым менің тәуелсіз.
Заңым менің,
бағым менің тәуелсіз.
Әнім менің,
дәнім менің тәуелсіз», -
десе; кітап түйініндегі «Жігерлі өлең» атты туындысында:
«Сондықтан мұңайма да, қамықпа да,
сондықтан езілме де, торықпа да.
Күні ертең күн көтеріп, гүл құшақтап
Әлемді жалт қаратар Алып Дала», -
дейтін үш үзіндінің үшеуі де жыр кітабының бірегейлігіне дербес көркемдік әлемі бар екендігіне, кітаптың жоғарыдағыдай аталынуына толық дәлел, толық кепіл бола алады.
Егер шынтуайтына көшсек, көрнекті ақын Т.Медетбек туралы сөз бола қалса, оның ақындық болмысы мен тұлғасы дәлелдеуді қажет етпейтін көркемдік аксиомалар мен өмірлік ақиқаттар дәрежесіне әлдеқашан ие болып кеткен деп білеміз.
Ал бірақ, көркем сын, әсіресе сыншы ретінде пікір білдіруші адам нақты дәлел келтірмесе, нақты дәлелге жүгінбесе, онда өзіне де және өзгелерге де тұзсыз асты ұсынумен қатар, соның керемет дәмді екенін қызыл сөзбен, лепірме сөзбен жеткізгісі келетін не жарымес, не делқұлы пенденің кебін киетіні әлімсақтан белгілі.
Әлқисса, ақын Т.Медетбектің бүкіл шығармашылық жолы мен болмысына, әсіресе, қызыл сөз бен лепірме декламация мейлінше жат. Оның өлеңдеріндегі әрбір сөздің міндеті мен мүддесі, үйлесімі мен ойы, сезімі мен сұлулығы, рөлі мен салмағы, яғни бәрі-баршасы тек көркемдікке ғана бас ұрады, тек көркемдікке ғана ден қояды. Біртұтас көркемдіктің іргесі мен күмбезіне лайықты түрде әрқашан бірден-бір шешуші күш ретінде қызмет атқарады. Біртұтас көркем ойдың болмысы мен мүсінін сомдауға және біртұтас көркем сезімнің болмысы мен мүсінін әспеттеуге бірден-бір шешуші күш ретінде жанқиярлықпен жұмыла жөнеледі. Өлең мен өмір тынысы Тәуелсіздіктің асқақ мұраттары мен принциптеріне сәйкес соншама асқақ, соншама принципті, соншама берілген отаншылдықпен мейлінше дербес көркемдік рух дарытады. Бұған осы кітап түгелдей айғақ. Мысал келтірер болсақ, онда «Тағдырлы жылдар жырлары» атты жыр кітабын түгелдей көшіруге тура келетіні сын мен сыншы үшін зор мақтаныш. Ал мұндай көркемдік олжалар дүниеге ілуде бір келеді. Осы орайда, «Абылай хан», «О, Махамбет, пірім-ай», «Сөз», «Үрей», «Дау», «Бір метей су», «Мағжан жыр», «Ордабасы», «Үш қазақ», «Ақша», «Қайыршы», «Құлқын», «Азаттық туралы жыр», «Обал», «Сауaп», «Ынжық», «Ылаң», «Әбдіраштың Жарасқаны», «Жала», «Кесілген ағаштар», «Өштесіме», «Жапырақ әлем», «Қалтай Мұхамеджан», «Әбіш Кекілбаев», «Өзімді ашу» деген сияқты және бұдан басқа да көп өлеңдердің аттарын түгелдей тізуге тура келер еді.
Жалпы, кітапқа енген ойлы да сезімтал, оптимистік әуендегі туындылардың барлығы – кескекті жырлар шоғырына айналып кеткені ерекше құбылыс... Өзінен-өзі етене табысқан әр алуан тақыраптағы, сан алуан суреттегі, әртүрлі болмыстағы шығармалар – біртұтас лирикалық толғаулар болып енгендігі осынау жыр кітабының басты ерекшелігін көрсететін бір белгі. Он жылдың беделінде ақындық күнделіктің еркін көсіліп, еркін созылатын түрін-пішінін, мазмұнын желі еткен кітаптың көркемдік аясы – көркемдік орбитасы, әлдеқайда кең.
Ақын Темірхан өмір-тірлікте сан қилы құбылып, әр алуан сипат алып жататын небір ұғымдардың өміршең философиясын поэзия тілінде, ешқандай дидактикасыз, ешқандай әсірелеусіз шынайы шеберлікпен жеткізе білген. Бұл орайда кемеліне келген ақындық қаламның қуаты өте зор. Ақын тіршілік-жалғанда әр қалай құбылып, сан алуан сипат алып жататын әлеуметтік-психологиялық, адамгершілік-моральдік небір дерттердің картиналарын шыжғыра-шыңғырта әшкерелеген тұста қараптан-қарап отырып, қапа боласын, бармағынды шайнайсың. Ақын Темірхан тәуелсіз елдің рухани-әлеуметтік болмысында өріс тауып, өркен жайып, келешектің тірегін нығайтатын, шаңырағын асқақтата түсетін саналы да сапалы құбылыстарды кесек-кесек күйінде мақтанышпен жеткізген тұста, ұлтыңды ерекше биіктен көргеніңе әрі риза боласың, әрі қайран қаласың. Жер бетінде қазақ деген ұлттың, қазақ деген халықтың бар екендігіне насаттанып, әрқашан тарихи ұлы сапар көшінде соның белортасында жүргің келеді де тұрады. Бұған осы кітап түгелдей айғақ. «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы осының нақты көрінісі.
«Қос ниет» атты бір лирикалық толғаныстың өзі де осының нақты дәлелі. Мысалы:
«Бұл өмірде аз ба, көп пе үлесің, –
Бәрібір сен! –
Жылайсың да, күлесің...
Ғұмыр бойы еркіңнен тыс! – өлгенше
Қос ниеттің қоршауында жүресің.
Енді мұны түсін мейлі,
түсінбе, –
мейлі сенің аппақ болсын ісің де –
Жүресің сен, ғұмыр бойы өлгенше
қара ниет,
ақ ниеттің ішінде.
Жанып тұрса біреуінің шырағы,
Құрту, жою біреуінің ұраны.
Қара ниет күлін шашып құтырып,
аппақ ниет нұр себелеп тұрады.
Өмір сені қаншама әлі сілкеді,
Өмір сені қаншама әлі тінтеді...
Қара ниет жақса саған күйесін,
аппақ ниет ақ бұлт боп сүртеді.
Туса дейсің – әрбір күнім бақ күн боп,
Көкжиекке белгісіз боп батқың жоқ...
Қара ниет қарқылдаса қарға боп,
аппак ниет ән салады аққу боп!» -
дейтін өлең жолдары өмір қайшылықтарын, күрестер тартысын, тіршілік драмасын, заман трагедиясын, ақ пен қара ниеттер полюстері арасындағы кереғар шәлгездіктер, бітіспес өшпенділіктер арқылы, сондай-ақ, күйе мен бұлт, қарға мен аққу, жану мен өшу, нұр мен қапас, тұтану мен сөну тәрізді тіршілікке, қоғам өміріне мәңгі тән қарама-қайшылықтардың, контрастардың психологиялық антитезалары арқылы тамаша суреттелгені айызынды қандырады. Поэзияға ғана тән сиқыр мен құдіретті тағы бір көрсетіп, соған басымызды идіреді.
Міне сондықтан шығар, «Тағдырлы жылдар жырлары» атты кітаптағы өлеңдердің барлығы – Темірқазық жұлдызға; Темірқазық трансформаторға; Тұрақты тоқтың тұрақты қуаты мен кернеуіне; Темірқазық эфир арнасына айналып кеткендей өзгеше жарау бітім-болмыс, өзгеше көңіл, өзгеше серпін, өзгеше күй-ахуал танытады.
Асылы, осыдан болар өзіміз күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген; тіршілігіміздегі әр алуан проблемалардың, түйткілдердің, жәйттердің сан алуан шері мен күйініші; сан алуан қуанышы мен ақжолтай сүйініші; талқысы мен соққысы, азабы мен бейнеті, рахаты мен жемісі, дүрсілі мен дерті, яғни Өмір атты мұхиттың толқын-ағымындағы қат-қабат драмалар, күрестер, жеңістер мен жеңілістер, өнеге мен өресіздіктер жайында жалқы жыр – әлеуметтік-философиялық толғаулар жазып жүрген ақын Темірхан мұның баршасын өзіне ғана тән көркемдік палитра құдіретімен мейлінше шынайы жеткізе білген.
Тәуелсіздік жылдарының көркем тарихын, көркем шежіресін – көркем тамшыларын ақын Темірхан тек қағазға ақындық тылсым сиқырмен қондыра қойғандай, поэзияға тұнған көркем фотосуреттей етіп әдемі шығарғандай, әр алуан мінберлерден, теледидардан, радиодан саған, маған, сізге, бәрімізге тап қазір оқып тұрғандай көрінеді.
«Тағдырлы жылдар жырлары» атты жыр кітабының осындай көркемдік зор биікке көтерілуі – қазақтың көне дәуірлеріндегі жыраулық үлгінің жаңа мазмұнда, жаңа пішінде қайта тууына тығыз байланысты. Темірхан қаламынан туған осынау әлеуметтік философиялық толғау үрдісі – ұлттық дәстүрдің таусылмас тайқазанындағы уызын дарыған қасиеттерге тығыз байланысты деп білемін. Есесіне осынау жыр кітабының Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болуы – ойлы да асқақ поэзияның, қазақ әдебиетінің бір абыройы, үлкен мәртебесі деп білеміз.
Сонымен, сөз соңында ақын Темірхан Медетбек – өзінің творчествосы арқылы Абель Вильменнің: «В судьбе нет случайностей; человек скорее создает, нежели встречает свою судьбу», – деген немесе оған қоса Булат Окуджаваның: «Поэту настоящему спасибо, // руке его, бузумию его // и голосу, когда, взлетев до хрипа, // он неба достигает своего», – деген қанатты сөздерін мақтанышпен толық қайталай алатын ірі ақын. Қазіргі қазақ поэзиясындағы қара нар тұлғалардың бірі, сөз жоқ, Темірхан Медетбек. Оның қазақ өлең өнеріндегі елу жылдан астам жемісті еңбегі, шынайы поэзиясындағы шырыл мен шырайдың жалқы да жарқын, ғаламат үндестігі толық негіз бола алады... Өйткені, өлеңнің ауыр да абыройлы жүгін қатепті қара нарлар ғана өзгеше қуат, өзгеше төзім, өзгеше сұлу, өзгеше үрдіспен алға тартатынын оқырман қауым жақсы біледі ғой...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.